Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Бейімбет Майлин ...деген екен...

28.03.2020 9265

Бейімбет Майлин ...деген екен 12+

Бейімбет Майлин ...деген екен - adebiportal.kz

1926 жылы Бейімбеттің Мереке атты екінші баласы дүниеге келіп, жұбайы Гүлжамал дем алып қайтуға сол екі баламен аулына келеді. Бірге дем алу үшін кейіндеу келмекші болып Бейімбет қалада қалады.

Содан елге бұрын келген Гүлжамал Бейімбетті қуанту ниетімен, ол келгенше: күймелі ат, бес құлынды бие, бірнеше сиыр, бір қорадай қой, киім-кешек, кілем сияқты үй жиһаздарын сатып алады ғой. Бұған қоса таңдап жүріп алған екі көк арба мен шөп шабатын машина да үй маңының қара-құрасын молайтады. Содан ақ көңіл, мейірбан Гүлжамал өзінше Бейімбетті қуантпақшы болып, бар жайды айтып хат жазады ғой. Сонда хатты оқып, қатты ренжіген Бейімбет: «Мені саудагер дейсің бе, әлде капиталист болады деп жүрмісің? Масқаралық жасапсың! Бәрін де сат! Жұртқа тарат! Осы мінезің үшін сенен біржола безуге бармын!..» деп дереу жауап хат жазған екен.

Бейімбетке қалаулы жар болған Гүлжамал осы оқиғаны бертін келгенше есіне алып:

– Бейімбет ашуланбайтын еді, ашуланса қатты кететін. Менің сондағы қылығыма күйінгендігі сонша, – бір мезет мені көрмей кетуді де ойлапты... Ақыры демалысқа, елге келісімен сатып алған дүниені жұртқа тегіс таратып берді, – деп отырады екен.

***

Жазуға ден қойғанда күй талғамайтын жазушының бірі Бейімбет болған. Күндіз бола ма, түн бола ма немесе тыныштық па, шу ма – ол үшін бәрі бір еді дейді.

Бірде түн ортасы болса керек, үй-іші тегіс шырт ұйқыда болса керек. Бір уақытта Бейімбеттің :

− Гүлжамал, а Гүлжамал! – деген даусы естіледі.

– Е, не боп қалды?! – деп Гүлжамал да басын көтеріп алады ғой. Сонда Бейімбет:

– Осы күрішті татарша қалай атаушы еді? – депті.

– Ой тәйір-ай, бірдеңе болып қалған екен десем, «дүг» дейді татарлар...

– Болды-болды, енді ұйықтай бер! – деп, Бейімбет жазуға кірісіп кеткен екен.

***

Бейімбеттің өз кіндігінен бес баласы болса, бұған қоса панасыз қалған үш баланы асырап алған. Әдеттегідей, бірде бар ынтасымен жұмыс істеп отырса балалар асыр салып ойнап, шуылдап қоймаса керек. Сонда қашанда қас-қабағына қарап, Бейімбеттің жазуына жағдай жасап отыратын жұбайы Гүлжамал жаңағы тыңдамаған балаларының бірін жазалап, жылатып қойса керек. Бұған Бейімбет кәдуілгідей кейіп:

– Гүлжамал-ау, нең бар өз бетімен ойнап жүрген балаларда, мен солардың айқай-шуын естіп отыр ғой деймісің! Естісем де кедергісінің жоқ екенін білмеймісің! – деген екен.

***

1928 жылы Қазақстан баспасында бас редактор болып тұрған жерінен Сәбит Мұқанов Ленинградқа оқуға кетеді. Сәбеңнің орнына партияның өлкелік комитеті ыңғайлы адам деп Бейімбет Майлинді шақырады. Сонда Бейімбет бас редакторлыққа келісім бермей, орнына Ғабит Мүсіреповты ұсынады. Ал Ғабең болса, бұрын редакция қызметінде істемегенін айтып, келісе қоймапты. Бейімбет екеуін біразға дейін жоғарғы жақ мазалай берсе керек. Сонда Бейімбет Ғабит Мүсіреповке:

– Сен басшылықты ал, совещанияға, жиналыстарға жүріп тұр, ал редакторлық жұмыс біткенді өзім тындырам, – деп қоярда-қоймай көндірген екен.

***

Бейімбет Майлин 1935 жылы толтырған документінде «кәсібі?» деген сұраққа: «журналист», «стажы» деген сұраққа: «он жеті жыл» деп жауап қайырған екен.

***

Сөз зергері Бейімбет Майлин 1930 жылы Ілияс Жансүгіровтың «Дала» поэмасын оқып шығып, ақынның шалымына тәнті болып:

– Енді мен өлең жазбасам да болады, − деген екен.

Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар