Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
Әжептәуір бастаманың әбүйірін төкпеңіздерші...

21.11.2018 5917

Әжептәуір бастаманың әбүйірін төкпеңіздерші

Әжептәуір бастаманың әбүйірін төкпеңіздерші - adebiportal.kz

Елбасының бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әр қазақтың баяғыдан көкейінде күмбірлеп жатқан ұлы армандардың пернесін дөп басыпты. Жылқы мінезді қазаққа мақаланың әсіресе, жылқы туралы тұсы майдай жаққаны анық. Ғалымдар адамзаттың дамуына бірден-бір қозғаушы күш болған қасиетті жылқы жануарын қолға үйрету қазақ даласынан басталғанын айтты, жазды. Берел қорғаны оның бұлтартпас айғағы. Алайда әлемдік қауымдастықтың санасына сіңірілмей, орта жолда қалды. Осы тұжырым Елбасы айтқандай, бүкіл әлем құныға оқитын кітап, қызыға қарайтын кино болып шықса, әр елші, шет елге ресми сапармен шыққан әр шенеунік немесе әр бизнесмен осыны шегелей түссе, Ұлы даланы танып білуге құштарлығы, құрметі арта түсері анық.

Әрине, Елбасы айтқан соң осы игі істерге қыруар ақша бөлінеді. Ұлттық мәселелерге ақша бөлінсе, оның аш бөріше ту талақайын шығаратын ашқарақ шенеуніктер алақаннын ысқылап отырған да болар. Бізде кино түсірілген сайын оның қаражаты төңірегінде «Ішіп қойды, жеп қойды» деген сарында бір дау шығады. Олай болмас үшін әр тиынына дейін есепке алып, бақылауды күшейту қажет. Бұдан бөлек, ұлттық жобаларды ұйымдастыру жүрегі ұлтым деп соғатын, халықтың тарихы мен руханиятынан терең хабары бар адамдарға жүктелуін талап ету маңызды. Әсіресе, кино түсірілсе ұлттық рухы жоқ, өзгенің қаңсығымен тәрбиеленген дүбара пысықайлардың қолына түсуінен сақ болу керек. Олай болмаған жағдайда «Қобыланды батыр» бейнесін «бетман» түрінде көріп, кинодан қазақ деген ел барын тани алмай қалуымыз әбден ықтимал.

Қазақ даласында үлкен өркениеттің болғанын білдіретін «Алтын адам» мен басқа да қазбалардан табылған ғажап әшекей бұйымдарды тарихпен сабақтастыра отырып, жаһандық деңгейде насихаттаудың маңызы ерекше. Осынау ұлы далада ғасырлар бойы дамып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралған алтын, күмістен, теріден, ағаш пен сүйектен, қыштан жасалған қолөнер бұйымдарының, оюлардың теңдессіз үлгілерінің Отаны қазақ даласы екенін бар ғалам білуге тиіс. Бұл орайда қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуі, олар салықтан босатылуы қажет. Өйткені оған қазірше сұраныс тым жоғары емес, алайда жұмысы тым күрделі, шығыны көп, пайдасы мардымсыз. Мәдениетіне ерекше құрметпен қарайтын кез-келген елге бара қалсаңыз, туристер баратын жерлердің бәрінде ұлттық бұйымдары сатылады, сонысымен сол елдің мәдениеті насихатталады.

Елбасы мақаласында көтерілген ерекше мәселенің бірі – рухани құндылық саналатын аңыз әпсаналарды, ертегілер мен қиссаларды, дала фольклорын жинақтау, кітаптар шығару және оны цифрлық жүйеде мұрағаттау. Бұл ел болам, тарихымды, салт-дәстүрім мен руханиятымды сақтаймын деген ел үшін ғажап бастама. Бізге дейінгі бабаларымыздың бәрі пәниден бақиға өтті, енді бірқатары келместің кемесін күтіп жағада тұр. Біз де өтеміз. Қалатын осы тасқа жазылған, таспаға басылған мұрағат. Сондықтан мүмкіндігінше ұлтқа қатысты дүниенің бәрін дерлік цифрлық жүйеде мұрағаттаудың маңызы ерекше. Ал оны әлем тілдеріне аударып сақтау және тарату одан да маңызды.

Бұл орайда әр азамат өз үлесін қосқаны абзал. Әркім өзінен бастасын. Мен де өз үлесімді қостым және қоса да аламын деп ойлаймын. Өйткені, кезінде осы қазақ даласында ғасырлардан бері ауызекі таралып, айтылып келген аңыз-әпсанарды 12 жыл бойы жинадым. Олардың бірқатары кезінде 55 томдық кітапқа енген болатын. Ел ішіндегі сол аңыз әпсаналар негізінде газет шығардым, ұлттың осы таным-түсінігін ғылыммен негіздеуге тырыстым, кітап шығардым. Әлі де жарияланбаған мол дүние бар. Міне, осының бәрі басылып, цифрлық жүйеге көшірілсе, Ұлы даланың келер ұрпақтарына ұлағатты мұра емес пе?

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының бұл мақаласы ұлттық руханиятты өсіруге, Ұлы даланы әлемге танытуға ашылған жол, зор мүмкіндік. Енді осыны науқаншылдыққа салып, көпірме сөзбен салдақылап, малта езгендей мазасын қашырмай, нақты концепциялар жасап, айқын бағытпен нақты іске асыру - аса маңызды.

Әділбек Қаба


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар