Әлібек Байбол. Айқай...
Рациядан бір түсініксіз дыбыс естіледі. Бұл ‒ үрейдің және жалғыздықтың симфониясы еді...
Алыстан бір түсініксіз музыка естіледі. Мұңды музыка. Жалғыздық симфониясы. Музыка барған сайын бәсеңдеуде. Сахнаға жарық түседі. Ортада еркек отыр. Шамасы полиция қызметкері... Ол алысқа қарап, ойланып отыр...
Кезекші
*4-68... 4-68...
Патруль
Иә!
Кезекші
Боран? Боран?
Патруль
Тыңдап тұрмын!
Рациядан құлаққа жағымсыз дыбыс естіледі.
Ау? Ау? Қалай естіліп тұр?
Кезекші
4-68? 4-68?
Патруль
Алло? Тфуй! Тыңдап тұрмын деймін!
Кезекші
4-68?
Патруль
Иә...
Кезекші
Қай... (ғж-ғж еткен дыбыс шығады) Қай жерде...
Патруль
Қай жердесің?
Түсінбедім?
Не деп жатыр, мынау?
Кезекші
Сен «4-68»-сің бе?
Патруль
Дәл өзі! Ал, сен кімсің?
Кезекші
Пәлсапалық сұрақ екен! Мен кіммін? Мен... кіммін, өзі? Расында да... тамаша сұрақ! Таңғалып отырмын!
Патруль
Неге?
Кезекші
Сұраққа да! Қарапайым, сонымен қатар өте күрделі... Мен... кіммін? Мен... кіммін? Иә, мен кіммін?
Тыныштық орнайды
Реинкарнация туралы естіп пе ең?
Патруль
Ол не, тағы?
Кезекші
Ой сен де!
Мет... (ғж-ғж еткен дыбыс шығады) Мет... Мет... (ғж-ғж еткен дыбыс шығады) Мет...
Патруль
Алдында электрик көршім ду қызу еді, түнімен маза бермеген соң, әбден сабағам... Сол мені қарғады ғой деймін, әкеңдікі...
Ғж-ғж еткен дыбыс шығады.
Ау? Ау? Естілмей тұр!
Кезекші
Мет... Мет... (ғж-ғж еткен дыбыс шығады) Метемпсихоз...
Патруль
Не ол? Қазақша айтшы, қазақша...
Кезекші
Қазақша айтшы деймісің? Ым-м-м-м... Түлеу, жаңа түрге ену...
Патруль
Ненің түлеуі?
Кезекші
Жанның да!
Патруль
Содан?
Кезекші
Содан...
Тыныштық орнайды.
Сен өткен өміріңде сиыр немесе есек болған жоқсың ба?
Патруль
Жоға да, Құдай сақтасын! Бірақ... Қайдан білем?.. Ондайға сене бермеймін. Әстағфируллаһ!
Кезекші
«Қазақша айтшы...» дейді, тағы. Астапыралла десеңші, одан да!
Патруль
Иә, солай, солай! Мәнін түсіндің ғой, қысқасы. Бұл әңгіме неден басталып кетті, өзі?
Кезекші
Ұмытып қалдым...
Патруль
Мақұл. Маңызды емес!
Тыныштық орнайды.
Негізі... екеуміз... әріп-тес-піз. Әріптес!
Патруль
Жақсы екен!..
Кезекші
Не істеп жатырсың?
Патруль
Ұрылар тонап жатыр...
Кезекші
Қалай сонда?
Патруль
Ұрылар тонап жатыр... Сол көрініске қызыға да, қызғана қарап... сол! Ұрылар бәрін тонап жатыр! Жайынша жалмап жатыр... жалмап!
Кезекші
Ей!.. Ей!.. Ей!..
Патруль
Айта бер!
Кезекші
Бір маңызды шаруа бар.
Тынышқтық орнайды.
4-68?
Патруль
Тыңдап тұрмын. Иә. Бұл ‒ мен... мін.
Кезекші
Қазір... дереу қаланың орталығына бар.
Патруль
О, жақта не бар?
Кезекші
Естіп тұрмысың, мені?
Патруль
Иә, иә, иә! Неге бір сөзіңді он рет қайталайсың? Құлағым керең емес, айта берші... және сұрағыма нақты жауап бер. «О, жақта не бар?» дедім.
Кезекші
Ей... давай... басты қатырма. Айттым, бітті, талқыланбайды!
Тыныштық орнайды.
Сен ‒ бағыныштысың, ал мен ‒ бағындырушымын! Ха-ха-ха!
Қарқылдап күледі.
Мен ‒ Шыңғыс қағанмын... мен ‒ Әмір Темірмін... мен ‒ Ескендірмін... Ха-ха-ха!
Қарқылдап күледі.
Рациядан ерекше бір дыбыс шығады.
Ей! 4-68!
Патруль
Иә! Құлағым сенде...
Кезекші
Тістенбе!
Қаланың орталығына барасың! Ол жақта... ол жақта... көтеріліс боп жатыр! Отқа оранып жатыр! Тозақ отына! Арсыздық отына! Ха-ха-ха!
Қарқылдап күледі.
Тәртіпсіздік... Тәртіпсіздік! Тәртіп бұзылды... Тәртіп бұзылды! Соны басу керек... піз! Күшпен... сезіммен... сеніммен... үреймен... аяқпен таптап... қолмен жаншып... дегендей!
Патруль
Күшпен және сезіммен? Мүлде үйлеспейтін нәрселер...
Кезекші
Жоқ... сезіммен! Дұрыс, дұрыс, сезіммен, сезіммен... басайықшы!
Патруль
Оқиға қаланың орталығында боп жатыр ғой! Дұрыс па?
Кезекші
Дұрыс!
Тыныштық орнайды.
Патруль
Мен сол жаққа баруым керек, иә?
Кезекші
Иә.
Патруль
Бойды бір түсініксіз үрей биледі. Әуелі... аяғым дірілдеді... Сонан соң сол қолым... Көк желкем тартып... Арқам құрысып-тырысып...
Кезекші
4-68? 4-68?
Патруль
Ау?
Кезекші
«Ақ сиырыңды сау...». Ха-ха-ха! Қалжың! Саспа! Егер алда-жалда... жағдай өзгеріп жатса... өзгеріп жатса... қашамыз, әкесінің. Шын айтсам шаршадым... бұ жұмыстан. Жағымпаз бастықтардан... Өсекші қатындардан... Мейірімсіз... тасжүрек адамдардан... Мені естіп тұрсың ба?
Патруль
Иә, иә! Қоңыр даусыңда бір сиқыр бар.
Кезекші
Рас па?
Патруль
Рас, рас!
Кезекші
Қандай?
Патруль
Білмеймін. Түсіндіре алмаймын! Жалғастыра бер, жалғастыра бер!
Кезекші
Не істеп жатырсың?
Патруль
Ештеңе.
Кезекші
Жағармайың жете ме?
Патруль
Иә.
Кезекші
Оқ ше?
Патруль
Қазір көрейін.
Тыныштық орнайды.
Жетеді екен.
Кезекші
Әп, бәрекелді!
Тыныштық орнайды.
Формаң таза ма?
Патруль
Жоқ. Кір... Кейбір жері қан...
Кезекші
Не істеп жатырсың?
Патруль
Ойланып, сол.
Кезекші
Не туралы?
Тыныштық орнайды..
4-68? 4-68?
Патруль
Иә, иә!
Кезекші
Мен әлі тірімін. Ұмытпа, бауырым!
Патруль
Тірімін! Тірімін! Недеген терең мағынаға ие Сөз! Тірімін! Тірімін!
Тыныштық орнайды.
Кезекші
Күні-түні осында отырам. Ішім пысады. Құлазимын. Жалығам. Музыка тыңдаймын. Саған көп нәрсе айтқым келеді. Мені тыңдауға дайынсың ба?
Патруль
Әрине!
Кезекші
Мен ‒ жалғызбын! Жалғызбын! Жалғыздықтан қорқам!
Патруль
Жалғыздықтан қорықпа, Жалғыздықпен сырлас!
Кезекші
Сен кімсің?
Патруль
Мен бе? Мен... адаммын... мен... адаммын...
Айғайлайды.
Мен... адам-мын!
Кезекші
Не дейміз? Құтты болсын, құтты болсын! Қызық екен! «Адаммын...».
Патруль
Мен ‒ өмір қызығын талақ еткен адаммын. Біреуге көмектескен күні жақсы ұйықтаймын. Негізі... ұйықтағанды ұнатпаймын. «Ұйқы ‒ арсыз...». «Ұйқы ‒ арсыз...».
Тыныштық орнайды..
Кезекші
(Қайталап) «Ұйқы ‒ арсыз...».
Патруль
Бір нәрсе сұрайыншы!
Кезекші
Әрине!
Патруль
Неге сөзіңді қайталай бересің?
Кезекші
Әп, бәлем! Соны байқап қойдың ба?
Патруль
Балаға да аян дүние ғой.
Кезекші
Демек, сен... баладан да ақылды боп тұрсың ғой, иә?
Патруль
Солай шығар.
Кезекші
Қалжың, қалжың!
Патруль
Қалжыңға да жоқ екенсің ғой, сен байғұс!
Кезекші
Ау?
Патруль
Ештеңе, ештеңе!
Тыныштық орнайды.
Ел ішіндегі ереуіл не болды?
Кезекші
Басылды... ғой... деймін... Басты!
Барып тексере салшы...
Патруль
Мақұл! Бірақ, дәл қазір емес.
Кезекші
Неге?
Патруль
Қолым бос емес.
Тыныштық орнайды.
Кезекші
Не істеп жатырсың?
Патруль
Ойланып отырмын!
Кезекші
Қайдасың, қазір?
Патруль
Есік жақта...
Кезекші
Есік? Есік? Есік?
Патруль
Алматы маңындағы Есік қалашығы!..
Кезекші
Алтын адам табылған жер ме еді?
Тыныштық орнайды.
Алтын адам табы...
Патруль
Иә, иә!
Кезекші
Онда не бар-ей?
Патруль
Тау... тас... өзен... ағаш... таза ауа... таза адамдар! Таза ой...
Тыныштық орнайды.
Гүлдер... сары... қызыл... ақ...
Кезекші
Сары, қызыл, ақ... Мен де сол жаққа барайыншы, 4-68. А-а-а?
Патруль
Жұмыстан шыға аласың ба?
Тыныштық орнайды..
Кезекші
Білмеймін. О-о-о жағы қиындау, енді...
Тыныштық орнайды..
Патруль
Түсінем.
Кезекші
Шын айтып тұрмысың?
Тыныштық орнайды..
Осы күнге шейін «түсінем» деген сөз соншалықты жылы... соншалықты жаныма жақын естіледі деп ойламаппын да.
Патруль
Сен қобалжып кеттің ғой.
Кезекші
Иә, иә... Маған қатты қуануға, қатты ренжуге болмайды.
Тыныштық орнайды.
Жүрегім ауырады.
Тыныштық орнайды.
4-68? 4-68?
Патруль
Ау? Ау? Кешірші, ойланып кетіппін.
Кезекші
Қала орталығындағы көтерілістің қарқыны қайтпаған секілді. Сол жаққа баршы, өтініш.
Патруль
Қарбалас тіршіліктен шаршап кеттім... Кеше түс көрдім. Ел аян деп жатады ғой. Арғы атам бір нәрсе деп жатыр. Басында ‒ дулыға, қолында ‒ қылыш, астында ‒ арғымақ, үстінде ‒ сауыт. Дүлдүлдің тұяғы жерді дүрсілдетіп жатыр. Маған налып тұр. Не дегені есімде қалмапты. Бірақ, мен... ондай нәрсеге сенбеймін ғой.
Тыныштық орнайды.
Табиғатты сағындым. Кеңістікті сағындым. Мына... қалай айтсам екен... кеуде тұсымда түсініксіз бір процесс жүріп жатыр. Қызық, енді. Жүрегіме ме, әлде жаныма ма, сауал толы санама ма, бір нұр құйылып жатқандай... нұр.
Кезекші
Нұр? Қызық!
Патруль
Иә, нұр.
Өлі тыныштық
Кезекші
Сонда... сен...
Тыныштық орнайды.
Қаланың орталығына барғың жоқ қой, иә?
Патруль
Біреу үшін шешім қабылдама. Ешқашан. Өйткені, күнәға батасың.
Тыныштық орнайды..
Кезекші
Күнәға дейді? Күнәға?
Патруль
Иә!
Кезекші
Күнәға! Ха-ха-ха-ха!
Қарқылдап күледі.
Тыныштық орнайды.
Сен бар ғой. Сен бар ғой... өзіңді адаммын деп жүрсің ғой. Сен бар ғой... сен... шошқасың. Айуансың. Білдің бе? Ей... сен бар ғой... өзіңді кіммін деп жүрсің, а? Ей...
Патруль
Саған ашулануға болмайды...
Кезекші
Сені ме, сені... Сен... мен сені бар ғой... ей, бір звонок қой, бір звонок. Құртып жіберем...
Патруль
Тағы да қайталап айтам. Саған ашулануға бол-май-ды! Айуан болсам, айуан да шығармын. Алайда, сені аяймын. Айғайлай бермей өзіңді күтші, құрсын. «Жаман адам ‒ айғайшыл!». Мен сені жаман адамға теңеп тұрғам жоқ. Мына сөз санамда сап ете қалды! Қайдан келгені... түсініксіз! Бірақ, сені құрметтеймін, арам ойдан адамын! Шын айтам!..
Кезекші
Содан? Бұйрыққа бағынбайсың ба?
Патруль
Ол жаққа басқа біреуді жіберші.
Тыныштық орнайды.
Оларға оқ атқым келмейді. Рас! Қинамашы, мені. Өз-өзіме қарсы шыға алмаймын. Өз арыма... өз сезіміме... өз сеніміме... өз болашағыма...
Кезекші
Кімдерге?
Патруль
Оларға! Оларға оқ атқым келмейді. Түсінші! Аяймын. Біреудің әкесі, біреудің інісі, біреудің... біреудің баласы...
Кезекші
К...нің астында көлігің бар емес пе?! Қырсықпашы! Жағармайың бар. Несіне қиналасың? Оғың да жетерлік!
Патруль
Қырсығып тұрғам жоқ!
Кезекші
Айғайлап.
Қырсықпа дедім, саған!
Патруль
Саған қобалжуға болмайды!
Тыныштық орнайды.
Түсінші, біреудің қанын арқалағым келмейді.
Кезекші
4-68?
Патруль
Иә!
Кезекші
Әй, сен де айтқаныңнан қайтпайтын бір ит екенсің!
Патруль
Осы күнге шейін Табиғатпен тілдеспей қалай өмір сүргем. Ойлап отырсам жарты ғұмырым босқа өтіпті. Тазалықтың не екенін енді ұғындым. Енді ғана.
Кезекші
Өкініш өрті өзегіңді өртеп бара ма?
Патруль
Жанып барам деп айта алмас ем. Себебі, дәл осы бір ой өмірімнің соңында келген жоқ, қайта. Шүкір! Соған қуанам. Әлі жаспыз. Өмір ‒ алда!
Тыныштық орнайды..
Кезекші
Қаншадасың?
Патруль
30-да.
Кезекші
Е-е-е-е... жалындаған жастық шақ қой, бәрін айтқызып тұр. Мен болсам... елуді еңсердім... Хош! Таңертең осында кеп, жорналға қол қойып кет. Жарай ма? 4-68? 4-68? Қайдасың-ей? Қай-да-сың?
Патруль
Тыңдап тұрмын!
Кезекші
Жалғыздықтан қатты қорқам!
Патруль
Рациядан түсініксіз дыбыс шығады
Мен ‒ адал адаммын! Қасыңда болам!
Кезекші
Онлайн болса да ма?
Патруль
Онлайн болса да!
Кезекші
Олар сені жарға жығады. Сатып кетеді. Сен маған ғана сене аласың. Имандай шыным. Мен сырды сыртқа шашпаймын. Ешкімге сенбе. Ешкімге.
Тыныштық орнайды..
Патруль
Жарайды, жарайды. Қобалжыма. Сабыр сақта. Саған уайымдауға болмайды.
Тыныштық орнайды.
Сен мені көріп пе ең, негізі?
Кезекші
Жоқ. Таңертең осында кеп, бір-бірімізді көргенде: «Ассалаумағалейкүм!» – деп тұрып, адам ұқсап амандасайықшы.
Тыныштық орнайды.
Бәрі ‒ өтірікші, бәрі ‒ суайт... Өмірімде көп сатқындық көрдім. Шын дос тұтқандар сатып кетті ғой. Ал, мен адал болдым. Бірақ, соны бағалаған біреу болсашы... Сондықтан, ешкімге сенбе!
Өлі тыныштық.
Адаммен шын жүрекпен амандасу ‒ бала кезгі арманым. Сенемісің?
Патруль
Сенбей қайтейін! Сенем ғой. Бәріне сенем. Қазір сенгіш боп кеткенбіз.
Кезекші
Сенгіш және... секемшіл деп қойсаңшы!
Патруль
Секем жағын білмеймін, бірақ сенгішпіз! Бейтанысқа да, танысқа да, байға да, кедейге де, мықтыға да, әлсізге де, ауруға да, сауға да, бәріне-бәріне сене береміз
Кезекші
Қой, сенбе!
Не істеп жатырсың?
Патруль
Көк аспанға қарап тұрмын. Бір қызығы мойным талған жоқ. Адам бір нәрсені өз еркімен істесе... беріле істесе ешқашанда шаршамайды ғой деймін, осы...
Кезекші
Ал, мен сорлыда Көк аспанға көз тігетін де мүмкіндік жоқ қой. Төрт қабырға. Темір үстел... темір орындық... темір сейф... темір есік... гүлдің өзі темірден жасалған... Компьютер. Уай-фай. Интернет. Планшет. Неон. Айфон... Мен осы... жынданып кететін шығармын. Әлде жұмыс ауыстырсам ба екен? А?
Тыныштық орнайды.
Еу? Еу? 4-68?
Патруль
Ау?
Кезекші
Аңыраймай рацияңды жаныңа жақын ұсташы-ей!
Патруль
«Жаныңа жақын»?
Кезекші
Иә!
Патруль
Керемет естіледі екен. «Жаныңа жақын», «жаныңа жақын».
Кезекші
Айтпа. Бір нәзіктік бар, иә?
Тыныштық орнайды.
4-68, осы жерге таңертең келіп, жорналға қол қоюды ұмытпа. 4-68? 4-68? Қайдасың? Қайдасың, 4-68? 4-68? 4-68? Ей, қайдасың? Көмектесші, маған. Құдай үшін. Қайда жоғалып кеттің? Ей, адам!..
Өлі тыныштық.
Ау, жігіттер! Жігіттер! Кім бар?
Патруль
Мен бармын.
Кезекші
Кімсің-ей?
Патруль
4-68.
Кезекші
Әп, бәрекелді! Тамаша! Тамаша! Ешқайда кетпе.
Кезекші
Сонымен қайда бет алдың?
Тыныштық орнайды.
Патруль
Тауға!
Тазарғым кеп...
Кезекші
Тау қауіпті. Тас домалап... басып қалса... өлесің... өлесің! Ө.. ле... сің!
Тыныштық орнайды..
Патруль
Құдай сақтасын!
Кезекші
4-68?
Патруль
Ау?
Кезекші
Қаланың орталығына баршы. Көтеріліс өршіп жатыр екен. Бол, бар! Тез, тез. Бол. Ашуыма тиме.
Патруль
Түсінбедім?
Кезекші
Ей, нақұрыс... Егер ол жаққа бармасаң менен жақсылық күтпе. Басына түйе терісін теріс киген мәңгүртше шөлдалада қаңғыртам. Қан құстыртам. Бауырыңды... өтіңді... өкпеңді езем-ей. Бойымдағы хауани сезімдерді оятпа... Онда бар ғой... онда бар ғой... Өлгенше тепкілеймін! Өл-ген-ше... Оған дәреже-дәрменім жетеді. Соттатсаң соттат. Пара беріп құтылып кетем... Ей, сүмелек, омыртқаңды ортадан бөлем. Өлтірем. Өшірем. Тетікті бассам болды, жоғаласың да кетесің-ей, құмырсқа-ау. Шыбын-шіркей... Есіңді жи. Мен сені құртып жіберем. Ана топас басыңдағы шашыңды бір талдап жұлам. Бір талдап. Кәуек басыңды ыстық суға батырам. Жидітем... Сорпасын өзім ішем. Ешкімге бермеймін. Шоққа отырғызам. Бөлшектеп-бөлшектеп, турап-турап тастаймын, денеңді. Етіңді қуырып жеймін. Немесе биләши жасаймын. Түсіндің бе? Өлтірем, мен сені, өлтірем. Ұқтың ба?
Тыныштық орнайды..
4-68?
Жыныма тиме...
Тыныштық орнайды.
4-68? 4-68?
Патруль
Иә.
Кезекші
Мен өз-өзімді өлтіруге дайынмын. Өлем. Сені де өлтірем.
Патруль
Саған ашулануға болмайды.
Кезекші
Мені ешкім сыйламайды. Жанына да жолатпайды. Бәрі алыстан амандасады. Отырған жерім болса, мынау. Құсық сасиды, құсық.
Тыныштық орнайды.
Ел мен туралы не деп сыпсыңдап өсек айтатынын да білем. Бәрін білем! Жақтырмайтынын да білем, мені ұрып-жыққысы келетінін де білем! Бір сүйкімсіз болдық қой!
4-68?
Тыныштық орнайды.
4-68?
Патруль
Иә.
Кезекші
Маған өкпелеп қалдың ба?
Патруль
Қыңырая қалатын қыз емеспін ғой.
Кезекші
Шыныңды айт!
Патруль
Жоқ!
Кезекші
Шыныңды айт деймін!
Патурль
Жоқ, жоқ, жоқ!
Кезекші
Рақмет!
Патруль
Сен өзіңді күтші. Сабыр, са-быр.
Тыныштық орнайды..
Кезекші
Оларға жолама. Бәрі шеттерінен сатқын. Бәрі, бәрі... Ұятсыз... Ақша берсе, пара берсе, туған шешесін сатуға да барады. Баласын да қия салады. Олардың командасына қосылма. Сен жақсы адамсың, байқаймын. Қор боп кетесің. Олардың аттарына дейін атап бере алам.
Патруль
Қажеті жоқ.
Кезекші
Атайын ба, аттарын? Фамилияларын, а?
Патруль
Қажеті жоқ. Жап аузыңды, жап. Біреу тыңдап тұрса, шаруаң бітті дей бер. Сау басыңа сақина тілеп нең бар?!
Кезекші
Қарқылдап күледі.
Ақымақ! Бізді кім тыңдайды? Мұнда екеуміз ғанамыз ғой. Ой, сен де!
Өлі тыныштық.
Маған ғана сен, маған ғана. Ұқтың ба... маған ғана. Т-с-с-с! Тыныш! Біреу жүрген секілді!
Жоғары жақты сұқ саусағымен нұсқап.
Тыныш! Расында да біреу жүр! Бізді тыңдап жатыр!
Тау қандай екен?
Патруль
Биік... құдіретті... тылсым... зор... тәуелсіз!
Кезекші
Мен де көрсем ғой, шіркін-ай! Бірақ, жұмыстан шыға алмаймын! Әттең-ай, әттең! Тауды соңғы рет 10 жасымда көріппін. Әкем алып барған, арқалап! Содан бері өмір-өзен зыр ете қалғаны... қырық жыл өте шықты, бір мезетте. Бала кезде, жас кезде уақыт өтпейтіндей көруші ек. Қазір болса... таң атса, кеш батады!.. Тауды бір көріп, рақат сезімін кеше алмадым-ау!
Тыныштық орнайды.
Бір ой туды.
Патруль
Қандай?
Кезекші
Қазір осы жерге келсең... Екеуміз әңгіме шертсек! Айғайламаймын, ашуланбаймын да. Жігіттік сөзім!
Тыныштық орнайды.
Жалғыздық сондай қорқынышты.
Патруль
Бара алмайтын шығармын... Кешірші!
Тыныштық орнайды.
Соңғы рет тауды 10 жасыңда көрген екенсің. Ал, әйел затына қашан ғашық болып ең?
Кезекші
Қиын сұрақ. Сүйгем. Күйгем. Бір-ақ рет. Алайда... екеуміз қосыла алмадық. Ата-анам тұрмысын түзей алмай жүргенде... мен де ойланып қалдым ғой деймін... қысқасы, қызды алып қашып кетті.
Патруль
«О, махаббат, сегіз әріп, бір арман» деші.
Тыныштық орнайды.
Қазір қызды алып қашқан адам... сотталады! Иә, иә, сотталады!
Кезекші
О, кезде бұндай нәрсе атауымен жоқ еді ғой.
Тыныштық орнайды.
Сен ше?
Патруль
Не мен?
Кезекші
Ғашық боп көрдің бе?
Патруль
Е-е-е-е, мен деген махаббат үшін бәріне баруға дайынмын ғой. Ромео мен Джулиетта сияқты у ішуге де...
Тыныштық орнайды.
Кезекші
Демек, сен...
Тыныштық орнайды.
4-68?
Патруль
Кешір, ойланып кетіппін. Не дедің? Естімей қалдым!
Кезекші
Сен... өз бақытыңды таптың ба?
Патруль
Бақыт дегенде... Әлі бойдақпыз ғой!
Кезекші
Жо-жоқ... онда... сұрақты былай қояйыншы!
Патруль
Ерік ‒ өзіңде!..
Кезекші
«Ерік ‒ өзіңде...». «Ерік ‒ өзіңде...». «Ерік ‒ өзіңде...». Қалай керемет естіледі. Ғажап естіледі. Жаның рақат кешеді екен, тура.
Патурль
Со-ны-мен...
Кезекші
А... иә-иә... Сонымен өзіңді қашан бақытты сезіндің?
Патруль
Өлі тыныштық.
Таңертең тұрып... жарық күнді көргенде. Ата-анамның аман екендігін білгенде... батасын алғанда... бауырларымның, достарымның жанымда болғанында... басым аман, бауырым бүтін екендігіне көз жеткенде...
Кезекші
Сен үшін қатты... қатты қуанып отырмын. Бүгіндері біреу үшін қуана білудің өзі өнер ғой
Патруль
Қызық сезім... Расында да... бақытты екенімді енді ғана сезіндім! Сен сұрағанда ғана. Оған шейін терең ойланбаппын да! Сенесің бе, соған?
Өлі тыныштық.
Ауыз айтқанымен де көңіл сейбейтін, сана қабылдамайтын, жүрек тебіренбейтін... Ал, қазір... қазір... бір үлкен сенім пайда болды!.. Бақыт дегеніміз... бақыт дегеніміз... өзіңді рақат, азат сезінгендегі бір ғана сәт шығар... өмірдегі бір жылт еткен шақ... соны ұстап қалсаң, содан ләззат алсаң ‒ бақыттысың, ал егер...
Соған сенесің бе?
Кезекші
Өлі тыныштық
...
Патруль
Сенесің бе деймін?
Кезекші
Сенем...
Тыныштық орнайды.
Сендім!
Тыныштық орнайды.
Білесің бе... Мен... қалай айтсам екен... қобалжып тұрмын...
Патруль
Өз-өзіңді ұста.
Кезекші
Бақыт үшін, азаттық үшін күресе біл.
Патруль
Рақмет, саған.
Кезекші
Осы күнді күнтізбеде қызылмен белгілеп қоямын. Халықаралық әйелдер күні... Отан қорғаушы күні... Жеңіс күні... Тәуелсіздік күні... Ұлттық кітап күні... Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні... Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің күні... Және... және...
Салтанатты түрде.
Және сен өзіңді бақытты сезінген күнің... Яғни, Бақыт күні! Бүгін мен барлық досымды жинаймын... тойлаймыз. Сенің бақытың үшін... сен үшін! Бостандық үшін! Тәуелсіз ой үшін!
Тыныштық орнайды.
4-68?
Патруль
Иә.
Кезекші
Сен қазір осы жерге келсеңші. Мен достарымды да, ешкімді де шақырмай-ақ қояйын. Өзіміз ғана отырайықшы, адам ұқсап. Мен бүгін билеймін, өлең айтам, күй... домбыра... қобыз... гитара... Бәрі сен үшін. Бәрі Бақыт үшін! Бәрі Азаттық үшін!
Патруль
Өте жақсы ұсыныс екен. Ал, әлгі тапсырма ше?
Кезекші
Қай?
Патруль
Қаладағы көтеріліс...
Кезекші
Е-е-е, өздері бастады, өздері аяқтар. Бәрін қой да осында кел. Мен сені күтем...
Патруль
Түсіндім.
Кезекші
Қазір жет! Жеделдет!
Тыныштық орнайды.
Мақұл ма?
Тыныштық орнайды.
4-68?
Патруль
Мақұл, мақұл.
Кезекші
Бақытты күндеріңді, бақытты сәттеріңді бағала!.. Мен сен үшін ризамын... қуанып тұрмын... шын жүректен... мен жал... жалғызбын... мен...
Патруль
Ей, сен жылап тұрсың ғой, а?
Кезекші
Иә. Өмірімде бірінші рет. Жеңілдеп қалдым... мен... өмірімде бірінші рет... түсінемісің?.. өмірімде бірінші рет... мен бар ғой... 4-68... біз бәріміз...
Патруль
Жылап ал... егіл... еңіре... ішіңдегіні шығар. Жүрегіңді басып тұрған қап-қара тасты көз жасыңмен еріт... Негізі, бәріміз жылаңқымыз ғой. Бірақ, соны мойындағымыз да келмейді. Бір рет мынандай қызық болды. Сабақтан қайтып келе жатсам, бәрі маған қарап күледі. Бұларды жын ұрған ба деп қоямын. Қыздар саусағын шұқшитады. Үйге кеп айнаға қарасам, артым жыртық екен. Ха-ха-ха... Мен өте ұялшақ бала боп өстім. Бірақ, қазір де оңып тұрғам жоқ. Адам ұялу керек қой, иә? Қалай ойлайсың? А? Ей? Ей? Жауап бер. Ей. Фшту. Ей. Қазір... күт, мені! Қазір, қазір. Кетпе... кетпе... ешқайда кетпе... қобалжуға болмайды деп айттым емес пе, саған, Құдай-ай... күт... ешқайда кетпе. Қазір барам... Құдай үшін ешқайда кетпеші...
Рациядан бір түсініксіз дыбыс естіледі. Бұл ‒ үрейдің және жалғыздықтың симфониясы еді...
Шымылдық*Ән-Ниса ‒ қасиетті Құран Кәрімнің 4-сүресі. Ол 176 аяттан құралған. 68-аятта былай делінген: «Әрине оларды тура жолға салар едік...». Яғни, «4-68» дегенді бекер таңдаған жоқпыз.
