(Лирика – 1986)
Жылына кемі 40-50 жыр жинағы жарық көреді. Олардың бәріне жеке тоқталып, талдау жасау – бірер-баяндамаға шамасыз жүк. Сондықтан баяндамашының міндеті – қал-қадерінше поэзиямыздың бір жылдық жай-күйінің жалпы панорамасын ғана жасау. Әлбетте, баяндамашының пікірі – соңғы пікір емес. Уақыт төрелігі деген де бар.
«Жазушы», «Жалын» баспаларынан шыққан бір жылдық поэтикалық «өнімді» – жаңа айтып кеткеніміздей ұзын саны 40-қа жетіп жығылатын өлең жинақтарын шолып отырып, поэзия проблемаларының соңғы біраз жылдар көлеміндегі сипаты еш өзгермегеніне куә болдық. Соның ең бастысы – нашар және ортақол кітаптардың көптігі, жақсы жинақтардың аздығы. Немесе, жақсы өлеңдердің көптігі, бірақ рухани зор қуатпен болмысыңды сілкіндірер, жан-дүниеңді жарқыратар шапағат, жарығы мол жырлардың тым сиректігі. Бұл – фамилияларға қарап тон пішкен пікіріміз емес, нақты өлең сапасына қарап айтып отырмыз. Егер күдігіңіз болса, сол фамилиялардың біразын тізе кетейік: Ғ. Қайырбеков, А. Шамкенов, Т. Есімжанов, Қ.Бұғыбаева, А. Нысаналин, Тұрғынбеков, К. Мырзабеков, Ы. Сапарбаев, Ғ. Жандыбаев, Т. Рахимов, Н. Айтов т. б, – алдыңғы аға буын өкілдерін былай қойғанда кейінгі аталған ақындардың өзі қазақ жырында айқын қолтаңбалары бар, әбден танымал, талантты ақындар. Сондықтан жаңағыдай көңілсіздеу пікірге тоқтау – баяндамашыға да оңай болмағанын түсінерсіздер.
Өткен жылы жоғарыда аталғандардан да басқа кітап шығарған авторлардың көбі-ақ поэзия оқырмандарына ежелден таныс есімдер. Жалпы потенциалдары, олардан не күтуге болатыны шамамен белгілі болса да, жаңа кітаптарында өсу, іздену, жаңалық бар ма екен деп үңілесің. Әрине, поэзиядағы өсу – былтырғыға қарағанда қанша салмақ қосты екен деп кірге тартып өлшейтін шаруа емес. Бірақ, қалай дегенмен де, әдеби процестен азды-көпті хабардар адамға әр ақынның заманды, адам жанын, өмір мен болмыс құбылыстарын парықтаудағы тереңдеу дәрежесін көрсететін рухани-көркемдік айқын межелер бары анық.
Қазір жаппай серпіліс кезеңі. Әйтсе де қарқынға серпін қосып, сергектік танытар тұста:
Қапыда қайратты сөз қайдан тапсын,
Жалқау ми көп іздеген дайын жолды, – деп Ғафу ағамыз айтпақшы, абдырап қалған сыңайымыз бар. Ол өз алдына әңгіме. Бірақ бір нәрсені ескерейік. Біз кейде соншама сезімтал, бірақ соншалықты нәзік те поэзияның міндетін қолдан қиындатып алатын сияқтымыз. Уақыт проблемаларына дер кезінде сергек үн қатып отыру, әрине, парыз. Поэзияға публицистикалық қызу леп сол үшін де қажет. Бірақ, ол толайымен публицистиканың өзі емес қой. Сол сияқты, поэзия – журналистика да, жалаң үндеу де, құрғақ дидактика да емес. Поэзияның қолында билік, даусында әмір жоқ. Оның күші – адам жанына сәуле түсіріп, рухына қозғау салатын қасиетінде. Соны ескермей, көбіне, уақыт зәрулігіне бағып, өлеңнен оперативтілікті, публицистикалық жауынгер рухты тіпті, журналистік оралымдылықты талап етеміз. Қандай жағдайда да, поэзия – поэзия болып қалуы керек екенін ұмытпағанымыз абзал.
Айта беретін өлең-очерктерімізде де, публицистикалық өлең, толғауларымызда да шынайы поэзия рухы болмаса, ол туындылардан қайыр аз. Одан гөрі келістіріп тұрып кәдімгі очерк, кәдімгі публицистикалық мақала жазған әлдеқайда пайдалы. Қазіргі қазақ поэзиясында қаптап кеткен сүреңсіз топан өлеңнің тең жарымын сол «азаматтық» даусы ашық, «публицистикалық» темпераменті қызғын туындылар құрайды десек, артық айтқандық емес. Ақын атаулының бәріне Маяковский музасының өлшемдерімен келу – әрдайым абырой әкеле бермейтін нәрсе. Рас, поэзия – күрескер болуы керек. Бірақ күрес атаулының формасы – тіке шабуыл емес қой. Поэзия адам жанына ізгілік дәнін, сұлулық шапағатын сіңіреді. Оның негізгі күрес «тәсілі» – сол. Саяси, халықаралық масштабтағы проблемаларды да өзінің поэтикалық қадір-қасиеттерін төмендетпей толғауға лириканың қарымы жетеді. Тек, ол үшін азаматтық дегенді жаланбас жырдың шекесіне оқшырайтып кигізе қояр қызыл қалпақ көретін тоғышар көзқарастан арылу шарт.
Публицистика – поэзияның белсенділігін, даусын күшейтіп, тынысын кеңіткенмен, көп ретте оның өлеңдік көркін, философиялық тереңдігін, мағыналық иірімін азайтты. Бұл, әрине, талантты ақындарға ғана қатысты сөз. Ал, өлеңшілердің өлеңі нашар болса, оған публицистика да, басқа да емес, – құдай берген бармақтай бақ – таланттың жоқтығы ғана кінәлі.
Бүгінде азаматтық дегенді ақындық «меннің» жалаң декларациясынан іздейтін болдық.
... ел тағдырын,
Жер тағдырын ойлаумен
Ұйықтамайды менің Ана – жүрегім! дейді Ысырайылдың лирикалық кейіпкері... Осы тұрғыда, бірақ өзге вариантта мың-сан рет айтылған, айтылып жүрген көп. Әйтсе де сенер едік-ау, бірақ сол жер тағдыры, ел тағдыры дегеннен гөрі, ақын назары жаңағы сәтімен табылған метафораны («ана-жүрек») көбірек қызықтап кеткен сыңайлы. Өлеңнен сәби-дүниені тербеткен Ана-жүректен гөрі, әдемі метафораны әлдилеп, айналып-үйірілген ақын көбірек бой көрсеткендей.
Жер жүрегі алды десе жарақат,
Елден бұрын жүгіремін жәрдемге! – дейді енді бірде лирикалық «мен». Айтыңызшы, бәріне де дайын, бәріне де жауапкер, қазақ лирикасынан мықтап орын тепкен осынау мақтаулы азамат-кейіпкердің жаңағыдай әдемі жариясына бойымыз үйреніп, құлағымыз сарсығаны сонша, қазір, тіпті, селт етпейтін де болдық емес пе? Осыдан, шамамен 10-15 жыл бұрын айтылса, «бәрекелді» дейтін-ақ ниет. Бұл тек – Ысырайылдың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының кемшілігі.
Бірі тікелей лирикалық декларация, бірі дидактика-уағыз, енді бірі жалпылама ақиқаттарды құрғақ тізу арқылы азаматтық идеясын осылай бір сарынды өрнектеушілік бүгінгі сөз тиегі болған ақындар творчествосына ортақ мін. Оның бәріне бірдей мысал келтіріп, уақыт алмасақ та болады. Тек бір нәрсені ғана айқын түсінгеніміз анық. Ол – поэзиямыздағы инерция күшінің әлі де даусыз басымдығы. Бір кезде «Мен бәріне, бәріне жауаптымын» деп жарияға жар салған ақынның аузына сүйсіне қарадық. Қошеметтеп қол соқтық. Енді одан бері ақын есеймеді ме, оқырман өспеді ме? Әлеуметтік-рухани дамуымыздың өзі енді басқа сапаны қажет етпей ме? Сол көп жарияның бір дәйегі болатын кез келді. Енді жалаң сөзуарлықпен, азаматтық, «әсем» прозамен ешкімді селт еткізе алмайсыз. Оқырман бүгінде «Дүние тағдырына жаным ауырады» деген ақынның құрғақ сөзіне емес, сол әлемдік қасіреттер күйзелткен ақынның жан айғайына ғана құлақ қояды.
