Ән құдіреті Әміренің ішкі арпалысы
Театр өнерінің басты міндеттерінің бірі – тарихта із қалдырған тұлғалардың өмір жолын сахна тілімен сөйлету, олардың адамдық болмысын, рухани мұрасын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Өткен дәуірдің өнегелі оқиғаларын көркемдік тұрғыдан жаңғырту арқылы театр көрерменді тарихпен табыстырып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың қадірін терең сезінуге жетелейді.
Осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында сахналанған Қанат Жүнісовтің «Әміре» музыкалық драмасы – ұлттық өнер тарихындағы айрықша тұлғаның тағдырына арналған маңызды қойылымдардың бірі. Әміре Қашаубаев – қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге танытқан, табиғи дарыны мен қайталанбас дауысы арқылы ұлттық мәдениеттің мәртебесін асқақтатқан тарихи тұлға. Оның есімі қазақ ән өнерінің тарихында ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыру кезеңімен де тығыз байланысты. 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде қазақ әнін орындауы – жеке әншінің шығармашылық жетістігі ғана емес, тұтас бір ұлттың мәдени болмысын әлемге танытқан тарихи оқиға. Әміренің Париж сахнасында өнер көрсетуі қазақ халқының әншілік дәстүрінің тереңдігін, орындаушылық мәдениетінің байлығын дәлелдеді. Еуропа тыңдармандары үшін қазақтың кең тынысты әні, ұлттық мақамы мен табиғи дауыс ерекшелігі таңсық құбылыс еді. Ал Әміре сол өнердің шынайы елшісіне айналды.
Спектакльдің негізгі идеясы – Әмірені тек әйгілі әнші ретінде көрсету емес, оның өнер жолындағы күресін, азаматтық болмысын, тарихи кезеңнің қайшылықтарын және шығармашылық тұлғаның жан дүниесіндегі арпалысты ашу. Өйткені өнер адамының өмірі тек сахнадағы қошемет пен жетістіктерден тұрмайды. Оның артында толғаныс, күдік, үміт, күрес пен тағдырдың талай сынағы жатады. «Әміре» музыкалық драмасы осы күрделі мәселелерді көркемдік тұрғыдан пайымдауға ұмтылады. Қойылымда жеке адамның тағдыры мен халықтың рухани тағдыры өзара сабақтасып, өнердің ұлт болмысын танытатын мәңгілік құндылық екені алға шығады. Қанат Жүнісовтің драматургиялық шешіміндегі маңызды ерекшелік – тарихи оқиғаларды жалаң баяндаудан гөрі, олардың астарындағы адам тағдырын көрсетуге ұмтылуы. Тарихи тұлғаның өмірін сахнаға шығару автордан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі көрермен Әміре Қашаубаевты есімі аңызға айналған өнер иесі ретінде бұрыннан біледі. Сондықтан сахналық бейнені жасауда оның өмірбаяндық деректерін қайталау жеткіліксіз. Керісінше, көпшілікке таныс тұлғаның ішкі әлеміне үңіліп, оның адамдық болмысын ашу маңызды.


Спектакльде Әміренің Қоянды жәрмеңкесіндегі өнер көрсетуі, Парижге сапары және Мұстафа Шоқаймен (Аққанат Қуандықов) кездесуі секілді тарихи оқиғалар көрініс табады. Бұл эпизодтар кейіпкердің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдерді ғана емес, сол заманның қоғамдық-әлеуметтік ахуалын да аңғартады. Әсіресе Қоянды жәрмеңкесіндегі көріністер арқылы қазақ даласындағы әншілік өнердің тынысы, халықтың өнерпазға деген ықыласы, ән мен дәстүрдің қоғамдық өмірдегі орны сезіледі. Қоянды жәрмеңкесі – қазақтың әншілік және сал-серілік өнері тоғысқан ерекше мәдени орта. Мұнда әншінің өнері халық алдында сыналып, оның орындаушылық шеберлігі мен табиғи дарыны танылады. Қойылымдағы осы көріністер Әміренің өнер әлеміне қалай келгенін, халықтың ықыласына бөленген әншінің қандай рухани ортада қалыптасқанын түсінуге мүмкіндік береді. Ал Парижге сапар эпизоды шығарманың идеялық өзегін тереңдете түседі. Бұл – бір адамның шетелге сапары ғана емес, қазақ өнерінің әлемдік мәдени кеңістікке шығуының символдық көрінісі. Әміре сахнаға шыққанда, ол жеке орындаушы ретінде ғана емес, өзімен бірге тұтас халықтың мәдениетін алып шыққан өнер елшісі ретінде қабылданады. Осы тұста қойылымның негізгі философиялық ойы айқындала түседі: өнердің тілі – ұлттың тілі, ал өнерпаздың жетістігі – халықтың рухани жеңісі. Музыкалық драмада Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесуі де тарихи және идеялық тұрғыдан маңызды. Бұл көрініс арқылы туған елден жырақта жүрген қазақ зиялыларының ұлттық мүдде төңірегіндегі ойлары мен тарихи кезеңнің күрделі сипаты сезіледі. Өнер мен елдік ұғымдарының бір арнаға тоғысуы қойылымның мазмұндық ауқымын кеңейтеді.

Тарихи тұлғаның сахналық бейнесін жасау – актер үшін үлкен шығармашылық жауапкершілік. Әсіресе Әміре Қашаубаев секілді халық жадында ерекше орын алған өнер иесін сомдау орындаушыдан тек актерлік қабілетті ғана емес, музыкалық сезімталдықты, психологиялық тереңдікті, тарихи танымды және сахналық мәдениетті талап етеді. Қойылымдағы басты рөлді орындаған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Оразалы Игілік осы жауапкершілікті мойнына алып, Әміре бейнесін сахналық тұрғыдан жаңғыртуға талпыныс жасайды.

Оразалы Игілік үшін бұл рөлдің салмағы оның тарихи тұлғаны бейнелеуімен ғана өлшенбейді. Ол – қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі қайталанбас құбылыстың сахнадағы көркемдік жалғастырушысы. Актердің алдында екі үлкен міндет тұр: біріншісі – Әміренің сыртқы болмысын, мінезін, жүріс-тұрысы мен сахналық мәдениетін жеткізу; екіншісі – оның ішкі жан дүниесін, өнерге деген махаббатын, азаматтық ұстанымын және тағдырлық толғанысын ашу. Осы екі міндеттің тоғысуы актерлік жұмыстың негізгі өлшеміне айналады. Оразалы Игілік жасаған бейненің назар аударарлық қыры – Әмірені тек халықтың сүйіктісі болған әйгілі әнші ретінде емес, өз заманының қайшылығын бастан кешкен тірі адам ретінде көрсетуге ұмтылуы. Өнер адамының сахнадағы жарқын сәттері мен өмірдегі ішкі күйзелістері бір-бірінен ажырамайды. Сырт көзге асқақ көрінетін әншінің жүрегінде де алаң, сағыныш, үміт пен күдік қатар өмір сүреді. Актердің шығармашылық ізденісін бағалағанда, кейіпкердің психологиялық болмысына ден қою маңызды. Әміре рөліндегі Оразалы Игілік бейнесінің көркемдік өзегі – өнерпаздың рухани еркіндігі мен адамдық қадір-қасиетін таныту. Оның сахналық әрекеттерінен кейіпкердің тарихи жағдайға бейімделуі, өнерін бағалату жолындағы ұмтылысы және туған халқының атынан жауапкершілік сезінуі көрініс табады. Әсіресе, Париж сахнасына шығу алдындағы толғаныс – актерлік жұмыстың психологиялық тұрғыдан маңызды тұстарының бірі. Себебі бұл сәтте Әміре үшін сахнаға шығу күнделікті шығармашылық әрекет емес. Ол өзімен бірге қазақ халқының әнін, мәдениетін және рухани дүниесін алып шыққандай күй кешеді. Мұндай көріністі нанымды жеткізу үшін актер кейіпкердің сыртқы қобалжуын ғана емес, ішкі толқынысын да сезіндіруі керек. Музыкалық драманың табиғатын айқындайтын негізгі ерекшелік – музыканың драматургиялық қызмет атқаруы. Мұнда ән қойылымның көркемдік безендірілуі немесе кейіпкердің өнерін танытатын қосымша құрал ғана емес. Ол – оқиғаның мазмұнын ашатын, кейіпкердің ішкі жан дүниесін танытатын және драмалық әрекетті дамытатын маңызды көркемдік компонент. «Әміре» қойылымында әннің алатын орны айрықша. Себебі басты кейіпкердің бүкіл өмірі өнермен тығыз байланысты. Әмірені әнінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Оның қуанышы да, мұңы да, арманы мен күресі де ән арқылы көрініс табады. Қойылымның көркемдік тұтастығын қалыптастыруда режиссер Асхат Маемировтың еңбегі айрықша. Тарихи тақырыптағы спектакльде режиссердің басты міндеті – оқиғалардың хронологиялық ретін сақтай отырып, олардың ішкі драматизмін ашу.
Асхат Маемиров қойылымда Әміре өмірінің маңызды кезеңдеріне назар аударып, тарихи оқиғалар мен кейіпкердің жеке толғаныстарын өзара байланыстырады. Бұл тәсіл көрерменге өнерпаздың өмір жолын сырттай бақылаушы ретінде ғана емес, оның жан дүниесіне жақындай отырып қабылдауға мүмкіндік береді.
Режиссерлік шешімнің маңызды қыры – тарихи оқиғаны бүгінгі көрерменнің дүниетанымымен байланыстыру. Себебі Әміре өмір сүрген кезең мен қазіргі уақыттың қоғамдық жағдайы әртүрлі болғанымен, өнер адамының шығармашылық еркіндігі, таланттың бағалануы, ұлттық мәдениетті қорғау мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сахналық кеңістік те осындай идеялық міндетке қызмет етеді. Қоянды жәрмеңкесі мен Париж сахнасы – бір-бірінен алшақ екі кеңістік. Бірі – ұлттық өнердің қайнар көзі, екіншісі – сол өнердің әлемге танылған биік мінбері. Осы екі кеңістіктің көркемдік қарама-қарсылығы Әміренің шығармашылық жолындағы тарихи өзгерісті айқындайды. Тарихи тұлғаны сомдау – оның өмірбаянын қайталау емес, сол адамның рухани әлемін көрерменге сезіндіру. Осы тұрғыдан алғанда, Оразалы Игілік орындаған Әміре бейнесінің маңызы зор. Актердің шығармашылық міндеті – көрерменге әншінің даусын ғана емес, сол дауыстың ар жағында тұрған тағдырды таныту. Әміре Қашаубаевтың өнері – өткеннің еншісінде қалған мұра емес, бүгінгі ұрпақтың рухани байлығы. Оның әні арқылы қазақтың болмысы, мінезі мен мәдениеті танылады. Ал театр сахнасындағы «Әміре» қойылымы осы құндылықтарды жаңа заманның көрерменіне жеткізудің көркемдік көпіріне айналып отыр. Әміре – бір дәуірдің әншісі ғана емес, ұлт рухының үні. Оның әні тоқтаған жоқ, ол бүгін де театр сахнасында, халық жадында, қазақ өнерінің жүрегінде жаңғырып тұр!
Бахтияр Тұрсын, театртанушы.
