Үзілмей жеткен ән-аманат
Концерттің ұнаған тұсы – Мұхит мұрасының жай ғана еске алынбай, тірі өнер ретінде сахнада жалғасуы. Әсіресе, Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімовтің бір сахнада қатар өнер көрсетуі дұрыс ойластырылған. Бірі – талай жыл бойы дәстүрдің жүгін арқалаған аға буын, екіншісі – сол асыл мұраны бүгінгі заманға жеткізіп жүрген ізбасар. Екеуінің өнері арқылы әннің ғана емес, тұтас бір мектептің сабақтастығын көресің. «Мұхит мұрагерлері» деген сөздің жауапкершілігі сондай, Мұхиттың әнін орындау – нотаны дұрыс алып, әуенді жеткізу ғана емес, оның заманын, мінезін, мұңын, болмысын сезіну. Кештің жетістігі – көрерменге ән тыңдатып қана қоймай, «Біз қандай асыл мұраның иесіміз, оны келер ұрпаққа кім жеткізеді?» деген ой салуы деуге болатын шығар
Кеше Астана жұртшылығы Қаллеки театрына бет түзеді, Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойы аясында дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов «Мұхит мұрагерлері» атты концерт қойды. Сахна «Серпер», «Жұбанов көктемі» халықаралық фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауында Құрманғазының «Сарыарқасымен» ашылды.


Елге ықылас
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Халиолла Бауыржан Ергенұлы жұртшылыққа алғысын білдірді.
«Әйгілі Қашаған ақын Е;сқали сұпымен тәжікелесіп қалғанда:
«Атамыз Адам пайғамбар,
Жеті сазбен жерге кеп,
Күй шертіпті деседі.
Ол күндегі о да саз,
Бұл күндегі бұ да саз», – дейді.
Демек, дүниеге дем салып, күллі әлемнің тепе-теңдігін ұстап тұрған ән-әуен, музыка десек, қателеспейміз. Астананың дымқыл аспанын, салқын ауасын Батыс Қазақстан облыстық Ғ. Құрманғалиев атындағы академиялық филармонияның ән керуені, ән көші тербеп келеді. Дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, соның ішінде батыс ән өнерінің алтын қазығы Мұхит болса, сол Мұхитқа кіндігімен байланған дара тұлға, ғасыр әншісі Ғарифолла екені даусыз. Сол Ғарифолла есімін иеленген филармония өзінің 60 жылдығы аясындағы мерейтойын атап өту мақсатында сол әннің әулиесі, қасиетті қара шал мәңгі тыныс тапқан, азаттықтың алтын бесігі, мәдениет пен өнердің астанасы Алматыдан ақ бата алып, көштің басын елордаға әкеп тіреді. Қазақ айтады, «қорыққан мен қуанған бірдей» деп, «Алматыда ғана концерт қойсаң болады, Астанада халықты жинау қиын, оның үстіне саяси науқан уағы, жылдың соңында дені сау адам концерт қоймайды», деп ақыл айтқандар болды, бірақ алдыңғы күнгі, кешегі концертімізде ине шаншар орын болмады, халықтың ықыласы шексіз, мен осыны көріп, «кімнің концертіне бару керегін білетін Астананың халқы талғампаз халық екен» деп ой түйдім. 200 адамға жуық өнер көрсететін концертімізге қолдау білдірген облыс әкімі Нариман Төреғалиұлына ел атынан, жұртшылық, ұжым атынан алғыс айтамын. Астанадағы күндерімізге қолдау білдіріп, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаев өзі назарға алды. Зәулім сарай иесі Ербол Жақсыгелдіұлы (Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры Ербол Хабылбеков) «сіздер Ақжайықтан күнде келіп концерт қойып жатқан жоқсыздар» деп осы залды үш күн ақы-пұлсыз ұсынды. Осының бәрі өнерге, мәдениетке қолдау деп түсінемін», – деді ол.

Биыл Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл!
Мұхит әндері – қазақтың ән өнеріндегі тұтас бір мектеп, оның әндеріне кең тыныс, асқақ үн, терең сезім мен өр мінез тән Мұхит әндерін орындау үшін дауыс қуаты ғана емес, әннің табиғатын танитын зерде, сөздің парқын ұғатын талғам, орындаушылық мәдениет қажет. Өйткені Мұхит әндері әншінің дауысын ғана емес, ішкі дүниесін де сынайды. Үш жүзден ән оздырған сал Мұхиттың әнін беріге таратып, насихаттап жүрген «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев Мұхиттың «Үлкен айдай» әнімен бастады.
Мұхиттың салады енді «Айдайына»,
Бақ берген, ер жігіттің, маңдайына.
Жаманға бір сөз айтсаң теріс қарайды,
Жақсының мен жүремін ыңғайына, –
деп әуелете шырқап жібергенде, тыңдаушылар о баста жанына жақын бір әуенін әлде асыл сөзін тапқандай бір серпіліп қалды. Бұдан соң әнші Өтеғалидың әнін, халық әні «Бозжорғаны» салды. Келесі кезекте Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевтің әні «Ақжайықты» «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, бір ай бұрын 132 әнді орындап рекорд жасаған әнші Қайрат Кәкімов орындады. Ол шырқаған «Жайма қоңыр», «Желкілдек» әндері жұртшылық ықыласына бөленді. Оркестрдің сүйемелдеуімен «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің әнін» айтты.


Бұдан кейін Х. Бердіғалиев сырнайдың сүйемелдеуімен Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтың әні «Ақ сәуле», «Іздедім сен» т.б. әндерді орындады. Сонау жетпісінші жылдардағы әнін тыңдап, көңілінде жастығымен қауышқандай болған жұртшылық әнге қосылып отырды. «Айлы жаздың кешіндегі» ұмытылмас кездесулер мен сүйіспеншілік лирикасы «Маржан қыз» шынымен әдемі ән екені даусыз.
Өнерпаздар кезек алмасып, бірінен соң бірі Мұхиттың «Паң көйлек», «Сүйген жар» т.б. әндері төгіліп жатты. Батыстың төкпе күй дәстүрімен астарласқан кең тынысты әндер залды толтырып тұрды. Осы жерде жасы 75-ке қарайласа да даусы, орындау мәнері бабында тұрған әнші жайлы аз-кем тоқтала кетсек. Әншінің өнерге деген қызығушылығы 5-6 жасында оянған. Он екі жасында атасы радио алып бергеннен бастап, қазақ әншілерін тыңдап, өнерге, ұлттық мәдениетке, оның ішінде дәстүрлі әнге қызыққан екен. Жастайынан зердесі мықты өнерпаз көп әншіні тыңдап, көп әнді жаттаған, бірақ соның ішінде Ғарифолла Құрманғалиевты көп тыңдап, 1969 жылы өнер училищесіне вокал тобына оқуға түскен. Вокалдың аясы басқарақ, бірақ әнші қазақ әншілерінің күйтабақтарын іздеп тауып, басына жастанып жатып тыңдап, ауыл сахнасында ұзақ жыл ән шырқап, мәдениетке қызмет ете бастайды. 1991 жылдары облыста дәстүрлі ән бөлімі ашылғанда шақырту алып, сол жерде 18 жыл үздіксіз ұстаздық еткен, қаншама шәкірт тәрбиелеген. Осы концертте сүйген жардан айырылу қайғысы сорғалаған «Құсни-Қорлан» мен «Әсем Ақжайық» орындалғанда, зал бөлек бір күйге бөленіп тұрды. Әннің ләззатын сезінген күй.

Концерт соңында бір ай бұрын дәстүрлі ән өнерінде рекорд жаңартқан қос дүлдүл Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» орындағанда көрермен рухтанып, қиқулап, алақандары ауырғанша қол соғып құрмет білдірді. Қалың жұртшылықтың ықыласы бөлек болды. Міне, бұл өнердің құдіреті! Тыңдаған жанға әсер еткені. Мұхиттан бастау алған әншілік дәстүрдің ғасырлар қойнауынан бүгінге жетіп, Хатимолла мен Қайраттай өнерпаздардың орындауында қайта түлеп шығуы – өнердің өлмейтіндігінің айғағы. Бұл кеште ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен аманаттың үні басым естілді. Өйткені мұрагер болу – әнді жатқа айту емес, оның рухын жоғалтпай, жүрекке жеткізу.
Фотосуреттер филармония жеке қорынан алынды