Міне осындай жаңа серпілісті, сапалық бетбұрысты, ең алдымен, бүгінде талантының бар гүлі ашылып, қазақ поэзиясындағы үлкен күшке айналған буыннан, Ысырайылдың қатарластарынан: Жарасқаннан, Күләштан, Темірханнан, Иранбектен, Кеңшіліктен, Тынышбайдан, Несіпбектен, Серіктен, Дәуітәліден, Жұматайдан, Жәркеннен, Зейнолла, Жүрсін. Ғұсман, Нармахан, Ибрагимдерден күтетінімізді жасырмаймыз. Бұлай үміт артуымызға негіз беретін нәрсе – олардың зор мүмкіндіктері, жеткілікті поэтикалық тәжірибе-тағдыры.
1986 жылы шыққан жинақтардың ішінде осы аталған ақындардың да біразының кітаптары бар. Олар: ЬІ. Сапарбаевтың «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», Т. Рахимовтың «Қобызым — абызым», Ғ. Жандыбаевтың «Жыр желкені», Н. Айтовтың «Түнде ұшқан тырналар», К. Мырзабековтың «Балалық шақ, балладалары», С. Тұрғынбековтың «Сүйген жүрек» сияқты жинақтары. «Жинақтар» демен сөз осы аталған кітаптардың бәріне ортақ атау бола алмайды, әрине. Өйткені олардың арасында Т. Рахимовтың «Қобызым – абызымы» сияқты композициялық, құрылымы жағынан тұтас өлең кітабы да бар.
Жаңа ғана Ысырайылдың аталған жинағынан алынған, былай қарасаңыз, еш «кінәсіз», егер қаласаңыз мақтап жіберуге де болатын жақсы өлең жолдары сыналды. Соған қарап, ақынның бұл жинағы туралы теріс пікір тумасын. Қазақ поэзиясындағы жалпы инерцияны жеке факті арқылы көрсету үшін талантты ақынға қатысты бізге де планканы сәл жоғары алуға тура келді. Ал, жалпы бойкүйездікке жеке ақынның қанша қатысы бар дейтінге келсек, онда ашығын айту керек: ақын неғұрлым талантты болса, туған әдебиеттің жай-күйіне соғұрлым жауапкер.
Ысырайылды анық ақын ретінде мойындататын нәрсе «Жете алмай ұлы өмірдің ұштығына, қамалып қаншама ойлар жүр басымда» деп өзі айтқандай, өмірде жаман-жақсының, белгілі-белгісіздің, айқын мен көмескінің баршасынан сыр іздеп, шарқ ұратын тынымсыз жігері.
Өртең!
Дерт ем...
Жалында!
Жан!
Күлге айнал!
Күл болмаса, өсіп-өнер гүл қайдан?!
Өлең менен Ақын егіз дейді жұрт,
Жоқ! Екеуі – бітіспейтін бір майдан! – деп тағы да өзі айтпақшы, өлеңге барын беретін қалтқысыз қажыры. Ол үшін үлкен-кіші, мәнді-мәнсіз деп бөлінетін еш нәрсе жоқ. Қай-қайсысынан да ақиқат ажыратады, сұлулық табады. Сол тапқанын, ажыратқанын, өзі ынты-шынтысымен құлай сенген шындықты барын сала, сарқыла жеткізеді. Сонысымен баурайды. Оның күшті жері де, әлсіз тусы да осы қасиетінде. Өзің іздеген аңсарлы ақиқаттай көрініп, бұлаңдап із тастап, бар қажырыңды, жарты өміріңді бергендей болып әзер жеткен ой ұштығы кейде сол әуреңе татымайтын ұсақ-түйек, немесе, сенен бұрын әлдекімдер ат шалдырған өріс болып шығуы әбден мүмкін сондай-ақ, көңілсіз ниетпен жарты ақиқат, шала шындықтың әрі-сәрі орта жолында қалмай, бар қайратын сарп етіп, айқын мұратқа адал ұмтылған жанкешті ізденіс өз жемісін бермей қалмайды Ысырайыл творчествосы біздіңше осы кереғар қайшылықтардың кезек жығысқан шарпысынан тұрады. «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» – соның айқын көрінісі. Жинақтағы өлеңдердің бәрі біркелкі емес, әрине, жақсысы да, нашары да кездеседі. Кейбірінде ой таяз, кейбірінде жанды бояулар, әлдебір тірі детальдар жетіспей жатады. Ештеңе айтпайтын жылтырақ өлеңдер де жеткілікті. Бірақ, ең бастысы – соның бәрінде өлеңге адал, парасатқа, сұлулыққа құштар мазасыз ақын жаны бар.
Творчестволарын дәл осы тұрғыда қарастыруға болатын ақындардың қатарында С. Тұрғынбековты, Н. Айтовты, К. Мырзабековты, Ғ. Жандыбаевты атауға болар еді. Олардың талант қырлары да, өмір құбылыстарын байыптау жүйесі де әртүрлі. Жақсылықтары да әрқилы. Тек кемшіліктері ортақ. Ол кемшіліктер – жоғарыда айтылғандармен өзектес жайлар. Алдымен көзге түсетін нәрсе – бұл ақындардың қай-қайсысының да уақыт алдындағы ақындық жауапкершіліктерін шын сезінетіндіктері. Несіпбекті дүние тыныштығы, адамзаттың амандығы алаңдатса, Серік пен Кеңшілік еңбек адамдарын, тыңды, миллиардты жырға қосады. Бірақ, сол игі ниет ойлау қарымының тарлығынан көбіне-ақ поэтикалық сәтті шешімін таппай жатады. Айталық, Серік «Нан мен ән» деген өлеңінде:
Әдетім, салтым қашанғы,
Ән болған елдің қалқасы.
Шынына келсек осы әнді
Айттырған – Нанның арқасы, – деп жаңалық ашқандай болады. Әйтпесе, бұл – әмбе жұрт білетін кәдімгі «Нан болса – ән болады» дегеннің ұйқасқа түскен сұлбасы ғана емес пе?
Миллиардтар! –
Сол менің бар ұраным,
Қалай ғана жырлаудан жалығамын?! – дейді ақын. Егер жалпыға мәлім жайларды ұйқасқа түсіріп қана қойса, «жырлауға» ақын жалықпағанмен, оқуға оқырман жалығып кетері сөзсіз.
Несіпбек пен Ғұсман жинақтарындағы біраз өлеңнің көркемдігі осынау стандартты ойлаудың, терең тебіреністің жоқтығы салдарынан көп ақсап жатыр. Тынышбайдың кітабындағы біраз өлеңдердің кемшілігі де сол шынайы толғаныстан гөрі пафосшылдықтың басымдығында.
Есесіне, Серік махаббат мәселесіне келгенде кібіртігі жазылып, шешіліп жүре береді. Осының өзі де аз дүние емес. Қай ақынның да тақиясына тар соқпайтын олжа. Сондай-ақ Серіктің «Сүйген жүрек» жинағындағы «Ана туралы жырлар» циклы да сәтті дүниелер қатарында.
Серіктің қала пәтерінің тар балконына сыймаған Анасы мен Ысырайылдың даланы аңсаған лирикалық жас кейіпкерінің ностальгиялық сезімінде рухани үндестік жатыр. Бұл әдеттегі қала мен дала проблемасының жай психологиялық аспектісі ғана емес, тамырын дәстүрге терең жіберген болмысымыз бен жаңа орта, жаңа өмір қалпы арасында әлі де рухани адаптация жүріп жатқанының көркем куәсі. Уақыт ерекшеліктерін сипаттайтын негізгі белгілермен қатар мұндай елеусіз жайлардың да дәуір келбетін беруде өзіндік орны болары анық.
К. Мырзабековтің, негізінен, бірыңғай балалық шақ естелігіне, немесе жалпы балалық әлеміне қатысты туындылардан тұратын «Балалық шақ балладалары» кітабының алдымен көзге түсетін ерекшелігі – тақырыбының тұтастығы. Жай өлеңдер жинағы емес, өлеңдер кітабы деу лайық. Ал, бұл кітаптың ең шырайлы жақтары – балладаларда жатыр. Шынымызды айтсақ, бірыңғай балалық шақ естеліктеріне негіздеп жазған «Тай бәйге», «Бір бала туралы элегия», «Көшу», «Тал бесік туралы баллада», «Құмдағы аршалар», «Ұя» сияқты балладаларын оқып шығып, соңғы жылдары өз талантына деген талабын, өлең жауапкершілігін біраз жеңілдетіп алғандай көрінген ақынның жаңа бір серпілісіне, ізденісіне куә болдық. Оның қай балладасы болса да, балалық шағын соғыс зардабы шарпыған ұрпақтың тағдырынан бір-бір үзік сыр шертеді. Және сол сырлар шынайылығымен, шындығымен тебірентеді. Бір ғана «Тай бәйге» аталатын балладаның өзіне сол жаралы жылдардың бүкіл келбеті сиып тұрғандай. Тайға мініп, бір-бір колхоздың намысын қорғаған балалардың бейнесінде мойынға ерте түскен ауыртпалықтан, қиындық-қасіреттен ерте есейген, ертерек ел қамына араласуға асыққан ұрпақтың мінез, тағдыры жатқан жоқ па?
Кеңшіліктің суретші қаламы да өзінін кәнігі бабын қайта тапқандай. Мәселен, мына өзен аққан тұсқа қараңыз:
Жазыққа тіреп табанын,
Шымырлап ағар толқыны –
Мойнына салған даланың
Мойылдай бұйра елтірі.
Жағасы жасыл тал, орман,
Хош иіс шашар атырап
Үп ете қалған самалдан
Үркетін жәудір жапырақ...
Ақынның, ішінде алты бірдей жақсы балладасы бар бұл өлең кітабы, тұтастай алғанда, жыл табысы деп есептелуге лайық.
Несіпбек Айтов та жоғарыда айтып кеткен кемшіліктеріне қарамастан, шырайлы жыр жинағын ұсынды деуге негіз бар. «Жүрегіммен жеке қап» өлеңінде:
Қабыл алып келемін барлығын да,
Көлеңкесін тірліктің, таң Нұрын да,
Қилы-қилы дүниенің хикметі
Қиысады қызықты тағдырымда, – дейді ақын. Несіпбек осынау «қилы-қилы дүние» хикметтерінің адамгершілік астарына үңіліп, ұлағатына бой ұрады. Оның «Түнде ұшқан тырналар» жинағындағы лирикалық жырларды ерекшелеп тұрған ең басты қасиет – осы. Несіпбектің «Өмірім бар» өлеңінде өз болмысының табиғатпен туыстығын сезінуден қуаныш тапқан лирикалық кейіпкер кенет тасқа түсіп шашыраған тамшы болып, бу болып табиғатқа толайым сіңіп кеткісі келеді. Бірақ бұл жай қияли аңсар емес, рухани тазару, жаңғыру, биіктеу ақтысы.
Лирикалық кейіпкердің өз ішіне үңілуі де жиілеп, сыршыл қалып танытады. Осының бәрін құптай отырып, әлі де болса ойлау масштабының тараңдығын, өpic тілейтін ойлардың тыныс жетпей шолақ қайырылатын тұстары барын айтқан жөн. Ал, жалпы ақынның келешекте жеміс күтер ізденісінің бастауы осы кітабында жатқанында күмәніміз жоқ.
Талантының табиғатынан бура тартпай, өз бойына шақ сөйлейтін, даусы бәсең, қаракеті елеусіз көрінгенмен, қолтаңбасы айқын, ақындығы даусыз жігіттердің бірі – Ғ. Жандыбаев. Оның майда ағысты поэзиясының күші — нәрлі тілінде, шырайлы образдарында, ақындық табиғатына, танымына шақ философиясында. Былтырғы «Жыр желкені» жинағында Ғұсман өзінің бұрынғы өрнегін тапқандай. Әрине, бұл кітапқа енген туындылардың көркемдік деңгейі біркелкі емес. Ала-құла тұстар мол-ақ. Бірақ, кейінгі жылдары дидары көмескіленіп бара жатқан ақынды бар бояуымен қайта тапқаныңның өзі де үлкен олжа емес пе?
Өзіме жұмбақ жаратылысым,
Жүректің жиі алам тынышын.
Үміттің оты мәңгі ұзағандай,
Жаһанда қалған жалғыз адамдай,
Қармалап жүрем қара түн ішін,
Өзіме жұмбақ жаратылысым.
Бұл – Ғұсман өлеңдерінен бұрын естілмеген жаңа саз. Тұйықтан ашыққа, алысыраққа, кеңістікке ұмтылған ақындық рух талпынысын сезгендейміз.
1986 жылғы өлең кітаптарының ішінде композициялық құрылымымен, тұтастығымен көз тартатын дүние – Т. Рахимовтың «Қобызым – абызымы».
Музыка және поэзия – адам рухының осы екі ұлы жаратындысының бірлігі мен гармониясы, адам жанына сұлулық, ізгілік дарытар құдіретімен халық, тағдырында, оның рухани өмірінде алар орны – Тынышбай творчествосының күретамыр арқауы десек қателеспеспіз. Тынышбай бұл кітабында да сол өзекті арнаны дамыта түскен. Қобыз сазы, домбыра күйі, дала көкірегінде қатталған тарих үні, бабалар сыры, бүгіннің жыры болып өлеңмен сөз алады. Ақынның күй болмысына, саз сырына тереңдей алар қабілеті жырларынан жақсы танылады. Рас, тоқсан толғаулы, мың бұрмалы музыка әуенінің бар ішкі иірімін, тыныс-тылсымын өрнектеуге жыр қарымы жете бермейді, ақын оны мақсат та етпеген болуы керек. Тынышбай кітабындағы өлең мен музыканың қабысуы – өнегелік, танымдық тұрғыда көрінеді. Ал, енді осы кітаптағы басты кемшілік не дегенде – нақ сол өзіміз мақтаған композициялық бітіміне нұсқаймыз. Бұл арада, біз Қ. Мырзалиевтің «Домбырасына» мегзеп отырмыз. Тынышбайдың «Қобызым-абызымы», «Домбыраның» құрылым үлгісінен алыс кете алмаған, тіпті көп ретте айнымайды десе де болады. Белгілі ойларды қайталау, пафосшылдық ара-тұра поэтикалық деңгейден жайдақ қарабайырлыққа дейін төмендеп кететін тұстар кездескенмен, тұтастай алғанда, бұл кітап – ақынның өзіндік ізденісін де танытады.
Осы аталған ақындарды бірыңғай топтап, әрқайсысына ежелей тоқталуымыздың себебін айтқан сияқтымыз. Олар – қазіргі қазақ поэзиясының күллі жетістігі мен кемшілігінің айнасындай толқынның, жыр майданының нақ өзегінде қайрат танытып жүрген буынның өкілдері. Ізденістері қандай әртүрлі болса, кемшіліктері соншалық ортақ.
«Күнтеңескен» аталатын жинақ Ғафу Қайырбеков ағамыздың ежелгі жүйріктігінен таңбаған қалпын танытты. Кітаптың көп салмағы балладаларда жатқаны анық. Есік қаласы төңірегінен табылған Алтын киімді адамға қатысты бір жайдың төңірегінде өрбіген «Сармат ақшасы» балладасында өмірдегі шын қасиет, шын бағалылық – рухани байлықта, адамгершілік ішкі мазмұнда жатқаны туралы ой көрініс береді. Ал «Тағдыр бұйрығы» адамдар арасындағы қарым-қатынастың тазалығына үндейтін, адам бағасы басқа қадір-қасиеттерінен бұрын оның адамгершілігімен, жан-дүниесінің кеңдігімен өлшенетінін дәйектейтін көркем туынды. Осыған жалғас «Мәңгілік іздеу», «Барса келмес туралы аңыз» сияқты балладалар да дәл осы – адамдар арасындағы бауырмалдықпен, достық, туыстық, сыйластық қуанышымен өмірдің көрікті екенін, мәнді екенін, қымбат екенін толғаған өрісті дүниелер. Адамның қадірі туралы ой, адамға деген жылылық рухы – «Күнтеңескеннің» алтын өзегі деп таныдық.
Және бір аға ақынымыз А. Шамкеновтың сапар тәлімі, өмір, қала тіршілігі, көңіл-күйі жайларынан шерткен кей сырлары көкейге қонады. Алайда, белгілі жайларды қайталаған жадау шумақтар да көп кездесетінін көреміз.
Қыздар – өмір, махаббат, танығанға,
Махаббатсыз өмірдің сәні бар ма?
Қыздар – бақыт, жер-көкті шарласаң да,
Шын бақытың оларсыз табыла ма?
деген сияқты.
Біздің ендігі бір тоқталуға тиіс ақынымыз – Т. Есімжанов. Ақынның азаматтық кесектікке ұмтылған игі ниеті мен құштарлығының арта түспесе, кемімегені көп жақсылық ойлатады. Алайда, соның бәрі оның творчествосынан кейінгі жылдары арылмай келе жатқан біржақтылықты, терең толғаныстан гөрі жалаң патетиканың басымдығын, пафосшылдықтың, желқабыз «ақиқаттардың» молдығын бүркемелей алмаса керек. Мәселен, мына бір «ой» түйіндеріне не айтар едіңіз:
Машина да жүрмес еді тырп етіп,
Бір тетікті қозғамаса бір тетік,
Зеңбірек те атылмайды бұрқ етіп,
Оқ-дәріге от тимесе жылт етіп.
Ақынның өзге лирикалық туындыларында да жалпылама тұстар баршылық.
Адресін дәл жазбаса хат бармас,
Нысанаға тимеген оқ – тоқталмас.
Өткір сын да адресін таппаса,
Ауа кезіп, еш қызмет атқармас, –
дейді және бір ретте ақын.
Біздің сынымыз адресін табар деп сенеміз. Дүние бүлініп, жер қуырылып жатса да, абдырамайтын, саспайтын, өлеңдерінің құлаққа жағымды қоңыр сазынан бір танбайтын Аян Нысаналин мен Қ. Бұғыбаева да өткен жылы оқырмандарына бір-бір қалың жинақ ұсыныпты («Тыныс», «Домбыра – дәурен»). Және сол мәнерлерінің айнымағанын, жырларының жылы тынысын аңғардық. Бір деңгейден түспеу мүмкін жақсы да шығар. Бірақ, мақтау да артығырақ.
А. Шаяхметовтің «Тыңда туған», Қ. Дәрібаевтің «Көк күмбезі», А. Бөкеновтың «Жалғыз желкен», Қ. Шолақовтың «Кешіккен көктем», Т. Жамбыловтың «Күткен күн», Б. Ысқақовтың «Найзағай жарқылы», Ө. Сәуірбаевтың «Өмірсерік», С. Хангелдиннің «Ағынды арна», Әнес Нарымбетовтың «Сапар сазы», А. Асылбековтың «Сауысқанның сәлемі», Қ. Асановтың «Ғашық ғұмыр» сияқты жинақтарының келбеті әрқилы. Қай-қайсы да әйтеуір бір жақсы қырымен танылып қалып отырады. Айталық, Қуандық табиғат суреттерін беруге машық болса, Абзал ой түюге, Бақыткерей мен Ақылбек еңбек, тұрмыс күйін шерткен азаматтық сырға, Өмірбай сезімге бейім. Қ. Дәрібаев өлеңдерінде кейбір образдық өрнектер көз тартады. Сонымен қатар, осы аталған жинақтардың бағасын төмендетіп тұрған ортақ кемшілікті де айқын көреміз. Ол – тақырып тынысының тарлығы, ой жұтаңдығы, инерция күшіне қарсылықтың, яғни елеуді ізденістің жоқтығы. Тақырып дегенде, біз өлеңде қамтылған өмір, дүние құбылыстарының ауқымын айтып отырған жоқпыз. Ол жағынан қамтылмаған ештеңе қалмаған сияқты. Бірақ, мақсат – тізімді көбейту ме екен? Ақын әрбір жаңа тақырыпты поэтикалық журналға тіркеп отыратын регистратор емес қой. Мәселе – гүлден гүл қуған көбелекше тақырыпты жалаң қызықтамай, оны игеруде, мәнін ашып, маңызын байыптауда болса керек. Міне, сондықтан да, жоғарыдағы кітаптармен қоса, Н. Сүлейменов, Н. Хасенов, Н. Оразов, С. Әлімқұлов, Р. Өтегенов, М. Рашев, Г. Сейілжанова, Ә. Көшімов, М. Сарикова сияқты ақындарымыздың былтырғы жыр жинақтарының жақсы жақтарын көре тұрып, кейбір көңілсіз тұжырымдар қорытуға мәжбүр болдық. Атап айтсақ, өлең көп – әсер аз, тақырып мол –жаңалық жоқ, ой жұтаң, сыр кем.
Осы қатардан Б. Батырбекова мен З. Елғондинованың «Аққу арман», «Қандай сұлу таң еді» жинақтарын бөліп атағымыз келеді. Екі жинақ та, сөз жоқ, авторлардың табысы. Заиданың лирикалық кейіпкері көкірегіндегі бүкпей айтар, алғаусыз ашық мінезімен ерекшелене, «Аққу арман» авторының нәзік емеурінге, айшықты образ, әдемі сырға құрылған жырлары есте қалады.
Бізді Т. Жамбылов өлеңдерінің формасы таңқалдырды. Сұлулығымен емес, жүйесіздігімен. Ақында ырғақ сезімі онша жетілмегендей әсер қалдырды. Бірақ, ең жақсы жері жылтырлықтан, жылмағайлықтан аулақ. Осы кедір-бұдыр бітімімен-ақ адамды әсерге бөлейді. Ара-тұра ырғақтық жүйесіздік толайымен мағынасыздыққа айналып кететін тұстар да көп. Ақын өмір үнін, табиғат даусын өзімше естісем деп талпынады. Көбіне піспеген шала ойлар, ерсі теңеулер ол талпынысты жоққа да шығарып жатады. Бірақ, соның бәрінен мінез танылып тұр. Шын ақын мінезі. Тілепалды ойды, сезімді өлеңде жалаң жеткізбейді, сол ойдың, сезімнің өз суретін салуға, тірі қозғалыс етіп өрбітуге тырысады. Кейде ретсіз, жүйесіз үйіліп жатқан сол қоқыр сөздердің ішінде тосын образдар жүреді. («Жотаға жетіп арманы шарт қиылған жол болып, ...Жаратылыс жарасындай жатам үнсіз шор болып...»). Ал ырғақ жеңіне келетін болсақ, тіпті еркін өлеңнің өзі ырғақсыз болмайды ғой... Оның ырғақтық жүйесі ғана еркін. Ырғақ – өлең жүрегінің соғысы. Сондықтан Тілепалдының бұл тұрғыдағы эксперименті тек жүйесіздіктен басқа ештеңе әкелмейді. Мысалы мынадай өлеңдер – мағынасыздық, әрі жүйесіздік:
Сірә да көз тоймастай ашығумен кең дүниеге ауыз
жар сап,
Сусары бұлғын-құндыз, қызыл түлкі, тиін-суыр,
қоян-қарсақ,
Өлген соң дүние қоныз әдіре қап әбжыландай
атақ-мансап
Сусып өтер аздай-ақ амандығың, бір басыма
мол ғып алсақ.
Былтырғы жылы шыққан осы жинақтардың сыртында, газет-журнал беттерінде де біраз дүние жарияланғанын, солардың ішінде «Қазақ әдебиеті» газеті поэзиямызға Тыныштықбек Әбдікәкімов деген жаңа есімді ашқанын, А. Рүстемова, А. Әлімов сияқты жастардың жақсы топтамасын бергенін, «Жалын» – О. Тұржанова, Ж. Бөдешев, «Жұлдыз» – Т. Медетбеков, Д. Стамбеков, Н. Айтов, Ұ. Есдәулетов, Е. Раушанов сияқты ақындардың әдемі жырларын жариялағанын айту парыз.
Міне, қазақ лирикасының өткен 1986 жылғы панорамасы – әрине толық емес, жалпы көмескі контурлары ғана жүргізілген панорамасы – осындай. Кемшілігі мен олқысынын бұрынғы жылдардағыдан көп айырмасы жоқ. Жақсылығы да – сол шама... Қысқасы, бәрі де баяғыдай. Ал, бірлі-жарым жаңа нышандар туралы дәл қазір кесіп-пішіп бірдеңе айта қою ертерек. Оны алдағы күндер айқындайды.
Тұрсынжан Шапай
Көрнекісурет: Ашық интернет көзінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.