Фараби феномені және жасанды интеллект

«Интеллект сөзі әртүрлі мағынада қолданылады. Бірінші – адамның ақыл-ой деңгейі салмақталған кездегі пікір қарама-қайшылығы жағдайында. Екіншісі – әрқайсысы өзінше түсінікпен қабылдайтын мутакаллимдердің үнемі пікірталасқа түсуі жағдайында. Олар айтады: «Бұл ақыл-ойдың байламына жатады» немесе «Бұл ақыл-ойдың терістеуіне негізделген». Үшіншісі (сөздің мәні) – интеллект ұғымы Аристотельдің « Дәлелдеме» атты трактатында бар. Төртіншісі – соның «Этика» атауымен шыққан  алтыншы кітабында еске түсіріледі. Бесіншісі – «Жан туралы» трактатында. Алтыншысы – «Метафизикада»...»

63

Фараби феномені және жасанды интеллект - adebiportal.kz

(Фарабитануға қайта оралу)

 ЕКІНШІ МАҚАЛА 

(Фарабидің интеллект туралы трактаттарынан өрбіген ой)

Интеллект дегеніміз не өзі? Ғылыми дәлелдемесіне көшпес бұрын, алдымен жалпақ тілімізде қалай аталып-жазылып келе жатыр?  Мағыналық тұрғыда дәл баламасы бар ма? Алдымен осы жайында бірер ауыз сөз айта кетелік. 

Интеллект (лат. Іntellectus - таным, ұғыну, аңдау) - көп жазбаларда адамдар  түйсігі, танымы һәм ақыл-ой қабілетінің көрінісі деген мағынада көп жылдар бойы қолданылып келді. Сөз жоқ,  жұмыр бастының ақыл-ойының деңгейі өзін қоршаған ортаны қалай қабылдау мен оны тану белсенділігімен байланысып жатады. Осылайша, интеллект термині адамның психикалық ахуалына тікелей байланысты болып, ойлаудың әртүрлі  функцияларын байыптау мен анықтаушылық міндетін атқарды. Бірақ, уақыт өткен сайын, ақыл-ойдың қатпар-қыртыстары  молынан ашылған сайын, бұл түсініктің ауқымы кеңейді, енді барлық  адамға тән түйсік-танымдық үрдістердің барлығын да осы термин айналасынан іздестіре бастадық. 

Жоғарыдағы анықтамаға сүйене отырып, енді мынаны айта аламыз:  интеллект алғашқы кезекте адамның ой-өріс биігі, таным-түйсігі һәм ақыл-парасатымен қоңсылас болып жататын мағына-мәнге ие. Ақыл бар жерде интеллект де өмір сүре алады. Өмір сүруге хұқылы. Өйткені, кез-келген адамның бойынан интеллектуалдық ой ұшқындарын байқау үшін оның ақылы мен алғырлығына, парасаттылығы мен пайымына сүйенуіміз керек. Алайда, интеллект бір ғана ақыл-ой жүйріктігіне «жабысып» қалған түсінік пе? Айталық, интеллект ұғымы адамзат қоғамында бір емес, бірнеше мағынада (әсіресе қазіргі кезде) қолданылған, қолданылып та келеді. Өйткені, оның ауқымы кең, қамтылуы да шалқар. Осы интеллект сөзін жаңа заманға икемдей отырып, осы уақытта «интеллектуал», «интеллигент», т.б. секілді мағынамен пайдаланып келе жатқанымыз да рас. Жалпы, жұмыр басты пенденің табиғаттағы басқа да түрлі тіршілік иелерінен ерекшеленетін бір белгісі – осы интеллектуалдық ой-өрісінің жетілуіне байланысты. Интеллект жан-жануарларда, аң-құстарда және басқаларында жоқ. Олар тек қана инстинкпен өмір сүреді. Инстинк - сезім мүшелері арқылы айналаны, қоршаған ортаны қабылдау, тану. Интеллект болса олай емес, кез-келген табиғи жағдайларды, өзгерістер мен құбылыстарды ақылға сала отырып, оның түпкі мәнін іздеу, табуға деген талпыныс.

Ортағасырлық ғұлама ғалым Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан әл-Фараби ат-түрки (бұдан әрі Фараби деп жазамыз- Ж.Ә.) өзінің  бір трактатын осы интеллект тақырыбына арнап, ой түзіпті. Ол еңбегі тарихта – «Екінші ұстаз әл-Фарабидің интеллектінің (сөз тұңғиығы) маңыздылығын талқылауы» (орысша мәтіннен мағынасымен аудардық) деген атпен белгілі. Біз негізге алып отырған трактаттың орыс тіліндегі аудармасын Б.Я. Ошерович пен Е.Д. Харенко жасады. Фарабидің бұл еңбегі орысша алғаш рет «Вопросы философии» (№8, 1970) журналында жарияланды. Кейінірек, осы нұсқасы Фарабидің «Философские трактаты» (Алматы, 1972)  және «О разуме и науке» (Алматы, 1975) («О значении (слова) разум» деген атпен) кітаптарына енді. Осы жарияланымдарға жазылған алғысөзде һәм түсініктемелерде Фарабидің бұл еңбегіне тоқтала келе, ғұлама ойшыл  интеллект ұғымына ауысқанда, «мән» және «мағынаға» ерекше назар аударғаны айтылады.

Осы жерде еске саламыз: ғұлама ғалымның интеллект туралы ұсынып отырған осы теориялық тұжырымы оның басқа да бірқатар еңбектерінде ішінара болса да үнемі айтылып отырады. Мысалы, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатта» интеллект  термині жайында біршама сөз болады. Оның мағынасына тоқталып, аз-кем талдау жасайды.

Сонымен, Фараби ғұлама өзінің интеллектіге (негізінен алғанда) байланысты трактатында қандай ойлар қозғайды? Қысқаша айтқанда мыналар: интеллект сөзінің алты мағынасы бар; қарапайым сөз қолданыстағы мәні, мутакаллимдердің (діндарлар) қолдануындағы мәні; философ Аристотельдің «Дәлелдеме», «Этика», «Жан туралы» және «Метафизика» атты трактаттарындағы мәндері.

Фараби бұл трактатындағы  көңіл аударар бір ерекшелік – интеллекті ұғымын қайырымдылық және ізгілік  секілді адами қасиеттермен тығыз байланыста баяндайды. Мысалы, осы еңбегінде былай деп жазады: «...адам не істесе де тапқырлық көрсетсе болғаны, оны парасатты адам деп атайды. Бірақ, егер олардан: жамандық жасау жағынан тапқырлық көрсеткен жаман адамды парасатты деп атамай ма деп сұраса, онда олар [жауап қатудан] не тартынып қалады немесе жоқ деп жауап береді. Сондықтан да олардың бәрі қарапайым сөзде "интеллектісі бар" деген сөзді парасатты деген мағынада қолдана бастады, ал Аристотельдің түсінігінше ұғыну дегеніміз қажет кезінде және ыңғайы келгенде лайықты іс істеуге тапқырлық жасау деген сөз. Демек, парасатты адам сонымен бірге қайырымды адам болып табылады...». (Аль-Фараби, Избранные трактаты, Алматы, 1994)

Енді ғұлама ғалымның трактатының жазылу формасы мен құрылымы жайына  ауысалық. Алдымен еңбектің жалпы құрылымы жайында бірер сөз. Трактат кіріспеден және төрт бөліктен тұрады. Кіріспеде интеллект сөзінің мәніне һәм әртүрлі мағынасына тоқтала отырып, тақырыпты аша түседі. Содан кейін негізгі бөліктерге қарай сатылайды Олар: а) Потенциалды интеллект; б)Актуалды интеллект; в)Жүре келе дамыған интеллект; г)Әрекетшіл интеллект. 

Фараби трактатының кіріспесі жалпы интеллекті ұғымы жайында, оның мән-мағынасы турасында  толығырақ түсінік беру баянымен басталады. 

«Интеллект сөзі әртүрлі мағынада қолданылады. Бірінші – адамның ақыл-ой деңгейі салмақталған кездегі пікір қарама-қайшылығы жағдайында. Екіншісі – әрқайсысы өзінше түсінікпен қабылдайтын мутакаллимдердің үнемі пікірталасқа түсуі жағдайында. Олар айтады: «Бұл ақыл-ойдың байламына жатады» немесе «Бұл ақыл-ойдың терістеуіне негізделген». Үшіншісі (сөздің мәні) – интеллект ұғымы Аристотельдің « Дәлелдеме» атты трактатында бар. Төртіншісі – соның «Этика» атауымен шыққан  алтыншы кітабында еске түсіріледі. Бесіншісі – «Жан туралы» трактатында. Алтыншысы – «Метафизикада»...» (Аль-Фараби, Избаранные трактаты, Алмаы, 1994). 

Байқайсыздар ма, осы еңбегін жазу үстінде философ бабамыз әлем мойындаған ғұлама – Никомах баласы Аристотельге қайта-қайта айналып соғып отырған. Аристотельдің «Дәлелдеме», «Метафизика», «Жан туралы», «Этика», т.б. еңбектерінде адамның ақыл-парасаты бірінші кезекте сөз болатынын жазады да, оның бәрі де алғашқы кезекте пенденің интеллектісімен байланысып жататынын тәпсірлейді. Интеллектінің ең биік шыңы – ой даралығы деп есептесек, бұл шыңға алдымен жеткен тағы да Аристотель ғұлама. Ал, Аристотельді терең түсініп, оның көптеген (кей жазбаларда барлығын) еңбектерін саралап оқи отырып, екінші бір шыңға көтерілген - ол Фараби баба. Бұл жерде тағы бір жағдаятты айтып өту ләзім. Аристотель көне грек философиясында жалғыз емес, оның алдыңғы ұстаздары Сократ және Платон болды. Міне, осындай ой алыптарынан үйрене отырып, Аристотель философияның «асқарына» шықты. Ал, Фараби болса, мінеки, Сократ пен Платонды еркін талдаған Аристотель еңбектерін саралап, одан әрі жетілдірді. Соған өресі яғни интеллектісі жетті. (Интеллектіні қазақы ұғыммен кей реттерде өре деп алсақ та болатындай). 

Трактаттың кіріспе бөлігін ортағасырлық ғұлама ойшыл  бес тараушаға бөліп, әрқасысына тоқтала мән береді. Біріншісінде - «адамның ақылды екенін  ауызекі жеткізу үстінде оның интеллекциясы» да есепке алынатынын жазады. «Ақылды адамға сенім де» өте  керек. Ал, сенім негізі – қайырымдылықта.  Осылайша, ақылды болу  – «жауыздықтан қашып, ізгілікке жақын жүретін қайырымдылық» деп таңбалайды. Адамдар бұл сөзді «қу», «зәлім» пенделерге «айтудан бас тартады, оларға қолданбайды». Әрине, Бұл жерде Фараби кең мағынадағы қайырымдылық деген ұғымды бір жерге топтастырып, жалпылама мағына беруден аулақ кетеді. Екі жағдаят - қайырым мен ақиқат деген түсініктер, Фарабише толғағанда, Аристотель жазып қалдырған ойларды жалғастыруымен құнды. Мәселен, Аристотель өзінің «Никомаховой этики» деген еңбегінің 6-кітабында «қайырымды жандар барлық ізгі ықыластар мен іс-әрекеттерге мейлінше сын көзімен қарауды» жөн көретінін жазып қалдырса, Фараби де осы ой-тұжырымдар айналасынан табылып жатады. Екіншісінде - интеллект бойынша барлық уақытта адамдар арасында талас-тартыс бар екенін жаза отырып, ананы ақылы жоққа шығарады, мынаған жол бермейді немесе  қабылдамайды деген секілді әрі тарт, бері тартты атап өтіп, «ендеше барлығының немесе көпшілігінің пікір бөлісуі дегеніміз интеллект бола алатынын» түйіндеп айтқан. Үшіншісінде – Аристотель өзінің «Дәлелдеме» атты еңбегінде  атап көрсеткен интеллектіге байланысты ой-тұжырымдарымен бөлісе отырып, әрі қарай жалғастырады. Төртіншісінде – тағы да Аристотель ұстазының «Этика» кітабының 6-шы бөлігінде айтылатын ойларға талдау жасай отырып, оны тағы да тереңдетеді. Алтыншысында – Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін негізге ала отырып, (ұстазын қолдау ниетімен), интеллектіні төрт бөлікке бөліп қарастыруды ұсынады. 

Еңбектегі «Потенциалдық интеллект» деген тараушада интеллект бұл кезеңде әлі де өз дәрежесінде толық мәнге ие бола алмайтынын, сондықтан да  Аристотель «Жан туралы» трактатында бұны нақтылап жазғанын, ол формалық тұрғыда анықталған жағдайда ғана актуалды интеллектіге айналатынын жазады.

«Актуалды интеллект» - адам өміріндегі іс-әрекеттерге тікелей араласа бастайды, «қашан», «қанша», «қайда»  деген сұрақтар  туындап, оған жауап іздеу жолдары алға тартылады. 

Ал, «Жүре келе дамығанған интеллект» (Благоприобретенный) тараушасында ойшыл ғалым енді актуалды интеллектінің адам тірлігіне қарай ыңғайлануын – нақтырақ айтқанда ізгілікке бағыт ұстағанын баяндайды. 

Трактаттың соңғы бөлігі  - «Әрекетшіл интеллект» (Деятельный) деп аталса, бұл тараушада енді «белсенді (әрекетшіл) интеллектінің бойында актуалдылық белгілері де, ізгілікке бағытталған (жүре келе дамитын) интеллект белгілері де»  байқала отырып, интеллекцияның «потенциалды обьектісінен актуалды обьектіге айналатынын»  анықтап көрсетеді. 

Қысқасы, ойшыл ғалым актуалды интеллектінің потенциалды интеллектіге қатыстылығын күннің көзге түсуі сияқты образды сөздермен айшықтап, ал белсенді интеллектінің сол күн көзі арқылы анықталатын белгілеріне әкеп тіреп, осы жағдайда интеллектінің белсенді түрі  барынша артатынын жазады. 

                                                              ***

Адамзат бар жерде мәңгі айтыла беретін, ой-қиял арқылы дамытыла беретін интеллект ұғымының мән-мағынасына ерекше назар аударған Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби бабамыз осыдан он ғасыр бұрын ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеп кетіпті. Сондай еңбегі енді жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарына да рухани қазына болып отыр. 

Адамның ақыл-ой қабілетінің барша болмысын таным деп есептеу керек. Таным деген не? Оны қолмен ұстап көре аламыз ба? Жоқ, әрине! Ол сана арқылы ой түрінде, өре түрінде жететін зат. Демек, интеллектіні де қолға ұстағадай болып, кесіп-пішіп айта алмауымыз да содан.  Интеллект – адам бойындағы ақыл-ойдың жарқын көрініс беруі. Адамдар мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың белсенді түрі һәм жоғары деңгейдегі мәдениет белгісі болып табылады. Егер осы заманда адамзат қоғамы осындай интеллектуалдық биікке көтеріле алған болса, ол, сөз жоқ, интеллектінің жемісі. 

Фараби бабамыз арнайы трактат түзіп, интеллект (ақыл-ой, өре биігі) ұғымын талдап жазып, келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырса, жаңа заман оны әрі қарай дамыту үстінде. Қазір әлем бойынша адамзаттың интеллектісі жаңа белеске қадам басу жолында екенін осы жерде айтуға тиіспіз. Адамның ақылы мен парасаты жетіле келе, барлық мүмкін болатын жақсылықтар мен игіліктер  адамға, адамның бақытты ғұмыр кешуіне  қызмет ету керектігін алға тартты.

Жаңа замандық жержүзілік ғалымдар мен ойшылдар  арасында осы интеллект (таным, түйсік) ұғымын тереңдете зерттегендердің бірі - америкалық психолог  Говард Гарднер. (1943 ж.т.). Әрине, бұл жерде көңілге келмесін, Фарабидің интеллект жайындағы еңбектеріне қатысты қазақ ғалымдары мүлде үнсіз жатыр деген сөз емес. Бар ғой. Бірақ, америкалық замандас ғалым-психолог Говард Гарднердің орны бөлек. Ол 2005-2008 жылдары жүргізілген әлеуметтік сауалнама бойынша екі рет  «әлемнің ең ықпалды жүз  қоғамдық интеллектуалы» қатарында аты аталған ғалым. Осы сала бойынша терең ой қозғаған бірнеше кітаптар жазды. Ол өз еңбектерінде Аристотель-Фараби секілді ұлы ғұламалар еңбегін жалғастырып, енді интеллектіні адам гені арқылы байқалатын құбылыс екенін алға тартты. Оның қалыптасуы мен жетілуіне ұлттық ерекшелік пен адамның табиғи ортасы да әсер ететінін де тәпсірледі. Америкалық психолог таным-түйсіктің түрі көп болса да, басты сегіз  бөлігі деп мыналарды атайды: лингвистикалық интеллект; музыкалық интеллект; логикалық-математикалық интеллект; кеңістіктікті ажырату интеллекті; экзистенциалды интеллект; дене-кинестетикалық интеллект; тұлғааралық интеллект; тұлғаішілік интеллект.  («Интернет разрушает разум» кітабында).  Бұл ретте, атап айтарлығы – жоғарыдағы  америкалық психологтың бөліп көрсеткен таным түрлері күнделікті өмірде де байқалатыны. Айталық, сөзге жүйрік жасты байқай қалсақ, оны «болашақта шешен болады екен» деп, дереу үлкен сенім жүктеп тастаймыз. Сурет салуға икемді жас көрсек, «ой, мынау өнерге бейім екен» дейміз. Ал, әуенді тез қабылдап,   тез үйреніп алатын жасты "мынау әнге ыңғайы бар ұғымпаз" деп баға береміз. . Мұндай қабілеттілік адамның қай-қайсысында да кездеседі. Ол таным-түйсіктің жоғарылығын байқатса,  демек, интеллектісі де биік жан десек болады.  Қысқасы, интеллекті ұғымы осы кезде өміріміздің барлық қалтарыс-бұрылыстарын қамтып жатыр. Осылай боларын, адамзат қоғамы солай қарай шұғыл бұрылып бара жатқанын он ғасыр бұрын өмір сүрген Фараби баба да алдын-ала сезген сияқты. Сезіп қана қоймай, көптеген трактаттарында таным, түйсік, өре, қысқасы, интеллектіліктің маңыз-биігін алдымызға тарта кетуге асыққандай. 

                                                               ***

Осы орайда, қазіргі таңдағы адам интеллектісінің жаңа сатысы – жасанды интеллект туралы жан-жақты ойланбай болмайды. Бұны орысша – искуственный интеллект деп қабылдадық. «Искусство» сөзі біздің тілімізде әртүрлі синониммен аударыла береді. Алайда интеллектіге байланыстырылған кезде «жасанды» деу мағыналық тұрғыдан дәл келіп тұр ма? Искусство – өнер, өнерлеу, әшекейлеу, әрлеп көрсету, тағы басқа сияқты ұғымдарға да иық беріп кете бермес пе? Қысқасы, осы қазақша атауды да көп болып ақылдасып қойсақ қалай болады? 

Әлбетте, жаңа замандық ақыл-ой дамуының әсерімен «өмірге келіп» отырған жасанды интеллект керек пе, керек емес пе деп сұрақ қоюдың өзі орынсыз.  Оны қаласақ та, қаламасақ та, замана ағымы өзі талап етіп отыр. Біз Құлтемірден (Робот) әлдеқашан өтіп кеттік. Құлтемір – белгілі бір тапсырмаларды ғана орындауға қауқарлы. Одан әріге бара алмады. Оның себебі – адамзат кісі ағзасындағы бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе – қысқасы барлығының да жұмыс функциясын алмастыруға болатынын дәлелдей алды. Ал, ми ше? Ми қолдан жасап алуға келмейтін, қиын да ең күрделі адам органы екенін әлемнің барша ғалымдары мойындады. Сөйте тұра, бұл бағытта ізденулер мен талпыныстар ешқашан толастаған емес. 

Соның бір жемісі – жасанды интеллект! Бұл бізге не береді? Қандай игілігі бар? Жасанды интеллект арқылы  адамның еңбек өнімділігі мен еңбек сапасын арттыруға һәм уақыт үнемдеуге қызмет ететінін сіз бен біз жақсы білуге тиіспіз. Қазіргі ғылым мен техника шырқау биікке көтеріліп, әбден дамыған уақытта мұның мол мүмкіндіктерін  адам игілігі жолындағы пайдалы іске жұмсауды ойластырмау, әрине, ақылдылық бола қоймас еді. 

Жасанды интеллект (Artificial intelligence - AI) - жеке тұлғаның интеллектуалды ақыл-ойын керек ететін тапсырмаларды орындауға қабілетті бағдарламалар мен жүйелерді құрастыра алатын  технологиялық құрал. Ол-   жоспарлау, сөйлеу, тану, қабылдау және басқаларын қоса алғанда, есептерді шешуді имитациялауға және талдауға  жол аша алады. Жасанды интеллектіні   қолдану  арқылы көптеген салалар бойынша жұмысты жеңілдетуге болады. Атап айтқанда: күнделікті тапсырмаларды  (хат жазу, жауап беру, ескерту, алғыс хаттар) автоматтандыру; бизнесті жоспарлау және талдау; байланыс және клиенттерге қызмет көрсету; медициналық диагностика; білім саласын жетілдіру, т.б.   Жасанды интеллект  арқылы, әрине, қай саланы да  автоматтандыруға болатыны анықталады және автоматтандыру үшін үлкен мүмкіндіктер туады. Алайда, AI (жасанды интеллект) қолданған кезде кейбір болуы мүмкін ықтимал қиындықтардан алдын-ала сақтанып отыру да маңызды. Сосын да оның алгоритмдерін қатаң ұстану қажеттігі тағы бар.  Алгоритмдер - белгілі бір мәселені шешу немесе белгілі бір мақсатқа жету үшін орындалатын қадамдар немесе нұсқаулар тізбегі. Алгоритмдер деректерді өңдеуде, шешім қабылдауда және модельдерді оқытуда шешуші рөл атқаратынын ерекше атап айтуға тиіспіз.

Осы орайда тағы бір жағдаятты айта кету ләзім. Қазіргі ғалымдардың көрсетуінше - жасанды интеллект екі мыңға жуық тілде емін-еркін «сөйлеп кете» алады екен. Оның ішінде, әлбетте, қазақ тілі де бар. Жасанды интеллект бағдарламасына мыңдаған қазақ сөзі енгізіліп, айналымға түсіп отыр. Айтпақшы, сол екі мыңға жуық тілдердің арасында 10-15 ғана тілдің табиғи тазалығы мен маңызын жоғалтпай, толық жеткізуге мүмкіндігі бар екенін ғалым-зерттеушілердің өзі мойындауда. Ең қуанарлығы, сол санаулы тілдер тобына мына сіз бен біздің төл  тіліміз – қазақ тілі бар болып шықты. Қазақ тілі жасанды интеллект қолданысында қате жібермейді, дұрыс сөйлейді, анық оқиды, таза жеткізе алады. Бұл деген не? Демек, қазақ тілінің болашақта кеңінен дамып, (жойылып кете ме деген қауіп сейіліп), өркениетке ілесіп, қанатын молынан жая түсетініне деген зор сенім ұялатады кеудеге.

Дей тұрғанмен, бұл бағытта да ескеруге тиіс һәм ойланар тұстары бар екенін жасыруға болмайды. Жасанды интеллектінің мол мүмкіндігі бар деп қанша қуанып, қалпағымызды аспанға атып жатсақ та бір нәрсе  әрдайым есте сақталуы әбден керек. Нақтылап айтар болсақ – жасанды интеллект тек адамзаттың асыл арманы, ізгі мұраты  мен игілігіне  жұмсалуы ләзім, басқалай  «зиян әкелетін»  шаруаларға (адамдар арасында текетірестер тудырмай, қарым-қатынасты шиеленістірмей, т.б.)  қарай бұра тарту – өте қауіпті. 

Қазақ елінің Президенті Қ.Тоқаев Астанада өткен жылғы үлкен бір жиында жасанды интеллект орталығы ашылғаны жайында халқын хабардар еткен еді. Артынша, оған басшылық жасайтын жаңа ресми орган – Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылғаны да белгілі болды.  Қысқасы, жаңа заманның жаңаша жұмыс істейтін орталығы енді өз жұмысын мүлтіксіз орындайтынына сену ғана қалды. 

                                                             *** 

Мақала соңында тағы да бірер  маңызды мәселеге көңіл аудара кетуді жөн санаймыз. 

Ғылымның сан түрлі  салаларын оқып-үйрене жүріп,  артына көнермес мол рухани мұра қалдырып кеткен Әбу Насыр Мұхамед Әл-Фараби ат-түрки жайлы осы кезге дейін аз жазылмаса да, жылдар өткен сайын әр қырынан тануға тағы да құштарлық туындап  отыр. Неге?  Оның басты себебі – бабаның өз заманында «қолды» боп кеткен рухани мұраларының  (жалпы саны – 150 мен 200 арасында) біртіндеп табылуы және айналымға қосылуы. Бұл бағытта әлем ғалымдарын былай қойғанда, қазақ оқымыстылары да соңғы жылдар бедерінде өнімді еңбек етіп келеді. Кезінде фарабитану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Ақыжан Машани, Ағын Қасымжанов, Мұқаш Сейсенбаев, Құбығұл Жарықбаев, Ауданбек Көбесов, Әбсаттар Дербісәлі, т.б. ғалым-зерттеушілеріміз болса, осы сара жолды кейінгі буын ғалымдар да жалғастыра алды. Олардың ішінде Жақып Алтаев, Пірімбек  Сүлейменов, Айдана Хаван, Гүлжиһан Нұрышева, т.б. бар. Бір шоғыр жас ізденушілер фарабитану мәселелерін тереңдеп зерделеп, ғылыми атақ алуға қам жасап жүргенін тағы да айта аламыз. 

Отырарлық ойшылдың туған жері, өскен ортасы һәм алғашқы ғылым жолындағы қадамдары туралы келелі сөз қозғалып, көптеген дау-дамайларға нүкте қойылған да сыңайлы. Көне Отырарда сауатын ашып, кейінірек осындағы шағын медреселердің біріне өзі де дәріс (А.Қасымжанов, Мұзафар Хайруллаев, Әбсаттар Дербісәлі, т.б. жазбасында) бергені де енді ешқандай таласқа жол бермесе керек. Алайда артында қалған мол мұрасы – трактаттарының кейбірі «тартысқа» түсе беретіні де рас. Фараби-ғұламаның соңғы жылдарда ерекше атала бастаған еңбектерінің ішінде қайырымды қала туралы, мемлекеттік қайраткердің мінез-құлықтары мен этикасы жайынан жазылған трактаттарымен қабат адамның ақыл-ойы мен парасаттылығы һәм  интеллектісі жайындағы жазбалары маңызды орынға ие. Адам парасаты мен интеллектісі  қай сала бойынша зерделенгені мақұл? Философиялық тұрғыдан ба, жоқ психологиялық тұрғыдан ба? Оның  еңбектеріне назар аударсақ, бір байқалатыны – қайсыбір трактаттарын алсаңыз да, отырарлық ғалым грек ойшылы Никомах перзенті Аристотельге соқпай өтпейді.  Мысалы, оның « Философияны үйренуге дейінгі алғышарттар туралы трактат» еңбегінде философияны меңгеруге дейін тоғыз түрлі әрекетті атап келеді де, бір тұсында «...Философияның кемеліне жету мақсатындағы тұлғаның соған жету жолындағы» тынымсыз еңбегін атай отырып, бұл ретте кісінің интеллектісі атқаратын міндетті анықтап айтады. Сонымен бірге «...Философияны меңгерген тұлғаның қандай жағдайда болуы керектігін» де салалап айтып, соңын парасат пен интеллектіге әкеп тірейді. Демек, Фараби бабамыз қандайда бір интеллектуалды ой өрбіткен кезінде, ақыл кенін философиядан іздеп, алдыңғы лектегі ойшылдар еңбегін алдына бағдар етіп  салып отырған. Олар – Сократ, Платон және Аристотель. 

Жалпы, Фараби-ғұлама  адам мүмкіндігі мен өресі (интеллект) хақында бірнеше трактаттар тудырып, оны сол замандарда зиялылар назарына ұсынғанын мынадай еңбектерінен байқай қиын емес. Әсіресе, «Ақыл мен ғылым туралы», «Адамдардың танып-білуге ұмтылуы», «Интеллект сөзінің мәні туралы», «Дін туралы», «Жан туралы», т.б. секілді еңбектері ерекше орынға көтеріліп отыр. 

Осынау бір шоғыр еңбектерін қайталап айта  отырып, біз ойшыл ғалымның интеллектіге қатысты ой-тұжырымдарына  қайыра назар аударғымыз келеді.  Ортағасырлық ойшыл бұны өте жақсы түсінген және өзінің трактаттарында мейлінше тереңдете жазған. Айталық, адам интеллект арқылы «қоршаған ортаның заңдылықтарын меңгеруге және бағалауға қабілетті» бола алатынын атап көрсетеді. Сол заманның өзінде-ақ адам интеллектісі «барынша маңызды қызмет атқаратынын» еске сала отырып, оның болашақта дамитынын һәм жетілетінін де батыл  болжағанын байқаймыз.  Интеллект – негізінен алғанда, кемелденудің «негізі көзі екенін» тілге тиектеген.   Фараби жазады:  «...адам ең жоғарғы кемелдікке жету үшін оның мінезі мен табиғаты және әрекеттерімен бірге тағы практикалық және теориялық ойлау күштері қажет...».

Осы ойды одан әрі тереңдетіп, өз жазбаларының тағы бір тұсында былай дейді:  «...Егер адам өмірінің мақсаты бақытқа - ең жоғарғы кемелдікке - жету болса, онда ол қабілетіне сәйкес  соған жетуіне көмегі тиетін нәрсенің бәрін алуы тиіс...». 

Ортағасырлық ой жүйрігі өзінің «Адамдардың танып-білуге ұмтылуы» деген трактатында адамзатқа тән екі жағдайды көрсетеді. Олар: 1.табиғаттың өзінен қабылдап  алғаны; 2. Өз ойы мен қабілетіне сәйкес жинағаны. Осыны көрсете отырып, адам «табиғаттан алғанын өз ақыл-парасатымен (интеллектісімен) әрі қарай дамыта» алса, онда ілгерілеу мен даму болатынын айтады. Бұл ретте адамға тән қасиеттер көбіне-көп  «талқылау мен зерделеу» бағытында жүріп отыратынын да бағамдайды.

Адам интеллекті, Фараби айшықтап көрсеткендей, уақытпен дамып, барынша жетіліп, замана ағымына ілесіп жүретіні белгілі болып отыр. Кейінгі замандар бедерінде интеллект ұғымына ғылыми тұрғыда баға беріліп, оның түрлері де анықтап жазыла бастады. Айталық, қазір біз интеллектінің мынадай түрлерін атай аламыз: 

 – Абстратылы интеллект;

– Нақты интеллект;

– Қарапайым интеллект; 

– Жасанды интеллект, т.б. 

Осылардың ішінен қазіргі кезде жасанды интеллектіге баса назар аударылып, тұрмысымызға бойлап еніп бара жатыр. 

Бірақ, бұл  бағытта да ескеруге тиіс һәм ойланар тұстары бар. Енді сол туралы бірер сөз. 

Біріншіден,  жасанды интеллект тек адамзаттың асыл арманы, ізгі мұраты  мен игілігіне  жұмсалуы ләзім, басқа бағытқа қарай бұра тарту – өте қауіпті.

Екіншіден, жасанды интеллект барлық уақытта адамзаттың ақыл-ойынан асып түсіп жатады деген «қасаң ұғымнан» сақ болған дұрыс. Жасанды интеллект – сіз бен біз жеткен  қазіргі  ой биігінің жиынтығы есепті. Ал, «адам миының шексіз  мүмкіндігі» (Бехтерев) жасанды интеллектіден әлдеқайда жоғары. 

Үшіншісі – қазіргі заман жастары тек қана ЖИ мүмкіндігіне арқа сүйеп кетіп, «ой жалқаулығына» бой ұрмаса екен дейміз. 

 Біздің ғасыр – ғылым мен техниканың кең дамыған ғасыры екеніне дау жоқ. Ал, енді өміріміз бен тірлігімізге жасанды интеллект бойлап енер болса, оның мәні мен маңызын ерте кезде-ақ бағамдап, терең мағыналы трактаттар түзген Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби есімі де құрметпен аталып, әрдайым ескеріліп отырғаны жөн болар еді. Фараби-ғұлама, қалай десек те,  ұлтымыз тарапынан ондай ықыласқа ылайық дана тұлға! Оның он ғасыр бұрын жазып кеткен ойлары күні бүгін де өз мәнін жойған емес. 

Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби былай деген: «...Адам толығымен дамып-жетілуі үшін ол көптеген нәрселерге тәуелді. Себебі ол барлық өзіне қажет нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды, әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан адам өзінен басқа адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы және басқалардың жоғын тауып беруші болып келеді...»

Ғұлама бабаның  көрегендікпен айтқан осы тұжырымды ойына алып-қосарымыз жоқ! 

                                                              ***

Біз  атақты грек философы Никомах баласы Аристотель бастап, Мұхамед перзенті - Фараби бабамыз жалғастыра, теориялық тұрғыда жіктеп жазып, өсиеттеп кеткен «потенциалды, актуалды һәм әрекетшіл» интеллектіні енді «ізгілікке қызмет жасау  бағытына бұрып» (жасанды интеллект арқылы) жатқан болсақ, оны тек қана қолдау керек болар. 

Жалғыз ғана тілек – жасанды интеллект біздің онсыз да «жалқаулықты жөн көретін» (Дулатов) халқымызды онан бетер жалқауландырып жібермесе екен дейміз. 

Айта кетейік, мақаланың бірінші бөлімін мына жерден оқуға болады. 

  Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan