MISSING
1.
Күн,
саған жетем дегемін,
Неге нұрыңды,
соншалық бөтен көремін.
Соншалық жақыныңдаймын,
Арым – мұң, ақылым – қайғым.
Алайда, мен енді,
сен келетін кештерге шақырылмаймын.
Сен жүретін өлкенің өр ағашы,
Көрмес енді жанымның жалаңашын.
Көрмес енді көкшілтім қос сұлбаны,
қос сұлбаны мамыр бұлт астындағы.
Аялдама.
тоңғақ жел,
торы мезгіл,
Дүние,
дойыр үміт,
достың бәрі,
сөнгендей сам жамырай таң алдында,
Таңар мұңға жанымды сараң жыл да.
Бүгін жеуге жемісін ертеңімнің,
Асыққан...
мұнша ақымақ болармын ба?.
2.
Махаббат келген ерте. Кеш ұғындым.
жымиған гүлдер менше.
қаққан үнсіз құрмалы есігімді,
мен ашып үлгергенше,
адасып ақылымнан үлгергенше,
Кетіпті ол, тым жырақтап.
Өтті солай зарлық жыл, мұңлық апта.
..ал, бүгінде,
бүгінде бәрі өтпелі,
сағаттай сол қолдағы, әдеттегі.
сарсаң жыл сағынышын мол еккелі,
сандал тал сағасынан жел өпкелі,
ол дәурен өшкен, көшкен бастан оңай,
мың жылқы тарпып өткен жас моладай.
Жүректі,
жүрмін, енді, жарлы құсым,
не құзға, не төбетке тастай алмай.
3.
Түндер сені сұрады, жел де сені,
бұлан ойым бұлтпенен белдеседі.
Тағдыры ғой, - деймін мен, - оны әкеткен,
әйтпегенде аңдаусыз сөнбес еді.
Таулар сені сұрады, кеш те сені,
Мен болғандай бүлігі, бәстесері.
Жолдары ғой, - деймін мен, - оны әкеткен,
әйтпегенде төбемнен өшпес еді.
Көктер сені сұрады, жер де сені,
Өзді-өзімен қаталап шөлдеседі.
Жүрегі ғой,- деймін мен,- оны әкеткен,
Жүрексізге махаббат бермес еді.
Білем, білем сезімдер ес білгенін,
Ес білгелі жөңкіген көшкіндерін.
Құстар сені сұрады
жалғыз ғана,
сұрамады жайымды ешкім менің..
4.
Бұлттар –
өрген қозыдай енесіне,
шұбырады маңғаз тау төбесінен.
шұбырғаны секілді сабаз ойдың,
Мезгіл ауып барады келесіге,
тек сені ойлай беремін неге осы мен?..
Қажығаннан немесе зеріккеннен,
көнбес адам тағдырға, сеніп келген.
Көктем ізі көрінер көңілдерде,
әне, шашбау тағынған өріктер де,
тек сені ойлай беремін неліктен мен?..
Өктемсінген арманның өрде елесі,
«жасмин гүлі бүрлемей кел демеші»
деуші едім бе..
бәрі өзге бұл күндері,
жалғыздығым жанымның бөлмелесі,
тек сені ойлай беремін мен неге осы?..
ҒАПЫЛ
Өтті, - деді өмірден, сол адамды..
сыры қалды, бөз қалды, сарай қалды,
сарай іші ақ түтек борай қалды,
мен ойландым:
демек оның күдігі, күлгені өтті,
өксігені, өпкені, дүрмегі өтті,
ән салғаны, әрнеге тамсанғаны,
қуанғаны,қажыған, шаршағаны,
Шілде ішінде, қыркүйек, қарашада,
көнермеген сезімін еске алғаны,
естелігін өткеннің жастанғаны,
жұмыс күні құрбыға кешіккені,
дүйсенбіде жоспары басталғаны,
әдепкіде әлдекім «әй» дегені,
әріректе суынған ой дерегі,
әмиянын салғаны төс қалтаға,
әуезімен әдемі сөйлегені,
Өтті бәрі, өкпесі өзге адамға,
үңілгені сарғайған жазбаларға,
үңілгені сарғайған альбомына,
сағыныштың күлтесі маздағанда,
Терезеден күмістей қар жауғаны,
алдағаны, өзінен алданғаны,
алқаптағы жап-жасыл қарбыздардың,
таңдай алмай бірісін дал болғаны,
Айлы түнге, ақ түнге көз тіккені,
көзілдірік, күртеше, сөздіктері,
ұялғаны тұңғыш рет жар алдында,
үнсіздікте жанары үздіккені,
Өрілмеген, өрілген қыз бұрымы,
сыбыр сөзі, көктемгі, күзгі мұңы.
өтті бәрі, бауырлап көшкен бұлттай,
Өтпегені –
бір уыс ізгілігі..
ANXIOUS
Мен ойлаймын. Ойлаймын. Нені ойлаймын,
сені ойлаймын, жо-жо-жоқ, оны ойлаймын,
оны ойлаймын дегенге, түнермеші,
жиі-жиі саған да қарайлаймын.
Сені ойлаймын. Ойлаймын. Шамда ойлаймын,
зауза жұлдыз өшпеген таңда ойлаймын,
таңда ойлаймын дегенге, өкпелеме,
таң атарда ең жақын жанды ойлаймын.
Ойланамын. Сен емес, ой қасымда,
қасымда ойым апта мен ай қасымда,
алты күліп, жетінші жəудірейді,
желкен көңіл кеуденің қоймасында.
Күлімдеймін кей-кейде жол үстінде,
мұңаяр ма сал жігіт ер үстінде,
ер үстінде мұңаяр сері жігіт,
қапелімде етігін теріс кисе.
Қауыс кешіндегі ару туралы әңгіме
Мен білдім бе, білдім бе, жо, білмедім,
бұрқан сенім күмәнге көмілгенін.
алақандай ішіне жүрегіңнің,
Махаббаты ананың себілгенін,
іңкәрлігі әкенің бүрлегенін,
бүршігі оның қисапсыз түрге енерін,
Мен білдім бе, жылаттым білмегесін,
Иығында нарцистей гүлдер өсіп,
Тұрған еді.. жәудеріп тұрған еді,
Түн. Алматы.
жол алыс шегінерге,
құламайды деуші едім сенім өрге,
сөгілмейді деуші едім қабырғасы,
- Саған, күнім, айтпағым шағым да осы:
Сезімнен де, ойласаң,
талығуға болады жалығуға,
Жек көріп те болады сағынуға,
бәрі адамның дертінен табылуда.
...cуынғанмын, мен сенен, алыстағам,
азбан жыл ма бөтендік табыстаған?!
Кешір мені, дін көңлім, өзгеде енді,
Өзге жүрек.. айта алман сөзбен, енді,
- дедім де, жүре бердім, жүре бердім,
сақ құлағым соңыма түре бердім.
Бұрылғанға соңына гүл өнер ме,
Жүре бердім жаңылып бір өлеңге,
Жүрек пе әлде, сағат па кеудемдегі?
аяңдаршы, сезімсіз шермендені,
аяңдаршы, сүюден ғапыл қалған,
көкірегі сөгілген көр кеудені.
Жас бұлдырай бұзылған бекіністен,
құмбыл жанар бұлақтап бетім іскен.
Көктем көшіп келеді, сол арудың,
бұрымына байланған өкінішпен...
Сурет 2photo.ru сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.