Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айтуар Өтегенов. Жер-ана, тербе мені!...

28.06.2018 8565

Айтуар Өтегенов. Жер-ана, тербе мені! 12+

Айтуар Өтегенов.  Жер-ана, тербе мені! - adebiportal.kz

«...1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Семейдегі ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуы үлкен ерлік. Бұл қадам көрегендік, нағыз тәуелсіздікті жариялау. Мен барлық мемлекет басшыларын, оның ішінде ядролық державалардың басшыларын, Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын!..».

ПАН ГИ МУН,

БҰҰ- ның бұрынғы Бас хатшысы.

«...АҚШ тарапы ширек ғасырдан бері Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде есептеп келеді... Қазақстан өздеріндегі ядролық қарудан бас тарту арқылы өз ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырды».

Д.ТРАМП,

АҚШ Президенті.

«...Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға толық құқымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен жүргізудеміз. КХДР мәселесін Қытай, АҚШ, Ресей тарапы бірлесе шеше алады».

Н.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Президенті.

Тоқтамасын нұрлы өмір дөңгелегі,

Адамзатқа бейбіт күн ең керегі.

Алтын БЕСІК өзіңсің әлдилеген,

Тербе мені,

ЖЕР -АНА,

Тербе мені!

***

О, ЖЕР –АНА!

Көктем сайын гүлдермен,

Жасарып бір түрге енген.

Кешір, қадір-қасиетіңді ұғынбай,

Бұған дейін қалай өмір сүргем мен.

Өзің екен нұрландырған аспанды,

Сезім екен орман еткен жас талды.

Төзім екен тау жасаған тастарды.

Сені ұғыну сені білу арқылы,

Мәнді өмірім,

Сәнді өмірім басталды.

Сені мендей сүйсе деймін барша адам,

Атқан таңды іңкәрлікпен қарсы алар.

Табиғатпен үндес, тілдес болуға,

Жан даусыммен бар эфирден жар салам.

Тілін тапса мол қазына зор кеудең,

Нұр өмірді күндіз-түні тербеумен,

Келесің сен, келесің сен келесің,

«Алтын бесік» деген саған төл есім.

Өр төсіңе сәуле шашып НҰР –ЖАРЫҚ,

Асыл мұрат, пәк сезімдер бүр жарып.

Тарап жатыр, тарап жатыр бар маңға,

Құшақ ашып арай таңға, арманға.

ГАЛАКТИКА әлемінде мәртебең,

Өсу үшін,

Ұлдарың бар тер төгер.

Дертің болса сылып алып тастайды,

Өзегіңді өртеген.

Жұлдызды өмір керуені сапында,

Мағыналы ғұмыр сырын шерте бер...

***

О, ЖЕР –АНА!

Барлық адам ұғынысу бір тілде,

Бір мақсатқа құлаш ұру бұл күнде,

Мүмкін бе?

Қару емес болса ән мен жыр кімде,

Сол ЕЛ мықты саналуы

Мүмкін бе?

Үндемейсің...

Өйтекені АНА батырсың,

Өзіндік нәр, тірлік беріп жатырсың,

Төсіңдегі онсегіз мың ғаламға.

Адамдарың,

Аң-құстарың санаңда.

Осылардың келешегін ойланып,

Өз өсіңмен үнсіз жүрсің айналып.

Соқтығысып қалмауға, өзге планеталармен,

(Оның, оның жолы әрмен),

Галактика заңын қатал сақтайсың.

Парызыңды және адал ақтайсың.

Бар әрине ұлдарыңда,

Ақылдылар, есерлер,

Мән бермейсің ішкі істерге,

Өздері оны шешер,- деп.

.

***

Ғажапсың-ау,

Айналайын АНАМ-АЙ!

Абзалым-ай,

Көрегенім,

Данам-ай!

Кейде сенің көңіліңе қарамай.

Зеңбіректің зіркілімен әр сағат,

Омырауыңды тастасақ та пәршалап.

Түрткендей де көрмейсің,

Көрмейсің-ау, көңілің де бөлмейсің.

Баяғы сол сүрлеуіңнен жаңылмай,

Кең аспанды зерлейсің.

Сенің жалғыз мақсатың бар діттеген,

Әріптесің маңдайына бітпеген:

Төсіңдегі әрбір тірлік әлемін,

Өсіру мен қызығына бөлену.

Сондықтан да мәңгі бақи ояусың,

Сен жақұтсың,

Мың құлпырған бояусың.

Өзге планеталармен,

Шарт жасасып жатасың:

Баспау үшін тот асыл,

Аспан заңын бұзбауға,

Жол бермеуге мұздауға...

Ғажапсың-ау,

Айналайын Анам-ай!

Кейде сенің көңіліңе қарамай,

Кешіре гөр бомба ала ұмтылсақ,

Абзалым-ай,

Көрегенім,

Данам-ай!

***

«Асыл тудым» -

Деп санайтын бір «мықтың»,

Өрт қаптатып,

Талай АНА дүрліктің.

Сосын оның...

Өз денесін күйдіріп,

Ұғындырдың қатал заңын тірліктің.

Өйткені АНА,

Өйткені АНА ұлыңнан,

Өлім емес ӨМІР жайлы жыр күттің.

Тұрғаннан соң жолы жарқын, бағы үдеп,

Адамзатқа дарыттың зор қабілет.

Ал қабілет...

Алып тауды қопарды,

Тұңғиықтың ең түбіне апарды.

Не керемет қашықтықтар қысқарып,

Корабльдер космосқа ұшты алып.

Қысқа айтқанда,

Жасап берді жоқтан бар...

Қабілеттің иелері,

Енді сәл-пәл тоқтаңдар!

Ей, ғалымдар төккен тер,

Қабілеттің қызығына тым беріліп кетпеңдер.

Адалдық пен зұлымдықтың шекарасын шектеңдер.

Қолдарыңда дүниенің құпиясы – сыр,- деген,

ЖЕР –АНАҒА қауіп төнер жасап қоймаң «бірдеңе».

Ғылымдағы жаңалыққа саларыңда барыңды,

Жолбасшы қыл ой-санаңа азаматтық арыңды.

Бұзылмасын өмір заңы, бүлінбесін ортамыз.

Өйткені біз ойы бұзық,

«Мықтылардан» қорқамыз!..-

Десем айып емес болар Анашым.

Үндемейсің мың сан от боп жанасың.

Үндемейсің...

Қайран абзал Аналар,

Қимайды ғой жамандыққа баласын.

***

«ЖЕР –АНАНЫҢ

Тікені бар, гүлі бар,

Құмырысқасы,

Арыстаны,

Пілі бар,

Бәрі-бәрі өз алдына бір әлем.

Әр әлемнің патшалығы, тілі бар,

Соларды ұғып біліп ал!..»-

Десе ғалым,

Іске асырдық мұны да,

Қол жеткіздік бар әлемнің сырына.

(Қажет болса ұрпақтары жетіледі шыныда).

Бір ғажабы арман қуып адамзат,

Абзал іске түседі ғой құныға.

Бұл заманда, бұл заманда арайлы,

Бәрі олардың игілікке жарайды.

Бірі менен бірі өсіп жетіліп,

Думандатар ӨМІР атты сарайды.

Өсімдіктер әлемі,

Жануарлар әлемі,

Техникалар әлемі...

(Аты қандай әдемі),

Әлем жатыр ашылып.

Тауып алды енді адам,

«Ядролық қару» деген пәлені.

Әлемдерге өлім бұлтын төндіру,

Мылқаулыққа көндіру,

Оның құны, төлемі...

Сондықтан да, сондықтан да есті адам,

Оған қарсы күрес ашып келеді.

- Өмір қымбат жасауымен, сәнімен,

Өмір қымбат әр дауысты әнімен, -

Деген ойды алға әрдайым тосасың.

Олай болса төсіңдегі Жер-АНА,

Сан түрлі ӘЛЕМ жасасын!

***

Сыр іздеген жалықпай бұдан-одан,

Білесің ғой сен мұны

Адам,

Адам!

ЖЕР –АНАНЫҢ қасиет, құдыреті,-

Өр төсінде бүр жарған бадана ДӘН.

Бадана дән –

Тіршілік, жанар-жалын,

Бадана дән –

Уыздай бал арманың.

Бадана дән, ұғынсаң бадана дән,

Көршілерге қызғанып, аларғаның.

Бадана дән –

Ән-жырың сауығың да,

(Дәнсіз тірлік құрмайды тауығың да).

Бір уыс дән бергенің жетіп жатыр,

Жаумен дос боп,

Досыңмен жауығуға.

Нансыз жүйрік болмайды ой аса тым,

Сәулеттейтін, өмірді боясатын.

Шынтуайтқа келгенде ел-елдегі,

Осыған кеп саяды саясатың.

Олай болса

Сыр тартып бұдан - одан,

Космосты зерттеген,

Алам,

Адам!

ЖЕР –АНАНЫҢ өр төсін жаралама,

Жерде ғана өседі бадана ДӘН!

***

О, ЖЕР-АНА!

Қиял құсы ғарыштарға ұзады,

Бірақ, бірақ...

Сені зерттеп болған жоқпыз біз әлі.

Бір өңірің –

Құс қанаты күйетұғын от- жалын,

Бір өңірге патша құрған мұз әні.

Бір қойнауың –

Әлі ұйқыда самарқау.

Бір қойнауың –

Жанартау.

Бағындырып адамзатың өзіне,

Бәріне де беріп жатыр жаңа арқау.

Біз ашпаған сыр-құпия көп әлі,

Бұзылмаған тоғаны...

Сені Ана жасартатын дәрі ойлап,

Адамзаттың ақ жүрегі

Соғады,

Соғады!

***

Болған болсам құдырет күш,

Егер мен:

О, ЖЕР –АНА төсіңнің тұсын,

Тозған, көнерген.

Тыңайтамын, суландырып шөліңді,

Бидай дәнін себем мен.

Жыр бесігім,

Нұр бесігім түлеген,

Орындаймын мақсатыңды тілеген.

Ашық қалған алаңқайдың бәріне,

Жұпар иіс ГҮЛ егем.

Жетелейтін арман –мүдде жол әрі,

Кеудесінде ізгіліктің толы әні.

Адамзаттың қолындағы қаруы,

Балға және орақ қана болады.

Болғызбаймын

Алдау,

Арбау,

Көлгірсу,

Теңіз суы, мұхит суы - мөлдір су,

Жүйке деген шаршай ма, әлде тоза ма,

Жұтатыны болса кәусар таза ауа.

Мұның бәрі... бірақ мұның бәріде,

Рахатқа, ләззатқа аз –ау, ә?!

Олай болса осы міне емші, -деп,

Ұлы еңбекті берем және еншілеп.

Болған болсам құдырет күш,

Мен егер:

Орындалар бәрі осының,

Сене бер!

***

Миллион жыл тарихыңмен қынжылма,

Он жылда ма, әрі кетсе жүз жыл ма.

Расым:

Қастерлейтін ЖЕР –АНАСЫН, мұрасын,

Ынтымағы жарасқан елдерден тек тұрасың.

Бір –бірімен құштар жандар білімге,

Ұғынысар тек достықтың тілінде.

Болмайды онда кетісу мен жауласу,

Шертіседі бұлбұлдары бауда сыр.

Қырғи қабақ екі майдан болмайды,

Құрлықтар мен құрлықтар,

Сағыныш хат жолдайды.

Ел мен елдер сайысады спорт залда тек қана,

О, ЖЕР – АНА, КҮН – АТАНЫ,

Айнала бер,

Тоқтама,

Тоқтама!!!

Айтуар ӨТЕГЕНОВ,

Ақтау


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар