Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры желтоқсан айының 17, 18 жұлдызында көрермен назарына «Ақ кеме» (авт: Ш.Айтматов) спектаклінің премьерасын ұсынады.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының айтулы шығармасы балалар мен жасөпірімдер театрының репертуарына лайықты туындылардың бірі әрі бірегейі. Спектакльдің режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Лилия Хисматуллина, хореограф – Анна Цой. Спектакльдің жанры – траги-әфсана. Тек отандық төл туындыларды ғана емес шетелдік шығармаларды сахналаудың хас шебері, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан, халықаралық «Островский-FEST», «ӘБІШ ӘЛЕМІ», республикалық «Сын – шын болсын» фестивальдері сынды ауқымды байқаулардың жүлдегері атынып жүрген үздік режиссер Дина Жұмабаева үшін Ш.Айтматов шығармашылығы таңсық емес. Осыған дейін Мемлекеттік корей театры, қуыршақ театры сахналарында Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», «Ана – Жер ана» сынды туындыларын сәтті сахналаған режиссер аталмыш «Ақ кемеге» мүлде бөлек көзқарас, ерекше бағытпен келді.
Ұлы суреткердің «Ақ кемемен» өз әкесінің келетініне сенетін Бала туралы шығарма бәрімізге етене таныс. Төрткүл дүниенің бір бұрышындағы әсем табиғат аясында алты ересек жан мен жеті жасар баланың тіршілік етуі бізге ақ пен қараның, үміт пен үрейдің адам бойында мәңгілік айқасқа түсіп жататынын аңғартады. Баланың арманы ақиқатқа айналады ма әлде үміті үзіледі ме? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Күн шықса шексіз көкжиектерге дүрбімен қарап, кеш батса айдын көлге арман-қиялында «ақ кеме» салып, әкені аңсаумен, ана құшағына жарымай өскен баланың тағдыры мен көркем бейнесі көпшіліктің көңілінен айрықша орын алары анық.
Бала көзімен әлемнің қайғы-мұңына үн қосқан, аңызға бергісіз сахналық шығарманың премьерасы 17, 18, 20 желтоқсан күндері өтеді. Спектакль «Ұрпақ – өмір жалғасы» ұстанымына сай ата мен немере арасындағы нәзік жіп, ұлттық, халықтық тін ешқашан үзілмеуіне үндейді. Оны сақтап қалу, алтын көпірдің беріктігі – әркімнің өз қолында...
Жаңа қойылымда бой көрсететін әртістер қатарында көрермен көзайымына айналған ҚР Еңбек сіңірген артистері Гүлжамал Қазақбаева, Қадырғазы Қуандықов, сонымен қатар, театр өнеріндегі терең ізденістерімен көзге түсіп жүрген талант иелері Әсет Иманғалиев, Жанар Мақашева, Анар Адилова, Гүлбахрам Байбосынова т.б болмақ. Жаңа жыл алдындағы жаңа қойылым алматылық көрермендердің көптен көңілінде түйілген сезімдерін шығаруға сеп болары анық.
Театрдың баспасөз бөлімі
Байланыс номері: 8707 512 1998
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.