Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бауыржан Бабажанұлы: Кімді сонша күттіңдер, ақымақ...

21.02.2017 7466

Бауыржан Бабажанұлы: Кімді сонша күттіңдер, ақымақтар?!

Бауыржан Бабажанұлы: Кімді сонша күттіңдер, ақымақтар?! - adebiportal.kz

 

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

Мына көктем тым бұлтты,

Жаңбыр жиі жауып тұр.

Сел дегенің... сұмдық-ты,

Ескі үйлерге қауіп — бұл!

 

Ала бұлтты көрдім мен,

Алшаң басып барады.

Қара бұлтты көрдім мен,

Ай, тым қату қабағы.

 

Бұл бұлттар тым батыр-ау,

Әр тамшысы найзадай.

Бұл аз десең, япыр-ау,

Күркірейді найзағай.

 

Дүние түгел жаңарып,

Ел тағдырын шешер ме,

Ақ бұлт пенен қара бұлт,

Айналғанда нөсерге...

 

Қандай ғажап, қараңдар,

Құлпырып тұр  шетінен.

Қызғалдақты, жарандар,

Жұлмаңдаршы, өтінем.

 

Сезіп дүние жарығын,

Үлгергісі келеді.

Бәрінің де, бәрінің,

Күн көргісі келеді.

 

...Көктем келген  оңай ма?

Айқай құлақ жарып тұр.

...Бұлт артынан, алайда

Күн шығады.

Анық бұл!

 

1418913e48af9412b3aeabab7c515b14.jpg


 

 

****

 

Маған кімнің қысастығы бар осы?

Алға оздырып үміті мен дәмесін.

Мені сағынған Көктемді,

Мен сағынған Көктемді,

Жол-жөнекей жұрттың бәрі қонақ қып,

Жіберуге асықпайды неге  осы?

 

Мұндай  сәтті кейін сірә, таппаспын,

Көптен бері іште жүрген жайт еді.

Ақ қар, көк мұз, боранменен ақбасқын,

Қанша жерден бірге туды дегенмен,

— Ай, бұл да  бір баласы ғой адамның,

Тек осыған  керек пе еді тәмам мұң, —

десеңіздер, қайтеді?

 

Тал  секілді қармаған,

Күнде күліп амандасар Қар маған.

Дұрыс сосын қар аралас жаңбырдың да сәлемі.

Бұршағың да әдемі...

Дегенмен...

Өздеріне Көктем келіп, айналасы гүл-гүл жайнап,  көгерген,

Анау көптің ішінде

«Әй, бұған да Көктем керек шығар деп,

Ән салатын  көк бел керек шығар деп...» —

Ойлайтұғын біреу жоқ.

Таңғалам...

 

КӨКТЕМДІ КҮТУ

 

Шалдан қуат кетті енді...

Айту оған ұят енді өкпеңді.

Кел,  досым-ай,  одан да,

(Бейімделіп заманға).

Бұлаң етіп былқ еткен,

Сылаң етіп сыңқ еткен,

Қарсы алайық, айдай сұлу Көктемді.

 

Уа, сенің көңіліңді бұзған кім?

«Беті қайтпай тұр ғой әлі ызғардың,

Бесқонақ бар...» — дейсің бе?

«Бесқонағың» —  назы да,

Сүйген жанын бет қаратпай, ықтыратын  әуелі,

Әдеті ғой қыздардың.

 

«Кеп қалды», — деп ұзақ қарға қарқ етті,

«Кеп қалды»,  — деп  найзағай бір жарқ етті.

Дәл соларға сенбейтін жан мен емес.

Мөлдір бұлттан перде тұтып бетіне,

Мың сан құстан нөкер еткен соңына,

Салтанаты мынау сұлу Көктемнің,

Қыз Жібектің көшінен бір кем емес.

 

Көкем-ау сол,  күлкісі мың қаралық,

Айна алдында тотықұстай таранып,

Отырған да қаранып.

Кешіккені сол шығар...

Қалар көрсе,  қуанып,

Ал алдынан шығалық,

Көрісетін шығар, бәлкім,  қол алып...

 

НИЦШЕНІ ТӘПСІРЛЕУ

 

Алға түсіп адамзаттың құлқыны,

Ақ армандар болған кезде күлкілі.

Кеудедегі бар жауһары ұрланған,

«Құдай өлді!» — депті Ницше бір күні.

 

Құдайсызға дайын тұрар үкімі,

Діндар біткен оны көзге шұқыды.

«Шұнақ Құдай...» — деген қазақ қатынға,

Ұлы ойшылдың ұқсаған-ау ыпыны.

 

Алға қарай жетелейтін ұдайы,

Сенімі ғой әр адамның «құдайы».

Ішіндегі сәулесі өлген адамнан,

Күрескер де шықпайды екен шынайы.

 

Сен де мұны тыңда енді шошымай,

Бір жеріне қарамай, мен, досым-ай,

Әулие ағашқа қонған қарға секілді,

Ницшеңізді тәпсірледім осылай.

 

Көңлі сенбей алдан шыққан көп ізге,

Жалаң қайық салып ашық теңізге.

Сенен басқа сенері жоқ Алашқа,

Ей, Аллаһу, «Құдай өлді...» дегізбе...

 

1-ҚЫРКҮЙЕК

 

Кітап керек. Киімнің де жаңасы…

Абыр-дабыр ауыл-аймақ арасы.

Азан-қазан балалардың даусынан

Күз де оянып кетті, міне, қарашы.

 

Бірдеңені бүлдірердей сақтана,

Парта-айдынға келіп қонды топ бала.

«Екі мың он... Қыркүйектің 1-і...» деп,

Әдемі апай жазып қойды тақтаға.

 

Өз бетімен жем жегендей көгілдір,

Қыркүйектен басталатын өмір — бұл!

Дәл соларды айналшықтап үміт жүр,

Дәл соларды айналшықтап сенім жүр.

 

Кім егер де бала күнгі арманын,

Өмір бойы сақтай алса, сол — дарын.

...Қыркүйектің 1-і күні басталған,

Балапандар,  ұзақ болғай жолдарың.


 

БАСУ

 

Өткенді ойменен шоламын,

Балғын шақ маған қол созады.

...Алтыға толмаған баламын,

Ақыл көп кірмеген кез әлі.

 

Көршіге орынсыз соқтығып,

Қонақтың сәлден соң қызып қап.

Темекі тұқылын лақтырып,

Түкірген сәттерін қызықтап.

 

Үйден сәл алыстау жаққа ұзап,

Шекісіп бекісер ер деген.

...Далада қызарып жатты ұзақ,

Темекі тұқылы сөнбеген...

 

Осындай у-шуы мол кеште,

 Балаға қызық қой — көргені.

 «Әй, неге бір шегіп көрмеске...»

Құмарлық оянды мендегі.

 

Ертесі күлген-ді жарық таң,

Дәл маған жанарын Күн қадап.

Темекі тізілген «сауыттан»,

Бір талын білдірмей ұрлап ап.

 

Ал енді құмарды басалық,

Әй, бір тал емес қой — құны ердің.

 ...Әп-сәтте қақалып-шашалып,

Шылымды лақтырып жібердім.

 

Лап етті... (Артық боп шамадан,

 күз де тым ыстық боп тұрған-ды).

Сәлден соң әдемі қорадан,

Тек қана қап-қара күл қалды.

 

 Қой менен ешкіге таптатпай,

Биік қып, тақталап жиған-ды.

Аз малға беретін шөп таппай,

Сол жылы, әй, әкем қиналды.

 

...Бәріміз дықшыл боп барамыз,

Кешелі-бүгінді көп кейіп.

Өртеніп кетпесін қорамыз,

Жігіттер, темекі шекпейік.

21.08.2015

 

ҚАРҚЫЛ

 

Жағамызға қол салды...

Үндемедік,

Беймезгіл есік қақты...

—  «Кім?» — демедік.

...Тереземнің сыртында қара  ағашқа,

Шуылдайды топ қарға күнде қонып.

 

Қара ағаш — ағаш емес...

Өзім менің,

Мен ғана дәл осындай төзімді едім...

... Қарғаға қызық емес, шығар, сірә,

Арманым,

Мұраттарым,

Сезімдерім...

 

Жатқандай ит басына іркіт төгіп,

Қарғалар қарқылдайды.

Үркітпедік...

( Шіркін-ай, еңсем бір күн  жазылар ма,

Қарға емес, бұтағыма...  бүркіт қонып).

 

Дүние — домаланған сайда қаңбақ,

Бір-ақ сәтте қуарар жайнаған бақ.

Кенеттен дауыл соғып...

Мен құласам...

Шуылдасқан топ қарға қайда бармақ?

 

Осыны білмей ме екен, антұрғандар,

«Мен бір мысал айтайын.

Ал тыңдаңдар...» —

десем,  құлақ қақпайды бірі тіпті,

...Е, мейлі, қарқылдаңдар, қарқылдаңдар.

 

БЕЙУАҚ

 

«Ай, заманым, заманым,

Қайда кетіп барасың...».

Таппағасын амалын,

Жұрт... жалайды жарасын.

 

Тіл байланып, жақ сынды,

Күн байыды, кеш кіріп...

Белең алған ат сынды,

Уақыт тұр тепсініп.

 

Алуан-алуан қос құрып,

Күнге ашқызып түңлігін.

Шуылдасқан көпшілік

Естімейді бір-бірін.

 

Сор айналып жан-жағын,

Келмей қойды  Бақ қатал...

Дуалы ауыз қалмады,

Мынау жұртты тоқтатар.

 

Астамсып кіл күшенген...

Кім не десін бұларға?

Көктен Ғайса түсер ме,

Жерден Мәді шығар ма...

 

Өтірікке ел үйренді...

Қайтпағасын меселі,

«Бас-басына би болды,

Өңкей қиқым...» кешегі.

 

 «Ақырзаман боларда...»

Мықты екенсің, ай, шалым.

Көл арнасы толар ма,

Күні туып Ғайсаның...

 

Жүрсе де көп түңіліп,

(Сенген жанға құт ерер).

Жүрегіне үңіліп,

Бір ғажапты күтеді ел.

 

Астамсып кіл күшенген...

Мен не дейін бұларға?

Көктен Ғайса түсерде,

Жерден Мәді шығарда...

 

ҮНДЕМЕС

 

Анам Зылиханың аруағына

Ана жақта... таппай қап бірдеңесін,

Айқай салып, шалың кеп: «Жүр» — дегесін.

Алды-артыңа қарауға мұршаң болмай,

Сен де кете бардың ба, үндемесім.

 

Жүрегіңді... көрместен шарқ ұратын,

«Үндемес» деп қойған-ды халқың атың...

Бірақ сенің көзіңнен төгілген нұр,

Миллион сөздің орынын толтыратын.

 

Көп ортаға кете алмай бейімделіп,

Бұрын барар  жерлерге кейін келіп...

Жүрегіңе титтей де кір сақтамай,

Дүниеге  қараушы ең мейірленіп.

 

Қол созбай-ақ  асқар шың-зеңгірлерге,

Мойынсұнып әуелден жөн білгенге.

Әулие тұтып шалыңды,

Бірдеңе айтсақ:

— Әкең білед, соған айт! — деп жүргенде,

 

Ол кетіп қап...

Арылмай мұңды елестен,

Сағындың ба, күндерді бірге кешкен.

Қарағыштап қыр жаққа жүруші едің,

Кетіп қалдың  бір күні үндеместен.

 

Бесігіңді Жер-Анаң тербетуде,

... Тұңғиыққа батамын мен де күнде:

«Пайғамбар мен Машайық болмаған соң,

Күнәсіз жан жоқ, сірә, жер бетінде.

 

Тек жақсылық күтетін айналадан,

 Пенделікке жан ең ат байламаған.

«Он күнәнің тоғызы — тілден» дейді,

Сенің күнәң аз шығар, қайран анам».

 

КЕРМЕК

 

Кеше ғана тірлікке масаң күй ем...

...Ата-ананың тілегін хош алды, Ием.

Бірін-бірі жетектеп,

Қайрылмастан,

Қыр басына жайғасты қос әулием.

 

...Таң ата кеп құласаң төсегіңе,

«Ай, ит неме...

Тұр кәне...

Кешегі не...».

...Айқай салар қара шал жатыр үнсіз,

Құтылмастай көрінген кешегіде.

 

Ұрсып жатар ұлына күн-түн демей,

Шалына көзбен қарап біртүрлі өгей:

«Шаршап жүрген баланың мазасын ап...»,

...Жатыр үнсіз шешем де күңкілдемей.

 

Көз алдымнан (ашылып тұнық ғалам),

Бәрі өтеді...

Ештеңе ұмытпағам!

...Аят оқып болсам да,

Кете алмастан,

Біраз уақыт мен де үнсіз тұрып қалам.

 

(Е-еһ,

Қай жыртығын көңілдің бүтіндеймін,

Бітелген мұржадағы түтіндеймін...).

...Сосын іштей егіліп, жылап алам,

Жылап тұрып тағы да: «Шүкір» деймін.

Е, шүкір Аллаға!

 

САРЫ ЖАПЫРАҚ

 

Сары шекпенін жамылып атырап бар...

Сап-сары жапырақтар,

Сағыныш  ешкімге опа берген жоқ қой,

Кімді сонша күттіңдер, ақымақтар?!

 

Иірімінде тұратын жылдар жылап,

Әндеріңді бар ма екен тыңдар құлақ?

«Сағыныш ешкімге опа берген жоқ қой...»

Әй, ақылды тыңдайтын кім бар,  бірақ...

 

Орта жолдан асқасын Тірлік-Ие,

Қайғыны — әулие тұтасың, мұңды — кие.

Ақылың не...

Әу баста Хақ бұйрығын,

Тыңдамаудан басталған бұл дүние.

 

Қырау түсіп... көңілді сыз қылатын,

Күзге келіп, қол берген біз — бір ақын...

Жапырақтар, жандарым, айтыңдаршы,

«Сағыныш» —  деп қойған кім,  күздің атын?

 

Дәл сендердей сезімтал болмасам да-ай,

Аяғымды,  күйім жоқ,  паң басардай.

Бір сәтке адам көзімен  қараңдаршы,

Сарғайып кеткем бе  екем  мен де сондай?

 

Бірдеңеден қалғандай, аласұра,

Ей, өмір, сен де зулап барасың, ә?

... Жапырақтар ұшып кеп,  қонып жатыр,

Әкем менен шешемнің моласына.

 

ҚАМШЫ ҚҰДІРЕТІ

 

баллада

 

Әлқисса, біз білмейтін заман екен,

Әрине,  уақыт —  басқа, сана — бөтен.

Аты да ұмытылған бір түбекте,

Оқиға өтті дейді алабөтен.

 

Сескендірген даңқымен атырапты,

Өзі мықты, халқы да бақуатты.

Бір баһадүр  хан бопты.

Қарсы келген

дұшпанның қабырғасы қақырапты.

 

— «Тағатын міндерің ғой, ылғи маған,

Естіген сайын іштей бір қиналам,

Ал болсын дегендерің! Шәр салам», — деп,

Басып алған елдерден құл жинаған.

 

Осылай бір ермекті тапты дейді,

Халқы да хан қабағын бақты дейді.

Тек: «Құлды жинай берген дұрыс емес...»

Бір ақсақал қарсы уәж айтты дейді.

 

Қамқа тоны сәл сырғып иығынан,

Көңлі қалып, билердің жиынынан.

«Құлдан қорқып...

Алжыған деген — осы»

Хан мысқылдап күледі миығынан.

 

Бұйрық бар:

«Ез!

Аяма!

Жаншы!» — деген,

«Қашқан жауға қатын да ер».

Әлсіреген,

құлға бәрі мәтіби.

Жасауылдар,

бөріктіріп сабайды қамшыменен...

 

Сегіз өрім бұзаутіс ысқырады,

Ысқырған сайын құлдар ышқынады.

Қарсыласып көргендер болып еді,

Ұзамай қалыбына түсті бәрі.

 

Бір күні хан жорыққа тағы аттанды,

Көрші елді жауламаққа талаптанды.

Қалың қол жөңкілгенде, арттағы елге,

Азғантай жасақ қана қарап қалды.

 

Қалың құлдың көзі енді жанды дейді,

Қол кеткесін бастады лаңды дейді.

Аз жасақты қырып сап, қолдарына,

Бір күні ел билігін алды дейді.

 

Уай, дүние-ай, ару қандай, мыстан қандай,

Бақ жанса, құл қолына құс қонғандай.

Алшаң басып...

Кеште хан төсегінде,

Ханымын ыңырсытып, құшқан қандай.

 

Кілең құл қарқылдайды, жырқылдайды,

Жарасар бәрі...

Болса, ұртың майлы...

Кешегі сәлем алмас ханшаларың,

Қойнында қара құлдың бұлтыңдайды...

 

Құл кешегі бағланды тепкілейді,

Азары бұл нәубеттің өтті дейді...

«Осылай да осылай боп жатыр...» —  деп,

Ханға да елден хабар жетті дейді.

 

Ол дереу бұрған екен аттың басын,

Құдайым іске осындай тап қылғасын...

Құлдарға кешірім жоқ!

Мойнындағы

Құрықты хан тағына лақтырғасын...

 

Қырамыз бәрін түгел дескен дейді,

...Құлдар да хан қолынан сескенбейді.

Қыл ауыздан күтіп ап  көп жасақты,

Қиян-кескі айқаста дес бермейді.

 

Иықтан бір албасты басты дейді,

Ханның қолы шегініп, қашты дейді.

Жалт бұрылған  әскердің  түрін көріп,

Не істерін білмей ол састы дейді.

 

Кенет...

Кенет...

Қарқылдап күлді дейді,

(Мұндайды есі ауысты, жынды дейді).

Уәзір біткен жоламай...

Сол кездері

Бір бала хан алдына кірді дейді.

 

Хан ием, әуелі Алла деп айтайын,

Содан соң елдің қамын жеп айтайын.

Бала демей,  сөзіме құлақ түрсең,

Дұшпанды жеңер жолды мен айтайын.

 

Бала да батыл екен, тартынбайды,

Екі көз екі алмастай жарқылдайды.

Уәзірден, қолбасшыдан  қайран болмай,

Баланың әңгімесін хан тыңдайды.

 

Содан соң дереу қолды жиды дейді,

Басқа заман түсіп тұр қилы дейді.

«Ақыл — жастан» — деген сөз рас екен,

Бала арқылы берді Алла сыйды дейді.

 

Ал енді, жаршыларым, жар салыңдар,

Әскерім, жауға қарай қарсы ағыңдар.

Қылыш, сүңгі, найзаның бәрін тастап,

Тек қана қолдарыңа қамшы алыңдар.

 

Хан сөзі екі болмас.

Барсын ерлер,

Қиқулап, ұлы айқайға салсын ерлер,

Құйғытып келе жатыр, міне, ұрандап,

Найзагер емес, кілең қамшыгерлер.

 

Хан ісі кенет оңға басты дейді,

Бала айтқан айла іске асты дейді.

Қамшыны көрген сәтте-ақ қалың құлдың,

Зәресі ұшып, құттары қашты дейді.

 

Бір-бірлеп қуып жетіп, құрықтайды...

Тарихтың тағылымын кім ұқпайды:

Иығына алтын тон ілсе-дағы,

Құл ешқашан қамшыны ұмытпайды.

 

...Көз алдымда қиқулап сәйгүліктер,

Тұрса-дағы кейде ойды қайғы бүктер.

Осы аңыз есіме ылғи түсе берді,

...Ештеңе айтқан жоқпын, әй, жігіттер. 

 

 

Бауыржан Бабажанұлы


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар