Тағдыры сахнамен өрілген Рауза Тәжібаева
Театр – адам жанының тереңіне үңіліп, өмірдің сан алуан қырын көрерменге жеткізетін қасиетті өнер ордасы. Оның абыройын асқақтатып, беделін биіктететін де – сахнада ғұмыр кешкен өнер иелері, яғни актерлер. Өзінің бүкіл шығармашылық жолын ұлттық театр өнерінің дамуына арнап, талай кейіпкердің тағдырын көрермен жүрегіне жеткізген сондай тұлғалардың бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Рауза Тәжібаева.
Рауза Тәжібаева – Павлодар өңіріндегі қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан сахна шебері. Ол кәсіби актерлік өнерімен ғана емес, адамгершілік болмысымен, шығармашылыққа деген адалдығымен және кейінгі буынға өнеге боларлық еңбек жолымен де ерекшеленеді.
КСРО халық артисі Ф. Раневскаяның: «Шахмат пен картаны ойнауға болады, ал актер сахнада өмір сүруі керек» деген қанатты сөзі бар. Мен Рауза Тәжібаеваның сахнада өмір сүретін актриса екенін бірден байқадым.
Рауза Тәжібаева 1955 жылы Қостанай облысы Пешков ауданының Батмановка ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге ықылас танытқан ол өмірлік жолын театрмен байланыстырып, кәсіби актерлік білім алуға ұмтылады. 1978 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік факультетін тәмамдаған соң, мәдениет саласындағы жолдамамен Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ театрында еңбек жолын бастайды. Осы кезеңнен бастап оның сахналық шеберлігі қалыптасып, шығармашылық ізденісі тереңдей түседі. Жас актриса үшін театр үлкен мектепке айналды. Әрбір рөл мінезді тануға, адам болмысын түсінуге, кейіпкердің ішкі әлемін ашуға үйретті. Сахнадағы ізденіс пен үздіксіз еңбек оның кәсіби шеберлігін шыңдап, болашақтағы шығармашылық белестеріне жол ашты.

Театр сахнасында Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Ақтоқты, Т. Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» Ләззат, У. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Бьянка, Т. Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын» драмасындағы Феруза және тағы да басқа кесекті бейнелерді сахна алаңында тірілтті. Қарағанды қаласындағы Сәкен театры актриса Рауза Тәжібаева үшін берекелі шаңырақ болып, ол театр репертуарын ұстап тұрған жетекші актрисалардың біріне айналды.
1990 жылы Қарағанды театрында үлкен өзгерістер орын алып жатты. Артистердің бір тобы Целиноградқа (қазіргі Астана), екінші тобы Кереку-Павлодар өңіріне аттанып жатты. Рауза Тәжібаева өзінің өмірлік серігі, талантты актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сейітжан Тәжібаевпен бірге режиссер-педагог, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің ізіне ілесіп, тақыр жерден театр тұрғызуға Павлодарға аттанады. 1990 жылғы 7 желтоқсанда театр алғашқы маусымын Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» шығармасымен ашты. Рауза Тәжібаева осы өнер ордасының іргетасын қалаушылардың қатарында болып, аталмыш туындыда Айман бейнесін кескіндеп, өнер ошағының шығармашылық өміріне белсене араласты. Театрдың қалыптасу жылдарындағы ізденістер мен жетістіктер оның өмірбаянындағы айрықша белеске айналды.
Актриса өнерінің басты ерекшелігі – кейіпкердің жан дүниесін түсініп, оның сезімін көрерменге шынайы жеткізе білуі. Рауза Тәжібаеваның сахналық болмысынан да осы қасиет айқын аңғарылады. Әсіресе, ана бейнесін сомдаудағы шынайылығы мен адам жанының нәзік иірімдерін жеткізе білуі оның өнеріне ерекше сипат береді.
Рауза Тәжібаеваның өнер жолы театр сахнасымен ғана шектелмейді. Ол кино саласында да еңбек етіп, «Қазақфильм» және «Ленфильм» киностудиялары түсірген бірқатар фильмдерге түскен. Театр мен кино өнеріндегі тәжірибесі оның шығармашылық ауқымын кеңейтіп, актерлік мүмкіндіктерін таныта түсті.
2025 жылы актрисаның 70 жылдық мерейтойына орай Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» трагедиясы сахналанды. Бұл туындыда соғыс қасіреті, адам төзімі, ананың қайраты мен өмірге деген сенімі терең суреттеледі. Қойылымның Рауза Тәжібаеваның мерейтойына арналуы – оның театр өнеріндегі орнына, аналық образдарды сомдаудағы шеберлігіне және көп жылғы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі. Шығарманың өзегіндегі Толғанай бейнесі – жеке адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қайғы-қасіреті мен рухани беріктігін танытатын тұлға. Осындай мазмұны терең шығарманың мерейтойлық қойылым ретінде таңдалуы актрисаның шығармашылық болмысымен үндеседі. Өйткені ана тақырыбы – мейірім, құрбандық, төзім және адамдық қасиеттердің мәңгілік мәнін ашатын тақырып. Бұл қойылым өнер иесінің ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесіне тағзым етіп қана қоймай, оның шығармашылық мұрасының кейінгі ұрпақ үшін де маңызды екенін көрсетті.


Рауза Тәжібаеваның ерекше рөлдерінің бірі – С. Балғабаевтың «Бізде ғашық болғанбыз» драмасындағы Зияда. Аталмыш қойылымды сахналаған Ерсайын Дүйсенбиев: «Үкі тағатын актриса екен» деп, Рауза Тәжібаеваның өнеріне жоғары баға береді.
Рауза Тәжібаева ҚР халық әртісі, қазақ актерлік өнерінің символы Нұрмұхан Жантөринмен бір фильмге түсіп жүрген кезде, даңқты актер жас актрисаға қарап: «15 жылда мықты актриса боласың» деп батасын берген еді.
Жетістіктері мен марапаттары:
1996 жыл – Жезқазған қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде О. Сүлейменов пен Б. Мұқаевтың «Заманақыр» спектаклінде Малика рөлін сомдағаны үшін «Ең үздік әйел рөлі» дипломымен марапатталды.
1998 жыл – ұзақ жылғы ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
2007 жыл – Көкшетау қаласында өткен Республикалық фестивальде Э. Де Филиппоның «Филумена Мартурано» спектаклінде Филумена рөлін сомдағаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.
2008 жыл – Ақтау қаласында өткен Республикалық фестивальге Э. Де Филиппоның «Филумена Мартурано» спектаклімен қатысып, I орынға ие болды.
2015 жыл – «Мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін» ТМД төсбелгісімен марапатталды.
2019 жыл – Павлодар облысының әкімі Б. Бакауовтен мәдениет, әдебиет пен өнер саласының дамуына үлес қосқаны үшін сертификат алды.
2022 жыл – «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағына ие болды.
2025 жыл – ТҮРКСОЙ ұйымының түркі әлемінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін «TÜRKSOY» медалімен марапатталды.
2025 жыл – Қазақстан театр қайраткерлері одағы төралқасының «Дара» медалі берілді.
2025 жыл – «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.
Өмірін өнерге арнап келе жатқан актриса театр сахнасында мынадай сан алуан бейнелерді тірілтті: М. Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясында – Айман, Ш. Айтматовтың «Ана – Жер – Анасында» – Толғанай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» – Баян, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақтоқты, Э. Де Филиппоның «Филумена Мартураносында» – Филумена, С. Балғабаевтың «Бізде ғашық болғанбыз» спектаклінде – Зияда, Д. Исабековтің «Әпкесінде» – Қамажай, О. Бөкеевтің «Атау кере» спектаклінде – Нюра, М. Байжиевтің «Тіл табысқандар» қойылымында – Болдуқан, Т. Ахтановтың «Махаббат мұңында» – Ләззат, У. Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Бьянка, Н. Островскийдің «Құтырған ақшасында» – Линда, Ш. Құсайыновтың «Алдар Көсесінде» – Қарашаш, Н. Гогольдің «Үйленуінде» – Фекла, К. Гольдонидің «Екі мырзаның бір қызметшісі» («Слуга двух господ») спектаклінде – Клориче, С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» – Мәдина, Ш. Ыдырысұлының «Ақнұрында» – Ақнұр, Б. Жақыпбектің «Әке тағдырында» – Зухра, М. Әуезовтің «Жас Абайында» – Зере, У. Шекспирдің «Макбетінде» – Леди Макдуф, Б. Мұқай мен О. Сүлейменовтің «Заманақыр» спектаклінде – Малика, С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында» – Маржан, Т. Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табынында» – Файруза, А. Ихсанның «Соңғы мамонтында» – кеңесші, М. Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландымында» – Зере, Ә. Әзиевтің «Есіл аруында» – Ару, М. Байсеркеновтің «Хан кенесінде» – Бопай, М. Әуезовтің «Қарагөзінде» – Қарагөз, С. Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдымында» – Майра, Р. Ештанаевтың «Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай хан» драмасында – күтуші, В. Дельмардың «Баянсыз бағында» – ана, М. Шахановтың «Отырар дастанында» – бастаушы, Қ. Исабековтің «Комбайншыларында» – Ая, С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Фармон бибі.
Актрисалық қызметтен бөлек, Ш. Уәлихановтың «Ақнұр», К. Жұмабековтің «Адасқандар», «Аяз атаның ала таяғы» ертегілерін сахналап, режиссерлік қырын да байқатты.
Рауза Тәжібаева – Павлодардағы қазақ театрының тарихында өзіндік орны бар, шығармашылық жолы бірнеше ұрпақпен сабақтасқан өнер иесі. Оның сахналық тәжірибесі, аналық образдарды сомдаудағы шеберлігі және театрға деген сүйіспеншілігі кейінгі жас әртістерге өнеге болары сөзсіз. Өнерге арналған ғұмыр – халықтың рухани байлығына айналған ғұмыр. Ал сахнада жасалған шынайы бейнелер уақыт өткен сайын өз мәнін жоғалтпай, көрерменнің жадында сақталады. Рауза Тәжібаеваның өнер жолы да осындай ізгі мұратпен сабақтас. Театр шымылдығы ашылған сайын сахнада жаңа тағдырлар дүниеге келеді. Сол тағдырларға жан бітіріп, адам жүрегіне жол табатын актерлердің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Рауза Тәжібаева – өнерге адалдықтың, рухани беріктіктің және ұлттық мәдениетке қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның шығармашылық мұрасы Павлодар театрының тарихымен бірге жасай бермек.
Бахтияр Тұрсын,
театртанушы.
