****
Өткінші күнге жазылды өткен
Жүректі езіп, жасыңды төкпе.
Ғажап нұрыңды іздедім жерден,
не үшін сені жасырды көкке?
Өртеніп кете жаздайды денем,
Сағыну,күту аз қайғы деме.
Ғашық болуды жазған "Құдайың"
Бірге болуды жазбайды неге?!
Жұпарың аңқыр пейіштей керім,
Бұртия тартса мұң ішке демін.
Сезім отына қанаты күйген
Пенде емес,бәлкім періште дедім.
/Жаңғыра қалқып ғаламның зары,
Жазылмай кетер жарам бұл дағы:
Пенденің бәрі ібіліс емес,
Періште емес адамның бәрі./
Осы ма бізге Ғұмырдың сыйы,
Күдікті қайтем құны бір тиын?!
Құшаққа басып сүйем деу оңай,
Қоштасып алып ұмыту қиын...
Ғажап нұрыңды жерден іздедім,
Не үшін сені жасырды көкке,айтшы...
****
Сағыныштан махаббат дерті өнеді,
Мұз боп қатам, содан соң өртенемін.
Сен неліктен өңімде жылап тұрдың,
Сен неліктен түсімде еркеледің?!
Кірпігіме ілініп мұңы өткеннің,
Сенсіз қалай,білмеймін, күн өткердім...
Сені есіме салады жұлдызды аспан,
Және сенің сақтаулы суреттерің.
Көз алдымда жиекке құлдайды асып,
Моп-момақан жасырып мұңлы ай жасын.
Сен кеткелі бір бүтін,бір әлембіз:
Мен,жалғыздық,сезімнен жұрдай ғасыр.
Сондағы әурем арыма жиі ақталу
Ақ параққа ғұмырсыз сия ақтарып.
Жалғыз жұлдыз аспаннан ағып түсер
Сенің мөлдір көз жасың сияқтанып.
Ғажап дер ек жұлдыздар құлайтыны
/Бір айқыны, бермейді Құдай тыным/
Мен білмеппін,жұлдызын сілкіп тастап
Түнгі аспанның тек үнсіз жылайтынын.
Қиял қанат бергендей, анық құстың,
Сен жұлдыз ең!
Биікте...Жарық түсті.
Енді қолым жетерде,жарығым-ау
Аспанымнан неліктен ағып түстің?!
Мен.Жалғыздық. Сезімнен жұрдай ғасыр.
Көрінбейсің...Көрсетпес мұңлы ай жасын.
Жұлдыз жерге құлары белгіліғой
Сен қайдасың?!
Жапырақ- мұң...
Ғашық еткен сен мені күзге мына!
Мөлдір мұңың үзілсе көзден құлап,
Қалтыраған жаныңды кім түсінсін
Жып-жылы сөзге құмар.
Жегідей жеп жаныңды жәйлар, ауық
Еңсе басып езгілер ойлар ауыр.
Жанар жасың мұз болып қатпасы үшін
Біреу жағып кетті ме қайғы алауын.
Әмбе,тағы елітсін ғасыр күйі
Қатқыл жүрек жібсірде жасың(а) иіп.
Ең аяулы сөздері көзден ағар
Е, тәкаппар дүние-ай, бәсің биік!
Сағынышқа боялып атырап бұл,
Шуақ сөнген,көмескі,қақырап нұр.
Үмітімдей ең соңғы үзілмеген
Бұтағына ілініп жапырақ тұр.
Жүдеу тартып жанымыз сор, қайғыдан,
Екеумізді қоспады қандай күмән?!
Ең ақырғы жапырақ құлағанда
Мені сүю жазбаған маңдайыңнан сүйейінші.
Жат
Жерден жұлдыз теремін көктен гүлді,
Жүрегімде тербетіп шөккен мұңды.
Беу, Қара Ертіс мен саған қарап тұрмын,
Дидарыма жасырып өткен күнді.
Қайғы бұлты арылмай қара бастан,
Өз ішімде жол таппай, сан адасқам.
Тұңғиықтан тамшысын бүркіп-бүркіп,
Қасыретін төгеді жаралы аспан.
Көкжиекке құлпырып құлады кеш,
Сағыншқа сыр айтып бұлаң елес.
Мен құдайдан алыстап кетсем егер
Ол сенің күнәң емес...
Алабыңда алаулап көсілген нұр.
Ғажабыңда,азабың есімде дүр.
Асау Ертіс, сен мені кешіре гөр
Өгей бала боп жүрмін Есілге бұл.
Сәттерге сан алданып сезімдегі әр,
Жанда жылу қалмады,сөзімде нәр.
Алданышқа ақылсыз арақ ішіп
Ақылды боп көрінген кезімде бар.
Көмейімде өкініш ақшыл әні,
Жанарымның жасыған ақ шуағы.
Ақыным деп баспайсың бауырыңа
Есілде жатсынады.
Жалғыздықта ,қорқыныш сынар демде
Тәтті үмітім қалқыса мұңлы әуенде.
Бір басымда жетеді қиял, бірақ
Қара басым сыймай жүр мына әлемге.
****
Сенің тәтті жұпарың өпкен көшені
Аралаймын... Самалдай өткен еседі
Ғажап күлкің еріксіз гүлдерге ұялап
Жасырып қалды көктем кешегі.
Естілмейді,бұлыңғыр бұлақтың әні
Құр айғайдан құс үркіп құлақ тұнады
Жүрегімнің түбінде үнсіз үздігіп
Бір бейкүнә сағыныш жылап тұрады.
Жылап тұр әлі... Жарқыным, күлерең қалай?!
Көкжиекке нұр сіңіп,
Бүрлегенде арай
Сол сағыныш таңдарда түртіп оятып,
Бір өкініш қойнымда түнеген талай.
/Үміт шоғы түбінде өшер, мойында/
Жауар бұлттай сан қиял көшер ойымда.
Сағышқа қосылып жылап тұрмысың
Мен ешқашан бармайтын көше бойында.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.