Финал — жай нүкте емес: режиссер ойы соңғы көріністе қалай ашылады?
Мағынасы бар дүние жасау, кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық. Себебі қандай да бір туындыны жасап шығу бір бөлек те, оның көрерменге ой салып, белгілі бір сезім тудыруы мүлде басқа дүние. Кино да дәл сондай. Қазір қазақ киносы бұрынғыдан да көп түсіріліп, түрлі жанрдағы фильмдер экранға шығып жатыр. Комедия, мелодрама, драма, тарихи фильмдер мен әлеуметтік тақырыптағы туындылардың қатары көбейгенін байқауға болады. Бірақ фильм санының көбеюі оның мазмұны да тереңдеп кетті дегенді білдірмейді.
Бұл сұрақтарға жауап іздегенде фильмнің тек тақырыбына немесе оқиғасына ғана емес, оның қалай аяқталғанына да назар аудару керек. Көп жағдайда фильмнің басы мен ортасындағы оқиғаларға көбірек көңіл бөлініп, финалы жай ғана оқиғаның аяқталуы ретінде қабылданып жатады. Алайда режиссердің айтқысы келген негізгі ойы кейде дәл соңғы көріністен анық байқалады. Кейіпкердің соңғы әрекеті, соңғы шешімі немесе экранда қалған соңғы көрініс фильмнің бүкіл оқиғасына деген көзқарасты өзгертуі мүмкін. Сондықтан бұл мақалада 2025 жылы жарық көрген төрт қазақ фильмінің финалына назар аударылады. Айтөре Жолдасқалидің «Ауру», Дархан Кәріповтың «Ыстық ұя», Мақсат Оспановтың «Әмеңгер. Ағама аманат» және Думан Еркімбектің «Қайтадан» фильмдерінің финалдарына талдау жасаймыз. Фильмдердің қалай аяқталғанын ғана айтып қоймай, режиссерлердің не себепті дәл осындай шешімге келгеніне, соңғы көріністің фильмнің негізгі ойымен қалай байланысатынына және оның көрерменге қандай әсер қалдыратынына талдау жасалады.
Кинодағы финал дегеніміз тек қана фильмнің аяқталатын жері ғана емес. Ол фильм бойы болған оқиғалардың қорытындысы берілетін, кейіпкерлердің тағдыры мен оқиғаның қайда келгені көрсетілетін соңғы бөлік. Кейде режиссер финалда барлық сұраққа жауап берсе, кейде керісінше, көрерменнің өзіне ойлануға мүмкіндік береді. Мысалы, кейіпкердің соңғы шешімі, оның соңғы сөзі немесе фильм аяқталған кездегі бір ғана көрініс бүкіл оқиғаға басқа қырынан қарауға себеп болуы мүмкін. Сондықтан финалға режиссердің шығарманы қандай оймен аяқтағанын көрсететін маңызды бөлік ретінде қарауға болады.

Финал мәселесін қарастырғанда 2025 жылы режиссер Айтөре Жолдасқали түсірген «Ауру» фильмін ерекше атап өтуге болады. Фильмнің соңғы көрінісі көрерменге ауыр әсер қалдырады. Себебі фильм бойы кейіпкер ақша үшін көп нәрсеге баруға дайын адам ретінде көрсетіледі. Ол өз өмірін ғана емес, отбасының тыныштығын да ақша үшін құрбан етуге дайын сияқты көрінеді. Осыған байланысты көрермен фильмнің соңына қарай кейіпкердің өзгеруін күтеді. Оның жасаған қателігін түсініп, өкінетінін және адам ретінде басқа шешім қабылдайтынын ойлайсың.
Фильмнің басында жастардың жұмыссыз жүруі, ақша таппай үйде отыруы сияқты мәселелер де қозғалады. Осы арқылы алға ұмтылу, әрекет ету және өз өмірің үшін жауапкершілік алу қажеттігі байқалады. Сондықтан көрерменде кейіпкердің осы жағдайлардан кейін бір нәрсені түсініп, өзгеруі мүмкін деген үміт пайда болады. Бірақ режиссер финалда бұл үмітті әдейі бұзады. Кейіпкер ақшаны алып қашуға тырысады. Алайда сол сәтте ұсталып, жазаланады. Ең маңыздысы, ол соңына дейін өз қателігін түсінген адам ретінде көрінген жоқ. Яғни фильм кейіпкерге соңғы сәтте бәрін өзгертіп, жағдайды түзетуге мүмкіндік бермейді.
Меніңше, режиссердің осы финал арқылы айтқысы келген негізгі ойы да осында. Адамның қателік жасауы бір бөлек, сол қателігін түсініп, одан бас тарта алуы бір бөлек. Әр адам қиын жағдайға түскеннен кейін міндетті түрде өзгере бермейді. Кейде адам өз таңдауының дұрыс емес екенін түсінбей, сол жолын жалғастыра береді. «Ауру» фильмінің финалы осыны көрсету арқылы көрерменге дайын шешім ұсынбайды. Режиссер кейіпкерді бастапқы мінезінен өзгертпей, өз таңдауының салдарымен қалдырады. Сол арқылы финал фильмнің бүкіл оқиғасын қайта ойлануға мәжбүр етеді. Басты кейіпкердің соңғы шешімі осы күтумен байланысты. Фильм бойы ол ақшаға қол жеткізу үшін түрлі әрекетке барады. Сондықтан оқиға соңында оның өз қателігін түсініп, ақшадан бас тартуы немесе отбасын бірінші орынға қоюы мүмкін деген үміт пайда болады. Алайда режиссер басқа жолды таңдайды: Азамат ақшаны алып қашуға тырысады да, ұсталады. Осылайша, фильм кейіпкердің өкінішімен емес, оның бұрынғы таңдауының салдарымен аяқталады.
Неліктен режиссер кейіпкерді өзгертпеді? Бұл сұраққа жауап беру үшін фильмнің соңғы әрекетін оның бұған дейінгі шешімдерімен байланыстыру қажет. Азаматтың мәселесі тек ақшаға мұқтаж болуында емес. Ол бастапқыда қиындықтан шығу үшін ойластырған өтірігін кейін өзі де тоқтата алмайтын жағдайға жеткізеді. Ақша табудың амалы ретінде басталған әрекет біртіндеп оның басқа шешімдеріне де әсер етеді. Сондықтан финалда Азаматтың қайтадан ақшаға ұмтылуы оның мінезіне қайшы келмейді. Керісінше, кейіпкердің осы уақытқа дейін жасаған таңдауларының жалғасы болып көрінеді.
Дегенмен мұны режиссер кейіпкердің өзгеруіне мүлде мүмкіндік бергісі келмеді деп кесіп айтуға болмайды. Фильмнің өзінен анық байқайтынымыз, Азамат соңғы сәтте өзгермейді. Ал режиссердің бұл шешімді не үшін таңдағанын түсіну үшін фильмнің екі түрлі финалына назар аударған жөн. 2026 жылғы ақпанда жарияланған Your.tj басылымының материалында «Аурудың» Қазақстан прокатына арналған және Роттердам халықаралық кинофестивалінде көрсетілген екі түрлі финалы қарастырылады. Мақалада режиссердің Қазақстан көрермені жаман кейіпкердің жазаланғанын көргісі келетіні туралы пікірі келтірілген. Ал фестивальдік нұсқада кейіпкерге қосымша жаза көрсетудің қажеті жоқ: ол бәрінен айырылып, қолында тек ақшасы қалады. Режиссердің түсіндіруінше, осының өзі үлкен жаза.
Екі нұсқаның айырмашылығы фильмнің соңғы нүктесін қалай түсінуге болатынын өзгертеді. Қазақстандық прокат нұсқасында кейіпкердің ұсталып, жазалануы оқиғаның қорытындысын айқын көрсетеді. Көрермен Азаматтың әрекеті жауапсыз қалмағанын көреді. Ал фестивальдік нұсқада назар оның жазаланғанына ғана емес, қолында ақша бола тұра, маңызды нәрселерінен айырылғанына ауысады. Ақша үшін әрекет еткен адам ақырында сол ақшамен ғана қалады. Осылайша, финал кейіпкердің жеңісі сияқты көрінуге тиіс нәрсені керісінше мағынаға айналдырады.
Меніңше, дәл осы айырмашылық «Ауру» фильмінің финалын талдауда маңызды. Бір нұсқада жаза ашық көрсетілсе, екіншісінде кейіпкердің жоғалтқандары арқылы беріледі. Екі жағдайда да Азаматтың өзгермеуі оқиғаның негізгі түйініне айналады. Көрермен күткен өзгерістің болмауы кейіпкердің соңғы таңдауын бұрынғы әрекеттерімен байланыстырып, фильмнің аяқталуын мағыналық жағынан күшейтеді.
Келесі финалға «Ыстық ұя» фильмін алдық. 2025 жылы режиссер Дархан Кәріпов түсірген фильмнің финалы отбасы туралы қалыптасқан түсінікке сұрақ қояды. Фильмнің басында Кореяда бірнеше жыл еңбек еткен Ғалия туған ауылына оралып, өзі ақша жіберіп салдырған үйіне қоныстанады. Қоныс тойға жиналған туыстары оны қуанышпен қарсы алғанымен, дастарқан басындағы әңгіме біртіндеп үйдің кімге тиесілі болатыны туралы дауға айналады. Ағайындылар мен туыстардың арасындағы ескі реніштер сыртқа шығып, әрқайсысы өз мүддесін қорғауға көшеді. Ақырында бұл дау төбелеске ұласып, анасының қайтыс болуына әкеледі. Ал фильмнің соңында бауырлар бір-біріне көмектесуге шешім қабылдайды.

Осы финалдың негізгі ерекшелігі, оқиғаның шешімі үйдің кімге қалатыны арқылы емес, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген көзқарасының өзгеруі арқылы беріледі. Фильмнің басында туыстарды бір дастарқанға жинаған үй оларды жақындастыратын орта болуы керек еді. Бірақ керісінше, сол үй олардың арасындағы келіспеушілікті ашып береді. Әркім үйге қатысты өз уәжін алға тартады. Осылайша, үйдің айналасындағы дау біртіндеп мүлік мәселесінен шығып, бұрыннан жиналған өкпе мен өзара түсініспеушіліктің көрінісіне айналады.
Бұл жерде үйдің мәніне назар аудару маңызды. Ғалия оны шетелде еңбек етіп тапқан ақшасына салдырған. Демек, бұл үй оның еңбегінің, туған жеріне оралуға деген ниетінің және отбасы үшін жасаған әрекетінің нәтижесі. Алайда қоныс той кезінде сол еңбектің өзі туыстарды біріктіре алмайды. Керісінше, үйге қатысты әртүрлі түсінік олардың арасына жік салады. Енді режиссер осы қайшылық арқылы бір отбасының мүшесі болу мен сол отбасының ортақ құндылықтарын сақтаудың екі бөлек нәрсе екенін көрсетеді. Бір шаңырақтың астында жиналу адамдардың бір-бірін түсінетініне кепіл болмайды.
Фильмнің финалындағы ананың қайтыс болуы осы қақтығыстың мағынасын өзгертеді. Бұған дейін бауырлар үйдің кімге тиесілі болатынын, кімнің еңбегі көбірек сіңгенін және кімнің пікірі ескерілуі керектігін талқылап келді. Бірақ анасының өлімінен кейін бұл даудың бәрі екінші орынға түседі. Енді олар үшін үйдің тағдырынан да маңызды мәселе – өздерінің бір-бірімен қандай қарым-қатынаста қалғаны. Кеше ғана ортақ дүниені бөлісе алмай төбелескен адамдар кейін бір-біріне көмектесуге шешім қабылдайды.
Фильмдегі оқиғаларға сүйенсек, олардың арасындағы реніш бір күнде пайда болмаған. Қоныс той тек сол мәселелердің ашық көрінуіне себеп болды. Демек, ананың өлімі бауырлар арасындағы барлық келіспеушіліктің себебі емес, олардың бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасының қаншалықты қиын жағдайға жеткенін көрсететін шешуші оқиға. Қайғы оларды бұрынғы даудан бірден арылтпаса да, өзара қарым-қатынасына басқа көзқараспен қарауға мәжбүр етеді.
Дегенмен финалды бауырлардың барлық мәселесі шешілді деп түсінуге болмайды. Олардың бір-біріне көмектесуге шешім қабылдауы бұрынғы өкпенің толық ұмытылғанын немесе үйге қатысты дау біржола аяқталғанын білдірмейді. Фильмнің соңында біз олардың болашақта қалай өмір сүретінін толық көрмейміз. Бірақ олардың бір-бірінен алыстаудың орнына, қайтадан жақындасуға қадам жасағанын байқаймыз. Сондықтан финалдың мағынасы барлық мәселенің шешілуінде емес, бауырлардың өзара қарым-қатынасын қайта қарауға бет бұруында жатыр.
Бұл шешім фильмнің атауымен де байланысады. «Ыстық ұя» деген атау үйді тек баспана ретінде емес, адам өзін жақындарының арасында қауіпсіз әрі жайлы сезінетін орын ретінде қабылдауға жетелейді. Алайда фильмнің негізгі оқиғасында үй жылылықтың емес, дау мен тартыстың ортасына айналады. Ал финалда бауырлардың бір-біріне көмектесуге шешім қабылдауы сол жылылықты қайта табуға деген талпыныс ретінде көрінеді. Яғни үйдің шынайы құндылығы оның кімге тиесілі екенімен ғана өлшенбейді. Оның ішінде адамдардың бір-біріне қалай қарайтыны да маңызды.
Меніңше, «Ыстық ұя» фильмінің финалы көрерменге отбасы туралы дайын жауап бермейді. Ол керісінше, бір үйде өскен адамдардың неліктен бір-біріне қарсы шығатынын және олардың арасындағы байланысты не сақтап қала алатынын ойлануға мүмкіндік береді. Ананың өлімінен кейінгі татуласу көрінісі осыған байланысты әсерлі. Өйткені бауырлар бір-біріне көмектесуді үйдің кімге қалатыны жөніндегі дауды шешкеннен кейін емес, отбасының орны толмас жоғалтуға тап болғанынан кейін таңдайды.
Соңғы жылдары қазақ киносында ана мен отбасы тақырыбының жиі көтерілуі де назар аудартады. Қоғам өзгерген сайын отбасы ішіндегі қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, туған жерге оралу, жалғыз қалу сияқты мәселелер де экранға шығып жатыр. Бірақ мәселе бұл тақырыптың көп түсірілуінде емес, оны әр фильмнің қалай ашатынында. «Ыстық ұя» осы бағытқа жақынырақ: мұнда отбасы жай ғана жылылықтың белгісі емес, оның ішіндегі реніш, бақталастық және түсініспеушілік те көрсетіледі.
Отбасы мәселесі бойынша тағы бір фильм – Мақсат Оспановтың 2025 жылы жарық көрген «Әмеңгер. Ағама аманат» туындысы. Бұл драма қазақтың ескі салттарының бірі әмеңгерлікті қазіргі адамның тағдырымен байланыстырады.
Фильмнің басты кейіпкері Жанаттың өмірі бастапқыда орнықты көрінеді. Оның жеке шаруашылығы, жылқы өсіретін кәсібі, ел алдындағы беделі бар. Бірақ осы сыртқы тұрақтылықтың артында жалғыздық пен ішкі қайшылық жатыр. Ол қырық жас шамасындағы үйленбеген, өмірін ата-анасына, інісіне және әулеттің шаруасына арнаған адам. Оның үстіне, Жанат жазылмайтын дертке шалдыққанын біледі. Осы жағдай оның әрбір шешіміне ерекше мағына береді: ол енді тек бүгінгі күнін емес, өзінен кейін қалатын дүниенің тағдырын да ойлайды.

Інісі Архаттың құмар ойындардан қалған қарызы оның өмірін қылмыс әлемімен байланыстырады. Жанат оны сол ортадан алыстатып, отбасын қорғауға тырысқанымен, ағалы-інілі екеуінің арасында түсініспеушілік күшейеді. Архаттың қаза тапқаны туралы хабардан кейін Жанат марқұмның жесірі Алтынайды әмеңгерлік жолымен алуға шешім қабылдайды. Оның бұл қадамын тек әйелге деген сезіммен түсіндіру қиын. Жанат үшін бұл, ең алдымен, інісінің отбасын сақтап қалу, дүниесін шашыратпау және әулеттің болашағын қамтамасыз ету мәселесі.
Алайда фильмнің соңғы бөлімі осы шешімнің астарындағы мағынаны өзгертеді. Алтынайдың аяғы ауыр екені белгілі болады. Жанат қожалықты болашақ балаға қалдыруды ойлайды. Осыдан кейін көрермен оның әрекетін басқа қырынан қабылдай бастайды. Ол туған келінін өзіне жар ету арқылы жаңа отбасын құрудан гөрі, інісінен қалған ұрпаққа қорған болуды көздегендей көрінеді. Бірақ дәл осы кезде өлді деп есептелген Архаттың тірі оралуы бүкіл жағдайды қайта қарауға мәжбүр етеді.
Фильмнің финалының негізгі күші де осында. Жанаттың шешімі белгілі бір мақсатқа бағытталғанымен, оның болашаққа қатысты жоспары өзі ойлағандай жүзеге аспайды. Өмірін өзгелердің қамы үшін ұйымдастырған адамның өз тағдырына толық билік жүргізе алмайтыны көрінеді. Архаттың тірі оралуы фильмнің ең маңызды драматургиялық бұрылысы деуге болады. Бұған дейін көрермен оны қарызы үшін өлтірілген, енді қайта оралмайтын адам ретінде қабылдайды. Оның көлігімен бірге өртенгені туралы хабар өлімді растайтындай әсер қалдырады. Сондықтан кейіпкердің тірі екені анықталған сәт бұрынғы оқиғалардың мағынасын өзгертіп жібереді.
Бұл жерде финалға дейін қалыптасқан көрермен күтімі бұзылады. Архаттың өлімінен кейінгі оқиғалар белгілі бір бағытта өрбиді: Жанат жесір келіншегіне жауапкершілік алуға тырысады, Алтынай жаңа өмірдің алдында тұрады, ал екі жақтың туыстары бұл шешімге әртүрлі қарайды. Бірақ Архаттың қайтып келуі сол қалыптасқан бағытты үзіп, оқиғаны жаңа моральдық қайшылыққа әкеледі. Мұндай тәсілді күтпеген бұрылысы бар финал деп атауға болады. Бірақ оның мәні тек көрерменді таңғалдыруда емес. Егер Архат тірі болып шықса, Жанаттың әмеңгерлік туралы шешімін қалай бағалау керек? Ол інісінің орнын басуға ұмтылды ма, әлде оның отбасына көмектесуді ғана ойлады ма? Алтынайдың болашақтағы орны қандай болады? Осы сұрақтардың бірде-біріне қарапайым жауап беру қиын.
Архаттың тірі оралуы Жанаттың жасаған әрекетін автоматты түрде жоққа шығармайды. Өйткені Жанат шешім қабылдаған кезде інісін өлді деп есептеді. Ол сол сәтте қолындағы мәліметке және өзінің жауапкершілік түсінігіне сүйенді. Дегенмен, Архаттың тірі екені анықталғаннан кейін көрермен Жанаттың құрбандығының нәтижесіне күмәнмен қарай бастайды. Кейіпкердің ниеті ізгі болғанымен, оның таңдауы күтпеген салдарға әкелуі мүмкін.
Фильмдегі тағы бір маңызды желі – Жанаттың жазылмайтын ауруы. Бұл мәлімет финалдың мағынасын тереңдетеді. Жанат уақыттың аз қалғанын сезінеді. Ол артында не қалатынын ойлайды. Оның шаруашылығы мен жинаған дүниесі өзінен кейін кімге өтеді? Әулеттің жалғасы бола ма? Інісінің баласы қорғансыз қалмай ма? Бұл сұрақтар кейіпкердің жеке өмірінен де маңызды болып көрінеді. Ол өз бақытына қатысты шешімдерді кейінге ысырып, енді отбасының болашағын қамтамасыз етуге ұмтылады.
Осы тұрғыдан алғанда, Жанаттың әрекеті өз өмірінен гөрі өзінен кейінгі ұрпаққа басымдық беретін адамның таңдауы ретінде оқылады. Ол өзіне не қалатынын емес, өзгелерге не қалдыра алатынын ойлайды. Оның қамқорлығының ішінде жалғыздық, ішкі қорқыныш және өмірінің соңына дейін бір міндетті орындап үлгеруге деген ұмтылыс бар деп түсіндіруге болады. Жанат материалдық жағынан орныққан, айналасына ықпал ете алатын адам болғанымен, өз денсаулығына және өмірінің ұзақтығына билік жүргізе алмайды. Оның қолында шаруашылық, мал-мүлік және шешім қабылдауға мүмкіндік бар. Бірақ өмірдің ең негізгі мәселесінде ол дәрменсіз. Осылайша, фильм адамның сыртқы қуаты мен ішкі әлсіздігінің арасындағы айырмашылықты көрсетеді.
Сонымен бірге фильмнің өзінде дәстүрдің мағынасы бір ғана әрекетпен шектелмейді. Жанаттың Алтынайды әмеңгерлікпен алуы бір жағынан әулеттің алдындағы жауапкершілік ретінде көрінеді. Екінші жағынан, бұл шешім әйелдің өз өміріне қатысты таңдау жасау құқығын да алдыңғы қатарға шығарады. Фильм туралы жарияланған материалда актриса Индира Құлмағамбетова Алтынайдың екі ер адамның арасында шешіліп жатқан мәселеге араласып, өзінің ойын неге ешкім сұрамайтынын айтатын көрініске назар аударған. Бұл сәт әйел тағдырының туыстар арасындағы намыс пен міндет туралы тартыста екінші орынға түсіп қалуы мүмкін екенін көрсетеді.
Жанат өз шешімін жауапкершілікпен байланыстырады. Алтынайдың туған ағасы оны отбасының абыройы мен намысы тұрғысынан бағалайды. Бірақ әйелдің жеке қалауы мен болашақтағы өмірі осы екі көзқарастың ортасында қалып қояды. Демек, мәселе тек салтты қабылдау немесе қабылдамауда емес. Мәселе дәстүрді жүзеге асыру кезінде адамның еркі мен тағдыры қаншалықты ескерілетінінде. Архаттың тірі оралуы осы мәселені одан әрі күрделендіреді. Сондықтан фильмнің финалы әмеңгерлік дәстүрінің өзін ғана емес, дәстүрді орындаушы адамның жауапкершілігін де талқылауға мүмкіндік береді. Жақындарың үшін шешім қабылдау мен олардың орнына шешім қабылдаудың арасында айырмашылық бар. Фильм осы айырмашылықты көрерменге дайын жауап бермей сезіндіреді.
Финалдың ауыр әсерін тек өлім мен аурудың қатар келуімен түсіндіру жеткіліксіз. Оның эмоциялық салмағы бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, Жанаттың шешімінің артында үлкен құрбандық бар. Ол өз өмірінің шектеулі екенін біле тұра, інісінің отбасын және болашақ баланы ойлайды. Екіншіден, Архаттың тірі оралуы көрерменге бұрынғы оқиғаларды қайта бағалатады. Жанат жасаған қадамның бәрі енді басқа мағынаға ие болады. Үшіншіден, Жанаттың ауруы мен өмірінің соңына жақындауы оқиғаның эмоциялық салмағын күшейтеді. Архаттың тірі оралуы жаңа мүмкіндік ашқандай көрінгенімен, Жанат үшін уақыт кері айналмайды.
«Әмеңгердің» аяқталуын бірнеше драматургиялық сипат арқылы қарастыруға болады. Біріншісі, күтпеген бұрылысы бар финал. Өлді деп есептелген Архаттың тірі оралуы көрерменнің оқиға туралы түсінігін өзгертеді. Екіншісі, трагедиялық финал. Жанаттың ауыр дерті, оның өмірінің аяқталуға жақындауы және өзі құрған болашақ жоспарының күрделенуі оқиғаның қайғылы сипатын күшейтеді. Үшіншісі, моральдық тұрғыдан екіұшты финал. Көрерменге кімнің дұрыс болғаны жөнінде дайын үкім берілмейді. Жанаттың әрекетін жауапкершілік деп те, өзінің өмірін өзгелердің тағдырына арнап жіберу деп те түсіндіруге болады.
Осы екі желіні бірге қарастырғанда, фильмнің аяқталуын трагедиялық иронияға құрылған, көрерменді моральдық сұрақпен қалдыратын финал деп сипаттауға болады. Мұнда трагедиялық ирония дегеніміз – кейіпкердің шын ниеті мен өзі күткен нәтиженің сәйкес келмеуі. Жанат отбасының болашағын реттеуге тырысады, бірақ өмірдің оған берген уақыты шектеулі. Ол белгілі бір тәртіп орнатқысы келеді, алайда Архаттың оралуы бұл тәртіпті қайта бұзады.
Режиссердің нақты ниетін тек фильмнің соңына қарап толық анықтау мүмкін емес. Дегенмен, Оспановтың фильмді әмеңгерлік дәстүрін қолдау мақсатында түсіргені туралы мәлімдемесін ескерсек, Жанаттың бейнесі арқылы отбасына қамқорлық жасау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік және өзінен кейінгі адамдардың тағдырын ойлау мәселелерін көтеруді көздеген деп пайымдауға болады. Алайда фильмнің көркемдік нәтижесі автордың бастапқы ниетінен кеңірек мағына тудыруы мүмкін. Жанаттың қамқорлығы көрерменге әсер еткенімен, оның шешімдері әйелдің еркіндігі, отбасы мүшелерінің жеке таңдауы және адамның өз өміріне жауапкершілігі туралы сұрақтар туғызады.
Осы тұрғыдан фильмнің ең маңызды сұрағы «Дәстүрді сақтау керек пе?» дегенмен шектелмейді. Одан да күрделі мәселе туындайды: өзгелердің болашағы үшін жауапкершілік алған адам олардың орнына өмірлік шешім қабылдауға құқылы ма? Жанаттың әрекеті бұл сұраққа біржақты жауап бермейді. Ол өз мүддесін ғана ойлайтын адам емес. Бірақ оның қамқорлығы басқалардың тағдырына қатысты шешім қабылдаумен ұштасады. Алтынайдың өмірі екі ағайындының арасындағы қайшылыққа айналғанда, дәстүрдің мағынасы мен адамның жеке қалауы арасындағы шекара айқын көрінеді. Сондықтан фильмді тек дәстүрді дәріптейтін шығарма ретінде емес, сол дәстүрді жүзеге асыратын адамның ішкі қайшылығын көрсететін драма ретінде де талдауға болады.
«Әмеңгердің» финалы көрерменге бір ғана қорытынды ұсынбайды. Жанаттың тағдыры арқылы адам өмірінің шектеулігін, отбасы алдындағы міндеттің ауырлығын және жақсы ниетпен жасалған шешімдердің де күтпеген нәтижеге әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Архаттың тірі оралуы оқиғаның бағытын өзгертсе, Жанаттың ауруы бұл өзгерістің барлығын қайғылы реңкке бөлейді. Фильмдегі ең ауыр қайшылық – Жанаттың өзінен кейінгі ұрпақтың болашағын ойлауы мен өзінің сол болашақта бола алмайтынын сезінуі. Адам қанша жерден бәрін алдын ала реттеуге тырысқанымен, өзгелердің тағдырын толық басқара алмайды. Сондықтан «Әмеңгердің» финалы жай ғана қайғылы аяқталу емес, адамның өз өмірін құрбандыққа айналдыруы, отбасылық міндеттің шегі және жақындары үшін жасалған әрекеттің шынайы құны туралы ой қозғайды.
Келесі фильмге көрерменнің көзайымына айналған, біраз адамдардың көңілінен шыққан «Қайтадан» фильмін алайық. Режиссер Думан Еркімбектің 2025 жылғы туындысы. «Қайтадан» фильмінің соңында Рауан ауылды апаттан құтқарып, уақыт тұзағынан шығады. Бірақ фильмнің атауын және Рауанның басынан өткен өзгерістерді ескерсек, емтиханға қайта оралуы оқиғаның жай ғана түйіні емес. Бұл көрініс кейіпкердің өміріне екінші мүмкіндік берілгенін білдіреді.

Фильмнің басында Рауан ҰБТ-дан небәрі 21 балл жинайды. Оның емтиханға көзқарасы мен өз болашағына деген жауапкершілігі әлсіз. Ал финалда ол бір ауылдың тағдырына жауап беретін деңгейге жетеді. Осы екі сәтті қатар қойғанда, кейіпкердің өзгерісі анық көрінеді. Басында өз мәселесін де дұрыс шеше алмай жүрген жасөспірім соңында өзгелердің өмірін сақтап қалуға күш салады.
Бұл жерде «қайтадан» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі, фильмнің оқиғасында бір күннің қайта-қайта қайталануы. Екіншісі, Рауанның өз өміріне басқа көзқараспен оралуы. Ол уақыт тұзағында жүріп, бұрын байқамаған адамдарды таниды, өз әрекетінің өзгелерге қалай әсер ететінін түсінеді. Емтиханға қайта келуі осы өзгерістің күнделікті өмірдегі жалғасы іспетті. Рауанға жаңа мүмкіндік беріледі, бірақ енді оны бұрынғыдай қабылдамауы керек. Режиссер Думан Еркімбек фильм атауының мағынасын адамның өзі өзгермейінше, өмірдегі қателіктердің қайталана беретінімен түсіндірген. Осы пікірді финалмен байланыстыруға болады. Рауан уақыттың қайталануынан тек апатты тоқтату арқылы емес, өзінің бұрынғы мінезінен арылу арқылы шығады.
Дегенмен, дәл осы финалға қатысты бір сұрақ бар. Ауылдың апаттан құтқарылуы мен ҰБТ-ны қайта тапсыру арасындағы байланыс идеялық тұрғыдан түсінікті болғанымен, екеуінің арасындағы өзгеріс тым жинақы берілгендей әсер қалдыруы мүмкін. Бір ауылды құтқару Рауанның жауапкершілігін көрсетеді, бірақ оның ендігі өмірде де тұрақты түрде өзгергенін толық дәлелдемейді. Емтиханға қайта тапсыруы оған мүмкіндік береді, алайда сол мүмкіндікті қалай пайдаланатынын фильм көрсетпейді. Бұл міндетті түрде кемшілік емес, өйткені фильмнің мақсаты Рауанның кейінгі өмірін түгел баяндау емес.
Финалдың тағы бір ерекшелігі – фильмнің жеке адам тағдырынан қоғам мәселесіне қарай кеңеюі. Рауан ауылды құтқару үшін бірнеше рет әрекет жасап, айналасындағы адамдарды өзіне сендіруге тырысады. Ал бастапқыда оның сөзіне құлақ аспайтын адамдардың әрекеті фильмдегі қоғамдық жауапкершілік мәселесін ашады. Осы тұрғыдан алғанда, ауылдың аман қалуы бір баланың жеңісі ғана емес, адамдардың бірлесіп әрекет етуінің қажеттігін де білдіреді. Бірақ ауылдың құтқарылуы фильмде көтерілген барлық мәселенің шешілгенін білдірмейді. Бөгеттің қауіпті жағдайы, жергілікті биліктің салғырттығы және Рауанның сөзіне сенбеу сияқты мәселелердің маңызы финалдан кейін де жоғалмайды.
Сондықтан «Қайтаданның» финалын үмітті аяқталу деп қана сипаттау аздық етеді. Бұл, бір жағынан, жас адамның есейіп, өз өміріне жауапкершілікпен қарауға алғашқы қадам жасағанын көрсететін финал. Екінші жағынан, қоғамның өзгеруі бір адамның әрекетімен ғана шектеле ме деген сұрақ қалдырады. ҰБТ-ны қайта тапсыруы Рауанның өміріндегі жаңа бастаманы білдірсе, ауылды құтқаруы оның бұрынғы қалпында қалмағанын дәлелдейді. Фильмнің соңғы шешімі көрерменге бәрін қайта бастауға мүмкіндік бар екенін айтады. Бірақ екінші мүмкіндік өздігінен жақсы нәтижеге жеткізбейді. Адамның өзгеруі сол мүмкіндікті қалай пайдаланатынына байланысты.
Меніңше, «Қайтадан» фильмінің финалындағы ең маңызды тұс Рауанның ауылды апаттан құтқаруы ғана емес, одан кейін ҰБТ-ны қайта тапсыруға оралуы. Ол басында өз болашағына жауапкершілікпен қарамаған жасөспірім болса, фильм соңында басқа адамдардың өмірі үшін күрескен адамға айналады. Бірақ режиссер оның өзгергенін ұзақ түсіндірмейді, емтиханға қайта оралу көрінісі арқылы жаңа өмірдің басталуын аңғартады. Дегенмен, менің ойымша, финалдың эмоциялық әсерін күшейтуге болар еді. Ауылдағы апаттың шиеленісі жоғары болғандықтан, оқиғадан кейінгі Рауанның күйін, оның басынан өткен жағдайды қалай қабылдағанын тағы бір нақты сәт арқылы сезінгіміз келеді. ҰБТ-ға қайта оралу ой жағынан орынды болғанымен, ауылды құтқарғаннан кейінгі үлкен өзгерісті сәл жылдам түйіндейді. Соған қарамастан, фильмнің соңы үміт қалдырады. Рауан емтиханды қайта тапсырады, бірақ бұл жолы оның алдында тек жоғары балл алу міндеті емес, өмірге басқаша қарау мүмкіндігі тұр.
Мен бүгінгі мақаламда қазақ фильмдерінің аяқталу тәсілдеріне назар аударып, соңғы көріністердің оқиғаға қандай мағына беретінін және көрерменге қандай ой қалдыратынын қарастырдым. Талдау барысында Мақсат Оспановтың «Әмеңгер», Айтөре Жолдасқалидың «Ауру», Дархан Кәріповтің «Ыстық ұя» және Думан Еркімбектің «Қайтадан» фильмдерінің финалдарына тоқталдым.
Бұл фильмдердің аяқталуы бір-біріне ұқсамайды. «Ауру» фильмінде кейіпкердің өзгеретініне деген үміт ақталмай, оқиға күтпеген бағытта аяқталады. «Ыстық ұя» фильмінің соңында туыстар арасындағы үйге талас ана өлімімен аяқталып, отбасындағы жанжалдың ауыр салдарын көрсетеді. «Әмеңгер» фильміндегі күтпеген шешім бұған дейінгі оқиғаларға басқа қырынан қарауға мәжбүр етеді. Ал «Қайтадан» фильмінде Рауанның ауылды апаттан құтқарып, ҰБТ-ны қайта тапсыруы жаңа мүмкіндіктің бар екенін аңғартады. Осылайша, бір фильмнің финалы көрерменнің үмітін үзсе, екіншісі ауыр ойға қалдырады, тағы бірі болашаққа сенім ұялатады.
Осы фильмдерді талдау арқылы мен өзім үшін маңызды бір нәрсені түсіндім. Бұрын фильмнің соңын көбіне оқиғаның қалай аяқталғанына қарап бағаласам, енді соңғы көріністің бүкіл фильмге қандай мағына беретінін ойлауға тырысамын. Кейде режиссер барлық сұраққа жауап бермейді. Кейіпкердің болашағы белгісіз күйде қалуы немесе оқиғаның күтпеген жерден үзілуі де белгілі бір ойды жеткізуі мүмкін. Бірақ мұндай шешім көрерменді ойландыру үшін ғана емес, фильмнің мазмұнымен байланысып, негізді болуы керек. Әйтпесе, күтпеген аяқталу әсерлі көрінгенімен, көрерменге жеткілікті сезім мен түсінік бере алмауы мүмкін.
Менің ойымша, фильмнің финалын бағалағанда оның қуанышты немесе қайғылы аяқталғанына ғана мән беру жеткіліксіз. Ең бастысы, соңғы көрініс кейіпкердің жолын қаншалықты түйіндеді, режиссердің ойын қаншалықты жеткізді және көрерменге қандай сұрақ қалдырды деген мәселелерге назар аудару қажет. Сонымен қатар, фильмді талдағанда өз пікіріңді айту маңызды болғанымен, оны нақты көріністермен дәлелдеу керектігін түсіндім. Өйткені сыншының міндеті фильмді жай ғана мақтау немесе сынау емес, оның неге дәл осылай аяқталғанын түсіндіруге тырысу деп ойлаймын.
Қазақ киносында фильмдердің саны ғана емес, олардың көрерменге қалдыратын ойы мен сезімі де маңызды. Ал финал сол әсердің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Фильм аяқталғаннан кейін экран қараңғылануы мүмкін, бірақ көрерменнің ойы сол жерде тоқтамауы керек. Мен үшін жақсы финалдың басты белгісі де осы. Ол көрерменге бәрін дайын күйінде түсіндіріп бермей, көрген оқиғасына қайта оралып, кейіпкерлердің әрекетін және режиссердің ойын өз бетінше пайымдауға мүмкіндік береді.
Фотолар ашық ғаламтордан алынды.
Данияр Алдабергенұлы,
К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ,
кинотану мамандығының 3 курс студенті
