Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерлан Жүніс. Соқса ғой Қаратаудың қара желі...

23.02.2019 9059

Ерлан Жүніс. Соқса ғой Қаратаудың қара желі

Ерлан Жүніс. Соқса ғой Қаратаудың қара желі - adebiportal.kz

ЫҢҒАЙСЫЗДАНУ

 

О, неткен жұп-жұмсақ туған жер тастары,

О, неткен қатты еді алақаным!..

 

...Ойлансам, мен туған өлкенің аспанын,

арқалап баратамын...

 

Ержеткен ұл сынды арқалап жүретін шешесін,

өмірдің кітабын ежіктеген,

тағдырдың,

заманның,

тарихтың көшесін,

көтеріп мен соны кезіп келем.

 

Кеземін,

кеземін дүниенің жолдарын,

аларым, берерім, көрерім көп,

мықшитып,

мойнымды қиса да салмағы,

арқамды қажады дегенім жоқ.

 

ол аспан мені де нәресте күнімнен,

көтерген – биік,

алып –

басыма күн қадап мен сонда жүгіргем,

бұлттардан ит көйлек киіп алып,

 

буыным бекіді,

жүрекке от еніп

толықты жілік майым,

мен сені, туған жер, биікке көтеріп,

мен енді ұлықтайын!

 

Басыңа күн қадап сен енді шалықта,

ең ұлы әуенді тербеп жүрек!

Таңырқап қарасын уақыттар,

халықтар:

«Даланың ұлдары ержетті» деп!

 

Ақ сүтің бар сенің – еркімде, күшімде,

ғасырлар бұғауын үзер, кілең...

 

...Туған жер аспанын құлатпау үшін де,

ешқашан бүкпеймін тіземді мен!

 

 

***

 

 

Мөріндей,

Ұлы қағандардың,

 

Түркі аруының меңіндей,

деміндей көктем бағының,

 

құтыға құйып алғандай ғасырлар сағымын,

 

ерніндей дала қызының,

қызылы ойнап жүзінің,

 

қымсына қалған кезінде,

сыңғырлап сұлу сезімдер...

 

Шамстың тақуа жырындай,

сырындай ынтық жүректің,

 

тілектей –

айтылатын туған күндерде,

ақ көбелек қонғандай қызыл гүлдерге,

 

шомғандай күн ойға,

ай қызарып толғандай,

 

жұлдыздар ұялып қалғандай,

 

түркі дастарханындай

Земархқа жайылған,

қытай фарфорындай –

Талас суына шайылған,

 

Самақандтан алдырған далаптай,

Істеміс қаған елшіге құйған шараптай,

 

жер шарындай,

жанындай тылсым қаланың,

 

алтын буындай,

раушан күлтесіндегі жаңбыр суындай,

 

менің еркімнің иесі –

мөп-мөлдір,

қып-қызыл,

Тараз шиесі!

 

 

***

 

Жікілде туды ма екен ай жаңасы,

неліктен көкке қарап ойланасың,

Мақдиси,

 

Әу десе, әудемжерден ән жетер ме,

сол бір ән жүрегімді тербетер ме,

Мақдиси,

 

Жікілдің жәудір көзі – сағым құшып,

жанары жұлдыздарға шағылысып,

 

көңілі көшкен бұлттай алып ұшып,

күннен де,

айдан,

жылдан жаңылысып,

 

Таразға барар жолға қарап тұр ма,

өткенді, кеткендерді санап тұр ма,

 

жабығып жас жүрегі жылады ма,

адасып мыңжылдықтар тұманында,

 

Мақдиси, жауап берші сұрағыма,

мен жайлы сұрады ма,

 

сұрады ма,

Алматыда сағынып жүр ме екен деп,

құшағында құлпырған гүл ме екен деп,

 

гүлдерді бір мен үшін жинар ма деп,

гүлдерді маған келіп сыйлар ма деп,

 

Мақдиси, айтшы маған, сұрады ма,

Адасып мыңжылдықтың тұманында,

 

Даңқты да инабатты шарұқ-түрік,

қыздары –

 

қызыл гүлдей жанып тұрып,

 

көңілін сол сұлудың аулады ма,

қыдыртып Барсханның бауларында,

 

құлпырған қырда мың гүл құрбылары,

сыңғыр да сыңғыр, сыңғыр құрбылары,

 

жүр ме екен алма теріп алуан бақта,

бұлбұлдар шаттық әнін салған шақта,

 

жүзінен көбелектер өпті ме екен,

ұмытып сонда мені кетті ме екен,

Мақдиси,

 

Жікілде туды ма екен ай жаңасы,

неліктен көкке қарап ойланасың?!..

 

 

***

 

Жамбылды жайлай ұшар жалғыз үкі!..

 

дүние-ай, қауырсыны қай қыздыкі?!.

 

Үкісі қос шекеде үлпілдейді,

жүрегі дүрсіл қағып,

бүлкілдейді,

 

ұшады жалғыз үкі қорғалақтап,

қанатын қағар-қақпас қалбалақтап,

 

қай маңда сұр мергені қағады екен,

шашылып қауырсыны қалады екен,

 

Тағады қай бір сері сән құрғанда?!.

қарда да,

аязда да,

жаңбырда да,

 

біресе пана қылып тау қуысын,

жан үшін,

ғұмыр үшін,

тағдыр үшін,

 

ұшасың, қанатыңды талмай қағып,

елсізді,

тауды айналып,

жарды айналып,

 

біресе пана қылып тоғай ішін,

қаларсың аман-есен қалай, құсым?

 

Серігің қайда қалды, жалғыз үкі,

жатырқап айналаңды, жалғыз үкі,

 

жалпылдап,

жан сауғалап,

ұшқаның ба,

 

көңілсіз әуен ойнап құс бағында,

 

үкіңді қорған еткен құштар жандар,

үкім-ай, енді сенің дұшпаның ба?!.

 

Жамбылды жайлар ұшқан жалғыз үкім,

дүние-ай, қауырсының қай қыздыкі?!.

 

 

 

 

 

 

 

 

***

 

Рабадта,

жылға бойында,

мамыриса, зауза айында,

 

толқындап Талас аққанда,

алма ағаш гүлдеп жатқанда,

 

жатқанда дүние аһ ұрып!

 

жүрелей жерге отырып,

соғды қыз шашын тарайды,

айнадай суға қарайды,

 

көк аспан көзді, күн жүзді,

кім сүйеді екен бұл қызды,

 

кім сүймейді екен бұл қызды,

Зарафшанда өскен гүл қызды,

 

гүл қыздың шәрбәт, бал шағы!

 

өзіне өзі тамсанып,

өзінен өзі ән салып,

 

әрнеге ауып аңсары,

соғды қыз шашын өреді,

қызықтап бойын көреді,

 

толқындап Талас ағады,

толассыз Талас ағады,

 

толықсып тұрған жас ару,

толқынға әнін қосады,

 

жастықтың әнін, жас әнін,

толқындар алып қашады,

 

келте сәт, катта армандар,

жылатып оны алмаңдар,

 

ұрлатып оны алмаңдар,

ұмытып оны қалмаңдар!

 

Рабадта,

жылға бойында,

мамыриса, зауза айында,

 

соғды қыз шашын тарайды,

сұқтанып жылдар қарайды...

 

 

***

 

 

Жаңбырлы жылдардың бұрышынан,

қуысынан тағдырлы жылдардың,

 

арбакеш бала шығып келеді,

тығып келеді қойнына

 

бәрін:

 

балалық әнін, еркелік моншағын,

арманын, үмітін, аңсарын,

 

жемеген күлшесін, пілтесін шырақтың,

жауабын білмейтін барлық сұрақтың,

 

арқасын ауыртқан салмағын,

оқыған кітаптарының жолдарын,

 

жекірген дауысын алыпсатардың,

сүреңсіз кейіпін шаһардың,

 

шаңқай түстерді, сүркей кештерді,

анасының жүзін қастерлі!

 

Арбаның үстінде қап, қорап...

жоқ, тағдыр,

 

өте алмай қиналған шарасыз шақтан бұл,

 

өзінің тағдыры,

тағдыры қоғамның,

жаутаңдап қараған жанардың,

 

қолдардың созылған,

қажыған жүректің,

ойланған бастардың,

қарысқан білектің,

 

рухтың – ұмтылған зау көкке,

қонбайтын,

қонбайтын жерге енді,

күймейтін,

тоңбайтын,

 

тағдыры!

 

Арбасын итеріп барады мықшыңдап бала өмір,

тұрсын ба,

тоқсаныншы жылдардың қараңғы бұрышында!..

 

 

 

***

 

 

Георге Замфир найы боздағаны-ай,

кеудемде бір естелік қоздағаны-ай:

 

...Қаратау баурайында қойшы бала,

екінді,

теріскейден ай сығалап,

 

тұрған шақ,

күңгірт жарық – қартаң айдан,

өрмейді,

жусамайды,

мал тоғайған,

 

қойтасқа басын қойып, көзін жұмып,

сезініп тыныштықты,

сезіндіріп,

 

тауға да, далаға да... – бәрі тынған,

білінер күн ыстығы әлі құмнан...

 

қам да жоқ,

қайғы да жоқ,

қара дала,

шошайған қыр басында бала ғана...

 

кешіккен мал айдасар көрші бала,

(оның да бір білгені бар шығар, ә),

 

Тұмсығын көтермейді төбет те көп,

ит құлағын көтерер себеп те жоқ.

 

Таулары бұл даланың өркештенген,

шайыры кеш піседі, ерте өскенмен,

 

жайнайды жаз басында қыр жарықтық,

бірі гүлдеп,

ал бірі бүр жарып тұр:

 

баялыш,

шеңгел,

изен,

жусан,

жүзгін,

шіркін-ай, ақ сағымын қусаң түздің!

 

Адырдан адыр асып, алақайлап,

шапақтап ақ сандарын балақайлар,

 

ілессе,

қиқу салып, қырдан асып,

Сарысудың,

Таластың гүл даласын,

 

айналып, бала шаққа алып қашып,

шалқысып бізбен бірге,

шалықтасып,

 

соқса ғой Қаратаудың қара желі,

құмарым басылмаған қанар еді!

 

...Георге Замфир найы боздағаны-ай,

жадымда өткен күндер қоздағаны-ай,

 

алып кеп көз алдыма боз даланы,

мені өкіртіп жылата жаздағаны!

 

 

***

 

 

Тыныш...

байқа...

ақырын...

Үш жүз сексен төрт мың төрт жүз тоқсан тоғыз... шақырым –

айдан төмен,

жерден биік – он бір метр шамасы,

 

кітаптарым ұйықтап жатыр, қарашы...

 

Қарашы,

олар құшақтап ап бір бірін,

сіңіріп ап бойларына гүлдің хошын,

күн нұрын,

жаңбыр иісін,

дәуір сертін,

жол әнін,

 

әр заманның адамының жанарын,

дауыстарын,

мінездерін,

ойларын,

 

сұлуларды алдындағы айнаның,

ақбоз аттың үстіндегі серіні,

 

тұлғалардың,

әулиелердің өмірін,

 

бәрін-бәрін,

дәуірлер мен уақыттарды,

қайғыларды,

бақыттарды,

 

халықтарды құшақтап,

ұйықтап жатыр – ұйықтап жатқан сәбилерге ұқсап қап...

 

барлығында – саусағымның таңбасы,

қалам ізі,

көздің нұры,

алмасып –

жатқан менің жылдарым,

 

менің кітапханам – менің жұмбағым!

 

Мен Таразға келе салып қолға алғанда біреуін,

көрсең, шіркін, кітаптардың дүрс-дүрс соғып жүрегі,

 

жанарлары жарқ-жұрқ етіп,

шаттанып,

алақайлап, шуылдасып, мәз-мейрам боп жатқанын!

 

Тізіліп ап қаз-қатар,

олар ұлы мерекенің бір алауын маздатар!

 

Осы бір шақ – мен үшін де сәт игі:

 

отырып ап,

олар мені,

мен оларды оқимын!

 

 

 

 

 

 

 

 

***

 

Таласио,

Таласио,

Тараз қыз!

 

- Сәлеметсіз бе?!

 

бір таныс дауыс – жүрекке,

ойға,

құлаққа,

бір таныс дауыс – қап кеткен, бірақ, жырақта,

 

жалт қарап едім – жанары оттай басылды,

жадымда бұрын жабылған кітап ашылды:

 

о, құдай, сол қыз!

 

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,

малшынып тұрды –

 

сәулеге,

сап қойды мені,

сап қойды мені әуреге,

 

бозбала күнде, бұлқынған жүрек,

ұмтылған жүрек

бақтарға,

 

армандар асқақ, адамдар ізгі шақтарда,

 

жыр оқып талай, кешкенбіз бірге ұлы аңыз:

сол қыз ғой,

сол қыз,

сол қыз ғой,

сол қыз – бұла қыз!

 

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,

аршылып тұрды

аңыздан,

 

сонау бақтарда біздерден қалған сан із бар!

 

Жылдар өткенде,

жылдам өткенде зуылдап,

Адам мен Хауа секілді бақтан қуылған,

 

біздер де бөлек кеткенбіз – өткен көктем, күз...

 

жанында енді – жары бар екен,

таныған екен,

сонда да...

 

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,

қомсынып тұрды

күйеуін,

 

күйеуі оны,

күйеуі оны,

көрініп тұрды – сүйеді,

 

момақан жігіт қоңырқай жүзді,

таңырқай бізге қарайды,

 

көзқарасы оның – маған да жылы,

жарына бірақ – арайлы,

 

- Сәлеметсің бе?! – дедім де, жылдам сырт беріп, кеттім бұрылып...

 

...Қыздарды кейде танымай қалу да – ұлылық!

 

Таласио,

Таласио,

Тараз қыз!

 

 

***

 

 

Мынау өлке,

мына байтақ,

қарашы –

 

Басы шабылған балбалдар даласы:

 

Құлаған қамалдар өлкесі,

Қираған қалалар өлкесі,

 

Көшкен жұрттардың орыны,

Өлген жылдардың қорымы,

 

Жеті өзеннің жетпіс тарау сағасы,

Басы шабылған балбалдар даласы,

 

Балбал тастар –

күзетшісі даланың,

ұлы түзге үнсіз қадап жанарын,

 

жад жоғалып,

болғанда да ес ұмыт,

бастарынан бар дәуірді кешіріп,

 

міз бақпастан, мызғымастан тұрады ол,

бесігі оның – құба жондар, құла бел,

 

Тегін бе екен,

Қаған ба,

әлде,

Тархан ба,

Бес өрілген өмірі оның тарқарда,

 

Қалың жұрты қабырғасы сөгіліп,

Қаршадай ұл қанын жұтып егіліп,

 

Бұл балбалды тікті ме екен алып кеп,

«Алды мен артың жарық» деп?!.

 

Баһадүрге майданда өлген тік тұрып,

Көк аспанға көзін қадап тұп-тұнық,

 

Тікті ме екен бұл балбалды «арысым» деп,

Даңқың сенің ұрпақтарға барсын деп?!

 

Соның сырын айтар ма екен, қарашы,

Басы шабылған балбалдар даласы...

 

Тауарихқа қарсы шапты қылыш кім?!

 

Қарсы шапты жадына бұл ұлыстың,

 

Өлгенді екі кім өлтірді, қарашы,

Басы шабылған балбалдар даласы?!.

 

Сені қандай қаусырды екен қасірет,

 

 

 

Суреттер ғаламтордан алынды

https://www.youtube.com/embed/s74QYXbRIg8


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар