«Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымында тағы да он ақынның поэзиялық шығармалар талқыланды. Бағдарламаға белгілі ақын Болат Үсенбев, лингвист ғалым Қуаныш Жұмабек, жас ақын, аудармашы Роза Аспан қатысты.
Сонымен сөз басы Мұқағалидан өрбіген келелі сұхбат былайша өрбіді.
«Ең өкініштісі Мұқағалиды жатқа айтудан ұялатын бір буын пайда болды. Мен мұның себебіне көп үңілдім. Байқасам олар поэзияда екінші Мұқағали болмау үшін зор тұлғаны әдейі осылай аласартатын тәрізді.
Осы жерде мына бір дүниені айырықша айта кетсем деймін. Жақында кинорежиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» деген фильмін көріп шықтым. Сценарии де киноның түсірілімі де бәрі жақсы. Осы кинода мынадай бір эпизот бар. Кадрда әйгілі сазгер Нұрғиса мен Мұқағали екеуі бақта келе жатады. Сол кезде Мұқағали жата қалып өлең жазады. Мен осы жата қалып өлең жазған детальді мүлде қабылдай алмадым. Ақын бірден жата қалып қалайша өлең жазады. Өлең деген ұзақ ізденіс пен қиналыстың нәтижесі емес пе? Керек десеңіз ақын бір тармақ өлеңге күллі ғұмырын сарп етуі мүмкін» деп пікір білдірді жас ақын, аудармашы Роза Аспан.
Ары қарай әңгіме желісі осы он ақынның поэзияды өз ерекшеліктері мен әлеуеті жайында болды.
«Біз сөз етіп отырған аталған ақындардың бәрі тек өз кітаптарымен ғана танымал болды десек артық айтқан болар едік. Бұған белгілі сыншылардың да көп әсері болды. Атап айтар болсақ, сол кездегі Әбіш Кекілбаев пен Сағат Әшімбаевтың, сондай-ақ Зейнолла Серікқалиевтың сындары осы жандардың оқырман қауымға етене танылуына көп септігі тиді.
Біздің буын Фариза апайдың көп жақсылығын көрді. Фариза Оңғарсынова өзінен кейінгі жастарға «аға» болды десем әсіре айтқандығым емес. Ол кісінің мінезі өте тік болғанымен ішкі жан дүниесі мейірімге толы болатын. Қайыра айтайын, өзінен кейінгі жастарға өте мейірімді адам болды. Ол кісінің өлеңдегі мінезі туған жерінің топырағынан дарыған ба деп ойлаймын» деп пікір білдірді ақын Болат Үсенбаев.
Мінекей, осындай тұшымды пікірлерге толы бұл бейнебаянның толығырақ нұсқасын «Әдебиет порталының» YouTube арнасындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасынан көрулеріңізе болады.
