Бүгін - "Алтай жыршысы" атанған әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің туған күнінде Шығыстан сүйіншілі жаңалық жетті. Шығыс Қазақстандағы Зырян ауданы мен сол аттас қала Алтай болып өзгерді. Күллі түркі жұрты үшін қасиетті Алтай атауының оралуы рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі. Біз қуанышымызды бек жасыра алмадық!
Adebiportal.kz
Әр үйге өр Алтайдың кұты келіп,
Бәйгеде атымызды үкіледік.
Шомылып ерке Ертістің толқынына,
Алтайдың өстік біздер сүтін еміп.
Кеудесін кербұғыдай керген Алтай,
Жау шапса, айбарымен жеңген Алтай,
Батырдай дулығалы төнген Алтай.
Күлтегін, Тоныкөкті көрген Алтай.
Беу, Алтай, бабалардан қалған Алтай,
Қазаққа алтын бесік болған Алтай,
Қиын кезде шығарып салған Алтай,
Азат күнде қарсылап алған Алтай.
Көрмеген әрбір жанға арман Алтай,
Биікте бақ жұлдызы жанған Алтай,
Қорғасын, мыс пен мырыш, алтын-күміс,
Қойны-қоншы бай кенге толған Алтай.
Еліне бауырында өскен сенген Алтай,
Тағдырдың салғанына көнген Алтай.
Таусылмас қазына етіп, нәсіп етіп,
Құдайым қазағыма берген Алтай.
Қар басын ақ сәлде бұлт шалған Алтай,
Құзына ақиығы қонған Алтай.
Бейуақ мұзарт басын мұнар басып,
Кей уақ қалың ойға шомған Алтай.
Жасанған сәукелелі сұлу Алтай,
Төгесің жарық Алтай, жылу Алтай.
Аузыма асыл сөзді сен сыйладың,
Ешқашан таусылмайтын жырым Алтай.
Сенде бар тілім, ділім, салтым, Алтай,
Ұлтымның алтын тәжі – Алтын Алтай.
Мәңгілік қазақ саған қорған болып,
Қорған боп сен тұра бер халқыма, Алтай.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.