Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ақжігіт Аманкелдіұлы: Мен – ессіз ғашық Мәжнүнмін...

21.04.2019 5262

Ақжігіт Аманкелдіұлы: Мен – ессіз ғашық Мәжнүнмін

Ақжігіт Аманкелдіұлы: Мен – ессіз ғашық Мәжнүнмін - adebiportal.kz

ҚҰЛАЗУ

Біз кімбіз,

бейтаныс жандаймыз тым алыс,

Тоңдырды сені де, тоңдырды мені де мына қыс.

Бейкүнә сезіммен жылаған жүрекке

Таппадым жұбаныш.

О, ғажап,

пері ме, перизат па едің сен,

Биікке көтердің сәтсіздіктерімнен жеңілсем.

Періште бейнең кеп жұбатып кетеді

Сені ойлап егілсем.

Бұл қалай,

түсінбей өтермін өзіңді бүгін де, ертең де,

Жарасып кетер гүл көрікті, көркемге.

Бірақ мен гүл сыйлай алмадым не шара,

Өзегім өртенген.

Тым алыс,

тым жақын жүрексің жаныма,

Еріксіз елітші тағы да.

Жүректен шығатын жып-жылы сөздерім,

Жағар ма жаныңа?

Қанымда тулайды сен деген сезімім,

Айтылмай тұншыққан кезі – мұң.

Лағыл мұң кешірер Ләйлісің,

Мен болсам,

Мәжнүннің өзімін.


Жас жүрек,

албырттық, асаулық тән оған,

Сезгенге ғашықтық – бәрі алаң.

Жалғыздық кермегін жұту да ғашыққа жарасар

Мына алып қаладан.


Міне қыс,

қарсы алдық осымен төрт рет біз бірге,

Ақталмас үміттен үмітті үздің бе?

Көп жандар күз келсе жабығар бірақ та,

Беретін бағы бар күздің де.


Түндер-ай, екеуміз аңсаған бір бақты,

Біз күткен сол бақыт жұмбақ-ты.

Кімдерге неше рет хат жаздың назданып,

Ал кімдер тіл қатты?


Жұмбақ бұл, жұмбақ бұл мен қалай шешемін,

Басқаға шешен боп бөсемін.

Тіл қата алмаймын тек саған,

Тәп-тәтті ұйықта,

Жып-жылы, жұп-жұмсақ төсегің!


Пенде көп бақытын күтетін аңсаумен,

Сен дағы аңсар ма ең.

Қып-қызыл жалғыз тал гүл – менің сезімім,

ЛӘЙЛІ



Мен – ессіз ғашық Мәжнүнмін,
күндіз де, түнде де түс көрген.
Һәм қуаныш табатын адал да кіршіксіз істерден.
Арғымақ ат сайлап, алты айлық жол кешіп,
Арудың үйінде түстенген.

Сал-сері жолдасым – сан түрлі соқпақта қанатым!
Тар жерде тайсалмай тыңнан жол табатын.
Дұшпаным - алысқа қарамас ауылдың иттері,
Сыртымнан қабатын,

Мен сонда айтамын, күншілдер алысқа бармайды,
Адалдың аспанын мұнар да шалмайды.
Е, жалған дүние-ай, мың түрлі құбылып
Ашкөзді арбайды.

Нағыз ер осындай қақпанға түспеген,
Бескүндік жалғанның бағы үшін өтірік балын да ішпеген.
Бұлжымас заң мынау – әр жолдың шегі бар,
Ғұмыр да бір соқпақ,
Өлім де жеңбейтін күшті – өлең.

Осыны ұғамын,
Алайда Мәжнүнмін Ләйлі ғой ес болар.
Бізден бұрын да талай бір Ер өткен,
Осы бір күйді де кешті олар.
Ғашықтық кермегін жұтпаған жүрекке
Ақыл да кеш қонар.

Ал Ләйлі – қабырғам, бойында бар қырық кісінің ақылы,
һәм қырық арудың тәп-тәтті қылығы.
Тек маған ашылған жүрегіндегі жан ашпас құлыбы.
Мен де оны аялап өтермін кеудемде тұрғанда шыбыным,
Себебі ол – мың жүрек ішінен мен таңдап
бір сүйген, шын сүйген Асылдың сынығы.


АРДАКҮРЕҢ - БАЛАЛЫҚ



Серік болып сол бір күн жанға жүдең,
Аңсағанда бір өлең арнады иең.
Түсіме еніп төскейде көкке шапшып,
Алыстан арқырадың Ардакүрең.

Қанаттаса қонатын жаз игімен
Тау етегін жайлаппыз боз үй кілең
Кеп тұрғандай көрінді жануарым,
Қапияда айрылып өз үйрінен.

Үйір қайда құлын-тай шұрқыраған,
Сай тасынан сырғақтап күн шұбаған
Тостағандай тұяғың тасты уатып,
Төскейдегі тұрпатың тыншымаған.

Сай-сүйегім сырқырып дауысыңнан
Қолдағы бар қайран да тауысылған.
Ізіңменен жетермін мен де қуып,
Ардакүрең, жаңылма бағытыңнан.

Сандырақтап жатырмын тыншы, жаным
Қап-қара түн кеудемде тұншығады үн
Мені оятшы, әйтпесе, әй, бауырым,
Өрістегі үйірдің білші халін.

Түн-түнектен ағарып қалғанда әлем.
Елес күйден оралдым жалғанға әрең.
Құлын-жүрек кісінеп құз-кеудемде,
Қара терге көміліп қалған денем.

Солай түске кірген-ді Ардакүрең,
Қажытқанда күйбең күн салмағымен
Ардакүрең, алаңсыз балалықтай
Қолын бұлғап оралмай қалғаным ең.

Алыстатқан тірліктің ағыны шын,
Не істей алам сол шаққа бару үшін?
Түсіме енген тұлпарым Ардакүрең -
Балалығым, тәп-тәтті сағынышым.

Бүгінгі күй – тас қала, талас тірлік,
Ғұмыр-бәйге, сыбанып, балақ түрдік.
Жүзіп келем жалғанда желкен керіп,
Ер болуды мақсатқа балап бір нық!

Сұрықсыз шақ көрсетсе сайқал өңін.
Кері оралғым келеді қайта менің.
Мен басқамын, сен жоқсың, жануарым
Сағынғанда бір мініп қайтар едім.

КЕЗДЕСУ




Қала кеші, есіп тұр самал мақпал,
Серуен мен күлкілер, адамзаттар.
Кездестік қапияда біз екеуміз,
Сен жайлы аз санамда ақпар.

Көзіңде жақұт сезім, күлкің керім,
Жар болар жан өзіңсің шіркін дедім!
Кеудемнің қара түнек бөлмесінен
Үміттің нұры тамды,

болмады жүректегі бүлкілде мін.


Сағынып нәркес бейне, жар ғажабын,
Тұрсам да толғанамын, қорғанамын.
Жүректің жасырып кеп сезімдерін,
Жыр жаздым, осы ғана қолда барым.

Ғажапты күткендей бір келер күннен,
Қиялдың құшағына енем бірден.
Сендегі сұлулықты зағип көріп,
Наз тұнған нәзік үнді керең білген.

Көзіңдегі ұғады тылсымды кім?
Сезімдегі сертім нық – бір шындығым!
Саған ғашық жүректің бар алаңы,
Сенің дағы сертіңмен тынсын бүгін.

Ақ нөсерге шомылып мамыр жақұт,
Төбемізден төгіп тұр тәңір бақыт.
Сені әлемнен себепсіз қызғанамын,
Бақытымды алардай тағы ұрлатып.

Ал қазір түн,
меңіреуге мың бояу – мақпал шерім,
Қиял құшып оңаша жатқан серің,
Сағынышқа малынған сол түндерде,
Саған жетпей жыртылған хаттар-сезім!


КӨКТЕМ



Сүйіншілеп сал көктемнің хабарын,
Наурыз келді, келді бірге жаңа күн.
Кербез күннен алтын шапақ төгіліп
Қарығып тұр жанарым.

Шартараптан жеткізгендей бір хабар
Төбемізде тырулайды тырналар.
Жұмыр жердің жүрегінен нәр алып,
Жауқазын да бүр жарар.

Жалпақ әлем көктер жасыл түске еніп
Жалқы жүрек талпынады құс болып
Қар құрсауын жарып бөктер, қыр, дала
Шат-шадыман күй кешеді құс келіп.

Жаздай жайнап жатыр ғалам күрсінген,
Жасын көктем, сен осындай тылсым ба ең
Жарлы әлемге мен дағы үнсіз қараймын
Жанарыммен нұр сіңген!

ПЕРІШТЕ ЖҮРЕК




Қала кеші, қараша күз, күн батып,
Көше бойлап келе жатыр бір ғашық.
Кербез басып паң қарайды бәріне,
Албырт, асау жүрегі оның кімге асық?

Көлік шуы және адамдар дыбысы -
Бұл қаланың күнделікті тынысы.
Бір минутқа бөгелмейді, тынбайды,
Күйбең тірлік – толастамас жұмысы.

Жалған күннің жетегіне таңылған,
Мың сан жүрек арлы-берлі сабылған.
Тіленшілер отыр жолдың шетінде,
Тірі өліктей тұрып келген қабырдан.

Қариядан өттім қайыр сұраған.
Тиын қиып тастамапты бір адам.
Бала қайда, бауыр қайда, үй қайда,
Не нәпақа тауып жейді мынадан?

Өттім, кеттім, құтылғандай күнәдан,
Қандай қиын атаң қайыр сұраған.
Өскелеңге өсиетін қалдырар,
Қария ғой, соған ішім жылаған...

Қалтыраған гүлдей суық тастағы,
Бірақ балғын бақыты бар бастағы.
Қарсы алдымнан шықты қайыр тілеген
Сыған қызы алты-жеті жастағы.

Көкіректі қарс айырып тылсым мұң,
Жылап тұрған көңілімді білсін кім.
Жанарында ең тап-таза әлем тұр,
Жамалына қарап іштей күрсіндім.

Күндік қамын жинап жүрген жырымдап,
Қыздың келер тағдырын кім ұғынбақ?
Қаршадайдан қажытқанда жоқшылық,
Жұмыр жүрек ертең қалай жылынбақ?

"Өзгерте алам қалай мына күйіңді?",
Бар әлемді сыйлар едім қиын-ды.
Ақша-қағаз, еш құдірет жоқ онда
Тастай бердім қалтамдағы тиынды.

Бар дүнием сала берді құбылып,
Көкірегім аяныштан тұр ұлып.
Тиындарын уысында сығымдап,
Қала берді қарап едім бұрылып.

Тас жол беті төсеп жалғыз парағын,
Отыр әлі шарам қандай, қарағым?
Жамай алмай жүрегімді жаралы,
Сан уайым жетегінде барамын.

Сыған қызы, сезем сендік сорды айқын,
Әкең қайда, ағаң қайда қорғайтын?
Біздің елде көше кезіп қызғалдақ,
Біздің елде сәби мұндай болмайтын.

Шыныдайын мөлдір ішкі тұнығың,
Қатал тағдыр тастаса да құрығын.
Дәл осылай басталғаны-ай ғұмырың,
Сен бейкүнә періштесің, құлыным!

ТҮНГІ ОЙ



Күйге енгізіп беймезгіл бізді ғаріп.
Асыл арман үмітін үзді нағып?
Ғашықтарды ғазалға айналдырып,
Ғайып болды ғарышта жұлдыз ағып.

Ғайып болды сол жұлдыз сіңіп түнге.
Енді оның тағдыры ұмыт мүлде.
Айлы түнде сан жұлдыз жымың қағып,
Аңсарына айналған жігіттің де.

Сырымды үнсіз тыңдайды түн меңіреу.
Жаны ашыды білемін бізге жүдеу.
Сары күзбен сағыныш тағы келді,
Сырын айтып отыр ма сізге біреу....

Ал қазір түн, елестер маужыраған.
Құлаққа ұрған тыныштық жанға ұнаған.
Құмартқанда қол жетпес айға асылып,
Қол созарда қош айтып қалды ма арман.

Болашақты отырмын жорып мен де.
Елжірейді үніңе еріп кеуде.
Ақ қанатты пері қыз ақ ұлпадай,
Ақынды іздеп келгейсің зеріккенде.

Арман менен ой кезген атырапты.
Айдың нұры əлемге шашырапты.
Анау гүлде қосылмас ғашықтардың,
Аңсағанда төгілген жасы қапты.

Сағынышқа дос қылып күзді(ң) күні.
Солып кетті құлпырған гүл ғұмыры.
Арманы ұшып аспанға, ай аруға,
Ақындардың заңдылық үздігуі.

АҢЫЗ


Анығы
қай дәуір екені белгісіз, бір үйге өткен бір заманда.
Шекесі торсықтай Ұл беріп Жаратқан хақ Алла.
Мейманасы тасыпты Асқар тау Әкенің, Ақ жаулық Ананың,
Шаттықтан жас толып жанарға.

Сол уақ қаһарлы қаңтардың аяғы, сары аяз саршұнақ,
Ақ түтек ақ боран, өлара шақ екен жұмыр жер жансырап.
Ақ отау ішінде іңгәләп ақ сәби таңдайға тәтті сүт тамшылап,
Жанашыр дос кетті тулаған тұлпарын тебініп, ғажайып хабарды жаршылап.

Ақ отау, күн сәске, жақсылар жиылып, ақ боран тына қап,
Көкте Күн алтыннан нұр төгіп, алап пен атырап қуалап.
Әкесі ауылға ақсарбас таратып, ақсақал сәбиге ат берді,
«Әмин» деп Жаратқан Жаппардан бір медет сұрап ап.

Қолға алып әлдилеп, сәбидің кескінін ақсақал байқап ап,
Құлаққа сіңісті қастерлі құранды қайталап,
«Сенің атың – Ақжігіт» дегенді және де үш мәрте қайталап,
Кеудеге төгілген ақ бурыл сақалын тарамдап сәбиді анаға ұсынып,
«Төріңе төгілсін, дегенді, қайта бақ».

Уақыт – ең жүйрік һәм ең жақын серігі бескүндік пенденің.
Сағаттық, жоқ бәлкім минуттық түс қана - көргенім.
Ойласам, қас қағым сәтте өтер адамның жасындай ғұмыры,
Жүргенде сонырқап тірліктің балы мен кермегін.

Сол отау – бүгінде үлкен үй, жаңаша өрбіген қозғалыс, тынысы.
Сол сәби – соқтаудай азамат, өткенді ойлауда түн іші.
Әке де алпысты алқымдап келеді арпалыс тірлікпен,
Ана да қартайған, тек қана сол қалпы нұр шашқан жанары және де күміс үн.

Тірліктің арқалап бар жүгін бүгінге жеткенді сол отау жеңіспен.
Өткені – ғибрат һәм тарих, «баянсыз байлық» деп барымен бөліскен.
Әке мен ананың күндері аз керіскен.
Ұлдары – асқарда түлеген қыраны, қыздары – өріс кең.

Сол ошақ – бір тылсым мекен-ді, әрдайым ішінде бақ қайнар,
Ұрпағын ізгіге суарып, бұйырған бағына қуанып, әр таңда Хақты ойлар.
Сол отау – бүгінде алты қыр астынан көрінер Ақ Орда,

Мен туған Шаңырақ, түтіні тік ұшар,

тоғыз жол тоғысар, Алты Алаш ат байлар!

Суреттер p://bubr.ru сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар