Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытгүл Бабаш. Үмітті іркіп Үркер ауған таңдарға....

23.12.2018 7199

Бақытгүл Бабаш. Үмітті іркіп Үркер ауған таңдарға...

Бақытгүл Бабаш. Үмітті іркіп Үркер ауған таңдарға... - adebiportal.kz

Әлі ештеңе білмеймін өзің жайлы.

Бір көрдім де, боп кетті төзім қайғы.

Сенің мөлдір көзіңе өлең жазып,

Сырымды айтқым келеді терең, нәзік.

Кешірімді кейбіреу кек дейтінін,

Бәрімізге бір жылу жетпейтінін;

Төгілгенде жыр болып дәптерге арың,

Туғаның да түсінбес сәттер барын;

Сезімімді сынаған кезбе күнді,

Саған дейін жылаған кездерімді;

Дүниенің кеңдігін, тарлығын да,

(Өмір деген не өзі, зарлы ұғым ба?)

Шаттығымды, шерімді, тәтті мұңды,

Біз екеуміз кезіккен сәтті күнді.

Ойым онға, бөлініп санам мыңға,

Жазғым келді тұнса да жанар мұңға.

Көзәйнегім сыртында Күн күледі,

Көремін бе сені енді, кім біледі?

Жан-жүректі сұп-суық тастай қарып,

Кетті бәрі бір тамшы жасқа айналып...

**

Шер шарабын үнсіз ішіп отырмыз.

Зағип жігіт, соқыр қыз.

Қабылдаудан басқа амал жоқ қатал тағдыр кесімін.

- Танысалық.

- Жалғыздық- деп күбірледім, - есімім.

- Біз ғана ма жаны жалқы жаралған?

- Он сегіз мың... Әлде он жеті, білмедім?

- Қандай қайғы шығады деп тағы алдан,

Өзіңді ойлап...

-Өзіңді ойлап неше түн көз ілмедім...

Шулы шаһар кекесінмен қарады,

Жүдетпесе, жалған, шіркін, жалған ба?

Көз алдымда ғұмыр көшіп барады,

Күліп қарап кеудемдегі арманға.

..Шер шарабын үнсіз ішіп тарадық.

(Телефоннан төгіледі тағы мұң).

Екеумізде бір жақындық бары анық:

-Сағындым ғой!

- Мен де сені сағындым...

**

Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді.

Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол;

Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады,

Жылама, жүрегім менің!

Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым арқандалса да,

Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді.

Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз,

Жылама, жүрегім менің!

Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін,

Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед...

Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін,

Жылайық, жыласақ егер...

**

Мұнар таудың басында манаураған Ай ма екен?

Бір көрінсе болмай ма бізге бақыт? Қайда екен?

Жанарыма-жұмыр жер, құшағыма-мына әлем,

Сыйып кетер мейірлі құс-көңілдің сыңары ем.

Қайырылған қанаты қыранға енді не дейсің?

Қу дүние, әйтеуір қайырымға кедейсің...

Мұнар таудың басында мамыр ма екен, маусым ба?

Жүрегіме түскен жүк төзімімді тауысуда.

Тамның бәрін қосым деп кімге ұйыпты күпір ой?

Жанның бәрін досым деп бір биіктік күттім ғой!

Құз басынан құлаған қызды көрсең – мен шығар.

Жапан түзде жылаған күзді көрсең – мен шығар...

..Бір бақытты аңсаған тағдырыма тайғанақ,

Мұнар таудың басынан манаурайды Ай қарап.

**

Енді кімге өкпелеймін? Уақыт...

Уақыт қана шығарады шешімін.

-Көзің жасын төкпе,-дейді ол жұбатып.

Мен жылаймын естен кетпей есімің.

Мен жылаймын, сағынғаннан шығар бұл?

Түн мұңайды: - Мойыныңа тұмар іл.

Саған деген сезімімнен сыр айтып,

Тереземде тұнжырайды сыңар гүл.

Мұңнан, гүлден, түннен тағы жерідім.

Қиял ғана сертке берік серігім.

Өз ойымнан өзім жүрмін қызғанып:

Менен басқа сүйеді деп сені кім?

Үмітті іркіп Үркер ауған таңдарға,

Іңкәр еткен не істей алам арманға?

Менен өзге өлеңіне өзек қып,

Өміріне өксік толған жан бар ма?

Менен басқа қыздың бәрі ақылды

көрінеді. Кімге айтамын датымды?

Сен де әйтеуір іздемейтін боп алдың,

Ай бетіне жаздым сосын хатымды.

Көңілімде күрсініс көп, алаң көп.

Жаза салшы: - Бәрі, бәрі тәмам,-деп.

Мың күйіктен өртенейін, тынайын...

Тым биіктеп кеткен едім, құлайын...

**

Тағдыр да емес атың сенің, мұң да емес...

Жаңбыр да емес, жалған да емес, шын да емес.

Жан біткеннен бірақ артық көремін.

Жүрегіме болды басқа төре кім?

Менің мөлдір өлеңім!

Дәл өзіңдей кім татырды бақ дәмін,

Дәл өзіңдей ешкім маған сенбеді.

Тағып жүрген кездерімде жатқа мін,

Қайдан тауып алдың екен сен мені?

Қалай ғана қалдың екен құлатпай,

Қыл көпірден жаным сауға сұраған.

Жүрсем - дағы ұнатып һәм ұнатпай,

Мені ессіз сүйетұғын бір адам –

Сен ғанасың!

Бәрін-бәрін кешірем.

Тағдырыма кегім содан қайтардай.

Мен де өтермін мына өмірдің көшінен,

Есіміңді ешбір жанға айта алмай...

**

(Тарана Тураннан)

Кім кінәлі жеткізбесе мұратың?

Арманы алдап, ажал құшқан жан аз ба?

Бірі - бейіт жел өтінде тұратын,

Ал бірінің сыры қалған қағазда.

Мәңгілікке айналуды жазбаған,

Маңдайында бағы азға.

Өтіріктен соққан сәнді сарайлар,

Жермен-жексен құлағанын көргенмін.

Ақиқатты тәлкек еткен талайлар,

Ар алдында жылағанын көргенмін.

Өз отына өзі күйген пенденің

Жанға сауға сұрағанын көргенмін.

Бір дертімнің таба да алмай мен емін,

Өксігімді өлең қылып өргенмін.

Ғапыл ғұмыр бітпестей боп көрінер.

Бәрі де өтер,

Көңіл қалар қаталап.

Сөйлер бірақ ғасырлардың төрінен,

Жаным, шексіз саған деген махаббат!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар