Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
Айша Медетқызы. Адам. «Қоғам. Қайшылық» немесе дра...

Айша Медетқызы. Адам. «Қоғам. Қайшылық» немесе драмадағы тартыс

04.03.2026

98

Айша Медетқызы. Адам. «Қоғам. Қайшылық» немесе драмадағы тартыс - adebiportal.kz

Күні кеше Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында драматург Нұрайна Сәтпаеваның «Грехопадение свинки Пеппы» туындысының желісімен, режиссер Галина Пьянова сахналанған «Перзентхана» қойылымының тұсаукесері өтті. Адам. Қоғам. Қайшылық. Бұл үш ұғым «Перзентхана» спектаклінің идеялық-эстетикалық құрылымын айқындайтын негізгі ұғым ретінде көрінеді. Спектакльде заманауи қоғамның ахуалы жан-жақты пайымдалып, жауапкершілік, өмір мен өлім, нәзік жандылар арасындағы өзара қақтығыс, аналық махаббат сезімі сынды тіршілік түйіткілдері көркемдік тұрғыдан көрсетіледі. 

Спектакльдің драматургиялық өзегі – адам табиғатындағы жағымсыз да жағымды қасиеттерді, қоғамдағы жауапсыздық секілді мәселелерді әлеуметтік орта контекстінде ашу. Режиссер көркемдік шарттылықты сақтай отыра драматургтің ойын көрерменге дәл жеткізе білген десек қателеспейміз. Галина Пьянова қойылымды сатиралық сипатта да қоя отырып, көрерменнің түйсігіне ой сала білді. Бір палатада тағдырлары тоғысқан әйелдердің өмір өрнектерін бір-біріне ұқсатпай жасауға тырысқан  актерлік құрам да сәтті таңдалған. Көрнекті сахна шеберлері Гүлбаһрам Байбосынова, Динара Нұрболат, Нұржамал Әбілқиясқызы, Аружан Баймуханбетова өз кейіпкерлерінің психологиялық күйін, мінез-құлықтары мен ішкі сезімдерін көрерменнің жүрегіне жеткізіп, сезімдерін оята түсті.

Оқиға барысында бірінің баласы дүниеге «ерекше» болып келеді деп қорқыныш пен уайым шексе, келесі бірі перзентінен айырылып қайғы жұтты. Актриса Гүлбаһрам Байбосынова сомдаған Женя бейнесі – өмірге «ерекше» сәби әкелейін деп жатқан ананың үрей мен көндігу арасындағы ішкі күресін сенімді көрсетеді. Ал сахнагер Динара Нұрболат Марта бейнесі арқылы сәбиінен айырылған ананың үзілген үміті мен өмірінің мәнінен адасқан кейпін нанымды жеткізді. Актриса Аружан Баймуханбетова ойнаған Сабина бейнесінен қазіргі қоғамдағы өзін-өзі жүзеге асыруға мол мүмкіндіктері бола тұра, білім мен оқуды екінші кезекке ысырып, қоғамдық мәртебе мен материалдық игілікке жеңіл жолмен жетуді көздейтін нәзік жандылардың типтік болмысын аңғаруға болады. Сабина – прагматик кейіпкер. Яғни, ол махаббат пен есептің, еркіндік пен қауіпсіздіктің, аналық инстинкт пен әлеуметтік жоспардың арасында қалған әйел. Еркін бола тұра, еркіндіктен бас тартқан Сабинаның болмысына тән мінез құлықтарды актриса өз ойын өрнегімен шебер жеткізе білген. Нұржамал Әбілқиясқызы орындауындағы Пери бейнесінен он жеті жасар дәрменсіз жасөспірімнің тағдырын көреміз. Жастайынан ана болу жауапкершілігімен бетпе-бет қалған, үрей мен үміттің арасында тұрған кейіпкер. Лиза Серікова сомдаған тасжүрек бас медбикенің ойынынан қоғамның қатал, формалды көзқарасы ашылады. Пери бейнесі – жас қыздың өз таңдауы мен сыртқы әлеуметтік қысым арасындағы ауыр тартыстың көрінісі. Бұл бейнені де актриса кейіпкерді жан-тәнімен сезіне отырып, жоғарғы кәсіби деңгейде кескіндеп бере алды. 

Режиссер Галина Пьянова мәтін астарын ашуда вербалды диалог қана емес визуалды ишара мен символдық әрекетке де мән берген. Қойылымның режиссерлік сахналық шешімде минимализм мен пластика да басым. Бұл тәсіл спектакльді постдрамалық эстетикаға жақындатады. «Перзентхана» – бүгінгі қоғам мәселесіне қойылған диагноз іспетті. Сондай-ақ қойылым көрерменді дайын қорытындыға емес, сұрақ қоюға жетелейді.  Осы арқылы спектакль тәрбиелік қана емес, рефлексивтік қызмет те атқарады. Спектакльде режиссер әр кейіпкердің жеке трагедиясы арқылы адам тақырыбын ашса, ал адамдардың басынан өтіп жатқан әлеуметтік жағдайларды көрсетудің негізінде қоғамның сипатын жеткізеді, сондай-ақ, Пери сынды кейіпкердің тағдыры арқылы, оған айтылған ауыр сөздер мен айыптаулар арқылы қоғамдағы қайшылықтар мәселесін көтереді. «Перзентхана» спектаклі адам тағдыры, қоғамдық көзқарас пен өмірдегі қайшылықтарды тоғыстыра отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтеріп отыр. Осылайша, режиссерлік интерпретация мен драматургиялық өзектілігі бұл қойылымды әлеуметтік ой тудыратын, эстетикалық әсері терең қойылымдар қатарына қосады деуге болады. 

Айша Медетқызы

Темірбек Жүргенов атындағы 

Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan