Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Әбу-Асқар Мекешұлы: Генерал-лейтенант па, Абақ-тар...

06.03.2019 6103

Әбу-Асқар Мекешұлы: Генерал-лейтенант па, Абақ-тархан ба? 12+

Әбу-Асқар Мекешұлы: Генерал-лейтенант па, Абақ-тархан ба? - adebiportal.kz

Кезінде ата-бабамыз жауға шабар алдында жауынгерлерінің рухын жырмен қайрап, өлеңмен өршелендірген. Сонау Көк Түркілер заманында империя құрып, әлемдегі ең мықты әскер жасақтаған. Сол әскердің түрлі топтарына түркіше анықтама беріп, неше түрлі «шендерді» түркіше атап, әскери терминологияның тұтастай кешенін жасаған. Уақыт өте қағанат құлады, хандық әлсіреді, басқыншылар жаулап алды, рух сынды, сол рухпен бірге тұтастай әскери терминологиямыз да келмеске кетті. Жүздеген жыл Ресей империясының, 70 жыл Кеңес одағының әскери тәртібімен жүріп, тәуелсіздік алғалы 30 жыл болса да, сол терминдерімізді тірілте алмағанымыз, рухымыздың әлі де оянбағанының айқын дәлелі. Кеше ғана Қарағанды әскери институтының жоғары шенді оқытушысы «Мы – банда!» деп күллі елге жар салып жатуы да осы уланған сананың айқын дәлелі.

Сөз жоқ, Үкімет күштік құрылымдардың қарымын арттырып, адымын аштыру үшін көптеген жұмыстар жасап жатыр.

Жуырда Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің формасы да ауысады деген жаңалық бар. Дұрыс болды! Әйтпесе, шаңырақтай фуражкасы басымнан ұшып кетпесін деп бір қолымен ұстап алып, тырбаңдап ұрыны қуып бара жатқан полицияны көріп не күлеріңді, не жыларыңды білмей қаласың. Күштік құрылымдардың киімі қызметіне сай ыңғайлы да ықшам, сонымен қатар, ұлттық ерекшелігі бар болуы заңдылық қой. Алайда жауынгердің сыртын қанша өзгертсең де, оның ішін, яғни рухын өзгертпесек, сол баяғы «банды» болып қала берері сөзсіз!

Ал, ендеше, жауынгердің санасын өзгерту үшін не істеу керек?! Бірінші кезекте Кеңес одағын идеал тұтатын «ескі» идеологтардан арылу керек. Екіншіден, өз тамырынан ажырамаған, өз тарихын мақтан тұтатын, кезіндегі Түркі қағанаты, Қазақ хандығы тұсындағы әскери өнерден хабары бар, сол кездің рухын сезіне алатын кадрларды дайындап шығару керек. Үшіншіден, бабаларымыз түзіп кеткен әскери терминдерді біртіндеп қолданысқа енгізу қажет. Түптеп келгенде, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі мақсаты да рухани сананы жаңғырту емес пе?!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанат Ахмади. Бейiмбеттi атқан кiм?

Әскери терминдер туралы кезінде заманымыздың заңғар ғұламасы, мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай өзінің «Жауынгерлік рух кітабы» атты еңбегінде бүге-шігесіне дейін жазып кеткен. Алайда оған құлақ асар ешкім болмады. Өйткені «подполковник», «прапорщик», «сержант» деген сөздер қанымызға әбден сіңіп қалған. Ел мен жерді жаудан қорғайтын атпалдай азаматтарымыз «подполковник» болып жүруді мақтан тұтады.

Ал Серікбол Қондыбай не дейді? Ол осындай сөздердің кезінде ата-бабаларымыз қолданған неше түрлі ғажайып баламаларын жіпке тізгендей қылып береді.

Мәселен, ғалым Көк Түркі, Шыңғыс хан замандарынан қалған жазба деректерді салыстыра отырып, генерал сөзін бұрынғы бабаларымыз «тархан» деген алпарғымен айтқанын дәлелдейді. Осылайша, қазіргі кезде генерал-майор, генерал-лейтенант деген шендердің тиімді баламаларын атап көрсетеді.

«Бойла баға тарқан - генералиссимус немесе маршал. Немесе Армия генералы.

Абақ-тарқан - генерал-лейтенант.

Баға-тарқан - генерал-майор.

Тарқан – генерал», - дей келе, «Бойла баға», «Абақ», «Баға» сөздерінің де этимологиясын түсіндіреді.

«Бойла баға тарқан» деген сөз Тоныкөк жазуында кездеседі. Тоныкөктің өз шені сондай болған. Яғни бұл ең жоғарғы атақтардың бірі болмақ. Сонымен қатар, мектепте тарих сабағында Жәнібек батырға «Тархан» атағын Қытай, Малайсарыға орыс берді деп оқыдық. Сондай оқулық жазғыш «тарихшылар» осы кітапты бір шолып шықса жақсы болар еді.

Кітап авторының жазуынша, Шыңғыс хан тұсында Бас Штабта болған әскери, яғни офицерлік қызметтердің ішінен бізге белгілісі – «ақташы», «бұларғашы», «бұлғай-аға», «жұртшы», «табашы» деген атақтар. Қарап отырсаңыз, осы сөздердің негізінде көне түрктік сөздік қоры жатқаны көрініп тұр.

Ақташы - армияға қажетті малды қадағалаушы офицер.

Бұларғашы - әскери мүлікті қадағалайтын офицер.

Бұлғай-аға - ішкі басқару мен қаржы мәселесі жөніндегі офицер.

Жұртшы – офицер-квартирмейстер, әскерді орналастырушы, қозғалу маршрутын анықтаушы.

Табашы - жүк тиелген көшті, тасымалды қадағалайтын офицер.

Міне, осы терминдер қазіргі заманға сай офицерлік лауазымдарға берілсе, уақыт өте үйреншікті, жанымызға, рухымызға жақын әскери терминдерге айналары сөзсіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зәкір Асабаев. Шәмші әндерінің шоқжұлдызы «Сыған серенадасын» тұңғыш рет бізге әкелген еді

Әрине, мұндай жаңашылдыққа қарсы шығатындар да табылар. Олар қазіргі әскерде қолданылып жүрген атақ-шендер халықаралық терминдер деген уәж келтіруі бек мүмкін. Ендеше естеріңізде болсын, «подполковник», «прапорщик» сөздерін тек Ресей ғана қолданады. Мысалы, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция сияқты әскери державалар «полковниктің» орнына «колонел» деген терминді қолданады. Ал арабтар, парсылар, түріктер, қытайлар, жапондар өз дәстүрінің атауларын қолданып келеді, сондықтан «халықаралық термин» деген бетпердені ұстап жалтара бергеннің реті жоқ деп есептейміз.

Тіпті қазір керемет мақтанышпен айтатын «Маршал», «генерал», «полковник», «майор», «капитан», «лейтенант», «сержант» деген атақтардың мағынасы мен шығу тарихын зерттесеңіз, езуіңізге еріксіз күлкі үйіріледі екен. Мәселен, энциклопедиялық сөздікте «маршалдың» о баста «корольдің ат қорасының басшысы, атбағар» қызметшісі болғанын, «майор» сөзінің жай ғана «үлкен, жасы үлкен» деген сөз екенін, «сержант» сөзінің «малай», «лейтенант» сөзінің «орынбасар» деген мағынаға ие болғанын білесіз. Бұл туралы С. Қондыбай анық-қанығын жазып қалдырған. Қазір ежелгі Рим, көне Қытай туралы тарихи фильмдер түсірсе, басты кейіпкер «Генерал» болып жүреді. Ал ол кездерде «генерал» терминінің болмағаны ешкімнің басын ауыртпайды. «Женераль» деген атақ Францияда XV-XVI ғасырларда шыққан. Жоғарыда айттық, одан қаншама ғасыр бұрын біздің бабаларымыз осыған шендес алпарғыны «Тархан» деп атап қойған.

Сол секілді, сержант, лейтенант, капитан, майор, полковниктерді де өзіміздің тарихи төл сөздерімізбен алмастыруға әбден болады. Мысалы, Түркияда сержантты – онбасы, капитанды – жүзбасы, майорды – мыңбасы дейді. Полковник атауы полк басқарушы деген сөзден туындаған. Ал полк сөзі – көне түркінің бұлұқ сөзінен шыққан. Яғни полковникті – бұлықбасы, подполковникті – кіші бұлықбасы деуге болады. Әрине, бұлұқ дегенде көмейіңіз бүлк ете түскен болар? Бірақ оған күлетін ештеңе жоқ, «елу жылда – ел жаңа» деген, қазірден бастап қолданысқа енгізіп жіберсе, уақыт өте сіңісті болып кететініне бәс тіге аламыз!

суреттер интернеттен алынды

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар