***
күндер келіп күзі кем, жазы басым,
күрсінгенге ашады қазынасын.
көктемеде оралған қоңыр қаздай,
өз ішіңе бет алсаң, жазыласың.
Тәңір сәуле аңғарып қанатыңнан,
бұл табиғат сен үшін жаратылған.
тылсым әлем – алаңшыл ана сынды,
сәбиі үшін ұйқысыз таң атырған.
мына жартас сен үшін жаңғырады,
кісінейді даланың арғымағы.
соққан самал, көшкен бұлт, алқызыл кеш,
қозғалмаған қара тас.. жанды бәрі.
соған мәңгі байлаулы ойым.. жаным,
бүгін тағы ғарыштан ой ұрладым.
тамыздағы жалғыз-ақ таңғы шықтан,
Құдіреттің ғажабын мойындадым.
солай...
***
бояулы сиқыр екен – сөз дегенің.
білемін, ертең тағы өзгерерін.
қаламнан жұлдыз ағып тұрса болды,
жоқ, сірә, жұмысым да өзге менің..
нұр саулап тұрса болды қаламымнан,
жаралған ой – тылсымнан, дала – сырдан.
сөз деген ақ көйлекті сұлу қыз-ай,
бір сәуле көрейінші жанарыңнан.
сол кезде көңілімнің бағы сайрап,
жақын боп көрінеді алыс аймақ.
ғұмырдың азабын да байқамадым,
ішімнен мұңы жұпар дауыс алдап.
тыңдаса содан кейін жырды ғалам,
Жарықты қанып ішем Күн-тұмадан.
келемін бірақ әлі болжай алмай,
жазарын нені, қашан, кімді қалам..
***
гүлге құмар жаныңды Күнге теңеп,
жүрсің маған, жаным-ау, күнде еркелеп.
ғалам деген беймәлім кеңістікте,
сүю менен ғұмырды сүрген бөлек.
сұлу қылып сені кім мүсіндеген?..
сұлулықты көрмейді... түсінбеген.
үмітіме ақшулан қанат бітіп,
ұшып жүрем өң емес, түсімде мен.
жұпарыңды жұқтырып бұрымдағы,
сен ояндың еркелеп бүгін тағы.
кездескеннен мен саған ғашық едім,
кездескеннен өзге әлем
құбылмады..
***
Бозарып атқан таңнан,
Түннен тұп-тұнық,
Көкжиектен сонау көктемнің кешігіп келерін
Ұқтық.
Сәуірдің самалы емдейді жанды,
Арды сақтауға,
Өзекті өлеңге айналдырып қарап тұрмын,
Тауға..
Мұнар да мұнар, мұнар күн бұл,
Бұлбұл, сайрашы,
Көзімнен түсті мөлт етіп тірліктің
«Тасы».
Іштегі әлемнің дауасы қайсы,
Көңілден шықты үзіп,
Бүкіл адамның ғұмырын жиса, болады -
Сызық.
Қарлығаш ұшып қарашығында Ойдың,
Жойдым күмәнді.
Ал, соңында бір Сөз ғана қалады екен ғой
Мәңгі...
***
Кезігу де жалғанда, жолығу мән..
Бұлдыр көзде қалғиды торы-тұман.
Кісінеген бұлттарға құрық салып,
Ой қайтады күндегі жорығынан.
Күннің нұрын көрер ме түн айналам?.
Ой бағу да қиын деп кім ойлаған.
Өмір деген – бір сәттік түс-елесте,
Көрінеді кім болып Құдай маған?
Ақ парақтар желге ұшса сәл мұңдана,
Түсінер ме мұны да салқын қала?..
Өзгереді бәрі де, өзеурейді,
Өзгермейтін іштегі қалпың ғана.
Көп мінездің қаралау жолақ – түбі.
Кісі дейтін қол бұлғар жоқ ақтығы.
Жүрек теріс кеткені, о несі екен,
Жанарына біреудің қарап тұрып?..
Көңіл құсын ұшырма, тыныш, қарғам,
Күндер қайтып келмесін ырысты алған.
Жүрек бар деп жұбаттым, мен әйтпесе,
Кеудемізді аяймын қуыстанған.
***
Дөңгеленген Күн бейнесі қып-қызыл,
Тау шыңынан домалайды бауырға.
Сол жалынды сөндірердей шық-ты Зіл,
Үнсіз ғана қарап тұрмын жауынға.
Табиғатқа сүйсінгенде жан көзі,
Кеуде ашылып, кеңістікке енемін.
Естіледі Жаратқанның әр сөзі,
Жалғыз қалсақ, мен және де өлеңім.
Өлең, сірә, азап па еді сүйдірген,
Күн қондырған қаламымның ұшына.
Тылсымдығы, ғажаптығы күйдің де ең -
Ғалам сыяр көкіректің тұсына.
..Мұздан-дағы сезінемін жылылық,
Ақ парақтар шашылғанда аспаннан.
Ой бүршігін жарып шығып сұлулық,
Біз білмейтін,
Басқа ғұмыр басталған..
***
Несіне ойға батып, кектенемін,
жартас та жасырады көп бедерін...
құбылар Күн бесінге таяғанша,
жасанды көзқарасты жек көремін.
оятып Сөз әлемін мамыр таңы,
ғажап қой, дүниеге шағылғаны!
періште Айға қонып пенде ішілік,
күйігі сағыныштың қалыңдады.
қайдасың, бүтін болмыс – мұнар алып,
шыңында қалқып ұшқан мұң айналып.
...біз неге мың мінезге тағзым етіп,
жабыққан бір жүректі ұға алмадық?
секемшіл көңілімнің күз – алабы,
әлі де бірде ысынып, мұзданады.
сарғайып жерге түскен жапырақтай,
қиялдың ұшып кетті жүз парағы.
ашылып жан әлемнің есіктері,
шашатын пейіл қайда несіптерін?..
жылыстап кетті қанша маусым-көңіл,
мен күткен жылы жаңбыр кешіккелі.
***
Сөзден бұрын Күнді сүйем, гүлді сүйем,
мамыражай, тұп-тұнық түнді сүйем.
алып-ұшқан алғашқы кездесудей,
ару-бұлақ елітер күлкісімен.
жасыл түспен ғаламды кім бояған?..
сұлу баққа кезім жоқ сырды аяған.
Жанарымның қарама жарқылына,
көкіректің көзімен күнде оянам.
бүгінгі – елес. Өткенге қайта оралып,
жатқандай ма ғұмырым қайталанып?..
Жанмен ғана байқайтын көркемдікке,
түкпірінен сананың айқайладық.
сөзден бұрын желді сүйем, үнді сүйем,
көл бетінде ойнаған нұрды сүйем.
үйлесем бе, қарашы, суретіңе,
мен де сенің, табиғат,
бір түсің ем...
***
Күн кешуді үйрендім,
Күз мезгілден қысқа ауған.
Тілдесуді үйрендім,
Таңда оятқан құстардан.
Құлшынуды үйрендім,
Бұлақ аққан баулардан.
Күрсінуді үйрендім,
Әжімі көп таулардан.
Адалдықты үйрендім,
Ақ мамықтай бұлттардан.
Адамдықты үйрендім,
Жапырақтан.. шық тамған.
Жасқанбауды үйрендім,
Жарға біткен ағаштан.
Аспандауды үйрендім,
Жұлдыздардан жарасқан.
Толғануды үйрендім,
Тебіренген толқыннан.
Ойлануды үйрендім,
Күзден.. гүлді солдырған.
...Жалғыз жүріп жырақта,
Шағымнан-ақ ес білген,
Жыр жазуды бірақта,
Үйренгем жоқ ешкімнен.
***
Қызғалдақ толы қырда анау,
Құлпырып жатыр бір әлем.
Жалғанды күнә – жырламау,
Сол үшін тудым мына мен!
Гүлдерге құшақ жаямын,
Ыстық от менде бар әлі.
Қызғанып қызыл бояуын,
Қызыл Күн ауып барады.
Көңілді бұзбай бөтен ой,
Тыныштық тапты жаным да.
Дүние ғажап екен ғой,
Үлбіреп тұрған шағында.
Түсімде көрген қыр маңым,
Өңімде тіптен ғажап-ақ.
Қызғалдақ, сені жырладым,
Жүректің өзін мазалап.
Құлақ түр самал сөзіне,
Жаңа әлем жатыр жаралып.
Кеудемнен шығып, өзіңе,
Жүгіріп кетті балалық.
***
Неліктен даулы тіршілік,
Неліктен сұсты бұл ғалам?
Жан бар ма екен құлшынып,
Жүректің сөзін тыңдаған?
Төбеде Ай тұр сұрланып,
Тербеліп жатыр түнгі айдын.
Отырмын содан сыр бағып,
Сəт күтіп толқи жырлайтын.
Көңілім, енді былғанба,
Дəме жоқ жанды шат қылар.
Күз келсе неге бұл маңда,
Көрінбейді екен аққулар?..
Ұнатам күздің салқынын,
Ұнатам күздің сазын да.
Күрсіндім, күйдім, шалқыдым,
Бір өлең арнап жаздым да.
Өмірім менің – жыр деймін,
Шабытым асып кемерден.
Өзгенің жолын білмеймін,
Өзімді таптым өлеңнен.
…Шаттығым солай қалыс қап,
Жанымды мұң мен мұз басқан.
«Ақынмын» деймін дауыстап,
«Ақынсың» дейді күзгі аспан!
***
Қалқам,
Күз көңілім сарғаяр екен қаншалық?
Жұрт кетіп барады баянсыз бағын жар салып.
Тағдырдың жазуы сынды түрлетұғын күн сайын,
Бір адам бар ма жапыраққа қарайтын тамсанып?..
Қалқам,
Сұсты еді неткен көпшілік жүрген көшелер,
Бір-бірін мақтап бұлқынды емес пе кеше де ел?!
Жұлқынды емес пе,
Ауыр сөздерден шытынап,
Жүрек дейтұғын ішкі әлемдегі кеселер.
Қалқам,
Оңаша қалғанда ой аулап көрдім жанымнан,
Сонда бір жұмбақ əлемді көрдім сағынған.
Сірə менің де осы бір жаным, жүрегім,
Тылсым Күз секілді сары сиямен жазылған.
Қалқам,
Мейірім сезілер қаныпезер қастан да,
Алқоңыр күз кеп бір ғажайыпты бастауда.
Жанындағы сарқылмас сағынышты сездіріп,
Жапырақтар жерге емес,
Құлап жатыр аспанға…
***
Күзгі гүлдердей семіп барады Жан сағым,
Адами сезімдер..
Һəм іштегі аңсар, ым.
Ақыл айтқыш ағаның құлқы басым ойынан,
Маңыздырақ
Санама
Сұлбасы кестеленген арса мұң.
Ал сен,
Көңілдердің құлшынысын байқашы,
Бұл өмір – уақытты өлтірген қылмыскерлердің айқасы.
Адамның миында не қалды? Ештеңе…
Ештеңе жоқ қазір.
Олардың ойында –
Кешкі.
Түскі.
Таңғы асы.
Даурығып қайтеміз ендеше,
Осылай жүректен тама берсінші ой ыстық.
Біздер неліктен болымсыз жаққа ойыстық?
Шындықтан қашудың заманы басталды, меніңше,
Бұл жерді жіберем дегендер шығады әлі райыс қып…
Иə, рас,
«Рухтың дауысы қажеті қанша» дейтұғын,
Қалыпқа салынған киесіздердің кейпі кім?
О, бастан
Қарашығында жұмбағы тұрған ғаламның,
Мен – бір тылсымның ойымын
Əрі
Еркімін.
Клондау
Жапырақ тамыры,
Топырақ тозаңы,
Көңілдің түстері,
Ақылдың азабы.
Ұқсай ма,
қарағым?
Ұқсай ма,
Мына түн,
Бір сөзден бір ғалам туатын,
Сірə бұл –
Тылсымның өзі ғой,
Жүректің көзі ғой…
Білемін.
Келешек күндердің дауысы —
Бұлқынған
Бүгіннің жарысы.
Адамнан іздейтін адалдық,
Адамнан іздейтін адамдық,
Уақыт та келеді.
Сол күні,
Сөздер де жасанды болады,
Көздер де жасанды болады,
Сана да жасанды болады,
Жара да жасанды болады.
Сондықтан,
Үніне тамылжып даланың,
Гүліне тамсанып даланың,
Жаныңды жоғалтпа,
Жаныңды жоғалтпа,
Қарағым!..
Квант
Мына Жер – бір ғана тамшысы ғарыштың,
Мына Күн – бір ғана жарығы «ағыстың».
Шексіздік торында уақыт-құс қамалып,
Жатыр ма тіршілік түрленіп,
Жаралып?..
Бір сызық ұшқаны —
Жұлдыздың түскені.
Күн сайын құбылар аспанның түстері.
Кеңістік құшағын тануым мүмкін бе,
Миллиард сөз туса,
«Жан» туса
Бір түнде?..
Менің де миымда бір ғарыш бар білем,
Һəм соның ішінде беймəлім əлгі
«мен».
Сөйлесем жұлдыздар ағып бір түсердей,
О, қалқам,
Мен миды
алмадым кісендей!.
Ішкі жан толқиды ғарышты көргенде,
Білемін, Аспан да – мен сынды шерменде.
Көңілдің дауысы,
Өмірдің заңдары,
Бəрі де бар онда,
Түсінсең болғаны…
Бір түске ұқсайды осы таң шырайлы,
Бір түске ұқсайды осы кеш шұрайлы.
Бояуы мың түрлі ғаламым кеш мені,
Мен сенің – бір түсің,
Ғарыштық көштегі.
Содан соң,
Шертіліп ғаламның сазы ұлық,
Жүрекке тамады бір тамшы Сөз-үміт.
Өзіме қараймын,
Өмірге бағынар.
Уақытқа қараймын,
Оның да
«жаны» бар…
***
Көзімнің ұшында – сүтті түн сəулесі,
Кеудемнің ішінде – сезімнің əуресі.
Бір белгі бар білем киелі сөздерде,
жыр сіңген аспанда,
түн сіңген көздерде…
Сағаттың тырсылы.
Жаңғырық көктегі.
Бəрі де тылсымға бөлейді тек мені.
Телміре Ай тыңдап айдынның дауысын,
Шексіздік жұтып тұр сəуленің ағысын.
Иə, рас,
Қоңыр күз желі ұшып көшеде,
Күңірентіп кетті ғой біздерді кеше де.
Теңіздің иісін жүрекке жұқтырып,
Толқындай теңселіп тұр əлі күпті үміт.
Ол толқын – дыбыссыз,
Ол толқын – ғажап-ақ!..
Тірісің, егерде жан тұрса мазалап,
Кеудеңде.
Осылай..
В.Гафттан аударма
Екеуміз ғана қалдық па,
Көппіз деп жанды тағы алдап.
Қабырға,
үстел,
сандық та,
Қарайды бізге алаңдап.
Күйдірді мені тыныштық,
Һәм жаңбыр сыртта жылаған.
Сүйсіндік,
сүйдік,
ұрыстық,
Жаралған солай, сірә, адам.
Біздер тек нүкте ғанамыз,
Қараса көктің көзімен.
Сөнеміз,
қайта жанамыз,
Тағдыр ғой ол да, сезінем.
Тылсымын солай еледім,
Күз бенен көктем,
жаз,
қыстың.
Екен ғой өмір дегенің -
Жазуын оқу жазмыштың.
Х.Л. Борхестен аударма
Сәт
Сіз қайдасыз? Дәуір қайда мыңжылдық,
Сағым болып бұлдырар көк жиекте?
Шаһар қайда, көрген, сезген жұртың жұт,
Қанжар-майдан сан шаншылған сүйекке?
Бәрі бітті. Қалды жалғыз бүгінім,
Өткен ғұмыр келмейді деп айта алам.
Жүректердің лайлап алып тұнығын,
Тас-тірлікке кірісеміз қайтадан.
Таңсәрі мен қоңыр кештің арасы –
Үміт пенен күдіктердің торындай.
Сұрағыңа жауап берер, қарашы,
Бұлт ішінен шыққан кезде соңыра Ай.
Жұлдыз жанып, сыр айтады түн маған,
Жер мен көкті баламаймын елеске.
Бөгде өмірді біреу айтса, тыңдаман,
Бүгінгі өмір – шын өмірім емес пе?..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.