Хаңжу-Сужу әдебиеті
Ұлы тұлғасы қызыл жосамен боялып, өн-бойына ою-өрнек пен айдаһар нақышталған сәулетті ағаш кемеміз әлгінде ғана көл жағалауынан қозғалып, кең айдынға қарай бет түзеген еді.
Аспан ашық. Аздап быдырмақ бұлттар қыдырады. Кешкі күн көл қоралана мұнартқан көгілдір тауларға қарай еңкейіп келеді. Көл беті ың-жыңысыз, тыныш.
Осыншама сұлу жаралған «Шиху көлінің жұмбағы сірә не екен?» деп палубаға сүйеніп тұрып, соңына ақ өркештене су лақтырған кеме ізіне қараймын, енді бірде кеме тұмсығына барып, алыстан мұнартқан тау жотасындағы мұнаралар мен храмдарға көз саламын, су ортасындағы сәмбі талмен қоршалған шағын аралдарға, ондағы қиыр шығыс үлгісінде салынған құжыра-сарайларға үңілемін... сұлулық ішінде еріп жоғалу деген осы шығар... жұмбақ шешпек түгілі, сол сәттегі тұнжыраған табиғаттың көз сүріндіретін ғажайып бояуын түгендеп болудың өзі мүмкін емес. Мың жылдық Шиху көлінің кеңістікте қалықтап жүрген сиқырлы рухы алғашында мені есеңгіретіп жіберді...
Бірақ, сәл кейінірек, арада біраз күндер өткен соң санамыз салқындап, ойымыз оралымға келген сәтте қарасам, қиыр шығыстағы осы бір мәдени болмыстың кілтін тапқан сияқтымын. Шынымен де, Хаңжу мен Сужу (Ханчжоу, Сучжоу) алқабы – Қытай әдебиеті мен мәдениетінің ұлы мәтіндерге толы ең үздік айшықты әлемі. Оның әсер-ықпалы сол төңірекке ғана емес, күллі қытай руханятына, жапон мен кәріске, тайлар мен жуаңдарға дейін таралды, бүкіл әлемдегі өнер мен мәдениет ізденімпаздарына есімі белгілі өлке болды. Аспандағы ай мен күн ортақ десек, жер бетіндегі атағы шыққан мәдениет құбылыстары ешкімді де бей-жай қалдырмаса керек.
Ендеше, бәрін де ретімен айтайық.
Хаңжу тарихы
Хаңжу қаласы – Қытайдың шығыс оңтүстігіндегі Тынық мұхитымен жанасқан Жыжияң өлкесінде орналасқан. Хаңжудың өзі өлкенің терістік атырабында. Хаңжу қаласын жарып өтетін Чиянтаң дариясы алпыс-жетпіс шақырымнан кейін-ақ мұхит ауызындағы Хаңжу шығанағына құяды. Демек, Хаңжудың өзі Тынық мұхитының шығар ауызына орналасқан ежелгі шәрі.
Іргедегі Жияңсу өлкесіне қарайтын атақты Сужу қаласы да Хаңжудан жүз елу шақырым жерде ғана. Тағы бір дария Чаңжияңның мұхитқа шыға беріс атырабына орналасқан алып қала Шаңхайға шамамен үш жүз шақырым. Сол себепті, Хаңжу мен Сужу жұрт ауызында «Шаңхайдың артқы бау-бақшасы» деп те аталады. Дейтұрғанмен, бұның бәрі кейінгі сөз. Тарихта Хаңжу мен Сужу қаласының мұнаралары көкке ұмсынып тұрған кезде, жер бетінде Шаңхай дейтін алып қаланың, Қытайдағы тағы қаншама шаһарлардың жұрнағы да қалыптасып үлгірмеген болатын.
Айта берсек, Хаңжу шығанағының, шығыс теңіздің тура қарсы бетінде жатқан Жапонияның Кюсю аралына дейін кеме жолымен тіке тартсаңыз, шамамен жеті-сегіз жүз шақырым алыс. Бұған қарағанда Қытай астанасы Бейжиң алысырақ, шамамен мың үш жүз шақырым терістікте жатыр.
Хаңжу топырағында арғы заманда жойылып кеткен ляңжу атты мәдениет болған деседі, оның өзіне неше мың жыл. Жаңа эра басталып, 589 жылғы Сүй патшалығы дәуіріне жеткенде, қала өзінің қазіргі Хаңжу атымен аталады. Шамамен осы кезеңнен бастап, басқа қалаларды Хаңжумен тұтастыратын каналдар қазылып, су және құрылық тасымалы дами бастайды. Заман озып, Таң дәуіріне жеткенде қаланың губернаторы болған атақты қытай ақыны Бай Жүйи (772-846) қаладағы су жолдары мен ежелгі құдықтарды қаздырып, Шиху көлінің табанын тазалаттырады. Бұның бәрі Хаңжудың қала бейнесін жақсартып, бірте-бірте Қытайдың түстігіндегі әйгілі қалаға айнала бастайды.
Х ғасырға жеткенде Хаңжу жерінде Уюе атты жаңа мемлекет құрылады да, Хаңжу тұңғыш рет ел астанасы болады. Бұл ел буддизмді құрметтеп, тәңірі құдай жаратқан тау мен көлді, табиғатты аялайды. Сондай ойдың жоралығысымен көл жағасында буддистік храмдар мен мұнараларды ең алғаш рет осы Ую елі соғады. Қала осы өлкенің маңындағы елді-мекендер мен аудандардың қоламталы ошағы болды.
Бұдан кейін Қытайды біріктірген сүлтүстік Сұң патшалығы заманы келді. Сұң дәуірінің атақты ақыны Су Шы қаланы көркейтіп, қаладағы Шиху көлінің су құрылыстарына көп еңбек сіңіреді. Бұл кезеңде осы қаланың тумасы Би Шен типографяның ең алғашқы нұсқасы - жылжымалы металмен әріп басу техникасын ойлап тапқан екен.
1125 жылы шығыс терістіктен шыққан қуатты Чүржіндер (шүршіт-мәнжудың ата-бабалары) Қиданның Ляу елін құлатып, 1127 жылы терістік Сұң патшалығын да күйретіп, оларды түстікке ығыстырады. Түстікке босқан Қытай патшалығының ендігі астанасы тағы да Хаңжу қаласы болыпты. Түстік Сұң патшалығы кезеңі Қытай тарихындағы мәдениет, өнер, әдебиеттің дамыған кезеңі саналады. Хаңжу – патшалықтың мәдени, экономикалық ірі орталығы. Қыруар адам терістіктен түстікке ағылады, бұның бәрі Хаңжудың жан санын молайтып, әлемдегі ірі қалаға айналдырады. Арада біраз замандардан кейін Құбылайдың қосыны Чүржіннен де зор шығып, 1234 жылы Чүржіннің Жин патшалығын күйретіп, 1271 жылы Юан империясын құрып, 1279 жылы бүкіл түстік Сұңды тас-талқан етіп жеңеді де, жалпақ Қытайды уысына сиғызады. Міне осы кезеңдерде 1276 жылы Құбылайдың көшпенді түрік-монғол атты әскері бай-баяшатты Хаңжу қаласын ың-жыңысз бағындырып, өз үстемдігін жүргізеді.
Кей жерлерде күмәнді деп саналып жүргенімен, Батыс Еуропаның академялық тарих орталықтары шынайы деп санайтын Венециядан шыққан көпес Маркополоның (1254-1324) 1271 жылы Құбылай отырған астана Ханбалыққа келгені осы кез. Маркополо өзінің Қытайға саяхат жазбаларында Хаңжуға келгендігін айтып, «Хаңжу – әлемдегі ең көрікті, сәулетті аспан қаласы» деп әспеттеген үзінділер қалдырады. Венециядан шыққан Маркополоның мүсіні қазір «шығыстың Венециясы – Шиху көлінің» жағасында тұр.
Арада тура елу жыл өткеннен кейін (1345-1346 жылдар) атақты жиһангез марокколық Бербер – Ибн Баттута Үндістан, Шығыс Оңтүстік Азия сапарын одан ары жалғастырып, тура осы Хаңжу қаласына жетеді. Ибн Баттута Хаңжу мен Ханбалық арасын жалғастыратын 1800 шақырымдық су жолы каналы арқылы ел астанасы Бейжиңге жетеді. Терістік-түстік қытайды тұтастырып жатқан бұл қайық жолы каналы б.з.д 770-476 жылдары қазылып, Сұй, Таң патшалықтары кезінде одан ары ауқымы кеңейіп, жетіле түседі, Сұй патшасы Сұй Яңди кезінде (604-618) канал құрылысы өзінің ең шарықтау кезеңіне жетеді. Тарихта Хаңжу-Бейжиң каналы қытай теңіздеріне құятын бірнеше ірі өзендерді өзара жалғастыратын өте маңызды су жолы болып саналған.
Бұдан кейінгі Миң, Миңды құлатқан баяғы Чүржіндердің ұрпағы, көшпелі шүршіт-мәнжулердің 270 жылдық патшалық кезеңінде де (1644-1912) Хаңжу өзге қалалар сынды біртіндеп дамып, өркендеп жатты.
Сужу
Мұхитқа шығар атырауға жақын, Хаңжудың қанаттас көршісі, нағыз су үстіндегі «Венецияның» өзі – Сужу қаласы. Сужуда өзендер, көлдер, каналдар көп. Батыста өте үлкен аумақты алып жатқан Тайху көлі бар, Тайхудың көлемі Шиху көлінің көлемінен 380 есе үлкен. Бұның сыртында Дяншан, Кунчен, Душу сияқты көлдер, Хаңжу-Бейжиң каналы және ұсақ тармақты өзендер көп.
Сужуды танымал еткен оның көне классикалық үлгідегі бау-бақшасы. Шағын көпірлердің, ауладағы самалдықтардың, аллеялардың, жасанды таулар мен көлшіктердің, бау-бақтардың архитектурасы, безендірілуі айырықша. Сужу бақтары – дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген.
Ежелгі Сужу қаласынан қалған құрылыстар қытайдың қала құрылысы мен сәулет өнерінің үлгісі ретінде саналады. Сужу өзені мен оның көптеген арналары қала ішінде қайықпен жүретін су мәдениетін қалыптастырған.
Сужуда таң дәуіріндегі атақты ақын Жаң Жидың бір шумақ өлеңі арқылы бүкіл қытай мен жапонға аты тараған – Ханшан будда ғибадатханасы бар. Бейшы, Хушю қатарлы мұнаралар, өзінің ерекше көрінісімен жұртты тартатын Шиюан храмы қатарлы тарихи ескерткіштер де көп.
Шиху. Көл әдебиеті
Мейлі қай заманда, қалай қалыптассада, табиғаттың көрікті көлдері адам баласына сұлулық пен жанға жайлы тынштық сыйлайды. Дейтұрғанмен, әлемдегі әрбір халықтың өмір сүрген ортасы, айналасын қоршаған тау-орманы, өзен-көлі, шөлейт өлкесі, мәңгілік мұзды алқап пен ыстық белдеулік жауын-шашынды аймағы өзінше парықталғаннан кейін, әр жұрттың өзіне тән эстетикалық тәжирбесі қалыптасып үлгіретіні тағы бар.
Қытай даосизмы мен конфуцишілдік ойларында көл – адамның ішкі тыныштығы мен ойлаудың метафорасы саналып, медитация ортасы ретінде көрініс табады. Көлдердің тазалығы мен тыныштығы, табиғи ортаның бір бөлегі тұрғысындағы үйлесімділігі қытай поэзиясы мен прозасында поэтикалық қуатқа ие кесек-кесек туындыларымен таңбаланып келеді. Жапон мәдениетіндегі кемелсіздік пен өтпелілікке мән беретін ваби-саби эстетикасы көл табиғатынан өзіне тиісті мағынасын еншілесе, ақындар танка мен хайкуда маусым мен мезгілдің көл бетіндегі нәзік сұлулығын жырға қосыпты. Қытай мен Жапондағы жүздеген көлді жағалай қонған зен-буддизм храмдары мен мұнаралары терең мөлдір көл суларын зен медитациясы арқылы өздерінің шынайы болмысын (кеншо немесе сатори) ашатын буддистік тұрақ ретіндей қызғыштай қориды.
Хаңжу. Ли Бай
Қытай әдебиеті, оның ішінде қытай поэзиясының жайын айтқанда Қытайдың атақты ақыны Ли Байды ( 701-762) айналып өтсек болмас. Арғы-бергі замандағы Қытайдың өнер тарихын жазушы ең атақты ғұламасының кітабын ақтарсаңыз да, немесе көшеде кетіп бара жатқан қарайған халықтың біреуінен: «Қытай тарихындағы ең ұлы ақын кім десеңіз» де, олар «соны да білмейсізбе, Ли Бай емеспе!» деп жауап беретіні мұнда тұр.
Ли Байдың поэзия суретін тұтас жазып бола алмаспыз, бізге қызығы оның Шиху көлі туралы жазған-жазбағандығы. Ли Бай мыңнан астам өлең жазған, бірақ, олардың ешқайсысында Хаңжудағы Шиху көлін суреттеген шумақтар жоқ. 739 жылы 39 жастағы Ли Бай Хаңжуға тұңғыш рет келіпті, өйткені оның Ли лян атты жиені Хаңжуда әкім болып жұмыс атқарса керек. Осы жиенімен бірге бірнеше ғибадатханаларға және басқа көрікті жерлерге барады, әрі осы кездегі оқиғалар туралы екі өлең жазған.
Он бес жылдай уақыттан кейін 756 жылы Ли Бай Хаңжуға екінші рет келеді, ол бұнда Тянжу деп аталатын ғибадатханаға, одан қалса Чянтаң дариясының жағалауын ұнатып, сонда көп барған екен. Осы Тянжу ғибадатханасына барар кезде Шиху көлінің іргесінен неше мәрте өтіп жүрседе ол туралы жазба қалдырмағаны қалай?
Шын мәнінде, бұл тұста Шиху көлі Чянтаң дариясының атымен ұқсас Чянтаң көлі деп аталған. Аты көл демесең, заты үлкен батпақ, саздық жер болғанға ұқсайды. Көлді лай-батпақ бітеп, қопа қамыс пен арамшөп басып жатады. Бұндай көрініс атақты ақын Ли Байдың көңіл көкжиегін қалай қозғай қойсын...айтседе, Ли Бай Хаңжу мен Сужудың көрікті жерлерін жырлаған кейбір өлеңдерді жазып қалдырған.
Бірақ Шиху көлінің қазіргі нобайға келуіне келесі бір атақты ақын ерекше әсер жасады. Ол Бай Жүйи.
Су қоймасы. Бай Жүйи
Бай Жүйи (772-846) таң дәуіріндегі атақты ақын, поэзия әлеміндегі ұлы ағартушы. Өмірдегі шынайы оқиғаларға, шындыққа негізделген істерді поэзияға айналдыру керек дейтін ұстанымды ұстанған адам. Өзінің өлеңін түсінікті, қарапайым жазатыны сонша, оның поэзиясы туралы «кемпір-кешекке де түсінікті» деген сөз қалған бұрынғыдан. Оның жырлары көзі тірісінде-ақ алыс-жуыққа таралып, тіпті кәріс түбегі, жапон және басқада айнала-төңіректегі шет елдің біраз жеріне таралып, поэзия оқырмандарына терең әсер жасайды. Қытайдың өз ішіндегі кейбір зерттеушілер оны ғұндардың ұрпағы болуы мүмкін деп санайды, ал кейбіреулер оны қазіргі Шыңжаң жерінде тарихта болған буддалық мемлекет – Кушән (Куча) елінің патшаларының ұрпағы болуы мүмкін деп де жорамалдасады. Бұның бәрі өз алдына бір жазбаға жүк боларлық тақырып.
Сонымен атақты Бай Жүйи ақын біз жазып отырған Хаңжу қаласына қай жылдары әкім болып келді?
Жастайынан қиындық көріп өскен Бай Жүйи сол кездегі билікке шығудың ежелден келе жатқан мұрасымы бойынша ол да жұрт қатарлы қатаң емтихандарға қатысып, ұқық пен қызметке жетіп, Чаң-ан қаласына қоныстанады. Биліктегі шенеуніктерді тіпті императорға дейін ащы сынмен мысқылдап өлеңдер жазған Бай жүйи ордадан біртіндеп алыстай бастайды, шалғай аймақ-аудандардың әкімі болып түстікке қарай ығыстырылады. Ли бәй дүниеден өткеннен кейін, он жылдан соң дүниеге келген атақты ақын Бай Жүйи 822 жылы Хаңжу аймағының әкімі болып тағайындалып барады.
Ол Хаңжу қаласының әкімі болған кезінде Хаңжудағы көне алты құдықтың қаусап тұрғанын көріп, қала халқының ауыз су мәселесін шешу үшін алты құдықты тазалау жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ Шиху көлін лай басып қалғанын, егіншілік алқаптарында құрғақшылық болып жатқанын көріп, көл суын сақтау үшін жағалаулар мен тоспалар салады.
Кейін Сужу әкімі болған кезінде де Бай Жүйи Сужудың су және құрлық қатынасын жеңілдету үшін батыстағы Хушюден шығыстағы Чәнменге дейін жеті милдік Шантан өзенін қазады. Тоған жолдарын аршып, ашқан осы жұмыстардың арқасында сулы-нулы Хаңжу мен Сужудың экологялық ортасын одан ары жақсарады.
Кейінгі дәуірлерге осы Таң заманынан қалған атақты бір нақыл бар. Яки «Аспанда жұмақ бар, жерде Сужу мен Хаңжу бар» деп айтылады. Бұл нақылдың авторын кейінгі зерттеушілер осы Бай Жүйи ақын деп қарайды. Себебі, Бай Жүйи Хаңжу мен Сужуға әкім болып тұрған кезінде, осы екі аймақтың көркем табиғатына, нулы-сулы жаратылысына, тау ормандарына салынған әсем храмдары мен атақты ғибадатханаларына арнап талай-талай өлеңдер жазған болатын. Әсіресе Хаңжуда әкім болып тұрған жиырма неше айда екі-үш жүздей өлең жазған. Кейін терістікке қарай қоныс аударған Бай ақын өмір бойы Хаңжу мен Сужуды көкейінде сақтап, сағынышпен еске алған екен деседі.
Шиху көліне адамдардың қаншама еңбек тері сіңгені тарихтан анық білінеді. Ежелгі заманда көлдің тарпы бар болсада, оны лай-батпақтан аршып, қала халқын бастап жұмысқа кіріскен атақты ақын – Бай Жүйи. Үлкен дариялардың теңізге шығар атырауына орналасқан Хаңжудағы Шиху көлі өзіне құяр өзен-судан таршылық көрмеседе, оны кейде су тасқыны басып, лай-батпақ бітеп қалатын болған. Халықтың егіншілігі үшін көлдің шетіне тоспа соғып, алғашында оны су қоймасы ретінде пайдаланады. Күтім жасамаса табиғат аясындағы көлдің өзі құрғап, таудағы орманның өзі тазғырланатынын бұл халық жақсы білсе керек. Арада біраз уақыттардан кейін су қоймасы санатындағы Шиху көлі бойжеткен қыздай бұралып, өзіне соншама жыр арнаған Бай Жүйидан бастап талай ақынды іңкар ете бастайды, көл құрылысына байланысты күтімдер мен жұмыстар одан кейінгі замандарға дейін жалғаса береді.
Шиху көлі. Су Шы
Иұңиүйлы әуені
Жарық ай қырау тәрізді, салқын су бейне күз желі,
Қара күздің келбеті шынында шексіз әдемі.
Көл иінін айлансаң балықтар шоршып тулайды,
Тұңғиық жапырағында шық моншақ сырғып тұрмайды.
Көре алмапты ешбір жан осыларды әуелі,
Түн ортасы болғанда барабан үні үдеді.
Ұйтқи соққан күз желі жапырақтарды күзеді,
Ояна кеп шошындым, үзілді түстің тізбегі.
Тұнжыраған түн мынау, кетті екен шырын түс қайда?
Ұйқы ашылып кеткесін айналдым шағын аулада.
Қиянды кезіп жүруден жалығып қалған екенмін,
Келсе де қайтқым, тау менен көрінбеді еш мекенім.
(«Сұң дәуіріндегі ән мәтіндерінен үш жүз». Аударған: Бөкейхан Бекей).
Бай Жүйидан соң араға 190 жыл салып, Хаңжудан мыңдаған шақырым шалғай алыста жатқан Счуан өлкесінің Мишан деген таулы жерінде Су Шы (1037-1101) есімді терістік Сұң патшалығының атақты ақыны, хұснихат шебері дүниеге келді. Ол өзін Дұңпо сопысы деп атайтындықтан жұрт оны Су Дұңпо деп де атаған.
Су Шы бүкіл ел бойынша жүргізілген оқымыстылардың емтиханына қатысып, «Жазалау мен силауда адал болу жайлы» дейтін атақты мақала жазып, сол кезде жоғары шенде отырған терістік Сұң елінің атақты ақыны, тарихшы Оуян Сюдің көзіне түседі. Шалғай аймақтарда аз уақыт судия болып қызымет атқарған Су Шы 1069 жылы ел астанасы Кайфыңға келіп үлкен билікке қол жеткізеді. Хан сарайында Су Шыдан тыс өзі оқымысты, сол заманның тағы бір атақты ақыны – Ван Аньшида бар еді. Ван Аньши өз тұсындағы жаңа заң шығаруды қолдаған реформатор, қоғам қайраткері болатын. Заң өзгертуге байланысты Су Шының өзіндік ерекше ұстанымы бар еді. Оның ойынша, жаңа заң дәл сол тұстағы қоғамның жағдайына сәйкес келмейді, ол қоғамға ауыр залал тигізуі мүмкін деп есептеді. Осылайша ордадағы ескішіл топ пен жаңашыл топтың күресі Су Шыға шоқпар болып тиеді. Бұның бәрі ақсүйек төрелерге бас имейтін, оларды қошаметтеп, алдында құрша жорғаламайтын асыл мінезді Су Шының алдына тағдыр талқысын құрады.
1071 жылы қараша айында Су Шы әйел бала-шағасын ертіп Хаңжуға келеді. Бұл кезде бұрынғыдан гөрі маужырап, түлеп тұрған Шиху көлі мен Фынхуаң сияқты тауларға қатты елітіп мастанған Су Шы Хаңжуда 300-ден астам өлең жазады. Шиху көлінің әсем табиғаты Су Шының ақындық дарынын одан ары қаузап ашып жіберді десек болар, өйткені үш жүз өлеңнің тек ғана 160 өлеңі Шихудың әсем көрінсін жырлауға арналған болатын.
Су Шы Хаңжудағы кезінде Шиху көлінің бейнесі мен кешкі ай сәулесін сүйсіне тамашалап, көлде жиі қайықпен жүреді. Кейде тіпті түнгі серуенге шығады. Жаңа туған ай көтеріліп, көлге шағылысқан суретті ол «Толған ай сұлу әйел сияқты, теңізге шықпас бұрын өзгеше құлпырады... » деп жырлайды. 1072 жылы жаздың кешінде, күн батқаннан кейін Су Шы шағын қайыққа отырып, Шиху көлінің бетінде жүзіп жүреді. Жаңа туған ай қас тасының жарты шеңбері секілденіп кешкі аспанда айрықша жарқырайды, үшінші сағаттың (түнгі уақытты есептеудің ежелгі әдісі) соңына қарай ай бірте-бірте батыс көкжиекке қарай батады. Түн ортасының соңына таяған кездегі айдың сәулесі әлсіз, жұмсақ нұр төгеді. Бұл шақ айнала жым-жырт. Айдың сипаты әдемі және жұмбақ. Таң ақырындап шығыстан сіберлей төгіледі, балықшылар үнсіз ғана ауларын жинайды. Қайық жүзіп өткен жерден мысыққұйрық шөптің сыбдырлаған дыбысы естіледі. Кең айдында жабайы күріш жайқалып тұр, ал лотос гүлдері түнде өседі, оның адамды еліктіретін жұпар иісі дымқыл самалмен қоса аңқып тұр. Алыста ғибадатхана шамдары жылтылдайды, айлы түнде көлдің жұмбақ табиғатын тамашалаудан өткен қандай ғанибет бар десеңізші! Жел де тыныш, толқындар да тыныш. Су Шы қайығын жағалауға тастап, көне храмға қарай ақырын аяңдайды. Осындай буалдыр түс сияқты таңғажайып күйден кейін ғибадатханаға кірген Су Шы өзінің абдырап қалған сезімін сипаттап өлең жолдарын жазады.
Осы тектес жаратылыс көрінісін егжей-тегжейлі түрде сипаттаудың үлгісі қытай классикалық поэзиясында өте мол ұшырасатыны белгілі. Психологиялық параллелизм тәсілінің биігіне әбден машыққан орта ғасырлық қытай мен жапон ақындары табиғат аясын суреттеу арқылы автордың ішкі ой-толғаныстарын жыр жолдарына тереңнен сіңіріп отырды.
Су Шы жалпы екі рет, 1071-1074 және 1089-1091 жылдары Хаңжу аймағының әкімі болып қызмет атқарған. Араға 15 жыл салып екінші рет бұл қалаға қайта келген Су Шы жылдар бойы қараусыз қалған Шиху көлінің лай-батпаққа толып, тозып кеткенін көреді. Көлді қалпына келтіру үшін қаражат жинап, жергілікті бай кәсіпкерлерден көмек сұрайды. Осылайша Су Шы көлге баратын жолдарды жасатып, жағалауға ағаш-тал ектіріп, көл табанын шөгінділерден тазарту жұмыстарын ұйымдастырады. Адамдар демалатын самалдықтар (павилон) мен көпірлер салдырады. Су шылымы секілді өсімдік өсіргісі келетін қарапайым тұрғындарға көлдің арамшөбін тазалаттырып, содан кейін ғана оларға көлдің кейбір жерлерін жалға береді. Су Шы 1090 жылы көлдің оңтүстік жағындағы ең терең нұктеге су деңгейін көрсетіп тұратын үш тас мұнара тұрғызады (аралары алпыс метрден), оның негізгі бөлегі судың астында. Көл бетінде тек 2.5 метрі ғана көзге түседі. Алыстан қарағанда су бетіне шығып тұрған құмыра секілді олардың пішіні өте әдемі, кішкене мұнараның ортасы шар тәрізді іші қуыс тас, төбесі асқабақ сияқты жасалған, түбі тас тұғыр. Мұнарадағы тас шардың бес тесігі бар. Күз айларында осы кішкене тас шырағданның ішіне жұмысшылар кешке жақын шырақтар жағып, тас шардағы бес тесіктің сыртын қағазбен жауып қояды. Айтылымға қарағанда, осы кезде аспандағы айдың көлге шашқан нұры мен бес тесігі бар кішкене мұнараның ішінде жанып тұрған шырақтың көлге түсуінен көл бетінде отыз үш айдың бейнесі шағылысып көрінеді деседі.
Бес ғасырдан кейін 1607 жылы Миң патшалығы заманында ғана осы кішкене тас мұнараларды қайтадан салып, маңайын күрделі жөндеуден өткізіп, көл ортасына аралдар салған деседі. Одан бері тағы да төрт ғасыр өтті. Бәрі де бәз-баяғысындай. Бір қызық дүние, көлдің жағасындағы будда мұнаралары болсын, храмдар болсын, барлығына тән бір жағдай – олар қай патшалық, қай дәуір, қандай да бір мәдени зобалаң және табиғи дауыл, жаңбыр, найзағай сияқты жаратылыстық апаттарды бастан кешірседе, келесі бір замандағы билік жүйесі бұл ескерткіштерді барынша бұрынғы қалпына келтіріп, көлдің тура сол жерінен қайтадан салдырып қоятын болған. Қанға сіңген дәстүр дейміз бе, ата-бабаның рухына тәу ету дейміз бе, не десек де бұл жерде үлкен сыр бар. Тіпті, Алтын Орданың қара шаңырағымыз деп отырған біздерге де мүлдем жат емес кешегі Шыңғыс хан немересі Құбылай құрған Юан империясы мен Жин елін құрған Чүржіндер, Цин империясын құрған шүршіт-мәнжулер, Таң кезіндегі түрік текті көшпенді жұрттың тұқымынан шыққан патшалар болсын, осылардың ешқайсысы да қытай мәдениетінің омыртқасын опырып, бүкіл жол-жорасын өзге арнаға салып жібере алмаған екен. Қайта оны қорғап, өздері де қызығын қоса көріп, ырғын рахатқа батып, осы бір қиыр шығс өңірінде жаратылған алып мәдениеттің күзетшісі болып өткен сынды әсер қалдырады.
Осылайша, Шиху көлінің қызығы мен шыжығын қатар көрген атақты ақынымыз Су Шы екінші рет жер аударылған кезде де Хаңжуға өзі тіленіп келіп, осында бірсыпыра жұмыстар атқарыпты. Су Шы Шиху көлін қалпына келтіру жұмыстарын ғана емес, сол кезде таралып жатқан жұқпалы ауруларға қарсы емхана ашып, үкіметтің жетпей жатқан қаражатының қалғанын қалтасынан төлеген деседі. Бұл емхананы даосизм діни қызметкелері басқарып, өз кезінде мыңдаған адамдардың науқастан жазылып шығуына пайдасын тигізген екен, ол орын әлі де болса қызметін жалғастырып жатса керек.
Тыныш жататын ақын Су Шы ма? Оның тағы да бір өлеңдері жоғары билікте жүрген қаской уәзірлердің көзіне теріскендей қадалады. Қаскұнемдер ебін тауып патшаға жамандап, Су Шыны өмірінің соңында одан ары қудалап, алыс жатқан жер түбі – Қытайдың Хайнан аралына 1097 жылы жер аудартып жібереді. 1101 жылы сол жақта аурудан қайтыс болады.
Су Шыдан: «мен өз өмірімде жоғарыда патшамен, төменде жексұрын жендет тіленшілермен де істес болдым. Игі-жақсы адамды бұл әлемде кезіктіре алмадым» деген сөз қалған екен.
Хаңжу мен Сужу. Жапония
Жыл санауымыздан бұрын Қытай мен Жапон ортасында түрлі мәдени алмасулар, ел-жер шежіресі туралы алғашқы өзара естеліктер болды. Жыл санауымыздың 67 жылы белгілі бір Жапон тайпасының басшысы Қытайға елші жіберген. ІІІ ғасырда терістік Қытайдағы Сиянби елімен елшілер алмасады. Тіпті V ғасырда көптеген қытайлықтардың Жапонияға қоныс аударғаны туралы деректерде кездеседі.
Біздің заманымыздың 5-7 ғасырлары аралғында Жапонияға кәріс түбегі арқылы қытай жазуы кіреді де, ежелгі қытай мәдениетінің ықпалына ұшырай бастайды. Манъёсю, Вака т.б көне жапон әдебиетіне қытай әдебиеті мен поэзия түрлері әсер етсе, Жапонияның нара (710-794) және хейан дәуірлерінде (794-1185) жапон әдебиетшілері қытай поэзиясы мен прозасының стилдерін үйреніп, еліктеп, көптеген шығармалар жазады. Ежелгі қытай романдарының әсерінен туындаған бір шығарма - хейан дәуіріндегі Мурасаки Сикибу «Гендзи туралы хикаясы», бұл жапон әдебиетінің классикалық туындысы. Жапонияның нара дәуіріндегі (710-794) «Манъёсю», «Коджин» сияқты поэзияларына қытайдың Таң дәуірінің поэзиясының ықпалы айрықша болыпты.
Қытай мифтері мен аңыздарындағы элементтер Жапонияға ауызша және кітаптар арқылы кіріп, жапон мифологиясының жүйесін байытады. «Коджики», «Нихон шоки» сияқты 8 ғасырда құрастырылған Жапонияның жаратылыс туралы мифтер мен құдайлар туралы аңыздарын жазған ең көне тарихи кітабына қытай мифологиясы мен әдебиеті, діні ықпал етеді. Қытайдың даосизмі жапондық синтоизмге даостық құдайлар, әдет-ғұрыптар мен діни түсніктер тұрғысынан кіріксе, буддизм Қытай арқылы Жапонға кіргеннен кейін, қытайласқан буддистік танымның кейбір әңгімелері мен мифтері де жапон әдебиеті мен зен буддизміне өзіндік әсер жасайды. Берідегі Қытайдың төрт атақты классикалық прозасы «Су бойында», «Қызыл сарай түсі», «Батысқа саяхат» және «Үш патшалық хисасы» т.б шығармалар Жапонияға аударма және назиралық әдебиет түрінде жетіп, жапон романының жасалуына және әдеби стиліне игі жағдай тудырады.
Сонымен, Жапониядан Қытайға жүзіп келген атақты адамдардың көбісі тағы да ең алдымен Хаңжу мен Сужуға келген. Олардың көпшілігі атақты монахтар, ғалымдар, жазушылар және өнер зерттеушілер.
Кукәй – атақты жапон діндары. 804 жылы Таң дәуірі кезінде Қытайға келіп, буддизмді, әсіресе тантраны зерттеген. Әуелгіде Чаң-анда оқыса, кейін жергілікті мәдениет пен дінді білу үшін басқа аймақтарға, Хаңжуға да барады.
Енрен – хейан кезеңіне дейінгі жапон монахы. 838 жылы Таң елшісімен бірге Қытайға келіп, бұл да Чаң-аннан білім алады. Кейбір жазбаларға байланысты, буддизмге байланысты білім алу үшін Сужуға барады.
Ейсай - 12 ғасырдағы жапон монахы, ринзай сектасының негізін салушылардың бірі. Қытайға 1191 жылы келіп, Хаңжуда және басқа жерлерде болды. Ол Хаңжудағы Лингин храмында білім алып, Жапонияның шай рәсімі мәдениетін насихаттап, дзен ілімдері мен шай тұқымдарын Қытайға әкеледі.
Сонымен бірге Қытайдан Жапонға барып буддизмді алғаш рет таратқан Қытай монахы Фашян, 753 жылы буддизм мен қытай мәдениетін тарату үшін Жапонияның шақыртуымен сол елге барған Чян Жын қатарлы Қытай монахтары да болды.
Қытайға келген жапондықтардың ішіндегі өмір тарихы қызықты адамның бірі – Әбе Накамаро (698-770). Жапонияның нара дәуірінде, Қытайдың Таң патшалығы кезінде оқуға жіберілген Әбе Накамаро сол беті Жапонға қайта алмай, Қытайда қалып қояды. Ол Таң дәуіріндегі атақты ақын Ли Бәй, Уаң Уи қатарлылардың досы болған, өзі де ақын, саясаткер. 753 жылы қайықпен Жапонияға қайтып бара жатқанда, қайығы теңіз дауылына ұшырап, Ветнамға дейін ағып барып аман қалады. Сонымен қайтадан Чаң-анға қайтып келіп, ақыры Қытайда қайтыс болады.
Едо дәуіріндегі (1603-1868) жапон көпестері Нагасаки арқылы Қытаймен сауда жасаған, кейбір Нагасаки саудагерлері Қытайдың теңіз жағалауындағы қалаларға, соның ішінде Хаңжу мен Сужуға келіп қытай-жапон мәдени алмасуларына ықпал ететін іскерлік шаралар жүргізген. Олар қытайдың буддизмін, әдебиеті мен өнерін, технологясын зерттеу үшін оларды Жапонияға әкеледі, Жапонияға әкелген шай тұқымдары мен дзен ілімдері жапон шай рәсімі мен дзен мәдениетіне қатты әсер етеді.
ХХ ғасыр басына жеткенде Жапониядан Қытайға су жолы арқылы жету қарапайым әңгімеге айналды. Жапонияның атақты жазушысы, аудармашы, дәрігер Мори Огай 1909 жылы Қытайға келіп, саяхат естеліктерін жазады.
Бұлардың ішінде 1921 жылы наурыз айында Шаңхайдан жағалауға шығып, Хаңжу мен Сужуды, Бейжиңді аралап, сапарнама қалдырған Жапонияның керемет жазушысы Рюноскэ Акутагава да бар.
Алып диірмен немесе мәдени паттерндер
Қазақ жазушысы Шыңғысхан қосыны Европаға дейінгі жарым дүниені қысқа ғана бес-алты жыл ішінде тас-талқан етіп жеңіп, бағындырғанын жазады. Керісінше, ескі жау таңғұтты қаншама жылдан соң әзер жеңеді, чүржынның қасарысқан Жин елін де әзер қиратады, Құбылай қытайдың түстік тарапқа шегінген Түстік Сұң патшалығын 20 жылдан соң әзер жеңіп, империя туы астына зорға біріктіреді. Қытай ежелден күшті, мықты. Дейтұрғанмен, көшпенділердің табанына талай рет түсті. Бірақ бәрібір соңында қаншама көшпенді мемлекеттер осы бір алып диірменнің ішіне жұтылып кетті. Автор «Жер жаралғалы өзгермеген ешқандай халық қалған жоқ. Тек ғана бір халық ешқашан өзгермепті, ол – қытай» деп көңіл ауанына ерік беріп барып, бір мазмұнды аяқтайды.
Әрине, бұл пікірге қосылып біраз жерге дейін қиқулап баруға болар еді. Бірақ тарихтың өзі куә. Қытай тарихындағы қаншама мәдениет үлгілерін ханзу дейтін қазіргі күндегі жалғыз ғана ұлттың жасап шығуы мүлдем мүмкін емес. Бұл стереотип. Қасаң үрей. Бұл мәселеге антрополог Алфред Л. Кребердің «Мәдениет дамуының конфигурациялары» атты жазбасындағы ойлармен жауап беруге болады.
Қазіргі ішкі қытай мен терістктегі ұлы далада отырықшы және көшпенді мәдениет болғаны белгілі. Бірі шабуылдаушы, бірі көбіне қорғанушы. Отырықшы қытай ұлы далаға патшалықтың күшейген кезеңінде көшпенділерді тыныштандыру сипатындағы шабуыл жасады. Көбіне қорған ішінде, одан да ары ішкі теңіз жағалауларында өсіп-өніп жатты. Сол тұста көшпенді мәдениетке сіңіп кеткен отырықшы халықтар да болды, бірақ саны аз. Отырықшы халықтар топ-тобымен көшпенді өркениетке қарай жүрген жоқ, керісінше көшпенділерді отырықшы жұрттың алып магмадай балқыған «Мәдени қазаны» қашан да өзіне қарай тартты да тұрды.
Орта жазықтағы отырықшы халықтардан құралған қытай – терістік және батыс өңірдегі көшпенді қауымнан биді де, саз аспабын да, көшпенді өмірдің техинкасын да т.б бәрін де ала берді. Ұнағанын ала берді, жарамағаны қалды.
Шығыс терістіктен келген көшпенді сәнбилер патшалық құрды, олар орта жазық мәдениетіне ана тілімен қоса тез жұтылды. Тұңғұс текті чүржіндер мен олардың ұрпағы мәнжулерде сіңісіп жоғалды. Құбылайдың кезіндегі қаншама монғол-татар орта жазықтағы осы бір мәдениетке балдай батып, судай сіңіп кетті. Чияңдар, қидандар, ғулар, түріктердің қаншама тайпалары орта жазықтағы осы бір өмір сүру формасына сіңісіп кетті.
Демек, бұл жерде қандай ұлт болсада «балқытып, ерітіп» жіберетін өте күшті «Балқыту қазаны» бар екендігі шындық. Неше мың жыл бойы отырықшы ұлттарда, көшпенді ұлттарда орта жазықтың қолайлы климатында бұл мәдени байлықты жанталасып жинады, мәдени дастүрді қалыптастыруға атсалысты. Алып диріменнің әртүрлі астық дақылдарын жәншіп, үгітіп біріктіретіні секілді, орта жазықтағы жаһандық мәдени болмыс түрліше дастүр мен философияны, тәжирбелерді алып диірменге салып «ұнтақтады».
Қаншама жазулар болды, соның бәрін ежелгі күннен бері келе жатқан бір жазу жеңді. Жазу ортақ болған соң, қалған жазу азшылыққа айналды. Ал тіл – ең тұрақсыз қоғамдық құбылыстың бірі. Әрине, бұған тағы демографияны қосуға болады. Қазыр ерепайсыз көбейген ханзу ұлтының ежелгі күнде де жан саны әжептауыр болыпты, бірақ бұл бір жұрттың жан саны емес. Бұның өзіндік себептерін шетелдік ғалымдар күріш шаруашылығымен байланыстырады.
Мәдениеттердің өлімі мәселесі ғылым саласында жақсы зерттелген. Бұл өркениеттердің ішкі себептерінен немесе оның қартаюынан болады. Мәдени клеткалардың қартаюынан кейін, ол тіпті тарихтағы әлденеше реткі түлеудің өзін қайталай алмай, өзегінен сыртқы шеңберіне қарай қаусай шіріп, үгітіле құлауы мүмкін.
Ежелден бері айналасындағы жас мәдениеттері таусай шайнап, бар сөлін сығып алып отыратын орта жазық мәдениеті енді қанша заманға дейін өзінің ішкі магмасын, қуат қайнарын сақтап отыруы мүмкін? Жаһанданудың ежелгі сипаты ретінде қарастыруға болатын бұл мәдениет өзінің шырқау шыңына әлденеше рет шығып болған көне мәдениет үлгісі ретінде саналады.
Айтқымыз келетіні, қытай мәдениеті ол тек ғана ханзу мәдениеті емес. Осыншама үлкен супермәдениет үлгісі жүздеген ұлттың атсалысуы нәтижесінде бірнеше мыңдаған жылдардың ұзақ процесінде жасалынып отыр. Ал оның жемісін ғана көріп, балаң түсінікпен белгілі бір қауымының еңбегі немесе зобалаң туылса белгілі бір халықтың ғана «зұлымдығы» десек жаңсақ кетеміз. Бұл дарақтың топырағында, тамырында қаншама жұрт пен қауымдардың ізі сайрап жатқанын көзқарақты оқырман жақсы біледі.
Будда мұнарасы
Кешкі күн көл қоралана мұнартқан көгілдір тауларға қарай еңкейіп келеді. Көл беті ың-жыңысыз, тыныш. Бұдан мың жыл бұрын Су Шы ақын жасатқан көл ортасындағы аралдар үнсіз мүлгиді. Құмыра тәрізді су деңгейін көрсету үшін жасалған кішкене тас мұнараның тұсынан да жүзіп өттік...
Күн тау иығына қарай қонақтап келеді. Су бетіндегі ірілі-ұсақты қаншама қайықтар уақыт көлінің бетінде кешкі күннің шапағымен бірсін-бірсін еріп, жоғалып бара жатыр... Мың жыл бойы солай болған...
Ертесі тәңертең, тау жотасында «қынай белі майысп» тұрған Баушу мұнарасын көрейін деп байырғы орманға келдім. Көлдің батыс жағындағы тау алқабы сыңсыған орман. Орман арасында көне қақпалар, құдықтар, мүк басқан ежелгі ағаштар көрінеді. Бұл арада адам жоқтың қасы. Жол біртіндеп тау жотасындағы мұнараға қарай бастады. Тау биігіне қарай сәл көтерілгеннен кейін айнала кеңістік зәу биіктегі бамбук ағаштарымен бірге ырғала сілкініп тұрғанын сезіндім. Желге толқыған бамбук тоғайы.
Ойыңа Оуян Сю ақынның « Ырғалтып түнде бәмбукты, азынап соқты күз желі ...» дейтін тармақтары оралады.
Тағы да біраз биікке көтерілгеннен кейін, терістік жақтағы тау жотасынан будда мұнарасы да көрінді…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.