Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ертай Ашықбаев: Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен...

24.04.2017 8014

Ертай Ашықбаев: Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен

Ертай Ашықбаев: Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен - adebiportal.kz

КӨКТЕМ. ҚҰСТАР

Бұл қыста да озық жұртқа теңелмей,

Мемлекет абыройын төксек те,

Күн жылынды —

Сенбеймін бе, сенем бе, ей?

Табан тиді көк шөпке.

Жердің үсті, обалы не, құлпырды,

Жылытайын тоңып қалған күлкімді.

...«Кешіріңіз, біз осында тудық» деп,

Келіп жатыр кеткен құстар былтырғы.

Рұқсат та сұрамай,

Қонып жатыр — бұ қалай?

Тағы қашып кетер ме екен бұл құстар

Желтоқсанда алағай да бұлағай?

Тағы да сол ақ қар, көк мұз тайғақта,

Бұларсыз-ақ мінеміз бе қайратқа?

...Көктем жайлы өлең жазу қызық-ақ,

Шіркін, біздің аймақта.

Қонды құстар... жек көрдік пе оны біз?

Ұя бұзып кірленген жоқ қолымыз.

Сендер емес келгендердің алды-арты,

Үйренгенбіз.

...Құстар, уа, қоныңыз!

ЖАРЫССӨЗ

Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,

Төрағасы емеспін.

Олай-былай барған кезде, әрине,

Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.

Жазу, сызу — маған қонған бақ, талап,

Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».

Әттең, әкем халық жауы болмапты,

Жазар едім бір поэма... ақтап ап...

Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.

Ғашық болдым — тарттым сонда аздап мұң.

Диссиденттік маған қайдан бұйырсын —

Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.

Жаза қояр дерек таппай мүлде мен

Қиналамын. Жиналыста үндемен.

Алматыдан кетіп қалғам ертерек —

Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.

Брежнев, асыл задам, құрметтім,

Сізді... және Қонаевты үлгі еттім.

Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,

Мен — күріштің қасындағы күрмекпін.

Жиналыста көбеңсиді көңілім,

Маған назар аудармайды көп інім.

...Жарыссөзде айта салар ерлігі

Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.

САНТЕХНИК АЛПАМЫС

(Мадақ жыры)

Уа,

сантехник Алпамыс,

алдыңа кеп құлдық ұрды алты арыс!

Қыста тоңбау,

жазда мөлдір су ішу —

бұл-дағы бір алқалы іс.

Ана жағың —

көне бетон,

көк асфальт,

Мына жағың — құбырдағы қарт ағыс.

Сен шыққанда үйіңнен —

әлденеге мұңданады әр таныс.

Білгің келсе,

сен деген —

төбемізде ұшып жүрген қалқа құс!

Уа,

аймаққа сыйлы ізгім,

темірге қалпақ кигіздің,

тасқа алау тигіздің.

Бір төбенің толқынын

бір төбеге құйғыздың.

Жем-Сағыз бен Ойылды,

Қарғалы мен Електі

бір құбырға сыйғыздың.

Сен шыққанда көшеге,

тікесінен тік тұрады —

Үй біздің!

Басыңнан бақ кетпегей,

жауың жүрсін —

беттемей,

бізге де төк мейіріміңді шектемей.

Уа, Алпамыс,

бұл сенсіз

мына Ақтөбе шаһарыңыз не етпек, ей?!

Уа, тоқтайын!

Бұл сөзім

астана жұрт әкімдері құлағына жетпегей!

Алысатын ерімді —

күндіз демей,

түн демей,

Қарысатын ерімді —

жауап бермей,

үндемей,

дәрі беріп ұйықтатып,

солар бір күн алып кетіп жүрмегей!..

АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ

Курстастарға

Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,

Көп сортақты біледі кешкенімді ел,

Біледі кейде жел боп ескенімді ел,

Енді сәл дес беріңдер.

...Алматыны... сол жылы... бұл менен де...

Алып қалып едіңдер... не істедіңдер?..

Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,

Біздей балқып жүреді кешке кімдер?

...Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің

Көкейлерін неліктен теспедіңдер?

...Альбомда қандай сурет сақталыпты,

Түседі оңашада еске кімдер?

Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,

Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы...

Көп еді аңқау аға, қызық іні,

Әрине, көркем еді... Қызы... Гүлі...

Алматының сол сәнін тартып алған —

Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.

Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,

Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!

Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,

Бұлақ бастан осылай бұлғанады,

Осылайша дүлділ күн ұрланады.

Біз көрмеген біреулер тепсінеді,

Біз көрмеген біреулер бұлданады.

...Біздер кезген бақтарға кім барады?

Алматының мөп-мөлдір жылғалары

Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?

Құм астында көміліп жатыр ма екен

Біздің шашпа қыздардың сырғалары?

...Сол кеткенде... сол жылы... бұл менен де...

Алып қалып едіңдер бұл қаланы...

Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,

Мен сендерді аса көп іздемеймін.

Бір бөрікке сыймайтын бір басымда

Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің,

...Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.

Мынау Күләй ханымның мойнындағы

Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.

...Сондағы... алып қалған Алматыңыз...

Қайырлы бола берсін Сізге деймін.

БАРЫС-КЕЛІС

Желе жортып үстімен әз даламның,

Алматыға...

ай, былтыр...

жазда бардым,

Көңілімді шарпыды аздаған мұң.

Мына тұс —

мені талай өкпелеткен,

Ана тұста —

о, талай маздағанмын.

Бозбала күн —

секілді қайырмасы

ортақол композитор жазған әннің.

Мен —

өтемсіз өкілі мәз ғаламның.

Бишілері сүрмесін тауысыпты

Оркестрі ерекше назды алаңның,

О, қалайша жоғалта жаздағанмын!

Қанатына ілесіп құс-хабардың,

Алматыға...

ай, биыл...

қыста бардым,

Орындадым әр шартын нұсқамамның.

Тістегеннің аузында кеткенім жоқ,

Кеткенім жоқ қолында ұстағанның,

Жүрегімді аязбен тыстап алдым.

Көшелерде жүргенін көзім көрді

Талай-талай менен де күшті адамның.

Қонбаппын көптен бері Алатауға

О, неге сонша заман ұшпағанмын?!

Сонша заман көрмеппін мына бақты,

Мынау жылға қанша күн жылап ақты,

мені көріп мөлтеңдеп тұна қапты.

Құстар анау,

а, тағдыр,

бұларға да

менен өзге ешкім де ұнамапты.

Мына терек,

күтіп тұр,

құламапты.

Мен,

әрине,

ешкімді жылатпаймын,

Мен жасырдым баяғы мұрағатты,

Сөз сөйлеймін ақылды,

ұлағатты.

Бұл қаланы дәл мендей сүймейді ешкім,

Маған ешкім бермейді бұл алапты.

Алматыны болмайды ғайбаттауға,

Ол сыяды түп-түгел,

ай, мақтауға,

Хұқың жоқ жұбатпауға,

жайнатпауға.

Бізден қалған...

бір кезгі...

көп сауықтар,

әне,

кіріп барады сайрап бауға.

Қарт көшелер,

о, мейлі, сәл жасарсын,

Арыз айтып қайтеміз Айбат-Тауға,

Мен өзім де сәл қалдым тайғақтауға.

Мен —

сондай бір досымын Алматының,

О, мені де болмайды ғайбаттауға!

БІР ӘҢГІМЕ

Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Ойыл — мынау,

Қиыл — анау,

содан соң...

Алматыны көргім келді,

көрдім мен.

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,

Бөлісуге жарамады құрбыммен.

Бақша — шағын,

көше — шолақ,

әрине,

Алматыда жүргім келді,

жүрдім мен.

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,

Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.

Күндер болды көкірекке леп кірген,

Түндер болды аздап азап шектірген,

Шуақ анау,

көз жасымды кептірген.

Мен —

Ақтөбе өлкесінің өзені,

Алматыдан кеткім келді,

кеттім мен.

Алматыңыз сол еді,

Енді, міне, ертіп келіп көнені,

Аспан неге мазалайды,

о, мені,

Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,

Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?

Бір сынық мұң түрткілейді,

төнеді,

Мен білмеймін,

не сұрайды ол менен?

...Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,

Алматыға бармағаным жөн еді..

БӨЛМЕЛЕСТЕР

Есік ашық шыққанға, кіргенге де,

Бес азамат тұрамыз бір бөлмеде.

Қиялымыз сияқты бесеуміздің

Бес құрлықты айналып жүрген кеме..

Студент кезгі өлеңнен

Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бөлмелес!

Өткен дәурен өздерің ғой, өңге емес.

...Поезд жүрді. Іш өртенді. Сөнді елес.

Қалды Алматы төсек қабын тартқылап,

Бөлме қалды енді біздер төрлемес.

Мұңайды ма көрікті таң, көрме-кеш,

Біздің көңіл енді неге шөлдемес?!

Еш жан енді дәурен кешіп біз болып,

Алматыны ешкім біз боп өңдемес,

Аяқталды заңды сапар, зор кеңес,

...Сол — біз едік, өңге емес. О, бөлмелес!

...Бізді басқа таң оятты... Күн батты...

Одан соң да... О, зырлапты, зырлапты...

Беу, қайда жүр күндеріміз қымбатты?!

...Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, біздерді

Мынау өмір әркімдерге ұрлатты.

...Көптен бері кешпедік қой гүл-бақты,

Неге біздің тірлігіміз тым нақты,

Анау қыздар қолын неге бұлғапты?..

Бөлмемізге кірейікші... баяғы...

Іздейікші сол баяғы... жұмбақты...

Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бұл — бізбіз,

Қарсы алмай тұр неге сол бір құндыз қыз?..

Титықтапты түнгі сейіл, күндізгі із,

Ояныңдар, басқа емеспіз, бұл — бізбіз!

Орал, Көктем! Құшағыңа кіргіз, Күз!

Үндемейсіз. Оу, кешегі жырмыз біз.

...Ай, біз, сірә, қайта ашылмас есікпіз,

Ай, біз енді жана алмайтын Жұлдызбыз.

Біз — құрлыққа шыға алмайтын Кемеміз,

Бір, екі, үш, төрт... және... шексіз Мұңбыз біз.

ТАҒЫ БІР ХАТ

Ежелгі тәртібімді бұзбайын да,

Өлең жаздым,

Алматы,

Сіз жайында.

Сәлем айт терек-ұлға,

қыз-қайыңға!

Әр көшеңіз —

әуен ғой әлеуметтік,

Сіз Бас шумақ болғанда,

біз — Қайырма.

Маған ұқсап тұратын шуағыңды

тонайын ба,

тағы да сыздайын ба?

Бұлттарымды берейін,

Күз дайын ба?

Уайымда мені,

хат жазған осылайша,

Анау тілсіз Алатау-Құзды уайымда!..

Уа,

міне, сіркірей бастады аспан!

...Жоқ.

Жазайын басқа хат.

Басқа дастан.

Бұл дастан —

біз кестеден тастамас пән.

Ұмытып қалсаңыздар,

қайталайын:

Мен есік ем,

әлгі қыз жасқана ашқан,

һәм өлең ем,

кәдімгі тасқа басқан.

Беу,

нұрлы кеш,

есіңе түсір мені,

Менен,

уа, аулаққа қашпа,

Жас Таң!

Боз бүркіт ем,

жүлде алған Бас Таластан.

...Қайда сол адал айдын,

аспалы бақ?

Мына тамшы иесі —

басқа бұлақ,

Басқа толқын —

мына жұрт Астана асқан.

Мен сендерді көп болды жыр қылғалы,

Әкімі жақсы қала тұрғындары,

Қиялым,

о, қаншама түнді ұрлады.

Бақшаңда торғын гүлдер толықси ма,

Ақшамда қанша күлкі сыңғырлады,

Көшеде дөңгелей ме нұрдың дәні?

Әлі келіп жатыр ма басқа жақтан,

Басқа жұрттың бейкүнә бұлғындары?

Уа,

мен де бір адал қорықшы едім,

Бұлғын еді,

о, менің құрбым дағы.

Ай, дүние-ай,

сайрай ма бұрынғыша

Қаланың қамкөңілдеу бұлбұлдары,

Қайталай ма баяғы бір мұңды әлі?

...Қанша заман өтті,

о, одан бері,

Баяғыша сүймейді тоған мені,

Біздің көл одан бері мың құрғады,

Бұлғындар мен бұлбұлдар бұлдырлады.

...Арғы жағын айтпаймын.

Сау болыңыз,

беу,

Алматы қаласы тұрғындары!

ҚОНАҚТЫҢ СӨЗІ

Иманғали Тасмағамбетовке

Бұл заманда қағаз, қалам тегін, беу,

Маған қалған бар шаруа —

ерінбеу,

яки мына уақытқа желінбеу.

Өлең жазу түк емес қой,

бұл деген —

Алматыны басқарудан жеңілдеу.

Зерделеші өлеңімнің формасын,

уа,

аздап артық туған жолдасым!

Мен —

оп-оңай ерімейтін қорғасын.

Мына тұста,

торғай болып шыр еттім,

бағзы таныс бұтақтарға қонғасын,

ана тұста,

дірілдедім тоңғасын.

Менсінбедім жұпары жоқ гүлдерді,

Қыздарға сәл өкпеледім,

ол да шын.

Ай,

қай жұрттың қабағына қарайын,

Алматыны басқармайтын болғасын.

Жұлдыздарды жатыр неге тонап түн?

Бұлттар жүдеу...

Көргендерім мол-ақ тым,

Ақтөбеден келіп қалған қонақпын.

Мынау — КазГУ мен оқыған,

оған шаң,

о, жолатқым келмейді ғой,

жолатқым...

Жел соққанда құрақ болып желпіндім,

Бұлақ болып көшелерде көп ақтым.

Енді, міне, жарысқұмар тай емес,

Шағын арба сүйреп жүрген тоқ атпын.

Бұл қаланы иегерлік шамам жоқ,

игере алман,

ұғыңыздар,

қонақпын.

Алматыны жөндеп бер деп зорлама,

Алматыны өңдеп бер деп зорлама,

Мен емеспін —

ел басқарғаш зор дана.

Көп шаруа, о, иесіз қалмай ма,

Мен жыр жазып отырғанда толғана,

Тәуір өлең жаза алсам ғой онда да...

Бұл қаланы менен де көп сүйетін —

Иманғали әкіміңіз,

сол ғана.

Біздің үлес —

сөз алу ғой қомдана,

Бұл Алматы —

сирек мөрлі жолдама.

Ай, інішек,

адал ұста бөлмеңді,

Тура жолдан адаспаңыз,

молда аға!

Қою бұлттар,

Алатауды торлама,

Суық желдер,

соқпа, уа, долдана!

Мен,

әрине,

ұшқан құспын алысқа,

Менің төрім —

өсімдігі мол дала.

Мол аспанды меншіктеген шорамын,

Жұлдыздармен жолдаспын

һәм жорамын.

Сонда да, уа, Алматыға қонамын,

Алматыға тілектеспін сонда да...

31 қаңтар 2008 жыл.

АСТАНА. ЖЕЛТОҚСАН. «ДИПЛОМАТ» ҚОНАҚҮЙІ

Уақытша келгенмін, қонғанмын,

Ертең кетемін. Дайынмын.

Ақтөбеде де мен тоңғанмын,

Мен аязды танитын қайыңмын.

Иемін төсекке уақытша жайылған,

Өзгеріс енген жоқ кестеме.

Қыста жапырақ сұрай ма қайыңнан?..

Менен де сұрама ештеңе.

Мен деген уақытша тұрғынмын,

(Көңілім, беу, демал, аптықпа!)

Жоқ мұнда күлкісі баяғы құрбымның,

Әрине, жоқ бағзы шаттық та.

Ақ шамдал. Боз кілем. Сұр тұтқа.

Қабағын ашпайды кеш мүлде.

(Жас Бекжан, ешкімді пір тұтпа,

Қызықпа ешкімге!)

Мінеки, қайтуға бекінді

Қаншама уақытша келгендер.

Барлығы бақытты секілді,

...Сенбеңдер!

ЕСКІ ЕЛЕС

Мен деген —

үнсіз ғаламмын,

Қоштасқам дүрмектеріммен.

О, не деп тұрсыз маған, Мұң,

Не істеуге міндетті едім мен?

Тоқтадым ескі өлеңіме,

Білмеймін,

қанша аялдаймын?!

Сүймеймін ештеңені де,

Әрнені аңсай алмаймын.

Мен деген —

көктем емеспін,

Сөйлейтін асқақ үнменен.

Мен —

зулап өткен елеспін,

Елеспін басқа мүлде мен.

Жүрмеймін күліп құрбыммен,

Мен —

егде құрметті елеспін.

Күюді ұмыттым мүлдем,

Сүюге міндетті емеспін.

Жоғалды сәруар елес,

Күз келді.

Келеді мұз-қар.

Ол менің шаруам емес,

О, менде нелеріңіз бар?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар