Қатысушылар:
1. Ш ы р а қ – сақ жiгiтi
2. Т ұ м а р – сақ патшайымы
3. А р с а қ – Маргиана сақтарының көсемi
4. С а к е с ф а р – тиграхауд патшасы
5. Ұ ш қ ы н (Скун) – тиграхауд ханзадасы
6. С а ғ и р а – «ер-апалар» бастығы
7. С а я қ – «ертауылдар» бастығы
8. Т а р п а ң – Шырақтың жолдасы
9. А қ қ а н а т – Шырақтың ғашығы, кейiннен жары
10. Д а р и й I – парсы патшасы
11. К р е з – бiрiншi уәзiр, парсы қол астындағы Маргиана билеушісі
12. Го б р и й – парсы әскерiнiң қолбасшысы
13. А т о с с а – Дарий І-нiң нақсүйерi, Кирдiң қызы
14. Ш е ң е л – сатқын, тиграхауд тайпасынан
15. Б ә д i з ш i – грек шеберi
Оқиға уақыты шамамен б.д.д. 518-510 жылдар аралығын қамтиды.
БIРIНШI БӨЛIМ
П Р О Л О Г
Б.д.д. 510 жылдар шамасы.
Сахна түпкiрiнде – Бехистун жартасы.
Бірiне-бiрi қанаттаса қақ жарылған жартастың бiр бөлiгiнде – асқақтай қараған Дарий I, екiншi бетiнде – жалаңбас кейiпте шөкелей отырған 9 тұтқын патша бейнеленген.
Бәдiзшi грек бастаған құлдар – бiрi тас шекiп, бiрi етекке құлатып, бiрi жартас бетiн тегiстеп, ендi бiреулерi төмендегi тастарды тасып – қарбалас жұмыс жасауда. Адам дауысы мүлде жоқ, тек қана қара тастан шығатын дыбыстар бiрде бәсең, бiрде жаңғырыға, үзiлместен естiлiп тұр. Кенет дыбыс атаулы пышақ кестi тыйылып, дем сәтте өлi тыныштық орнайды. Құлдар тұрған-тұрған жерлерiнде құм асай құлаған.
Әппақ киiмдi құлдар жегiлген күйме-тақ шығады. Тақ үстiнде – алтын-күмiске малына киiнген Дарий I, жанында – Атосса.
Дарий орнынан көтерiлiп, жартасқа мардамси көз сала келе, залға жанар тiктей тоқтайды.
Дарий (залға қараған бойы)
Тұрыңдар, құлдар!.. Тұрыңдар, құлдарым менiң! Сендер – құдiреттi Ахура-Мазданың ықыласы құлаған жердегi Құдай – жеңiмпаз Дарий жасаған жорықтардың Ұлы тарихын тас бетiне бедерлеу құрметiне ие болған таңдаулы құлдарсыңдар! Сендер – жер-жаһанды айбарымен тiтiреткен Ұлы патшаның рақымына кенелiп, күнi ертең-ақ азаттыққа кол жеткiзетiн бақытты құлдарсыңдар!
Құлдарым менiң! Қолдарыңдағы қашау ең соңғы рет соғылған сәтте сендер үшiн азаттықтың алғашқы лебi қоса соғатынын ұмытпаңдар! Мұны айтып тұрған Мен – касиеттi Ахеменнiң ұрпағы, Дарий патша!
Тұрыңдар, құлдар! Қара тасқа қашаңдар патшаларыңның ерлiгiн! Мәңгiлiкке қалдырыңдар төрткүл дүние табынған Ұлы әмiршi Дарий патша есiмiн!..
Атосса (бәсең, бірақ салмақты үнмен).
Жетер, Дараявуш!..
(Дарий тоқтай қалады да, күйме-тақтан түседi. Құлдар орындарынан көтерiлiп, жұмыстарына кiрiсе бастайды. Жорық киiмiндегi Крез көрiнедi).
Дарий (Крезге таңдана бұрылып).
Крез?!
(Крез жақындайды).
Дарий.
Ақылман Крез, байтақ Азияны алақанда билеткен Кир патшаның өзiне кеңес берген кемеңгер Крез!.. Мен сенi тауға шақырсам, сен жауға аттанардай жасанып жетiпсiң ғой. Төрткүл дүние табынған Ахемендер байтағында Дарийдiң оң қолына қатер етер қауiп бар деп ойладың ба, немене?
Крез.
Асыл тектi әмiршiм.., ат үстiнде ықшам жүру – әуел бастан қанға сiңген әдетiм. Өзгедей ой болмапты.
Дарий (сөзiн бөлiп).
Жарайды, Крез, сабыр ет. Ақталуың қажетсiз. Сен одан да шыныңды айтшы: Парсыкентте қырық күнге сөзылған патша-сайран кезiнде қандай ойға берiлдiң? Мен тұрғызған Парсыкент пен кеше ғана Мидияның мерейi боп танылған Экбатана екеуiн iштей болсын салыстырып көрдiң бе?
Крез.
Әрине, әмiршiм. Жер бетiнiң жұмағындай Парсыкенттiң жанында Экбатана қуыршақ қой. Басқасы басқа, зәулiм Патшасарайыңыз не тұрады десеңшi! Қатарласа сап түзсе, қара жердi қайыстырар он мың сарбаз бiр мезгiлде емiн-еркiн сайрандап, сауық жасап отыратын ондай сарай тiптi адам баласының аңсарына айналған Вавилонда болған жоқ!
Атосса.
Лепiрт, Крез, лепiрт!
(Крез ыңғайсызданып қалады).
Атосса.
Қайран Крез!.. Лидияның билiгiн қолға ұстаған кезiнде сақилығымен, мәрттiгiмен дүниеге аңыз болған Крез! Кемел ақылымен Кирдiң өзiн мойындатқан Крез!.. Тым болмаса, сол шаһардың дүйiм дүниеге Персеполь атымен танымал екендiгiн жасырмасаң етгi! Персеполь Парсыкент емес қой...
Крез (күмiлжiп).
Кешiр, Атосса...
Дарий (килiгiп).
Қызық екенсiң, Крез, кешiрiм сұрап қайтесiң? Әлде әлгi сөздерiң жалған ба едi?..
Атосса.
Қысылма, Крез, айта бер. Күткен тұстан табылдың. Дарий патшаға көңiлi қалаған сөздердi басқа емес, Крездiң аузынан естудiң өзi қандай ләззат десеңшi!..
Дарий.
Әйелдер айта бередi, оған алаңдамай-ақ қой.
Атосса.
Патша сөзi қашанда жөн. Кирдiң қызы болса да, Атосса да әйел ғой... Маған алаңдама, Крез.
Дарий.
Қойсаң еттi, Атосса!..
Атосса.
Амал қанша, құлақ бар жерде тiл де бар...
Дарий.
Атосса!..
Атосса.
Мақұл, патшам, бұл ойыннан мен қалыспын.
(Атосса керi бұрылып, Бехистун таңбаларына көз салады).
Дарий.
Сөйле, Крез, Бехистунның жартасынан не түйдiң? Тек адалыңнан ақтарыл! Көзiң көрген дүние көңiлiңнен шыға ма?
Крез.
Ғажап! Вавилон мен Хамаданның ортасында өркештене безерiп, керуен-көшке өткел бермей, көлденеңдей сұлаған кесiрлi құз Құдiреттiң күшiмен қасиеттi тарих болып тiрiлгенi Ахемендер әулетiнiң күш-қуатын паш етiп тұр ғаламға! Жартас болып жаралғалы жолаушының жолын бөгеп, қарғыс қана алып келген қара тас күнi ертең-ақ төрткүл дүние түпкiрiне аңыз болып тарайды! Құдайлардың құдайы Ахура-Мазда жебеген құдiреттi Дарийдiң жер-жаһанды қалтыратқан каһарлы жорықтарынан шежiре шерткен қара тас кеудесiнде үмiтi бар жан бiткен құлдық ұра тәуәп етер киелi мекенге айналады күнi ертең! Ұлы Дарий бейнеленген жартасқа қолы жеткен байғұстар басына хұмай қонғандай естен танар! Күнi ертең-ақ алты атыраптан андыздай ағылған адам нөпiрiнен Күннiң көзi қарығар! Жауға аттанар қалың қол есiмiңдi пiр тұтып, құрметiңе құрбандық шалуға асық абыздардың арасындағы бақталастық тақ таласынан кем түспесiне мен кепiл!
Атосса (шыдамай).
Айтасың-ау, Крез!.. Мына екпiнiңмен соғыс құдайы Вэрэтрагнаны Дарийдiң дәргейiне жығар түрiң бар ғой. Қанша патша болғанмен, Дарийдiң де (құлдарды нұсқап) аналар сиякты екi аяқты пенделердiң бiрi екенiн ұмытып кетпе, әйтеуiр...
Дарий (шамырқанып).
Атосса!.. Ахеменнiң ұрпағын құл-құтанмен тең тұтуға аузың қалай барды?!
Атосса.
Дарий патша, неге сонша шамдандың? Күнi-түнi жақ жаппай, жан-жағыңнан сарнаған жәреукелердiң жылымшы мадағына масаңсыған түрiң бар ғой, шамасы? Жәдiгөй сөз жарға жығып жүрмесiн, Дараявуш!..
Крез.
Бұл не сөзiң, Атосса? Дарий патша сен үшін төсекте тәнi түйiскен еркеккiндiк болғанымен, қалың парсы елi үшін хас қаһарман емес пе?!
Атосса.
Қаһарман кiм?! Ахеменнiң әулетi тақымын терге шiрiтiп, ала майдан – қан кешу жорықтарда тiрнектеп жиған айбарлы даңқ ұлы Кирмен қоса кеткен жоқ па едi!.. Кейiнгiнiң ерлiк санап жүргенi – өз үйiнде өршеленген дүрегейдiң тiрлiгi.
Крез.
Атосса, осы сөздi айтып тұрған шынымен-ақ сенбiсiң? Бiр қиыры Та-Кемттен басталып, Сакоссенаның сайын даласын орай, Үндi жерiне ұласкан ұланғайыр байтақтан Парсыкентке күнi-түнi толассыз құйып жатқан алтын-күмiс өзенi құдандалық жоралғыға тартылған тарту емес, әміршi Дарийдiң алакүлiк үстiнде тақымы кеппей жүргiзген қанқасап соғыстарының жемiсi екендiгiн кiм бiлмейдi!? Ашкөз құлқын жолында жанын жалдап күн кешкен жұмыр басты пенде тұрмақ, дүниенi астаң-кестең аунатқан сахараның сойқан дауылы да Ұлы әмiршi алдында тыншу таба калғаны – аңыз емес, көзбен көрген ақиқат.
Дарий.
Амал нешiк, патшайымның көзiне соның бiрi iлiкпейдi. (Крезге) Өзiң де бiрге болғансың: Кирден қалған патшалықтың тiзгiнi қолға тиген бiр ғана жыл iшiнде Ахемендер әулетiнiң даңқына даңқ үстеген он тоғыз жорық жасадым. Бәрiнде де қасиеттi Ахура-Мазда қолдады, хас дұшпанды тас-талқан қып күйреттiм. Бiр ғана жыл iшiнде тоғыз патша аяғыма бас ұрды.
Крез.
Сол тоғыздың қатерлiсi – өзi жайлы “Кирдің ұлы Бардиямын!” деген дақпырт таратып, парсылардың арасына алақұйын от салған зәлiм ойлы сыйқыршы Гаумата едi.
Дарий.
Қарау пиғыл Гауматаға дем берген зұлымдыктың жебеушiсi Ахираман болатын. Ахемендер тағының мұрагерi мен едiм, менiң iсiм оң едi, Ахура-Мазда маған колдау жасады. Жын-перiмен қойындаскан Гауматаның қылша мойнын талша қидым. Осы айтқаным жалған ба?
Крез.
Бәрi де рас, әмiршiм.
Дарий.
Бiрақ соның бiрде-бiрi Атоссаға көрiнбесе, не шара?..
Крез.
Патшайымның қылығы еркелiк қой. Әйтпесе, Бехистунда бедерленген тарихты қалай ғана көрмесiн?.. Шындығында жан-тәнiмен сүйсiнiп тұрғанына бәс тiгем.
Атосса.
Қара тасқа қашалған жалғаншының тiрлiгiнде сүйсiнерлiк не бар едi соншалық?
Крез.
Бұл не сөзiң, Атосса? (Жартасты нұсқап) Қарашы өзiң, анау тұрған – Элам елiн кезек-кезек бөрлiктiрген Ассина мен Мартия; одан берi – Вавилонда қайта-қайта лаң жасаған Нидинту-Бэл мен Араха; Мидияны дүрлiктiрген Фравартиш; Маргиана қырғынына себеп болған Фрада; мiне, мыналар – Сағартия жұртын отқа айдаған Чиссатахма; Арахозияны арандатқан Вахъяздата... Осылардың қай-қайсысы да Кир өмiрден өткен соң, Ахемендер әулетiнiң билiгiн шектемекке ұмтылғаны жалған ба? Ақырында барлығының ғұмыры Ұлы Дарий қанжығасын қандаумен тынғаны да жалған ба? Сол жорықтардың бәрiнде Дарийдiң жанынан табылған ержүрек Атосса сен емес пе едiң?..
Атосса.
Оның рас, Крез. Сол жылдары Дарийге ерсем, мен оған ұшарын жел, қонарын сай бiлетiн кезбе қауым – сақтардан әкемнiң кегiн қайтарар деп сенгенмiн. Амал нешiк, үмiт алданды, қыранға балағаным қалықпан болып шықты...
Дарий.
Қартаяйын дегенсiң бе, Атосса?.. Фраданы талқандаған жорықта әкең Кирдi еске алып, жанарыңнан ыршып шыққан екi-ақ тамшы жас үшін маргиандық елу бес мың сақтың басы бiр-ақ сәтте аяғыңның астына қиылып түскенiн қалай ұмытқансың?
Атосса.
Елу бес мың маргиандық сақ дейсiң... Кiм едi олар? Кир патшаға әлдеқашан бас ұрған тесiк құлақ құлдар ғана болатын. Бар айыбы – тегеурiнi темiрдей құдiреттi Кирден соң алтын таққа отырған әмiршiнiң тақымының бостығын ерте сездi, әлжуазға бағынғысы келмедi... Бiле бiлсең, есiктегi құлдар да иесiнiң илікпейтiн емендей мықтылығын қалайды.
Крез.
Күн келбеттi Кирден соң, бас игiсi келмеген талай-талай тарпаңды бұғалықтап, тұлпарының тұяғы тиген жердi Ахеменнiң құзырына құлатқан Дарий патша емес пе!
Атосса.
Сақ даласында ат ойнатып, тұлымдысын құлдыққа, бұрымдысын күңдiкке алып қайтуға, ата жауым Тұмарды ат артына өңгерiп, алдыма әкеп жықпаққа ант еткен де Дарий патша емес пе едi!?. Оны неге айтпайсың?.. (Крез үнсiз, Дарий естiмегенсидi). Қалың елдiң көз алдында бес жыл бойы қамданып, қатын патша билеген сақ жерiне Пасаргадтан салтанатпен шерулете аттанған үш жүз мыңдық қол қайда!? Садағының жебесiн сары алтынмен булатқан сарбаздардың сайда саны, құмда iзi қалды ма?! Жоқ!.. Қара ормандай тұтасқан қалың қолдан дәруiш патшаға iлесiп елге жеткенi – сорасын сорған тiрi сүлделер емес пе едi!? Қалғандары қан майданда қырғын тапса, қасiретi болғанмен, өзек өртер өкiнiшi болмас едi! Сорақысы – Кирдiң кегiн қуып барған жасақтың қатын патша қолымен бетпе-бет соғыс орнына, құрық сүйреткен құлымен саудаға түсiп, ақыры ен далада тiрiдей қарға-құзғын жемтiгi боп қалғаны ғой!..
Крез.
Оның бәрi өттi-кеттi... Күнi кеше ата жауың Тұмарды да жер алғанын тыңшылардан естiдiң...
Атосса (Крезге).
Оның да рас, бiрақ та... Өзiң айтшы, Крез, тамырында ұлы Кирдiң қаны ойнаған Атосса сақтарда кеткен әке кегi қайтпайынша, қалай ғана тыншымақ? Қара құлдан масқара боп жеңiлген Дараявушты қалай ғана қаһарман ден танымақ?!.
Дарий.
Айтпағың не сондағы?
Атосса.
Кир патшаға уәзiр болған Гистасптың баласы Дараявуш Кирден қалған жалғыз тұяқ – Атоссаның алдында қаһарман Дарий болу үшін анау жартас бетiнде сақ патшасы тұру керек!
Дарий.
Сақ патшасы деймiсiң?.. (Есiн жиғандай) Крез! Жеткiз мұнда сақ патшасын!
(Крез кетедi).
Атосса (таңдана).
Не айтып тұрсың!? Кайдағы сақ патшасы?.. Ол қайдан жүр бұл жерде? (Дарийге) “Сақ патшасы” деп дәрiптеп тұрғаның – қара бастың қамы үшiн қалың елiн сатып жүрген Шеңел ме?
Дарий.
Қалай дедiң, Атосса?.. Шеңел ме патша?! Тұмардың тағында отырған – Шеңел!.. (Рахаттана қарқылдайды). Көзiм көрiп тұрса да, сенбес едiм мен бұған!.. (Күлкiсiн кiлт тыйып, суық) Ұлы Кирдiң өзiне бас имеген сақ елi құйрығына шоқ байланған Шеңелге бас ұрмайды, қиялдама, Атосса!..
Атосса (ашулы).
Дараявуш, бұралқы сөз сөйлеме!.. Әке кегi – қылжақтайтын iс емес.
Дарий.
Мен қылжақтап тұрған жоқпын, Атосса. Қазiр... қазiр... тұтқындалған сақ патшасын өз көзiңмен көресiң. (Күйме-таққа отырады).
Дарий (Бәдiзшiге).
Ей, бәдiзшi! Сен де берi жақында! Бедерлейтiн адамыңның бет-бейнесiн көрiп қал!
(Крез Ұшқынды ертiп келедi. Ұшқынның қол-аяғы кiсенделмеген. Басында – шошақ бөрiк. Бәдiзшi де жақындайды. Дарийге жете бере, басын жерге тигiзе құлдық ұрады).
Дарий (Ұшқынға).
Сен неге бас ұрмайсың?
Ұшқын.
Дарий патша! Өзiңе де белгiлi: тұтқын болу – құл болу емес.
Дарий.
Дұрыс айттың. Тұткын болу – құл болу емес. Бiрақ... тұтқыннан құлға айналу да аса қиын емес-ау!.. (Жартастағы суреттердi нұсқап). Анау жартас бетiнде бедерленген бейнелер де – тұтқындар. Сен олардың тiршiлiкте кiм болғанын бiлемiсiң?
Ұшқын.
Әрине! Бұғаудағы халықтың бұғалыққа көнбеген тектi ұлдары болғанына шүбәм жоқ.
Дарий.
Қателестiң, Скунха! Мұның бәрi – тау төңкерiп, тасты көкке ұшырған ала дауыл кезiнде тастан да биiк ұшқанға асылық ойға алданып, өздерiн Құдiреттiн сүйiктiсi деп қалған қаңбақтар ғана болатын. Олар да дәл сен сияқты, тарпаң мiнез танытып, бас игiсi келмеген. Иiлдi бiрақ бәрi де... Шындығында бұл байғұстар Ахемендер әулетiне бағынған өлкелерде өрт қоюға ұмтылған өлермен жалған патшалар болатын. Сен де солар сияқты ешкiмге бас имейсiң бе?!.
Ұшқын.
Дарий патша! Сен – парсысың, мен – сақпын. Сақтың табынары – Тәңiр, жебеушiсi – Көк бөрi, бас иерi – Тұмар!
Крез.
Сенiң айтып тұрғаның Тұмар патшайым болар?..
Ұшқын.
Иә! Барлық сақтар сияқты, менiң де бас иерiм – сақтың даңқын асырған, дұшпанның құтын қашырған Тұмар патшайым!
Атосса (табалағандай).
Сен естiмеген екенсiң ғой, қайсар сақ, патшайымың... өлдi ғой!
Ұшқын.
Кирдiң қызын қуанышқа бөлеген бұл хабарды естiгенмiн...
(Атосса дәрменсiздiкте тiстене қалшиып қалған).
Крез.
Тiлiңдi бақ, тұтқын сақ!
Ұшқын.
Тәңiрiнiң тарту еткен қырық күндiк тұз-дәмi таусылған соң, Тұмар ханым өз жерiнде, өз елiнiң iшiнде дүниеден озыпты. Топырағы туған жерден бұйырды. Сақ жерiнiң топырағын қызғыш құстай қорыған Тұмардың да ақ тiлегi сол едi! Көк Тәңiрi тiлегiне жеткiздi.
Атосса.
Ол тiлекке сен жетпейсiң!..
(Атосса Крездiң қанжарына ұмтылады. Крез ұстап үлгередi).
Крез.
Тоқта, Атосса! Сабыр ет!..
Дарий (Крезге).
Крез! Патшайым сабасына түссiн, екеуiң сейiлдеп қайтыңдар.
(Крез Атоссаны ертiп кетедi).
Дарий (Ұшқынға).
Көрер жарығың бар екен, тура келген бiр ажалдан қалдың, сақ! (Ұшқын үндемейдi). Жарайды, сақ, тәжiкенi доғарып, турасына көшелiк. Азияның арыстаны Кир де жоқ, арыстанға қан құстырған кекшiл алан – Тұмардың да рухы жер бетiнен көшiптi... Сақ патшалығының бiрден-бiр мұрагерi – сен ғана! Ендiгi сақ тағының иесi – сенсiң, Ұшқын патша!
Ұшкын.
Қателеспе, Дарий патша! Мен бар-жоғы ханзадамын... (Нығарлап) Тиграхауд ханзадасы!
Дарий.
Қасарыспа, Скунха! Қолға қонған хұмай құсын үркiту – ерлiк емес, қиқарлык! Мұны айтып тұрған Мен – қасиеттi Ахеменнiң ұрпағы, Дарий патша!
Ұшқын.
Сақ елiнiң билiгi – өз қолында! Өзеуреме, Дарий патша! Ишпақайдан қалған жол бар сақтарда, оны өзгертер құдiрет жоқ!
Дарий.
Ол жолыңды өзгертетiн құдiрет – мына менiң колымда! Мен – Ахемен ұрпағы, жүрекжұтқан Гистасптың баласы, күн дидарлы Дарий – Сақ елiнiң тiзгiнiн ұстатамын қолыңа!
Ұшқын.
Әуреленбе, Дарий патша, мен бар-жоғы тиграхауд көсемi Сакесфардың ұлымын!
Дарий.
Сен – патшасың, Ұшқын! Қол астыма қараған өзгелерден айрықша, билiк еркi өзiңде дара патша боласың. Жалғыз ғана талабым – менiң үстемдiгiмдi мойындасаң болғаны!.. Тұтқын болып келiп, парсы елiнен патша болып аттанасың сақтарға! Көрсiн әлем, Дарий патша қаласа, қандай кереметтер жасаларын!
Ұшқын.
Халық айтса, қалт айтпайды екен ғой. Шынында да, сен саудагер екенсiң!..
Дарий.
Мейлi, ендеше, өз обалың өзiңе!.. Дәл бүгiнгi ерлiгiңнен белгi боп келер күнге қалары – Дарий патша аяғына жалбарына бас ұрған сақ патшасы Скунханың анау жартас бетiндегi жансыз қаңқа-бейнесi! Содан кейiн: “Ажалымды өр қалпымда қарсы алдым!” – деп дәлелдеп көр ұрпағыңның алдында! Өкiнiштi, әрине!..
Ұшқын.
Қара тасқа қанша қашап жазсаң да, ақиқатпен саудаласа алмайсың. Сакесфардың жалғыз ұлы Ұшқынды жойғаныңмен, есесiне Күн нұрынан жаралған сақ елiнiң ошағында мың сан ұшқын маздауда. Оның бәрiн сөндiруге ешкiмнiң де құдiретi жетпейдi. Өйткенi ол ұшкындар әрбiр сақтың ұл-қызының жүрегiнде орныққан. Жүректегi ұшқыңдарға от берер Құдiреттi Шырақ бар! Ол сақтардың Шырағы! Сақтардың Шырағы!..
Дарий (ышқына).
Үнiңдi өшiр! Үнiңдi өшiр!.. Айтпа маған Шырақты! Шырақты айтқан адамның тiлiн кесем! Көзiн оям! Жоям бәрiн!.. Қыр соңымнан қалмай қойған Шырақты аузына алған адамды түгел қырам! Тiлiн кесем бәрiнiң!.. (Даурыға айғайлап) Крез!.. Қайдасың, Крез!
(Жанұшыра Крез жетедi).
Крез.
Не боп қалды?.. Не боп қалды, әмiршiм!?
Дарий.
Өшiр үнiн!.. Тiлiн кес!..
Ұшқын (асқақтай).
Менiң тiлiм кесiлгенмен, елдiң тiлiн қалай ғана кеспексiң?! Ел деген – жел. Жел – құдiрет, қаласа самал, қаласа дауыл болады. Мейлi самал, мейлi дауыл болса да, Ұлы Шырақ есiмiн бiр-бiрiне тiк көтере жеткiзiп, сайын дала төсiнде емiн-еркiн сайран сала жырлайды. Жел қозғаған көкмайсаға көз салшы, жел тербеген су бетiне зер салшы, жел ұшырған топыраққа үңiлшi, тiптi өзiң әспеттеген меңiреу тасқа қарашы, барлығы да ұмтылады Шыраққа!
(Айналаның бәрi “Шырақ! Шырақ!” деп жаңғырыға шулап кетедi).
Дарий (жанұшыра, Крезге).
Крез!.. Бұл не, Крез?! Шырақты мен өз қолыммен өлтiрiп, сүйегiн де қалдырмастан пәршектеп, құм бетiне шашып кеткен жоқ па едiм?! Қасыма ерген сарбаздарым оның атын атамасқа ант еткен... Оның аты неге өшпейдi ендеше?!. Неге менiң қыр соңымнан қалмайды?.. Крез!.. Көрiп тұрсың ба, Крез, әне.., анау жерде Шырақ отыр!.. Шырақ отыр! Ол неге өлмеген?!. Ол неге өлмейдi?! Неге өлмейсiң, Шырақ!?
(“Шырақ! Шырақ!” деп жаңғырыға естiлген дауыстар үдей түседi).
Бiрiншi көрiнiс
Б.д.д. 518 жыл. Жерошақта маздай жанған отқа қадала қараған күйi ыңылдай ән салып Шырақ отыр.
“Шырақ! Шырақ!” деп даурыға дауыстап Тарпаң шығады.
Тарпаң.
Ойпырмай, Шырақ, осы менiң түбiме Құлабестiнiң үйiрi-ақ жететiн шығар! Кешегiсi анау едi, бүгiнгiсi тiптi ерен!
Шырақ.
Тағы не боп қалды, аға?
Тарпаң.
Бар болғыр-ау, алакөбеңнен кеткелi ат үстiнен бiр түспей, бел жазбастан, түн ауа әзер жетiп тұрсам, “Тағы не боп қалдың” не? Одан да Құлабестiнiң бүгiнгi қылғанын сұрамайсың ба?
Шырақ (күлiп).
Құлабестiмен араңыз бiр бiтiспей-ақ кететiн шығарсыздар, сiрә!.. Ал, аға, айта берiңiз, қайран Құла бүгiн неден жазып калды?
Тарпаң.
Әлгiнде өзiңдi осында қалдырған соң, қалың жылқының маңдайын “Озғын жазыққа” қарай бұрып жiберiп, үйiр-үйiрiмен асықпай түгендеп шықсам, қас қылғандай, Құлабестiнiң үйiрi тағы жоқ! Айнала шаптым, iзiм-ғайып-ау, iзiм-ғайып! Iшiмнен: “Ә, зәнталақ! Дәу де болса, бүгiн тағы “Жонға тартқан шығарсың!” деп ойладым. Тура ойымдағыдай болды да шықты. Тiптi бүгiн әдеттегiден де iшкерiлей, шығандап кетiптi. Жеткен беттен жау тигендей дүркiрете қуып әкелiп, қалың жылқының қақ ортасына қамадым да тастадым.
Шырақ.
Тарпаң аға, сол Құлабестiнi кеше де қамап тастаған сияқты едiңiз, ол өзi бiр қамал бұзар сойқан болды ғой.
Тарпаң.
Айтары жоқ! Өз үйiрiн соңына ертiп алады да, қалың жылқының арасынан жарып өтiп, жүре бередi жазғаның!..
Шырақ.
Ә-ә, ендi түсiндiм! Сiз ол жазғанды басқа жылқылармен қамап жүр екенсiз ғой...
Тарпаң (күйiп-пiсiп).
Жоқ-ау, Шырақ, мен оны отты жерге, сулы жерге беттетсем, ол тiптi қияндағы құба жонға қашады! Тым болмаса, сақа айғырларды сыйламай ма!..
Шырақ (аз-кем күлкiден соң, салмақты).
Тарпаң аға, сiз Құлабестiнi бекер жазғырасыз. Ең алғаш жарық сәуленi көрiп, саумал ауаны жұткан жерi – әлгiнде өзiңiз айтқан “Қияндағы құба жон” болса, тектi жануар сiз нұсқаған суды қайтсiн, нуды қайтсiн?! Құлабестi үшiн “Құба жоннан” касиеттi, “Құба жоннан” сулы, нулы жер болмай тұр ғой!..
Тарпаң.
Апырмай, Шырақжан, солай ма едi?!. Менiң тiптi есiме келмептi бұл жағы, сенiң ойыңда қалып қойған екен-ау баяғыда дәл осы құла құлынды қалай жарып алғанымыз... Рас, рас, Құлабестi “Құба жонда” туған... Бәсе, бәсе... Әй, өзiмнiң де iшiм сезушi едi-ау!.. Дәл осы Құла тегiн жануар емес деп ойлаушы ем-ау өзiм де!.. (Сөз арнасын кiлт бұрып) Жарайды, Құлабестiнiң Жонға кашу сырын таныдық. Ал, Шырақжан, осы сенiң өз қылығыңды қалай жоримыз?
Шырақ.
Қай қылығымды айтасыз, аға? (Абыржып) Алдыңызда әбестiк жасап алдым ба? Аңдаусыз қателiк етсем, айып етпеңiз, аға!..
Тарпаң.
Өзiңдi-өзiң жазғырардай жазығың жоқ, айналайын!.. Тек кана мен сенiң отқа сонша құмарлығыңа таң қаламын. Ат тiзгiнiн iрiксек болды, жерошақ қазып, от жаға бастайсың. Осы кылығың кей-кейде көзiме тым оғаштау көрiнетiнi бар... Әй, бiрақ, бүгiн сол от жаққыштығыңның да пайдасы тидi, Шырақ. Әйтпесе, көзге түртсе көргiсiз бүгiнгiдей түнде қанша айқайласам да, естiмесiң анық едi.
Шырақ.
Сөз аяғын сұйылтпаңыз, аға. Сiзден жасыратын сырым жоқ... Көңiлiңiздегi күмән сейiлсiн, тыңдаңыз. Ен далада еркiн көшкен сақтың қай баласы өзiнiң қара шаңырағын аспандатып, ошағында от маздатуды аңсамайды! Мен де солардың бiрiмiн... Бар арманым – Кир патшаның әскерi жайпап өткен шаңырағымды қайта тiктеу!.. Ошағымның түтiнiн қайта түзеу!.. (Қиялға берiле) Шiркiн! Атамекен жерiмде ата-бабам мирас еткен шаңырағымды кайта тiгiп, есiк алдындагы жерошақтан ұшқан түтiн көкке өрлеп, қара қазан iшiнде қасқа құлынның етi бүлк-бүлк кайнап жатса!.. Сол уақытта менiң ару Аққанатым айдындықтай ақ бiлегiн сыбанып, желiге бет түзесе!.. Көк шыбықты тұлпар еткен тұлымды ұл қолды-аяққа тұрмастан, көк шалғында құлдыраңдай жүгiрсе!.. Шiркiн, арман!..
Тарпаң (килiгiп).
Шырақжан-ау, “Аққанат! Аққанат!” деп, жапан түзде жалын ата бергенше, жакындамайсың ба?
Шырақ (пәс).
Қайран ағам-ай, көңiл жұбату үшін айтасыз ғой... Әйтпесе, арындаған арғымақты тiзгiндеп, сайын далада сайран салған талай-талай сақ сарбазын сүрiндiрген Аққанаттай ару айдалада қос күзеткен мендей жетiмектi не қылсын?!.
Тарпаң.
Пәлi, Шырақжан, Аққанат үшін сенiң орның бөлек. Оны менiң өзiм де аңдап қалғам.
Шырақ.
Алдарқатып қайтесiз, аға... Әлi күнге менi сiзден басқа бiр адам “Шырақ” деп атап көрген емес... Олар үшін мен – “Сирақпын”, әрi кеткенде “Қосшы бала” ғанамын...
Тарпаң (оны бауырына тартып).
Мұңайма, Шырақ, ертең-ақ солардың бәрi өз атыңмен атайтын болады. Ал Аққанаттың сен дегенде iшкен асын жерге қоятыны анық. Менiң жалған айтпайтынымды бiлесiң ғой. Оның әкесi екеуiмiз бала кезден бiрге ескен тел құрдаспыз...
(Тұмар, Сағира, Шеңел шығады).
Шеңел (екеуiне садақ кезей).
Бұқпантайлап отырған сендер кiмсiңдер? Елмiсiңдер, жаумысыңдар?
Тарпаң.
Елмiз.
Тұмар (Шеңелге).
Жә, Шеңел, жау жоқ жерден жау iздеп, өршеленбей, қоя тұр! (Тарпаңға) Кiм боласыңдар?
Тарпаң.
Тұмар патшайымның жылқышыларымыз.
Шеңел.
Өтiрiгiңе болайын! Одан да сақ сарбаздарының iзiн баққан тыңшылармыз деп шындарыңды неге айтпайсыңдар?
Тұмар.
Қоя тұр, Шеңел! (Тарпаңға) Патшайымдарыңды бұрын-соңды көрiп пе едiңдер?
Тарпаң (мақтанышпен).
Көрмек түгiлi, Кир патшаға қарсы соғыста қатар соғысқанбыз! Тiптi мына баланы (Шырақты нұсқап) өртенген шаңырақ астынан екеулеп суырып алғанбыз! Одан берi де талай су ағып үлгердi ғой бiрақ!..
Тұмар.
Олай болса, сенiң ержүрек Тарпаң болғаның ғой!
Тарпаң.
Әрине! (Кенет ес жиғандай, таңдана) Патшайым!
Шырақ.
Тұмар патшайым!..
(Екеуi бір сәт есеңгiреп тұрады да, Тұмардың аяғына бас ұра жығылады).
Шеңел (Тарпаңды кекете).
Батыр болғаныңа!..
Тұмар (Шеңелге).
Доғар! (Тарпаң мен Шыраққа) Тұрыңдар! Сақ жерiнде патша да жоқ, құл да жоқ! Еркiн ұлдар мен қыздар ғана бар. Сақ жерiнiң патшасы елiне қалқан, жауына қаһар болу үшін патшалық етедi. Тұрыңдар!
(Тұмар Тарпаң мен Шырақты өзi демеп тұрғызады).
Тұмар.
Ал, ержүрек Тарпаң, отыңа жылынып алуға бола ма?
Тарпаң.
Әлбетте, Тұмар патшайым!
(Барлығы отты айнала жайғасады. Тек Сағира тiзе бүкпейдi).
Тұмар.
Патшаларының жау қолында қалған денесi өз топырағына жеткен соң, ендi парсылардың да көңiлi жайланар... Жаймашуақ дәурен сүрер кезең менiң елiме де жеткен шығар осымен! Тынған-ақ шығар сақтардың шүберекке жанын түйген тынымсыз қанкешу тiрлiгi!
Шеңел.
Тым ерте қуанып жүрмесек жарар да!..
Тұмар.
Күмәнiң бар ма, немене?!
Шеңел.
Өз басым “Кирдің денесiн қайтарсаң болды, елiңе де, жерiңе де тыныштық беремiн. Кек қайтару ойымда жоқ” деп сәлем жолдаған Дарийге де, сол сөздi жеткiзген кешегi Гобрийге де сене алмаймын. Маған салсаңыз, парсының жаңа туған жас баласына да сенбес едiм.
Тарпаң.
Қызық екенсiз, ханзада! Жас балаға да сенбейтiндей, басыңызға не зор туды?
Шеңел.
“Не зор туды?!. Не зор туды!?” Осы бiз парсылардың сөзiне неге алдана беруiмiз керек? Басқалар ұмытса да, Тұмар патшайым, сен ұмытпасаң керек едi. Күнi кеше ғана өзiң басын алған Кир патша Лидияның билеушiсi Крезге қарсы соғыс ашқанда: “Осы соғыста жеңiске жетуiме қол ұшыңды бере гөр! Өмiр-бақи жерiңе аттап баспаймын. Сендерге жаулық тiлемек түгiлi, жерiңе көз алартқанның басын өз қолыммен қырқамын!” – деп, ант-су iшiп, уәдесiн бермеп пе едi? Одан кейiн не болды? Мақсатына жеткен соң, берген антын аяққа таптап жүре берген жоқ па едi?!
Тұмар.
Оның рас...
Шеңел.
Көрдiң бе, патшайым! Мол алтынға қызығып, көр қазудан тайынбаған Дарийге де, оның қанқұйлы қайынатасы Гобрийге де сенуге болмайды!
Тарпаң (таңырқап).
Көр қазғаны несi?..
Шеңел.
Есiмiң Тарпаң болса да, жалпақ елге жайылған сөздi естiмеген есiң сортаң екен ғой!.. (Тарпаң шамданып қалады, бірақ сыр алдырмайды). Тыңда, ендеше! Бабыл елiнiң өлген патшайымы Нитокрис: “Өзiммен бiрге көп алтын көмгiздiм, қысылғаның аларсың” деп бейiтiне әдейi қашатқан екен. Бейiттегi жалған сөздi малданып, оның көрiн қазған – дәл осы Дарий патша! Қараңғы көрден қазына-қазына алтын таппақ түгiлi, қарау пиғылынан қалың жұртының алдында қарабет болған қарақшы патша ақырында қара басына “саудагер” деген жаман ат жамап алып, бармақ тiстеген. Мен соны айтып отырмын. Ал көрден алтын iздеген дүниеқұмар патша көз алдында көлбеңдеген Сақ жерiнiң байлығына құмартпасына мен сенбеймiн, әйтеуiр!..
Тұмар.
Сондағы айтпағың не?
Шеңел.
Он екi жыл бұрын қолға түспей кеткен қу түлкi Гобрийдiң басын да кесiп алып, өзi сұрап келген Кирдiң қасына жантайта салу керек едi.
Тарпаң.
О не дегенiң, ханзада? Мына сөзiң береке емес, әреке әкелетiн жанның сөзi ғой!..
Шырақ.
Сiз неге ел шетiне жау шақырасыз, аға?!.
Шеңел.
Жау мен шақырмай-ақ келедi. Парсылардың басқасы қойса да, Дарий патшаны әбжыланша арбаған Атосса сұлу әкесi Кирдiң кегiн қайтару үшін ештеңеден тайынбасы хақ.
Тұмар.
Атосса деймiсiң?..
Шеңел.
Иә, Кирдiң қызы Атосса сұлу – Дарийдiң ең сүйiктi нақсүйерi. Дарий оны өлердей сүйедi, әрi өлердей қорқады. Атоссаның өз қолын өзi қылышпен тiлiп, өз қанынан ұрттап тұрып: “Әке кегiн қайтармай тынбаймын! Жолыма көлденең тұрғанның қанын iшемiн!” – деп, Ахриман құдайына ант еткенiн дүйiм жұрт бiледi. Дарийдiң де қорқатыны сондықтан.
Шырақ.
Әйелдiң жауызы екен ғой өзi!..
Тұмар.
Оны да кiнәлауға болмайды...
(Сағира елең етедi де, садағын кезене қалады. Адымдай басып, Саяқ шығады).
Тұмар.
Тыныштық па, Саяқ батыр?
Саяқ.
Патшайым! Маргиандық сақ бауырлар Дарийге қарсы бас көтерiп жатыр. Көсемдерi – Арсақ. Әмiр етсеңiз, ертауылдар Маргиандық бауырларға көмекке қазiр аттануға дайын! Не бұйырасыз?
(Тұмар ойланып қалады).
Шеңел.
Қанымызға тартпасақ, несiне сақ болып жаралдық?! Аттанамыз, әрине!
(Шеңелдi ешкiм қолдай жөнелмейдi. Барлығы Тұмарды бағып қалған).
Тұмар.
Сабыр, Шеңел ханзада! Ел шетiне тиген жау емес, ақылдасып шешкен жөн. Көсемдер кеңесiн шақырамыз. Кеттiк!
Шеңел.
Жоқ! Қайран бауырлар қынадай қырылып жатқанда, қыздырмалап кеңес құрып отыра алмаймын. Мен осы жерден-ақ бiрден аттанамын!
(Шырақ Шеңелге сүйсiне қарап қалған).
Тарпаң (Шыраққа).
Жүр, Шырақ, жылқыны жинақтайық.
(Тарпаң Шырақты ертiп кетедi).
Шеңел (Тұмардың сыртынан).
Қарақұртша қаптаған қалың әскерiне сенiп, арандап өлген Кирдiң басын алғалы, тiптi адам деп көзге iлуден қалған қатын патша!.. Шеңелдiң кiм екенiн ендi танырсың!.. “Кек тайтарар кезiң туды!” деп, Атоссаны атойлатып, “Маргиана сактарына Тұмар көмекке келе жатыр! Сақтар тұтасса, сайда саның, құмда iзiң қалмайды” деп, Дарийдiң қолтығына қорқыныш қыстырып, қамсыз жатқан Сақ елiне бiр бүйiрден айдап салайын! Сол шақта Шеңелдiң шеңгелiне түспей көр, өркеуде қатын патша! Өз билiгiң түгiлi, ел билiгiн қалай бергенiңді де байқамай қаларсың! Сол шақта оты маздаған жерошағыңды былай-былай таптап, күлiңді былай-былай шашармын-ақ!.. Шашармын!..
(Жерошақты айызы қана таптап, ошақтағы күлдi аяғымен рахаттана шашады да, кетедi).
Екiншi көрiнiс
Пасаргад. Патша сарайы. Тақ үстiнде Дарий Гауматаның басын аудара-төңкере қарап, қақпақылдап отыр.
Дарий (өзiмен-өзi сөйлескендей).
Гаумата?.. Бардия?.. Бәлкiм, Бардия?.. Әлде Гаумата ма?.. Шынымен Бардияның өзi болса ше?.. Бардия?.. Бардия...
(Атосса кiредi).
Атосса.
Алаңдама, падишам, бұл – Бардия емес. Қаймана бiреу.
Дарий.
Кәмiл сенiмдiсiң бе, Атосса?!.
Атосса.
Күдiктенудiң жөнi жоқ тiптi. Кир патшаның кiндiгiнен тараған ұрпақтан қалған – жалғыз мен ғана. Ал мен... сенiң жағыңдамын.
Дарий.
Иә, Атосса, сен мендiксiң!
Атосса (оқыс өзгерiп).
Қалай ойлайсың, Гистасп баласы Дарий патша, бiрге туған бауырлардың қанын жүктеу маған оңай соқты ма?! Жоқ! Бiр емшектен нәр алған Камбиз бен Бардияның қат-қабат жеткен ажалынан соң, тiл-ауыздан қалған аяулы анам Кассанданың қасiретiн ойласам, тұла бойым түршiгедi! Ал байғұс анам үмiт еткен екi бiрдей ұлының ажал құшуына тiкелей себепкер мен екенiмдi бiлсе, нендей күйге ұшырамақ?! Бар-жоғы құдiреттi Кир патшаның жаналғышы болған Гистасптың баласының жолына бiр құрсақта жаралған бекзат ағаларымды құрбандыққа шалып, қос ұлының қасiретiнен әз болған анамның тағдырымен ойнағанда, көздегенiм не менiң?! Билiк пе, байлык па?!. Жоқ, Гистасп баласы Дараявуш, дұрыс түсін, Атоссаның арманы бiреу ғана! Ол – әке кегiн қайтару! Сондықтан да маған жаһангер әке тағына мұрагер болып текке отырған босбелбеу бауырдан гөрi, кекке шабар ержүрек әмiршi қажет! Ол әмiршi – сенсiң! Сондықтан да мен сенi таңдадым! Сондықтан да туған ағаларымның ажалға арандауына асықтым! Сондықтан да саған өз бауырларымды өлтiруге жол аштым! Бiрақ менiң таңдағаным – қылша мойны талша қиылған әлдекiмнiң басынан өлердей шошитын өлексе емес, қан аңсаған абадандай қаһарман болатын! Қиылған бастан үрейленетiн болсаң, қаһарман Кирдiң тағына несiне ұмтылғансың, Дарий патша?
Дарий.
Жоқ, Атосса, менi мазалаған үрей емес, мүлде басқа нәрсе...
Атосса.
Ол не нәрсе болды екен, Дарий патша? Айтпас па екенсiң?
Дарий.
Ел кезiп, ем-домын жасап жүре бермей, мына байғұс (Қолындағы басты меңзеп) неден шатысты екен? “Кирдің ұлы Бардиямын!” деп бейқұт жатқан елдi дүрлiктiрмесе ғой, әлi қанша жасар едi?..
Атосса.
Билiк!.. Арбауына iлiккен адам баласын арандатпай тынбайтын билiк дертiне шалдыққан сорлы ғой бұл да!.. Көлбеңдетпей, көзiн құртшы!..
Дарий (сыртқа дауыстап).
Ей, бәдiзшi! Кiр берi!
(Бәдiзшi грек кiредi. Тәжiм етедi).
Дарий.
Бет-бейнесiн дұрыстап қарап ал да, мынаны да аналардың қатарына қос!
Бәдiзшi.
Құп, әміршiм!
Дарий.
Мынаны қосқанда нешеу болды өздерi?
Бәдiзшi.
Тоғыз болады, әміршiм.
Дарий.
Қасиеттi сан екен. Ендеше, мынаны ең алдына қой!.. Мә!..
(Қолындағы басты Бәдiзшiге қарай домалатып жiбередi. Бәдiзшi орта жолдан iлiп алып, төменшiктеген бойы сыртқа беттейдi. Атосса саңқылдап күлiп жiбередi).
Дарий.
Не боп калды, Атосса?
Атосса.
Патша сарайына алғаш келгенiң есiңде ме, Дараявуш?
Дарий.
Әрине! Ол күндi ұмытуым мүмкін емес қой! Ахемендер әулетiнiң дәстүрi бойынша, мен он үшке толған күнi әкем Кир патшаға таныстыруға алып келген! Сол салтанатқа әкем екеуiмiз бiр жыл бойы дайындалған едiк.
Атосса.
Қанша дайындалсаң да, сыр берiп қойдың ғой...
Дарий.
Сыр бергенi қалай?
Атосса.
Сенi алып келгенде мен әкемнiң оң тiзесiнде отырғанмын. Өзiңе қадала қараған менiң көзiме шыдай алмай, тiлерсегiң дiрiлдеп, ағыл-тегiл терге малшынғаның есiмде қалып қойыпты. Шыныңды айтшы, Дарий патша, сол сәтте: “Уақыты жеткенде, құдiреттi Кирдiң дәл осы тағын мен иемденемiн. Кир патшаның ерке қызы нақсүйерiм болады” – деп ойладың ба?
Дарий.
Жоқ, Атосса... Олай ойлаудың өзi қорқынышты емес пе?!. Шынымды айтсам, менiң бар мақсатым – Крездiң орнына бас уәзiр – пати-кшаятия болу едi. Оның өзi iште тұншығып жатқан арман ғана болатын...
Атосса.
Иә, Гистасп баласы Дараявуш!.. Арманыңа артығымен қолың жеттi!.. Құдiреттi Кирден қалған ұлан-ғайыр байтақтың жалғыз иесi өзiң ғана! Өзiң!.. Қазынаңа құйылып жатқан керуен-керуен алтын-күмiсте есеп жоқ! Байлығың да, билiгiң де шектеусiз! Бiрақ!..
Дарий.
Қайталай берме, Атосса!
Атосса (тыңдамастан).
“Айбарынан аспан асты тарылып, қаһарынан қара жер қалтыраған қаһарман Кирдiң сүйегi желдiң жетегiнде желiккен желөкпе сақтардың жерiнде ат тұяғына тапталып, ол аз болса, жаулығы желпеңдеген желетек қатындар саритын саздауытта жатыр-ау!” – деп ойласам, жанарыма жас емес, қан тұнады! Әке кегiн қайтарар деп сенгенiм қол астында бұрқылдаған бұрқақтың бетiн қайтарғанына мәз! Орғанына тоқ, тойғанына мас!..
Дарий.
Жетер, Атосса!.. Мен Тұмарға соғыспасқа уәде бердiм! Антымды аттай алмаймын... Тым болмаса, бiр-екi жыл... Ол да уәдесiнде тұруға тиiс!.. Антты бұзса, сөз басқа...
Атосса.
Менiң антым ше?! (Сол жақ бiлегіне қадала қарап) Қайғы жұтқан қалың елдiң алдында қып-қызыл қанымды куәгер еткен менiң антым ше?!.
(Гобрий кiредi).
Гобрий.
Айбар-даңқы жер-жаһанға жайылған құдiреттi әміршiм, құзырыңызға құлдық!
Дарий.
Жеттiң бе, Гобрий? Жүзiң жарқын, барған шаруаң берекелi бiткен-ау!?.
Гобрий.
Иә, әмiршiм, бұл жолғымыз қайырлы сапар болды.
Дарий.
Берi жақыңда, сапарыңның мән-жайына қанықтыр.
Гобрий.
Сапарымыз сәттi болды, әмiршiм. Тұмар патшайым бiздi ежелгi сыйластарындай емен-жарқын қарсы алды. Қылаусыз ниет танытты. Қайтарымызда жарым жолға дейiн патшайымның өзi бiр топ нөкерiмен шығарып салды.
Дарий.
Солай де!.. Патшайым қалай екен?..
Гобрий.
Сырт көзге сыр бермейдi. Дегенмен, өз iшiндегi толассыз айтыс-тартыс, тынымсыз қақтығыстар қажытқан сыңайлы. Татулыққа шақырған сәлемiңiздi жеткiздiм. Ризашылық бiлдiрдi. Іштей қатты қуанғанын аңдап қалдым. Бiздiң өтiнiшiмiзге де өзi бас-көз болып жүрдi. Сақ сарбаздарынан жәрдемшi қосып бердi.
Дарий (өзiне-өзi сөйлегендей).
Тұмар патшайымның қуаты қайта бастады де... Он екi жыл... Он екi...
Атосса (ызалы).
Он екi жыл!.. Тiрлiгiнде талайларды құмырсқаша илеген құдiреттi Кир патшаның мәйiтi он екi жыл iшiнде құрт-құмырска жемтiгiне айналып, иiстенiп-қоңыстанып кеткен болар әбден-ақ!?.
Гобрий.
Қасiреттi жараның аузын тырнап қайтесiз, қымбатты патшайым!..
Атосса.
Жара аузының қарақотырланғанын қанағат тұту – әйеңкестiң тiрлiгi! Әйеңкес еркек – әйелден де жаман! Есiңде болсын, жаужүрек Гобрий! Қанды iрiңiн ағызып, өзегiн суырмайынша, жара жазылмайды! Өзегiн суыру керек қасiреттi жараның! Жаның сонда ғана тыншиды!
Гобрий.
Оның рас, патшайым!..
Дарий (сөздi бөлiп).
Гобрий! Құдiреттi Кирдiң мәйiтiн алып жүру үшін алты ақбоз ат жегiлетiн алтын күйме әзiрлеттiм. Мәйiттi баптап-күтетiн оқымысты құшнаштар да дайын. Таңертеңнен бастап мәйiттi ел iшiне шығарамыз. Көлденең шаруаның барлығына тыйым саламын! Бүкiл парсы жұрты Ұлы патшасымен қоштасуға тиiс! Қаһарман Кирдi аза тұтқан парсылардың қайғысынан аспанда күн тұтылып, қасiреттiң көз жасынан қара жерге тұз шөксiн! Жер-жаһанды мекен еткен қос аяқты жан бiткен ұлы Кирдiң рухымен тыныстасын тек қана! Қоштасу рәсiмiн патша қызы Атосса бастайды. Жүрiңдер!
(Асыға адымдап Крез кiредi).
Дарий (таңдана).
Крез?!. Бейуақытта қайдан жүрсiң?! Тыныштық па, әйтеуiр?
Крез.
Бүлiк! Маргианада – бүлiк! Талайлардың көзқұртына айналған асқақ Мерв құл-құтанның қолында қалды! Дәл қазiр қалада не боп жатыр, бейхабармын. Жан-жағымыздан өртше ораған бүлiкшiлер ортасынан әзер сытылып шықтық. Қасымда қалғандар – Сарай қарауылындағы аз ғана сарбаз. Қатердiң бетi қатты, әміршiм! Дереу тойтармасақ, бүкiл патшалыққа жайылуы ықтимал!..
Дарий.
Аптықпа, Крез!.. Жан алқымға тiрелген қысталаңда да сыр алдырмайтын қорғасындай сабырың қайда кеткен, байсалды Крез? Байыбына барайық, асықпай баяндашы. Бүлiк басы кiм? Бүлiкшiлердiң саны қанша?
Крез.
Көтерiлiске шыққандар бiрен-саран басбұзар ғана болмай тұр. Маргиана теңiздей толқуда. Дала да, қала да бүлiкшiлердiң ырқында. Бүлiктi бастағандардың даярлығында қапы жоқ сияқты. Әйтпесе, бүкiл Маргиана өрт тиген қаудай лауламас едi ғой!..
Дарий.
Бүлiк басы кiм деймiн?!
Крез.
Арсақ!
Дарий.
Арсақ?.. Қайдан шыққан шырықбұзар бұл тағы?!
Крез.
Маргиана сақтарының тумасы!..
Атосса (табалай).
Сенiң де ажалың сақтан болмаса жарар едi, Дараявуш!..
Дарий (зiлдi).
Атосса!..
Гобрий.
Тәжiкелеспейiк, бекзаттар!.. Жеке-дара билiк құрған Лидияның тiзгiнiнен айрылғанда да сабырын жоғалтпаған маңғаз Крездiң байыз таппауына қарағанда, Маргиана бүлiгi аса қауiптi сияқты ғой, патшам!
Атосса.
Сақтар қашанда қауiптi!..
Гобрий.
Атосса дұрыс айтады, патшам. Бұл дүниеде қара жердiң астындағы сақтан ғана қатер жоқ! Кiдiруге болмайды! Қасиеттi Ахура-Мазда дем берсiн! Маргианаға аттану керек!
Дарий.
Әрине, аттанамыз! Қанға бөктiремiз, қырамыз, жоямыз бәрiн де! Бүлiк бастаушыларды аяусыз жазалаймыз! Қадаға отырғызамыз тiрiдей! Бiрақ.., мен бiр нәрсеге түсiнбеймiн!..
(Аз-кем пауза.
Атосса, Гобрий, Крез таңдана қарап қалған).
Дарий.
Әлгiнде ғана мен өзiн “Бардиямын” деп дақпырттап, елдің iшiн ала тайдай бүлдiрген сиқыршы Гауматаның басын допша қақпақылдап, ермек еттiм. Жалыққан соң, бәдiзшiге тапсырдым. Ол – кiмнiң басы, бәдiзшiге бәрiбiр. Өлi бастың ой-шұңқырын әбден қарап, көңiлiне жаттап алған соң, ит жемiне тастайды. Сонда... елдi бөрлiктiрген Гауматаның көксегенi осы ма?.. Ол аз болса, патшалықтың әр түпкiрiнде өрт тұтатқан өлермен бүлiкшiлердiң бастары алынғаны күнi кеше ғана емес пе едi?! Ендi мiне, Маргиана!? Алдында ажал тұрғанын көрiп тұрса да, арыстанның аузына атылатын не деген аккөздiк осылардiкi?.. Тып-тыныш неге тiрлiк ете бермейдi? Не жетпейдi бұларга?
Крез.
Еркiндiк, патшам.., еркiндiк жетпейдi.
Дарий.
Еркiндiк дейсiң-ау, Крез!.. Сол еркiндiк кiмде бар? Сенде ме, менде ме?.. Жоқ, Крез! Еркiндiк ешкiмде жоқ! Ешқашан болмайды да! Дүние жаралғалы берi бiреу – бiреудiң құлы. Алдарыңда тұрған мына мен, жарты жаһанға билiгiн жүргiзген Дарий патша, мен де – құлмын! Өзiмнiң құлыммын! Иә, өзiме өзiм құлмын!
Гобрий.
Сабыр, Дарий! Сен ешкiмге құл емессiң! Жер бетiндегi жан иесiнiң баршасы сенiң иелiгiңде!
Атосса.
Тек Тұмар патшайым ғана саған тiзгiн бермейдi!..
Дарий.
Қателестiң, Атосса! Тұмардың да ақтық сәтi жақын! Тек әскерiмнiң қуаты кемелiне келсiн!..
Атосса (күрт өзгерiп).
Құдiретiне Күн иiлген патшам! Кир тағының мұрагерiне лайық сөздi ендi айттың! Патша аузынан шыққан сөз антпен бiрдей! Бөркi шошайған жабайы сақтардан қасиеттi Кирдiң кегiн қайтару мәңгiлiк даңққа бөлерiн ұмытпа, патшам!
Дарий.
Атосса! Парсы патшасын ойландыратын – Кирдiң кегi емес, сақтың жерi... Сақтың жерiн алу – Дарияның арғы бетiне жол ашу.
Гобрий.
Жылқы етiн қорек, сүтiн сусын қылып, жылқымен бiрге жусаған кезбелерге қарсы аттанар әскерiңнiң басында мен тұруға әзiрмiн, патшам!
Крез.
Маргианадагы бүлiктi не iстеймiз, патшам?..
Дарий (сабасына түскендей).
Маргиана... Маргиана?.. Қалай ойлайсың, Крез, қоластыңдағы сақтар неден желiктi? Ой жүгiртiп көрдiң бе?
Крез.
Менiң жауабым дайын, әмiршiм.
Дарий.
Айта бер!
Крез.
Маргиана сактарының ықты-жарға қарамай, тұтаса көтерiлуiнiң сыры бар екен. Өз құлағыңызбен естiңiз, патшам! (Сыртқа дауыстап). Ей, жасауыл! Сақты кiргiз!
(Шеңел кiредi).
Шеңел.
Дәргейiңе бас ұрдық, Дарий патша!
Дарий (Крезге).
Бұл кiм?
Крез.
Тиграхауд ханзадасы Шеңел. Тұмар патшайымның оң қолы... Әмiршiм, сақ ханзадасының Сiзге айтар сөзi бар.
Дарий.
Олай болса, сөйлесiн!
Шеңел.
Дарий патша! Менiң айтар сөзiм қысқа. Алдыңда екi айырық жол тұр. Оның бiрi – жан-жағыңнан жалын бүркiп, жаландаған от тiлiнен алтындатқан сарайың қалайыдай балқыған кезде қақпанға түскен көкжалдай өкiнiштен өзiңдi өзiң жұлып жеу, екiншiсi – ендi ғана қоздана бастаған алапат өрттi ошағында тұншықтыру. Таңдау өзiңде, Дарий патша!
Дарий.
Астарламай, ашып айт!
Шеңел.
Маргиана сақтарының бүлiгi – елiңдегi көп бүлiктiң бiрi емес, соңында сойқаны бар соғыстың басы! Бүлiкшiлер көсемi Арсақ – Тұмар патшайымның адамы! Бұл бүлiк – Тұмар патшайымның ақылымен жылдар бойы жасырын даярланған әрекет. Сен Маргианаға ертең аттанбақ болып отырсаң, Тұмардың қолы жарым жолға келiп жеттi! Бұл – соғыс, Дарий патша! Менiкi – жанашырлық сөз, қапы қалма, әйтеуiр!..
Дарий.
Солай де!.. Әйтсе де, тиграхауд ханзадасы.., маған неге жаның аши қалды? Сенiң сөзiңе неге сенуге тиiспiз? Соны айтшы!..
Шеңел.
Құдiреттi Дарий патша! Тиграхауд тағының мұрагерi – менмiн. Алайда Тұмар патшайым әдiлдiктен бұра тартып, ел кездiрiп жiбердi. Елден таппаған әдiлеттi өзiңнен табам ба деп келдiм, құдiреттi Дарий патша!
Дарий.
Айтқаның жалған болмаса, Тұмардың тағы сенiкi, Шеңел!
Шеңел (бас ұрып).
Құзырыңызга құлдық, әмiршiм!
Атосса.
Патшам! Тұмардың мына әрекетi iргелес отырып, босағаңа от лақтырғанмен бiрдей қастандық! Кеудесiне жел бiткен қатын патшаның басын қырқар сәт жеттi! Намысыңды таптатпай, атқа мiн, Дарий патша! Қарайлайтын не қалды?!.
Дарий.
Алаңдама, Атосса! Шынында да, сақтың сағын сындырар уақыт жеткен сыңайлы!.. Ал... қасиеттi Кир патшаның мәйiтiн не iстеймiз? Жоқтаусыз калдырамыз ба?..
Атосса.
Жерлеймiз!.. Бүгiн жерлеймiз! Жоқтау жорықтан соң жалғасады! Ұлы Кирдi азалаудың салтанаты кек қайтқанда ғана келiспек! (Дарийге) Ахура-Мазда жебесiн, аттан кектi жорыққа!
Гобрий.
Аттанайық, әмiршiм!
Дарий.
Аттанамыз! Жорық дабылын қағыңдар! (Крезге) Крез! Кир патшаның мәйiтi саған аманат! Бiз аттандық!
Крез.
Әмiрiңiзге құлдық, әмiршiм!..
(Бәрi кетедi.
Жаңғырыққан соғыс дабылы).
Үшіншi көрiнiс
Маргиана. Қан кешу ұрыс. Айғай-сүрен.
Бұқпантайлап Шеңел шығады. Қолында – садақ.
Шеңел.
Қап!.. Қиыс кеткенiмдi қарашы!.. Оққағары бар өзiнiң!.. Бiр емес, бiрнеше рет ажалдан қалды... (Сыртқа дауыстап) Арсақ!.. Арсақ!.. Берi қарай кел! Берi қарай!..
(Оң жақ қолтығының астынан қадалған жебенi сол қолымен ауырсына ұстап, Арсақ шығады. Алдынан жүгiре ұмтылып, демей қолтықтаған Шеңел жүре сөйлеп келедi).
Шеңел.
Ойпырмай, бауырым-ай!.. Парсылардың бетi қайтқан сияқты едi!.. Қалай жараланып қалғансың?..
Арсақ (ауырсына).
Тiзе бүгейiкшi бiр жерге!..
Шеңел.
Қазiр... қазiр...
(Шеңел Арсақты iргеге сүйей отырғызады да, айналаны байқастап оралады).
Арсақ.
Құмырсқадай қаптаған парсылар неден қаймықты екен?.. Әлде... Тұмар патшайым келiп қалды ма?..
Шеңел (табалап).
Дәмеленбе, Арсақ!.. Қиырды бағып, көзiң қанша талса да, келмейдi ол! Қарындасқа жаны ашыса, Маргиана сақтары сан тараптан ұрандап, Саққызға ағылғанда, атамекеннен атойлап қосылмас па едi? Қосылған жоқ! Саған ерген әулекiлер Дарий патшаның жасанған сарбаздарына қарсы жалаң қолмен жан алысып, жан берiп, жанұшырып жатқанда жетпес пе едi? Жеткен жоқ! Басқа басқа, кешегi ала майданда жиырма мыңнан астам сақтың өмiрi парсылардың найзасының ұшында, қылышының жүзiнде қанкөбелек ойнады! Астындағы күлiгi қызылмай боп кетсе де, келмес пе едi сол кезде? Келген жоқ! Амалсыздан тұтылып, тұтқын болған маргиандық мың жарым сақ баласын Дарий патша қызыл құмның бетiне құлша көгендеп, артына қада қақтырды! Боздақтардың зарынан су өртенiп, тас жанды! Көктегi Күн жылады! Патшайымың қайда болды сол сәтте!? Жапан түздi жайлаған жыланның да күйсегенiн жансыздары арқылы елден бұрын естiп, бiлiп отыратын Тұмардың құлағы тұнып қалды ма!?.
Арсақ.
Дарий жасаған қырғынның қарымтасына бiз де қолға түскен екi мың сарбазды құрбандыққа шалдық қой!..
Шеңел (үдете).
Дарияның бергi бетiн ен жайлаған Дарийге екi мың сарбаз сөз бе екен?!. Күнi ертең жер-жаһанның тiзгiнiн қолға алуды көксеген Дарий патша – аспан астын астаң-кестең ұйытқытар ала дауыл! Алапатқа бөгет болар сен кiмсiң?..
Арсақ (ызалы кекесiнмен).
Әспеттеген Дарийiң дәрiп тұтқан Кирдiң де әуселесiн көргенбiз!..
Шеңел.
Отыздағы Дарий патша – жетпiстегi Кир емес! Атқа қонған аламаннан Жердiң белi қайысып, жаһан жорығы басталғанда ең алдымен тұмақша ұшар жұмыр бас Тұмардiкi боларына шүбәм жоқ!
Арсақ.
Сөзiң қандай жат едi!..
Шеңел.
Тiлерсегi дiрiлдеген шалдың басын алғанына мастанып, көкiрегi көрiкқаптай желпiлдеген Тұмар түгiл, төрткүл дүние күнi ертең төбесiне көтередi Дарийдi!..
Арсақ.
Мүмкін емес...
Шеңел.
Не нәрсе мүмкін емес? Дарийдiң жер-жаһанды билеуi ме?..
Арсақ.
Жоқ... Қалың сақты тұтастырып, ел етудi аңсаған патшайымның қандастарына қол созбауы мүмкін емес!..
Шеңел.
Дәмеленбе дедiм ғой, дәмеленбе! Қатын патшадан үмiтiңдi үз бiржола! Қара басыңды сақтап қалудың қамын күйтте одан да!
Арсақ.
Не айтып тұрсың сен өзiң?
Шеңел.
Қоғадай майыс, қамыстай иiл – Дарий патша кешедi! Иланбасаң, мен кепiл!
Арсақ.
Ә-ә, жан сауғала дейсiң ғой... Мойынтұрық алынбаса, қара бастың амандығы не керек?! Кiмге дәрi ол тiрлiк?..
Шеңел (өзеуреп).
Ақымақсың, Арсақ! Дарийге қарсы шыққанда, не тындырам деп ойладың? Күнi кеше дәл өзiңдей өрекпiген Фраданың акыры қалай тынғанын ұмытып-ақ қалдың ба? “Еркіндік!” деп елеуреп, сойқан салған Фраданың соңынан ергенi үшiн алтын асықтай бастары аяқ астыңда допша домалаған елу бес мың сақтың қанына Маргиана топырағы мелдектей тойып, қызылсыраған құзғындардың кекiрiк атқаны қайда?
Арсақ (торыққандай).
Жарар!.. Кешегiнiң қасiретiн қаузай берiп қайтесiң!.. (Өзiне-өзi айтқандай) Тұмар патшайым шынымен келмес пе екен?..
Шеңел.
Келмейдi!
Арсақ.
Жаушымнан да хабар жоқ...
Шеңел.
Айтып тұрғаның қандай жаушы? Мынау ма?..
(Қойнынан былғары кiсе шығарып, Арсақтың көз алдына көлбеңдетедi).
Арсақ.
Аһ!.. Жолымды кескен сен екенсiң ғой!..
Шеңел (мағұрлана күлiп).
Мынау да – менiң iсiм!
(Арсақтың қолтығына қадалған жебенi ырғап-ырғап жiбередi. Арсақ естен танып барып, ақтық күшін жиғандай оқыс ұмтылып, Шеңелдiң алқымынан алады).
Арсақ.
Қарғыс атқыр!.. Сақ баласының басына бақ құтаймай жүргенi сен сияқты мәйiндердiң кесiрi!..
(Шеңел жандәрмен бұлқына жүрiп, Арсақтың белiндегi қанжарды жұлып алады да, бүйiрден қадайды).
Арсақ.
Аһ!.. Сатқын ит!..
Үзiледi. Шеңел Арсақты итере салады.
Шеңел.
Итжандысын карай гөр-ей мынаның! Өлейiн деп жатып та, жанымды көзiме көрсеттi ғой!.. (Қойнынан терi дорба шығарып, Арсақтың қасына тастайды). Көсемсiген неменi тiрiдей жеткiзгенде дұрыс болатын едi... Ендi амал жоқ, басын апарсақ та, жарар.
(Арсаққа қадалған қанжарды суырып алады.
Сырттан Арсақты iздеген дауыстар естiледi).
Дауыстар:
– Арсақ!.. Арсақ!..
– Арсақ! Қайдасың!?
– Былай қарай кеткен сияқты едi..
– Иә, осылай қарай бара жатқан...
– Iздеңдер!..
– Тездетiңдер!..
– Қарамаған қуыс қалмасын!..
Шеңел.
Қап! Үлгертпедi-ау!..
(Апыл-ғұпыл жиналып, бұқпантайлай зытады.
Саяқ шығады. Арсақты көреді).
Саяқ (сыртқа дауыстап).
Патшайым! Тұмар патшайым!.. Берi келiңiздер!
(Тұмар, Сағира шығады).
Тұмар.
Кешiгiппiз! Жау жебесi бiзден бұрын тауыпты!..
(Сағира жебеге қадала қарап, тұрып қалады).
Сағира.
Патшайым! Арсақтың мына жебеден өлуi мүмкін емес!..
Тұмар (таңдана).
Неге?!
Сағира.
Қолтықтан қадалған жебеден адам қансырап барып өлсе керек едi!.. Сарбаздардың әлгiнде айтқандары рас болса, Арсақтың жараланғанына көп уақыт бола қойған жоқ.
(Ұшқын, одан сәл кейiн Шырақ шығады).
Саяқ (Арсақты қарап өтiп).
Сағираның айтқаны дұрыс. Арсақтың ажалы оқтан емес, қанжардан болыпты! Мiне, мына бүйiрден бойлата сұғылған!..
Ұшқын.
Алыстан атқан жау емес, қасынан табылған қаскөйдiң iсi болды ғой!..
Тұмар (назалана).
Қаншама қан жұтсақ та, iштен iруiмiз қалмады-ау!..
Шырақ.
Патшайым! Мен әлгiнде осы тұстан елбеңдей жүгiрiп өткен бiреудi алыстан байқап қалдым. Тiптi сыртқы тұрпаты көзiме жылы ұшырағандай болды. Өзiмiздiң бiреу шығар деп мән берген жоқ едiм... Ендi ойлап тұрсам, өткенде көрген Шеңел ханзадаға ұқсайтын сияқты...
Тұмар.
Жаңылысқан шығарсың!..
Ұшқын.
Осы жылқышының сөзiнiң жаны болып жүрмесе еттi! Сол Шеңелдiң жүрiс-тұрысы маған да сұйық көрiнедi де тұрады...
Тұмар.
Сенiкi де құр күдiк қой, Ұшқын. Мамыражай ел iшiнде таққа талас қылғанмен, тектi ханзада қасап қырғын үстiнде қандасына қанжар сiлтемесе керек-тi!
Саяқ (Шыраққа шүйiле қарап).
Ал.., сен кайдан жүрсiң бұл жерде?
Шырақ (абдырап).
Мен де сол... өздерiңiз сияқты... Маргиандық бауырларға көмек берейiн деп...
Саяқ.
Ниетiң дұрыс-ақ сияқты. Бiрақ та.., өз алдына отау құрып, от жағып, шаңырақ иесiн жарыққа келтiрiп үлгермеген балғын бозбалалардың қатерлi жорыққа аттануына патшайымның тыйым салғанын бiлмеушi ме едiң!?
Шырақ.
Бiлем ғой... Бiрақ... парсылардан әке-шешемнiң кегiн қайтарғым келедi!
Тұмар.
Есiңде болсын, жас жiгiт, өсетiн ел өртеңге емес, ертеңге карайды. Кирдегi кек әлдеқашан қайтқан. Сенiң кегiң де, қан майданда тоғыз ұлдан айрылып, тұл ағаштай жалғыз қалған Тарпаңның кегi де қайтқан. Шектен асқан кекшiлдiк жауыздықпен тамырлас. Тарпаң батыр айтпап па едi бұл жайлы?
Шырақ.
Айтқан...
Ұшкын (шыдамсыздана килiгiп).
Патшайым! Уақытты желге ұшырмайық! Етегi түрiлген парсыларды есiн жиғызбастан, бiржола талқандап тастайық! Сонда ғана Арсақтың кегi қайтады! Сонда ғана Маргиана сақ қолына көшедi! Елге – ел, қуатқа қуат қосылады!
Тұмар.
Сабыр, ханзада! (Саяқ пен Сағираға) Сендер не айтасыңдар?
Саяқ.
Ертауылдар түменi ат үстiнде қашанда!
Сағира.
Ер-апалардың қылышы қайраулы, садағы сайлаулы!
Ұшқын.
Патшайым! Сағира мен Саяқтың айтқаны – ел намысын арқалаған сарбаздардың айтқаны! Сарбаздардың айтқаны – жат қолында жаннан кешкен қарындастың қайғысынан бауырына қан ұйыған барша сақтың айтқаны! Ауан аңдалды ғой, патшайым, ендiгiмiз не тұрыс?!
Тұмар.
Ерлiк аңсаған албырт жастық алды-артыңды андатпай тұр-ау. Әйтпесе, басқыншының жетер жерi белгiлi емес пе, ханзада!
Ұшқын.
Бiз – жат жерге көз алартқан ақкөз басқыншы емеспiз, құлдықтан құтылуға асық қандастардың тiлеулес тiрегiмiз. Маргиана кiндiгi Мервтiң төрiнде тұрып, ендi бiр ұмтылсақ уыска түсетiн Жеңiс тiзгiнiн қолдан берсек, жолымызға көз тiгiп, үмiтiн үкiлеп отырған елге қалай қараймыз?! Жер-жаһанға үрей шашқан Кир патшаның өзiне өлiм шекпенiн кигiзген сақ сарбаздары Дарийден жасқанды деймiз бе?!
Тұмар.
Жаңылыспа, Ұшқын! Маргиана – парсылардың билiгiнде. Жат топырақтан енші iздеу – сақтардың салтына жат. Өзiң айтқандай, дәл қазiр Мервтiң төрiнде тұрсақ, осы жерге жеткенше не көрмедiк? Қырғын тапқан тек қана Маргиандық сақтар ма?! Жазықсыздан жазықсыз ажал құшқан парсы жұрты қаншама?! Жоқ, ханзада! Сақ тiлегi – соғыс емес, татулық! Бiздiң мақсат – азаттыққа асыққан бауырларды ажал қақпанына арандатып алмау. Өлiмнен арашалау! Дарийдiң қанiшер қатiгездiгi маған да мәлiм. Арсаққа ергендердi аяусыз қырары хақ. Қырғынның алдын алған жөн. Сақ елiне тиiспеске, татулықта болуға Дарий маған ант еткен. Өзiнің антын алдымызға ұстап, Дарий мен Арсақ сарбаздарының ортасында бiтiмгер араағайын болуымыз керек.
Ұшқын.
Жауды аяған жаралы... Жаза басып жүрмесек, жарар едi, патшайым! Парсы патшаларының анттасқаны – алдағаны, уәде бергенi – у даярлағаны болушы едi. Дарийдiң де антынан баян, сертiнен сенiм күту – қатер! Сене алмаймын! Сенбеймiн!..
Тұмар.
Ұшқын! Сенiң айтқандарың да Шеңелдiң айтқандарына ұқсап барады ғой.
Ұшқын.
Жоқ, патшайым!.. Шеңелдiң сөзi – тiлiнде, менiң сөзiм – дiлiмде! Жүрегiм сенбейдi Дарийге.
Тұмар.
Бәрiне уақыт төрешi. Кiмнiң кiм екендiгi өз кезiнде көрiнер. Ал Дарийге елшiлiкке араағайынның сөзiн ұстап өзiң барасың, Ұшқын!
Ұшқын.
Мен дайынмын! Қашан жүремiз?
Тұмар.
Дәл қазiр аттанғаның абзал. Тәңiр қолдасын!
Ұшқын.
Аттандым онда!
(Кетедi).
Тұмар (Саяққа).
Саяқ! Қаһарман Арсақты арулап жерлеймiз! Дайындаңдар!
(Тұмар, оған ерiп Сағира кетедi.
Саяқ пен Шырақ Арсақтың көзiн жауып, қадалған жебенi суырып, кеудесiне қояды. Бетiн орамалмен бүркеп, алып кетуге әзiрлейдi. Тiзе бүгедi).
Шырақ.
Арманына жете алмады-ау асыл ер!..
Саяқ.
Құлдыққа да көнбедi!..
Шырақ.
Көке! Шынымен-ақ Маргиана сақтары парсылардың қол астында қала бере ме тағы да?! Тұмар патшайым соғыстан неге тартынды? Ұшқын ханзада айтқандай, ес жиғызбай, талқандап тастау керек едi!
Саяқ.
Соғыс – апат, бауырым!.. Ойлап тұрсам, сақтың сайын даласында алашағы бардай, қызыл көзiн алартпаған жау қалмапты!.. Атамекен амандығы жолында қылышымыз қынабынан суырылмаған кез болмапты!.. Талай-талай ала майдан, қанкешудi өткерген сақ жерiнде жанталас толас тапқалы он екi-ақ жыл... Елге қарашы, жүзiне шырай жүгiрiп, емен-жарқын күлкi көбейдi. Қай тұсына барсаң да, құлдыраңдай жүгiрген құлыншақтар жарыса шығады алдыңнан. Шылбырыңа оралып, үзеңгiңе жармасып, алаңсыз еркелейдi. Неге солай?! Жау қолынан мерт болған әкесi мен ағасын тоқымына қан қатқан ат үстiне өңгерiп жеткiзген өлiм хабаршысындай қаралы ертауылдарды көрмегендiктен! Жәутеңкөз жетiмдiктiң не екенiн бiлмегендiктен! Бала жетiм, ана жесiр қалмаса, одан асар бақыт бар ма адамға!? Патшайымның көздегенi – сол бақыттың баяндылығы! Жарты әлемдi жүгiндiрген парсыларға керегi – Кирдiң қолы жетпеген жерiмiздi жем қылу! Бiзге қажетi – тыныштық!
Шырақ.
Іргедегi бауырлар қайғы жұтып жатқанда, айтып тұрғаныңыз қандай тыныштық!?
Саяқ.
Көк нұрынан жаралған сақ баласы – Күн тектес. Қаумалаған қара түнек қанша қалың болса да, жарып шықпай қоймайды...
Шырақ.
Бауырларға қол ұшын беру керек едi патшайым...
Саяқ.
Соғыс – ақтық әрекет. Татулыққа не жетсiн!? Патшайымның Ұшқын ханзаданы Дарийге аттандырғанда дiттегенi бауырлардың амандығы емес пе?!
Шырақ.
Сонда қалай?.. Қандас бауырлар Дарийдiң қол астында қала бермек пе?
Саяқ.
Амал нешiк, әзiрше солай... Бiрақ қыран баласын торға қанша қамасаң да, еркiн самғар көк аспанға талпынбай тұра алмайды! Зеңгiр көктен күдер үзу – қыран үшін өлiм. Сақ та солай жаралған... Маргиана сақтарының түнек бұлтын жарып ұшар күнi де туады әлi! Туады! Тек сол сәттi бiз көре алар ма екенбiз?!
Шырақ.
Көремiз, көке! Көремiз!
ЕКIНШI БӨЛIМ
Төртiншi көрiнiс
Б.д.д. 517 жыл. Пасаргад. Патша сарайы. Жасаулы дастарқан. Дәл ортада – хаома шарабы толтырылған алтын құмыра. Дастарқанды жағалай Атосса, Гобрий, Крез, Шеңел тiкесiнен тiк тұр. Жүздерiнде алаң бар. Шарапқа масаң Дарий кiредi. Үстiнде – жорық киiмi.
Дарий.
Шеңел! Ұста құмыраны! Құй шарапты!
(Шеңел түсi бұзылып, жан-жағындағыларды көзбен шолып өтедi).
Крез.
Құдiреттi падишам!.. Шеңел ханзада ғой!?
Дарий (екпiн бере).
Тиграхауд ханзадасы!.. Ахемен ұрпағына хаома шарабын құю мәртебесiне қолы жеткен алғашқы сақ ханзадасы! Мүмкін... соңғысы болуы да!..
Атосса (елең етiп).
Қалай дедiң, Дарий? Қағыс естiген жоқпын ба?
Дарий.
Жаһангер Дарий екi сөйлемейдi! Құй, Шеңел!
(Шеңел құмыраны алып, тостағандарды толтырып шығады).
Дарий.
Митраны пiр тұтқан қасиеттi Хаомаға арналған мадақ жырын шырқаймыз! Баста, Крез!
(Крез бастап, қалғандары қосылып, “Хаома құдайға мадақ жырын” айтады. Шеңел ғана қалыс. Барлығы шарап iшедi).
“Хаомаға мадақ жыры”:
Құшнаштық құдiретiн арнаған ем-дауаға,
Алтын көздi, нұрлы жүздi, қасиеттi Хаома.
Асқар Харат тауларының асқақ құзар шыңында,
Тәуәп еткен Митраға
Бiз де құлдық ұрамыз!..
Шырын емес, рух нұрынан жаралған,
Жұлдыздардың сәулесiнен нәр алған
Бал шарапқа ернi тиiп, дәм алған
Абыздардың алғашқысы – Хаома!
Саған құлдық ұрамыз!..
Дарий (Шеңелге).
Сен неге қосылмайсың? Әлде... бiздiң жырымыз жаныңа жат боп тұр ма?!
Шеңел.
Жоқ, падишам! Жырды жаттап үлгермедiм.
Дарий.
Қисынды жауап. Келесi мәжiлiсте “Мадақ жырын” бастайтын сен боласың!
Шеңел.
Мақұл, падишам!
Дарий.
Қалай ойлайсың, тиграхауд ханзадасы, барша сақтың билiгi – сенде, сенiң билiгiң менде болса, сақтар Тәңiрiнен тартынып, құдайлардың құдайы Ахура-Маздаға бас ұрар ма едi?..
Шеңел.
Билеушi бiр, шаңырақ ортақ болғанда, тәуәп етер Жаратушы ие де неге ортақ болмасқа!?
Дарий (риза кейiппен).
Крез! Тиграхауд ханзадасының құрметiне шарап құй!
(Крез сыр алдырмастан, шарап құйып шығады).
Дарий (мысқылдай).
Маргиана билеушiсi Крез патшалықтан гөрi шарап құюшылыққа бейiм сияқты ма, қалай?
(Крез үндемейдi. Атосса араға түседi).
Атосса.
Бұл не сайқымазақтық!? Кемеңгер патша Кирдiң өзi ақылына бас иген Крездi қорлауға дәтiң қалай барды?
Дарий.
Ақылман Крездiң кеңесiне ұйыған Ұлы Кир ажалға арандаған жоқ па едi? Солай ма, Гобрий?
Гобрий.
Иә, солай...
Атосса.
Крездi қоштаған қолбасылар кеңесiнде сен де болмап па едiң, Гобрий?
Гобрий (күмiлжи).
Иә...
Дарий.
Жарайды, Гобрий, қысылма! Кеңес берушi сен емес, Крез ғой...
Атосса.
Әкемнiң өлiмiне кiнәлi – жалғыз Крез емес, ат құлағында ойнаған сақтармен соғысуға қабiлетi жетпеген қолбасылар! Менiң ойым осындай. Сол жорықта бүкiл парсы әскерiн басқарған Гобрийдiң ойы ше?..
Гобрий.
Иә, патшайым, кiнәлi – қолбасылар...
Дарий.
Жетер! Жетер!.. Менiң мазамды алып тұрған мүлдем басқа жәйт.
Гобрий.
Ол қандай жәйт, әмiршiм?
Дарий.
Маргиана! Арсақ бүлiгi басылғалы бiр жыл өтсе де, толық тыншыр емес...
Гобрий.
Бүлiкшiлердi ажалдан алып қалған Тұмарды арқа тұтатын болар?!.
Дарий.
Ол да мүмкін. Бiрақ... басты себеп билеушінiң босбелбеулiгiнде жатқан сияқты... Сондықтан мен Маргиана билiгiн Парфия билеушiсi Гистаспқа қосып берудi ұйғардым. Ол жерге тегеурiндi билеушi керек. (Крезге) Сен ренжiме, Крез. Саған жүктелетiн басқа шаруа бар. Нағыз сенiң ақылың қажет жер. Көршiлермен арадағы қарым-қатынасқа иелiк етесiң!
Крез.
Мақұл, падишам!
Дарий.
Мiне, барлығы да орын-орнына келдi! Ендi шараппен сусындауға болады!..
(Барлығы құюлы шараптарын iшедi).
Дарий (лепiре).
Ару Атосса! Аяулы Атосса! Берi қара! Бұл сәт сен үшiн ерекше сәт боп есiңде қалсын! (Барлығы да қарап қалган). Бүгiн Жаһан жорығы басталады! Айбынды Кир Азияның арыстаны болса, құдiреттi Ахура-Мазданың сүйiктiсi, қасиеттi Ахеменнiң ұрпағы, ержүрек Гистасптың баласы, парсы елiнiң билеушiсi Дарий Әлем әмiршiсiне айналады! Аспан астын мекен еткен пенделер Маған ғана бас ұрады! Аламаным әзiр, жау жарағым сай!
Атосса.
Дарий патша! Алғашқы бағыт қай тұсқа?
Дарий.
Сұлу Атосса! Сүйiктi Атосса! Ұлы жорық Дарияның арғы бетiн жайлаған шошақ бөрiк сақтарды бағындырудан басталады! Жоқ! Мен сақтарды бағындырмаймын! Қынадай қырамын! Күлдей шашамын! Тiрiсiнiң үй-орманы түгiлi, жер бетiнде өлiсiнiң обасы да қалмайды! Разымысың, Атосса!?
Атосса.
Осы сөздi мен күткелi қанша жыл?! (Көзiнен жас ыршып кетедi. Дарийдiң алдына тiзерлей отыра қалып) Ахемендер әулетiнiң айбарын асқақтатқан қаһарман Дарий! Вэрэтрагна жолыңды ашып, Ахура-Мазда қолдасын! Тұмар патшайымнан кегiм қайтқан сағатта тiршiлiктi тәрк етiп, сен бастаған Ұлы жорық жолына құрбандыққа шалынуға мен әзiр!
Дарий.
Аяулы Атосса! Құдiреттi Кирдiң жаналғышы болған Гистасптың баласының аяғына бас ұрғаның қалай?! Тұр! Сен маған аяғыма жығылу үшін емес, жанымды аялау үшін қажетсiң! Тұра ғой!..
(Гобрий мен Крез Атоссаны тұрғызады).
Дарий.
Парсылардың билiгi сенде қалады, Атосса! Жалынғанын жарылқа, бұлқынғанын бұқтыр! Патшайымның жүрегiнде күйректiкке орын жоқ! Қылыштай өткiр, сақетердей берiк бол! Сонда ғана қолтығыңа тығылған қара тобыр ернi тиген қара суды зәмзәм, құл тiрлiгiн жұмақ деп бас шұлғиды.
Атосса.
Мақұл, күн келбеттi әмiршiм!
Дарий.
Ал қазiр жорыққа әзiрлен! Дүниенi дүркiрете қозғалған Дарий қолын ел шетiне өзiң бастап барасың! Жылдар бойы жаныңды жеп, тынышыңды кетiрген кегiңдi қайтаруға аттанған үш жүз мыңдық әскерден дертiңе дауа, көңiлiңе тоят табасың! Патшайымның құдiретiн парсылар да көрiп қалсын! (Гобрий мен Крезге) Сендер патшайымды шығарып салыңдар! (Атосса, Гобрий, Крез кетiп бара жатқанда) Атосса! Алда-жалда алмағайып сәт туса, менiң әкем Гистасптың кеңесiне құлақ ас!
(Атосса, Гобрий, Крез кетедi).
Дарий (Шеңелге).
Ал сен, тиграхауд ханзадасы!.. Менiң қасымда боласың!
Шеңел.
Құзырыңызға құлдық, әмiршiм!
Дарий.
Iштен iрiп, iргесi сетiней бастаған сақтарды, өзiң кеңес бергендей, жеке-жеке жем қыламыз. Ал дәргейiме жығылған сақ тайпаларының билеушiлерi бiрлесiп бүлiк жасау түгiлi, жаһангер Дарийдiң бабын табу жолында жанталаса қырқысып, қырықпышақ тiрлiктен көз ашпайтын көркеуделер болуы керек!.. Бұл – сенiң шаруаң, тиграхауд ханзадасы!
Шеңел.
Сақ елiнiң тiзгiнi қолыма бiр тисiншi!.. Қаһарман Дарий патшаның iзi қалған топырақтың өзiне тәу еткiзiп, Тәңiрiдей табындырып қояр ем!..
Дарий.
Сандырақтап, “Тәңiрiң” не, сандалған сақ!?.
Шеңел (үрейi ұшып).
Жанылыстым, әмiршiм!.. Кешу!.. Кешу.., әмiршiм!..
Дарий.
Дүниенiң тұтқасы – Ахура-Мазда қолында! Жалғыз құдiрет – Ахура-Мазда! Ал жер-жаһанның иесi – Ахура-Мазда колдаған Мен – күн келбеттi Дарий патша! Ұлы жорық алдында аяушылық етейiн! Бұдан кейiн жаңылсаң!..
Шеңел.
Жаңылмаймын, әмiршiм!.. Жаңылмаймын!
(Гобрий мен Крез оралады).
Дарий.
Гобрий! Әскербасы сен боласың?
(Крез таңдана қарайды).
Дарий.
Ұқтым, Крез, ойыңды! Жадыңа тұт, мен Кир емес, Дариймiн! Кирдiң қолын бастап барып, масқараға ұрынған Гобрийдi әскербасы етуден қорқатындай түк те жоқ. Ол аз десең, бас кеңесшiм сен боласың, Крез!..
Крез.
Сенiмiңе ырзамын, ұлы патшам!
Дарий.
Бес жыл бойы жүргiзген даярлықта қапы жоқ. Ел iшiнде бас көтерген тобырды қырып-жойып, талапай мен талаудың дәмiн татқан сарбаздар қызыл қанға құныққан шибөрiдей рақымсыз. Көлденеңдей килiксе, туған әке-шешесiн де таптап өте бередi! Менiң қолым ат ойнатып өткен соң, бiрер күндiк тыныштыққа масайрап, марғау тарта бастаған сақ жұртынан жұқана да қалмайды!
Гобрий.
Ғажап! Іштегi ойды тiрi жанға сездiрмей, сәт сағаты соққанша сақтап келу – патшалардың патшасына ғана тән!
Дарий.
Кир жiберген қателiктер бұл жорықта болмайды! Үш жүз мыңдық қалың қол Дариядан шашау шықпай өтедi. Сақ жерiнде атты әскер түгiлi, ұрыс күймелерi мен найзалы пiлдер де ойнақ салады! Гобрийдiң уәдесiн малданып, қамсыз жатқан Тұмардың ордасында патшайымның өлiм тойын жасаймыз! Бәдiзшiлер тас бетiне қашап жатқан тоғыз жалған патшаның ортасынан Тұмар орын алады. Кiлең еркек арасына бiр ұрғашы қосылса, жарасып-ақ кетпей ме?..
Шеңел.
Керемет болар едi, әмiршiм!
Дарий.
Жағаласпа! Елден шыққан әлдекiмнiң қолпашына зәрулiк жоқ әзiрше!..
(Жорық киiмiндегi Атосса келедi).
Атосса.
Мен дайынмын!
Дарий.
Гобрий! Крез! Қағыңдар жорық дабылын! Қозғаңдар қалың әскердi! Аттанамыз! Жаһан жорығы басталды!
(Кернейлер мен дауылпаздардан жарыса шыққан соғыс дабылы үдей-үдей естiледi. Дарий, Атосса, Гобрий, Крез бастаған “Соғыс биiне” бiртiндеп сарбаздар тобы қосылып, Шеңел шеттетiле бередi. Сахнаны қараңғылық көмедi).
Бесiншi көрiнiс
Соғыс дабылы алыстан талып естiледi. Қараңғылықты керi серпе, жерошақта маздай жанған отты айнала Тұмар, Сакесфар, Ұшқын, Тарпаң, Шырақ отыр. Сағира түрегеп тұр. Шырақ әредiк отқа тамыздық тастап қояды.
Тұмар.
Жасанған жау iргемiзге тiрелдi!.. Кирдiң кегiн сылтауратып, анттан тайды парсылар! Алдын ала хабаршы да жiбермей, қарау пиғыл танытты! Соғыс салты бұзылды! Жерiмiзге жеткенше тосқауылға кезiкпей, мейманасы тасыған дұшпан қолын қалай қарсы алған жөн? Үркiншiлiкке салынып, үдере көшемiз бе, жоқ әлде, ақырғы сақ баласының ақтық демi бiткенше айқасамыз ба?
Ұшқын.
Дат, патшайым! Жаннан қорқып, атамекен жерiмiздi жат қолына бергенше, алакүлiк үстiнде алабалта суырысып, жау қолынан неге ажал таппаймыз!? Даңғой Дарий тұрысатын жерiн айтсын! Соғысамыз!
Сакесфар.
Сабыр, Ұшқын!.. Жерiмiзге көз алартқан дұшпанның даярлығы осал болмас. Зұлымдығы зәлiмдiкпен кiндiктесе жаралған Дараявуш Кирдiң жаңсақ басқан тұсын әбден елеп-екшегенi күмәнсiз.
Ұшқын (Сакесфарға).
Әке! Жау жағадан алғанда, жанда сабыр қала ма!? Алтын тақтың жолында бауырларын баудай отап, бас сүйегiн шарап iшер тостағанға жаратқан Дарий сақ баласын аямасы ақиқат! Қапысын бағып, қарайлаудың жөнi жоқ! Бiзге қалған жол жалғыз! Соғыс қана!
Сакесфар.
Соғысамыз! Ол – анық. Дегенмен ақкөздiкке салынбай, ақыл-айламен соғысу керек. Жау қарасы қанша екен? Бiлген бар ма?
Тұмар.
Шолғындауға аттанған ертауылдар дұшпан қолын үш жүз мыңға балайды. Арғы беттi жайлаған жау дарияның әр тұсынан өткел салып, соғыс пiлдерi мен садақшылар күймелерiн тасуға кемелер де жасақтап жатқан сыңайлы.
Тарпаң.
Е-е!.. Парсылардың бұл жорығы оқыс туған ой болмады ендеше!..
Сакесфар.
Жер қайысқан дұшпанға жеке-жеке шапқаннан қайран болмас! Бiр байрақтың астында бiртұтас Сақ елi боп, жұмыла қарсы тұрмасақ, топ кұзғынға жем болған тозған қаздың кебiн құшып қалармыз!
Тұмар.
Дұрыс айттың, Сакесфар! Ұлан-байтақ Сақ жерiн үлесiп жатқан үш бауыр жұдырықтай түйiлсек, жау жанынан түңiлер! (Тарпаңға) Он үш жыл бұрын (Шырақты нұсқап) мына отырған баланы ажалдан алып қалған едiң!.. Бүгiн барша Сақ жерiн тiкелей келген апаттан арашалауға әзiрмiсiң?..
Тарпаң.
Қандай қатер болса да, бас тiгуге даярмын!
Тұмар.
Тарпаң батыр! Хаомоварг елiне аттанасың! Омар патша найза ұстауға жарайтын хаомоварг сақтарын Өзi бастап ортамызға қосылсын! Тәңiрiнiң өзiнен еншiмiзге бұйырған Сақ жерiне сонда ғана жау табаны тимейдi! Қиын-қыстау сағатта қиыс тартпай, ынтымаққа ұйыса, хаомоварг байрағын желкiлдете көтерiп, массагет пен тиграхауд ұранына ұран қоссын! Кездесер жер – Көк теңiздiң түстiгi!.. Сакесфар патша бастаған тиграхауд сақтары сол жерден табылады! Массагет әскерi оларға Саққызда қосылады. (Сакесфар мен Ұшқынға) Құт дарыған жерiмiзден жау қолына сынық сүйем бермеске От – Ананың атымен ант етейiк, бауырлар!
Сакесфар, Ұшқын.
Ант етемiз!
(Тұмар қылышын суырып, жерге қадайды. Сакесфар мен Ұшқын да қылыштарын қадайды. Тарпаң белбеуiн шешiп, қадаулы қылыштарды балдағының төменгi жағынан байлайды. Шырақ жанторсығынан тостағанға қымыз құйып, қылыш-мосының үстiне қояды. Тұмар тостағанды алып, от маздаған жерошаққа қымыз тамызады да, бір ұрттайды. Сакесфар мен Ұшқын да осы әрекеттi қайталайды).
Тұмар (Тарпаңға).
Ал, бауырым! Құстай ұш, құландай жорт! Омар патшаға бiздiң антымызды жеткiз! (Қалтасынан құйма алтынның сынығын алып) Мына алтынның бiр бөлiгi – Омарда. Сенiң сөзiң менiң сөзiм екендiгiн айғақтайтын – осы алтын. Жолың болсын!
Тарпаң.
Саққызда жолыққанша, бауырлар!
(Кетедi. Шырақ iлесе кетедi).
Ұшқын.
Патшайым! Сақ әскерi жиылғанша, Дарий қарап жатпайды. Бiрер күнде Дариядан өтедi! Парсы қолы ішкерiлей енетiндей күн туып, тұлымдымыз құлдыққа, бұрымдымыз күңдiкке кетер болса, қан жылаған қарындастың көз жасының салмағын көтеруге иығымыз төтеп бере ала ма?! Кiмнiң көзi жеткендей!.. Әлпештеген ұл мен қыздың қасiретiн көргенше, қасиеттен айрылмай қара жерге енгенiмiз жөн шығар!?
Сакесфар.
Қасарыса қарсыласқан күнде де, ертауылдар түменi мен жиырма мыңдық шағын қол Дарийдiң үш жүз мыңына қандай қайрат жасамақ?!
Тұмар.
Оның да рас, Сакесфар. Бiрақ... парсы әскерiн жағалаудан ұзатуға болмайды! Сақ әскерi Көк теңiзде түйiсiп, берi қарай бет бұрғанша, Дарий қолын әр тораптан тосқауылдап, жүрiсiне тұсау салу керек. Одан артық әрекетке әзiрше қолдағы күш жетпейдi.
Ұшқын.
Тосқауылда мен қалайын!
(Шырақ оралады).
Тұмар (Ұшқынға).
Есiңде болсын, ханзада! Шағын жасақпен парсыларға қарсы шабу – арыстанның аузына атылумен бiрдей қатер! Саяқтың ертауылдарымен бiрге қаша ұрыс сала жүрiп, Дарийдiң алдын ғана емес, шегiнер жолын да қию керек! Ол үшін ең алдымен өткелдер мен кемелердi жоюға ұмтылыңдар!
Ұшқын.
Көк Тәңiрi жар болса, жау жатағын ұлардай шулатамыз, қамшы тиген жыландай тулатамыз! Аттанайын, патшайым!
Тұмар.
Жолың болсын, ханзада!
Сакесфар.
Тәңiр қолдасын, балам! Қандай күнге кезiксең де, арыныңды ақылға жеңдiр! Тегi төмен болса да, көргенi көп Саяқтың айтқанына құлақ ас! (Ұшқынды бауырына басып қоштасады).
(Ұшқын кетедi).
Шырақ.
Дат, патшайым!
Тұмар.
Сөйле, Шырақ!
Шырақ.
Патшайым! Тарпаң көкем күнi-түнi бел жазбастан жортса да, хаомоварг жерiне ат тұяғы тигенше, бiрнеше күн өтедi. Жылдар бойы соғыс көрмей, мамыражай тiршiлiкке бет бұрған сарбаздарын Омар патша қол астына жиғанша да кетер күндер аз болмас...
Тұмар.
Мұның бәрi белгiлi жәйт. Не айтпақсың? Жасқанбай-ақ, айта ғой!
Шырақ (қиыла).
Патшайым!.. Сарбаздарға айтыңызшы!. Менi аяусыз ұрып-соғып, парсы қолы жүрер жолға тастасын. Аш бөрiлер үйiрiне тап болған көн тулақтай жұлмаланған кейпiмдi туған әке-шешем де танымастай болайын. Түте-түте түрiмнен дос түгiлi, дұшпанның да жүрегi дiр етердей рақымсыздық жасасын. Кеудемде жан қалса болды тек қана!..
Сакесфар.
Не айтып тұрсың сен, бала?! Өз бауырын жазықсыздан-жазықсыз өлiмшi етiп сабардай жауыздыққа қалай бармақ сарбаздар?! Қысталаңнан құтылар жол табылмай, жан қысылып тұрғанда, қылжағы несi мынаның?..
Шырақ.
Қылжақ емес, алдияр! Менiң айтып тұрғаным да – туралай келген апаттың алдын кесер бiр айла!
Тұмар.
Ол қандай айла?
Шырақ.
Әлгiнде айтқан тiлегiмдi берсеңiз, андыздаған құзғынның жолына алдап тастаған улы шырға болар ем!
Сакесфар.
Парсыларды алдағың келедi ғой!.. Алданбайды парсылар! Дарий аңқау бала емес. Шырғалауыңа көнбейдi. Жылым ойлы, жылан жүрiстi патшаның қолына бiр iлiксең, ит пен құсқа жем болып, айдалада көмусiз қаларың хақ!
Тұмар.
Елiң үшін тәуекелге бел буып, басыңды бәйгеге тiккеніңе разымын! Алайда арты қайырсыз соқыр тәуекел не керек!? Үш қиырдан құйылган Сақ сарбаздары күнi ертең-ақ дандайсыған Дарийге Кирдiң кебiн кигiзерi күмәнсiз!
Шырақ (қиыла).
Патшайым!..
Тұмар (Сакесфарға).
Бiз де атқа қонайық. (Шыраққа) Сенiң де орның осал емес, Шырақ! Алдыңдагы жылқыны құйрық-жалды хайуан ғана деп ұқпа! Бабына келген сәйгүлiк – сарбаздардың ұрыстағы қаруы, жауға алдырмас қанаты! Соны ұмытпа!
(Тұмар мен Сакесфар кетедi).
Шырақ (бәсең үнмен).
Жолың болсын, патшайым!
(Аққанат шығады).
Аққанат (таңырқай).
Шырақ! Тұмар патшайым қандай сұлу! Күнұзақ көз айырмай қарадым да тұрдым. Есiм шыққаны соншама, ұят боларын да ойламаппын...
Шырақ (салқынқанды).
Иә!.. Патшайымның сұлулығын көргенде мылқауға да тiл бiтер!..
Аққанат.
Шырақ! Саған не болған? Патшайымды айтқанда, жанарың отша жайнап, әр сөзiңнен шуақ сезiлушi едi бұрын?..
Шырақ.
Аққанат! Тарпаң көкем алысқа кеттi. Әзiр оралмайды. Мен де бүгiн аттанамын. Жылқыға өзiң ие бол! Уакыт тығыз! Қазiр атқа қон да, жылқыны “Жонға” беттет. Адамнан да, ит-құстан да абай бол! (Өзi де аңдамай, Тұмардың сөзiн қайталап кетедi) Алдыңдағы жылқыны құйрық-жалды хайуан ғана деп ұқпа! Бабына келген сәйгүлiк – сарбаздардың ұрыстағы қаруы, жауға алдырмас қанаты! Соны ұмытпа! Ал, ендi кiдiрме, Аққанат! Амандықта қауышуға жазсын!..
Аққанат (шошына).
Не деп кеттiң, Шырақ!?
Шырақ.
Жай, абайсыз айтылып қалған сөз ғой... Алаңдама!.. Бар! Бара ғой!..
(Аққанат артына қарайлай-қарайлай кетедi).
Шырақ (Аққанаттың соңынан дауыстап).
Аққанат! Жазатайым оралмастай күн туса, Тәңiрiден тiлек еткен баламды жат қолына телмiртпе! Ошағыма ие болар ұрпағым еркiн өссiн! Салқар Дала төсiнде самалмен тыныстап, сағыммен ойнаған Нағыз сақтың өзi болсын! Хас сақ болсын, баламның атын “Хассақ” қой! Хассақ!.. Естiдiң бе, Аққанат?..
Аққанаттың дауысы.
Естiдiм... Естiдiм!.. Хассақ!.. Хассақ!..
(Шырақ жерошаққа жақындайды).
Шырақ.
Қош, Аққанат аяулым!.. Жау қолынан отқа оранған шаңырақтың астында жанып кете жаздаған бес жасымда өрт iшiнен құтқарып, жетiмдiктiң тақсiретiн тартқызбай, жүрекке нұр, жанға шуақ сыйлаған Тарпаң көке! Сақ елiнiң бақыты үшін жаралған перiштедей патшайым! Қош болыңдар сендер де!.. Отқа өзiм оранамын бұл жолы, жау қолына өрт боп тием! Маздап жанған ошағым, от бере гөр жаныма! (Жерошаққа тiзерлей тәу етедi). Туған жердiң бір уыс топырағы мен өз ошағымның күлi жүрсiн жанымда!..
(Бiр уыс топырақ пен бiр шөкiм күл алып, орамалға түйедi де, қойнына тығады. Қанжарын суырып, өзiн-өзi аяусыз кескiлеп, жаралай бастайды. Әбден қансыраған кезде жерошаққа құлайды).
Алтыншы көрiнiс
Өлi тыныштық. Парсылар қосыны. Дарий, Гобрий, Крез.
Дарий.
Дариядан өтпей жатып қаншама сарбаздан айрылдық! Тым болмаса, сол сарбаздар бетпе-бет ұрыс үстiнде жаннан кешсе, арман не? Жоқ! Бес қаруы сақадай сай сарбаздардың қылышын да суырып үлгерместен, кенеттен қырғын тигендей жайрап қалғанын көремiз! Бұл не сұмдық, Гобрий!?
Гобрий (пәс).
Шағын ғана жасақпен жасанған қолдың ту сыртынан тұтқиылдан шапқындап, күн-түн демей ойран салып отыру – сақтардың соғыс тәсiлi. Сақ әскерi ұшқыр ұрысқа бейiм...
Дарий.
Не айтың тұрсың, Гобрий?! Көзге көрiнбейтiн, қолға түспейтін ол не қылған әскер!? Бас-аяғы белгiсiз әлдекiмдер өзiне оңтай уақытта қалауына жаққан тұстан алақұйындай ұйытқытып, парсы қолын шетiнен бөрi тиген қойдай қырып жатқанда, бұл не деген қамсыздық? Кешегi Кирмен соғысқан сақтың қалың қолы қайда? Қайда олар!? Қайда!?
Гобрий.
Тұмар патшайым – аса айлакер адам. Әсiресе, соғыс кезiнде... Оның не ойлағанын болжау қашанда киын...
Дарий.
Гобрий!.. Мен, жаһангер Дарий, үш жүз мың парсы сарбазын Сақ жерiне Тұмардың шибөрiлерi аузын қандап дәнiгетiн жемтiгi болуға әкелдi деп тұрмысың!? Күнi кеше дәл осы жерде емiн-еркiн сайрандап, жүйрiк мiнiп, құс салып, желiк қуған сақтар қайда? Қайда олар?! Қайда бағыт ұстанды?.. Жаһанға жол ашатын Ұлы майдан сағаты қашан соғады?! Кiм айтады жауабын?.. Неге үндемейсiң, Гобрий? Қолбасылық көрегендiгiң қайда?
Крез.
Құдiреттi патшам! Гобрий дұрыс айтады. Тұмар – аса қауiптi патша...
Дарий.
Тұмар! Тұмар!.. Өздерiң құдайдай көрген Кирдiң басын алғанға әбден зәрезап болған екенсiңдер! Ахемендер даңқына дақ түсiрген Кирдiң сорына туған сол Тұмарды көрсетiңдершi әуелi, әуселесiн көрейiн! Қайда өзi?..
Крез.
Тұмар массагет қолын Көк теңiзге бастап кеттi. Сакесфардың тиграхаудтары мен Омар бастаған хаомоваргтар да солай қарай бет түзедi. Сақ әскерi Көк теңiзде жиналуда.
Дарий.
Оны қайдан естiдiң?
Крез.
Шеңелдiң тиграхауд жеріндегi жансыздары жеткiздi.
Дарий.
Солай де!.. Олай болса, уақыт созбай, Көк теңiзге жету керек! Көк теңiзге сақтардың қызыл қанын қосқанда, қандай теңiз болар екен, көрелiк!
(Кенет сахна түпкiрiнен лап еткен жалын көрiнедi).
Гобрий.
Тағы бiр кеме өртендi-ау!..
Дарий.
Гобрий! Жанған кеме, өртенген өткелдi санап тұруға келiп пе едiң сен мұнда!? Қолға неге түсiрмейсiң ту сыртыңнан өрт қойғыш немелердi!
Гобрий.
Патшам! Олар қолға түспейдi!
Дарий.
Жын-перiден жаралмаса, неге қолға түспейдi?! Кiмдер олар соншама?
Гобрий.
Ертауылдар! Тұмарға көзсiз бағынған тұл жетiмдер жасағы! Олар Тұмар үшін өлуге бар, бiрақ жауға берiлмейдi!
Дарий.
Менiң “ажалсыздарым” қайда!? Олар неге дәрменсiз? Мен төлеген алтын-күмiс аз ба әлде?.. Аямаңдар алтынды! Тапсын! Ұстасын Тұмардың құлақкестiлерiн!
(Сырттан дабыр-дұбыр дауыстар естiледi).
Жасауылдың дауысы.
Баса-көктеп қайда барасың?
Шеңелдiң дауысы.
Жiбер менi патшаға!.. Көрмейсiң бе кiмдi алып келгенiмдi!..
Жасауылдың дауысы.
Мынауың кiм?
Шеңелдiң дауысы.
Жаһангер Дарий патшаға менiң тартуым бұл!
Дарий.
Жарқын-жарқын сөйлеуiне қарағанда, жақсы хабары бар сияқты ғой! (Крезге). Жасауылға айт, кiргiзсiн!
(Крез кетедi де, сәлден соң Шеңел мен қолы байланған Ұшқынды ертiп келедi).
Шеңел.
Күн келбеттi әмiршiм! Сакесфар патшаның жалғыз ұлы Ұшқын ханзаданы тұтқын еттiм! Сакесфар мен Тұмардың бұл бiлмейтiн сыры жоқ! Сөйлете алсақ болғаны...
Дарий.
Еңбегiңдi ескеремiз, Шеңел ханзада! Басқа басқа, тұтқынның тiлiн шығарып, сырын ашу Гобрийдiң қолынан келедi! Ол жағынан қам жеме!
Шеңел.
Құзырыңызға құлдық, әмiршiм! Кемелер мен өткелдердi ойрандап жүрген осының жасағы мен Саяқ басқарған ертауылдар екен. Бiрер күнде Саяқтың да мойнына бұғалығым iлiнер!
Ұшқын.
Әттең!.. Әттең!.. Қандасым деп қапы қалдым-ау!..
Дарий.
Өкiнбе, Ұшқын ханзада! Қызметiң жақса, менiң жанымнан саған да орын табылады. Көңiлiм түссе, жауымды да жарылқай аламын!
Ұшқын.
Масайрама, Дарий патша! Өзiң пiр тұтатын Кирдiң Сақ жерiнен қалай қайтқанын ұмытпа!..
Дарий.
Мен – Кир емеспiн, ханзада! Мен – Дариймiн!
(Ұшқын рахаттана күледi).
Шеңел (Ұшқынға).
Жап аузыңды! Жын қақты ма, немене?! Доғар деймiн мен саған! Неменеге күлесiң?
Ұшқын.
Табалдырықтан аттамай жатып, тәңiрсiген патшаның сиқын қара!.
Гобрий.
Доғар! Жеттi!
(Сырттан тағы да дабыр-дұбыр дауыстар естiледi).
Жасауылдың дауысы.
Мына құбыжықты қайдан тауып әкелдiң? Қайда апара жатырсың?
Екiншi дауыс.
Түменбасы Мардуштың тапсырмасы. Патшаға жеткiзуiм керек.
Жасауылдың дауысы.
Сиқы қандай қорқынышты-ей!? Осыншама жарақаттан қалай өлiп қалмаған!? Кiм өзi бұл?
Екiншi дауыс.
Тұтқын сақ қой. Жолдан тауып алдық. Шамасы, бұл сорлыны сақтардың өздерi өлiмшi еткен сияқты. Бiздiң сарбаздар көрмегенде, қара шыбынға тiрiдей жем болып, құрттап өлетiн едi...
Жасауылдың дауысы.
Көрер жарығы таусылмаған ғой... Байғұсты қинамай, найзамен түрте салмадыңдар ма?
Екiншi дауыс.
Өлiм аузыңда жатса да, “Дарий патша!.. Дарий патшаға апар” деген сөздi күбiрлеуден танбаған соң, Мардуш осында жiбердi. Не сыры барын кiм бiлген? Мүмкін, қажетке жарап қалатын бiреу шығар?..
Дарий (елең етiп, Крезге).
Крез! Бұл кiм екен, бiлiп кел!
(Сыртқа беттеген Крез тез оралады).
Крез.
Түрiнен адам шошырлық бiреу келiп тұр!..
Дарий.
Қалай дедiң, Крез? “Түрiнен адам шошырлық” дейсiң бе? (Қарқылдай күледi де, кiлт тоқтап) Дарийдi қорқытатын адам әлi туған жоқ! Тумайды да! (Крезге) Кiргiз құбыжығыңды!
(Крез тұла бойында кескiленген және отқа күйген жарақаттан сау-тамтық жер қалмаған Шырақты ертiп келедi. Бәрi шошып кетедi).
Дарий (шошынғанын сездiрмей).
Сен кiмсiң?! О дүниеден оралғаннан саумысың?!
Шырақ (әлсiреген дауыспен).
Маған... Дарий патша... керек!.. Дарий патша!.. Айтарым бар!..
Дарий.
Дарий патша – менмiн! Не айтпақсың? Кiмсiң өзiң?
Шырақ.
Мен... Шырақ... Тұмарды бiлем.. Жолды бiлем... Жасырын... апарам... (Құлап түседi).
Дарий (жан-жағына қарап).
Мынаны танитындарың бар ма?
(Шеңел Шырақты айнала қарап шығады).
Шеңел.
Жаңылмасам, мынау – Тұмардың жылқысын бағатын жiгiт. Былтыр бiр рет алакөлеңкеде оттың жарығымен ғана көргем... Қазiр... жақсылап тағы бiр қарайын... Иә, мынау сол жылқышы. Тұмарға неден жақпай қалды екен бұл?
Дарий (күмәндана).
Жылқышы екенi анық па? Жансыз болып жүрмесiн!..
Шеңел (тайғақтата сөйлеп).
Жылқышы екенi жылқышы... Бiрақ... iшiнде не жатқанын кiм бiледi?!.
Гобрий.
Iшiнде не барын анықтармыз! Мұның жол бiлетiнi анық па?
Шеңел.
Сақ елiнде жылқышыдан артық жолбасшы жоқ. Бұлар жетi қараңғы түннiң өзiнде жолдан жаңылмайды.
Дарий (Крезге).
Қалай ойлайсың, Крез, мынаның жансыз болуы мүмкін бе?
Крез.
Сақтарға сену қиын. Тексеру қажет. Дегенмен... қанша жабайы болса да, сақтардың өз қандасын жазықсыздан-жазықсыз осыншама азапқа салуы да ақылға сыя бермейдi... Анықтау керек.
Дарий.
Түсiндiм, Крез! (Гобрий мен Шеңелге қарап өтiп) Гобрий! Мынаны емшi-құшнаштарға тапсырыңдар! Бiлгендерiн аямасын! Тез арада аяғына тұрғызсын! Тез арада! Ең бастысы – өлiп қалып жүрмесiн!
Гобрий.
Мақұл, патшам!
(Гобрий мен Шеңел Шырақты алып кетедi. Ұшқын кектене қарап қалған).
Дарий (Ұшқынға).
Көрдiң бе, ханзада, ақылды сақтар дұрыс жолды таңдап жатыр! Сен де ойлан! Дұшпаныңның алдында бас имеген ерлiгiңе тәнтiмiн. Сондықтан да саған көңiлiм құлап тұр. Ерлiгiңнiң еншiсi – Сақ елiнiң билiгi! Ойлан!
Ұшқын.
Дарий патша! Жаңылма! Екi сатқын болмаса, аяғыңа жығылып, аяушылық дәметкен сақ баласын көрдiң бе!? Көк Тәңiрi қолдаған барша сақтың баласы алакүлiк үстiнде сүрен салып тигенде, менiң атамекенiмнен басыңды алып шығуға зар боларсың күнi ертең! Есiңдi жи, елiңе орал!
Дарий.
Ауыздықтың дәмiн алмаған асау екенсiң, ханзада! Оқасы жоқ, талай-талай асауды бастықтырған бас қамы сенi де илiктiредi! Кеш болады ол кезде! Өз бауырың Шеңелдiң ойыншығына айналасың! Амал нешiк, Дарий патша екi айтпайды!
Ұшқын.
Антбұзардың сауғасы – әзәзiлдiң саудасы! Әңгiмемiз жараспас, әуреленбе, Дарий!
Дарий (Крезге).
Крез! Пасаргадқа қайтасың! Ат үстiнiң желiгi басылмаған ханзаданың құйрығы жер иiскесiн, лабаққа қама, апар да! Қысымшылық жасалмасын! Бабында болсын ханзада! Ахура-Мазда сыйлаған алғашқы Жеңiс құрметiне сақ жерiнде сайыпқырандар жекпе-жегiн жасаймыз! Бәйгеге бас тiгiлген жекпе-жектен патшайым мен ханзада қалыс қалмасы анық!..
Крез.
Әмiрiңiзге құлдық!
Ұшқын.
Дарий патша! Жекпе-жектен патшайым мен ханзаданың қашпайтыны ақиқат! Қанжығада кететiн бас өзiңдiкi боп жүрмесiн алайда!..
Дарий (елемегенсiп, Крезге).
Ханзаданың қамауда жатқанын Атоссаның бiлуi қажет емес. Жан алып, жан берiскен жекпе-жек – аяулы Атоссаға күтпеген сый болғаны абзал!..
Крез.
Ұқтым, күн келбеттi кемеңгер патшам!
Дарий.
Жеңiс салтанатында жолыққанша, Крез! Жүре берiңдер!
(Крез Ұшқынды алып кетедi).
Дарий (соңдарынан қарап тұрып).
Бара бер, Крез, бара бер!.. Кеңесiнiң оқталуы бар да, шоқтануы жоқ ақылманның аяққа оралмай, аулақтау болғаны да дұрыс. Ата-тегi жат жанның қасақана терiс бағыт сiлтеуi де мүмкін-ау?.. Кирдiң өзiн арандатқан Крездiң iшкi сырын кiм бiлген?.. Жеке-дара билiк құрған дәуренiн аңсамайды деймiсiң?.. Билiктi кiм сүймесiн!?. Өзiм де сол билiк үшін алабалта асынып, атқа мiнген жоқпын ба!? Солай, Дарий! Төрткүл дүние түпкiрiне аңыз болып тарайтын Ұлы патша болғың келсе, Кирден асыр даңқыңды! Жаула жаһанды! Қасиеттi Ахемен ұрпағының жолын кескен сақ жұртында тiлi шықкан жан иесi қалмасын! Сонда ғана құдiретiңе шәк келтiрер тiрi пенде болмайды! Сонда ғана барша дүние жаһангер Дарий патшадан бастау алып, қырық күндiк тiрлiкте құлқын үшін қырылыскан сорлы адам баласы бiр демменен тыныстайтын болады!.. (Қолын көкке жайып) О, құдiреттi Ахура-Мазда! Ахемендер әулетiнiң атынан жалбарынам! Оңғара гөр жолымды! Жаһанды жаулап алған соң, өзiңе арнап көк аспанмен таласқан тәуәпхана саламын! Қара жердiң билеушiсi Мен болсам, бүкiл пенде табынар жалғыз ғана Жаратушы сен боласың! Жолымды оңғар, Ахура-Мазда!
(Музыка)
Баяу басталған соғыс дабылы үдей бередi).
Жетiншi көрiнiс
Аптап. Ышқына үйiрiлген қызыл құмның дауысы.
Сахна түпкiрiнде құр сүлделерiн сүйретiп өтiп жатқан парсы сарбаздарының сұлбалары көрiнедi. Дарий мен Гобрий шығады.
Дарий.
Гобрий! Сарбаздардың жағдайы қалай? Қажып қалған жоқ па? Ахура-Мазда дем берсе, бiрер күнде Көк теңiзге де жетiп қалармыз. Теңiзге бiр iлiксек, шаршап-шалдыққанымыз бiр түннен қалмайды. Шыдасын сарбаздар!
Гобрий (жасқаншақтай).
Патшам!.. Сарбаздардың төзiмi сарқылды... Ауыз су да, тамақ та әлдеқашан таусылған... Соғыс пiлдерi де екi-үш күннен аспады. Шынымды айтсам.., әскер iшiнде әндемдiлерi топтасып, әлжуаздау байғұстардың етiн жейтiн сұмдық басталды ма деп қорқамын!..
Дарий.
Не деп тұрсың сен!? “Жаһангер парсы сарбаздары бiр-бiрiнiң етiн жеп жатыр” деген сөзге аузың қалай барады, қолбасшы Гобрий!? Не айтып тұрсың!?
Гобрий.
Жаныңызға батқанмен, шындық солай сияқты, патшам!.. Ғайыптан тайып пайда болған жылқышы саққа ергелi, көргенiмiз – табанды өртеген құм, маңдайды тескен күн. Түбiмiзге жетер түрi бар...
Дарий.
Гобрий! Осы айтып тұрғаның қанды қасап қырғынның талайын бастан өткерген қаһарман қолбасшының аузынан шығатын сөз бе? Неге сонша зарлап кеттiң?! Жетемiз Көк теңiзге!
Гобрий.
Көк теңiз түгiлi, көк аспанның шетiне шығар жол жүрдiк... Ысқырынған құмнан басқа көз алданар не көрдiк?!. Үш жүз мыңдық әскердiң тең жарымын құм жұтты!..
Дарий.
Не айтып тұрсың сен тағы?! Мұны қайдан шығардың?!
Гобрий.
Көш басында жүрген соң, көрмейсiз де!.. Әйтпесе, бұл да шындық! Әл-дәрменi сарқылып, түнемелге қисайған қаншама сарбаздың сырғи көшiп, үстiн жапқан еспе құмға жұтылып қала бергенiн өз көзiммен талай көрдiм! Соңынан ерген сарбаздарын құлқыны тойымсыз қызыл құмға құрбандыққа шалған қолбасы болғаныма шерленiп, сан мәрте қан жыладым! Бәлкiм, бұл – ант аттап, серттен тайғаным үшін маған жiберiлген жаза шығар!?
Дарий.
Қажыған екенсiң, Гобрий!.. Қажыған екенсiң!.. Шеңел қайда?
Гобрий.
Шеңел жылқышының жанында. Күнi-түнi қас қақпастан, соның iзiн бағып жүр.
Дарий.
Шақыр Шеңелдi!
Гобрий (сыртқа дауыстап,).
Әй! Шеңелдi маған шақырыңдар!
(Сыртта Шеңелдi шақырған дауыстар естіледi).
Дарий (оқыс селт етiп).
Гобрий! Тамшы ғой мынау! Менiң бетiме тидi!
Гобрий.
Менiң де!.. (Аспанға қарап) Бұлтты қара! Ұшпа бұлт пайда болыпты! Жақсылыққа бастағай, әйтеуiр!..
Дарий.
О, құдiреттi Ахура-Мазда! Ұмытпаған екенсiң ғой бiздi! Пасаргадқа оралған соң, бүкiл парсы елiнде үш күн бойы үздiксiз құрметiңе құрбандық шаламын! Жебей гөр менi, Ахура-Мазда!
(Шеңел келедi).
Шеңел.
Құзырыңызға құлдық, әміршім!
Дарий.
Көк теңiзге қашан жетемiз? Не дейдi ана жылқышың?
Шеңел.
Жақ ашпайды. Тiлi жоқ мылқау тәрiздi. Анда-санда бетiме алара қарап, өршелене адымдағаннан басқаны ойламайтындай тiптi!.. Соның өзiне күдiгiм бар!
Дарий.
Осында алып кел!
(Шеңел кетедi).
Гобрий.
Жылқышы саққа менiң де күмәнiм бар!.. Қалың құмның iшiне бiздi әдейi әкетiп бара жатқан сияқты!..
(Дарий үндемейдi).
Гобрий (аспанға қарап).
Жауатын болса, жауса екен тезiрек!
(Шырақты ертiп, Шеңел келедi).
Дарий.
Жылқышы сақ! Көк теңiзге қашан жетемiз!?
(Шырақ үндемейдi).
Дарий.
Тiлiң байланып қалды ма, неге үндемейсiң?
Шырақ.
Менiң тiлiм байланған жоқ, Дарий. Сенiң жолың байланды! Өзiң де сезген шығарсың?..
Дарий.
Қылжақтама! Көк теңiзге неше күндiк жол қалды? Соны айт бiзге!
Шырақ.
Дарий патша! Ендi саған Көк теңiзден Көк жақын! Рухыңды Көктен iздей бер!
Шеңел.
Жап аузыңды, ақымақ! Көк теңiздiң жолын көрсет! Өз қолыммен өлтiремiн әйтпесе!
Шырақ (Шеңелге).
Итаршы сорлы-ай! Құлқыныңның тесiгi үшін көрiнгеннiң қолынан сүйек-саяқ дәметiп, жаныңды жалдап күн кешiп, өтесiң-ау тiрлiктен! Намысыңды өр ұстаудың орнына, өз қолыңмен өзгенiң итаяғына салғаныңды бiлгенде, өз балаң да безiнер!..
Шеңел.
Ажалың жеттi, алдамшы!
(Қанжар ала ұмтылады).
Дарий.
Тоқтат, Шеңел! Бұл не қылған бассыздық!? (Шыраққа) Тiршiлiктiң тәттiлiгiн әлi ұғынып болмағанға ұқсайсың... Ұқпайтын да жөнiң бар. Көз ашқалы көргенiң – жоқшылық пен тапшылық... Оның бәрi артта қалады! Ұмытасың! Ұмыттырамын! Айтып тұрған Мен – Дарий патша! Көк теңiзге жеткiзсең, түсiңде де көрмеген ен дәулетке кенелтемiн Мен сенi! Мен билеген елдерден қалаған сұлуыңды құшып, жүйрiк мiнiп, құс салып, ғажап өмiр сүресiң! Көк теңiзге жеткiз тек!
Гобрий.
Тым болмаса, мынау ашкөз құмнан құтқар!
Шырақ (мысқылдай күлiп).
Дүниеге құныққан құлқыныңды тыя алмай, көр қазудан арланбаған саудагер патша! Сенiң айткан сұлуың өзiм сүйген Аққанатка жетер ме!? Сенiң берер жүйрiгiң өз қолымнан жем жеген Керқұлаға жетер ме!? Сен сыйлайтын ақсұңқар қызылға өзiм баулыған көк тұйғынға жетер ме!? Сақ баласы намысын, елiн, жерiн саудаламайды ешқашан! Босқа арамтер болма!
Дарий.
Ақымақ болма, жылқышы! Ауызыңды толтыра ас iше алмай жүрiп, “Намыс, ел, жер” деген сөздi қайтесiң!? Қарыныңның қамын күйтте одан да! Қу медиен далада iздеусiз де сұраусыз өлесiң де қаласың!
Шырақ.
Қателестiң, Дарий патша! Менi iздейтiн жоқшы көп!
Шеңел.
Сен сияқты ақсирақ жетiмектi жоқтайтын кiм бар дейсiң?! Ешкiм де жоқ! Өзiңдi өзiң алдама! Ұмытыласың да қаласың!
Шырақ.
Тыңда, Шеңел! Шуағына шомылдырған қасиеттi көгiм бар! Ақпейiл дос көңiлiндей мөлдiреген көлiм бар! Ақ жаулықты анашымдай елжiреген жерiм бар! Қарау пиғыл қас дұшпанға құм қаптырған шөлiм бар! Азат күнiн ардақтаған, жетiмдерiн зарлатпаған асқақ рухты Елiм бар! Өлiмнен де биiк тұрған арым бар! Арманымды жалғастырар ұрпағым бар, жарым бар! Сақ елiнiң еркiндiгi жолында өзiм құрбан болсам да, менiң атым өшпейдi! Ошағымда маздаған менiң отым өшпейдi!
Дарий.
Ей, ақымақ құл! Маздаған отыңа тiрiдей қақталғың келмесе, жол баста! Тәжiке бiттi! Жүрелiк!
Шырақ.
Жол тұйықталды, Дарий патша! Арбасын сүйреп, ажалың жеткенше, алаңдамай жата бер! Мен кеттiм!
(Сыртқа беттейдi).
Дарий (елеуреп).
Ұстаңдар! Жойыңдар көзiн! Өлтiрiңдер!..
(Шеңел мен Гобрий Шырақтың соңынан ұмтылады. Жан-жақтан борап кеткен жебелер Шыраққа қадалады. Парсы сарбаздарының ашу-ызаға булыққан дәрменсiз гуiлi).
Дарий.
Өртеңдер! Жағыңдар! Күлi де қалмасын бұл сақтың! Шашыңдар құмға! Гобрий! Жақ! Өрте!
(Гобрий қылышына шүберек орап, тұтатады да, Шыраққа жақындайды. Сол сәт найзағай ойнап, оған жасын түседi. Нөсер басталады. От сөнiп қалады. Көк жүзiне үрейлене қарап, естерi шыққан парсылар даурыға шуылдап, Гобрийдi тастай қашады.
Нөсер. Жарқылдаған найзағай. Музыка.
Тұмар, Сакесфар, Тарпаң, Сағира, Саяқ шығады. Сағира айналаға барлай көз жүгiртiп қояды).
Тарпаң.
Көш жолындай ұбақ-шұбақ созылып келген iздiң осы тұста кенеттен сапырылысып кетуi тегiн емес! Бiр сойқанның болғаны хақ, патшайым!.. Айналаны мұқият қараған жөн.
Саяқ (шыдамсыздана).
Патшайым! Уыста тұрған хас дұшпан сусып бара жатыр ғой! Кiдiрмейiк! Қуайық! “Жауды аяған жаралы!..”
Сакесфар.
Саяқ дұрыс айтады, патшайым! Тiзгiн тартсақ, мына жауын парсылардың iзiн шайып кетерi анық!
Тұмар.
Алаңдама, Сакесфар, дұшпан ендi құтылмайды! Көк Тәңiрi кәрiне алды оларды! Тұз түкiрген шөл далада жай ойнатып, жасын атқан бұл жауын тегiн жауын емес-ау!..
Тарпаң.
Иә, патшайым, бұл – шөл үстiне жүз жыл – қазанда бiр үйiрiлiп өтетiн өкпек жауын. Мұның соңы сахараны сапырған алай-түлей аладауылға ұласады. Құмның сырын бiлмейтiн жан сол алапатқа ұрынса, аман қалуы неғайбыл!..
Тұмар.
Тырнағына iлiккендi Сақтың құмы құтқармас! Ажалсызы аман қалар!.. Жерiмiзге аттап баспас алайда! Бара берсiн!.. Қумаңдар!.. Анттан тайған дұшпанға қаһар тiккен Тәңiрмен таласу да жол болмас!..
Сағира (Шырақ жатқан тұсты нұсқап).
Саяқ! Анау тұсқа қарашы!
(Саяқ жүгiре басып, Шырақтың қасына барады).
Саяқ.
Патшайым! Патшайым!.. Мынау – бiздiң жылқышы Шырақ қой! Аямастан азаптап өлтiрiптi байғұсты!
(Тұмар, Сакесфар, Тарпаң, Сағира жақындайды).
Тарпаң.
Шырақ!? (Құшақтай жығылады). Құлыным-ай! Арманың қандай асқақ едi кешегi! Аялаған арманыңды, өзiң жаққан ошағыңды, жарық күнге талпынған ұрпағыңды кiмге, кiмге қалдырдың?!.
(Тұмар Гобрийдiң қылышын қолына алады).
Тұмар (Тарпаңға).
Еңсеңдi көтер, Тарпаң! (Гобрийдiң қылышын нұсқап) Ашынған жау ардағыңды отқа өртемек болыпты! От жүректi сақ баласы алдында оттың өзi дәрменсiз болатынын бiлмеген ғой алайда!..
Тарпаң.
Жаны нұрдан жаралған Шырағымның көкiрегiнде бала кезден көктеген әппақ арман бар едi-ау!..
Шырақ дауысы.
Шiркiн! Атамекен жерiмде ата-бабам мирас еткен шаңырағымды қайта тiгiп, есiк алдындағы жерошақтан ұшкан түтiн көкке өрлеп, қара қазан iшiнде қасқа құлынның етi бүлк-бүлк қайнап жатса!.. Сол уақытта менiң ару Аққанатым айдындықтай ақ бiлегiн сыбанып, желiге бет түзесе!.. Көк шыбықты тұлпар еткен тұлымды ұл қолды-аяққа тұрмастан, көк шалғында құлдыраңдай жүгiрсе!.. Шiркiн, арман!..
Тұмар.
Есiл ердiң арманы ендi бiзге аманат! Ұрпағына аманат! Туған елдiң иесiн құл етудi көксеген, туған жердiң киесiн тұл етудi көксеген қарау пиғыл дұшпанға атой сала аттанар ұрпағына ұран болсын Ер Шырақтың есiмi!
Сакесфар.
Патшасы мен қарашы жұдырықтай жұмылса, еңсең биiк тұрарын ұғындырды-ау ұланым!
Тұмар.
Дұшпанға сес, елге ес болып жатсын мәңгiлiк, Ер Шырақты өзiнiң жерошағына жерлеймiз! Өз қолымен от жаққан жерошағы жылу берсiн жанына! Жол баста, Тарпаң!
(Барлығы Шырақты жан-жағынан қаумалай көтерiп, алып кетедi.
Сахна қараңғыланады да, жарық ортада томпайған жерошақ – обаны айнала отырған сақтарға түседi. Тұмар мен Тарпаң, Аққанат бір-бір уыс топырақ тастайды.
Тылсым тыныштық.
Жерошақтан біртiндеп от көрiнiп, маздай бастайды).
Тұмар.
Ер Шырақтың жүрегiнде маздаған от жалынын бүркеуге қара жердiң құдiретi жетпедi! От алыңдар Шырақ жаққан алаудан! Жеткiзiңдер ұрпаққа! Өр намысты хас сақтардың тамырында Шырақ рухы атойласын! Сақ баласы Шырақтың Көк аспанмен шендескен асқақ рухы жер-жаһанға көрiнсiн!
(Барлығы жерошақтан шырақтарын тұтатады).
Тарпаң.
Сол тiлекке жеткiзе гөр, Көк тәңiрi!
Барлығы.
Жеткiзе гөр!
Жаңғырық.
– Жеткiзе гөр!..
– Жеткiзе гөр!..
– Жеткiзе гөр!..
М у з ы к а
С о ң ы
2003 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.