«БЕУ, АЛТАЙ – ҒҰНҒА ҚОНЫС, ТҮРКІГЕ ТӨР»
(Ақын мен режиссер синтезі)
Ақындық болмыс оңашалық пен ішкі толғаныстан нәр алса, театр – дәл осы сәтте өмір сүріп, сахнада тыныстап, көрерменмен тікелей байланыс орнататын ұжымдық өнер. Актер мен көрермен арасындағы рухани байланыстың өзегінде адам жүрегі мен жадын тербейтін бір сезім бар. Ол – сағыныш.
Адам жанының ең нәзік сезімдерінің бірі – сағынышқа құрылған Жанат Әскербекқызының «Сағынып жүрмін…» өлеңі (әні – Елена Әбдіхалықова) алғашқы ноталарынан-ақ көрерменді баурап алды. Музыкалық жас көрермен театрының шығармашылық тобынан құралған аралас хор ұжымының әнді екі дауыста орындауы кештің лирикалық тынысын қалыптастырған сәтті сахналық шешім.
Жанат Әскербекқызының шығармашылығына арналған театрландырылған поэзия кеші ақын поэтикасының қарапайым сөз бен ұйқас шеңберінен әлдеқайда кең, философиялық әрі мифопоэтикалық қабаттарға бай екенін танытты. Ақын поэзиясы – көне түркілік дүниетаным, тарихи жады, мифологиялық таным мен адам болмысының тылсым қатпарлары тоғысқан көркемдік кеңістік. Шығармашылығының басты ерекшелігі – өткен мен бүгінді жалғап, тарихи танымды мифопоэтикалық ойлау жүйесі арқылы зерделеуі.
Режиссер Асхат Маемировтың көркемдік пайымы осы көпқабатты поэтикалық мазмұнды сахна тілі арқылы ашуға негізделген. Осылайша, кеш өлеңді жай ғана мәнерлеп оқумен шектелмей, оның философиялық астарын сахналық композиция, орындаушылық мәнер, дыбыс пен пластика арқылы жеткізуге ұмтылған шығармашылық ізденіс ретінде танылды.
Ақынның мифопоэтикалық дүниетанымы: туған жер мен тарихи жады
Жанат Әскербекқызы поэзиясында туған жер – өмірбаяндық өзек, ішкі толғаныс, лирикалық сағыныштың нысаны ғана емес, тарихи жады мен ұлттық болмыстың рухани кеңістігі.
Жапонның ұлы суретшісі Кацусика Хокусайдың әлемге әйгілі «Фудзи тауының 36 көрінісі» гравюралар топтамасы табиғат бейнесінің ұлттық дүниетаныммен астасуының көрнекті мысалы. Суретші Фудзи тауын әртүрлі мезгілде, сан алуан табиғи құбылыстар аясында бейнелей отырып, бір ғана географиялық нысанды тұтас философиялық жүйенің көркемдік өзегіне айналдырады. Тау бейнесі адам өмірінің шолақтығы мен жаратылыстың шексіздігін, осы дүние мен бақилық әлемнің байланысын танытатын рухани нышан деңгейіне көтеріледі.
Зейнолла Серікқалиұлы «Дүниетану даналығы» еңбегінде Мұхтар Әуезовтің көркемдік әлемін, соның ішінде «Абай жолындағы» табиғат бейнелерін талдай отырып, суреткерлік танымның биік деңгейін Хокусайдың Фудзи тауын бейнелеу шеберлігімен сабақтастырады. Ғалымның осы көркемдік таным туралы пайымы Жанат Әскербекқызы поэзиясындағы атамекен бейнесін талдауға негіз болады. Хокусай шығармашылығымен салыстыру ақын поэзиясындағы бабажұрт бейнесінің бір ғана мекен атауымен шектелмей, тарихи, философиялық әрі ұлттық мазмұнға ие екенін аңғартады.
Бұл ерекшелік ақынның «Тарбағатайым», «Ғажайып мекен», «Арғанаты», «Шыр еткенімде» өлеңдерін сахналық композицияға біріктіруден де байқалады.
Қойылым режиссері Асхат Маемиров туған жер тақырыбын лирикалық сезімнен тарихи-философиялық пайымға қарай өрбітеді. Өлеңдердің өзара сабақтастығы кейінгі бөлімдерде ашылатын ұлттық жады мен байырғы дүниетаным мәселелеріне негіз болады.
Ақынның «Тарбағатайым» өлеңіндегі:
«Сағым жөңкілген белім аман ба,
Жалпақжұрт – жайлау – төрім аман ба?
Аңыз боп жеткен ата қонысым,
Қос Арғанаты төрің аман ба?»
деген жолдарда атақоныс тарихи жадымен астасқан киелі мекен ретінде танылады.
Театр актрисасы Аружан Бағдаттың ақын бейнесінде өлеңді тебірене орындауы көрерменге ерекше әсер етті. Оның интонациялық шеберлігі мен сөздің ішкі мазмұнын сезіне жеткізуі залдағы тыныштықты терең сезімге бөледі. Дәл осы сәтте жартылай қараңғылық ішінен сәбиін бауырына қысқан ана бейнесі елес береді. Қараңғылық пен жарықтың контрастына құрылған бұл мизансцена туған жерге деген сағынышты аналық сезіммен сабақтастырып, көрерменді өз сағынышымен қауыштырғандай әсер қалдырды.
Келесі кезекте Айдана Жетесова ақынның он алты жасар кезін бейнелеп, «Арғанаты» өлеңін оқиды. Актрисаның өлеңді бастамас бұрын тау атауын «А-р-ғ-а-н-а-т-ы!» деп бос кеңістікке айғай тастауы – қойылымның динамикасын өзгерткен сәтті орындаушылық тәсіл. Театр өнерінде бұл акустикалық (дыбыстық) метафора және архетиптік шақыру (перформанс) элементі.
Бұл жай ғана дауыс көтеру емес, кеңістікке бағытталған дыбыстық метафора, байырғы мекенге үн қату. Дыбыстың жаңғырығы (эхо) арқылы бір сәтке асқар таудың етегінде отырғандай, кең далада жүргендей әсер тудырады. Актриса дауыс мүмкіндігін пайдалана отырып, сахналық кеңістіктің шегін кеңейтеді.
«Түнді жарып жететін айға демің,
Кірбіңі жоқ шақтардың айғағы едің.
Түсімде де сұраймын, өңімде де,
Арғанатым, он алтым қайда менің?!»
Арғанаты – лирикалық кейіпкердің кіршіксіз шағын сақтаған рухани мекені. Тау бейнесі өзгермейтін кеңістікті танытса, адам болмысы уақытпен бірге өзгеріп отырады. Осы қарама-қайшылық өлеңнің философиялық астарын тереңдетеді. Туған жерден басталған рухани ізденіс ақын поэзиясында уақыт тереңіне қарай өрістеп, жеке адамның сағынышын халықтың тарихи жадымен сабақтастырады. Осы тұста сахналық баяндау лирикалық кеңістіктен көне түркілік дүниетанымға ойысады.
«Мен келдім бағзыға бүгіннен…»
(Тарихи жады мен көне таңбалардың көркемдік мағынасы)
«Мен келдім бағзыға бүгіннен…» – ақынның мифопоэтикалық дүниетанымын ашатын негізгі көркемдік кілттердің бірі.
«…Күн анау… тасқа кеп үңілген,
Жел мынау… тұсына сүрінген.
Тылсымға тіл қатар сәтті іздеп,
Мен келдім бағзыға бүгіннен…»
деген жолдарда көне әлеммен байланыс орнатуға деген ақынның ішкі аңсары сезіледі. Күн мен желдің әрекеті табиғат көрінісін ғана бейнелемей, лирикалық кейіпкердің тылсым дүниеге жақындау сәтін қалыптастырады. Тасқа үңілу, желдің қозғалысы, тілдесуге қолайлы сәтті іздеу – адам мен байырғы әлем арасындағы байланыстың поэтикалық көрінісі. Ал тастағы таңбалар ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәдени жадының метафорасына айналады.
Бұл идеяның сахналық көрінісі де айрықша мәнге ие. Асхат Маемиров ақын шығармашылығының тарихи ауқымы мен философиялық тереңдігін біртұтас режиссерлік концепцияға тоғыстырған. Өлеңдердің тақырыптық циклдерге топтастырылуы, тарихи кезеңдердің сабақтастығы және сахналық атмосфераның біртіндеп өзгеруі кештің композициялық тұтастығын қамтамасыз етеді.
«Көк түріктер әуені» цикліндегі «Білге қағанның бақұлдасуы», «Тоныкөктің толғауы», «Иоллығ-тегіннің аманаты» шығармалары елдік мұратты, батырлық рухты және көне түркі мұрасының тағылымын танытады. Режиссер поэтикалық мәтінді бірнеше орындаушыға бөліп беру арқылы сахналық көпдауыстылық қалыптастырады. Бұл тәсіл өлеңді жеке адамның ішкі толғанысы деңгейінен көтеріп, оған тұтас бір дәуірдің үнін дарытады.
«Білге қағанның бақұлдасуы» монологындағы:
«Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік,
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық!»
деген рухты жолдардың біртұтас хормен, синхронды екпінде орындалуы ерекше әсер қалдырады. Мұнда хордың қызметі өлең жолдарын қайталаумен шектелмейді. Көп дауыстың бір мезетте тоғысуы жеке қағанның сөзін тұтас түркі жұртының ұжымдық үніне айналдырады. Речитативтік ырғақ пен орындаушылардың бірізді қозғалысы тарихи мәтіннің қуатын арттырып, сахнада салтанатты әрі айбынды атмосфера қалыптастырады. «Білге қағанның бақұлдасуы» көрінісінде хордың:
«Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік,
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық!»
деген жолдарды бір ырғақпен, екпінді дауыспен орындауы түркі жұртының айбынды кезеңін танытады.
«Білге қағанның бақұлдасуы» – жеке адамның өлім алдындағы қоштасуынан әлдеқайда кең мағынаға ие сахналық көрініс. Ақын Күлтегін мен Білге қаған тас жазуларындағы көне жыр үлгісін сақтай отырып, қағанның аузына елдік мұрат пен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арқау еткен асқақ сөздерді салады.
«Аруақ дедім,
Тәңірі дедім,
Тағыма сес боп
Таңылып едім…»
деген жолдардың көп дауыста орындалуы да айрықша әсерлі. Әсіресе, хордың «Аруақ! Аруақ!» деп ұран салуы көріністің эмоционалдық қуатын күшейтіп қана қоймай, бүкіл түркі жұртын ата-баба рухымен байланыстыратын ортақ үнге айналады. Мұнда «аруақ» сөзі өткенді еске алудың шеңберінен шығып, елдік рухты оятатын, ұрпақты тарихи сабақтастыққа шақыратын ұрандық сипат иеленеді. Хордың ұжымдық дауысы осы идеяны сахнада анық сезіндіреді.
«Тоныкөк толғауын» театр актерларының рухты дауыспен орындауы эпизодтың эмоционалдық қуатын арттырды.
«Өтүкен – Тұрағымыз еді,
Азаттық – Ұранымыз еді,
Көк сүңгі – Қаруымыз еді,
Күлік – Пырағымыз еді,
Ерлік – Шырағымыз еді», –
деп бабалар рухын шақырғандай ұран тастайды.
Қаһармандық сипаттағы баритон дауыс:
«Біздің дәуір өткен соң
Жерімізге тыныштық,
Елімізге – ырыс-құт
Тұрақтап қала ма?»
деген жолдарды орындауы толғауға өзгеше реңк береді. Бұл – өткен дәуірдің жеңістерін баяндаумен қатар, келешек тағдырына алаңдаған тарихи тұлғаның үні. «Тәңіріге қояр сұрағымыз еді…» деген түйінді жолдардың хор арқылы жауынгерлік екпінде орындалуы сахналық ширығуды күшейтеді.
Бұл сәтте сахнада актерлер емес, ғасырлар тереңінен тіріліп келген, Түркі қағанатының айбынды қолы тұрғандай әсер қалдырады. Осы көріністе актерлердің көпдауысты орындауы мен ұжымдық пластикасы Түркі қағанаты дәуірінің айбынды рухын сезіндіреді.

«Иоллығ-Тегіннің аманаты» – алдыңғы екі эпизодта көтерілген елдік пен бірлік идеясын тарихи мұраны сақтау мәселесімен жалғастыратын маңызды бөлім. Егер Білге қаған елді қорғау мен сақтауды өсиет етсе, Тоныкөк толғауы сол елдің еркіндік рухын танытса, Иоллығ-тегін шығармасында тарихи жадты келер ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі алға шығады. Ақындық сөз көне дәуірдің үнін бүгінге жалғап, тарихи мұраны сақтаудың мәнін ашады. Залдың қараңғылыққа бөленуі көрермен назарын орындаушының үніне шоғырландырады. Көзге көрінетін әрекет азайған тұста дауыс пен поэтикалық мәтін негізгі көркемдік құралға айналады. Қараңғылықты өткеннің көмескіленуі ғана емес, ғасырлар тереңінен жеткен аманатқа құлақ түру сәті ретінде де қабылдауға болады.
«Түркінің тіліндегі
Тұманың тұнық әнін
Самалмен, саф ауамен
Сіңірдім жүрегіме»
деген жолдарда туған жердің табиғаты мен ана тілінің рухани қуаты сабақтасады. Ақын үшін тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи жадын бойына жинаған тірі мұра. Ал «Ғұн-баба әуенінің / Үңілдім сілеміне» деген түйін көне дәуірмен рухани байланысты үзбеу идеясын нақтылайды. Толғаудағы «Көк тасқа қашағанмын» деген жол да ерекше мәнге ие. Тасқа қашалған сөз – уақыт сынынан өткен тарихи куәлік әрі келер ұрпаққа қалдырылған аманат. Осылайша, көне жазба мен қазіргі орындаушылық сәт астасып, өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланысты сахнада жаңғыртады. Бұл эпизодта аманат ұғымы тілге, мәдениетке және ата-баба мұрасына деген жауапкершілік ретінде танылады.
«ХІ ғасыр өлеңі немесе қыпшақ қызының оғыз-оғланына арзуы» шығармасында режиссер басқа орындаушылық тәсілге жүгінеді. Қыпшақ қызының монологы сырттай жеке адамның шері сияқты көрінгенімен, сахнада өткен мен бүгіннің тілдесуіне ұласады. Монологтың екі актрисаға бөлінуі бір кейіпкердің ішкі сезімі мен тарихи жадыны екі түрлі сахналық арнада танытады. Бірі – сағыныш пен өкініштің, екіншісі – уақыт сынынан өтіп, мәңгілік бейнеге айналған «айым-қыздың» (балбал мүсін) символдық сипатын ашады.
Ерлер хорының орындауы лирикалық кейіпкердің ішкі толғанысын жеке сезім аясынан шығарып, тарихи-эпикалық кеңістікке көтереді:
«Арғымағын тарпаң еткен Оғланым,
Жат қамалын талқан еткен Оғланым,
Бөтен жұртта бөрілі ту көтеріп,
Түркі даңқын қалқан еткен Оғланым!»
Бірнеше орындаушының үні арқылы сағыныш, өкініш пен күту сезімдері өзара астасады. Егер қыздардың монологы алыста қалған жанды күткен аналық сезім мен жоғалтудың мұңын жеткізсе, жігіттер хоры Оғыз-оғлан бейнесін тарихи-эпикалық биіктікке көтереді. Қыздардың үні – күту мен жоғалтудың, ал ерлер хоры – ерлік пен тарихи даңқтың үні. Осы қарама-қарсылық жеке тағдыр мен ұжымдық жадының байланысын ашады.
Тарихи желінің келесі маңызды тұсы – Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» толғауының Жанат Әскербекқызының «Баба жұртқа оралу» өлеңіне ұласуы. Ақынның:
«Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт…»
деген жолдары жыраулар мұрасын бүгінгі ұрпақтың тарихи санасымен байланыстырады. Қазтуған толғауы өткен дәуірдің үнін жеткізсе, ақын өлеңі сол мұраға қазіргі көзқараспен үңілуге мүмкіндік береді. Екі шығарманың сабақтастығы режиссерлік композицияның тарихи жадыға негізделген көркемдік логикасын нақтылайды.
«Ноғайдың қызы, татардың келіні Сүйінбике-Ханбикенің Қазанмен қоштасуы » поэтикалық монологы тарихи тұлғаның жеке қасіреті арқылы тұтас бір жұрттың трагедиясын танытады. Мұнда Сүйінбике туған жерінен айырылған әйел ғана емес, елінің еркіндігіне алаңдаған, тарихи апаттың салдарын сезінген тұлға ретінде көрінеді. Ақын кейіпкердің ішкі зарын халықтың жоғымен ұштастырып, қоштасуды жеке тағдыр шеңберінен шығарады. Өлеңнің драматургиялық өзегін Қазан қаласына арналған қайталама үндеу құрайды. «Қазаным» деген сөздің әр шумақта жаңғыруы кейіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігін ғана емес, одан ажыраудың жан азабын да күшейтеді. Бұл қайталау сахналық орындауда рефрендік сипат алып, монологтың эмоциялық ырғағын қалыптастырады.
«Түркі текті ордам қонған, Қазаным,
Жел өтінде қорған болған Қазаным!» –
деп келетін жолдарда Қазан қаласы түркілік бірегейліктің, елдік тұтастықтың символына айналады. Сүйінбике өзі мекендеген қаладан ғана емес, сол кеңістікті біріктіріп тұрған рухани тұтастықтан ажырап барады. Монологтың ішкі динамикасы да осы мағыналық қозғалысқа негізделген. «Тегім – Ноғай, Сүйінбике – мұңлықпын» деген жолдар кейіпкер болмысын бейнелесе, «Қайран жұртым, жауға бердің тұтқын қып» деген үндеу оның қасіретін елдік мәселеге ұластырады. Ақын тарихи трагедияның себебін сыртқы жаудан ғана іздемей, ішкі алауыздық пен бірліктің бұзылуына да назар аударады. Өлеңдегі ең әсерлі психологиялық түйіндердің бірі – «Мұнараңда мүрдем қалса жөн еді…» деген жол. Мұнда туған жерден ажырамауға деген соңғы тілек пен амалсыз мойынсұну қатар өріледі. Ал: «Ер – бақилық, ұлым – сәби, мен – зарлы» деген үштаған кейіпкер трагедиясын барынша жинақтайды. Монологтың соңындағы:
«Дұға қылам: бір ұл тусын бұл жұрттан,
Азаттығым – еншім әрі хақым дер…»
деген жолдар Сүйінбикенің жеке қасіретін болашаққа арналған рухани аманатпен түйіндейді. Монологтың сахналық әсері ақын сөзінің ішкі драматизмін орындаушылық шеберлікпен ашу. Осы эпизодтардан байқалатыны – ақын мен режиссердің шығармашылық үндестігі өлеңдерді бір сахнаға жинақтаумен ғана өлшенбейді. Оның басты нәтижесі – поэтикалық ойдың актерлік орындау, хорлық үн, музыкалық және пластикалық шешімдер арқылы жаңа көркемдік сипатқа ие болуы.


«Қазақтық пен азаттық» – бөлімінде театр артистері ақынның «Бекторы», «Қарагөз-бұлақ» және басқа да өлеңдерін ұсынып, әр туындының өзіндік интонациялық табиғатын ашуға ұмтылды. «Бекторы» өлеңін орындаған Гүлдана Әлиханқызы, «Қарагөз-бұлақ» шығармасын сахнада танытқан Дана Қабылова, Нұрай Рысбекова, Ильяс Өтетілеу мен Аружан Темірханова ақын сөзінің астарлы мазмұнын дауыс ырғағы мен орындаушылық мәнер арқылы жеткізді. Өзге өлеңдерді орындаған театр артистері де поэтикалық мәтінге әртүрлі интонациялық бояу беріп, ақын жырларына сахналық тыныс дарытты.
Кештің музыкалық желісі де поэзиялық мазмұнды толықтыра түсті. Табылды Досымовтың әніне жазылған әйгілі «Қара гүлді» гитарада орындаған Оразалы Игілік, Ерлан Төлеутай әнін жазған «Сен және Мен» әнін орындаған Нұржас Садырбаев пен Мақпал Дүйсен, сондай-ақ Роза Әлқожаның «Ертістің жағалауында» әні поэзия мен музыканың өзара үндестігін танытты. Бұл музыкалық шығармалар ақын поэзиясының ән арқылы да өміршеңдік тапқанын көрсетті.
Айта кетерлігі, кештің өн бойында сахналық әрекеттің негізгі өзегі –актерлердің өлеңді мәнерлеп оқуы. Мұнда дәстүрлі драмалық қойылымға тән оқиғалық әрекет пен кейіпкер психологиясын сомдаудан гөрі, сөздің ішкі қуатын ашуға басымдық берілген. Қобыздың қоңыр үні сахналық кеңістікті мұңды әуезге бөлеп, поэтикалық мәтіннің астарын тереңдете түсті.
Хордың көркемдік қызметі де осы тұста айқын аңғарылады. Олар тек өлең жолдарын бірге оқып қана қоймай, дене пластикасы, ырғақты қозғалыс пен би элементтері арқылы мәтіндегі ойды қимыл тіліне көшірді. Осылайша, дауыс пен пластиканың бірлігі поэтикалық мәтінді сахналық әрекет деңгейіне көтерді. Бұл – кештің дәстүрлі поэзиялық оқудан ерекшеленетін орындаушылық сипатын айқындайтын маңызды белгі. Осы көркемдік ізденістердің түйіні кештің финалдық бөлімінде жинақталды. Қуаныш Жалғасовтың «Көне дәуірдің күмбірі», «Қара қобыздың сарыны», «Қаһармандардың арыны» – образды тіркестермен басталған өлеңі көрерменді тарихи жады кеңістігіне қайта жетелейді. Одан әрі Майра Марғұланқызы, Нұрсұлтан Аймамбетов, Мөлдір Әбілтаева мен Мерейім Талғаттың кезектесе оқыған өлең шумақтары азаттық жолындағы ел тарихын, бабалар аманатын, еркіндік аңсаған халықтың рухын біртұтас поэтикалық арнаға тоғыстырады. Финалдағы көп дауысты орындау мен хордың сахналық қозғалысы өлеңнің пафосын күшейтеді. Ал Мұхамедсаид Бағашаровтың:
«Қазақтық қана Азаттық сәнін келтірер!»
деген қорытынды жолды орындауы кештің идеялық нүктесіне айналды. Мұнда «қазақтық» ұғымы ұлттық болмыс, тарихи жады мен рухани сабақтастықтың жиынтық бейнесі ретінде көрінсе, «азаттық» сол болмыстың еркін өмір сүруінің басты шарты ретінде тұжырымдалады.
«Қазақтық пен Азаттық» өлеңі кештің жекелеген тақырыптық желілерін бір арнаға тоғыстырып, оның философиялық түйінін жасады. Туған жерден басталған лирикалық толғаныс, көне түркі дәуіріне үңілген тарихи таным, бабалар аманаты мен ұлттық жады туралы ойлар финалда азаттық идеясымен сабақтасты. Поэзиялық кештің көркемдік шешімі – ақынның жеке шығармашылық толғанысы сахнада тұтас ұлттың рухани үніне айналды.
Кейіпкерлер мен олардың орындаушылары
Қойылымдағы кейіпкерлерді сомдаған театр әртістері ақынның өмір жолы мен тарихи тұлғалардың бейнесін сахналық тұрғыдан сабақтастыра отырып, поэтикалық кештің көркемдік тұтастығын қалыптастыруға үлес қосты. Ақын Жанат Әскербекқызының бейнесін Аружан Бағзат, ақынның 16 жас шағын Айдана Жетешова, анасының бейнесін Ақниет Замзат сомдаса, Білге қаған рөліндегі Мұхамедсаид Бағашаров, Тоныкөк бейнесіндегі Аққанат Қуандықов, Күлтегін рөліндегі Сүндетхан Дүйсенхан және Иоллығ тегін бейнесіндегі Қазбек Есқара тарихи тұлғалардың рухани болмысын сахнаға шығарды; қағанның кеңесшілері мен батырлар бейнесін Бибол Байғараев, Ернар Мұхамбет, Мақсат Қабдеш, Нұрдаулет Кеңшілік толықтырды. Ал «Баба жұртына оралу» бөліміндегі Саламат Мұқашев, Дінислам Нұрмағанбетов, Әлішер Исмаилов, Әліхан Әлішердің оқуы мен Сүйінбике бейнесін сомдаған Диана Асқарқызы және Жансұлу Төлегеннің сахналық қатысуы қойылымның тарихи-рухани мазмұнын тереңдете түсті.


«Жаһандануға қарсы жасалған протест »
Жанат Әскербекқызының поэзиясына арналған кеш соңында сөз алған ақындардың пікірлері спектакльдің әдеби орта үшін де, театр өнері үшін де маңызы зор болғанын айтып өтті.
Ақын Серік Ақсұңқарұлы бұл қойылымды қазақ қоғамындағы ірі поэтикалық кештің бірі ретінде бағалап, Жанат Әскербекқызының поэзиясын театр тілімен сөйлеткен режиссерлік шешімге ерекше тоқталды. Оның «Жаһандануға қарсы жасалған протест» деген бағасы қойылымның көркемдік ауқымын ғана емес, қоғамдық-рухани ұстанымын да дәлелдей түседі. Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтау мәселесі көбіне дәстүрді сырттай дәріптеумен шектеліп жатады. Ал бұл қойылым ұлттық болмыстың терең тамырын тілден, тарихи жадтан, мифологиялық таным мен бабалар аманатынан іздейді. Осы тұрғыдан алғанда, «жаһандануға қарсы протест» ұғымы сыртқы мәдени ықпалға қарсылықтан гөрі, ұлттық рухани бірегейлікті жоғалтпауға ниеттенген көркемдік ұстаным.
Ақын Ғалым Жайлыбай өз сөзінде Жанат Әскербекқызы шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік – фольклорлық негіздермен байланысына тоқталды. Ақын поэзиясындағы түркілік таным, аңыз-әпсаналар, ноғайлы дәуірінің рухы мен көне тарихи жады оның дара поэтикалық болмысын қалыптастыратын негізгі арналар ретінде аталды.
Ақын Бауыржан Бабажанұлының лебізі, ақынның шығармашылығына берген бағасы, Жанат Әскербекқызына деген ыстық ықыласы әдеби ортадағы шығармашылық құрметтің көрінісі.
Ақын Маралтай Райымбекұлы сахнада алған әсерін ерекше толқыныспен жеткізіп, «Толқыдық, жанарымыздан жас ыршыды» деген лебізімен поэзияның сахналық интерпретациясы көрермен сезіміне тікелей әсер еткенін аңғартты.
Қорыта айтқанда, Жанат Әскербекқызының поэзиялық әлемі мен Асхат Маемировтың режиссерлік ұстанымы тоғысқан бұл кеш поэзияны сахнада танытудың көркем үлгісі. Мұнда режиссер ақын сөзінің мазмұнын көрнекілеумен шектелмей, оның ішкі философиялық қуатын сахналық құрылымның өзегіне айналдыра білген. Нәтижесінде жеке ақындық толғаныс ұлттық жадымен сабақтасып, поэтикалық сөз тұтас халықтың рухани үніне ұласады. Бұл – ақын мен режиссер шығармашылығының жай ғана тоғысуы емес, поэзия мен театрдың бірін-бірі жаңа көркемдік мүмкіндіктерге жетелеген шығармашылық синтезі.
Жібек БОЛТАНОВА,
әдебиеттанушы,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
аға оқытушысы
(Фотосуреттер Музыкалық жас көрермен театрының жеке қорынан).
