Көңілдің төрінде – кемел ұстаз!

59

Көңілдің төрінде –  кемел ұстаз! - adebiportal.kz

Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Алдымен ұстаз, ғалым бола білген, онымен қоғамдық жұмыстарды қатар тізгіндеген азамат ағаларымыздың келбеті, жақсылық шарапаты, ұстаздық ізгі ниеті қашанда көңіл төрінде орын алары сөзсіз. Сол ізгі жандардың бірі, әдебиетші ғалым, өнегелі ұстаз, профессор Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың 80 жылдығы қарсаңында ізгі ниетпен жақсы сөз арнауды парыз санаймыз.

Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та – ардың ісі. Ол да бір жарық сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтайды. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды халқымыз асыл азаматқа бағалаған. Осындай сыйлы ұстаздарымыздың бірі, Махамбет университетінің профессоры Серікқали Шарабасов ағайымыз еді. 

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы  әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс.

Серікқали Ғабдешұлымен таныстығымызға біраз уақыт болған екен. Оған дейін ғалым-ұстаздың келбетімен сырттай таныс едік. Осы уақыт аралығында байқағаным, оның жемісті жылдарының жеңісі мен жетістігі шәкірт тәрбиелеудегі еңбегімен аңғарылады, бағаланады екен. Теледидарды аша қылсаң, сөйлеп жататын, барлық қоғамдық шараның бел ортасында жүретін. Сәкен мектебінде оқитын кезіміз. Біздерді Тайыр Жароковқа арналған шараға әкелген. Ұйымдастырушы – Серікқали Шарабасов. Жақыннан алғаш көруім. «Бесжылдықтың балғасы» деген өлеңді жаттап келгем. «Мына өлеңді оқитын үлкендеу біреу болмады ма? Мына титтей құлап қалмасын» деп қалжыңдады. Сол сөзіне намыстандым ба екен, бар даусыммен қаттырақ оқыдым. «Мынауың титтей болғанымен, шамалыны құлатайын деп тұр ғой...» деп залды ду күлдіргені бар. Бұл менің ағаймен оқушы кезімде қазір өзім қызмет етіп жатқан Махамбет университетінің акт залында кездескен алғашқы кездесуім еді. Одан кейінгі жылдарда облыстық олимпиадалар мен өзге де білім байқауларында көрісіп жүрдік. Қашанда жарқырып, жадырап жүретін. «Мына титтей қазір 11-мектептің жұлдызына айналған» деп мұғалімдерімізге мақтап, мерейімізді асырып жүретін. 

Мен ағайдың алдынан дәріс алмадым, «Шарабасовтың шекпенінен шыққан» шәкірті емеспін. Алматыға оқуға кетіп, кейін аспирантуға түсіп, ғылыми ізденісте жүргенде тілекші боп жүретін. Менің ұстазым, ғылыми жетекшіме деген құрметі бөлек болатын. Аспирантурада оқып жүргенімде, ұстазым Серік Мақпырұлын мемлекеттік емтиханда төраға болуға шақырып, сол сапарында Оралға ағаймен бірге  келгем. Поезд тоқтаған бойда, Серікқали ағайдың айқайлаған даусын бірден естідік. «Секең қызымен бірге келе жатыр, ол біздің титтей екенін біліп, гүл әкелдік ал» деп әдемі қарсы алған. Көңілі дархан даладай кеңдігін әркез көрсетіп жүретін. Серік ағайымның осы сапарында үнемі қасында жүрдік. Сол кезде мен Серікқали ағайды жақыннан тани түстім. Бір күні Жайықтың жағасына шақырды. Серік ағайыма Жайықтың сұлулығын көрсетті, ұстазым шабыттанып, өлең де туған еді. Осы сапарда сыйластықтың әдемі үлгісін көргем. Ғалымды, ұстазды сыйлаудың озық үлгісін ісімен көрсеткен. Сол сапардан кейін «жаны таза, ғажап адамға шәкірт болуың бір емес, мың бақыт» деген еді. 

2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, Оралға келдім. Махамбет университетіне қызметке тұрдым. Кафедрада Меруерт Жолдықайырқызы бастаған үлкендеріміз құшақ жая қарсы алған. Әр істің басында Серікқали Ғабдешұлы жүретін. Жұмысқа алғаш келген күні шеруге ертіп апарған. Сабақтар арасында бос уақытымды кестеден біліп,  Жайыққа алып кететін. Ағай апармаса, оралдық қыз болғаныммен, сол кезде Жайыққа да көп бармаппын. 

Бір күні мамандықтар аттестаттаудан өтетін болды. Студенттерді тестімен дайындауды әр пән оқытушысы бөліп алды. «Әдебиет теориясы» маған бөлінді. Ол кезде сол пәннен Серікқали ағай беретін. «Алашорда, барыңды сал, ең жоғары көрсеткіш болсын» деді. Сол сынақтан абыроймен өтіп, алғысын жаудырған. Жүрген жерінде біразға дейін айтып жүрді. «Әдебиеттануға кіріспе» мен «Әдебиет теориясының» сүйікті пәндеріме айналуы сүйікті ұстазым Серік Мақпырұлының өз пәніне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің үлгі болуынан еді. Серікқали ағайымыз осы пәндерді аманаттаған болатын. Сенім үдесінен шығу, үмітті әркез ақтау  ұстанымы – біздің де парызымыз. Ағайымыздан әркез үлкенге құрмет көрсетудің, алдыңғы буынның кейінгіні мойындауының, үлкеннің жасты бағалауының әдемі үлгісі деп қабылдап, біз де риза боп жүретінбіз. 

«Ағай, мен мемлекеттік ғылыми стипендияға тапсырмақпын. Қалай ойлайсыз?» дей бергенімде, бірден «жай қатыса салу оңай, жеңетініңе сенімді бол» деді, тілекші болды. Жеңіске жеткенде, өзі жеткендей, ерекше қуанатын.

Қандай шара болса да, қасынан қалдырмай, ертіп жүретін. Әсіресе, кітапханалардағы әдеби шаралардан қалдырмайтын, сөйлететін, болған бойда мақтай жөнелетін. Теледидардағы хабарларға, сұхбаттарға қолыңнан жетектеп апаратын. 

Университетімізге келген алғашқы жылдардың бірінде жазушы, ғалымдар, бір сөзбен айтқанда, зиялы қауым өкілдері келетін болды. Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаев, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбеков – университеттің құрметті қонақтары. «Акт залда үлкен кеш өтеді. Дайындық бүгіннен басталсын. Бұл ректор Тұяқбай Зейітұлының тапсырмасы» деп қысқа қайырды. «Алашорда, дайындықты пысықта, Әбіш пен Мырзатайдың біріне дайындалу керек, жақындағанда айтам» деді. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына дайындалып жүргем, бір жағынан қорқыныш та бар,  себебі өздері қатысады. Олардың алдында сөз сөйлеу де оңай еместей көрінді. Кеш болатын уақыт таяғанда дайындық өтті. Ағай маған «сен Әбішті емес, Мырзатайды аласың» дегенде, не дерімді білмедім. Уақыт аз... Бір күнде Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылығына дайындалатын болдым. Ағай өзі Әбіш Кекілбаевтың мұрасына баяндама жасайтын болды. Ағайдың осындай лезде шешім қабылдайтын әдеті бар еді... Сонымен кеш өтетін күн де жетті. Баяндама жасап шықтық. Сол кездегі ректорымыз академик Тұяқбай Зейітұлы бастап, қонақтарымыз төрден орын алды. Бұл мен үшін сынақ та болды. Кеш біткесін, Мырзатай Жолдасбекұлы мен Фариза Оңғарсынованың алғысына бөленіп, Әбіш Кекілбаевтың батасын алған ең әдемі сәт болды. Серікқали ағайымыз болса, дән риза. Ағай осындай сынақтармен шыңдап алушы еді. Сыннай сүрінбей өтсең, ерекше риза болатын. Бұл да ұстаздық қасиеттің бір қыры сияқты көрінетін... 

Осындай сәттер жиі боп тұратын. Бір күні түнде телефон соқты. «Алашорда, ертең өтетін Жұбанға арналған республикалық конференцияға шақырылған бір ғалым келе алмайтын болды. Түнімен дайындал да, ертең сағат оннан қалмай, Жұбан кітапханасында болатын бол. Жан-жақтан ғалымдар келеді. Облыс әкімі Ізмұханбетов өзі қатысады. София апай болады» деп телефонды қоя салды. Осылай таң қалдырған. Ештеңе сұрап үлгермедім. Бір түнде  барынша дайындалып, «Жұбан Молдағалиев поэзиясындағы ақындық «мен» феномені» тақырыбында баяндама жасадым. Конференциядан кейін түскі ас болды. Келген қонақтарды әкім қабылдады. Сол қабылдауға ертіп апарды. Мақтауыңды асырып, мәртебеңді өсіріп, марқайтып жіберетін. «Сенімге селкеу түсірмесең, алысқа барасың, аяқ асты жұлдыз боп кетсең, тез сөнесің» дейтін. Алдыңғы буынның кейінгі жасқа ақыл айтып, жол көрсетуінің тағы бір қыры осындай болған. Ағай осы қырымен де құрметті еді. 

Ол сабақтарын силлабуспен көп жүргізбейтін. Бір күні кітапханаға алып кетеді, бір күні «Қазақ әдебиетін» оқытып отыратын. Бір күні музейде өтетін. Қайда апарса да, студенттері ере жөнелетін. Студенттер үшін ағаймен өткен әр сабақ қызықты, әр сәт мәнді, өмірлік сабақ еді.   

«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Серікқали Шарабасов кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытып жүретін ардақты ағалардың бірі бола білді. 

Кітапханашылар жас ғалымдармен кездесу кешін өткізді. Серікқали ағай өзі жетекшілік жасайтын топ студенттерін бірге алып келді. Ағайға сөз берілді. Сол кезде «Алматы бізді әдемі қарсы алды. Алматыға асыға барушы едік. Себебі «қазақтың Қабдоловы» атанған Зекең күтетін. Сол үшін де Алматы ыстық еді. Ал бұл апайларың менің ұстазым жүрген қасиетті білім мен ғылым ордасынан қорғап келді. Сол үшін де бағалы» деп сөйлеген. Серікқали ағай ұстазы, ғылыми жетекшісі Зейнолла Қабдоловты ерекше құрметтейтін. Ұстазының қанатты сөзге айналған сөздерін студенттеріне үнемі айтып отыратын. Ағайдың бойынан ұстазды сыйлаудың, құрметтеудің, ұлықтаудың әдемі үлгісін көретінбіз.

Қандай жетістікке жетсек те, қасымыздан табылатын және шын қуанатын. Жаңа ортаға түскенде, әрбір жас маман үшін  жылы қабылдау мен қолдаудың маңызы зор. Сол жылылықты біз әркез Серікқали ағайдан көргенбіз. Ағай өзі сабақ алған, пендешілікпен жасаған қателіктері туралы ашық айтатын, мойындайтын да...  Өмірдегі өкініштерін де... Бұл да бір өмір өткелдерінде өз ғұмырына есеп берудің үлгісіндей көрінетін. Ағай дерті дендеп, өмірден өтер шағы жақындағанда шаңырағына қонаққа шақырды. Ғалым, ұстаз іні-келіндер ортасында мен де бар едім. Рахымжан Хамзин мен Болат Жексенғалиевтай сыйлы ағаларымыз болған. «Алашордалар көп жиналып кетсе, жағдай қиын» деп қалжыңдағаны да бар. Дерттің қинап жүргенін білдірмеді де, алғысқа толы, жүрекке жылы сөздерін естіп, қуандық та, соңғы сөздерін естігендей мұңайып та шыққанбыз. 

Ғалымның ғылыми мұрасына келсек, қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында прозалық жанрлардың, әсіресе шағын көлемді әңгіме жанрының поэтикасын жүйелі зерттеп, қазақ әңгімелеріндегі характер жасау шеберлігі, жанрлық-стильдік ізденістер бағытында жасаған зерттеулері ғалымның ғылыми ізденістерінің өзегін құрайды. Ал бұл жөнінде конференцияда кеңірек  тоқталатын боламыз. 

Серікқали Ғабдешұлының өзі өмірден өтсе де, артында қалған мұрасымен өлмейтіндігі анық. Махамбет университеті, ұстаздық ғұмыры өткен филология факультеті ағайды ұмытқан емес. Биыл да 80 жылдығы қарсаңында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізудің дайындығында. Ал шәкірттерінің ұстазға деген махаббаты, зор құрметі бөлек әңгіме. Еске алу шарасы аясында өзі кураторлық жасаған топ студенттері Серікқали Шарабасаов атындағы кабинетті заманауи тұрғыдан жаңартып, жасақтауда.  

Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Серікқали Ғабдешұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы  табылары сөзсіз.

Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына қызмет ету болса, өзі білім алған, өмірінің соңына дейін қызмет еткен Махамбет  университетінің филолог студенттері мен шәкірттеріне, кейінгі буын әріптестеріне  әдебиет дегеннің ардың ісі екендігін ұғындыру міндетін биік тұғырда орындап кеткен Серікқали Шарабасовтай  кемел ұстаздың, ғибратты ғалымның ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін де әрқашан биік тұғырда тұрады. 

         

                                           

     Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚУ 

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan