Жалғандықтың пердесін сыпырған шындық жыршысы

Әлемге әйгілі ақын, көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов жайлы толғаныс. Ақиқаттың ақ жолынан таймаған қаламгер туралы бұл толғаныс рухани әлемімізге жаңа нәр беріп, кешегі мен бүгінді сабақтастырады. 

72

Жалғандықтың пердесін сыпырған шындық жыршысы - adebiportal.kz

Жаһандық деңгейдегі суреткер, ұлттық рухтың асқар шыңы Мұхтар Шахановтың тұлғалық болмысы мен қайраткерлік қырлары жайлы толғанғанда, жарқын тұлғаның тек үлкен мінберлердегі жалынды сөздері ғана емес, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына келгендегі шынайы жанашырлығы бірінші кезекте көз алдымызға келеді. Мен Мұхтар ағамыздың ең алдымен елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланып, ана тіліміздің жеке дара мемлекеттік дәреже алуына дәнекер болғанын ерекше атап өткім келеді. Ақынның ұлт мүддесі мен ана тіліміздің абыройын асқақтату жолындағы күресі әрбір кішкентай, бірақ маңызды істерден көрініс тауып отырды. Соның бір жарқын мысалы – Астана қаласындағы қазақ баспасөзінің тағдыры мен қарапайым жанның тілек-өтінішіне көрсеткен шынайы қамқорлығы еді. Ұлт руханиятының жанашыры ретінде ол әрбір азаматтың үніне құлақ түріп, мемлекеттік тілдің іс жүзінде салтанат құруына жан-тәнімен атсалысты. Оның бұл қасиеті Елорданың қалыптасу кезеңінде, әсіресе қазақ тілді басылымдардың таралуы қиындаған шақта ерекше көрініс тапты. Ол бас қала шенеуніктерінің қазақ сөзіне селқостығын көргенде  қынжылатын, сондықтан халықтың рухани сұранысын өтеу жолында әрбір мүмкіндікті қалт жібермей, бұқараның мұңын жоқтауды өзінің басты азаматтық парызы санады.

Сол жылдары мен  «Дала мен қала» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарып жүрген едім. Елорданың тыныс-тіршілігімен етене таныс күндердің бірінде ұлттық баспасөзге, соның ішінде қазақ тілді газет-журналдардың таралуына жан-тәнімен үлес қосып жүрген Мейрамгүл Рахымбаева есімді жанашыр әйелді кезіктірдім. Ол кісі Астананың қақ ортасындағы, халық көп жиналатын «Артём» сауда үйінің маңайында қазақша басылымдарды қолдан сатып, ұлт руханиятын тірілтуге тырысып бағатын. Алайда сол уақытта арнаулы дүңгіршек (киоск) алу, орын тебу оңай шаруа емес еді. Заңды түрде жер телімін алып, сауда нүктесін ашуға үнемі жолы болмай, тауы шағылып жүрген шағы. Осындай қиын сәтте қарапайым халықтың мұңын тыңдайтын, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналатын нағыз халық қалаулысының көмегі ауадай қажеттілігі сезілетін. Әйел заты демесең, Мейрамгүл замандасымыздың табандылығы мен қазақ сөзіне деген адалдығы мені бей-жай қалдырмады. Себебі сол кездегі Астанада қазақ басылымдарының жай-күйі шын мәнінде қамқорлыққа зәру екенін көбіміз білетінбіз. Қолтығына газет-журнал қысып, суықта тоңып, ыстықта күйіп жүрген ананың бейнесі сол тұстағы ұлттық баспасөздің мүшкіл халін аңғартқандай. Бұл жайлы өзіміз де баспасөз бетіне ашына жазғанбыз.

Қазақ баспасөзінің жетімсіреген күйіне жаны ауырған Мейрамгүл Рахымбаева 2004 жылдың аяғына қарай сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың атына хат жазып, көмек сұрауға бел байлады. Халықтың мұңын өз мұңындай көретін, әсіресе мемлекеттік тіл мен қазақ баспасөзінің мәселесіне келгенде бей-жай қарай алмайтын Мұхтар Шаханов бұл хатты бірден назарға алды. Ақын мәселенің мән-жайына қаныққан бойда Астана қаласының әкімшілігіне арнайы депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында Мұхтар Шаханов Елорда төрінде мемлекеттік тілде шығатын газет-журналдарды насихаттау мен сату ісін жүйелеу қажеттігін, бұл бағытта еңбек етіп жүрген Мейрамгүл Рахымбаеваға мемлекет тарапынан барынша қамқорлық жасалуы тиіс екенін қадап айтты. Оған «Артём» сауда үйінің маңайынан арнайы орын бөліп, газет дүңгіршегін орнатуға ықпал етуді талап етті. Ол бұл мәселені жай ғана жеке адамның өтініші емес, бас қаладағы ұлттық намыс пен ана тілінің абыройы ретінде көтеріп, шенеуніктердің селт етпеуіне жол бермеді. Оның әрбір жазған ресми хаты мен талабы мемлекеттік органдар үшін жай ғана қағаз емес, аяқсыз қалмайтын, орындалуы тиіс пәрменді талап сияқты қабылданатын.

Бұл депутаттық сауалдың нәтижесі көп күттірген жоқ. Ақынның пәрменді сөзі мен беделінің арқасында арада біршама уақыт өткенде, дәлірек айтсақ, 2005 жылдың көктемінде барлық кедергілер жойылып,  Мейрамгүлдің жолы ашылды. Осылайша Астана төрінде қазақ газет-журналдарын сататын заманауи дүңгіршек өз есігін айқара ашты. Бұл жай ғана бір адамға жасалған жақсылық емес, бұл – бас қаладағы қазақ тіліне, ұлттық баспасөзге деген Мұхтар Шахановтың көмегі мен азаматтық ұстанымының жеңісі еді. Осы бір оқиға ақынның халықпен байланысы қаншалықты тығыз болғанын және ұлт мүддесі үшін кез келген деңгейде күресе білетінін дәлелдейді. Бұл дүңгіршектің ашылуы сол кездегі зиялы қауым мен қазақ тілді оқырмандар үшін үлкен қуаныш сыйлап, елордадағы ұлттық рухтың бір нышанына айналды. Мұхтар ағаның осындай шарапатты істері еліміздің әрбір өңірінде жүзеге асты, өйткені ол өз өмірін халыққа қызмет етуге арнады. Оның қарапайым бұқараға жасаған бұл жақсылығы Астана тарихында қазақ сөзін төрге шығарудың бір жарқын көрінісі болып қалды.

Мұхтар Шахановтың депутаттық қызметі – Қазақстан тарихындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғаудың ең жалынды, ең ымырасыз кезеңі ретінде қалары сөзсіз. Ақын Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдары қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен оның шынайы мемлекеттік мәртебесіне ие болуы жолында аянбай еңбек етті, белсенді түрде күресті. Ол биік мінберлерді тек заң шығару орны емес, ұлттың мұңын жоқтайтын үлкен майдан даласына айналдыра білді. Сол тұстарда Мұхтар Шаханов Үкімет басшысы болып тұрған Кәрім Мәсімовке, министрлер кабинетінің мүшелеріне және түрлі деңгейдегі жоғары лауазымды шенеуніктер мен атқамінерлерге тікелей талаптар қойды. Оның әрбір депутаттық сауалы мен Үкіметке жолдаған мәлімдемелері қазақ тілінің аянышты халін жақсартуға, ана тіліміздің мемлекеттік органдардағы рөлін заңдық тұрғыдан бекітуге бағытталды. Ол ресми құжаттардың ана тілімізде дайындалуын, мемлекеттік қызметшілердің халықпен тек қазақ тілінде сөйлесуін заң жүзінде міндеттеуді талап етіп, бюрократиялық жүйеге қарсы жалғыз өзі майдан ашқандай болды. Жоғары лауазымды тұлғалардың алдында тайсалмай сөйлеп, ана тіліміздің құқығы тапталған сәттерде қатал ескертулер жасау тек Шаханов сияқты ірі тұлғаның ғана қолынан келетін еді.

Ақынның басты мақсаттарының бірі – болашақ ұрпақтың санасын ұлттық рухта тәрбиелеу еді. Осы орайда ол елдегі қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің санын еселеп арттыру мәселесін өткір көтерді. Мектеп табалдырығын аттайтын қазақ сыныптарына баратын балалардың санын көбейту, олардың қатарын арттыру және сапалы біліммен қамтамасыз ету тұрғысында Үкімет басшыларына ескерту жасады. Оның бұл табанды талаптары мен ұлттық мүддені ту еткен қадамдары көптеген мәселелердің оң шешілуіне, атқарушы биліктің селт етіп, нақты шаралар қолдануына айтарлықтай септігін тигізді. Әсіресе, балабақшалардың қазақ тіліне көшуі, жас сәбилердің ана тілінде тәй-тәй басып, ұлттық тәрбие алуы жөнінде келелі мәселелер көтерді. Ол лауазымды тұлғалардың қазақ мектептері мен балабақшаларына ерекше көңіл бөлуін талап етіп, осы салаға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы мен қамқорлықтың артуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық білім беру жүйесінің іргетасын қазақша қалау - елдіктің басты шарты екенін ешқашан естен шығарған емес. Жас буынның өзге тілде тәрбиеленіп, өз тамырынан ажырап бара жатқанына жаны ауырған ақын бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейінде көтеріп,  реформалардың басталуына мұрындық болды.

