Сыр айтты көкте сынық Ай,
Отырмын үнсіз мұң шағып.
Қойдың-ау сірә жылымай,
Тәккаппармысың мұншалық?!
Баяу еседі қоңыр жел,
Өкініш сірә, өткен сыз.
Сағынған жандай өбіңдер…
Өлең тумайды көктемсіз..!
Тірліктің тарам жолы – сан.
Тірлігі қаурыт қаланың!
Қиялмен көкке көп ұшам,
Қанатым – күміс қаламым!
***
Жалтақтаймыз (жандарға) қашанғы бір?
Ұстатпайды адуын, асау өмір.
Иісі аңқыған бөктерде күзгі аршаның,
Қаладағы солғындау жасанды гүл!
Аңсаймын да тұрамын ай даланы...
Қозы-лақты, көгенді, қой қораны.
Смартфоннан түріңде жасандалық,
Тіпті ажарың жасанды айнадағы.
Ұры уақыт, дүние шыр айнала,
Әжім түсе бастаған шырайға да.
Күлімдеген күлімкөз күнде алдамшы,
Тек шынайы – Құдай ғана!
Күнәсі жылайды...
Меңіреу қаладан мейірім жоғалған.
Күн өтіп күйбеңмен.
Ақиқат айналған ол – Арман..!
Адамдар өтірік күлуді үйренген!
Құлақтар ішінде шайтанның сыбыры,
Ауызға ие жоқ екі елі...
Сәбидің көбелек ғұмыры,
Телефон ішінде тұншығып өтеді...
Күн жылжып жыландай,
Сүреңсіз ай көкте мұңайды.
Ұмытқан Құдайын пенденің,
Күнәсі жылайды..!
Қымызхана
Көзінде мұңлы ,көңіліндегі күйік һәм,
Портепиано ойнады тағы сүйікті ән.
Дабыра жастар даурыға өлең оқиды,
Ал мен болсам қаппын ұйықтап!
Жұлдыздар жусап, тыншыды үн.
Босаға жақта әжем иіріп ұршығын...
Көзім ілінсе, күлімдеп қарап бала-өмір...
Ауыл енеді түсіме!
Көшенің шамы, көркем қалада түн ізгі,
Қызара бөртіп, албырап жүзім қымызға.
Тұрғандай халім медет сұранып; Аяшы?!
«Тұрыңыз аға!». Оятты келіп даяшы.
Атажұртым...
Дархан дала, ұлы Отаным сүйгенім,
Неге бүгін жабырқаулы күйдемін?
Көшкен кезде жайлауында қап қойған,
Өр көңілім – сынығындай иненің..
Қан тамырым солқылдайды шекемде,
(Дүниеде қонақ болғам екі елге)..
Атажұртқа ауып кеткен ақ құсым,
Қайта оралып мекендепті Бөкенге
Жүрген жоқпын құлқыным, күнім үшін,
Жаным құрбан, қазақтың бірлігі үшін!
Атажұртым – өзіңсің түп қазығым,
Алпыс екі тамырымда бүлкілімсің!
***
Гитара,
Сыңсыған махаббат әуені,
Сұлулық сүйгендер әлемі.
Осынау мүлгіген тыныштық,
Шәмшінің әні еді!
Домбыра,
Дүбірлі тұлпарлар ізімен,
Бейнелі қазақтың бізімен.
Күн сіңіп барады тауларға,
Шырайлы қызыл өң.
Әсем үн бөлеген қаланы.
Мейірім түнгі ізгі әр.
Жастардың кешінде,
Көктегі ұйыған жұлдыздар!
***
Біз қайда барамыз?
Ар мен ұжданнан аттап.
Жаманды мақтап,
Жақсыны даттап,
Шындықты соттап,
Өтірікті ақтап!
Біз кімге құлмыз?
Елірген жынға құлмыз.
Өсекпен мұңға құлмыз,
Есірген эстрадамен,
(Есінеген) құлға құлмыз!
Заңғар Еркебекұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.