Халық деген керемет бір күш бар-ау. Оны кейде «тобыр», «өресіз», «кім не айтса, соған ереді» деп түрлі анықтауыштармен айыптап жатамыз. Бірақ халықтың пікірі – тарихтың безбені, қылтанақтай қиянат жасамай, дөп басады. Халық дегеніміз – кейбіреулер айтып жүргендей бір өңірдің ғана тұрғындары емес, ол жалпақ жатқан даланың әр бұтасын паналап, аптап пен желге тотығып, күнінен бұрын ажарын әжім жеген қазақтар. Әншейінде бастары да, ой-пікірлері де бір жерден шықпай пышырап жүреді деп өзіміз кінәрат артып жүретін қазақтар. Осылай, шашырап жүріп күн кешкен халықты Жердің тартылыс заңындай бір арқада түйістіріп көзге керінбейтін күштермен матастырар, бірі-бірін сағындырар, жоқтатар құдірет - алтын қазық тұлғалар. Халқымыздың тарих шежіресіне көз салып қарасақ, осындай алтын қазық тұлғалар елдің рухани бірлігі мен тірлігін сақтап қалған.
Мұқағали Мақатаев - қазақтың рухани өмірінің алтын қазықтарының бірі. Тарбағатай мен Атырауда, Баянауыл мен Қазығұртта жүрсе де, қазақ атаулы желісіне үйірілген құлындай Мұқағали жырымен табысып, шұрқырасып жатады.
«Радионы ашсаң - Мұқағали, газет-журналды ашсаң - Мұқағали, мезі қылардай көп айтылып кетті» деушілердің де әр жерден төбесі көрініп қалып жүр. Бұл - қызыл көз Қызғаныштың шаншуы, Құрманғазыньщ күйлері немесе Ақанның әндері бүгінгі композиторлардың ешқайсысын аласартпайды; қайта, сонау көз ұшында өзінің сәулесімен көңілін жаулап, керемет әуендер туғызуға ұмтылдыратыны секілді, Мақатаев поэзиясы да ешбір ақынның жыр әлеміне, ешбір жазушының романдар қоржынына найзағайын түсірмейді.
Мұқағали жыры арқылы халықтың өрісі мен абыройы биіктейді, ал халқының мәдени деңгейімен Мұқағали да құдіреттене түседі.
Ақын - жаны жараланғыш нәзік, әрі тәкаббар түлға. Бірақ шын ақын жаратылысынан қаншама өзімшіл, мен-мен болғанмен, өзін кіші сезінетін, алдында қорқатын, сескенетін бір ұлы күш болады. Ол – халқы. Мұқағалидың ұлылығы сол – ол халық деген құдіреттен үнемі жүрексінеді. «Мені ұқпадықтар, аяламадыңдар» деп, ақын перзент Ана-Еліне бұлданбайды, зілденбейді.
Туған халқым!
Қатемді кешір менің?
Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім.
Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген,
Көлдер менен тауларға көлбеңдеген.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем,
Жетім қалған қозыға жем берген ем…
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген?
Қазақ даласының еңкейген кәрісі мен еңбектеген сәбиіне дейін ақын жырларын қасиетті бойтұмардай қастерлесе, мұндай ақыны бар халық - бақытты халық!
Мұқағали туралы, оның поэзиясы хақындағы алып-қашты әңгімелер туралы ойласам, көз алдыма бір көрініс келе қалады...
Мұсылман жұртының кие тұтар асыл заттарының бірі - күмістен соғылған бұйымдар. Анамның көзіндей күміс білезік әлі күнге түсін жоғалтар емес; ылғи қолыңа салып жүрсең, жарқырай береді. Ол анамның анасының Кейкі ауылына келін болып түскенде салып келген білезігі екен. Бұдан 7-8 жыл бұрынға дейін ондай білезіктерді салу ерсі көрінетіндіктен, ескі сандықтың түбінде жатып-жатып, қоңырайып, тіпті күмістен гөрі қолаға ұқсайтын. Оқта-текте шығарып, топырақпен ысқылап сабындап жусам, бұлт арасынан шыға келген күндей жарқ ете қалады. Ұстаған сайын ажарлана түсетін, ешқандай қоспасыз шынайы таза асылға ғана тән қасиет болса керек. Жаратылысынан адал, таза адаммен жолдас болсаң, жыл өткен сайын, қасиет-қадірін сезінген сайын, қимастығың арта түседі.
Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы соңғы жылдары елдің аузында жүргені рас. «Әу» деп ән салатындардың бәрі дерлік Мұқағалидың сөзіне әуен шығаратыны рас. Көзі тірісінде есімі қалың жұртшылыққа бүгінгідей танымал болмағанымен, арамыздан өзі кетіп, көзі жұмылғасын, ақын жырлары су көрмеген құмайт даладай табиғилықтың бәріне сусаған халықтың тіршілік нәріне, күнделікті қорегіне айналды.
Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да, алдыңнан Мұқағали шығады: Австралияның не немістердің құйып қойғандай костюмін кимей-ақ, галстүгін тақпай-ақ, біресе сәбише шаттанып, ақ түйенің қарыны жарылғандай ақ жарқын, бірде қайғысын қара жер де ауырсынардай кейіпте, енді бірде ақылы мен сезімін көзінен ғана ұқтырған сәл мұңдылау түрінде қарсы алдыңда қасқая қарап тұрғаны. Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді. Қатонқарағайда қалған қарындасының сағынышы ма, дауылы Махамбет боп дауыстаған құм Нарындағы ақын жанды бауыры ма, Асанқайғы аруанасының ізінен өнген Шардараның шарқ ұрған шағаласы ма, бұлттары өлең боп кеткен Оқжетпестің көк тасты қиясындағы қарағайы ма, әйтеуір бәрі Мұқағали болып сөйлейді. Мұқағали болып ән салады. Бұл – біреудің бұйрығымен немесе жарлығымен келер ықылас емес. Бұл - атағымды шығарам деп қол жиып, елдің мұңын айтқансып көсемситіндерге тән жалған даңқ, жалтақ абырой емес, - халықтың бойына сіңіп, қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей сызаттан келген тынысыңды кеңейтер ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген де осы.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.
«Мұқағали анаған да, мынаған да арнау өлең жаза беріпті және альбомдық жырлар» деген бірен-саран пікірлерді де естіп жүрміз. Мақатаевтың арнау өлеңдері біздің көбімізде кездесетін пәленше елуге, түгенше жетпіске келді деген арнаулардан мүлде бөлек, тіпті әдебиетті зерттеуші ғалымға диссертациялық материал болардай. Біз /ет пен сүйектен жаратылған өзге ақындарды айтам/ арнауларымызда пәленше мен түгеншені мақтап-мадақтап отырып аламыз ғой, ал Мақатаевтың арнау өлеңдері - тұнып тұрған өмір, тағдыр, сезім.
Пәленшеге арнағаны әншейін өлеңнің бас киімі ғана, ішкі жан әлеміне үңіліп қарасаң, қаны сорғалаған шындық. Кез-келген ақын ат ізін сала бермейтін тіршіліктің шындығы. Мысалы, ақынның «Шәмілге жазған хаттардан» деген топтамасын қараңызшы!
Ойласам, талай-талай қырды асыппын,
Досым деп доңызбен де мұңдасыппын.
Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен! Шын ғашықпын!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдіргенім – бүлдіргенім.
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп қарауға да үлгірмедім...
Қанша сезім, қаншама шынайылық! Бір өлең емес, романға жетер өмір. Жанарынан жайдың оты шашырап, ебедейсіз ақынды табындырған Қыз бейнесі де көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады.
Махаббат бүгін тағы қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады,
Шәміл-ау, білесің бе –
шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Махаббат менен кеткен,
бөлекте жүр.
Мен де бір – жанып түскен терек те бір...
«Әбділдаға» деген өлеңнің де әр шумағы – суретпен салған ескерткіш.
Сөйлесең, бурадайын, лықып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Мұқағалиға деген бүкілхалықтық махаббатты көре алмайтындар, көрсе де көтере алмайтындар арасында: «Мақатаевты тірлігінде еленбеді деп мүсіркей берудің керегі не?» – дегендей пікір айтушылар да бар. Ақын өзінің «Ғабаңа» (Ғабит Мүсірепов) деген өлеңінде:
Біреулер келекелеп, жыртаңдайды,
Түбінде құртса мені, құртар қайғы.
Алайда жырларымды жырта алмайды!
Менен де үміт күтіп туған елім,
Мен-дағы үмітпенен туған едім,
Мас болған өлеңіне бір жан едім,
Ғабеке, айтыңызшы мыналарға
Маңдайынан сипап, аялап ардақтаған орта болса, Мұқағалидың осынша таусылып шағынуы мүмкін бе еді? Біздің қоғамдағы, оның ішінде қазақ топырағындағы жақсыны да, орташаны да, жаманды да қалыпқа салып, бір өлшеммен өлшеу - өзгелерден гөрі жаны азаптанғыш, өзгелерден гөрі сезгіш те сезінгіш, осындай жаратылысының салдарынан басын тауға да, тасқа соққыш келетін ақын үшін азабы мол тірлік іспетті қасірет. Қай саладағы болмасын ұлы суреткерді ұнтақтаудың ең бір тиімді әдісі - осы теңгерме тірлігіміз, текті мен тексізді қатар тұрғызып қойып, соңғысын сұңқар деп, алдыңғысын мылқау деп, мән бермейтініміз.
«Мұқағали, халің қалай? Үй-жайың бар ма? Не жазып жүрсің?» - деп, тым болмаса, ақынға бір рет телефон соққан басшы болды ма екен? Болған емес. Әйтпесе:
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан, мынау атың, мін» - демей,
секілді жыр жазылар ма еді?
Шиеттей балаларымен екі бөлмеде сығылысып өмір кешкен ұлы ақын төрт-бес бөлмелі үйде тұрып, жұрт мініп жүрген машинаны мінгісі келмеді деймісің. Ер-тұрманы бүтінделмей өткен Ақынның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғаны да, мүмкін, жан қуанышының аз болғанынан шығар?
Кетем бе деп қорқамын
өз отыма өртеніп, -
деуі де айтыла салған тіркес емес сияқты.
...Мақатаев поэзиясына қызғаныш жүрмейді.
Мақатаев – ру мен жүз шеңберіне сыймайтын, ұлттық тұлға.
Мақатаев поэзиясы – жыр түсінер, көңілі сергек оқырманның елі, Отаны. Ол елде ешкім ақыл үйретпейді, мораль оқымайды, пәлсафа соқпайды, ол қайраткер болам деп ала шапқын өмір кешіп, ақ тер-көк тер болмайды, ол тек сезімімен сурет салады. Суреткердің жаратылыс маңдайына жазған еншісі де сол. Бір кездесуде маған жас жігіт сұрақ жазып беріпті: «Апай, Мұқағали Мақатаевты қайраткер деп санайсыз ба? Егер қайраткер болса, халық үшін не істеді? Ініңіз Қайрат...»
Мақатаев – қазақ халқының ұлы қайраткері. Өз оқырманын, өз ұрпағын рухани тұтастық пен адамдық тазалыққа, намыстылық пен адалдыққа тәрбиелеу – қайраткердің қайраткерінің қолынан ғана келетін іс. Қайраткерлік аурухана немесе кітапхана салумен өлшенбейді.
Әр суреткер - қайраткер. Суреткердің халық үшін істегені - оның өлмес творчествосы. Творчество адамына ананы істемедің, мынаны істемедің немесе депутат бола алмадың деп кінә тағу - күнә. Сондықтан әр ұлтта оқта-текте бір туар бірегей талантты адамды, суреткерлік қасиеті болмаса да, қолынан іс келетін кез-келген азаматтың орнына отырғызып қоғам механизмінің әр шегесін шұқытып қою - тарихтың алдында қылмыс. Ұлт қамын ойлайтын қоғамда бірегей таланттың бойындағы кез-келгенге қона бермес киелі қасиетті өз арнасында шығаруға мүмкіндік жасайды. Талантқа көрсетілер қоғам қамқорлығы деген осы. Мұқағали Мақатаев ақынның көре алмағаны да - осы. Шығыстың ұлы ақыны Қожа Хафиздың:
«Ақыны Патшасын іздесе көргені елдің сор болар.
Патшасы Ақынын іздесе бақытты халық сол болар,
- деген жолдарын қоғам тізгінін ұстаған әр азамат есігінің маңдайына, кабинетінің төріне іліп қойса ғой деп ойлаймын.
Адамдар бір жылы сөз қимағасын,
Жаным-ай, несіне сен қиналасың,
Жаным-ай, сыйламаса, сыйламасын.
Өтсе,
Өтсін
басыма бақ бұйырмай,
Тіл кесілмей, тұрса екен жақ қиылмай.
Енді менің күнелтер жағдайым жоқ,
Шығыршықта айналған ақ тиындай...
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп дымым құрып жүр... -
деген жолдар ішкені алдында, ішпегені артында, үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген, төрт жағы құбыла адамның көкірегінен шықпаса керек.
Мақатаевтың тағы бір ерекше қасиетті - ол өзінің тауқыметті тұрмысына, жалғаннан жай таппаған жан дертіне қоғамын, халқын, әдеби ортасын кінәламайды. «Мен данышпанмын, сендер ақымақсыңдар» деп әкіреңдемейді.
Әйтеуір, кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген, -
деп жекелеген шенқұмар «сыншыларға» оқта-текте ғана ренішін білдіреді. Қала берді, өзін айыптайды. Мұхамбет пайғамбар да жаратылыс берген өз қасиетін өзімдікі демей «Алланың сөзі, мен тек сол сөздерді халқыма жекізушімін» деп ұғынған ғой.
Әдебиетшілер арасында «Мұқағали өлеңдерінің басы жоқ, аяғы жоқ - алқа-салқа» деген пікір айтатындар да ұшырасады. Әр өлең - өмірдің қаны, жаны, маңдай тері мен көз жасы, қуанышы мен дірілі бар өмірдің қиындысы. Өмір - теңіз. Оның бас-аяғы болмайды.
Екіншіден, бас-аяғы бар өлең - өлең құрастырғыштардың өнімі. Мұқағали - өлең жасамаған, өлеңді толғатып туған... Аяғы ауыр ана құрсағындағы сәбиін босанады. Мұқағалидың әр өлеңі - халық перзенті. Оған қарасың, сарысың, көзін баданадай емес деп айып тағу орынсыз.
Мақатаев поэзиясы - мезгілмен бірге жасайтын ескерткіш. Ол поэзияның туған мекені - ақынның жан дүниесі.
Мұқағали ақын арамызда жүрсе, биыл алпыс жасқа толған болар еді. Қазақ республикасының түкпір-түкпіріндегі үлкенді-кішілі ауыл, қаланың бәрі қой жылын Мұқағали Мақатаев поэзиясының жылына айналдырып жіберді.
Бұл той қазақтың қай аймағынде өтсе де жарасымды. Өйткені бұл - халқымыздың рухани байлығының салтанаты. Алайда арнайы той ақынның кіндік кескен топырағы - Алматы облысының Райымбек ауданында, қазақ атаулы бес саусағындай білетін Қарасаз, Шалкөде жайлауында өткізілмек. Ақын тойы қарсаңында Алматы қалалық кеңесі астанамыздағы бұрынғы Пастер көшесін Мұқағали Мақатаев көшесі деп атау туралы шешім қабылдады. Райымбек ауданындағы Энгельс колхозы да енді ақын есімімен аталатын болады. Сонымен қатар ауданда және астанамызда екі қазақ орта мектебі ақын есімімен аталу мәртебесіне ие болады. Қарасазда Мақатаев музейінің құрылысы аяқталып, той салтанаты басталар күні есігі ашылмақ...
Мұның бәрі Ақынға деген халқымыздың ықылас, құрметі. Ендігі жерде Ақынның өзіне қажеті болмаса да, тірілер үшін, әдебиетіміз үшін қажетті құрмет.
Алайда, осы орайда айта кететін ойларымды да бүгіп қалғым келмейді.
Мұқағали арамыздан кеткелі тарих тегершігі он бес жыл айналыпты. Халқымыз он бес жыл бойы Мақатаев кітаптарын іздеп оқумен келеді. Қазір қазақ топырағындағы ең сұранысы, іздеушісі көп ақын - Мұқағали Мақатаев. Ал оның кітаптарын бір том, бір жинақ етіп, соқыр көзден шыққан жастай тамшылатып шығарудамыз. Ақынның толық шығармалар жинағын жүз мың данамен шығарсақ та, исі қазақ қандай көтеріңкі бағамен де сатып алары күмәнсіз. Алты-жеті жылдан жыр қылып жүріп әрең дегенде жоспарланған үш томдықтың бірінші кітабы он екі мың данамен ғана шыққалы отыр.
Бұл – кітап шығару саласындағы жоспарсыз, жүйесіз, халықтың сұранысына мән бермейтін құлқымызды тағы да көрсетіп отыр. Қазақ тіліндегі кітаптардың тиражын проза болса, отыз мыңнан, поэзия болса он мыңнан асырмайтын ауру әлі жазылмай келеді.
Мақатаев шығармаларының бес томдық толық жинағын күнілгері жазылуға мүмкіндік беріп, ұялмайтын тиражбен шығару – парыз. «Алпыс жылдығын өткіздік, енді жетпісіне дейін тізгінді тарта тұрайық» деушілер, құдайға шүкір, табылады.
Мақатаев сынды ақынның толық жинағын шығаруды келесі ғасырдың үлесіне қалдыруға болмайды.
Екіншіден, Мақатаев поэзиясы – бүкіладамзаттық әдебиеттің алтын қорына енуге тұрар қазына. Әңгіме қалай болса солай аударып, орысша кітабын шығаруда емес. Мақсат – лайықты, ең болмаса, өз деңгейіне жақындайтын талант тауып аударту.
Үшіншіден, Мақатаев творчествосы - әдебиеттану, тіл ғылымдарының саласында қаймағы бұзылмаған тақырып. Біздің әдебиет, тіл ғылымы институттарымыздың ғалым басшылары бұл жәйды ескерулері керек-ақ.
Бұдан жеті жыл бұрын Мақатаевқа Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығын беру жайлы Бексұлтан Нұржекеев екеуміз шарқ ұра жүгіріп, талай басшының босағасына барып, ештеңе шығара алмап едік. Биыл алпыс жылдық салтанатын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы – төрағасы Қазақ ССР Спорт және Жастар жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары Шәріп Омаров – Мақатаев творчествосына Мемлекеттік сыйлық беру туралы Республика үкіметіне ұсыныс жасады. Меніңше, Мұқағали Мақатаевқа Халық жазушысы атағын беру келістірек секілді.
Сөзіне ән көп жазылған ақындардың бірі – Мақатаев. Күйтабақ шығаратын «Мелодия» фирмасының басшылары Мақатаев творчествосына арнап 2 күйтабақ шығарғаны жөн. Бірі – көркемсөзді өзі шебер оқыған өлеңдері де, екіншісі – ақынның сөзіне жазылған әндер күйтабағы.
Көзі тірі ақындар мен әнші-күйшілер өз күйтабақтарын шығару үшін табандарынан тозып он мыңнан артық тираж беретіндігі туралы алдын ала мөр басылып кепілдеме беретін облыстық сауда мекемелерінің жөні түзу басшыларын іздестіруде. Қай ақынның творчествосын халық қалайды, сол сұранысқа қарай өздері жоспарлап, өздері шығарудың орнына жоғарыда айтылған екі мекеменің екі әтешті төбелестіріп қойып, өздері содан ләззат алғандай рахаттанатын ауыл балалары секілді, ақындарды, әншілерді саудаға үйрететін құлықтарына мәз болып отырған сыңайлары бар.
Мұқағали өзі келіп заказ бер деп сұрамайды. Сауда орындарында іні-сіңілілеріміздің арасында өздері біліп істейтін сұңғыла көкіректердің болуына күмәнім бар. Сондықтан «Мелодия» фирмасының республикалық бөлімшесі мен Күйтабақ үйінің басшылары бұл жұмысты өздері жоспарлап, өздері реттегендері жөн.
Ол күйтабақтарды да, Мұқағалидың үш томдық жинағын да осы тойдың алдында шығарып, елді де, ақынның аруағын да ризалауға әбден болатын еді. Бірақ біздің баспа басшылары қағаз жоқ дегенді желеу етіп мынандай қытымыр заманда «том-том боп дүкендерде тұратын» өз шығармаларын, өздерінің алдына барып, үпит-сүпитпен тіл табысатындардың шығармаларын шығарудан аса алмайтындығы о бастан белгілі жай. Осы жолы да сол өрелерін көрсетті.
…Қарасаз аспанында шаттық шарықтайды. Шалкөденің шолпылы арша-шыршаларына дейін елеңдеуде. Әншейінде бұлыңғыр тартып, кез-келген жанарға іліне бермейтін қасиетті Хан-Тәңірі тәкаббар кеудесімен көк тіреген күйі баурайынан тараған асқақ үнге күлімсірей, сүйсіне құлақ түре қалғандай.
Қанаты күн сәулесімен шағылысып көк аспанға өрлеген шаңқай құс шамырқана шырқап барады. Алысты меңзейді. Кеудесінде күрсіністер мен көлеңкелері мол Жердің мұңды да асқақ әуенін мәңгілікпен жалғайтындай.
Иә, мәңгілікпен!..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.