Ақын халық қалаулысы болып тұрған кезде оның қабылдауына еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған адамдар жиі келетін. Жер-жерден шұбырып келген халық өзінің мұңын шағып, басына түскен қиын жағдайларды айтып,  Мұхтар Шахановтан  көмек сұрайтын. Ол кісі ешбір жанды бөле-жармай, әрбір азаматты жылы қабылдап, мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөлетін. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында тиісті орындарға тоқтаусыз сауалдар жолдап, мәселенің оң шешілуін қадағалайтын. Кейбір кездері өзі тікелей іссапармен барған аймақтарда қарапайым халықпен кездесіп, олардың өтініштерін зейін қоя тыңдайтын, тіпті қажет болса, сол жерден телефонмен звондап, мәселені ойдағыдай реттеуге тырысатын. Оның жұмыс бөлмесі әділдік іздеген жандардың панасына айналып, есігі ешқашан жабылмайтын. Хаттар мен арыздардың көптігіне қарамастан, ол әрбір істің соңына дейін жетіп, әділдіктің орнауына күш салатын. Ел ішіндегі қарапайым адамдар шенеуніктерден таппаған әділдікті ақын ағаның алдына келіп табатын, өйткені оның бойындағы адалдық пен қайырымдылық ешқандай лауазыммен өлшенбейтін асқақ қасиет еді.

Мен ол кісімен ара-тұра кездесіп тұрған шақтарымда, Мұхтар ағаның өзі де халықтың осы бір мұң-мұқтажы мен оларға жасалған көмектер туралы жиі айтып отыратын. Халық оны жай ғана лауазымды шенеунік немесе депутат ретінде емес, өзінің шынайы жанашыры, асқар таудай қорғаны ретінде жақсы көріп, ерекше сыйлады. Ол халықтың ортасында әрқашан шынайы, қарапайым бола білді. Дәл осы қасиетінің арқасында ел тарихында қайырымды, ізгі жүректі және ұлы тұлға ретінде мәңгілікке сақталып қалды. Биыл өмірден өтсе де, оның артында қалған осындай қайырымды істері, ұлтқа жасаған қамқорлығы халық жадында жиі еске алынып, есімі әрқашан құрметпен атала береді. Әрбір айтқан сөзі мен естелігі біз үшін тағылымды өмірлік мектеп, ұлтжандылықтың шынайы үлгісі еді. Мұхтар ағаның әңгімелерін тыңдап отырып, оның бойындағы мемлекетшілдік сезімнің қаншалықты терең екенін, халықтың тағдыры үшін түн ұйқысын төрт бөлген шынайы азамат екенін ұғынатынбыз.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісі Мұхтар Шахановтың өмірлік жан жарасына, сонымен бірге оның қайраткерлік ғұмырының ең биік шыңына айналды. Сол бір сұрапыл күндері қазақ жастарының басына қауіп төнгенде ол бозторғайдай шырылдап, қарлығаштай қанатымен су сепкендей болып, өз халқына араша түсуге бел буды. Өктем жүйенің қанды шеңгелінен сескенбей, жазықсыз жапа шеккен өрімдей ұл-қыздарымыздың намысын жыртты. Мұхтар Шахановтың бұл жанқиярлығы 1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде бүкіл әлемді шарпыған тарихи ерлікке ұласты. Кремльдің сұрқай қабырғалары мен империялық саясаттың сесінен қаймықпай, қазақ баласының басына түскен нәубетті әлем алдында ашық айту тек жүрек жұтқан арыстандардың ғана қолынан келетін іс еді. Ол бүкіл бір ұлтқа тағылған әділетсіз айыпты алып тастау үшін өз басын қатерге тігіп, тарихи мінберге көтерілді.

Сол тұстарда мен Қостанай өңірінде қызмет істеп жүрген едім. Саясаттың ызғары тұрып, кеңестік цензура қатал бақылап тұрған кез. Көшелердегі дауыс зорайтқыш микрофондар мен радиодан Мәскеудегі съезді бүкіл ел ұйып тыңдайтын. Дәл осы жиында Мұхтар Шаханов КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевтен «Арал теңізінің мәселесі жайлы айтамын» деп сөз сұрап, мінберге көтерілді. Алайда мінберге шыққан ақын кенеттен сөз арнасын жасырын тұншықтырылып жатқан Желтоқсан қасіретіне қарай шұғыл бұрды. Осылайша 4-5 минуттың ішінде ол Кремльдің мызғымас сеңін бұзып, қабырғасын теңселтіп жіберді. Бүкіл одақ көз тіккен үлкен мінберден қазақ жастарының қаны төгілгенін, олардың заңсыз жазаланғанын жайып салды. Радиодан естіліп тұрған оның отты да айбынды дауысы Қостанай көшелерінде тұрған біздің жүрегімізге үкілі үміт пен мақтаныш ұялатты, бүкіл халық селт етіп, еңсесін көтерді.

Ақын өз сөзінде әскерлердің бейбіт шеруге қатысушыларға қарсы ел тарихында бірінші рет сапер күрекшелері мен  қызметтік иттер қолданғанын, қыздарды қолшоқпармен, керзі етікпен аяусыз ұрып-соққанын ашына жеткізді. Жазықсыз адамдарға жасалған қиянаттарды бүкіл одаққа жария етті. Мұхтар Шаханов сол биік мінберден: «Бес мың адамды, он мың, жүз мың адамды  кінәлауға болады, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз – бұл барлық қазақ халқына тағылған айыптау. Сондықтан біз әділдікті қалпына келтіру, халықтан қатал және негізсіз айыптауды алып тастау жөнінде өтініш білдіреміз. Қазақ халқы өз тарихында, өз қанымен халықтар достығына адал екенін талай рет дәлелдеді»,- деп ашық мәлімдеді. Ол КОКП Орталық Комитетінің қазақ халқына күйе жаққан «қазақ ұлтшылдығы» туралы әділетсіз қаулысының түпкілікті жойылуына, тарихи әділдіктің орнауына тікелей үлес қосты. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің құрамында арнайы Желтоқсан оқиғасын зерттейтін комиссия құрылып, Мұхтар Шаханов соның мүшесі ретінде зор еңбек сіңірді. Ол өктем жүйенің қылмыстарын әшкерелеп, қаншама жазықсыз сотталған, оқудан және жұмыстан шыққан жастардың ақталып, есімдерінің қайта жаңғыруына мұрындық болды. Оның Желтоқсан рухын тірілткен осы бір асқан ерлігі мен халыққа жасаған қамқорлығы ешқашан ұмытылмайды.

Мұхтар Шахановтың Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашу жолындағы күресі тек мінберлермен шектелген жоқ, ол бұл қасірет пен ерлікті өшпес әдеби мұраға айналдырды. Ақынның жылдар бойы жүрегін сыздатқан жан жарасы кейіннен «Желтоқсан эпопеясы» атты ауқымды да қалың кітап болып жарық көрді. Бұл туынды жай ғана әдеби шығарма емес, тарихи әділдіктің, ұлттық намыстың қайнар көзіне айналған, әрбір қазақтың еңсесін тіктейтін мәнді тарихи құжат еді. Осы бір айтулы еңбектің алғаш халыққа жол тартуына менің де тікелей қатысым болғанын бүгінде мақтанышпен, айырықша толғаныспен еске аламын. Бұл кітап қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолында қандай құрбандықтарға барғанын көрсететін айнымас шежіре іспетті. Ондағы әрбір жол, әрбір шындық дерек оқырманның қанын тулатып, ұлттық намысын оятатын ғажайып күшке ие.

Сол тұстарда мен Арқа төсінде 1990 жылдың 12 желтоқсанында ашылған байырғы  республикалық «Жаңа Сарыарқа» журналында бас редактордың  орынбасары қызметін атқарып жүрген едім. Ал журналдың бас редакторы - елімізге кеңінен танымал ақын, ардақты ағамыз Нұрғожа Оразов болатын. Мұхтар Шахановтың жаңа шығарма жазып жатқанынан хабардар болған соң мен Нұрғожа ағамызға: «Мұхтар ағаның осы «Желтоқсан эпопеясының» әлі сиясы кеппеген алғашқы үзінділерін журналымызға жарияласақ қайтеді?» — деген  ұсыныс тастадым. Ұлттық сөз өнері мен шындықтың қадірін білетін Нұрғожа Оразов бұл бастаманы бірден қолдап, өз келісімін берді. Осыдан кейін біз Мұхтар Шахановтың өзімен байланысып, қолжазбаның алғашқы нұсқаларын алдық. Көп ұзамай «Желтоқсан эпопеясының» ең алғашқы үзінділерін «Жаңа Сарыарқа» журналында арнайы жарияладық. Бұл басылым оқырман қауым арасында үлкен серпіліс туғызып, қоғам назарын бірден өзіне аударды. Желтоқсанның қасіретті күндері мен Мұхтар ағаның ақиқатты іздеу жолындағы қажырлы еңбегі жан-зақты сипатталған бұл жолдарды оқыған халықтың рухы оянып, ерекше әсерге бөленді. Бұл туынды - өткен тарихымыздың шынайы шежіресі. Оны бүгінде ашып оқып отырғанда, жүрек толқып, көңілің босайды. Сонымен бірге Мұхтар Шахановтай ұлы тұлғаның өз ұлты үшін атқарған орасан зор еңбегін сезініп, мақтаныш сезімі кернейді. Бұл шығарманы басып шығару сол кезеңдегі түрлі көзқарастарға  қарамастан жасалған  батыл қадам еді және журналдың тарихындағы ең маңызды кезең ретінде қалды.

Мұхтар Шахановтың мінезі де өлеңдері секілді жалынды, тік әрі өткір болатын. Керек жерінде тез ашуланатын, бірақ оның ашуы жеке басының қамы үшін емес, әрқашан ұлт мүддесі, әділдік пен ана тілінің тағдыры үшін туындайтын. Парламент қабырғасында жүргенде де ұлттық құндылықтар мен халықтың тұрмысын жақсарту жолында талай лауазымды тұлғалармен айқасып, айтысып-тартысқанына талай мәрте куә болдық. Ол ешқашан екіжүзділікке бармаған, әрқашан әділдік пен адалдықтың жағында тұрған, қазақ тарихында бір-ақ рет қайталанатын бірегей құбылыс еді. Өзінің отты жырларын тек қазақ тілінде жазып, сол ана тілінің құдіретімен ел ішінде құрметке бөленді, басқа тілдерге аударылған өлеңдері арқылы бүкіл әлемге танылды. Ақынның Астанада өткізген мазмұнды күндерінің ішінде ерекше бір оқиға жадымда мықтап сақталып қалды. Бірде Астана қалалық прокуратурасында Мұхтар Шахановпен қызықты кездесу өтті. Бұл алқалы жиынды сол кездегі қала прокурорының орынбасары, белгілі заңгер Сапарбек Айтуұлы Нұрпейісов ұйымдастырып, басқарып отырды. Кең ауқымды кездесуге байырғы дипломат Сайлау Батыршаұлы бастаған елге белгілі зиялы қауым өкілдері және қаланың прокуратура  қызметкерлері  қатысты. Ол заң орындарының басшыларымен кездескенде де өзінің өткір мінезінен танбай, заңның әділ орындалуын батыл талап ететін.

Осы жиында Мұхтар Шаханов прокуратура қызметкерлерінің алдында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы салмақты әңгіме қозғады. Ол заң орындарында іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің маңыздылығын, халықтың мұң-мұқтажын өз тілінде жазу және азаматтардың құқықтарын заң аясында қорғау қажеттігін шегелеп айтты. Құқық қорғау саласы ең алдымен өз ұлтының тілі мен діліне қызмет етуі тиіс екенін ашық жеткізді. Сол кезде байқағаным, прокурордың орынбасары Сапарбек Айтуұлы Мұхтар ағаны бұрыннан жақсы таниды екен және оның тұлғалық болмысына, қайраткерлігіне деген құрметі ерекше жоғары болды. Кездесу аяқталған соң Сапарбек Айтуұлы атақты  ақынға ілтипат білдіріп, бізге арнайы дастархан жайып, лайықты сый-құрмет көрсетті. Мұхтар ағамен өткен осындай шуақты сәттер жүректе мәңгілікке ұялап қалды. Ақын ресми мінберлерде қаншалықты қатал әрі ымырасыз болса, өмірде, дастархан басында соншалықты бауырмал, ақкөңіл жан еді. Жүрген жерінде өзінің басынан өткен қызықты оқиғаларын майын тамыза баяндап, сондай бір тартымды әңгімелер айтып, бәрімізді күлдіріп, отырған ортаның көңілін көтеріп, рухын оятатын. Оның қалжыңдары мен тапқыр сөздері кез келген ортаның сыны мен сызын жібітіп, адамдарды өзіне баурап алатын ерекше қасиетке ие болатын.

Мұхтар ағаның депутат болып жүрген сол бір жалынды шақтарында, Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы қызмет атқаратын. Оразгүл апай да дәл Мұхтар Шаханов секілді тура мінезді, ұлт десе ішкен асын жерге қоятын, Астана төрінде орысша араластырмай, таза мемлекеттік тілдің үстемдік құруына қажырлы күш жұмсады. Сол кісінің тікелей ұйымдастыруымен және бастамасымен бас қаланың ең үлкен мәдениет ордасы – Конгресс-холл залында Мұхтар Шахановпен ерекше мазмұнды, тартымды  кездесу кеші өтті. Оған елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері түгел ағылып келді. Осы кеште Мұхтар ағаның отты өлеңдері оқылып, жүректі тербеген ғажайып әндері шырқалды. Өзі де жалынды жырларын жұртшылық алдында бар дауысымен, жігерленіп оқыды.

Ең қызығы, сол күні Астанада бет қарыған қақаған қыс, далада сұрапыл суық күн болса да, даңқты ақынға деген халықтың сүйіспеншілігі ешқандай аязға бой берген жоқ. Кездесуге келген жұрттың қарасы соншалықты көп болды, залда ине шаншар жер қалмады. Отыратын орын таппаған көптеген адамдар екі қабырғаның жиегінде, залдың артқы жағында тікесінен тік тұрып, кешті бастан-аяқ ерекше ықыласпен тыңдады. Бұл алқалы жиынға белгілі депутат, философия және социология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, Мұхтар ағаның ұлт тарихындағы орны мен қайраткерлігі туралы пайымды, парасатты бағаларын берді. Сахнадан да, залдан да ұлттық рухтың лебі есіп, халықтың еңсесін көтерген ғажайып сөздер айтылды. Сол бір қыстың суығында халықтың жүрегін жылытқан рухты кештің жарқын сәттері, адамдардың ақынға деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласы менің көз алдымда әлі күнге дейін дәл кешегідей сайрап тұр.

Ақынның тек отты жырлары мен қайраткерлік қырлары ғана емес, оның қазақ өнеріндегі тағы бір ерекше белгісі - композиторлығы, жүректі елжіретер ғажап әндердің авторы екендігі. Мұхтар ағаның әуезді әндері де өлеңдері сияқты халықтың қанына сіңіп, жүрегінен терең орын алды. 2021 жылдың 11 қарашасында  Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде елеулі мәдени оқиға болды. Аталған қара шаңырақтың ректоры, әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақоджаеваның тікелей қолдауымен Жамбыл Жабаев залында менің «Жасай бер, еркін елім!» атты жеке шығармашылық кешім жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кештің бағдарламасына менің төл өлеңдерім мен сөздеріме жазылған әндер түгелдей дерлік енгізілді. Дайындық барысында ұйымдастырушылар мен кешті жүргізушілерге: «Осы бағдарламаға Мұхтар Шахановтың белгілі  «Мен саған ғашық едім» әнін де қоссақ қайтеді?» - деген күтпеген ұсыныс жасадым. Сонда таң қалған жүргізушілер: «Аға, бұл Мұхтар Шахановтың кеші емес қой, бұл сіздің төл шығармашылық кешіңіз, мұныңыз қалай болады?» - деп жатырқап, түсінбей қарады. Мен еш ойланбастан: «Мен Мұхтар Шаханов ағаны сыйлаймын. Оның осы «Мен саған ғашық едім» әнін мектеп қабырғасында оқып жүрген бала кезден сүйіп тыңдап, талай жиын-тойларда өзім де шырқап, жаныммен жақсы көріп өстім», - деп, қоярда-қоймай бағдарламаға енгіздірдім. Бұл әнді бағдарламаға енгізу арқылы мен ақынның талантына, оның қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегіне тағы бір мәрте өз құрметімді білдіргім келді.

Кеш барысында жаңағы әнді университеттің дарынды бір студент қызы сахнада керемет шеберлікпен,  әдемі шырқап шықты. Мен сахнаның бір бұрышында отырып, сол орындауды ерекше тебіреніспен тыңдадым. Залда отырған бүкіл көрермен әннің сиқырлы әуеніне елтіп, сырлы сөзіне ұйып, риза болғаны соншалық - ду қол шапалақтап, сахнаны теңселтті. Ақынның композиторлық таланты аясы кең дүние. Оның жүрегінен шыққан «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Жұбайлар жыры» сияқты әндері де кезінде қазақ даласын тербетіп, әрбір шаңырақтың сүйікті әуеніне айналғаны көпке аян. Ал қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп шығарған «Кешікпей келем деп ең» әні - қазақ музыкасының алтын қорына қосылған өлмес мұра. Арада қаншама жылдар өтсе де Мұхтар Шахановтың әсем әндері еш ескірмей, халықтың сағынышына айналып, мәңгілік ғұмыр кешіп келеді. Оның әуендерінен де өлеңіндегідей шынайылық пен мөлдір тазалық еседі. Бұл әндерді тыңдаған сайын қазақ жанының нәзіктігі мен сұлулығын, сонымен бірге ақын жүрегінің қаншалықты кең әрі сезімтал болғанын терең сезінеміз. Оның әуендері ұлттық жадымыздың ажырамас бөлігі ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін баға жетпес рухани қазына болып қала бермек.

Мұхтар Шахановтың ақындық әлемімен мен бала кезден таныс болдым, отты жырларын ерекше сүйіп оқыдым. Әсіресе, кезінде «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Танагөз» поэмасын бас алмай оқығам, бұл шығарма маған қатты әсер етіп, өзімді бей-жай қалдырмаған. Аталған туынды Мұхтар Шахановты қазақ әдебиетіне ғажайып, шоқтығы биік, ерекше ақын ретінде танытты және оның шығармашылығына деген құштарлығымды оятты. Ондағы махаббат пен адалдық, адамгершілік пен шындық мәселелері жас жүрегімді тебірентіп, өмірлік мұраттарымның қалыптасуына әсер етті. Жылдар өте келе, мен «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарғанда, Мұхтар аға Қазақстанның Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды. Сол тұста мен  ақынның тұлғалық мәртебесі мен қайраткерлік қырын аша түсу мақсатында «Мен Мұхтар Шахановқа бас иемін» атты ауқымды материал дайындап, оны газеттің қатарынан екі айқара бетіне толықтай жарияладым. Бұл мақала кейіннен республикалық «Ана тілі» газетінде де  қайта басылып,  қоғамдық серпіліс туғызып, есімі аңызға айналған «Шаханов шыңы» атауымен ел жадында қалды. Оған қоса, кейін «Қостанай таңы» газетінің бірінші бетінде Мұхтар ағаны Қазақстанның Тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, екінші бетіне шығармашлығы жайлы тағы бір материалын бердік. Осы дүниелердің бәрін жинап, зайыбым белгілі ақын Марфуға Бектемірованың екеуіміздің кітаптарымызды қосып, Мұхтар ағаның Қырғызстанға, Бішкектегі мекенжайына телефонмен хабарласып, сүйіншілей отырып, аманат етіп жібердім.  Ағамыз осы  құрметке ерекше риза болып, өзінің жылы лебізі мен ақ батасын, ыстық тілегін жеткізді. Ол хатта біздің шығармашылығымызға үлкен үмітпен қарайтынын, қазақтың рухын көтеретін жырларды көптеп жазу керектігін өсиет етіп айтқан жадымызда

Кейін Мұхтар Шаханов Қырғызстандағы 10 жыл бойы атқарған елшілік қызметінен ауысып, Алматыға оралып, «Жалын» журналының бас редакторы қызметіне кірісті. Дәл осы тұста мен Алматыға арнайы барып, ақынмен алғаш рет жүзбе-жүз көрісіп, жақыннан танысу бақытына ие болдым. Сол кездесуде ол кісі маған қарап: «Мен Марфуға екеуіңді ерлі-зайыпты тамаша ақындар ретінде білемін, сендерге әрқашан тілектеспін. Екеуің де  жақсы өлең жазасыңдар. «Жалын» журналының есігі сендер үшін әрдайым ашық, жыл сайын әдемі жырларыңды жіберіп тұрыңдар», - деп ағалық ақжарма көңілімен жол сілтеді. Кейбір басылымдар біздің шығармашылығымызды қызғанып, жылдар бойы өлеңдерімізді шығармай, шетқақай қылып, түрлі кедергілер жасап жатқан қысылтаяң шақтарда Мұхтар аға өзі басқарған «Жалын» журналы арқылы бізге  рухани қамқорлық танытты. Дәл осылайша, ол бізге ондаған жылдар бойы жылы сөзін аямай, әдебиеттегі қанатымыздың қатаюына септігін тигізді, өмірінің соңына дейін тоқтаусыз қолдау көрсетті. Әйгілі ақынның бұл азаматтығын, рухани жомарттығы мен көрсеткен қамқорлығын мен ешқашан ұмытпаймын. «Жалын» журналы біз үшін жай ғана басылым емес, Мұхтар ағаның ақ батасымен ашылған үлкен шығармашылық мектепке, қасиетті қара шаңыраққа айналды. Ол жас таланттардың бағын ашуда ешқашан аянып қалмайтын, өзінің соңынан ерген іні-қарындастарына әрқашан қамқор әкедей жол көрсететін ұлағатты  ұстаз, ардақты абыз ретінде танылды.

Мұхтар Шаханов шын мәнісінде нағыз талант еді. Кешегі Махамбет пен Қасымның ізін жалғастырып, найзағайдай жарқылдаған, кесіп өтетін алмас қылыштай өткір, тегеуірінді жырларымен әдебиетімізде дара жол салды. Қазақ поэзиясына мұқалмас, сынбайтын, өлмейтін рух әкеліп, төңкеріс жасады. Әрбір өлеңін оқып отырып, маржан сөздеріне, ұтқыр теңеулеріне, философиялық түйіндеріне таң қаласың! Ол үлкен жүректі, мейірімді, парасатты, энциклопедиялық білімі бар зиялы, қайырымды, прогрессивті, озық ойлы алтын, асыл адам еді. Барлық ізгі қасиеттерді тал бойына сіңірген дана еді, ана тіліміздің, өскелең ұрпақтың қамын ойлап, еліміздің ертеңіне алаңдаған мемлекетшіл тұлға еді. Халқымыздың әлем алдындағы мақтан тұтар жарық жұлдызы, қазақтың ар-ожданы еді. Әдебиет әлеміндегі ерекше құбылыс болды. Ондай асыл да ақжолтай азамат бұл ғасырда сирек туатын шығар қазақтың бағына?!

Мұхтар Шаханов туралы әрқашан тек ең игі, ең шынайы әрі жақсы пікір айту - менің перзенттік те, азаматтық та парызым. 2026 жылдың сәуір айында әлемге әйгілі ақынның өмірден өткені туралы қаралы хабарды естігенде, бұл мен үшін күтпеген ауыр соққы болды. Төбемнен найзағай түскендей, тұтқиылдан жай түскендей өте қатты әсер етті. Себебі мен ол кісіні өмір бойы ерекше қадірледім, шығармашылығын пір тұтып, азаматтық болмысын шексіз құрметтеп, сыйлап өстім. Оның қазасы бүкіл қазақ даласын күңірентіп кетті, руханиятымыздың асқар тауы құлағандай ауыр сезіндік. Аяулы ақын ағамыз мәңгілік сапарға аттанғаннан кейін, жүрегімді кернеген қимастық пен зор сағыныштан туған «Қош бол, аяулы Мұхтар аға!» атты жоқтау-өлеңімді жаздым. Бұл туындым республикалық «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Ұлы тұлғаның бүкіл болмысы мен күрескерлік рухын сипаттайтын сол өлеңімнің екі шумағын осы толғанысымның түйіні ретінде  ұсынғым келеді:

Ауымайсың жүрек жұтқан арыстаннан,

Кезің жоқ ел мүддесінен қалыс қалған.

Рухыңмен қазағыңды желеп-жебеп,

Қол бұлғап тұрсың биік алыстардан,

Тұяғысың көзі қалған арыстардан.

Ұқсайды тілің өткір ұстараға,

Толғанам кітабыңды ұстап аға.

Мен сені қалай қиям қара жерге,

Бақұл бол! Қош бол, мәңгі Мұхтар аға!

Бұл жыр жолдары - тек менің ғана емес, бүкіл қазақ халқының Мұхтар Шахановқа деген мәңгілік махаббаты мен зор құрметінің белгісі. Ол өзінің соңғы деміне дейін ұлтының рухын асқақтатып өткен шынайы халықтық қаһарман еді. Бүгінде ол тәнімен арамыздан кетсе де, өшпес рухымен, отты жырларымен және артында қалған өлмес мұрасымен биік алыстардан бізге қарап, елінің болашағын желеп-жебеп тұрғандай. Біз барда, қазақ барда Мұхтар Шаханов есімі ешқашан ұмытылмайды, мәңгі жасай береді! Тәуелсіздік жолындағы батыр да қайсар, өжет ұлдың  әрбір ерлігі мен шығармашылық мұрасы біздің жүрегімізде мәңгілік ақиқат шырағы болып жана бермек. Иісі қазақтың бетке ұстар асылына айналған ұлы тұлғаның қалдырған өсиеті мен өнегелі ғұмыры келер ұрпақтың бойына ұлттық намыс пен отаншылдық сезімін ұялататын өшпес шырақ болып қала береді. Біз бекзатымыздың есімін ұлықтау арқылы өз ұлтымыздың рухын асқақтата түсеміз, өйткені Мұхтар Шаханов – бүкіл халқымыздың мәңгілік мақтанышы, шындық пен рухтың ешқашан сөнбейтін асқақ жыршысы.

 

Есенгелді Сүйінов, ақын, 

«Золотое перо Руси» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan