Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлмира Сүйекенова: Өлең жазу – өле алмаудың ермег...

20.10.2017 8155

Гүлмира Сүйекенова: Өлең жазу – өле алмаудың ермегі?!

Гүлмира Сүйекенова: Өлең жазу – өле алмаудың ермегі?! - adebiportal.kz

Бақыт деген...

Бақыт, бақыт...

Іздеп жүрген бір адам,

Бақытты өзі болып па еді тірі адам?!.

Бақыт дейді бір жолаушы балада,

Енді бірі таптым дейді даладан.

Бақыт дейді -қыз бен жігіт махаббат,

Сезімге еріп басы айналған қаталап.

Бақыттымын деді тағы бір адам,

Қуаныштан ұрттадым деп сырадан.

Өз нәпсісін жеңе алмаған әлсізден

Қашан ақыл сұрағам...

Бақыттымын деген кеше білімді,

Көп ұзамай дәрігерге жүгінді.

Бақыттымын деді тіпті білімсіз,

Білегіне күш түсіріп күні үшін.

Шалқып-тасып,

Бақытты-ы-ы-ы-мын деді бай,

Байлық оған бола кетті бір Құдай.

Бақыттымын деді кедей шүкіршіл,

Соры қалың, нүктесі жоқ, үтір кіл.

Бақыт қайда?..

Бақыт деген не өзі?..

Жалт бұрылды

Тіршіліктің кемесі.

Қарсыласып шықты бірі сол бойда,

Кейбіріне жағып қалды

Бұл сөзім.

Бақыт деген,

Бақыт деген – арман құс,

Ал арман құс жәннатта екен

Тым алыс.

Жерде жүріп

Таптым, таптым дегенім-

Ұстап қалсам,

Бақыт емес,

Алданыш!..

Бақытты емес,

Баққа апарар жол ізде,

Не десең де

Үмітіңнен қол үзбе.

Құлыптарын сау жүрекке жасырған,

Бақытты екен-

Жаратқанға ғашық жан.

Шын бақытты!!!

Бір ақынды іздеймін

Ол жусанның інісі,

Шеңгел болып кектеген,

Маған ерек жұпары

Жусандардан көптеген.

Бір ақынды іздеймін

Көкпек жаққан көне үйдің

Көжесімен көктеген.

Мен Жайықтың қызымын,

Ол Ырғыздың баласы,

Досы да жоқ, жауы жоқ,

Жоқ ешкіммен таласы.

Бір ақынды іздеймін

Бәрін үнсіз кешіріп,

Биіктеу тұрған бағасы.

Сәби көңіл сенімі мен дәмесі

Өзінен зор өлермен,

Тірегі жоқ,

Жалғыз досы – жүрегі

Бір ақынды іздеп келем әлі мен.

Дәруіш ой, дәрменім жоқ қашуға

Құтылармын деген ең,

Неге екенін білмесем де бүгінде

Ізің қуып келем мен.

Бір білерім – бұл әлемге керекпіз

Шыдатпайды шөл дейтін.

Сол үшін де өлең болып қаламыз

Мәңгілікке өлмейтін.

Өлең жазу – өле алмаудың ермегі?!.

Мә ендеше не қалды?..

Шындық қанша ащы болсын кермегі

Шөлдегенге обалды.

Сонда қалай...

Мен тоналдым, тоналдым...

Жо-жоқ, міне

Нұр тауып ап мұңнан да

Мейірімді боп алдым...

Шамшырақ

Сұлулығым –шамшырағым,

Сиқырласам алданба.

Тіршіліктің көзі қылып,

Жан әкелдім жалғанға.

Махаббаттың айдынында

Өзіңменен егізбін.

62 тамырыммен

Күллі әлемді еміздім.

Өзің үшін жан беремін,

Бөгет болам тасқынға.

Іздеп жүрген жұмағың да

Табанымның астында.

Жел үрлесе ық іздеймін,

Әлсізімін ортаның.

Жарық көрсе отқа үйір

Көбелектен қорқамын.

Күнді сүйем, соған қарап,

Қауызымды ашамын.

Жүрегімді сыздататын

Көлеңкеден қашамын.

Қорғар болсаң мені қорға,

Мен жаямын жапырақ.

Әрленуге жетіп жатыр

Бір жылы сөз –жарты бақ.

Мен әйелмін күннен туған

Сұлулығым –шамшырақ .

Жаға білсең шырағымды

Жанам мәңгі жарқырап!..

Қыс

Шаш ағартты қыс тентегің

күн суық,

Тірлік біткен жылы ұяға

тығылып,

Үміт үзіп күзден қашқан құстар да,

Жапырақ та құлап жатты жығылып.

Күрескенге жарық керек,

жылылық,

Жан тәттіге тоймайды екен

құнығып.

Өлмес үшін махаббат та жүреді

Ғашықтардың құшағында

жылынып.

Түн

тып-тыныш,

қарбалас жоқ күздегі,

Қар үстінде

тірілердің іздері.

Мықтылардың малы әзір қашанда,

Жүдеулердің

жабырқаулы жүздері.

Көктем

О, жұпар иіс, көк әлем,

Бүр жарады тіршілік.

Күннің көзі көрінді

Бірде бұғы, бір шығып.

Сіркіретіп, селдетіп,

Жер дүниені көлдетіп,

Үш ай бойы мейірімге шөлдетіп,

О, көк көктем,

Қолыңды алдым,

Шүкір, шүкір көрістім.

Өзің болшы бастауы

Бақ, береке, ырыстың.

Сені асыға күткен ем,

Көңілде сыз,

Көз жасымен кеппеген.

Қар астында

Қалып қойды қанша өмір

Саған қолы жетпеген.

Шындық іздеп

Өзін-өзі өртеген,

Мәңгүрттенген хәл көрем.

Үміт көрсең

Түртіп жібер оятып,

Шайқалмағай жертөлем.

Неткен хабар,

Көкқұба құс әкелген,

Қош айтысып

Соқыр, мылқау көкеммен,

Өмі-і-і-р деп ем,

Қан жүгірді тірлікке,

Өлі-і-і-м деп ем,

Селк етпеді еті өлген...

Сен кімсің?..

Сен емес,

Ар үшін ғана күресем.

Сен – елес,

Төзімді босқа түгесем.

Сен – сезім,

Өртеніп барып сөнесің.

Сен – өзім,

Тағдырға ғана көнесің.

Сен жақсысың,

Көре білетін көз керек.

Сен – «бақсысың»,

Сезе білетін өзгерек.

Сен – сағыныш,

Күтумен ғана күн өтер.

Сен – жарылыс,

Жүректі сойып, жыр етер.

Сен – «періште»,

Күнәңді көзім көрмейді.

Сен келіспе,

Жел өсек тыным бермейді.

Сен – тамшысың,

Көрінбей тырсыл қағатын.

Сен – қамшысың,

Оп-оңай жөнге салатын.

Сен –армансың,

Қаққанмен қанат жетпейтін.

Өмір – алдамшы,

Уақыты болады шектейтін.

Жүрек жылайды,

Нәпсіні жеңу қи-ы-ы-ын деп,

Жан сұрайды,

Тәттіге тоймас тілемсек.

Оянып кеттім,

Түртіп қап кенет иманым,

Түсім бе, өң бе

Есімді әзер жинадым.

Жоғалтып өзін

Таба алмай жүрген қаншама.

Баянсыз жалған

Жоқ іздеп бекер шаршама

Кім болсаң да...

Өмір және мен


Өмір
Мұң керек деді,
Мен түннен ұрладым.
Өмір

Күлкі керек деді,

Мен күннен ұрладым.

Өмір
Сән керек деді,

Мен гүлден ұрладым.
Өмір

Ән керек деді,

Мен желден ұрладым.

Өмір
Үміт боп келді,
Мен таңды атырдым.
Өмір

Күдік боп келді,

Мен тұңғиықта жатырмын.
Өмір

Кеңейтіп еді,

Мен көлге құладым.

Өмір

Тарылтып еді,
Мен шөлге құладым.

Өмір
Бар болып келді,
Мен байлықтан өлдім.

Өмір

Жоқ болып келді,
Мен кедейлік көрдім.

Өмір

Мәңгілікпін деді,
Мен жүздім, су іштім.

Өлім

Жанды үгіттеді,

Мен үміт үздім, у іштім.
Өмір
Түлкі боп кетті,

Мен тазы боп шалдым.

Өмір
Не деген епті,
Мен разы боп қалдым.
Жел ымдады,

Жапырақтар сөйлейді.

Мен тыңдадым,
Өмір

Тағы не дейді?!.

Гүлмира Сүйекенова

Атырау қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар