Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ділдә Уәлибек. Белгісізден бет алып баянсызға......

15.04.2019 7535

Ділдә Уәлибек. Белгісізден бет алып баянсызға...

Ділдә Уәлибек. Белгісізден бет алып баянсызға... - adebiportal.kz

Мойындағым келмей қашқан шындықпенен беттестім.

Өткен шақтың бар қатесін арта салып өмірге,

Сағынуды, жабығуды, күтуді,

Өкінішті тырналаған ішімді -

Саған деген сезімдердің барлығын да сәуірге

апармаймын деп шештім.

Сосын күтпей дүйсенбіні,

күтпей таңды, ертеңді,

еріп бара жатқан қарға ең соңғы рет мұң шағып,

Естеліктер, үзік-үзік сәттерді

таңбалаған санамдағы ескі қойындәптерді,

Кеудемдегі жалын отқа лақтырып кеп жіберіп,

Тік көтердім еңсемді.

Өлең-құс боп ұшты сосын кеудемдегі азат үн,

Шектеледі бар әлем деп есептеген торынан.

Бәрін-бәрін бұзып, сызып өшірдім де санадан,

Қойындәптер сатып алдым жаңадан,

Өмірімді жазатын.

***

Біз жақта бір аспан болатын,

Тек қана шексіздік – өлшемі,

Өлердей сағындым мен соны,

Сағындым, таусылды тағатым.

Кірпікпен тарап нұр, шуақты,

Көкке көз тігуші ек ұзақ біз,

Ол мөлдір болатын сызатсыз,

Анамның жанары сияқты.

Жадымда бәрі тұр, үңілем:

Көк барқыт, жұлдыздар – бедері,

Ал, түнде мың есе әдемі,

Ван Гогтың «Жұлдызды түнінен»

Бұл жақта күн сирек күледі,

Күлуге құлқым жоқ менің де.

Қабаққа, иыққа, көңілге,

Ап-ауыр бірдеңе іледі.

Сол нәрсе езеді еңсені,

Қырқады құс-өлең қанатын.

Менің бір аспаным болатын,

Өлердей сағындым мен соны.

***

Бұл –

Көңілсіз құстардың,

Өмірсіз гүлдердің маусымы.

Сұр

Бұлттардың жөңкіген,

Шілденің шіліңгір өртінен ада қап,

Құлазып,

Қаңырап,

Қалғыған жағабақ,

Сағыныш түсіне боялған жапырақ қалшылы.

Бәрі ескі,

hәм бәрі жаңаша,

Қыркүйек, қазан мен қараша -

Сарғайған таспалар тізбегі...

Мұң ұрып,

Түңіліп,

Құбылып,

Күп-күрең,

Қоп-қою,

Ып-ыстық шайыңнан тәніңді қыздыра сораптап,

Жалғыздық мүңкіген томдарды парақтап,

Бояуы бес қабат жасанды әлемнің

сұрықсыз келбетін көрмей-ақ,

Өмірді сүрмеуге болады

осылай,

Өлмей-ақ.

***

Сезіне алмай сезімді кеудемдегі,

Түсіне алмай...

Күтемін елден нені?

Белгісізден бет алып баянсызға

келгендегі

Сапарымның бар мәнін білетіндей

Жымыңдайды жұлдыздар жалқын атқан.

Шашымның ұштарын да қалтыратқан,

Ең соңғы демін жұтып жапырақтың,

Терезеге еш мәнсіз телміремін.

Мен білемін

Ештеңені.

Білудің де жоқ кейде еш керегі.

Бір шеңберді айналған жүгірістен,

Түңілістен,

Қуаныш, нала-мұңнан,

Кейде тіпті, қағазым, қаламымнан,

Күйлінің жанарынан,

Жарлының қабағынан,

Желтоқсанның жылымық жаңбырынан,

Сегіз миллиард адамның тағдырынан -

барлығынан

Иненің жасуындай мән таба алмай,

Бұлдыр-бұлдыр сағымнан сүзіп елес,

Жалығамын.

Иә, қызық.

Тіпті де қызық емес!

Ештеңенің секілді жоқ негізі.

Жоқ, негізі,

Ай жарқылын тамызып қарашыққа,

Күн нұрымен сүрмелеп кірпік ұшын,

Көктемдегі жаңа атқан бүршік үшін,

Ашылмаған сан сырдың қатпары үшін,

Іңірдің мың бояулы аспаны үшін,

Кіршіксіз ақ дұғалы таңдар үшін,

Адал ниет, ақ пейіл жандар үшін,

Құбылмалы тотының қанатындай

Өмірді бұл сүруге болатындай.

Сиретіп қатарымды.

Кетерде жалғап әрі сапарымды,

Желдей еркін, бұлттай ақ көңілмен кеп,

Түймедақтың бір талын естелікке

Алып кете алсам ғой

Өмірден деп.

КҮЗГІ XАОС

Күп-күрең аспанның жиегі,

Жаз-ару қарасын кетті үзіп.

Бетіме тамшылар тиеді,

Бойымды әлсін дір еткізіп.

Сұр көше, сұр аспан түнерген,

Елемей келемін жаңбырды,

Біреудің ісі жоқ біреумен,

Бір қала миллион тағдырлы.

Тап кеппін осындай ғасырға,

Темір ми,

Жансыз руx,

Тар ғалам...

Ал, менің қаңғиды басымда

Елесі жырымның жазбаған.

Дамылсыз ойымды кезеді,

Түлендей түртеді ішімнен.

Ақыры жынданып өледі,

Сәт бұрын параққа түсуден.

Осылай беймезгіл, оп-оңай,

Қалдыра салады бірде жыр.

Бірде мен боздатып ботадай,

Аяқсыз тастаймын.

Бір де бір!

Мәңгіге асыққан қолсағат,

Көліктер сабылды көш түзіп.

Тырс етті бір тамшы бейсауат,

Ойымды әлсін дір еткізіп.

Бір күнім барады еш кетіп

Ес жидым. Көтердім еңсемді.

Ақырғы автобус кетті өтіп,

Жылт етті жүз теңгем ең соңғы.

***

Мен оны шаршадым күтуден,

Күтуден содан соң көктемді.

Көктем тек бір құшты көк белді.

Ол болса бір xатпен шектелді.

...Сағаттың сыртылы тым суыт,

Тыныштық әуені тұншығып,

Күрсіндім.

Күбірлеп ішімнен:

Жоқ!

Мен емес,

сәуірдің жанары

қараша мұңымен мөлт еткен.

Мен емес әлсіздік көрсеткен!

Құстар ғой іздеп кеп жайлылық,

Таба алмай тау асқан қайрылып,

Сұңқылы үзіліп барады...

Тек күту.

Іңірде, таңда - осы.

Сіңіріп күп-күңгірт бояуды

төңірек.

Тағы түн таянды.

Сұраймын шарасыз көк белден:

Түбінде келетін көктем мен,

Түбінде келмейтін адамды

Күтудің қажеті бар ма осы?!

***

Сенсіз қала қаңырап тұр.

Бос бәрі:

Ай көмескі,

Күн күңгірт.

Сұйқылт нұрын сыздықтатып қосты әне

көше шамын.

Мұң сырғып

қағазыма қаламымның ұшынан.

Кететіндей жанып іш.

Көздеп тұрып жүрегімнің тұсынан

Шым еткізді сағыныш.

Сыртымда да, ішімде де – қараша,

Семген, солған, қуарған.

Жалаң аяқ тас көшеде сыз кешіп

адасып жүр мың арман.

Адасып жүр аласұрып сезім де,

Сезіміңді таба алмай.

Кілкілдейді көл-дария көзінде,

Не өлең боп,

не жас болып аға алмай.

Көктемімді артып құстың көшіне,

Жапырағымды жаншыдың.

Жүрегімді күзгі өкпектің өтіне

Қалтыратып тастап кетпе,

Маусымым!

Сурет theoryandpractice сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар