Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әмина ӨМІРЗАҚОВА: Калининнің қабылдауына кіріп, ағ...

07.03.2018 10527

Әмина ӨМІРЗАҚОВА: Калининнің қабылдауына кіріп, ағамды түрмеден шығарып алдым 12+

Әмина ӨМІРЗАҚОВА: Калининнің қабылдауына кіріп, ағамды түрмеден шығарып алдым  - adebiportal.kz

– Әмина апа, сіз Семейде туып-өскенсіз. Ұлы Абаймен туыстығыңыз жоқ па?

– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқыған кісі Ерболды біледі. Абайдың қасында атқосшы болып жүрген сол Ербол – әкемнің бауыры. Әлі есімде, шешем бір нәрсеге қатты кейіп отыратын. Өйткені сахнада Ербол жұпыны киінген, жалбыр-жұлбыр кейіпте суреттеледі. Шындығында, ағаның атқосшы деген аты болмаса, таза киім киіп, үнемі сыланып-сипанып жүретін сәнқой кісі болғанын, сахнадағы Ерболдың шын өмірдегі Ерболға ұқсамайтынын шешемнің аузынан естідік. Үнемі жанында жақын бауырындай ілесіп жүретін ағама ұлы Абай бір күні: «Осы сен күннен-күнге құлпырып киінетінді шығардың, мұның қалай?» – деп сұрапты. Абаймен әзілі жарасқан ағам сонда «Жолдасың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген екен. Бойына шылау жұқтырмай, кіршіксіз таза жүретін ақынға бұл айтқаны «сізге еліктегенім» дегені болса керек, сірә. Өз әкем Ерғожа да – Абаймен дәмдес болған кісі. Осы оқиғаның бәрін шешем Мұхтар ағаға айтып үлгергенімен, Мұхаң оны жазып үлгере алмай кетті. Өзім әкемді көргенім жоқ. Мен туған соң жеті күннен кейін қайтыс болыпты.

– Балалық шағыңыздан қандай көрініс есіңізде ерекше сақталып қалды?

– Бірде біз жайлауға көштік. Пұшық атан деген жалғыз түйеміз бар болатын. Сол түйеміздің үстіне анам бір жақ кебежеге құрт-майын салып, екінші жақ кебежеге кішкентай сіңлімді отырғызатын. Мен ең үстіне отырып түйені көшпен бірге айдайтынмын. Бір жолы сіңлім екеуміз көштің соңында қалдық. Айналамыздың барлығы жасыл алқап, жайқалған гүлдер, арасында піскен, көз жауатын алатын қарақат, бүлдірген. Біз соған қызығып, пұшық түйемізді шөктіріп, бүлдірген теріп жеп, көштен қалып қойдық. Содан кештете асықпай ел қоныстанған жерге жеттік. Анамыздың үрейі ұшып күтіп тұр екен. Біздің аман екенімізді көріп, қуанғанынан жылап жіберді.

– Әкеңізден айырылғаннан кейінгі өмір жолыңыз қалай жалғасты?

– Үлкен ағайым Қаптағай кішкентай кезімізде Семейде бір орыс көпесінің қолында болып, төрт жылдан кейін оралды. Өзімен бірге сол көпестің қызын алып келді. Ауыл шетіне ағайыма арнап аппақ етіп үй тіктік. Көпес ағамның білім алуына көмектесіпті. Елге келген соң ағайым Семейге қызметке тұрды. Кіші ағайым шойын жолда жұмыс істейтін. Қаптағай ағайым бірде бізді елден көшіріп, Семейге алып келді. Семейде мектепке барып білім алдым. Алғаш сахнадағы қойылымды осы мектепте көрдім. Оның маған ерекше әсер еткені сондай – өзім де сахнада ойнап жүргендей болдым. Мектепте оқып жүргенімде хорға қатысушы едім. Анам марқұмның дауысы ән салғанда Күләштікінен айнымайтын. Отбасымыздағы барлық ауыртпалықты өз мойнына алып, ағайым енді бізді Алматыға көшірді. Алматыда да халықтың жағдайы мәз емес екен. Сабақтан кейін дос қызым екеуміз базарға шығып балық сататын едік. Тапқан ақшама азын-аулақ тамақ алып келетінмін. Бір күні радиодан «хор айтуға қыздарды алады екен» деген хабарды естіп, Бикеш дейтін жан құрбым екеуміз дауысымызды тыңдатуға бардық. Музыкант Б.Ерзакович бізді хорға қабылдады. Бұл 1932 жыл еді. Ашаршылық жылдарында да барлық дүниеге үлгеріп жүретінбіз. Бізді ұстаздарымыздың «тәрбиелі, шабытты қыздар» деп әрдайым мақтайтыны әлі күнге есімде. «Өнер» деген киелі дүниені осында жүріп ұғына бастағанмын. Бізге ән салғызды, өлең оқытты. Содан бізді Ленинградқа алып барды. Іштеріндегі ең кішісі мені меңзеп, қабылдаушылардың бірі В.В.Меркурьев сыртымнан «Что такое детский сад?» деген көрінеді, оны кейін естідім. Алғашқы сабағымыз басталған күні ұстазымыз шақырып: «Әмина, біз сенің қабілетіңді көруіміз керек, сол үшін саған тапсырма: сен бір жақтан келсең, сенің үйің өртеніп жатыр, ішінде кішкентай інің қалып қойыпты. Сол кезде не істейсің? Соны көрсетуің керек», – деп мені сыртқа шығарып жіберді. Не істерімді білмей біраз ойланып тұрдым да, оның үстіне апамды қатты сағынғаным тағы бар, ішке жанұшыра айғайлап «Апа, өрт, апа-а-а, өрт!» деп кіріп, ананы да лақтырып, мынаны да құлатып, жылай бастадым. Ентігімді баса алмай тұрған мені ұстазым жұбатып, риза болды. 1938 жылы соңғы курста оқып жүргенмін. Елден хабар келді, үлкен ағайымды «халық жауы» деп ұстап кетіпті. Зәре қалмады. Тез жиналып, елге келдім. Анам мен жеңгем жылап, бар жағдайды айтты. Содан үйдегі бар жарарды сатып, адвокат жалдап, Мәскеуге келдім. Калининнің қабылдауына жазылдым. Калининнің қабылдауын күтіп адвокат екеуміз отырмыз. Бір кезде бізге кезек келді. Хатшы қыз «Қазақстаннан бір қыз келіп отыр, кішкентай қыз» деп қояды. Сосын «өзі кірсін, жалғыз өзі» деді, адвокатымды кіргізбеді. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді ұстай алмадым. Есік ашылып ішке кіргенде, ол кісі мені орнынан тұрып қарсы алды. Жүгіріп барып оны құшақтап, өксігімді баса алмай, айтатын сөзімді айта алмай жыладым. Бірер минуттан соң ол менің жасымды өзінің қол орамалымен сүртіп жұбатты. Бар жайды айтып бердім, үндемей тыңдады. Сосын «Айналайын, Әмина, мен саған қолымнан келгенше көмектесемін» деп жұбатып, арқамнан қағып шығарып салды. Елге жеткенше қуанышым қойныма сыймай, үйге кіре сала: «Ағайым келеді, оны босатады, ол келеді», – деген сөзден басқа ештеңе айтпаппын. Анам мен жеңгем жылап: «Әмина, айналайын, дұрыстап мән-жайды айтшы», – дейді. Барлық болған жайды айтып бердім. Олар маған сенер-сенбесін білмей таңырқай қарайды. Алғырлығым ба, әлде шын сенгендігім бе, әлде Алланың жазған тағдыры солай болды ма, ағайым бір күні үйге оралды. Бірақ одан не пайда, өмірден түк көрмей, тар қапаста тапқан қарғыс атқыр науқастан көп ұзамай дүние салды. Екінші ағам отбасымыздағы уайым-қайғыдан құса болып көз жұмды..

– Ленинградта қанша жыл оқыдыңыз?

– Төрт жыл оқыдым. Бітіргеннен кейін бір топта оқығандар ұжым болып Шымкент театрына келдік. Біз орныққанша ұстазымыз В.В.Меркурьев бізбен бірге болды. Ондай ұстаздар мыңның біреуінен ғана кездеседі. Шымкент театрында жұмыс істеп жүргенде тұрмысқа шықтым. Арман жетелеп Алматыға әкелді. Тұңғышым өмірге келді. Еркелік желігім басылып, аналық махаббатым оянды. Академиялық театрға жұмысқа тұрдым. Жаспын. Бойымда өмірге деген құлшынысым тасып тұрған шақ. Кез келген рөлді ойдағыдай сомдадым. Күндердің күнінде себепсіз театрдан шығарып жіберді. Ешқандай қысқарту болмағанын білемін. Әйтеуір, шеттетті. Себепсізден бұлай істегендері жаныма батқанын жасырмаймын. Содан кейін бұл өнер ордасының табалдырығын аттап басқан емеспін.

–Кәсіби әртістер аз кезде ленинградтық біліміңізбен қысқартуға ұшырағаныңыз жігеріңізді жасытқан жоқ па?

– Жанып тұрған уақытым. Комсомолмын. Іле-шала соғыс басталды.

Алматыға «Ленфильм», «Мосфильм» көшіп келіп жатқан кез. Ленинградта оқып жүргенімде «Киноға, Мәскеуге кім барады?» десе, мен бірінші шығатынмын. Киноға түсуден хабарым бар. Содан жұмыс іздеп барып, монтаждау үстеліне отырдым. Шешем балаға қарайды. Студия жанынан киноактерлердің курсы ашылып, Г.Рошаль мені қабылдады. Бірақ өзіме ұнап қалған монтажымды тастамадым.

АНА БЕЙНЕСІН ЖАСАУ ҮШІН ӨЗІҢ НАҒЫЗ АНА БОЛУЫҢ КЕРЕК

– «Абай әндері» фильміндегі Ажар рөліне қалай бекітілдіңіз?

– Мұхтар Әуезовтің «Абай әндері» шығармасына кино түсірілмек болды. Мұхаңның өзі сценарийіне қатысты. Басты рөл – Ажарға сұлулар іздеп, бәйге жариялады. Мен де суретімді өткізе салдым, бірақ үміттенбедім. Өйткені ол кезде сұлулар көп болатын. Мұхтар аға өзі келіп, сұлуларды таңдады. Мені алатын болып шешіпті. Ол кісіге бәрінен бұрын көзім ұнапты. Қуанғанымнан «Менің пұшық мұрным өтіп кетті», – деп айқайлап, күле беремін. Пұшық мұрынды қыр мұрын жасады, әп-әдемі Ажарға айналдым. Кинодағы тұңғыш рөлімді сәтті ойнап шықтым.

– «Ана туралы аңыз» фильмі сізді одақ көлеміне танытты. Түсірілім кезіндегі қандай оқиға есіңізде ерекше сақталып қалды?

– «Ана туралы аңыз» өзімнің де жүрегіме өте жақын. Біз қарғыс атқыр соғыстың зардабын көріп өстік. Соғыстан кейінгі жылдары әртістерді режиссеріміз Карпов киносынақ түсіруге «1 май» ұжымшарына алып барды. Кейбір келіншектер менің ойнаған рөліме жылап жатыр. Оларға қосылып, мен де өзімді тоқтата алмай жыладым. Бұл «Ана туралы аңызға» дайындықтың баспалдағы екенін кейін білдім. «Ана туралы аңызда» мен ойнадым деп жүргенім жоқ, басты рөлдегі ананың өзі болып кеткендеймін. Өзіме арнап тігілген жаңа киімдердің бәрін де киюден бас тарттым. Себебі мен ол киімдерді киіп, өзімді ешқандай соғыстағы анадай сезіне алмадым. Режиссердің рұқсатымен киімдерімнің бәрін ауыл әйелдерінікімен алмастырып алдым. Сонда барып өзімді нағыз қаралы анадай сезіндім. Фильмде ананың шөп шабатын көрінісі бар. Әуелде шалғыны қай жағынан ұстарымды да білмейтінмін. Сөйтіп тұрғанда жаныма бір қария келді. «Ештеңе жоқ. Үйреніп кетесің. Міне, қара, былай шабады», – деді де, үйрете бастады. «Бұрын көрген жоқ едім, сірә, колхозға келгеніңе көп болған жоқ-ау деймін», – деп қояды. Сонда қарияның мені әртіс ретінде емес, өздері қатарлы адам ретінде қабылдағанына шын қуанғаным бар. Бір жағынан, «образ шынайы шығатын болды деп ойлағаным да есімде...

– Ана образын шынайы бейнелей білетініңіздің сыры неде?

– Ана бейнесін жасау үшін өзің нағыз ана болуың керек. Мен – анамын.

Адамда бір-ақ жүрек болады. Ол адам баласын кейде жақсы көріп не жек көріп тұруы мүмкін. Менің жүрегім барлық адамзат баласын сүйеді. Рөлде балам болып ойнайтын әртісті өзімнің көкірегімді жарып шыққан балам деп қабылдаймын. Тіпті оның әртіс екенін ұмытып та кетемін. Бәрі өзімнің Таласым мен Ескендірім секілді. Өз құлындарымды сүйіп, құшақтап, мейірленіп тұрғандай боламын. Мен ойнаған аналардың образдары – пешенеме жазылған тағдырымның тең жартысы десем, қоспасыз шындық. Өзім де көп қиыншылықпен арпалысып, жетілдім.

– Балаңызды ойнаған әртіс балаңызбен арақатынасыңыз

қандай?

– Баламның рөлін ойнаған Керіммен арада 40 жыл өткенде кездестім.

Осыдан екі айдай уақыт бұрын ойламаған жерде төбемнен жай түсіргендей өзі келіп кетті. Қолында үлкен гүлі бар. Есіктен кіре салып: «Апа, міне, мен келдім. «Ана туралы аңызға» қырық жыл толса, балаң алпысқа толды», – деп самбырлай сөйлегенде құлап қалмасам да, соған бардым. Ол кино түсіріліп біткен соң, Ленинградқа теміржол институтына оқуға кеткен-ді. Осыдан аттай қырық жыл бұрын қоштасқаннан кейін бір-бірімізден ешқандай хабарымыз болмады. Қазір Астана қаласында теміржолда басшылық қызмет атқарады. Ертесіне оның 60 жылдық мерейтойын бірге тойладық. Керімімді туған баламнан кем көрмеймін. Үстіміздегі жылдың 15 наурызында өткен 85 жылдық мерейтойымның өтілуіне мұрындық болған да – сол әртіс балам Керім. Бұған дейін екі ұлым болса, қазір үш ер баласы бар анамын.

– «Ана туралы аңыз» бен «Тақиялы періште» бірінен бірі аспаса, аласа емес. Соның ішінде бүйрегіңіз бұратыны қайсысы?

– Маған бұл фильмнің екеуі де бірдей. Бір-бірінен бөлмейтін ортақ қазық – ана образы, қазақ әйелінің бейнесі. Дипломдық жұмысыма Меркурьев жетекші болды. Сонда Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклінен қорғап, Луизаның рөлін ойнаған кезімде: «Бұл рөлді сен ана болған соң ойнасаң, мүлде басқаша шығар еді», – деген еді. Махаббат сезімін шын өмірде бастан кешірмей, жүрекпен қабылдап, еттен өткізбей табиғи күйінде шығару мүмкін емес, расында. Сол айтқандай, мейлі комедия, мейлі трагедия болсын, ең керегі – ананың бойындағы перзентіне деген серке сезімді қайғыда да, қуанышта да шын түйсіну емес пе?

ТАНА ЖЕҢГЕЙДІҢ РӨЛІН РАҚАТТАНЫП ТҰРЫП ОЙНАДЫМ

– «Тақиялы періште» фильмі сізге арналып жазылғандай...

– «Ана туралы аңыздан» кейін үлкен қуанышқа бөленіп, еңбегімнің бағаланғанына риза болып жүрген күндердің бірінде киностудияда Шәкен ағамен кездестім. Жай-жапсарды сұрасқаннан кейін Шәкен аға: «Жағдайың қалай?» – деді. «Аға, толқып жүрмін», – деп едім, – «Мен онда сені екінші рет толқытамын. Мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым, бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың», – деді. Комедия дегеніне біртүрлі ойланып қалдым да: «Көреміз, аға», – дедім. «Ана туралы аңыздағы» трагедиялық кейіпкерден бірден комедияда қайтіп ойнаймын деп жүрдім. «Ана туралы аңызда» ойнамайсың – өмір сүресің. Өйткені өзің анасың. Ал «Тақиялы періштедегі» Тана жеңгейді рақаттанып тұрып ойнадым. Мен бұл образдағы ананы жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Себебі ол кезде екі ұлым үйленбеген еді. «Осылар қашан үйленеді екен?» деп ойлайсың ғой. Өмірде басымнан өткен нәрсе кинода да біте қайнасып жатты. «Ана туралы аңыз» фильмімен шетелдерге шығып жүлде алдым. Бірақ халық мені «Тақиялы періште» арқылы таныды. «Жалғыз балам бар еді. Үйлендіре алмай жүрмін. Көмектесіңізші» дейтіндер де болды. Әлі күнге дейін осы киноның деңгейінде комедиялық картина түсірілген жоқ. Тайлақтың рөлін ойнаған Әлімғазының 10 баласы бар. Мен осы фильмнің жалғасы түсірілсе деп армандап едім. Сценарий жазатын адам табылмады. Мүмкін, фильм түсірер. Мен көрермін-көрмеспін. Дегенмен қазір түсірілсе, ойнауға шамам келеді.

– Тана бейнесін сомдауда Шәкен ағамен қалай жұмыс істедіңіз?

– Шәкен ерекше жан еді. Ерекшелігімен режиссер болды. Шәкен маған «ана» деп өте қамқорлықпен қарады. Күйеуім қайтыс болып, үш баламен қалғанда қолынан келген көмегін аямады. Түсіру алаңында маған ешқашан ескерту жасаған емес. Көкейіндегісін «Былай істесек қайтеді?» деп жеткізетін. Кісілік келбеті айрықша еді. Әзіл-қалжыңда да алдына жан салмайтын. Бірақ мені сыйлағаны соншалық –маған қалжың да арнамайтын. Ағалық келбетін сақтап өтті.

– Сіздің күлкіңіз ерекше...

– Шәкен марқұмға күлкім қатты ұнап кетті. Бірде Шәкен ағаның:

«Кісіней бергенше, адам деген бірдеңені таппай ма екен», – деген сөзін естіп алдым да, – «Құдай-ау, күлкі де сөз болып па, күл десеңіз күліп берейін», – дедім де, дәл құлағының түбінде тұрып алып айғайлап күліп жібердім. «Күлкі жағына барыспайық, ағасы, сізге әлі күлкінің әкесін көрсетемін», – дедім. Сонда ол: «Әй, Әмина, жарайсың!» – деп мәз болды. Бірақ әдейілеп күлейін десем, сәті келмей тұрғанда бәрібір шықпайды.

–Өнер жолында жолыңызды кес-кестеп, кесе-көлденең тұрған әртіс болды ма?

– Режиссер бір рөлді екі кісіге берсе, екеуі – бір-бірінің қарсыласы.

Бірақ мен өнер жолында үнемі жеңіске жетіп жүрдім. Бұл – қызғаныштан туған бақталастық емес, өнер үшін, өнеріңді халыққа таныту үшін туындаған ұлы күрес. Ш.Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» атты фильмін түсіруде Жәмиләнің бейнесін үш әртіс те сомдай алмады. Мен іштей наразы болып жүргенмін. Ешкімге тіс жарып айтпадым, мәтінін алып, өзімше дайындалып жүрдім. Режиссер бергенде, дайын Жәмиләнің бейнесін жақсы ойнап шықтым.

АДАМДЫ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ ҚҰРМЕТТЕГЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН!

– Театрдың, киноның бүгінгідей тынысы тарылып, өнердің қай түрі болсын нарыққа бағынып жатқан кезінде суреткерді қандай мәселе толғандыруы мүмкін?

– Қазақ өнерінің көгіне Шолпан жұлдыздай жарқырап келіп, тез сөнген, ерте өшкен таланттар қаншама?! Көзі тірісінде не сөзін жазып үлгермей, не сахнадағы мінез-бітімін танымай, Абайдың «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегені тәрізді бәрінен кеш қалып, кеш танып, «әттеген-айлап» сан соққан салақтығымызды бойдан сілкіп тастай алмай-ақ келеміз ғой. Сондай кермаңдай кесек тұлға Әнуарбек Молдабеков еді. Ал Айманов, Қуанышбаев, Қожамқұловтар мектебі бір төбе. Соны түгел зерттедік, тұтас меңгердік дей алмайсың бүгінде. Өзіммен үзеңгілес те, өзімнен кейінгі де сондай саңлақтардың талайы дүниеден өтті. Соның көбін үнсіз ұзатқан екенмін. Барының өзі өмірден, өнерден үлесін алып жүр ме? Алпыстағы Жәкібаевқа «Халық әртісі» атағын қимаған қу пейілді айтам-ау. Бақтыгереевтің бағы әлдеқашан жанбап па еді? Оның сахнадағы бір ғана Абайы бір атаққа бергісіз емес пе? Олардан кейінгі Кенжеков, Бектеміров, Демесіновтердің еңбегін енді қашан електен өткізбек ойымыз бар? Әңгіме атақта емес, әрине. Еңбекті бағалай білуде. Адамды көзі тірісінде құрметтегенге не жетсін! «Ұлы сөзде ұят жоқ», атақты кейбіреу дастарқанымен алды, кейбіреу сүйегімен алды. Әділетсіздікке ашынғаннан жақ ашылады. Нарықтан бұрын өзекті өрт шалғандай күйдіріп жіберген осы бір қырсыздықты тамақтан қырып тастайыншы, қарағым.

Театр дегенің – білгенге той-думан. Оған жұрт бір киерін киіп, іштейүлкен дайындықпен, рухани азық алып тыныстау үшін, иығындағы жүкті тастап, жеңілдеу үшін келеді. Рас, қазір жастардың, жас тұрмақ, осы қалада тұратын зиялы қауымның салы суға кеткендей, өз-өзіне менменси қарайтын болып алды. Өз өнеріне, өз тіліне дәл осындай тасбауыр кезеңді көрмедім. Содан театрдың залы қаңырап бос тұрады. Ал 25 сомын спектакльге қимаған сол шіркіндердің шуылдақ-дуылдақ шетелдің фильмдеріне 200 сомын ойланбай шығарып, жапа-тармағай кіріп жатқаны ішті мұздай қариды. Бұл нарықтан емес, парықтан. «Дүниенің нарқын білмеген парқын білмейді» деген осы. Талғам-танымды зорлықпен түзеу қиын. Оған әркімнің ұлттық дүниесіне, рухани қазынасына жанашырлығы, ұлтжандылығы ықпал етпесе, сылдыр сөздің семсері әлдеқашан өтпей қалған. Театрға бару-бармаудың екінші бір жағы бар. Егер спектакль жұтынып тұрса, «Жетім бұрыш», «Ең әдемі келіншек» сияқты дүниелер бірінен соң бірі сахнада сақ-сақ қайнап жатса, шымылдықтың шырқы бұзылмас еді. Әлгі екі спектакльді көрмеген қазақ болса, әй, қайдам, сол адамның ұлттық намысы да жоқ шығар. Жақсы туынды жат болмайды. Мен көрермендерімнің осындай парасатты, жоғары талғамды қасиетіне басымды игенмін. Осы сенімді жоғалтқым келмейді. Қазақ киносы туралы да осындай ойдамын. Әзірге кімнің қалтасы қалың – экран соның қолында. Нарықтың бұралаң-бұлтарысы қазақтың кино өнерін тығырыққа алып, тұншықтырып тастайды деп ойламаймын. Сол қиыншылыққа қарамастан, Абай Құнанбаевтың 150 жылдық торқалы тойына тарту еткендей ол туралы екі сериялы фильмнің қолға алынғаны қуантады. Демек, нарық насырға шапқанмен, халықтың намысын жыға алмайды.

– Жұрттың сізді белгілі бір мөлшерде қазақы көркем мінездің, кең

бітімінің жиынтық бейнесі ретінде қабылдайтыны да рас. Бұл сіздің ұлттық салт-дәстүрді бойыңызға шын мәнісінде сіңіре алғандығыңыздан ба?

– Салт-дәстүрді ешкім іштен оқып тумайды. Бәрі – тәрбиеден. Мен де

жас болдым. Бақытыма қарай, драмтеатрға келгенде кілең жақсы-жайсаңдардың ортасына түстім. Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов сияқты басқа да үлкен ақсақалдардан үлгі-өнеге алдым. Мына бір оқиға әлі есімде. «Абайдың әні» фильміндегі Ажардың рөліне түсіп жатқан кезім. Бір күні көйлек пен сәукелені киіп алып, тарсылдатып жүгіріп келе жатқан-тұғынмын. «Стоп!» – деді Қаллекей. «Ойпырмай, нені бүлдірдім екен?» деп шошып кеттім. Сондағы үлкен кісінің айтқаны: «Қазақ әйелінің жүрісі қаздың жүрісіндей болады. Қазақ қыздары жігітке бақырайып қарамайды. Көзінің қиығымен-ақ бәрін көріп тұрады». Әдет-ғұрып, салт-дәстүр дегеннің бәрін осылай үйрендік. Ол кезде анам тірі болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Жалпы, өзім артта қалған адам емеспін. Өмірмен бірдей келе жатқан адаммын.

– Замандастарыңыздан кімдермен сыйласасыз?

– Қасым Жәкібаев – жан досым. Ол – нағыз тума талант. Телефон арқылы жиі сөйлесіп тұрамыз. Қасым марқұм жолдасым екеуі ағалы-інідей тату еді.

– Тәрбиелеген шәкірттеріңіз көп шығар?

– Мен мұғалім болып жұмыс істеген жоқпын. Өйткені «кино, театр» деп

қос өкпемді қолыма алып жүгірдім де жүрдім. Ал театрдағы ізбасарларым Роза Әшірбекова, Лидия Кәденова деп айта аламын. Олар театрға келгенде ойнағандарын қадағалап, білетіндерімді үйретіп отыратынмын.

МАХАББАТСЫЗ ӨМІР ЖОҚ, ӘКЕМ...

– Жұбайыңыз Кәмәси аға қандай адам еді?

– Жолдасым, республикаға еңбегі сіңген әртіс Кәмәсия Өмірзақов туралы өнерсүйер қауым бұдан бұрын да жақсы білсе керек. Бойындағы дарыны көл-көсір дариядай, бірақ онысын көп шаша бермейтін бітімі бөлек жан еді. Біз алдын ала дайындалып, айтатын сөзімізді сан мәрте қайталап, жаттап, жанталасып жатқанда ол у-дуға араласпай, өзімен өзі тып-тыныш тұратын. Ал сахнаға шыққанда, қай уақытта жаттап үлгергенін білмейсің, қағазға қарау немесе тоқтап қалу деген онда жоқ. Сөзінің бәрін жанынан шығарып тұрғандай іштен, көмейден табиғи қалыпта шығаратын. Сөйтсем, түнімен толғанып, образын күні бұрын тас түйін пісіріп, өзіне сеніп шығады екен. Жеңгелері еркелетіп «Комиссия» деп атаған. Шын аты Хамедияр болатын. Әйел деген атым болмаса, мен не базар, не дүкен дегенді білген емеспін. Таңертең тұрып пешті жағатын – ол, базарға барып нан-сүт әкелетін – ол. Шайды қойып қояды, сосын барып мені оятады. Ондай еркек жоқ деуге болмайды, қазіргі күні еркектердің көбі сондай болып кетті ғой. Алайда менің жолдасымның әйел-балаға деген қамқорлығы ерекше-тұғын. Менің білетінім тек кино мен театр, радио жұмыстары болатын. Үйдегі барлық ауыртпалықты күйеуім көтерді. Содан да мен еркін жүріп-тұрдым, еркін жұмыс істедім. Әйелін алақанына салып аялаған екі адам болса, соның бірі менің жолдасым болды. Өзінің алып бара жатқан түрі де, асып кеткен білімі де болған жоқ. Бірақ адамшылығы керемет еді.

– Сіздің атағыңыз болды, ортаңыз болды. Күйеуіңіз қайтқаннан кейін сөз айтқан адамдар да кездескен болар? Сөйте тұра, неге екінші қайтара тұрмысқа шықпадыңыз?

– Үш баламды ешкімнің көзіне түрткі қылғым келмеді. Тағдырыма жазылған соң бәріне көндім. Қазақ әйелдерінің көпшілігінің басындағы қайғы. «Қыз қияға, ұл ұяға қоныстанады, түбінде сен жалғыз қаласың ғой, өзіңді неге ойламайсың?» деген ақылшыларға «былжырамаңдаршы» дейтінмін. Әрине, жолдасым қайтқан соң қиыншылыққа бір емес, бірнеше рет кездестім. Бірақ адам баласының басынан не өтпеген? Көрінген көк аттының жетегінде кете беру шарт емес. Перзент алдында аналық парызды өтеу керек. Жалпы, қазақ әйелдерінің екі рет тұрмысқа шыққанына қарсымын. Әрине, табиғатқа қарсы тұруға болмайды, әлен, пәлен деп жатады ғой. Меніңше, нағыз ана боламын десең, сүйген жарымнан көрген баламды адам қыламын десең, өзіңе-өзің берік болуың керек. Әйтпесе сөз айтушылардан кенде болған жоқпыз. Әлі есімде, телефон шылдырласа бітті, қызым есіктің артына тығылып алып аңдып тұратын: «Кім екен звондаған, еркек пе, әйел ме?» деп. Соның өзі маған қызық көрінетін.

– Мұны қазақ әйелінің аналық махаббатының күштілігі деп

түсіну керек пе? Сонда ол үшін басқа махаббаттың жоқ болғаны ғой?

– Махаббатсыз өмір жоқ, әкем... Сүйесің. Аналық махаббат өз алдына,

қазақ әйелінің жарға деген махаббаты да ерекше болады. Бірақ ол қазіргілердей шылпылдатып сүйісіп жатпайды. Барлық сезімін жүрегінде сақтайды. Менің өмір бойы осылай қалғаным да, бәлкім, жолдасымның жақсылығынан шығар. Өзімізді-өзіміз мақтамайық, бірақ қазақ әйелдері қайратты. Мәселен, өнер жолындағы әйелдерге келетін болсақ, киносына да түсіп жатыр, әнін айтып, сахнадағы рөлдерін де сомдап жатқан сол әйелдер. Әйтеуір, бәріне де үлгеріп жатқаны. Жалпы, әйелдер өте төзімді, шыдамды келеді ғой. Қолынан іс те келеді. Бірақ бір айта кететіні, оған ақыл мен сана керек. Бізде бір жақсы сөз бар, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Ал тәрбие басы тектен басталады.

Бес-алтыдан баласы бар, жары, ата-енесі, оған жора-жолдасты қосыңыз, соның бәрінің қас-қабағына қарау тек әйелдің пешенесіне ғана жазылғандай. Шыдамдылық, бейнет – тек әйел адамдарға ғана тән қасиет. Сондықтан мен әйелдерді ерекше құрметтеймін.

– Қалай болғанда да, сіз бәрін күлкіңізбен жеңіп, қайраттылық,

ұстамдылық танытып жүрсіз ғой. Ондай қасиет адамға қайдан келеді?

– Өзіңнен, өзіңнің ішкі байламыңнан. Мәселен, мен жолдасыма сеніп

кеткем ғой. Ол қайтыс болып, үш баламен қалған кезімде алғашында қатты басылып жүрдім. Бұрынғыдай сақылдап күлу, жайнап киіну жоқ. Бір күні театрға келсем, бір актриса: «Әй, мына Әминаға не болып кеткен?» – деді. Сол маған құдды біреу пышақ сұғып алғандай әсер етті. Содан бастап өз-өзімді қолға алдым.

– Зейнеткерлік демалыста екендігіңізге қарамастан, жастар

театрының әрбір жаңа қойылымынан, мерекелік шараларынан сізді көзіміз жиі шалып қалады. Өз қатарларыңыздан әлдеқайда тың, сергек көрінесіз. Осылайша әдемі қартаюыңыздың сыры неде?

– Неғұрлым жас кезіңнен өмірдің таяғын жесең, соғұрлым мықты

болуға тырысасың. Менің бір қасиетім – көп нәрсені елеп-ескере бермеймін. Күлем де жүре берем. Не болса соған егіліп, езіле берсең нең қалады? Міне, 86-ға толып отырмын ғой. Өзім, әйтеуір, Аллаға ризамын, әзірге миымның жұмыс істеп тұрғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені үшін. Бір жағынан, бәрі үй ішіңдегі жағдайға байланысты. Отбасыңда бәрі дұрыс болса көңілің де жай болады, жұмысың да өнеді. Тәубе. Екі ұл, бір қызым бар. Өздері де ата-әже болып қалды. Қызым Астанада қызмет істейді. Өзім үлкен ұлымның қолында тұрамын. Барлығының үй-жайы бар. Немерелерді былай қойғанда, шөберелер одан да тәтті болады екен. Үш шөберем бар. Өнер жолымен әлемнің көп елдерінде болдым. «Тақиялы періште» шетелдерде көрсетілді. Мен бақытты әртіспін. Өнерде Тана жеңгей секілді бақытты ананы бейнелесем, өмірде өзім де бақытты ғұмыр кешіп жатырмын.

Ә.Өмірзақованың әр жылдары басылымдарға берген сұхбаттары бойынша дайындалды.

«Аңыз адам» журналы

Әмина Өмірзақованың өмірі мен өнер жолы

1919 – 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келді.

1938 – Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) музыка және кинематография институтын бітіреді.

1938 – Мәскеуге КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы М.И.Калининнің қабылдауына барып, «халық жауы» деген жаламен тұтқында отырған ағасы Қаптағайды түрмеден босатып алады.

1938-1940 – Шымкент облыстық драма театрында қызмет атқарды.

1940 – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының труппасында жұмыс істеді.

1940 – Тұңғышы Ләйлә дүниеге келді.

1942-1949 – «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды.

1945 – Талас атты ұлы өмірге келді.

1949 – Қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болып қабылданды.

1945 – «Абай әндері» фильмінде Ажар рөлін сомдады.

1956 – «Қанатты сыйлық» фильміндегі мұғалима бейнесін экранға алып шықты.

1958 – Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды.

1960 – «Бір ауданда» фильмінде Айша рөлінде ойнады.

1963 – «Ана туралы аңыз» фильмінде Ана бейнесін экранға алып шықты.

1964 – Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1-сыйлығына ие болды.

1966 – Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

1968 – Ш.Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде Тана рөлін сомдады.

1969 – Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша 8-байқауының сыйлығымен марапатталды.

1975 – Дулат Исабековтың шығармасының желісімен түсірілген «Гауһартас» фильмінде әулеттің ақжаулықты әжесін сомдады.

1996 – өз ұлы, режиссер Талас Өмірзақовтың «Әмина» автобиографиялық фильмінде өзін-өзі ойнады.

2001 – «Тарлан» сыйлығының иегері.

2006 – 26 қыркүйекте 87 жасында дүние салды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар