Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ақылбек Шаяхмет. Алаш рухы...

07.02.2019 5167

Ақылбек Шаяхмет. Алаш рухы

Ақылбек Шаяхмет. Алаш рухы - adebiportal.kz

Өмірде мынау жалғандық толған

Шымбайға батса шындығың,

Азаттық аңсап құрбандық болған

Ерлерді жоқтар күн бүгін.

Белдерін байлап, дәстүрді сыйлап,

Кеткенде намыс азайып,

Өздерін емес, өзгені ойлап

Жүргені қандай ғажайып?!

Қиналған жұрттың жағдайын біліп,

Жасамай жатпен келісім,

Ажалға қарсы қасқайып тұрып,

Жан қиды олар ел үшін.

Үмітін үзбей, сынбаған сағы,

Тартса да тағдыр азабын,

Тұрақтап тұрса Алаштың бағы,

Көгерер еді қазағым.

Имандай сеніп, қалаған жұрты

Көтерген туын алғашқы,

Алаштың даңқы, Алаштың рухы

Ұрпаққа болсын жалғасты.

Көсіліп жатқан жерімде дархан,

Күн туар қайта серпілер.

Ерлерім менің! Сендердің арқаң

Болғаным бүгін еркін ел.

Құбылды заман

Қабақта – қырау, көңілде – қылау,

Құбылды заман жалғанда мынау.

Соққандай боран сандалды адам,

Еңсені езді құдайсыз қоғам.

Қиналды жаның, төгілді қаның.

«Қызыл ту, - деді, - бағың мен арың».

Балғамен ұрып, орақпен орып,

Жапанда қалды қызыл гүл солып.

Кесіліп талың, таланды малың.

Егінді еккен өртеді жалын.

Өзеннен өтер таппадың өткел,

Бұзуға сеңді келмеді әлің.

Күннің де болар таңы мен кеші,

Думанға толар даланың төсі.

Санаға сәуле шым-шымдап енсе,

Түзелер түбі заманның көші.

Еркіндік келді. Ертеңге ел сенді,

Аллаға шүкір! Тілеуді берді.

Ай, жылдар өтер, көз тігер шет ел,

Көк туды көкке мақтанып көтер!

***

Ішкендер мәз, жеген тоқ, қомағайлар тасынып,

Бақшадағы қызыл гүл табандарға басылып,

Алшысынан түсе ме қазағымның асығы,

Тойып жесе біреулер, біреу жатса ашығып?!

Жағымпаздар жауыздың алдарында бас ұрып,

Қонақжаймыз деп жүріп, көрінгенге шашылып,

Қыздарымыз өзгенің мойынына асылып,

Жат жұрттықтар елімді кеткен жоқ па басынып?!

Жер үстінің байлығын жұртқа бермей, жасырып,

Жер астының байлығын шет елдерге асырып,

Ішіп-жеген сұмдарды мұхит асып, қашырып,

Қайда, қалай, ағайын, барамыз біз асығып?!

***

Тексіздер мен бетсіздер

Жер бетінде неге сонша көпсіздер.

Залымдарды ажырата алмайтын

Әлде көп пе ессіздер?!

Қаскөйлер бар жас кезінен қағынған,

Қасқырлар бар қой терісін жамылған.

Зілзаладай еңсені езген салмақтан

Қайысады қабырғам.

Азайған ба тектілердің ұрпағы,

Ел намысын енді кімдер жыртады?

Жанын баққан қоянжүрек байғұстар

Арамызда жүр тағы.

Ұмыт қалып қанға сінген тектілік,

Алға шықты пасықтық пен ептілік.

Елдің ішін ала тайдай бүлдірді

Көп былық пен көп бүлік.

Жалғасуда жусаң кетпес былғаныш,

Таққұмарлық, бақталастық, қызғаныш.

Салт-дәстүрің кетері анық құрдымға,

Құтқармаса бір намыс.

Өлшеді кім – бағың қанша, сор қанша?

Тіршілікте сусыныңды іш қанғанша.

Нағыз перзент қорғап өтер ел-жұртын,

Ақтық демі, қасық қаны қалғанша.

***

Пенделер көп жан-жүрегі жаралы,

Көрген кезде адамдарды қаралы,

Тіршілікте барлық үлкен-кішінің

Ашық-жарқын болса дейсің қабағы.

Жетімдер бар жыртық киім киінген,

Жесірлер бар жабырқаған, күйінген.

Тамағы тоқ, уайымы жоқ болып,

Күліп шықса дейсің бәрі үйінен.

Адам болсаң елдің қамын ойлаған,

Жігеріңді намысыңмен қайраған,

Таза сумен тастар едің шайып сен

Кір-қоқысты жердің бетін жайлаған.

Елің тұрса келешекке сенем деп,

Сол еліне жасау керек ер еңбек.

Жалған мынау ақсақ, шолақ, мүгедек,

Осы дертті аламысың сен емдеп?!

Аз емес-ау азап, қорлық ел шеккен,

Кісәпірлер талай зорлық көрсеткен.

Жанған өртті өшіруге ұмтылшы,

Қарлығаштай қанатымен су сепкен.

***

Сезім – нәзік,

Көңіл – дархан,

Сабыр – сауыт,

Сенім – қалқан.

Мақсат – жебе,

Көбені де

Көздеп атса,

Етер талқан.

***

Жарық болсын атқан күнім,

Жұмсақ болсын мақпал түнім.

Бел қайыспай көтерейін

Тіршіліктің батпан жүгін.

Жолдың бәрі жеңіл емес,

Шығады алдан қиын белес.

Ауырлығы кездеспесе,

Мына жалған өмір емес.

***

Айқай-сүрең, ұрыс та жоқ,

Қан төгілген соғыс та жоқ.

Батылдар мен жомарттар аз,

Жылмақай мен жымысқы көп

Қаласына от боратып,

Тұрғындарын оқпен атып

Жатпаса да адамдарды

Қойдай қырған неткен уақыт?!

Көкте, жерде, жол бойынан

Жүйке жеген сарыуайымнан,

Жәбір көрген пенделердің

Бағы неге жанбай қалған?!

Жер сілкінген зор апаттан,

Селден, желден, судан, оттан

Көп ауылға, көп үйлерге

Қайғы түскен батпан-батпан.

Дауасы жоқ ауыр дерттен,

Денедегі жанған өрттен,

Жапа шеккен қаншама жан

Мақсатына жетпей кеткен.

Жүрген жолын танып алмай,

Бұл жалғанда жолы болмай,

Өзіне қол салғандар бар,

Көрінгеннің қоры болмай.

Жүріп жатыр сүргін әлі,

Осы күйге кім кінәлі?

Аққа сенбей, Хаққа көнбей,

Неге өзгерді елдің бәрі?!

Жақсы күнге ораларға

Қолдан келер шара бар ма?!

Бұлбұл тұрса тор ішінде,

Қарқылдайды қара қарға.

***

Бір оқырман сауал қойды ақынға:

«Жас өскенде көбейе ме ақыл да?»

Жас өскенмен кеміп кеткен ақылы

Ақын бұған жауап таппай отыр ма?!

Бұл сауалмен серпіле ме бар күмән,

Пенделер көп жасы жетпей алжыған.

Атаққұмар, мансапқұмар адамның

Кім біледі не күтерін алдынан.

Қартайдым деп қапаланып, шошыма,

Шүкірлік қыл! Жабырқама, жасыма.

Санадағы жарық сәуле өшпесе,

Бас аман боп, жас қосылсын жасыңа.

***

Адам боп келген соң өмірге,

Жақсы ғой артыңда із қалса.

Жүйкеміз тозбайтын темір ме?

Жаратпай жүрген бар бізді онша.

Қайтемін оларға ренжіп,

Мойнына алмаса кінәсін.

«Сөз қылма біреуді,-дейді жұрт,-

Қайтесің көтеріп күнәсін».

Жол түсіп қай жерге барсам да,

Сөзі көп, ісі жоқ адам көп.

Өзімді өзгерте алсам да,

Қоғамды өзгертер шамам жоқ.

Мотордай тұратын от алмай,

Әр жерде өтеді бір жиын.

Түзуді қисайту оп-оңай,

Қисықты түзету тым қиын.

Қисаймай жел соғып өткенде,

Тамырым тұрса да тереңде,

Шыдамым таусылып кеткенде,

Тағы да жүгінем өлеңге.

***

«Қиындық түссе басыңа,

Жабырқап, жүдеп, жасыма!» -

Атадан қалған өсиет.

Кешегі батыр бабалар,

Сүйегі асыл ағалар

Олар да тартқан қасірет.

Аяққа намыс тапталып,

Зорлық пен қорлық көп болып,

Жатса да сабыр сақтаған.

Әлсізге беріп қол ұшын,

Өтеген адал борышын,

Үмітін елдің ақтаған.

Озбырға бермей тізгінін,

Соңынан еріп ізгінің,

Тауысса кейде тағатын.

Құлдыққа кетпей еті өліп,

Азаттық туын көтеріп,

Күткен ғой соғар сағатын.

Олжадан қанша құр қалдық,

Шалынды қанша құрбандық,

Санаған бәрін жан бар ма?!

Ашылып шайдай көгіміз,

Тәуелсіз болып еліміз,

Қол жетті асыл арманға.

Аузыңа тиіп тапқаның,

Ойлайтын болдың дос қамын,

Толысты санаң, білімің.

Тойынсаң қатты тасыма,

Бақ құсын қонған басыңа

Үркітіп алма, құлыным!

***

Аллаға емес, адамға құл болғандар,

Нәпсіге еріп, азғындап, жын болғандар,

Қыбырлаған қоңыздай өмірі өтіп,

Парасат пен пайымнан құр қалғандар,

Көкірек керіп, желпініп, жұртқа жекіп,

Жала жауып кісіге жүрген адал,

Жалған сөйлеп, өсекті жүндей түтіп,

Мансап үшін былғанып, кір болғандар,

Ақиқаттан қолсозым қойдай үркіп,

Қолындағы жібекті жүн қылғандар,

Басылды ма даңғойдың желігі шын,

Арттарыңа бұрылып бір қараңдар.

Не тындырдың, не қылдың елің үшін,

Бетіне айтсам шындықты, шамданбаңдар.

***

Алдым – тұман, қайтем жолдан жаңылсам,

Артым – күмән, ауыр ойдан арылсам,

Қызығы мен қызуы мол өткен күн

Екі айналып қайта келмес жалынсам.

Өткен күнде өшпей қалған көп белгі,

Бүгінгімен жалғай білсем өткенді.

Тулап соғар кеудемдегі жүрегім,

Қыстың күні аңсағандай көктемді.

Күздің күні төгілетін жапырақ,

Бұтақтарда тұрған шығар қалтырап.

Жерге түссе табандарға тапталып,

Үгітіліп, болады ертең топырақ.

Кәрі ағаштар қурағанда бір шыбық

Шығады өсіп жас өмірге құлшынып.

Ескі кетіп, орнын жаңа басады,

Алмасады, жалғасады тіршілік.

***

Алланың бір есімі Сабыр деген,

Сабырды барша қазақ қадірлеген.

Бірақ, сабыр қылудың жөні бар ма,

Адам көрсең біреуді жәбірлеген?!

Кегі бардай өзімде алынбаған,

Кім көрінген шошайтты қолын маған.

«Шыда, балам!» – дейсің ғой,

Көріп тұрып

Қайтіп қана шыдаймын, жаным, далам!

Жүйрік болсам ауыздық салынбаған,

Әлі менің терім көп алынбаған.

«Сабыр, балам!» – дейсің ғой,

Біліп тұрып

Қалай сабыр қылайын, жаным, далам!

Сабыр қыл жетпей жүрсең, бейнет көрсең,

Сабыр қыл ойда жоқта сырқат келсе.

Бірақ, сабыр қылудың жөні бар ма,

Ел-жұртың Әэәзілдің тіліне ерсе?!

Сыйласа да шаттығын өмір маған,

Жүрегімде мұң да бар арылмаған.

«Шыда, балам!» – дейсің ғой,

Шыдармын-ау,

Шыдамның да шегі бар, жаным, далам!

Күйігімді еріксіз қалыңдаған

Баса алар ма жігерім жалындаған.

«Сабыр, балам!» – дейсің ғой,

Әй, білмеймін...

Төзім қалмай барады, жаным, далам!

***

Алпамыстың елін билеп Ұлтаны,

Азып кетті Адам ата ұрпағы.

Құдайсыздар барлық дінді тәрк етіп,

«Жаратылдық маймылдан», – деп жүр тағы.

Мына қазақ келген екен қай қырдан?

Кісінейді дауысы асып айғырдан.

Жүріс-тұрыс, бар қылығы, мінезі

Шынында да айнымайды маймылдан.

Мазаласа санаңа кеп сан ойлар,

Таза болып жүргендер аз – соны аңғар.

Махаббатты айналдырған мазаққа

Толып кетті Бекежандар, Қодарлар.

Жандайшаптар көргенде елдің құрметін,

Жылап жүрсе жесірлер мен кіл жетім,

Елемесе ескеріп тек Бір Алла,

Мұхамбеттің кім түзейді үмбетін?!

Вокзал болды ата-бабам Отаны,

Көргендерім қабырғама батады.

Жастар болса телефонға үңіліп,

Ас қайырмай тұрып кетіп жатады.

Келешектен не жақсылық күтер ек?!

Тура жолда адасқандар өте көп,

Жеген асың желім-сынды кей кезде,

Өсіп тұрған гүлдің өзі тікенек.

Қысқа ғұмыр – бес күндік бұл жалғанда

Абыройдан ақша қымбат болғанда,

Бидайларды жел ұшырып әкетіп,

Кебек толып кеткендей ғой қырманға.

Үміт күтіп келер таңнан жаңа атқан,

Қанағат деп шөл басамыз шалаптан.

Баяғыдай ұйып тұрған айран жоқ.

Сол күнімді қайта оралтшы, Жаратқан!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар