Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Ерболат Қуатбек. Шекспир ақын болмаған...

27.02.2019 5329

Ерболат Қуатбек. Шекспир ақын болмаған

Ерболат Қуатбек. Шекспир ақын болмаған - adebiportal.kz

Шекспир деген ақын болмаған. Ол – жай ғана ортанқол әртістердің бірі. Тегіне қарап отырсаңыз, әке-шешесі сауатсыз болыпты. Өзінің де оқығаны шамалы. «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», «Гамлет», «Макбет» сынды жауһар туындыларды Шекспирдің дүниеге әкелуі мүмкін емес. Мұндай туындылар тудыру тек ақсүйектердің қолынан ғана келеді. Және Шекспир туындыларының бірде-бір қолжазбасы сақталмаған. Замандастарының естеліктері де жоқ. Себеп: төңкеріс, соғыс. Ізім-ғайым жоғалып кеткен барлығы. Сонда бұл туындылардың авторы кім? Оған үміткер бола алатын бірнеше есім бар. Оксфорд па? Әлде Дерби ме? Мүмкін, Марло шығар? Бәлкім, Фрэнсис Бэкон ба еді? Бәрі де болуы мүмкін.

Зерттеушілер түрлі болжам айтады. Ал қазақтың айтулы ақыны Өтежан Нұрғалиев: «Шекспир туралы қанша кiтап оқысаң да, айтатындары бiр-бiрiне қарама-қайшы. Өйткенi Шекспир ұлы, қай жағынан келiп қарасаң да, ұлы. Әйтпесе тарихтағы шын Шекспир – әртiс болған адам. Өзi жазған пьесаларында өзi ойнаған. Ол – ұлы актер әрi ұлы драматург, үшiншi жағынан, үлкен патриот, ал, төртiншi жағынан, Шекспир деген адам жоқ. Ол – Фрэнсис Бэкон. Екеуiнiң суретiн салыстырсаң, түр-түсi, үстiндегi киген киiмiне дейiн ұқсайды. Неге олай? Себебi оның дақпыртынан даңқы күштi болған», – деген екен бір сұхбатында. Өтежан сондай пікірде. Біз де Бэконға тоқтала кетуді жөн көріп, зерттеп көрдік. Шынымен, солай ма екен? Әрине, деректердің барлығы дерлік тұспал мен болжам ғана. Аңыз түбі – ақиқат. Ал кеттік...

Фрэнсис Бэкон

Шыны керек, Уильям Шекспир де, Фрэнсис Бэкон да – өмірде болған адам. Екеуі де бір ғасырда, бір кезеңде өмір сүрген. Шекспирдің айтарлықтай үлкен кітапханасы болмаған. Ол туралы өсиет те қалдырмады. Қалдырғаны – тек мүлік пен байлық. Дәулетті өмір сүрген ғой. «Глобус» атты театрдың иесі болған екен. Ал Бэкон ше? 23 жасында парламентке сайланған. Лорд-канцлер, барон болған. Король сарайының мәдениетін жетік білген адам. Бір сөзбен айтқанда, ақсүйек. Тарихшы, философ. Бірақ ол заманда Бэкон сияқтыларға ақын болу жарасымды дүние болмаса керек. Фрэнсис Бэконның Шекспирдің атынан жазуы логикаға сыйымды дүние деген ойдамыз. Қанша дегенмен, туындыларын жариялаудың бір жолын табу керек болды ғой. Дәлел ме? Бар, әрине. Мысалы, «Король Генрих ІV» бірінші бөлімінде «Фрэнсис» сөзі 33 рет қайталанған екен. Сәйкестік пе? Жарайды. Ал мынаған қалай қарайсыз? Мына өлеңнің әрбір жолының алғашқы әріптерін қарап отырсаңыз, «Бэкон» деген сөз шығады (түпнұсқадан беріп отырмыз):

«Begin to tell me what I am, but stopt

And left me to bootelesse Inquisition,

Concluding, stay: not yet».

Яғни BACon (Бэкон). Шекспир мен Бэконның танысқан-таныспағандығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мұны да ескергеніміз жөн шығар. Мына қызық дерекке қараңыз: «шекспир» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «найза сұғу» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл Афина Палладаның образына келеді. Паллада – Бэконның оныншы музасы. Афинаның жауға қарсы найзасын кезеп тұрған сәті бар. Сонда Шекспир бүркеншік есім болды ма? Тағы ойланатын дүние екен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Әбу-Асқар Мекешұлы: Генерал-лейтенант па, Абақ-тархан ба?

Марина Литвинова есімді ғалым былай дейді: «Бәрі білген Шекспирдің Бэкон екендігін. Бұл ешқандай жұмбақ та болмаған. Ешкім ол туралы хат жазбаған. Содан соң Англия алапат кезеңдерді басынан кешті. Жиырма жылға созылған азаматтық соғыс тұтанды. Театрлар жабылды. Мұрағаттарды өртеді. Сол кезеңде Шекспирдің кім екендігін білген замандастары ажал құшты. Барлығы жермен-жексен болды».

1598 жылы Фрэнсис Бэкон қарызын төлей алмағандықтан түрмеге қамалады. Ал бұл кезеңде Шекспир шылқып байып отырған. «Сонда неге Шекспир Бэконға көмектеспеген?» деген күмәнді сұрақ туындайды. Шынайы автор сол еді ғой. Мүмкін, Бэкон емес шығар. Кім болды екен сонда? Ал 1867 жылы Бэконның қолжазбалары арасынан «Ричард ІІ», «Ричард ІІІ» пьесалары мен «Обесчещенная Лукреция» атты өлеңдер топтамасы табылды. Сонда Бэкон Шекспирдің оқырманы болып шықты ғой. Қызық екен. Қарама-қайшы дүние көп. Тек болжам мен тұспал ғана. Сіз қалай ойлайсыз? Шекспир кім болды екен?

Жалғасы бар...

Суреттер ғаламтордан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар