Сирек құбылыс

Тәкен – …өзгелерге ұқсай бермейтін, тіл, стиль, тәсіл, жанр өзгешелігімен, өзінше үн-әуенімен нәзік тереңдіктен табылар сезімтал суреткер, қайталап айтамыз – сирек құбылыс. Тәкенді екінің бірі деп те, егіздің сыңары деп те айта алмайсың. Өйткені қазақ әдебиетінде оған ұқсайтын екінші бір жазушы жоқ.

84

Сирек құбылыс - adebiportal.kz

Эстет жазушы Тәкен Әлімқұлов

Бала күнімде әкем марқұм «Тәкең эстет жазушы ғой» деп суреткер Әлімқұловтың жазу мәнеріне, оқиғаны құру шеберлігіне, зеректігіне үнемі сүйсініп отыратын. Мен ол кездері «эстет жазушы» деген сөзге аса қатты мән бермеппін. 

Енді қарап отырсам, ұлттық әдебиетімізде таланттар көп болғанымен, эстет жазушылар саусақпен санарлықтай ғана екен. Кез-келген шындықты жалаңаш күйінде айта салмай, символдармен жеткізетін, әдебиеттегі әдепті сақтай отырып, ақиқатты айтарда мәселені тереңнен қозғап, ақылы мен білімін шашып алмай, парасатын сақтай білетін эстеттер қандай уақытта болса да некен-саяқ. Сондай суреткерлердің бірі – Тәкен Әлімқұлов. Осы күнге дейін Тәкен жөнінде жазылған біраз жақсы дүниелерді оқыдым. Жазушының өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігіне таң қалып, тамсанғандар аз болған жоқ. Алайда, оның эстет жазушы ретіндегі даралығын бәрінен де жақсы байқаған замандасы Әбіш Кекілбаев болды. «Тәкен таланты тапшы болмаған соң да талғампаз. Оның еңбекшілдігі – бұрқыратап көп жазатындығы емес, не жазса да көп толғап, көп тебіренетіндігі». Тәкеннің эстетикалық талантының табиғатын тамыршыдай тап басып айтқан Әбіш ағам расында да әулие ғой. Әділін айтыңызшы, таланты тапшы жазушылардың талғампаз болмайтыны өтірік пе? Шындығында да ондайлардың жатса-тұрса ойлайтыны – барымен базар қылып, қатардан қалмаудың, кеуделеп болса да ілгеріден көрінудің қамы. Ал, эстет жазушы талғампаз болады. Бүгінгінің көңілшек жазушыларындай біреуді өтірік мақтауға ол өлсе де бармайды.

Тәкен Әлімқұлов аса көрнекті жазушы ғана емес, сыншы ретінде де дара тұлға. Өз басым оның «Жұмбақ жанын» қанша оқысам да тұнығы лайланбаған бұлақтың суын ішкендей мейірім қанбайды. Мұқабасы ескірген осы кітапты жүз рет оқыған шығармын. Әр оқыған сайын бір үлкен жаңалық ашып, кесек алтын тапқандай қуанамын. Абай шығармашылығынын тереңдігін жаңаша саралау, кемеңгердің бұрын-соңды ешкім байқамаған жұмбақ әлемінің сырына жаңаша үңілу менің ойымша тап осы Тәкеннен басталғандай болып көрінеді маған. Тәкеннің «Жұмбақ жанын» оқығаннан кейін біз әулие Абайды ғана емес, осы сөздің ұлы мағынасындағы адам Абайды да тани түскендей әсер алдық. Адам деген жұмбақтың сырына бұрынғыдан да терең бойлай бастадық. Адам болып қалу үшін Абайды қайта-қайта оқу керек екеніне көңіліміз сеніп, тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Амангелді Кеңшілікұлы

СИРЕК ҚҰБЫЛЫС

Тәкен – …өзгелерге ұқсай бермейтін, тіл, стиль, тәсіл, жанр өзгешелігімен, өзінше үн-әуенімен нәзік тереңдіктен табылар сезімтал суреткер, қайталап айтамыз – сирек құбылыс. Тәкенді екінің бірі деп те, егіздің сыңары деп те айта алмайсың. Өйткені қазақ әдебиетінде оған ұқсайтын екінші бір жазушы жоқ.

Төлеген Тоқбергенов

ОЙШЫЛ ҚАСИЕТ

Заманымен, тағдырымен емес, өмірге, еліне, жеріне деген ілһам құштарлығымен, талайымен емес, талантымен, суреткерлік ізденіс, толғаныс-толғағымен еншілес екенін күйттейді.
Т.Әлімқұловтың көрінеу бір сындарлы, көп жазушының бойынан табыла бермейтін ойшыл қасиеті маған осыдан көрінеді.

Асқар Сүлейменов

МАҢДАЙ АЛДЫ СЫНШЫ

…Тәкен қазақ әдебиетінің маңдайалды сыншысы атанар еді. Оның сын кітаптарында терең білімділік, кең құлаштылық, батылдық, әділдік қатар табылады.

Рахманқұл Бердібаев

ДАРА ДАРЫН ИЕСІ

Қалың қауыммен ширек ғасырдай ана тілдің кестелі отауында дидарласып келе жатқан Тәкен Әлімқұлов – ешкімге ұқсамайтын дара дарын иесі. Тәкен творчествосының өзекті арнасы – өнер адамы…
Тәкен творчествосында өнердің өзі сөйлейді.

Хасен Әдібаев

ҰЛЫ СУРЕТКЕР

«Жұмбақ жанды» ұлы суреткер Тәкен Әлімқұловтың роман-эссесі десек дұрыс сияқты. Роман-зерттеу десек тіптен нақтылана түседі. «Жұмбақ жан» сияқты роман-эссенің, роман-зерттеудің қазақ әдебиетінің, қазақ көркем ойының бір шыңы болып табылатыны мақтаныш тудырмаса, әсте дау тудырмайды.

Сайлаубек Жұмабек

ЖАЗУШЫЛЫҚ ДАРАЛЫҒЫ

Қазақ прозасында әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негізделуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немесе белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы.

Қансейіт Әбдезұлы

ІРІЛІГІ ЖҰМБАҚТЫҒЫНДА

Мен ертеректе Калининград қаласында болғаным бар. Сонда философ Канттың зиратының басына бардым. Көк гранит тастан қашалмай жасалған табыт жердің өзімен астасып кеткен. Ұлы философтың табыты тылсым сыр ұқтырғандай. Сонда мен былай деп ойладым: «Тіпті мынау қаланың аты өзгеріп кетсе де, Кант орнынан қозғалмас-ау»,- деп. Бұл — философ айта беретін «Вещи в себе»!
Олай болса, біз де Тәкен құдіретінің жұмбағына үңіліп, босқа арамтер болмай-ақ қоялық. Әрі-беріден соң оның ірілігі осы жұмбақтығында болса керек.
Қазақтың көрнекті жазушысы Тәкен Әлімқұлов қалдырған тамаша прозалық туындылар, терең талдауларға құрылған сыни шығармалар, шабытты көңіл күйінің сәттерін паш ететін өлеңдері кәделі мұра есепті оның өзіне өзі орнатып кеткен елеулі ескерткіш екеніне мен кәміл сенемін.

Сафуан Шаймерденов

ӘМАНДА ЖАРҚЫРАП ТҰРАДЫ

Т.Әлімқұлов – әке құты, ана сүтімен қазақ сөзінің қасиетін бойына сіңірген үлкен сырлы суреткер. Ол заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірлесіп Абай шығармашылығы хақында кітап шығарды. Көсегенің Көкжонында қара күзде ұстазымен бірге адасып, түн ішінде аспандағы Темірқазық жұлдызына қарап жол тапқаны да жадта. Жер мен ғалам, заман мен адам, тұлпарлар мен сұңқарлар тағдыры – Тәкең туындыларының Темірқазығы. Ол жұлдыз жол көрсетіп әманда жарқырап тұрады.

Аян Нысаналин

ҚАРА СӨЗДІҢ ХАС ШЕБЕРІ

Тәкен Әлімқұлов – сүйегіне күй сіңген жазушы.
Тәкен Әлімқұлов – қара сөздің хас шебері.
Тәкен Әлімқұлов – қазақ әдебиетінде «Тұлпарлар тағдыры» деген атпен тақырыптық кітап жасаған бұрын-соңды жалғыз қаламгер.
Тәкеннің таланты әңгіме жанрында ерекше гүл ашты.
Өлеңді көркем проза биігіне көтере талдаудың тамаша үлгісі – «Жұмбақ жан».

Құлбек Ергөбек

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan