Гүлім Көпбайқызы, кинотанушы: Жоғалған уақыттың жоқтауы

Гүлім Көпбайқызы, кинотанушы: Жоғалған уақыттың жоқтауы - adebiportal.kz

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі 1990-жылдардың басындағы ауыл өмірі мен кеңестік жүйе күйрегеннен кейінгі қазақ қоғамының тағдырын шынайы бейнелейтін көркем туынды. Туынды адал еңбек иесі Әбілдің және оның отбасының өмірі арқылы дәуір алмасуы, әділетсіздік, адамдық қадір мен ұлттық болмыс мәселелерін терең қозғайды. Фильмнің баяндау тілі, ұзақ пландарға құрылған режиссерлік шешімі және актерлік ойыны халықаралық кино сыншылары тарапынан жоғары бағаланды.

Фильм әлемдік тұсаукесерін Пусан халықаралық кинофестивалінде өткізіп, кейін Азия мен Еуропаның көптеген беделді кинофестивальдерінде көрсетілді. «Әбіл» Франция, Бангладеш, Қырғызстан, Вьетнам және өзге елдердегі халықаралық фестивальдерде бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, 10-нан астам халықаралық жүлде иеленді. Атап айтқанда, Франциядағы Univerciné фестивалінде Қазылар алқасының бас жүлдесі мен Көрермендер жүлдесін, Дакка халықаралық кинофестивалінде «Үздік актер» және «Үздік операторлық жұмыс» марапаттарын жеңіп алды.  Қазақ қоғамының зор ықыласына бөленген фильм туралы белгілі кинотанушы ғалым Гүлім Көпбайқызымен пікірлескен едік: 

Соңғы жылдары қазақ киносының өндірістік қарқыны айтарлықтай өсті. Бұл, сөзсіз, ұлттық киноөндірістің дамып келе жатқанын аңғартатын жағымды құбылыс. Алайда санның артуы – сапаның тұрақты көрсеткіші бола бермейді. Коммерциялық табысқа бағытталған, көрермен сұранысына бейімделген туындылардың арасында киноны ең алдымен «өнер» ретінде қабылдайтын, авторлық ұстанымы айқын, көрерменмен интеллектуалдық диалог құруға ұмтылатын фильмдердің сирек кездесетіні жасырын емес. Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмінен кейін көрерменді ұзақ уақыт үнсіз ойға қалдыратын, экраннан кеткен соң да санадан өшпейтін туындыны күткеніміз рас. Жақында отандық үлкен экранға жол тартқан  режиссер Елзат Ескендірдің алғашқы толықметрлі «Әбіл» фильмін көріп, көңіл көншіді. Бірнеше халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, кәсіби жоғары бағаға ие болған туынды енді қазақ көрерменінің де талқысына ұсынылуда. Халықаралық деңгейде мойындалған фильмнің ел ішіндегі қабылдануы қандай болады деген қызығушылықтың өзі мені кинотеатрға жетелеуге жеткілікті себеп болды.

Бір қарағанда, фильмнің көтерген тақырыбы жаңа емес сияқты көрінуі мүмкін. Әлі де сол тоқсаныншы жылдар. Алайда режиссер бұл кезеңді тарихи фон ретінде ғана алмайды. Ол бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір ұрпақтың рухани күйреуі мен өмірлік трагедиясын бейнелейді. Ғұмырын қой бағумен өткізген, кеңестік идеология қалыптастырған «жүз қойдан жүз отыз қозы алу» сияқты ұрандардың жетегінде өмір сүрген қарапайым қазақтың тағдыры тәуелсіздікпен бірге күрт өзгерген қоғамдық жүйенің құрбанына айналады. Бір кезде мемлекет жүктеген міндеттің соңынан адал ерген адамның бар арманы әп-сәтте мәнін жоғалтады. Ал оның орнына еркіндік емес, белгісіздік, үрей және күнкөріс қамы келеді. Фильм осы тарихи сын сәтін саяси декларациялар арқылы емес, бір адамның үнсіз күйзелісі арқылы көрсетуге тырысқан. Бәлкім, фильмнің басты кейіпкері Әбілдің тағдыры бүгінгі Z немесе Alpha буыны үшін бірден түсінікті болмауы мүмкін. Өйткені олар өмірге мүлде басқа қоғамдық жағдайда келді. Ал тоқсаныншы жылдардың экономикалық күйзелісін бала болса да көріп үлгерген біздер (миллениал ұрпақ) үшін Әбілдің болмысы бөтен емес. Оның үнсіздігі де, шарасыздығы да, намысы да таныс. Фильмді көрген сайын Әбіл жалғыз кейіпкер болып қалмайды. Оның бейнесінен өз әкеңді, атаңды, тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығын үнсіз көтерген мыңдаған қазақтың болмысын көресің. Сондықтан «Әбілді» тоқсаныншы жылдар туралы фильм деп қана қабылдау жеткіліксіз. Бұл – тарихи жад туралы фильм. Ұмыт бола бастаған ұжымдық тәжірибе туралы фильм. Ең бастысы, бүгінгі ұрпақтың кешегі буын қандай әлеуметтік және рухани күйзелістерді бастан өткергенін үнсіз, бірақ өте әсерлі тілмен еске салатын туынды.

Елзат Ескендірдің режиссерлік шешіміндегі ең басты ерекшелік – оқиғаны әсірелеп, драмалық эффект жасауға ұмтылмауында. Керісінше, фильмнің көркемдік табиғаты деректілікке барынша жақындатылған. Режиссер көрерменді дайын эмоцияға жетелемейді. Ол камераны сол дәуірдің үнсіз куәгеріне айналдырып, тоқсаныншы жылдардың шындығын табиғи қалпында бақылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы фильм көркем шығарма мен деректі кино эстетикасының аралығындағы нәзік тепе-теңдікті сақтайды. Фильмнің алғашқы кадрларынан-ақ режиссер көрерменді кейіпкерлер әлеміне ешқандай артық түсіндірмесіз енгізеді. Мұнда экспозиция оқиғаны баяндау арқылы емес, кеңістік, тұрмыс, адамдардың жүріс-тұрысы арқылы құрылады. Сондықтан көрермен оқиғаны сырттай бақылаушы емес, сол қоғамның бір бөлшегіндей қабылдай бастайды. 

«Әбілдің» бір ерекшелігі – кейіпкерлердің барлығы дерлік белгілі бір қоғамдық құбылыстың символдық бейнесіне айналуы. Әбіл (Ерлан Төлеутай) – кеңестік идеологияға адал сеніп, сол жүйе қалыптастырған мұраттарға бар ғұмырын арнаған адамның жиынтық бейнесі. Ол өзгенің алдауынан бұрын, өзі сенген арманның құрбанына айналған кейіпкер. Әбілдің жары (Нұржан Бексұлтанова) – сол кезеңдегі қазақ әйелінің үнсіз тағдырының көрінісі. Ол қарсылық білдіретін кейіпкер емес, отбасының бүтіндігін сақтап қалуға тырысқан, тағдырдың ауыр салмағын жолдасымен бірге көтерген жан. Тәкеннің бейнесі (Әлихан Лепесбаев) арқылы режиссер тоқсаныншы жылдардағы ауыл жастарының қалаға ағылған кездегі әлеуметтік дағдарысын көрсетеді. Үлкен өмірден үміт күтіп келген жас жігіт қылмыстық орта мен рэкеттің шырмауына түскен. Бұл – жеке адамның қателігі емес, қоғамның өзгерісімен бірге пайда болған жаңа әлеуметтік шындықтың салдары еді. Ал Болат (Ұлан Нүсіпәлі) пен оның төңірегіндегілер (Мейрам Қайсанов, Ернар Тіленшиев, т.б.) өтпелі кезеңнің мүмкіндігін жеке басының пайдасына жарата білген адамдардың жиынтық бейнесі. Олар арқылы режиссер қоғамдағы жаңа билік иелерінің қалыптасуын, адал еңбек емес, ықпал мен күш үстемдік құрған уақыттың сипатын көрсетеді. Әрине, әлі де сол Болаттардың ізін басқан ұрпақтары арамызда толып жүр. Фильмдегі ең жұмбақ әрі маңызды бейненің бірі – түрмеден оралған жас жігіт. Оның аз сөйлеуі, тұйық болмысы мен қоғамнан шет қалуы кездейсоқ емес. Бұл кейіпкер Желтоқсан оқиғасынан кейін жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, тағдыры өзгерген тұтас бір буынның көркемдік символы ретінде қабылданады. Оның үнсіздігі – жеке адамның мінезі емес, сол кезеңде үнсіз қалуға мәжбүр болған ұрпақтың үнсіздігі.  Ал фильмдегі Әбілдің немерелері (Інжу Әбдібек, Нұртас Бақыт, Мирас Бүркітжан) – бүгінгі біздер. Олар – ата-анасының қабағына қарап өскен, үлкеннің сөзін аттамайтын, өз арманы мен қалауын көбіне ішіне бүгіп үйренген буын. Бір жағынан, олар өткеннің ауыр жүгін өз көзімен көрмесе де, оның салдарын отбасылық жады арқылы бойына сіңіріп өсті. Екінші жағынан, тәуелсіз Қазақстанмен бірге қалыптасып, жаңа қоғамдық қатынастарға, жаңа құндылықтарға және өзгермелі заманға бейімделген ұрпақтың өкілдері. Режиссер дәл осы кейіпкерлер арқылы өткен мен бүгіннің арасындағы рухани көпірді көрсетеді. Әбілдің өмірі – өткеннің қасіреті болса, оның немерелері – сол қасіреттің үнсіз мұрагерлері. Олар аталары бастан өткерген күйзелісті қайталамайды, бірақ оның жаңғырығын жүректерінде алып жүреді. 

Фильмдегі ең әсерлі әрі драматургиялық тұрғыдан ұтымды шешілген эпизодтардың бірі – тұрғындардың дастархан басына жиналған көрінісі. Сырттай қарағанда бұл – қарапайым ауыл отырысы ғана. Алайда режиссер осы бір шағын кеңістіктің өзінде тұтас дәуірдің қоғамдық-психологиялық ахуалын сыйғыза алған. Дастархан басындағы әр кейіпкер сол кезеңдегі қоғамның көкейкесті мәселелерін тілге тиек етеді. Бірі ертеңгі күннің қамын айтса, енді бірі өзгерген заманның ауыртпалығын сөз етеді. Ал осы көріністегі ең маңызды драмалық шешім – Әбілдің үнсіздігі. Басқалар сөйлеп жатқанда, ол ешкіммен таласқа түспейді, ештеңені дәлелдеуге тырыспайды. Үнсіз ғана алдындағы ащы судан ұрттап отырады. Бұл – ішімдікке әуестік емес, өмір алдындағы дәрменсіздіктің көрінісі іспетті. Сол үнсіздіктің астарында жылдар бойы маңдай термен атқарған еңбегінің бір күнде құнсызданып қалғанына деген күйініш, өзі сеніп келген өмірлік қағидалардың күйреуіне деген қасірет жатыр. Осы эпизодта режиссер артық пафосқа да, әсіре эмоцияға да жүгінбейді. Керісінше, кейіпкердің ішкі драмасын сөз арқылы емес, үнсіздік, көзқарас пен қарапайым тұрмыстық әрекеттер арқылы жеткізген. Сондықтан Әбілдің сол сәттегі жан күйзелісі айтылған сөздерден емес, айтылмай қалған ойлардан сезіледі. Бұл – фильмнің көркемдік қуатын айқындайтын ең сәтті режиссерлік шешімдердің бірі. Дастархан – қазақ киносында көбіне бірлік пен берекенің символы ретінде көрінеді. Ал «Әбілде» сол дастархан адамдарды жақындастырмайды, керісінше, олардың ішкі жалғыздығын, әрқайсысының өз күйігімен қалғанын көрсетеді. 

Фильмнің көркемдік қуаты ең алдымен оның детальдер жүйесінен айқын сезіледі. «Әбілде» кадр ішіндегі ешбір зат кездейсоқ орналаспаған. Қараңғылықты жарып тұрған білтешам – үміттің әлсіз де болса сөнбеген сәулесі. Бірсарынды табиғи дыбыстардың арасынан анда-санда естілетін радиоқабылдағыш – сыртқы әлеммен жалғыз байланыс арнасы, өзгеріп жатқан заманның алыстан жеткен жаңғырығы іспетті. Қазан-ошақ фильмде отбасы жылуының, ал мылтық – жай ғана қару емес, тұрақсыз кезеңдегі қорғаныштың, үрей мен сенімсіздіктің символы. Қабырғадағы өңі кеткен кілемше болса, уақыттың өтуін, ескі дүниенің тозуын, бірақ сонымен бірге сол үйдің тұрмысын сақтап тұрған үнсіз куәгер іспетті әсер қалдырады. Осы тұрғыдан алғанда қоюшы-суретшілер Сергей Копылов пен Салауат Қабдолдановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар фильмнің көркемдік әлемін тарихи дәлдікпен ғана емес, символдық тереңдікпен де байыта алған. Ал бұл детальдердің экранда әсерлі көрінуіне оператор Иоланта Дылевсканың жұмысы зор үлес қосады. Оның камерасы заттарды жай тіркеп қоймай, олардың мағынасын ашып, кейіпкерлер тағдырымен байланыстыра көрсетеді. Кадр композициясы, жарық пен көлеңкенің арақатынасы, табиғи кеңістікті беру тәсілі фильмнің деректілікке жақын эстетикасын күшейтеді.

Сондай-ақ «Әбілдің» дыбыстық шешімі де ерекше назар аудартады. Қазіргі коммерциялық фильмдерде жиі кездесетін эмоцияны күштеп таңатын, кадрдан кадрға үздіксіз естілетін музыкалық фон бұл туындыда жоқтың қасы. Оның орнына режиссер табиғи дыбыстарға – желдің гуіліне, малдың дауысына, тұрмыстық әрекеттердің үніне, радиодан жеткен хабарға орын береді. Осы шынайы дыбыстық қатар көрерменді фильм әлеміне тереңірек енгізіп, оқиғаның жасандылығын емес, өмірдің өз тынысын сезіндіреді. Әр кадрдағы визуалдық шешім де фильм идеясына толықтай қызмет етеді. Суық әрі сұр түстік палитра жай ғана эстетикалық таңдау емес, кезеңнің рухани ахуалын бейнелейтін көркемдік құралға айналған.

Фильмнің соңғы эпизоды – туындының эмоциялық әрі философиялық түйіні болды. Қайғының ғана емес, тағдырмен амалсыз келісудің, адамды сөзден айырған шарасыздықтың құрбаны болып, ұлынан айырылған Әбілдің отбасы көлік ішінде үнсіз келеді. Осы сәтте режиссер көрермен назарын толассыз жауын астында мүлгіп тұрған жалғыз есек пен оншақты қойға аударады. Бір қарағанда қарапайым көрініс болып көрінетін бұл кадр фильмнің ең қуатты көркемдік шешіміне айналады. Жаңбыр астында қозғалмай тұрған мал – кеңестік жүйеде бар өмірін мал шаруашылығына арнаған қазақтың тағдырының көркем метафорасы. Бұл – маңдай термен жиналған еңбектің, сеніп келген өмір салтының, болашаққа деген үміттің күйреуін бейнелейтін кадр. Табиғаттың үнсіздігі мен кейіпкерлердің үнсіздігі бір-бірімен астасып, тұтас бір дәуірдің аяқталғанын сезіндіреді. Осы бір бірнеше секундтық эпизодта Елзат Ескендір ұзақ монологтармен немесе пафосты сөздермен жеткізуге болатын ойды бір ғана визуалды бейне арқылы көрсеткені өте ұтымды әрі бағалы. Сол себепті де фильмнің финалын жеке бір отбасының трагедиясы ретінде емес, тарихи кезеңнің қазақ қоғамына қалдырған ауыр жарасының көркем қорытындысы ретінде қабылдадық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan