Толғаныс
Оңаша қалған сәттерде
Жүгініп қалам дәптерге,
Өзімді-өзім қамшылап,
Түсемін көк тер, ақ терге.
Тұлпардың қалап тұяғын,
Сұңқардың қалап қияғын,
Әлемді шарлап кетеді
Таппайтын тағат қиялым...
Қанша ұрпақ ғұмыр кешуде
Далиған дала төсінде.
...Түп атам жүрген ту ұстап
Жәнібек, Керей көшінде.
Берілсек ойға байыпты:
Қанатты кеңге жайыппыз.
Бабадан қалған әз өлке
Арасы Еділ – Жайықтың.
Билерім болған киелі,
Сөздері қандай жүйелі!
Біздермен бірге жүргендей
Қалса да қурап сүйегі.
Тосқанда алдан ұлы сын,
Батырлар қайрап қылышын,
Майданға кірген көз жұмып,
Бостандық – жарық күн үшін.
Санада сан жайт дерегі,
(Аламыз теріп керегін).
Тұжыртып айтсам, Жаратқан
Пейілге қарай береді...
Туған жер – тұғыр ең ыстық,
Төңірек мына тегіс құт.
Халқымның көңілі сияқты
Көлбеп бір жатқан кеңістік.
Қызыққан иен байлыққа,
Ашкөздер кімнен қаймыққан?..
Іргесін берік ұстайды
Жақсылы-жаман жайды ұққан...
Асықпа, достым, аптықпа,
Сын көзбен қара жат жұртқа.
Дүние тұр ғой дүрлігіп,
Қорлық жоқ деген сақтықта!..
Ойтоғыс
Қалыңға қылыш өтпейді,
Заңғарға қолың жетпейді.
Қарасын көзге ілінбес,
Қар бүркеп жатса беткейді.
Түйірі ұсақ тарының.
Адымы қысқа кәрінің.
Асқынып кеткен ауруға
Шипасы болмас дәрінің.
Тұрса да толып жан-жағы,
Таусылмас адам арманы.
Жанына сая бола алмас
Артында қалар мал-жаны.
Азаннан соғар азынап,
Егіннің жауы – аңызақ.
Егделік досы – естелік,
Қайғылы жанға таң ұзақ...
Алданып арзан қызыққа,
Жалғаймыз сырық құрыққа.
Құрбақа кетер құтырып,
«Құласа құлан құдыққа...»
Жақсы мен жақсы жарасар,
Жаман мен жаман таласар.
Дүние, шіркін, дөңгелеп,
Қайырылмай артқа, әрі асар...
Көнерсің тағдыр сызғанға,
Хақ ісін пенде бұзған ба?
Қандай боп шығар ұрпағың:
Ұлдан ба қайыр, қыздан ба?..
Санамда сан ой тоғысып,
Кетеді сарт-сұрт соғысып.
Шыбын жан қалай жай тапсын,
Жан-жақтан жатса «оқ» ұшып.
...Қиындық түссе басыңа,
Дос-жаран келер қасыңа.
«Ел іші – алтын бесік» қой,
Жасыма, көңілім, жасыма!
Тірлікте
Зулайды күндер жебедей,
Ешкімнің жайын елемей...
«Бағытым дұрыс, бұрыс па?»
Адамға кейде келеді ой.
Заманмен мына дүрлікпе
Болу да қиын бірлікте...
Бақыттан бәрі үміткер
Бес күндік жалған тірлікте.
Жолыңды ашса ақ қылып,
Түңілу деген жат қылық.
Арманшыл алға қарайды,
Қиялға қанат қақтырып.
Өзді-өзді қонақ білгенге,
Жер басып осы жүргендер.
Асығыс кетіп жатады,
Асығып өмір сүргендер...
Ынжық па пенде, алғыр ма,
Аяқтан қанша шалдырған...
Басыңды иіп тұрасың,
Өкпе-наз жүрмес тағдырға.
Айтқанда сөздің төтесін,
Сүзгіден қанша өтесің.
Аңқау боп бастап өмірді,
Ақылман болып кетесің!
Оңашада
Бір ойдан бір ой туады,
Бір ойды бір ой қуады.
Қарыса бір ой аяздай,
Жылытар бір ой шуағы.
«Үйдесіп» кейде «бүйдесіп»,
Өзара әрең үйлесіп,
Фәниде жүріп жатырмыз,
Алуан да алуан күй кешіп...
Мақсат қып біреу биікті,
Сол жолға барын қиыпты.
Қара бас қамын ойлаған,
Болмайды елге сүйікті.
Өмір бар жерде жарыс бар,
Озу бар және қалыс бар.
Жүлдеге жеңіл қызықпас
Әріден ойлар арыстар.
Біреудің дырдай атағы,
Қолпаштап ел-жұрт жатады.
Ісіне келсең, тым ұсақ
Жаныңа осы батады.
Жағымпаз болсаң, «күнбағыс»
Жер басып жүрме, құздан ұш!
Досыңды дос деп санама,
Күйдірсе ішін қызғаныш.
Ашылса заман араны,
Айыртпас ақ пен қараны...
Күпті көңілді серік қып
Күндерім өтіп барады.
Экспромт
Көргендерін көкейінде безбендеп,
Бақыт іздеп, ой мен қырды кезген көп.
Басыңды бұл тауға-тасқа соқ мейлің,
Өмір қатал, еркелетер жездең жоқ.
Көз ұшында алуан арман бұлдырап,
Жастық өтер құлындайын құлдырап.
Жылдар жылжып, жас ұлғая келгенде,
Көрер жарық бәрінен де құндырақ...
Бар пендеге қона бермес дара бақ,
Күн кешесің, жанды қанша жаралап.
Арқалаумен тауқыметін тірліктің,
Көбейеді жүректегі қара дақ.
Ой-санаңды билеп алса нала-мұң,
Кейін кетер, алға басқан қадамың.
...Сап, сап көңілім,сабаңа түс, мен неге
Осыншама күйреуік боп барамын?
Жетер енді, жылауық жыр тыйылсын,
Өзегіме тек өжеттік құйылсын.
Хас батырдай тұрайыншы қасқайып,
Қарсы алдымнан шықсын қанша қиын сын!
Үміт
Ғұмыр кешіп жатқан жоқпын текке мен,
Келелі бір іс тындырсам деп келем.
Өмір атты ұлы жолдың үстінде
Көретінім көп деп, аз деп шектемен.
Тек жақсылық болғай еді алдымда,
(Жастан бетер арманы бар шалдың да).
Қимастар мен сыйластардың көбі жоқ,
Жоқтаушысы боп солардың қалдым ба?..
Соғып тұрса жұдырықтай жүрегім,
Тіршіліктің келтірермін бір ебін.
Ұзақ өмір сүру бірақ мұрат па,
Болмаса егер биік мақсат – тірегің!
Үлгі тұтсақ алда жүрген іріні,
Ізгілік жол жетелейді тіріні.
Сергек сезім қалғымайды ешқашан,
Еліктіріп дүниенің дүбірі.
Кезегімен таң атады, күн батып,
Бар әлемге өз әмірін тыңдатып.
Келешекті үмітпенен қарсы алу
Жұмыр басты пенде үшін шын бақыт!
Элегия
Біртіндеп жылжып жатыр ай,
Зулаған күнге шаным аз.
«Өлмеген құлға апыр-ай,
Болып қапты тағы жаз».
Жеткізбес арман алдымда
Жүйткиді әрең шаң беріп.
Шау тартып әлде қалдым ба?
Барады бойда әл кеміп.
Замана жылдам өзгеріп,
Түсінбей келем бұл жайтты.
Біреуге бақыт тез келіп,
Біреуге қайғы ұлғайтты.
Мұңайсам, мұның несі мін,
Жүрегім жиі соғады.
Ісім бар күткен шешімін,
Сапарым біткен жоқ әлі.
Жақсылы-жаман көргенім.
Өмірде сабақ болыпты.
Демеймін қазір төрдемін,
Ортадан орын жолықты.
Ас ішіп, ауа жұтамын,
Құштармын осы тірлікке.
Ұрпағым – менің бұтағым,
Болса екен деймін бірлікте.
Соңымда қанша белестер...
(Алдымда азын білемін).
Өткен шақ көзге елестер,
Есте ұстап бәрін жүремін.
Таусылмай тұрса несібем,
Әлі де ғұмыр кешермін.
Қаймығам оның несіне,
Өшетін кезде өшермін!..
АЙТҚАЛИ НӘРІКОВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.