Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлманат Әуелxан: Ақ қайыңның жаңа атқан бүршігі е...

28.04.2019 5605

Гүлманат Әуелxан: Ақ қайыңның жаңа атқан бүршігі едім

Гүлманат Әуелxан: Ақ қайыңның жаңа атқан бүршігі едім - adebiportal.kz

Ақын Гүлманат Әуелхан 1980 жылы шілде айында Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің түлегі. Республикалық бірнеше мәрте жыр мүшайрасының жеңімпазы. Өлеңдері «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды», «Сезім тамшылары» сынды кітаптарға және «Қазақ поэзиясы» антологиясына енген. «Жүз өлең» жыр жинағының авторы.

***

Қуаныш- қайғы егіз дүние,

Аспанның неге суық қабағы.

Толқыған мынау теңіз дүние,

Ішінен ғана тынып қарады.

Жалғанға мынау налып жүдедім,

Медет етемін жалбыз жырымды.

Күрсіне берді нәзік жүрегім,

Есіме салып жалғыздығымды.

Шығады екен жаңғырық неден,

Құсамды жүрдім бұқтырып көп күн.

Ғұмырды біздер мәңгілік деген,

Жалған екенін ұқтырып кеттің.

Өмірді құлай сүйсем бе екен?!

Түлкідей қызыл құбылып тұрған.

Шарпылып отқа күйсем бе екен,

Көңілмен мынау суынып тұрған.

Бейтаныс біреу сұқпыты бөтен,

Барады шырқап әнімді менің.

Өмірдің шулы базары мынау,

Жаулап барады жанымды менің...

Дағдару

Кезбе бұлттар кеңістікте қаңғырып,

Қара таудан естіледі жаңғырық.

Тірлігіне пенделердің аярлық,

Аспан тұрды төбесінен паң күліп.

"Ақын болу" дейді біреу азап ұқ,

Адамдардан жоғалғанда тазалық.

Барғайбатын жасырмаққа тырысты,

Мынау әлем күлбеттеніп сазарып.

Өміріме силайтұғын зор бақыт,

Махаббатымды алдым неге қорлатып.

Жүрегімнің тасқа айналған мүсінін,

Тоғыз жолдың торабына орнатып.

Күлкім мұңға бара жатыр ауысып,

Бар шаттығын түн ұрлаған тауысып.

Махаббатсыз құшағында ғасырдың,

Жүрегі жоқ міскіндермен қауышып.

Алмас көңіл адалдыққа қайралып,

Асау сезім найзағайға айланып.

Күліп тұрды жүрегімнің жартысы,

Кемпірқосақ бұрымына байланып...

Бір жанып үміт шамым бір өшеді...

Қойнына қара түннің құлап тұрып,

Ағады сылдыр-сылдыр бұлақ күліп.

Мен сені жүрегімнен жұлып алып,

Жібергем әлде қашан лақтырып.

Мен сенің өртегемін елесіңді,

Сол сәтте егескендей жел есірді.

Сонан соң кеттің мүлде ойдан көшіп,

Сезгендей мендік бақыт емесіңді.

Арманым қадамыма гүл өсірді,

Жүрегім қайталайды бір есімді.

Бұлдырап сен түсіме енген кезде,

Бір жағып үміт шамын,бір өшірді.

Сезімім намысымды жеңе алмады.

Көңілім көлгірсуге көне алмады.

Жырақтап мен өзіңнен кеткеніме

Әйтеуір сендік көңіл сене алмады.

Құс секілді құба даусын құлатып...

Болашаққа біздер солай жол алдық,

Аппақ,адал сезімдерді обал ғып.

Бұлдыр-бұлдыр елестерді қуалап,

Бұйра-бұйра бұлтқа сіңіп жоғалдық.

Сезбеппіз-ау! Көктем ғұмыр өткенін,

Күтіп жүріп саралақаз жеткенін.

Буаз бұлттар қарындарын сүйреткен,

Ақ жауынаға айналып бір төккенiн.

Біздің солай екі айрылған жолымыз,

Тағдырдан ғой бағымыз бен сорымыз,

Қолын бұлғап әлсін-әлсін шақырған,

Сағынышқа толы күз...

Біздер мәңгі жолықпайтын шығармыз,

Көңілмен бiр толықпайтын шығармыз.

Үміттердің шамы калғып кеудеде,

Үнсіз қалып тынармыз.

Бұла-бұла сезімдерді обал ғып,

Қобалжыдық, коркынышка тоналдык.

Құс секілді құба даусын құлатып,

Құрақ-құрақ бұлтқа сіңіп жоғалдық...

Жетпеген арман

Ұяң бала,қалды ауылда ұяң қыз,

Ұмыт болған тәп-тәтті бір қиялмыз.

Тұншықтырған жөргегінде сезімді,

Балалықтың бал елесін жиярмыз.

Қызуы мол көңілдегі көктемнің,

Шеңберіне енді қалай сиярмыз.

Өзің жаққа жырдың құсын ұшырып,

Шығыс таудан қол бұлғайды шынар қыз.

Жеткізбеген арман үшін аһ ұрып,

Енді қашан есімізді жиярмыз...

Қалтырайды, сосын бейбақ жүрек көп,

Сұм тірліктің енді несін жыр етпек.

Жанарымнан шашыраған жұлдызды,

Кірпіктерім арасына Түнетпек.

Қазы қайтқан қоңыр күзде кім келіп,

Көңілімнің гүлзарына гүл екпек,

Тауға, тасқа ,ұрған өмір бір кезде,

Соққан шақта тағдырымда бір өкпек...

Үнсіз ғана жүрегіммен тіл қатам,

Мендегі сол бір әдемі тілек тек.

Мен біреудің бүтіндедім жартысын,

Сен біреудің тағдырына тірек боп.

Бірақ жиі мазалайды жүрек тек...

Сол баяғы үнсіздік...

Өр рухым аспанға ұшып өрледі,

Сүлдерімді көзге ілместен жердегі.

баяны жоқ бақыттарға бағынған,

Адамдардың бәрі қандай шерлі еді?

Тіреусіз көк күліп тұрды мысқылдап,

Тағдырларың кетпесін деп қышқылдап.

Ақын отыр өмір жайлы жыр жазып,

Қауырсынын жұлып алып құстың қап...

Түнгі дала тыныштықта мүлгіген,

Сырласымдай сезінуші ем түнді мен.

Қимылымды бағып үнсіз жар отыр,

Қабағымен қарап қойып бір күрең.

Кейде тірлік жібереді нұрсыз ғып,

Көңілдердің аспанына күн сыздық.

Біздің ғұмыр іштей ғана арбасқан,

Сол баяғы үнсіздік...

Мына өмір

Тегештегі отырғызған гүл сынды,

Аспан жақтан құйылатын нұр сынды.

Тым тұңғиық тұнып жатқан мұң сынды,

Мың қиялға бойлай берем бір сырлы.

Мынау өмір айтылмаған шын сынды,

Құмырадан атып шығар жын сынды.

Теңіздерді жұтып жатқан құм сынды.

Жұлдыздарды жалмап алған түн сынды.

Беделдерге құл боп кеткен саналар,

Бұл адамдар жасырды шын сырды...

Белгісіз бір бағыттарға жол алған,

Мына өмір арман сынды жоғалған.

Әулиелік жеріп кеткен секілді,

Мейіріммен махаббаттан тоалған...

Мына өмір...

Күз жылайды төгілтіп жапырағын...

Шырқамақ боп тірліктің батыл әнін,

Өксік толып көмейге аһ ұрамын.

Артта қалған жылдарға жоқтау айтып,

Күз жылайды төгілтіп жапырағын...

Күннің жарық нұрынан қуат дарып,

Түн жатады жұлдыздан шуақ тамып.

Жалған намыс,атақты тәрк еттікте,

Бойда жалғыз "Сенімді" құлатпадық.

Толғанбадық ел жайлі өте бердік,

Бұл далада көп аңыз,жетеді ерлік.

Біз ғұмырдың бүктеп ап күз,көктемін,

Мезгілдерге сый қылып кете бердік.

Арзан атақ,асқынып сасық даңық,

Қайда кетіп барасың ғасыр лағып.

Тіл астында тұншыққан бар шындықты,

Күй толы көкіректен жасырмадық...

03.09.2018

Көктеміне көңілдің шуақ шашқан...

Көктеміне көңілдің шуақ шашқан,

Басымды ием мен саған қуатты аспан.

Жүрегімнің түбіне жасырынған,

Қасиетті Тәңірім бұлақты ашқан.

Жыласам да, күлсем де қуат берген,

Шөліркеген жаныма суат берген.

Ризамын жаратқан бір өзіңе,

Жер Анамның төсінен тұрақ берген.

Өткен күндер мен сені сағынбаймын,

Шомылдырар шуаққа жанымды Ай-Күн.

Сарыала қаз саңқылдап кетсе ұшып,

Кетер бірге ілесіп сағым қайғы.

Өтті көктем, келді жаз күзіменен,

Жазғаным жоқ ешқашан ұзын өлең.

Тамылжыған табиғат жылап тұрды,

Қош айтысып ұзатқан қызыменен...

Сен!

Сыздап тұрған жүрекке жүрген шақта ем іздеп,

Терезеңе қонамын көгершіндей жем іздеп.

Сағыныштың азабы батқан шақта жаныма,

Буырқана толқиды қиял деген теңіз боп.

Сендік көңіл көгіңе шуақ болып себілдім,

Арғымағым қыр аспай қайта-қайта тебіндім.

Күйбеңі көп күндердің, илеуі көп күндердің,

Сүрлеуіне түстім де,

Күрмеуіне көмілдім.

Қапалақтап қар жауды, қыстың әкеп сәлемін,

Түнмен сырлас жүрегің тұңғиықтау жан едің.

Боз жусаны жанымның бұрқыратар жұпарын,

Боз даладай көрінер менің тылсым әлемім.

Селкеу түссе сезімге, шабытқа ерік беремін.

Жырдан іздеп табамын көңілімнің қорегін.

Жапыраққа да тіл қатып, атырапқа да тіл қатып,

Сені ойлаған шағымда жеңе алмайды МЕНІ ӨЛІМ.

21.11.2018.

Көңіл құсым...

Ақ қайыңның жаңа атқан бүршігі едім,

"Көктемнің күні маған күлші " дедің.

Өзіңсіз мына әлемді елестетсем,

Жабығып жан дүнием түршігемін.

Кетпеші жыраққа ұшып көңіл құсым,

Тұрағы жүрегімнің өзіңбісің.

Қалай ғана тоқтатам Тәңірім-ай!

Сен жаққа жетелеген сезім күшін...

Алтындай қап түбінде жарқыраған,

Өзіңсіз қалай ғана шарқ ұра алам.

Жарық күн шұғылаңды төгілдірші,

Жаныма көлеңкелі қалтыраған...

Бүгін сенің туған күнің екен ғой...

Бүгін сенің туған күнің екен ғой,

Өмір деген кейде тәтті шекер ғой.

Кей шақтарда мазалайды бекерге ой.

Жүрегімді құлыптадым кеудеме,

Босап кетсе ,саған ұшып кетердей!!!

Өлген үміт көзін ашып қабірден,

Жүрегімнің жарасына табылды ем.

Көкке қарап елесіңмен қауышам,

Тілдескендей Тәңірмен...

Кешірерсің асып кетсем әлімнен!!!

Бүгін сенің туған күнің екен ғой...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар