Аққуыс

04.05.2026

71

Аққуыс - adebiportal.kz

 Уақыт...   Әрбір сәттің, әрбір демнің өлшемі – Жаратушының «уақыт» деген патшалығының әміріндегі ақиқат пен айғақ. Кейде адамның саналы ойлануының, келмеске кеткен өткен күндері мен келешігінің ар таразысындағы ұлы ұстазы іспетті.

     Қарақуыс...  Сергелдең сезімнің емес,  қос жүректің бақытты сәттердегі өлшемге сыймас сағынышының баяны, - бәлкім, тарихы.     

 Аққуыс... Үмітпен үкілеген шынайы кінәсіз сезімнің мәңгілік тұрағы. Бұл сенің сезім патшалығыңда мекендеген арманыңның елесі еді...  «Екеуміз бірге қарақуыстан өттік, енді «аққуысқа» бірге кетеміз» деген сөзің қаншалықты салмақты болды, ертеңімді бере көр...,- деп бастаған бөлімнің аяқсыз, баянсыз қалуы, сияңның сырымен жұмбақ әлемге сапар шеккеніңе және оның жауабын менің түйсігімнің еншісіне қалдырғаныңа қайранмын... 

 Биыл жазушы, журналист, өлкетанушы, аудармашы Төлеуов Заман Самалбекұлының бұл фәниден өткеніне аттай 5 жыл өтті. Артыңда қалған асыл жарың, мәңгілік сағынышың енді тек рухыңмен осылай тілдеседі, сырласады.  Өзіңсіз өткен жылдардың сыры мен сыны сенің тау тұлғаңды биіктетіп, жылдан жылға жұмбақ жаныңның жауабын тапшы дегендей өзіне баурап барады. Артыңда қалған қаншама еңбектерің ұлт алдындағы перзенттік парызыңның өтелуі тиіс салмағын да сездіреді. Рухыңның асқақтығы Жаратушының құзіретіндегі адами борышыңмен өтелмек. Жәй ғана адам емес, ерекше феномен екеніңді тарих сахнасындағы тұлғалық бейнеңмен де дәлелдеп кеттің.  Сенсіз өткен 5 жылдың ішінде не өзгерді, не түсіндім, не сездім, не білдім?... Рухы мықты жандар өлімнің де өзін өнерімен бағындыратынына сан мәрте көз жеткіздім.  Екі адамның сана деңгейінде жолығуының өзі бүкіл адамзаттық құндылықтың тоғысуындағы алтын көпір. Шын мәнінде, сенің адами тұлғаң адамдар арасынан алыстаған сайын шынайылығыңды, қарапайымдылығыңды, шын жанашыр дос бола алатын қасиетіңді, сезіміңнің тереңдігі мен тектілігіңді ерекшелендіріп тұрғандай. Бәлкім, мына қым-қуыт, мазасыз тіршіліктің мойын бұрғызбас тәкаппарлығы адамдар арасында жүріп жалғызсыраған шақта жүрек түкпіріне тығып қойған аяулы сезімімнің сыры да шығар. Тау тұлғаңның биіктігін жүріп өткен сан шиыр соқпақты асуларыңнан іздеймін. Болмысыңнан сыр ашуға бейім емес едің. Сырттай томаға тұйық, өзіндік сырға берік жан болып көрінгеніңмен шын өнердің тасқыны ішіңдегі алапат сезіммен астасқанда кейде төгіліп түсуші еді. Өзіңдей жанның сезіміне, ой-өрісіне, талғамы мен танымына сыңар бола алуым - ол да Жаратқанның еншісіндегі жұмбақ сыр.

Тағдырыңды қаламмен өрнектеген ішкі болмысыңның бір сыры халыққа жасаған қызметіңнің өміршеңдігімен өлшенбек. Тірі жанның тағдыр тақтасындағы соңғы нүктесінің қойыларын білсе де, үмітінің өзегі – «Кім болып қалмақпын? Тіршілігімнің мәні не? Соңым не болмақ?» деп есепке алса керек. Сендегі бір өлшем осы ұғымның аясындағы тазалығың. Себебі, кейде ең жақын адамдардан үмітіңді үзген шақтарда сені ұстап тұрған бір алданыш, бір үміт – халық үшін жасаған адал қызметің, шығармашылық тұғырың еді. Сол биігіңде қалуды мұрат тұтқаның да азаматтығың деп білемін.  Артыңда қалып, ұшталмай қалған қаламыңның жетімсіреген парақтардағы мұң мен назын жұбатар менде құдірет бар ма?...

Өз ойыммен сені мүсіркеуден емес, жоқтаудың салмағымен санама түскен естелік шақтардың қайталанбас сырымен мүлде қоштаса алмай сансырап кеткен кіршіксіз көңілдің көрінісі осы еді. Өзіңнен қалған қолжазба, еңбектеріңді ақтарып отырып, арамызда болсаң әлі қаншама туындыңның куәсі болар ма едім? Бұрынғыдай өмір туралы, халық, тіршілік, тіпті екеуміздің «ақуыс» арманымыздың  болашағы туралы ертегі сезімге елітіп, шын бақыттың сиқырына сапар шегер едік. Қым-қуыт тіршіліктің тынысы бірге өткен күндеріміздегі әр сәттің бағалы екенін сол кезден-ақ сездіруші еді. Шығармашыл адамдардың бір ерекшелігі – ой тұңғиығындағы өзіндік періште сезімі. Өзгелер үшін түсініксіз әлемі қияли, бос сөздердің кезбелігі деп түсінсе керек. Сондықтан да, олардың жаны, сезімі, қиялы мен арманы өзге әлемнің сырында. Осының бәрін ой елегінен өткізу, саралау ұлылығыңның тереңдігімен құнды. Еңбекқорлығың мен жанкештілігің әрбір шығармаңның астарында, көзге көрінбейтін қиындықтар мен шыжықтардың құпиялылығында. Бұл да түсіне білгенге үлкен қасиет.

Сені ұлы сапарға аттандырған күннен бастап ардақты есіміңді халқыңа аманаттау, шамам жетсе, ұлықтау азаматтық міндетім болды. Өзіңнің туған өлкеңе, киелі топырағыңа барып, мектеп ішінен арнайы «Замантану» кабинетін ашып, мұраларың мен еңбектеріңді жас ұрпаққа аманаттап келдім. Бәлкім, өзіңе апарар ұлы жолдың бастауы да ұрпақтар санасындағы есіміңнің жаңғыруы, жаңаруындағы бастамам болар. Ол да уақыт еншісінде. Саған жасаған қызметімнің өлшемі маған деген адал сенімің мен сезіміңнің өміршеңдігінде.  Көзімнен кетсең де, көңіл патшалығындағы ұлы тұғырың жылдан-жылға биіктеп барады. Сол биіктігің халқыңның да мұратына айналса екен деген ізгі тілекпен еске алып отырмын. 

 Екеуміз сырласқанда адамдардың болмысынан шынайылық пен тазалықты іздейтінің, парыз бен қарыздың ұлы өлшемінің құдіретін сағынатының көрініс беруші еді. Тағдырыңның талғамы оған көнбесе керек. Жетім көңілің өксікке толы еді. Оны да тазалықпен өлшейтінің қайран қалдыратын.  Асығыс келіп, тауқімет шегіп, арпалысып жүріп кешкен ғұмырыңа шағым айтпастан, керісінше шын бақытты екеніңді мақтан тұттың. Мен сенен осыны үйрендім. Үйрендім де сүйсіне білдім. Сенсіз қалған жетім көңілдің бір үміті артыңда қалған өшпес еңбектерің мен шығармашылық әлеміңе тыныс бітіру, халқыңа аманаттау. Осы үмітім сөнбесе деймін. Өзің жайлы, өмірім жетсе, әлі талай естелік жазармын. Сенімен бірге өткен алаңсыз шақтарымның естелігі ұлы сезім патшалығындағы қаншама еңбектерге сұранып тұр. Алып ұшқан махаббат сыры емес, қанша сырлассақ та таусылмайтын көңіл көкжиегіндегі ақылың мен жан дүниеңнің тереңдігін бүгінгі ұрпақ санасына сіңдіргім келеді.  Қаһармандық – батырлықтың өлшемі. Ал, тағдырыңның бұралаң жолындағы бас қаһарманы өзің болсаң тұғырыңның биіктігі мен беріктігі де ақыл, сана-сезімнің сыны мен сипатында. Мен сенен соны көрдім. Бүгінгі сағынышым осы өлшеммен алғанда ғасырға тең. Күн артынан айлар, ай артынан жылдар  өтіп, талай көктем келіп, жаз шықса да санамнан өшпейтін жарқын күндердің естелігі өзіңе деген талай сырды ақтармақ. Көңілге «Қош!» деуге қимас өксік пен өкініш ұяласа, үміт пен сенім күш береді.  Сол күш мені әлі де алға сүйреп келеді. Ал, үмітім сенің шығармашылығыңды әлі де тереңдетіп ұлы мұраға айналдыру. Сен мені қолда, аққуыс! Қорға! Жаныма мәңгі серік бол! Ал, мен сендік махаббаттың өміршеңдігімен қазірше өмір атты бұралаң жолдарымның иесі бола тұрайын... Жаратқан Ием, періште көңіл серігімнің мәңгілік сапарын жұмақтан бұйырғай! Әумин

                                                                        Сағынышпен, сенің Қырмызың                         

 

                                                                  Гүлмира Әжіханова

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan