Фараби феномені және жасанды интеллект

Тағы бір өте өзекті, өте заманауи мәселені замана алдымызға мол сыбаға етіп тартып отыр. Ол «Фараби феномені және жасанды интеллект» деген тақырып. Ғұлама бабаның артында қалған мол мұраларының арасында интеллект мен ақыл-ой тереңдігі, оның қатпар-қыртыстары жайында ой толғаған көптеген трактаттары өз алдына бір төбе.

58

Фараби феномені және жасанды интеллект - adebiportal.kz

 (Фарабитануға қайта оралу) 

   Бірінші мақала

Ортағасырлық ғылым-білім әлемінің ғұламасы! Философияның  «профессоры»! Ақыл-ойдың «академигі»! 

Ол кім? Әркім әртүрлі жазады. Әркім өзінше бағалайды. Кейбіреулер оның көп еңбектерін өзіне дейінгі ойшыл-философтардың айтып кеткендерін қайталаған,  солардың ізімен жазылған дүниелер ғой деп, осындай біржақты пікір арқылы деңгей-дәрежесін біршама төмендетпекші болады. Ал, екінші бір топ бұған қарсы уәж айтады, ғылым атты мұхитта қайталанбас өз соқпағы бар айтулы тұлға екендігін нақты мысалдармен  дәлелдеп жазады. Соңғы ондаған жылдар бедерінде атағы әлемді шарлап кеткен энциклопедист-ғалым һәм қайталанбас ғұлама ғұмырнамасымен азды-көпті айналысқан бұл пақырыңыз жоғарыдағы пайымдауды ойдан алып жазып отырған жоқ. Пікір иелері жайында осы еңбектің негізгі бөліктерінде кеңінен талданып жазылатын болғандықтан, кіріспе сөзде мейлінше қысқа қайырып отырған жайымыз бар. Қысқартып айтқанда мынадай: адамзаттық ақыл-ойдың дамуы мен жетілуі, қарыштап өсуі һәм жүйелі қалыпқа түсуі, қалай десек те, бірінсіз бірі болмайтыны, бір-бірімен сабақтасып жататыны, ал алға жылжу дегеніміздің өзі ойдан ой туындату мен ойға ой жалғай білу парасаты екенін ұмытып жататын сияқтымыз ба, қалай? 

Алдымен таныстыру толғамына құлақ қойыңыз.

Әңгімемізді ғалам танып-білген ғұлама бабамыздың ныспысынан бастайық. Әлемге әл-Фараби деп атағы жайылған ойшылдың аты-жөні дүниежүзілік  деңгейдегі тарихшы-ғалымдар мен философтар еңбектерінде һәм әртүрлі жазбаларда ресми түрде қалай жазылып келді, міне, осы жайында аз-кем нақтылай кетелік. Әл-Фарабидің тегі толық түрде қалай жазылған? Ғаламдық  ғалымдар жазбалары бұл тұрғыда не дейді? Бұны нақтылау мен анықтаудағы мақсат – осы арқылы оның қай елде туғаны және қай халыққа қатыстылығы деген шетін мәселелерге  толығырақ түсінік бере кету ғана емес, сонымен бірге басқа да кейбір даулы (осы күнге дейін жалғасып келе жатқан) дабыраға  төтелеп жауап беруге деген талпыныс. 

Бірден айту керек және мұны мойындауға тиіспіз - Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби ғұлама жайындағы сан-салалы һәм әртүрлі деректер негізінен алғанда, араб ғалымдарының жазбаларында молынан кездеседі, бұл әрине, заңдылық. Өйткені, ойшыл ғұламаның өмірінің басым бөлігі араб елдері топырағында өтті, сол аймақта ең маңызды һәм ең сүйекті трактаттарын жазды. Ендеше, біз ең алдымен әл-Фараби жайындағы ең құнды дереккөздерді көне араб жазбаларынан «шырақ алып» іздегеніміз орынды. Бізге дейінгі көптеген ғалымдар, тарихшылар мен философтардың жазбаларына назар аударсақ, осы ойымызды нақтылай түсуге жол ашылады. Сонымен, бұған дейінгі жарық көрген тарихи еңбектерде әл-Фарабидің аты-жөні мен тегі қалай көрсетілген? Араб елінің тарихшысы Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи (1105-1169) жазады: «...Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан Түркістандағы Фарабтан шыққан ғалым...» («Даналық қазынасының жалғасы»).

Араб ғылымының жылнамашысы Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-Кифти (1167-1248) өз еңбектерінде былай депті: « Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби». («Ғалымдар мен даналар жайлы кітап»).

Дәрігерлердің өмірбаяндық сөздігін түзген Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) былай деп көрсеткен: «Әбу Насыр Мұхамед бин Мұхамед Узлаг (Ұзлақ, Ұзақ па?) бин Тархан». («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі»).

Арабтың өмірбаяндық еңбектер тарихшысы Ахмед ибн Халликан (1211-1282): «Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан бин Аузалаг» (Ұзлағ яки Ұзақ болуы мүмкін). («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар»).

Әл-Фарабидің өз атынан жария болған «Музыка туралы үлкен кітабында» ойшыл ғалымның аты-жөні былай көрсеткен: «Әбу Насыр Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан бин Узлаг әл-Фараби». 

Ғұлама ойшылдың өмірі мен трактаттары туралы монографиялық еңбек жазған, замандас ғалым Фарук Саъд былай деп көрсетеді: «Әбу Насыр Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан бин Узлаг әл-Фараби ат-түрки». 

Жоғарыда аталған дерек көздері қазақ ғалымдары мен оқымыстылары Ақыжан Машани, Ағын Қасымжанов, Ауданбек Көбесов, М.Бурабаев, Құбығұл  Жарықбаев, Рахманқұл Бердібаев, Әбдімәлік  Нысанбаев, Әбсаттар Дербісәлі, т.б. бірқатар еңбектерінде нақтылап жазылып, таңбалап көрсетіліпті. Біразымен танысып, салыстыра қарастырып, ой түйген жайымыз бар екенін айта кетелік. 

Бұлардан да басқа көптеген тарихи жазба деректерде әл-Фараби бабаның туған жері – Фараб (Отырар)  шаһары  екені, ал тегі түркілік деп нақтыланғанын анық байқаймыз. Тіпті, кейінгі бір жылдары осы топырақта туған жас ғалымдар мен тарихшылар бабаның дәл қай жерде жарық дүние есігін ашқанын нақтылап жазып та жатыр. Мысалы, осы өңірдің тумасы, замандас тарихшы Бекжан Бейсенбай  «...Отырар өлкесіндегі Оқсыз шаһарында дүниеге келген, әкесі Мұхамед әскери қолбасшы болған, оған азан шақырып Мұхамед деп ат қойғанын»  да  шегелеп жазады. (ЕҚ, 5.05. 2020).  Осы ойын жалғастыра келе «...бабамыз Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болған, бір ұлының аты - Насыр болғанын білеміз, содан бастап Әбу Насыр атанады...» деп көрсетеді.  Яғни, Әбу Насыр деген «Насырдың әкесі» дегенді білдірсе керек. Қисыны бар сияқты. Ал, енді осылай бола тұрса да, бабамызға таласушы, өздеріне қарай  бұра тартушы елдер де  аз емес. Мысалы, ерте заманнан түркілермен тіршілігі де, тұрмысы да қым-қиғаш араласқан ирандықтар Әбу Насыр Мұхамедті бізден алшақтап, өздеріне жақындатады. Олардың негізгі дәйек етер мәліметі – Әбу Насыр Мұхамед Орта Азияны «саманидтер билеген кезде өмір сүрген, ал саманидтер парсылар» дейді. Бұл мәлімет көзінің бабамызды бізден алыстатуға, ирандықтардың иеленіп кетуіне ешқандай негіз бола алмайтынын фарабитанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі ағамыз өзінің бірқатар еңбектерінде тоқтала айтты, әсіресе «Дәуір данышпаны» (ЕҚ, 22.04.2019) деген мақаласында дәлелдеп жазып көрсетті. Осы мақалада Ахмед ибн Халликанның «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап» (қысқаша атауы) деген еңбегі сөз болады, сол еңбекте мынадай жолдар кездеседі: «..әл-Фараби түркі еді, өз елінде дүниеге келді, сонда өсті, оның туып-өскен шаһары хақында Алла мұрсат берсе, мақала соңында айтамыз» деп келеді де, аяғына қарай былайша  баяндайды. «...Ол (Фараби) өзінің қолжазбасында «Тархан» деген сөздің «Турхан» деп емес,  «Тархан» деп оқылатынын айтады. Бұл - түркі есімдері. Ал, әл-Фараби ныспысы Фараб шаһарына байланысты алынған, қазір Атрар (Отырар) деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында, Баласағұнға таяу жерде...».  Ал, тағы бір араб тарихшысы Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи жазбаларында мынадай сөздер бар: «...Мұхамед бин Мұхамед бин Тархан Түркістандағы Фарабтан шыққан ғалым. Ол екінші ұстаз деген лақап иесі. Ислам ғұламалары арасында оған дейін одан ылайықтырақ ешкім болған жоқ...» 

Бұнымен қабат, АҚШ-тың, Германияның, т.б. еуропа елдерінің көпшілігінде сақталған қолжазбаларда «әл-Фараби» (Фараб қаласынан шыққан) деп анықтап  жазады. Ал, Түркия ғалымдары ерекше тоқтала  көрсетіп, «түркілік» дегенді бадырайта алдымызға тосады. Мысалы, түріктің Ismet Binark және Nijat  Sefergioglu деген ғалымдары «...әл-Фараби ат-түрки» деп көрсетеді. Түркияда басылған Ислам энциклопедиясында да «...әл-Фараби ат-түрки» деп барынша анықтап көрсетіліп отыр. 

Саманиттер жайына қайта оралып, осы жерде әңгіменің басын аша кету орынды болар. Рас, Фараби өмір сүрген заманмен тұспа-тұс саманиттер Орта Азия жерін билеген кезде, Бұхараның әмірі Мансұр ибн Нұх Самани есімді айтулы тұлға жайында жазылып қалған. (Бірақ бұл кезең тұсында Фараби бабамыз Бағдад  шаһарында еді, ал саманиттер билігі аса көп уақытқа созылған жоқ). Тағы бір деректерде, сол  билеуші Нұх Самани араб, парсылармен қатар түркілер арасынан шыққан білімпаздар мен оқымыстыларға ерекше көңіл аударып, еңбектеріне тиісінше бағасын беріп, тіпті тиісінше көтермелеп  отырған екен. Оның бір дәлелі – сол уақытта атағы дүркіреп тұрған әл-Фараби бабамызды парасаты биік, білімі зор, шын ғалым деп бағалап, оны құрметтеуі. Мысалы,  Нұх Самани Әбу Насыр әл-Фарабиге арнайы хабар жіберіп, (кей деректерде осылай көрсетіледі), елге арнайы шақырып, «Әт -тағлим әс-Сани» (екінші тәлім) деген еңбек жазып беруін өтінген. Бұл еңбек – орта ғасыр көлеміндегі түркі жұртынан шыққан ойшылдар мен ғұламалар мұраларына талдау жасау, әдеп пен дәстүр байланысы мен ерте ғасырлардан үзілмей, жалғасып келе жатқан мәдениет жайынан баяндайтын еді. Еңбектің түпнұсқасы қолға түспесе де, оның терең де ауқымды мазмұны мен мағынасы жайында бірқатар жазба деректерде айтылған. Азды-көпті сөз болған. Демек, мұндай еңбектің жазылуына құштарлық танытуы – Нұх Самани үшін түркі жұртының тарихы, ғылымы, танымы һәм айтулы тұлғалары жайлы кеңірек білуге деген ұмтылысы болса керек. Әсіресе, адам өміріндегі  діннің орны мен оның маңыздылығына  байланысты терең ойлары сол замандағы ойшылдарды таңқалдырғаны тағы бар. Тарихи бірқатар жазбаларда Әбу Насыр Мұхамед осы еңбегіне орай «екінші ұстаз» атанды  делінеді. Екінші ұстаз ұғымы да осы күнге дейін әртүрлі мағынамен тарқатылады. Айталық, бірқатар ғалым-тарихшылар әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз»  десе, тағы бір  топ ғалым (мысалы, профессор Ғарифолла Есім) «ол  мұсылман болғандықтан да Мұхамедтен кейінгі екінші ұстаз саналды» деп жазды. Ал, үшінші бір топ ғалымдар «...екінші ұстаз атауын дәреже жағынан емес, тарихтағы кезеңі жағынан екіншілік деп түсінуді» (Мұртаза Бұлұтай) ұсынады. Қалай болғанда да, Фараби бабамыз тарихта «екінші ұстаз» деген атпен қалып қойды. Ондай атақты мына біз емес, әлем оқымыстыларының өздері таңбалап бергенін мойындау ғана қалып отыр ендігі жерде.

Қысқасы, жоғарыдағы еңбектерге сүйеніп, данагөй ғұламаның еш даусыз қазіргі Сырдария бойында орналасқан Отырар (Фараб) шаһарында туған, тегі түркілік кісі екенін атап айтуға толық негіз бар. Бұны енді әрі қарай талас тақырыбына айналдырып, дау-дамайға ұластыра беру еш қисынсыз деп ойлаймыз. Ал, туған және қайтыс болған жылдары жайында айтар болсақ, ол да  әлдеқашан  бір жүйеге түскені анық. Әл-Фараби 870 жылы туып, 950 жылы көз жұмған. Филолог-ғалым Әбсаттар  Дербісәлі «...оның тегін - әл-Фараби ат-түрки, ал туған жылын - 870 жыл деп көрсеткен жөн...» деп  нақтылап айтып, ерекшелеп  жазып қалдырды. (ЕҚ, 22.04.2019). 

Бірақ, қазіргі заман көзімен қарап, Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабиді бұдан былай «қазақ» деп нақтылап жазайық деп  ұмтылушылардың ойы да, ниеті де дұрыс болғанымен, тарихи тұрғыда сәл қиыстау, тіпті жоқ жерден дау-дамайға бастайтын соқпақ салып алмас па екенбіз деген ой келеді. Бұл сұраққа бір кездері Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры болған, атақты тарихшы ғалым Бабоджан  Ғафуров  орынды жауап беріп қойған сыңайлы. Ол әл-Фарабиді қазақ деп, өзбек деп, тәжік деп, тағы басқа деп  бөлудің дұрыс еместігін айта келіп, сөз аяғында «...фактілер негізіне  сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан (!) шыққан дей аламыз» деп көрсетіпті. («Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары», Фарабидің «Әлеуметтік-этикалық трактаттар» кітабына алғысөз, 1995).  Біздің бұған қосарымыз: егер ғұламаның туған жері Отырар (Фараб ) екені ақиқат деп танысақ, тап осы өңірде негізінен түркі тегінен тарқатылатын қазақ тайпалары (тіпті қазіргі кезде  қазақ атауы тоғызыншы - оныншы ғасырларда-ақ пайда болғаны дәлелденуде) орнығып, өмір сүргендігі де шындықтан алыс еместігі. Ендеше, Фараби бабамыз да сол қазақ тайпаларының бірінен тарайтын қандасымыз һәм аталасымыз екеніне  толығымен сену ғана қалады. 

                                                            ***                                      

Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан әл-Фараби ат-түрки (870-950) – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұртына тұтқа болған ғұлама ғалым, терең ойшыл. Анығында, ол түркі халқының ертеден (Сақ-Ғұн дәуірінен) жалғасып келе жатқан ақыл-ойы мен парасат биігін мұсылман әлеміне, тіпті ғалам білімпаздарына паш еткен теңдессіз тұлға. Осы жерде білімпаз баба жайындағы кейбір деректерге, әсіресе ілім-білім жолындағы қадамдарына  соқпай өтуге болмайды. 

Бірқатар тарихи деректерде Отырардағы әртүрлі шағын медреселерде (олардың саны кей жазбаларда бірнешеу болған деп көрсетіледі) білімін шыңдаған  көптеген оқымыстылар мен ғұламалар ары қарай білген үстіне біле түсу мақсатымен Бағдад шаһарының дінмен қатар білім-ғылымның ордасына айналған кезеңінде (шамамен 9-12 ғ.ғ.) сол аймаққа сапарлап, сондағы абыройы тасқан халифтің жанына жақындап, тіпті уәзірлік қызмет  атқарғаны һәм ұстаздық еңбегін жалғастырғаны айтылады. Сондай Отырардан барған алғыр оқымыстылар арқылы Әбу Насыр Мұхамедтің де даңқы - білімдарлығы мен парасаттылығы Бағдадқа жетіп жатса керек. Бір дерек  көздерінде  сол уақыттағы Бағдадтың атақты халифі  Жафар әл-Мұхтадир әл-Фарабиді көрмек болып, арнайы шақыртыпты делінеді. Бұл қисынды ойды  қазақтың көрнекті ғалым-азаматы, академик Жабайхан Әбділдин және өзбектің профессор-ғалымы Мұзафар Хайруллаевтар қолдайды. «...Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз, кейбір деректерде ол Бағдадқа халиф Жафар әл-Мұхтадирдің тұсында (908-932 жылдар аралығы -Ж.Ә.) келгені туралы айтылады» деп жазады Мұзафар Хайруллаев. Осы деректерге сүйенер болсақ, әл-Фарабидің Бағдадқа келуі шамамен 910-920 жылдар аралығына сәйкес келіп қалатындай. Ал, сол уақыттағы Бағдад халифы Жафар әл-Мұхтадир Әбу Насыр Мұхамедті жәй танып қана қоймастан, оның  білімділігіне тәнті болып, «өзінің жақын досы» деп санағаны жайында да жазбалар кездесіп қалады.   

Осындай деректер мен дәйектердің бәрі де бізге барынша кешігіп жетіп жатыр. Бәлкім, қазақ жұрты Отырардан шыққан өз бабасын тым кеш танып, тым кеш бағалап жатқан шығар, бірақ әлем ойшылдары оны өз заманында-ақ құрметтеген, «екінші ұстаз» (қай мағынада айтса да) деген жоғары баға бергенін айтып өттік. Әлбетте, кеш қозғалсақ та, адамзаттың айрықша ойшылына туған топырағы тарапынан соңғы жылдар бедерінде айрықша  көңіл бөліне бастағаны тағы да рас. Мысалы, алысқа бармай-ақ, 2020 жылы бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы мемлекеттік (тіпті әлемдік) деңгейде аталып өтті. Оған осы жолдар авторы – мына біз де куәміз. Көп шаруалар кезек-кезегімен атқарылды, бірақ жоспарда бар, алайда атқарылмай не үлгермей қалған ауқымды істер де баршылық. Ондай шаралар өз кезегін күтіп қалып қойғаны тағы да анық. Әлбетте, мерейтойлық жыл ішінде бәрін түп-түгелімен орындап тастау мүмкін де емес шығар, бірақ одан кейінгі жылдарда «үнсіздік» ойынын ойнау қанымызға сіңіп бара жатқаны ойландырмай қоймайды. 

Фараби (қарсылық болмаса, бұдан былай қысқаша осылай жазып көрсетіп отырсақ) секілді адамзаттық өркениетте орны бар ғұламаны тек мерейтой кезінде ғана мәртебелеуіміз біздің халықтық қалпымызға едәуір сын емес пе? Жарайды, мерейтойлық жыл өтті де кетті, бірақ мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар ақырын-ақырын жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болмас па еді? Осы орайда бізге мынадай ой келеді. 

Біріншіден, Фараби феномені – болашақ жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, қай кезде де бағдаршам, білім мен біліктің сара жолын нұсқаушы. Тіпті, ашығына көшсек, Фарабиді мына көршіміз секілді (Конфуций деген ғұламасын ұлттық идеология деңгейіне көтерген ел) неге идеологиямыздың түпкі тірегі һәм тұғыры етіп алуға болмасқа? Бұндай мақсатқа жету үшін тиіп-қашып емес, тұрақты түрде айналысу міндеті өзінен-өзі туындайды. Демек, әр бес не он жыл сайын Фарабиге, Фараби мұраларына мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, қайталап оралып отырсақ, келер заманның келелі ісі мен «рухани кәдесіне» молынан жарамас па? Айталық, 2030 жылы – 1160, 2035 жылы – 1165, 2040 жылы - 1170, 2045 жылы - 1175 жыл деп айдарлап, осы ауқымда көптеген маңызды іс-шараларды жоспарлап-ойластыру мейлінше қажет шаруа екеніне кім дау айтар? Бұлай етер болсақ, анығында, одан ұлтымыздың ұтылары емес, ұтары да көп, бағыты жылдан-жылға айқындала бермек. 

Екіншіден, Фараби феноменін бұдан былайғы жерде жеке-дара емес, ұлт тарихымен, ұлт тұлғаларымен бірлікте қарастырсақ, маңызы мен мәні тағы да  арта түсер еді-ау дейсің. Айталық, Фараби мен Иасауи екеуінің арасындағы рухани байланысты (оның негіздері жоқ та емес) тереңдете зерттеудің қажеттілігі ақырындап туындай бастағаны байқалады. Замана соны талап етуге бет алғандай. Тіпті, осы мазмұндағы зерттеу-зерделеу жұмыстарын жалғастыра отырып, жаңа замандағы фарабитану мектебін жалғаған ұлтымыздың ерекше дарын иелері Абай – Байтұрсынов – Әуезов деп жалғасақ, барлығын бірлікте қарастыруды мұрат ете білсек, ұлтымыздың арғы-бергі замандардағы естен шыға бастаған рухани даму сатылары өзінен-өзі шын келбетін айқараламас па?

Біздің бұл ойымыздың қате еместігіне әдебиеттанушы-ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамыздың кезекті ойтолғамын оқыған кезде көз жеткізе түстік. Ғалым ағамыз «Абайдың әл-Фарабиді тануы» атты мақаласында (ЕҚ, 8.09. 2020) былай деп жазады: «...Шындығында, әл-Фараби мен Абай дүниетанымындағы кейбір ой-пікірлер сабақтастығында салыстыра қарағанның өзінде-ақ белгі беріп, мен мұндалап тұратын іліктестік баршылық...»  деп көрсеткен. 

Негізінде, ұлттың тұлғаларын (қай кезеңде болмасын) жан-жақты, кеңінен танудың басты өлшемі – оларды жеке-дара һәм желе-жортып мадақтау емес, мүмкіндігінше еңбектерін салыстыра отырып, өте тығыз бірлікте қарастыру! Алдыңғылары кейінгілеріне әр түрлі деңгейде әсер ететіні, бірінің ойын екіншісі жалғап-жетілдіріп жататыны – адамзат ақыл-ойының дамуының табиғи заңдылығы емес пе? Бұған шүбә келтіруге болар ма? 

                                                                  ***

Біз, расында да, осы замандағы барша ғылымдар бойынша (әсіресе түркі жұртына) бағдаршы бабамыз, «ой академигі»  Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан әл-Фараби ат-түрки жайлы аз білеміз бе, жоқ көп білеміз бе? Аз десек – асылық сөзге арқан тартқандай болармыз. Ал, көп білеміз десек – онда даңғой елдің түбі тесік шелектей даңғыра әңгімесі секілденіп кетпес пе?

Аз білуіміздің себеп-салдарын іздесек, ол біреу емес, бірнешеу. Алдыңғы себеп – бабамыз ес тоқтатқан соң алыс елдерге (шамамен 25-30 жасында) сапар шекті, өмірінің соңына дейін туған топырақтан жырақта ғұмыр кешті. Сосынғы себеп – ол тереңнен толғаған көптеген ойлы трактаттарын түрікше емес, (жас  кездегі еңбектері бұл айтқанымызға кірмейді), басқа тілде жазды. Одан да үлкен себеп – ғұламаның шын қадіріне жете білген кісінің (тіпті ғылым саласында салмағы бар), бағасын асқақтата алар іздеушісінің, келер ұрпаққа қажет-ау деген нағыз жанашыр оқымыстылар мен ғалымдардың соңғы кездері тым аз болғандығы... 

Қысқасы, Әбу Насыр Мұхамедтің  өмірі де, өскен ортасы да, оқып-білім алған шаһарлары да, ал ең бастысы - жазып қалдырған рухани мұраларының мән-мағынасы да біз үшін әлі күнге тосындау, түсінуге ауырлау, кейбір ой-пікірлері көмескілеу болып отырғанын амалсыз мойындау керек-ақ. Неге олай? Өйткені, біріншіден, Фараби еңбектерін ыждағаттап оқыту, тереңірек таныстыру һәм жалпы ел ішінде жан-жақты насихаттау жағы кемшін. Екіншіден, Фарабитану мектебін қалыптастыру мен осы сала бойынша мамандар әзірлеу жағы мейлінше ақсап жатыр. Үшіншіден, ең бастысы осы, әлем әлдеқашан мойындаған бабамызды өз елімізге таныстыру бағытындағы үлкен енжарлық, тиісті ғалымдардың самарқаулығы. Бұған енді өз қанымызға сіңіп кеткен, баяғыдан келе жатқан салсүйектік пен нақты іске деген темірдей тәртіптің  ақсап жататынын тағы қосып қойыңыз! 

Бұл – алдияр оқырманым, қазақты кемсіту яки мысқылдау емес, алдымыздан айнадан жарқырап көрінетін, мен мұндалаған ақиқатыңыз осы!

                                                              ***

Орта ғасырлық ұлы ғұламаның мағыналы ғұмыры жайлы ең алғашқы зерттеу еңбектері қай замандарда жазыла бастады? Оны жазған ғалым-тарихшылардың аты-жөнін білеміз бе? Жүйелеп жаза алдық па? 

Ең алдымен, Фараби өмір сүрген заманға бір табан жақын, одан бірер ғасыр кейін ғұмыр кешкен бірді-екілі ғұлама ғалымдардың азды-көпті жазбалары өте құнды дерек көзіне жататынын  қадап  айтуға болады. Олар:  Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи (1099-1170), Шамс ад-дин Әбу-л Аббас Ахмед ибн Халликан (1211-1282), Ибн Әби Усайбиға 1203-1270). Тағы бір діндар, философ, факихші Әбу Хамид әл-Ғазали (1053-1111) де Әбу Насыр еңбектері жайында басқаларға ұқсай бермейтін (бөлекшелеу) ой жазып қалдырған екен. Әл-Ғазалиді бөліп атауымыздың өз себебі бар. Ол, негізінен алғанда, Фарабидің терең біліміне тамсана отырып, тұңғиық ойларын мойындаса да, оның ұстанған бағытына (дін мен ғылымды араластырып жіберуі, т.б.) ептеп келіспеушілік, тіпті қарсылық та көрсеткен. Өзінің «Діндегі ғылым сәулесі» еңбегінде қос ғұлама - Фараби мен Ибн Синаны «сынға алды». Оларды «шығыстық аристотельшілер» деп айыптап, көп ойларымен келісімге келе алмайтынын ашық жазды. Біз бұл тақырып турасында алдағы тарауларда кеңірек тарқатып айтатын боламыз. 

Аталған тарихшы-ғалымдардың артында қалған көптеген еңбектерінде  Фарабиге қатысты бізге қажет біраз мәліметтер кездеседі. Әлбетте, әлемнің ең таңдаулы ғалымдары, философтары мен тарихшылары Әбу Насыр Мұхамедтің өмірі мен шығармашылығына соқпай өтпегені таң қалдырады. Оның трактаттарымен таныс болған және оған ерекше назар аударған ғалым-тарихшылар тобында өте танымал тұлғалар баршылық. Әр кезеңдерде пікір жазып қалдырып отырғандар қатарында Мұса бин Маймонид (1135-1204), Роджер Бэкон (1214-1294), Леонардо да Винчи (1452-1519) Бенедикт Спиноза (1632-1677) т.б. бар екенін сенімді айта аламыз. Олардан беріректе неміс ғалымдары Иоганн Людвиг  Козегартен (1792-1860), Генрих Зутер (1848-1922) және Фридрих Генрих Дитерици (1821-1903) де Фарабидің еңбектеріне  ерекше  ықыласпен назар салды. Неміс тілінде бірсыпыра трактаттарын аударып, бастыруға ықпал етті. Ал, тағы бір неміс ғалымы Карл Брокельман (1863-1956) өзінің «Араб әдебиетінің тарихы» деген бірнеше томдық еңбегінде Фараби шығармашылығына біршама орын беріп, тоқтала сөз қозғап, бағасын асырады. Фарабитану ғылымымен америка ғалымы Дж. Сартон (1884-1950) да, түрік ғалымдары Айдын Сайылы мен Хилми Зия Үлкен де жан-жақты тереңдеп айналысқанын  арнайы айтуға болады. 

Жиырмасыншы ғасыр ішінде ғалымдар Василий Бартольд, Евгений Бертельс, Бабоджан Ғафуров, Сергей Григорян, Андрей Зубов, Анзор Иванов, Артур Сагадеев, Юрий Завадовский, т.б. Фараби мұраларына көптеп назар аударып, ғылыми-зерттеу еңбектеріне негізгі ұстын етті. Айналып соғып отырды. 

Біздің қазақ Фарабидің асыл мұраларын зерттеп-зерделеу тақырыбын тым кеш қолға алғанын жасыра алар жағдайымыз жоқ. Ол, өкінішке орай, бұл факт, айналып қаша алмас, бұлтартпас ақиқат. Айталық, қазақ ғалымдары Фараби еңбектеріне қашан бет бұрып, ерекше маңыз беріп, шынттап айналыса бастады? Бұл сұраққа не деп жауап қайтарсақ болар? Дана баба жайлы әркезгі тарихи жазбаларды ақтарыстырып, өткенге ой жіберсек, апыр-ай, соншалық  ұзақ та емес екен, тіпті  беріде кіріскенімізді ойлағанда, іштей ыңғайсызданып қалады екенсің.

Алайда, Қазақ КСР Ғылым академиясын кезегімен басқарған ұлтымыздың қос тұлғасы – Қаныш Сәтпаев пен Шахмардан Есенов тұсында ортағасырлық ойшыл  бабамыздың өмірі, өскен ортасы, ғалымдық ұзақ жолын зерделеу мен  артында қалған мұраларын жинап-бастыру ісі біршама жүйеленіп, ерекше ыждағаттылықпен жүргізілгенін ерекше айтып өту парыз. Әртүрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференциялар һәм түрлі басқосулардың өткізілуі мен белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу жұмыстарының жүзеге асуына осы екі ұлт жанашырының – айтулы академиктердің мейлінше көп үлес қосқанын кейінгі ұрпақ білгені мақұл. Молынан хабардар болғаны бек керек! 

Фараби өмірі мен мұраларын танып-білудің бастауында (қысқа жазбалар болса да), әрине, қазақтың ойы озық, қасқа мандай зиялылары тұрғаны тағы да рас. Олардың ішінде Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, т.б. болғанын көзіқарақты оқырман бек білулі шығар? Дей тұрсақ та, осы тақырыпты әдейілеп қолға алған, саналы ғұмырының басым бөлігін арнаған бірегей тізгінші ғалым – Ақыжан Жақсыбекұлы Машани! Ол кісінің артында қалған жазбаларына ден қойсақ – Әбу Насыр Мұхамед есімін сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында-ақ естіпті. (Өз жазбасында жер ауып келген чех ғалымы Кольманның аузынан естігенін жазады). Сөйтіп, көңілінде қызығушылық сезімі тұтанған, бірте-бірте лап етіп, алауға айналған секілді. Осылайша, Фараби өмірі мен шығармашылығына барынша аңсары ауып, бар ынта-зейінін солай қарай бұрғанын тағы да шегелеп жазады. Қаншама маңызды шаруалары кезек күтіп тұрса да, басқа жұмыстарын жиып қоя тұрып, осы тақырыпқа білек сыбана кірісіп кетіпті. Қалай дейсіз бе? Білікті ғалым Ақыжан Машановтың (ол кезде осылай жазылды) тікелей бастамасымен республика Ғылым академиясы орталық ғылыми кітапханасының директоры Нұрхан Ахметова екеуі 1960 жылғы қараша айында академия президенті Қаныш Сәтпаевқа хат жазып, Фараби еңбектерін жүйелі түрде жинастыру мәселесін тұңғыш рет көтереді. «Қаныш аға біздің өтініш-хатымызға «орындалсын» деп қол қойды, академияда алғаш рет әл-Фараби есімі соғыс кезінде бір аталса, енді оның мирасы зерттелсін деген пікір айтылды...» деп жазады Ақыжан Машани. («Әл-Фараби және Абай», Алматы, 1994). Бірақ, көп ұзамай Қаныш Сәтпаев қайтыс болып кетті де, бұл шаруа кішкене кібіртіктеді. Алайда, бірден құмбыл кірісіп кетпеді демесек, Фарабитану бағытындағы болашақ үлкен-үлкен жұмыстардың  там-тұмдап қолға алынуы осы кезден бастау алады. Осы хат-ұсынысқа ілестіре  Ақыжан Жақсыбекұлы республика Ғылым академиясының хабаршысында «Әл-Фараби және оның мұралары» (№5,1961) деген үлкен танымдық мақаласын жариялады. Сол жылдың аяғында Фарабидің «Философияны үйрену үшін оның алдында не білу керек» деген еңбегін тереңдеп оқып, бір бөлігін қазақшаға аударып, «Білім және еңбек» журналына ұсынады, ол 1962 жылғы бірінші нөміріне жарияланады. Мақалаға беташар түсіндірмені журналдың бас редакторы, публицист-журналист, ұлтсүйер азамат  Камал Смайылов жазады. Бұл – ойшыл  бабамыздың тұңғыш рет  туған халқына «қазақша тіл қатуы»  деп таңбалап айтуымыз керек  шығар, сірә! 

Ақыжан Жақсыбекұлы Машани – ғұлама ғалымның өміріне қатысты жазбалар түзіп, туған жері Фараб (Отырар) шаһары, тегі – түркі (яғни қазақ) екенін, әкесі Отырар маңында әскербасы болғанын, тағы басқа да құнды деректерді жинап-дәлелдеп берген бірден-бір елшіл рухты азамат. Туған жері қай елде деген дау-дамайға (әр саққа салып тартқылаулар бар) ең алдымен бабаның ныспысындағы Фараби деген шаһар атын алға тартылса, сонымен қабат географ-ғалым ибн Хаукалдың атақты ойшыл-ғалымды «Отырарда туған» деп нақтылап көрсеткен жазбасын мысал еткен. Осыны дәлел ретінде алдына қалқан еткен.  Ол сондай-ақ, Әбу Насырдың әуелі Отырарда сауат ашып, сосын  Шаш, Самарқанд, Бұхара, Хорасан, т.б. қалаларда білімін жетілдіргенін де әдемілеп әдіптеді. (Бірқатар тарихшы-публицистер Фарабиді Отырардан соң бірден Бағдадқа «аттандырып» жібереді). Онан соң көп жылын Бағдатта (Ирак) және Шамда (Дамаск), Алеппо шаһарында өткергенін жөн-жөнімен жүйелеп жазды. Қысқасы, білім алып, зердесін шыңдап, сосын ғылыми еңбектерін (трактаттарын) жазған жерлерін де анықтап-таңбалап беруге құмбыл кірісті, бұл бағытта тартыншақтамастан, барын білген-түйгенін жұмсап, әрбір тарихи деректі тиянақтау жолында аянып қалмады. (Әттең, ғұлама бабамыздың табаны тиген тарихи жерлерде де еске түсірер арнайы белгі-ескерткіштер қойылып жатса қанеки?) 

Ең бастысы – Ақыжан Жақсыбекұлы әлем мойындаған бабамыздың тарихи трактаттарын әр жерлерден (әлем кітапханаларынан, мұрағаттардан, т.б.) жалықпай іздестіріп, жинастыруға зор үлес қосты, табылған рухани мұраларды дереу зерттеу нысанына айналдыруға атсалысты. Айталық, Ақыжан Машани өзінің бір еңбегінде Фарабиге мынадай баға береді: «...Әл-Фараби Платон, Аристотель, Птоломей, Евклид сияқты ірі ғалымдардың еңбектерін арабша аударып, оларға талдау беріп, оларды әрі қарай жетілдіріп, сонымен қатар ол өз тарапынан ислами философияға негіз салған адам...» («Өгізханның қолтаңбасы» кітабы, Алматы, 2011). 

Әрине, бұл арада Фараби тақырыбын тереңнен қаузаған жалғыз қазақ Ақыжан Жақсыбекұлы екен деген біржақты ұғым тумауы керек. Онымен қатарласа жүріп, тақырыпқа барынша бойлаған философ ғалым, профессор Ағын Қасымжанов та фарабитануға зор үлес қосып, «Оймен ұғынылған дәуір», «Әл-фараби дүниетанымындағы парасат мәселесі» деген көлемді еңбектерін жариялады. Онымен қоса, ғұлама бабаның көптеген трактаттарын жеке-жеке және топтап бастырып шығаруға атсалысты. Біраз трактаттарына арнайы алғысөз жазып, маңызын арттырды. Профессор Ағын Қасымжановтың тұстастары, белгілі-белгілі қазақ ғалымдары,  замандастары Мұқаш  Бурабаев, Құбығұл  Жарықбаев, Рахманқұл Бердібай, Әбсаттар Дербісәли, Ауданбек  Көбесов, Ханғали Сүйіншәлиев, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев, Г. Шаймұханбетов, С.Сатыбекова, А. Кенесарин, Г. Қоянбаева, Ғ. Құрманғалиева, т.б. кісілер де фарабитану бағытында еңбек етіп, молынан атсалысқанын айдарлап айтсақ, артық емес. Тіпті осы күндері баба еңбектерін жалықпай оқып-зерделеп, бірқатар толымды еңбектер жазып  келе жатқан Жақып Алтаев, Мұхтар  Құлмұхамед, Нәзира Нұртазина, Әшірбек Момынов, Айдар Абуов, А. Оразбекова, Н.Сейтахметова, А.Қасымжанова, А.Түсіпова, Светлана Ананьева, К. Тәжікова, Досай Кенжетай, Пірімбек Сүлейменов, Г. Нұрышева, А. Хаван, т.б. секілді ғалым-зерттеушілер һәм ізденушілер тобын  арнайы атап кетуге болады.

1968 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан Фарабитану тобы құрылды, бұл шаруаға мұрындық болғандар - Әлкей Марғұлан, Ақыжан Машанов, Орынбек Жәутіков, Ағын  Қасымжанов,  Ауданбек Көбесов, Құбығұл Жарықбаев, т.б. еді. Бұл топты әр жылдарда кезегімен Ағын Қасымжанов, Әбдімәлік  Нысанбаев, Мұқаш  Бурабаевтар басқарды. Ғалымдар тобы Фараби мұраларын жинап, топтастырып, алғысөз жазып және баспа арқылы басып шығару бағытында көп жұмыстар атқарды. Бірнеше рет ғылыми және теориялық конференциялар өткізілді. Ғалымдардың тікелей басшылығымен докторлық және кандидаттық диссертациялар да қорғалды. 

1993 жылы Қазақ ұлттық университетінің жанынан «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталық ашылып, оған біраз жылдар бойы профессор Ағын Қасымжанов жетекшілік жасады. Бұл орталықтың да еншісінде топтап-топтап айтуға тұрарлық көптеген игі шаралар бар екенін ашық білдіруге  тиіспіз. 

Енді нақты ой-ұсыныстарымызға қарай ойыса сөйлелік. 

Фараби бабаның, соңғы деректерге сүйенсек, шамамен 200-ге таяу трактаттары (әртүрлі жазбаларда 150 мен 200 аралығы көрсетіліп жүр) бар екені дәлелденіп отыр. Ал, соның 50-60-сы  ғана бізге жетіп, қалғандарының тек аттары ғана аталып келе жатқаны тағы бар. Демек, алдағы күндердің еншісіндегі шаруа – сол аты бар да, өзі қолға түспеген еңбектерін ыждағаттылықпен іздестіріп, толығымен табуға күш жұмсап, ғылыми айналысқа енуіне жұмыла кірісу болып отыр. Әлбетте, бұл жекелеген адамның атқарып шығар жұмысы емес, ендеше осы салаға жақын мамандардан арнайы жұмыс тобын құру (бәлкім, бір министрлікке жүктеп) керектігі өзінен-өзі туындайды. 

Екінші өзекті мәселе – қолда бар Фараби еңбектерінің орыс тіліндегі аудармасы өз алдына, енді қазақ тіліне де (сауатты әрі сапалы) аудару  жайы. Шындығын айтқанда, ғұлама бабаны «қазақша сөйлету» жағы әлі күнге кенжелеп келеді. Қалам ұстаған ағайындар (ғалымдар, аудармашылар, журналистер) бұған аса ықыласпен кірісіп кетпей, тартыншақтай беретіні байқалып қалады. Оның обьективті және субьективті себептері де бар. Фарабидің философиялық трактаттарының астары терең, тілі ауыр, жазылуы күрделі болып келеді. Оны бұл салаға қығығушылар тез-ақ аңғарады. Бұл ретте араб, парсы һәм көне түркі тілін білу бір басқа, одан бөлек жақсы лингвист-ғалым, филолог, әдебиетші, жазушы болу талабы тағы да бой қылтитады. Бірақ, қалай десек те бұл шаруа өзінің оң шешімін табуы керек. Бәлкім, ендігі жерде, Фараби еңбектерінің қазақша нұсқасын әзірлеушілер (аудармашылар) арасында байқау-конкурс (қаржысы қомақты) жариялау керек пе? Бәлкім, осы шаруаға қатысты арнайы тәржімашылар тобын (ақылы негізде) жасақтаған дұрыс па?

Бұл тұрғыдағы үлкен жұмысты негізінен Ұлттық Ғылым академиясы, қала берді Фараби университеті, ғұлама атын иеленіп отырған ғылыми орталықтар қолға алса, нұр үстіне нұр. Осы орайда, бұған дейін Нәмет Келімбетов, Әбсаттар Дербісәлі, Аян Нысаналин секілді ғалым, ақындар тәржімалаған ғұлама еңбектері қайта сараланып, бағасы беріліп, тағы да жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілгені мақұл-ақ! Әсіресе, ақын Аян Нысаналиннің аударуымен қазақ тілінде өрнектелген бабаның өлең-жырлары қайта толықтырылып, жеке жинақ болып басылып шыққанын қалар едік!

Сосынғы бір мәселе – Фарабидің  әдебиеттегі көркем бейнесін сомдау жайы. Бұл да өз биігінде атқарылып болды десек, тым асығыс айтқандық. Рас, аға буын қаламгерлер ішінен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы, Дүкенбай Досжанның «Фараби» повесі жазылды. Тіпті, фарабитану саласында ұзақ жылдар бойы тынымсыз тер төккен ығдағатты ғалым Ақыжан Машанидің өзі де «Әл-Фараби» атты деректі роман (ғылыми һәм эсселік) жазғаны бар. Бірді-екілі қазақ ақындары өлең-дастандар арнағанын да бек білуліміз. Мәселен, Жүсіп Қыдыровтың «Фараби тригонометриясы», Ілияс. Есенберлиннің «Әбу Насыр Мұхамад әл-Фараби» секілді шағын поэмалары өз кезінде жарыққа шықты. Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әли, Мұхтар Шаханов, т.б. талантты ақын-жазушыларымыз да баба жайлы жыр өрнектепті. Драмалық шығармалар жайына келсек, белгілі драматург Шахмет Хұсайыновтың Фарабиге арналған бір трагедиясы бар екен.  Сонымен қабат осы жолдар авторының «Армысың, аңыз адам!» («Ғұлама-ғұмыр») атты драма-диптих (екі бөлімді) жазғанын, оның әртүрлі нұсқалары Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда және Көкшетау өңіріндегі драма театрларында (облыстық, қалалық) сахналанғанын да қосып қоюға болады. Бірақ, бұл көркем туындылардың да жете алған өз меже-биігі бар да, ал ғұламаның көркем образын кеңінен аша түсу әлі де толық мәнінде орындалмаған шаруа болып қалып отырғанын жасырмауымыз керек. Алдағы уақытта Фараби бабаның толыққанды көркем образын алдымызға тартар көлемді көркем дүние (әр жанрда да) жазыларына сенгіміз келеді. (Бәлкім, осы тақырыпта арнайы байқау ұйымдастырған мақұл болар ма?) 

Ендігі бір шаруа – Фараби баба туып-өскен көне Отырар шаһарында тарихи жәдігер ретінде ескерткіш-белгі орнату жайы. Айталық, өзі алғаш оқып, білім алған ескі мектеп-медресе (ол болуы тиіс қой) орны қай жер екен? Ең болмағанда ізі бар ма? Бүгінгі күні соны еске салатын белгі – үй тұрғызып қойсақ, кейінгі ұрпаққа ой салар оң шаруа болмас па!

Одан соң Отырарда кітап қоры өте көп (бірқатар деректер осылай деп көрсетеді) «Кітап сарайы» болған екен деп жар сала айтып та, жазып та дабыралаттық. Ендеше, сол сарайдың орны қайда? (Бірер зерттеушілер оны жер астында еді, қала бегінің тікелей бақылауда ұстаған деп көрсетті, енді бір топ жер үстінде еді, шапқыншылық кезінде жермен-жексен болған десті). Қалай десек те, соны «Кітап сарайын» еске түсіретіндей етіп, көне үлгідегі архитектуралық нұсқасын тұрғызсақ, қолымызды кім қағады? Рас, кейінгі уақытта ел ішіндегі бірқатар  азаматтар «осы кітапхана дегеніміз жәй қауесет емес пе» деп (мұндай кертартпа пікірлерді әлеужеліден оқуға болады) сөз жүгірте бастапты. Жарайды, ол көне Мысырдағы Александрия (Македонский негіздеген) мен Сириядағы әз-Захирия (сұлтан Бейбарыс негіздеген) кітапханалар деңгейінде  демесек те, мүлде болмаған деуіміз тарихқа қиянат, тіпті немқұрайдылықпен қол сілтей салу емес пе? Тым асығыс пікір емес пе осы? Кей деректерде былай делінеді: Отырар кітапханасы жер үстінде емес, жер астын үңгіп салынған, оған кіріп-шығу уақыты қала бегі белгілеген тәртіппен жүргізілгені (мысалы, жұма күндері кіру) айтылады. Жоқты жақ талғанша «жар салып» айта бергенше, бірауық бар деген сөзді санамызға сіңіре түсіп, келер ұрпақты құлшындыратын іске неге бет бұрмаймыз осы? Демек, қысқасы, ұрпақтар атынан бір белгі қойылғаны елдіктің нышаны! (Бұл шаруаға, әлбетте, архитертор ағайындар ерекше үлес қосуы керек-ақ!)

Тағы бір өте өзекті, өте заманауи мәселені замана алдымызға мол сыбаға етіп тартып отыр. Ол «Фараби феномені және жасанды интеллект» деген тақырып. Ғұлама бабаның артында қалған мол мұраларының арасында интеллект мен ақыл-ой тереңдігі, оның қатпар-қыртыстары жайында ой толғаған көптеген трактаттары өз алдына бір төбе.

Таяуда Президенттің арнайы жарлығымен тағайындалып, «әл-Фараби» орденінің өмірге келуі - біз сөз етіп отырған мәселелердің алдағы уақытта күн тәртібінен түспеуі керектігі һәм ерекше маңызды шаруа екенін тағы да еске салып өткенін ұмытпаған жөн. 

Айналып келгенде, бұдан былай Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан әл-Фараби ат-түрки өз жұрты мен еліне, өз топырағының саналы да дарынды жас ұрпағына биік деңгейімен, алып болмыс-бейнесімен оралуы – замана талабы! Бәріміз үшін абыройлы міндет! Фараби феноменін айшықтап, артында қалған асыл мұрасын толық күйінде жинап, зерделеп, зерттеп болмай, өз халқына «оралып болды» деп айтуға еш хақымыз жоқ. 

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan