Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айтуар Сабыров. Әр бұрышта бір Батыраш тұрғандай.....

05.09.2018 3679

Айтуар Сабыров. Әр бұрышта бір Батыраш тұрғандай...

Айтуар Сабыров. Әр бұрышта бір Батыраш тұрғандай... - adebiportal.kz

Жасындай жырларымен жарқ етіп, 70-жылдардың ортасында әдебиет әлеміне із салған, өзбек өңірі түлеткен Төлеген мен Өмірзақтан кейінгі ірі таланттардың бірі Айтуар Сабыров болатын.

Айтуар Өмірзақұлы Сабыров 1958 жылы Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Кенимех ауданында дүниеге келген. 1976-1983 жылдар аралығында Ташкенттегі Низами атындағы институтта оқыған. 1989 жылы тырнақ алды туындысы «Сағыныш» атпен жарық көрген. 1991 жылы Айтуар Сабыров Ташкентте шыға бастаған «Достық туы» (қазіргі Нұрлы жол) газетінде жұмыс істеген. Оның ақындық талантын да, журналистік қабілетін де айдай әлемге паш етіп, дүйім елге танытқан осы газет болды. Айтуар өмірдің ащы-тұщысын, дәмдісі мен кермегін қоса татқан ақын. Өлеңдері өмірдің қақ ортасынан ойып алынған. «Сағыныш», «Дүние жалған», «Меніңде титтей мұңым бар» кітаптарының авторы. Өгей өмір өбектемесе де өзегіндегі өртті өлеңмен басқан Айтуарды Атажұртта Поэзия сүйер қауым мүлдем білмейді. Осы мақсатпен ағаның 5-6 өлеңін жариялауды жөн көрдік. Жасындай жырдан сусындап, жаңа жауған жаңбырдан соң табиғат аясында серуендегендей бір серпіліп қалыңыз!..

Тұрсынбек Башар

КЕШІГІП КЕЛГЕН ЖОҚПЫН БА?

Көңілімді бөліп,
Жүргенде досым көп мұңға,
Жиылып қапты сәйгүлік мінген топ мұнда.
Аламан қайда,
Алқалы мына жарысқа,
Кешігіп келген жоқпын ба?!

Құлдыраған кезде,
Құламай қалған тұғыры,
Арманда кеткен,
Асылдың едім түбірі.
Жігерімді жанып,
Намысымның шоғын үрледі
Сәйгүліктердің дүбірі.

Бойыма өңкей,
Маржан сөздерді дарыттым,
Семсер жырларымды намысыма әкеп жаныттым.
Сөзімді нақтап,
Сезімді баптап жүргенде,
Елуге таяп қалыппын.

Елу дегенің -
Саясы салқын бәйтерек,
Пендеге ақыл жасаған жасқа сай керек.
Отызында кеткен Төлеген менен Меңдекеш,
Елуге келсе қайтер ед?!

Бос жүрген, сірә,
Менің де кезім,
Сирек,
Кем,
Інжуді терем,қаршыға - оймен түйреп мен.
Сәйгүлік баптап жүлде алған әкем
- Қамшыны
Жартысын жолдың өткесін соқ, деп үйреткен!

Тәуекел айтып,
Жалына жырдың жармастым,
Керуенін тізген ғасырларыммен жалғаспын.
Бабалар сөзін кеудеме түйдім тұмар ғып,
Жоқтаусыз сірә, қалмаспын...

ЭЛЛЕГИЯ

Сырахана,
Гулеген жұрт,
Жалғызбын.
Көз бұлдырап,
Бас айналған,
Хал қызғын...
Есті ме әлде Сарыбелдің самалы,
Мұрыныма исі келді жалбыздың.

Өңшең сылқым -
Кеудесіне күнә артқан,
Сусындарын сіміруді ұнатқан.
Менде отырмын есі ауысқан пендедей,
Белгісіз бір ызың кетпей құлақтан.

Ұмыт болған бақытты шақ
Жайлы әнім,
Есте бары -
Сүрінгенім, тайғаным,
Бір басыма жеткен жоқ па тайраңым?
Қашан қоям,
Қашан айтам байламын.
Қайдан келдім,
Қайда барам,
Қайдамын?!

Ақан сынды - арманы асқақ,
Досы кем,
Жыр бәйгеге мен де тұлпар қосып ем,
Құлагер жыр келмей қойды сөреге,
Мертіктіріп алдым ба екен осы мен?!

Біле алмадым алда күткен күн қандай,
Жетсем екен,
Өз межеме жынданбай.
Зәрем кейде зәр түбіне кетеді,
Әр бұрышта бір Батыраш тұрғандай.

Батыраш тұр тасасында
Жар,құздың,
Ажал тілеп айналып жүр бар құзғын.
Бұл не өзі,
Елес пе әлде...
Хал қызғын?!
Кеуек бастан кемтік ойды қумақ боп,
Бал сырадан қайта -қайта алғыздым.
Сырахана...
Гулеген жұрт...
Жалғызбын...

ШЫНДЫҚ

О, менің шындығым -ай,
Шырылдаған!
Қайтейін,
Бүгін сенің күнің қараң.
Қайқайып құлақ аспай қырындаған,
Үлек өмір шашады жынын маған.
Көкейде көмілген жыр,
Бұғынған ән...

Сын қарайды-
Ешкім де тыңдамайды,
(Әрине ақымақты кім қалайды?!)
Көз ұшында тек қана мұңның аулы,
Мұңның аулы
Қол бұлғап мұндалайды.
Тартып келем бетке алып сынған айды!

Түрім мынау -
Мұң қаптап, қайғы ораған,
Жылу табам қай үйден, қай қорадан?
Құтырынған қырда-қыс,
Сайда боран,
Жарқыным-ау, мен енді қайда барам...

Білместерге бұзықпын,
Жырындымын.
Жүрегімнен ұғады сырымды кім?
Әр емшекке жүгірген уыз таппай,
Жетім қозы секілді күнім бүгін...

АҚСАҚ ШУЛАН

Айға қарап ұлиды Ана қасқыр,
Жат дауыстан оянды жалаңаш қыр.
- Үр дүниенің үрейін алды-ау мынау,
Ұлыққан ба тағы да қара басқыр?!

Күндізгі жел көрген жоқ тыным әлі,
Қарды ұшырып,
Қалшылдап құнығады.
Ақсақ шулан ақылынан адасқан ба,
Жеті түнде бұ несі-ай ұлығаны?!

«Іші-сыртын шолсам да құз, аңғардың,
Әккі неме жалтарды -
Жүз алдандым.
Бүгін көзін құртатын сәті келді,
Үні неткен үрейлі ед бұ заңғардың?!»

Осыны айтып жас шопан -
Зор тұлғалы,
Тұрды орнынан...тірліктің қортылды әні.
Қосауыздан қос ажал бүріккенде,
Қабырғасы түнектің солқылдады.

Үрейлене қарадық қырға шығып,
Апан аузы ажалдың тұрды ашылып.
Аяғымыз астында шулан жатты,
Көтеріліп денесі,
Бір басылып.

Жаннан кешкен бұл неткен жырынды еді,
Осы бопты-ау соңғы рет сүрінгені.
Жабылмаған жанардан ұялды ма?
Әжім беті айдың да дірілдеді...

- Қаншық неме сен талай әлектедің,
Тұсын ала атыппын дәл өкпенің! -
Масаттанған шопанды көрген кезде,
Қасқырға емес,
Адамға нәлет дедім!

Неге ашындым,
Не батты шымбайыма,
Тағы ма, әлде,
Әлгінің мың қойы ма?!
Біле алмадым,
Санамда содан бері,
Қасқыр ұлып шығады түн бойына...

ӨСЕКШІМЕ

Отырдым үстінде мұң-кеменің,
Сөздеріңді есіттім -
Үндемедім.
Ұят болды-ау,
Бәрінен ұят болды-ау,
Болар-болмас нәрсеге күндегенің.

Мен өзіңді ақылды қыз ба десем,
Жүрегіңде жібімес мұз бар екен,
Жан дүниең тоңдырар ызғар екен.
Қай жігіттің сорына туылғансың,
Тағы да кімнің жаны сыздар екен?!

Ғайбаттадың,
Орынсыз ғайбаттадың,
Ұят болды өсекті сайратқаның.
Қашан көрдің күншілдің күңкілінен,
Күннің шықпай,
Мезгілсіз ай батқанын.

Сен айтты деп тұсаман бұла атымды,
Қызықпенен өткізем мына түнді.
Махаббатсыз ақын ол -
Өлген ақын,
Күңкілдеп бақ, күңкілде,
Сына ақынды!

Сөздеріңнен құлағым шулап кетті,
Жанарымды өсек сел-сулап кетті.
Жазықсыздан-жазықсыз жәбірленген,
Қайран жүрек қаттырақ тулап кетті...

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖЫР

Асау толқын аяғын құмға малып,
Арнасына қайғы мен
Мұң қамалып.
Қайраңдағы шабақтай Арал бүгін,
Аунақшиды,
Бауырын күнге қарып.

Ну қамыс жоқ - қурады,
Селдіреді.
Жағада тек құм көшіп, жел жүреді.
Демі қысқан аурудай әлсін-әлсін
Қар шыңдарға қарайды,
Телміреді.

Телміреді -
Ұзақ күн көз алмайды,
Ал жағада алапат тозаң-қайғы,
Ала құйын ішінен анда-санда,
Жетім кеме желкені бозаңдайды.
Бозаңдайды -
Тек қана көз алдайды,
Шыбын жаным шырқырап төзе алмайды...

Құландар жоқ жағада өре шапқан,
Балық исі шықпайды жер ошақтан.
Үміт күтіп бүгіннен,
Болашақтан,
Арал жатыр көзінен сорасы аққан!

Байғұсым-ай, көрдің бе нала жұрттан,
Қалай басам көңілді алабұртқан?!
Қарт Памир де тұр, әне, мұңға оранып,
Қара орамал жамылып,
Қара бұлттан.

Адам болды-ау түбінде құртар қайғың,
Ашуланып несіне бұртаңдаймын.
Жанарыма ирілген қос тамшыны,
Сәбиіме көрсетпей
Сырт айналдым...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар