Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бекқожа Жылқыбекұлы. Теріс қақпай...

04.07.2020 4254

Бекқожа Жылқыбекұлы. Теріс қақпай 12+

Бекқожа Жылқыбекұлы. Теріс қақпай - adebiportal.kz

Теріс дем

Бура бұлт толқыны

тау төсінде толқыды.

Мініп алып тұманға,

көз ілмедім сол түні.

Сол түн қайтпай өрістен,

том-томпақ жер іскен

тұрып алды көзімде

секілденіп теріскен.

Тоқтау айттым,

өзен боп,

екі тауға керіскен.

Қылғып жатыр қымызды,

үйіліп ап пері үштен.

Күнді айналған күйбеңмен

шыққалы тұр жер істен.

- Жер жаңылып қалмаса

болды, - деп мен, - желістен,

айбалтаға саптап ап

келте ойымды келіскен,

теріс дем сап отырмын

бір кездегі досыма

бір тоқашты бөліскен.

Дастархан дағдарысы

Қара бұлт қайта-қайта Ай-жұлдызға айғайлап,

жай отымен ақ шәйнекте жатыр күрең шай қайнап.

Дарқан көңіл дастарханда салдат құсап сап түзеп,

талғамымды табындырып,

күлімдеп тұр май-қаймақ.

Май қаймақтың шеті жатыр жез қасықпен жыртылып,

ірімшіктің тілі қасқа тіс кездікпен қыршылып.

Кеңірдектен байқалғанда құрдым құлқын,

түлкі үміт,

демде тағы босап қалды түйе өркеш бір тұлып.

Ақ сабаға өкпе айтып,

азбанға ұқсап мөңіреп,

қызарақтап отырғанда қыңыр езу қырт ұлық,

менің сергек сенімімнің жыны ұстап әлгіге,

қанжар тілін суырып ап,

қалып еді ұмтылып,

у ішкендей мақұлбайдың айыр тілі тістеліп,

өліп ала жаздайтындай жатты іштей қылқынып.

Осы сәтте қара бұлт қалды тағы айғайлап...

Қасиеті жоқ ортадан төрт аяқты жылқылық

түтін болып,

түтеп ұшып кеттім кербез көкке мен,

қанатымды қару етіп,

қаршығадай бұлқынып.

Ақ таяқ

Тұлғасында бір мін жоқ

ай арумен тұрғым жоқ.

Көзім соқыр өйткені,

құлақ керең,

мұрным жоқ.

Қолым да жоқ,

аяғым,

ән-күйім сол баяғы үн.

Түбі тесік қалтамды

қайыршының қолындай

жол шетіне жаямын,

Жүрегімде лай ағын.

Тек қана бар шатымның

ортасында ақ таяғым.

Баяғы жер

Балбыраған баяғы жер - баяғы нән табиғатым...

Күн саусағы сыйпап отыр жердің сәнді,

сәби басын.

Бірақ есіл ертегі ер көрінбейді жер бетінде.

Қыңырайған қыр басынан тас төбешік ержетуде.

Ержетуде еркіндік те...

Анамыз тұр - баяғы бел.

- Баяғыға бас ұр дағы,

ұжданыңа таянып өл! -

дегім келіп мен отырмын,

ой-қиялға малтығып мас,

шабытымның кранымен көтеріп ап алты пұт тас.

Кесінді

Кесінді,

жинағанда есімді,

табанымда жатырсың,

жамылып ап бешінді.

Кесінді,

білемісің есіңді?

Құлап түсті бірдеңе.

Тағы көкте не сынды?!

Тіл қатпадың тірі боп,

еске алмадың Есілді.

Жоғалытқаннан саумысың

дербес ойлы десіңді?!

Ай есінеген түн

Дүңгіршек бет дүниені

ақ түтектің жүн иегі

емірене искелеп тұр...

Балбыраған,

балғын майса

пір тұтып жүр Күн иені.

Күнге қарап Ай да ақырын,

нұрлантып тұр майда қырын.

Сары ызғар сарқығандай

ақ бұлттың айла-ақылын,

көшіп бара жатыр көкте ол.

Көл бетінде қайық ақырын

жүзіп келе жатыр,

жылжып...

Енесіне еркелеген

кісінеп тұр сайда құлын.

Айып iздеу

Иегiнен сақал iздеп көнек беттi көсенiң,

кетiгiнен айып аулап алтын ерiн кесенiң,

тасқа шауып аламын да,

тұрам аңдай аңырып,

өткiрлiгiн өлтiрiп ап ұстара жүз тесенiң.

Бiрiн қоймай қайтарғым кеп желге кеткен есенiң,

түні бойы түгендеймін есер күннiң есебiн.

Айыптағым кеп тұрады таңға талмай,

ыңырсып,

махаббаттың әнiн айтқан ғашық жүрек төсегiн.

Төсегiмде дөңбекшіген құлқыныммен құм санап:

- Жыға берсем жынды адамдай мерейiмнiң меселiн,

аққу ары иіссудай арманынан аңқыған

жартастағы қарағайдай қайтіп мiнсiз өсемiн? -

деген ойдың жетегiнде жерге қарап,

мөлиіп,

иегiнде ирелеңдеп жүрмін күңгірт көшенiң.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар