Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерлан Ырзай. Көрші ауылда жылқы жүр...

12.02.2020 4746

Ерлан Ырзай. Көрші ауылда жылқы жүр 12+

Ерлан Ырзай. Көрші ауылда жылқы жүр - adebiportal.kz

Ерлан Ырзай - 1991 жылы қаңтардың 12 жұлдызы Шығыс Түркістан, Хан тәңірі баурайында дүниеге келген. 2018 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы мүшәйраның, 2019 жылы Ерік Асқаров атындағы мүшәйраның жүлдегері.

АҢСАУ
Сыбызғы түнім арбаған сәттің,
Сыңғыры қалған сырғаның.
Керегі қанша ал маған, бақтың
Өзіңсіз гүлдеп тұрғаны?

Ғайыптан жеткен жасырын күштей,
Жалған да шығар, мейлі шын.
Түндерді үнсіз атырып іштей,
Сағынбайды ғой, деймісің?..

Өлеңмен түскен ақ парақтағы
Бейнелер жанған от бөлек.
Өзекті өртеп жатса да тағы,
Өмірге құштар көп себеп.

Ұғына алмай сиқырын күннің
Ұйықтамай тағы, жын ұрам.
Жыртылып жатқан қиқымын түннің,
Құраймын сынық шыныдан.

ҮЗІК

Жек көремін рухы ажыз денемді,
Сәске түсте сандырақтап оянған.
Тыным таппай сабалап жүр еденді,
Сынық қанат ой арман.

Төрт қабырға...
шақырмады мені ешкім,
Мөлдірейді тереземнің моншағы.
Табиғатқа мен керек те емеспін,
Қызық емес ол жағы.

Әр сәттердің қиқымдарын құрап күн,
Бірақ одан шығатыны құнсыздық.
Көшелерді жанарыммен жұбаттым,
Жанды,
Жансыз,
Үнсіздік.

Сөйте тұра жеткізем деп сырымды,
Кеше тағы осы бақта түнегем.
Жетімсіреп құшағыма тығылды,
Ақ қанатты бір өлең.

***

Білем, сенің жанарың түндей тұнық,
Келдім саған...
Сезімге ілмей құлып.
Түсінбестен неліктен бұртиясың,
Құпиясын жанымның білмей тұрып.
Бұлт жастанып мен үшін туатындай,
Қайда анау сырымды ұғатын Ай...

Сағынышын жасырып құлып таңым,
Ұлпа қардан мендағы сыр ұққанмын.
Ашылмаған сол қалпы сыры гүлдің,
Шыны—күннің, шытынап сынықтары.
Кесесіне толтырып жыр бұлағын,
Мас болып мұң ұрттадым.

Сағым бейнең бөлмемді нұрландырып,
Тым өшкіндеу жанарда тұрған үміт.
Сенсіз бақта жүрмін деп текке мүлде,
Кеткенің бе көшеден тым жаңылып?..
Көбелектер жаттап ап өлеңімді,
Қалғиды түн жамылып.

Түнгі шамдар қалғыған көшелерден,
Өңі, түсі белгісіз көшеді өлең,
Жанарыма жеткізбей қуанышын,
Жұбанышын әр сәттің еселеген.
Сен кінәлі емессің оған, қалқам,
... Бәрі де пешенеден.

***

Жалғыздықтан ешкім жоқ, түндей бөтен,
Түндей бөтен, көзімді ілмейді екем.
Сағат тілі көрсетті сырғығанын,
Басқасын, білмейді екем...

Жұлдыз ақты төбемнен, үркер дедім,
Түн сиярдай сонда да күркем менің.
Серігіндей сықсиып майшам ұнсіз,
... Ойланған бір пенденің.

Жақындығым жоқтай-ақ, күнге мүлде,
Тәтті үмітті үзер ем білгенім де
Құшағым да өлеңім есінейді,
... Қалғыған түндерімде.

МУЗА

Төбемнен ауған
Құрысын күнім,
Тынышын түннің опырдым.
Ояндым естіп дыбысын кімнің?
Ұйқысыз тағы отырмын.

Бақытың қайда?..
Ағарған таңы,
Жанардан тағы, тайды мұң.
Жалғыздық құшып қара орман маңы,
Аймалап жатты Ай нұры.

Солған күз әне,
Жадырап тұрған,
Жапырақ қурап, жүдеп тым.
Кеуденің мынау қаңырап тұрған,
Ләйлісі сенсің жүректің.

Уақытқа бәрін
жасырамын ба?
Басыламын ба шарасыз,
Қанатсыз хәлім, асығамын ба?
Құстар да кеткен
... хабарсыз.

Ақ қарда жауды
... Аяқ із қалып,
Аязы қарып тәнімді.
Жұлдыздар мені аяды, нағып?..
Таңдарға жалғап әнімді.

Түсінбес сендей,
...Жанымды ешкім,
Сағымды кештім,
... Жолыңды.
Сезбейді менің барымды ешкім,
Сезбейді менің жоғымды.

Бақыттың білем...
Жоқ бұйырмағы,
Көк тиын бәрі, өзіңсіз.
Тағдырым мынау от құйындағы,
Бәрі де...
Бәрі көңілсіз.

АЯЛА

Ұйқысыз түнді өзіңсіз өткен,
Ақ таңға жалғап жүремін.
Ақ ұлпа сезім құлайды көктен,
Сағынды сені білемін.

Өзіңсіз бәрі қалады жетім,
Білмейсің оны бірақта.
Ақ қардай орап даланың бетін,
Сені ойлап тұрмын қыратта.

Қауырсын үміт аспанға тарап,
Ақ қар боп көктен үзілсем.
Күрсіне жүріп ақ қарға қарап,
Мені ойлайсың ба, бүгін сен?..

Жетелей жүріп жатқандай жолмен,
Баурап алды ма еркіңді ?..
Мамықтай нәзік ақ қар ғой ол мен,
Аймалап тұрған бетіңді.

Сағыныш деген апаратын ой,
Айналып келдім ақ қарға.
Ақ қардай таза махаббатым ғой,
Аяла...жерге таптама.

САУАЛ!

Тулақтай жер жатқанда тоқым болып,
Алып таулар шөккенде қоқым болып.
Уақыт жайды шындықтың жайнамазын,
Біз неге өкінбедік?..

Біздер үшін қасқайып тұра қалып,
Бәйтеректер тапталып құлады анық.
Тамырынан көктеген талшыбықпыз,
Біз неге жыламадық?..

Би манапқа, жағымпаз жақын болып,
Мен жарытып жүргем жоқ ақын болып.
Астау шауып ауызбен, іске пақыр,
Кеттік пе қатын болып.

Бөрі болсам, құлама, қиядамын,
Арландарды есіме жиі аламын.
Айға қарап шоқиып...
Қойшы Досым.
Үруден ұяламын.

КӨРШІ АУЫЛДА ЖЫЛҚЫ ЖҮР

Күздің әні күңірентіп даланы,
Ала көбең көкжиектің қабағы.
Ау, ағайын көрші ауылда жылқы жүр,
Деме оны тобан аяқ жабағы,
Қыран көрсе күн астында ойнаған,
Кісінейді, жас мөлдіреп жанары.

Туған жері болғанымен ал, бірақ,
Онда жатыр түгі сынып, ар құлап.
Ау, ағайын көрші ауылда жылқы жүр,
Ноқта үзсе темір тордан қарғымақ.
Деме оны қотыр, желік, қыршаңқы,
Білсең бәрі текежәумет, арғымақ!

Тағдыр ісі болсадағы заңдылық,
Қиқу кетпей жатыр орға сан жығып.
Қыранымды көк аспанға самғанып,
Нұрын төгіп атқанымен таң күліп,
Ау, ағайын көрші ауылда жылқы жүр,
Кесе басып қасаң таға қанжілік.

Тас турайтын жел табаны жер тіліп,
Қазанаттар күні қиын ендігі.
Алтын күнді өңгеріп ап аспанға,
Қыран ұшса балақ жүні жетіліп.
Ау, ағайын көрші ауылда жылқы жүр,
Тай тұяқты тасқа басса кетіліп.

Бір жақсылық болсын мейлі тозаңдай,
Қолым шолақ қайырымсыз созам қай?..
Жаны шайпау, тілі майда желдіртпе,
Қысық көзге көлгірсіген сөз оңай.
Ау, ағайын көрші ауылда жылқы жүр,
Көрші жүрген мына бізден көз алмай.

Көз алдынан көлбей өтіп көк мұнар,
Тағасынан жанып ұшып шоқ қылау...
Төрт тұяғын кеудесінe соқтырып,
Келер ме екен күреңдер...

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар