(парсы ақындарынан аударма)
РУДАКИ
(Әбу Абдаллах Жапар Рудаки - 860-941 жылдары өмір сүрген, парсы–тәжік поэзиясының негізін қалаушылардың бірі, Бұқара саманидтері әміршісінің сарайында жүріп атақ пен даңқа бөленді, артынан қуғынға ұшарады)
Күнәм жоқ, дегенмен ол мені кешіріп жүреді,
Құрбандыққа мен көндім, кешіруге ол жазса.
Аллаға мен бас идім, дәріптеймін жырымда,
Дүниеқорлық менде жоқ, пайда іздемедім өзіме.
******
О Рудаки, рухың еркін болсын, жұртқа босқа қарама.
Даналықпен өмір сүр, жүрегіңмен дәнін сеуіп қауымға,
Ойлама басқаның күні тәуір, жалғыз саған ауыр деп,
О Рудаки, бұл жалғанда өмір сүр, игілік жасап адамға!
******
Күштеніп жиды ол байлық,
Бірақ оған не пайда ....
О Рудаки, ізгі істер істелік,
Қорқыныш соты алдында ....
Мәңгілік тақта бетінде,
Оқырсың өткен жолыңды.
******
Әлем әміршілері де өледі, төбешікке айналып,
Басын иіп ажалға, олар да аттанды мәңгілік.
Байлыққа шексіз бөленіп, билік пен даңқа оранған,
Түбінде олар да ақырет жамылды, қара жерге көмілді.
******
ЖӘМИ
(Әбдірахман Нұраддин ибн Ахмад Жәми – 1414 -1492 жылдары өмір сүрген, ақын, ғалым, философ)
Жаратқан ием, жұмбақ жасырды,
Жауабын тауып мен шештім:
Қант неге ащы тұздай,
Тұз неге – қант құмындай.
Ақиқатқа жеткенше,
Көргенім көп өмірде:
Біреудің артын жалағанша,
Өз уыңды өзің іш.
******
Мынау дүние сорлы, құныққандарға толы....
Қозғалмайды тегін біреуі,
Алыстан күміс кесек көрсетші,
Қалтырап қолын созады біреуі, кейін екіншісі.
Жарымаған ол да ілінді құрыққа,
Жүргені енді ашкөздердің ішінде.
******
Өлім – тәтті ұйқы, өмір- шала ұйқы....
Ұйқы тәтті - өмірге сен жабыспа.
Балаңдай күт күніңді, қариядай төзіп түніңді,
Өмірің соңғы сәтінде көңілденіп, шаттанып,
Кірпік қақпай кетерсің, сенде тәтті ұйқыға.
******
Бұл дүние сәуле толы жарыққа,
Адамға жарқын өмір жазылған,
Бірақ тойымсыз оның санасы,
Болмашы түнекті ғана көреді.
******
Ыстық сезім махаббат отынан,
Әлем жарығы да сүюден,
Жүрегің сыздап, көзіңнен жас ақса да,
Махаббат үні естіледі көктерде!
******
Көзімді ашсам да – көрем сені,
Жұмсам да - сен тұрасың алдымда,
Сұлу кейпің қалқып түсімде,
Сиқырлап жүзің тұрады.
******
Ақиқат қайда? Жалған қайсы? Кебек қабық....
Қабықтың ішінде жатыр өрнек өзек,
Аршы да қорықпай дәнін аузыңа сал:
Өзегінен өмірдің ізгілік сен табарсың.
РУМИ
(Желлалдин Руми 1207-1273жылдары өмір сүрген, софылық философия және поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі )
Кім болсаң, ол бол,
Сүйгенде күннен ашық жарқыра.
Достықта сарқырап аққан
тау бұлағындай таза бол.
Түн жамылып қылығыңды
жасырғанда түннен қара бол.
Қара жердей қарапайым бол.
Ашу - ыза қысқанда, өлде қал.
Кім болсаң, ол бол,
Тек өзің бол, өзіңдей көрініп,
Өзің бол!
******
Біресе шексіз сүйеді, біресе жексұрын көреді,
Біресе жүрегін сыйлайды, біресе кінәләйді жүрегімді.
Біресе ойыма қожа болып, мен билеймін өзімді,
Біресе мені қысып, ол билейді ойымды.
******
Махаббат ғарышқа зулаған қуатқа тең,
Көк әлемнің жүз қыртысын жарып тескен.
Жол басында келемін, мүмкін өтіп кетермін,
Мүмкін адасып, ізімді таппай қалармын.
******
Мынау дүние махаббатты қабылдайма, білмеймін,
Білетінім: махаббат мәңгі, ешқашанда өшпейді.
Жүрегімді сыздатып, соғып күнде тұрады,
Қатты ауыртып, көз алдымда жүреді.
ОМАР ХАЙЯМ
(Омар Хайям Гиясаддин -1048 -1122 жылдары өмір сүрген, ақын математик, философ, астроном. Осы күнге дейін мәні мен мағынасын жоймаған философиялық- әлеуметтік астарға толы төрт жолды шумақтарымен есімі мәңгі)
Кәрілігім мені толы күнәға,
Кешірім жоқ, аяп мені осы керек пе?
Есуаспын, құдай тілін алмаған,
Ғұмырым өтті, бұзып тиым салғанды.
******
Айтар сөзім: Құдай өзі беріп, өзі алады,
Неге солай, құпия болып қалады.
Дәм – тұзымды, ішкенімді көзбен өлшеп,
Кейін түбіне толық құймай тынады.
******
Біз қуыршақпыз, тағдырымыз оның қолында,
Бұл сөзімнің растығында күмән бар ма?!
Біраз аунатып, ойнатып, өткен соң әркім мерзімі,
Сандығының түбіне тығады да тастайды.
******
Жүрегім менің, іздеме сен - ізгілік,
Өтірік күшті, іздеме босқа сен - шындық,
Жалғанға қарсы ешкімде ем тапқан жоқ,
Дұрысы көнген, іздеме босқа дәрі жоқ.
******
Көміңдер сүйегімді менің молаға,
Құтқармайды сөзі мен ешкім көз жасы,
Сәл күтіңдер, топырақ болып кеткенше,
Содан кейін құмыра жасап қойыңдар.
******
Жүз жыл күл боп, отта лаулап жанайын,
Қорықпаймын түсіме кірген тозақтан.
Қорқамын мен қайырымы жоқтардан,
Өлген артық олармен бірге жүргенше.
******
Естімен түссем жұмаққа,
Тозақта күнімді көріп кетермін,
Құдайым сақта қайғыдан,
Ақымақпен түсірме жұмаққа.
******
Бесікте – сәби, табытта – сүйек,
Біле білсең, біз білетін тағдыр осы.
Қалдырмай іш шарапты, сұрама көп:
Құлына қожасы құпиясын ашпайды.
******
Адамға жақын болам десең жәйлі бол!
Жаралама ақыл айтып, сен оны,
Тағдырмен сенде арпалыс, батыл бол!
Сертіңді ұмытпа, жәбірлеме ешкімді!
******
Жақсымен жақын жүр – сөзіңді біл,
Жаманнан аулақ ұста – жөніңді біл,
Арамза дәрі құйса – төгіп таста,
Адал у құйса – қалдырмай іш.
******
Құдайым, сұлуға әдемі анар кеуде бердің,
Сүю үшін ерін бердің, шәрбат шырындай.
Осыдан кейін бұйырасың бұрылма деп оларға,
Суға сүңгіп, былғанбай қалу мүмкін бе?
******
Досың аз болсын, шұбыртпа көп,
Есте сақта: алыстағы дос жақын.
Жақын досың қасыңдағы,
Кенеттен дұшпаның болып шығады.
******
Өмір қысқа, өтеді де кетеді,
Қызығын көріп, өміріңді күнде бағала,
Қалай өмір сүрсең, өмірің солай өтеді,
Өмір туындың, бір күн оны ұмытпа.
Орыс тілінен аударған Салауат Кәрім
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.