Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әкімбек Мұстақұлы. Ақ жауынның өркештегі мөлтілі...

15.03.2020 3028

Әкімбек Мұстақұлы. Ақ жауынның өркештегі мөлтілі 12+

Әкімбек Мұстақұлы. Ақ жауынның өркештегі мөлтілі - adebiportal.kz

Тарғыл тау

Табанымда бүрлеген тарғыл таудың

сұлбасы,

Қына болып көктеген маңдайымның

тұнбасы..

Көлеңкеңе өрмелеп сәулесімен

ойнаған,

Еркелеген балалық – солқылдаған

құз басы.

Құлағымда жусаған қоңыр аңның

күйісі,

Езуіндегі аңыз ол – ермендердың

сыбысы.

Пысқырғанда дүркіреп сұламадан

ырғыған,

Қарашықтың дірілі көздерінде

құнысып.

Адырыңда алқызыл жанарлардың

жарқылы,

Сусылына сүрінген түлкілердің

қарқыны.

Ор биіктің орманы теңселеді

дүр қағып,

Тамырынан үрлеген демдерінің

салқыны.

Өркештене ұйыған ақ жауының

мөлтілі,

Қаталаған құстардың таңдайына

көлкіді.

Боз тұманың ақ мамық шудасына

оралып,

Қоңыр таудың үкілі бедеріне

жөңкіді.

Қабырғамды бояған құзар-шыңның

теңбілі,

Іздеріме көктеген қарғалдақтың

өрлігі.

Үлбіреген бүрлері еңбегімдей

солқылдап,

Даладағы жүректі бүлпілдетер

ендігі.

Теңіз түн

Ай мойынына ақжал толқын оралып,

Аққан жұлдыз ақ көбікке оранып.

Шәйірлардың жорғалаған қаламы,

Тасырқаған тамшылардан ой алып.

Арқыраған күркірінде гүл- құрақ,

Оянамын бедеріңді сызғылап.

Балбалдардың үні болып қашалған,

Сабылысқан санамдағы нұр құлап.

Көкке қарай лапылдаған керім үн,

Көк бұйраттау құшағыңда керілдім.

Қазбауыр бұлт шаштарыма қонақтап,

Құс жолының құсығына көмілдім.

Теңіз іші - еріндерім дірілдеп,

Жалғыздығым тіл қатады күбірлеп.

Ойларымның салындысн отын қып,

Шалқытады шабытымды түн үрлеп.

Меңсіз

Қос жанары от құсады жарқылдап,

Тар қапаста кісінейді саңқылдап.

Кір дүниеме кірпиязім келіпті,

Меңсіз ғана тұлғасымен аңқылдап.

Күміс қанат дөдегені ұрғылап,

Ақ жалынан таң атады түн құлап.

Шыңырауын табыт етіп мезгілдің,

Тұяғынан шашыраған нұр жылап.

Жүрегімде мөлтектеген құлын үн,

Тасқа қашап тас тұяқтың дүбірін.

Шашасына көзін сүрткен қара жол,

Қобыз қылып шұбатылған шылбырын.

Кентавр

Тарпаңдығын тамырыма жасырған,

Қанындағы буы жетіп ғасырдан .

Жүрегімнен адасып та қалғандай,

Ажырап кеп кісінеген асыл таң.

Боз шашалы құзар шыңдар кетілген,

Табыт болып тасқа тамған кешірмем.

Бүлкілінде күмбірлеген күй- ырғақ,

Қобыз далам құндыз-жалын өсірген.

Мың сан жылдан оқыранып елесің,

Табанымда тайпалады белесің.

Танауыңда тарғыл әлем бу бүркіп,

Құстай ұшқан көлеңкемде келесің!

Тұяғынан сынған сәуле шашырап,

Көз жасына көктеп тұрған атырап.

Кірпігінен қызыл іңір сорғалап,

Балбал тасқа батып кетті бақылап.

Отыз жас

Отыз інім отыз парақ жол құрап,

Ізім жатыр он бесімде омбылап.

Үмітімнің нұрға шылап өрнегін,

Отыз көктем өте шықты болбырап.

Отыз жылдың маңайында бүр жарып,

Отыз гүлдің сырғасындай ырғалып.

Отыз жаздың жанарынан сорғалап,

Отыз інім сілкінеді дүр қағып.

Қоңыр күздің жапырағына оранып,

Балғын қайың жататын ғой боянып.

Қызыл іңір құшағына кірместен,

Отыз інім кетіп қалды оянып.

Мезгіл кесер мезетімнің кіндігін,

Жарық сәуле шырылдайтын бұл күнім.

Сөнеді- ау кеп тастай суық денемде,

Отыз інім кісінеткен жыр- құлын!..

Көрнекісурет еркін интернет көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар