- Әлия, жаңа кітап құтты болсын! Оқырмандарымен әлі қауышып үлгермеген «Тасқынның» «Тәңіртаудан» ерекшелігі қандай?
- Сұрағыңыз өте орынды. Мен «Тәңіртаудың Тасқынымын!». Менің пірім – Тәңіртау! «Тасқынның» «Тәңіртаудан» айырмашылығы кітаптан кітапқа өту һәм өсу деген құбылыс болады. Алғашқы кітабымдағы қарқын, ізденіс бұл кітапта екі есе көп. Өзімнің жасыма лайық, тіпті, өз жасымнан жоғары деңгейде, ересек жазылған жырларым да көбірек. Ол талғамды оқырманға ап-айқын көрініп тұрады. Менің өлеңдерімді оқып көп оқырман жасымды сұрайды. Жиырмада екенімді айтсам сенбейді. Адамда ішкі жас деген дүние болады. Менің ішкі жасым үлкен болғандықтан ересек жырлар жазылатын шығар.
-«Өлең деген өр өлкеге ендім мен...» дейсіз. Өлеңге келу бар да, сол әлемде қалып қалу тағы бар. Сіз қай жолдасыз?
-Өлеңде қалу деген ұғым жоқ. Тарихта қалуыңыз мүмкін. Өлең өзі келеді, өзі кетеді. Оны ұстап тұра алмайсыз. Ол – сондай тәкаппар. Өлеңге әркім өз анықтамасын береді. Өлең – тағдыр. Басқа түк те емес. Өзін ақынмын деп санайтындар бар. Тағдырсыздар қолдан тағдыр жасап әлек болып жүр. Қолдан өлең құрастырып қиналып жүр. Ал менің тағдырым ақын!
-Жақында аға буын ақындармен бірге сіздің де бір топ өлеңдеріңіз түрік тіліне аударылыпты...
-Иә, 40-тан астам өлеңім түрік тіліне аударылды. Түркия «Guncel sanat» яғни, «Заманауи өнер» журналына жарияланып қана қоймай Қазақстанда жарық көрген, 25 қараша күні тұсауы кесілген қазақ-түрік ақындарының «Тәуелсіздік киесі» атты кітабына да енді. Бауыржан Жақып, Сабыр Адай, Аманхан Әлім, Дәулетбек Байтұрсынұлы және жастардан менің ғана өлеңдерімді жариялауды жөн көріпті.
-Таңдау неліктен сізге түсті?
-Мен бұл үшін тосын сый болды. Сүйінші хабарды естігенге дейін сондай бір жақсылық болатынын сезгендей алабұртып жүргенім есімде. Былтырғы жылы ЖОО-да «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты сабақ өттік, сонда шығыстанушы, ғалым, ұстазым Ислам Жеменей әр сабағын менің өлеңімнен бастап, тақтаны сахнаға айналдырушы еді. Тұлпарды шабысынан танитын тәлімгерім өлеңдерімді осы жинаққа енгізсек деген ұсыныс тастады. Лайық деп тапса мен де қарсы еместігімді жеткіздім. Ол алдағы бірнеше жылда болар деп ойлаған ем, тосынсый болып өткен аптада «Халықаралық деңгейге» бірақ шықтым.
-Өзің түрік тілін жақсы білесің ғой, аударма көңіліңнен шықты ма?
-Иә. Мен түрік тілі және ағылшын тілін жетік меңгерудемін. «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» деп бекер айтылмаса керек. Түрік тілін білуім өз өлеңдерімнің түрік тіліндегі аудармасына баға беруіме, талдауыма көмектесті. Өлеңдерімді өте сауатты әрі еш ауытқусыз аударыпты. Тіл білу сол елдің әдебиетін ғана емес, дүниетанымын, көзқарасын, мәдениетін тануға жол ашты.
-Кейде, өлеңге өзіңізді лайық сезінбейтін кездеріңіз бола ма?
-Жоқ. Мүлде болмайды. Болмайтын да шығар. Себебі, мен осы өмірді сүруге лайық болғандықтан ғана жер басып жүрмін. Демек, мен миллиондаған адамның ішінен таңдалып «адам» болдым. Сол миллионның ішінен ақын болдым. Осы бақ бұйырды. Бұл – Жаратқанның шешімі. Ал мен оған қарсы шыға алмаймын.
-Өз қатарластарыңнан кімдердің шығармашылығын жиі бақылап жүресің?
- Қатарластарымды оқымаймын. Себебі, менің буыным әлі «ұйқыда». Ақиқаты сол. Жоқ нәрсені қалай оқуға болады? Маған ескілік ұнайды. Бір кезеңдер... Кейде “сол адамдармен неге замандас болмадым екен?” деп ойлаймын. Бірақ, мен осы кезеңге керекпін. Мені сол үшін осы кезеңге жіберді. Құдайдың шешіміне тағы да қарсы шыға алмаймын.
-Осы пікіріңізге қатарластарыңыз ренжіп жүрмесін?...
- Менің «Айналам жап-жарық. Бірақ, мені кейбіреулер көре алмай жүр!»,−деген астарлы афоризмім бар.
-Демек, эгоист болдыңыз ғой?
- Эгоистпін. Сіз де эгоистсіз. Ол да сондай. Мұны мойындау керек. Эгоист болмасаң ұлы туындылар жазылмайды. Бұл – менің жеке пікірім.
-Болмысыңыз осындай шығар, бірақ өзгелердің көңілі сізді ойлантпайтын сияқты ғой?
- Мен осы қалпымнан айнығым келмейді. Өзгені алдау мүмкін шығар, бірақ, өзіңді алдау мүмкін емес. Болмыстан безу – барып тұрған қасиетсіздік. Мен қалай бармын солай өмір сүргім келеді. Сүріп те жүрмін. Бұл басқаларға ұнамауы мүмкін. Өзіме ұнайды. Мен эгоистпін ғой. Бұл – менің өмірім. Оның ережелерін өзім орнатамын. Еркелігім мен ересектігім қатар жүргенін қалаймын. Үлкен өмір қандай жолға салатынын білмеймін. Өзімді барынша шынайы ұстап, адамдардан да соны талап етемін. Кейде ол мүмкін емес. Себебі, жалған-жалған. Біз сол фәнидің тұрғынымыз.
-Сізге де «Әйелден ақын шықпайды...» деп айтып тұратындар көп пе?
- Маған ешкім айтқан емес. Шығатынын көріп тұрып қалай айтсын? (күліп) Ал, Есенғали көкем рас айтады!
-Кімнен кешірім сұрар едіңіз?
-Мен өмірді көп сүріп, көп қателік жасаған немесе тіптен бейкүнә адам емеспін. Бірінші қателік – білместік, екіншісі – таңдау ғой! Барынша кешірім сұрамауға тырысамын. Дұрысы, кешірім сұрайтын күйге түспеуге тырысамын.
-Жиі еркелейсіз бе?
-Адамның аты өміріне көп әсер ететінін рас секілді. Менің атым да мінезіме сай. Жақындарым, туыстарым мені еркелетіп басқаша атайтын. Әлі де солай. Алғаш мектепке барғанда айналамдағылар «Әлия» десе елең етпейтінмін. Сөйтсем, мені шақырғандары екен. Ал мен «қолайлы зонадан» яғни, балалық шақтың шеңберінен шығып кеткенімді сонда ғана сезіндім. «Енді мені өмір еркелетер ме екен», - деген ой келді.
-Шығармашылық адамына ой қаншалықты үйір?
-Жанды жегідей жейтін, мүлде маза бермейтін ойлар болады. Әсіресе, түнде. Өзіңмен-өзің қалғанда. Тыныштықта ойлар шулайды. Оны өзің ғана естисің. Өйткені, ол тек сенікі ғана. Сенің мұңыңа, сенің қасіретіңе басқалар бас ауыртпайды. Кейде, қуанышыңа да қуанбайды. Ол – кешірімді. Адамның табиғаты сондай.
-Сіздің пайымыңыздағы өмір деген?..
-Өмір деген не дейсіз бе? Өмір − шарықтау мен құлдыраудың арасындағы елегізу. Он жеті жасымда «Өмір дегенің – жұлдызға тілегіңді айту, Орындалмасын білсең де, егіліп тұрып»,− деп өлеңімде айта салғаныма қайран қаламын. Расында, өмір деген сол шығар. Әрқашан әлденеге қол жетпеу, таршылық көру, азаптану арқылы алға ұмтылу. Мен осы жасымда соны ұқтым. Бұл пікірім өзгеруі де мүмкін. Өмір ұлы ұстаз ғой.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.