Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп......

31.01.2025 752

Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп... 14+

Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп... - adebiportal.kz

Тас қабырға бара жатыр шегініп,
балуан қолдар бұрғылады, құлатты.
Тас қабырға бара жатыр шегініп
жолаушының көкжиегі сияқты.
Комбайндар қабырғаға енеді,
бұрғы дір-дір қадалады кара тастың төсіне.
Қоңырайып көмір ағып келеді,
қодыр бұйра толқындары есіле.
Маңдайының терін сүртіп жеңімен,
шахтер демін екі иінінен тұр алып.
Қайнап қатқан қайсар тастың жігіне
болат бұрғы дәл келгенге қуанып.
Сол бұрғыны қадаған бір шағында
шахтер жігіт ұшып кете жаздайды.
Білектегі білеуленген тамыры
ток жүретін кабельдерден аумайды…

Бұл Жұмекен Нәжімеденовтың «Шахта туралы есте қалғандардан» атты топта өлеңдерінің бір қайырымы. Ақын 1964 жылы жарық көрген «Өз көзіммен» атты жыр жинағына Қарағанды шахтасында жұмыс істеп жүрген кездерін еске ала отырып жазған бір шоқ өлеңдерін кіргізген. Ондағы өлеңдердің негізгі тіні – Қарағанды көмір шахтасындағы ауыр еңбек, жапалы жұмыс, көмірдің шоғындай қызған тынымсыз тіршілік, көмір құсқан, ыс басқан қала төңірегінде. 

Биыл қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл. Сонымен қатар биылғы жыл еліміз үшін еңбек адамын, қарапайым жұмысшы қауымын ұлықтауға, солардың табан ет, маңдай терін бағалауға арналып отыр. Шын мәнінде қазақ әдебиетінің тарихында Жұмекен Нәжімеденов сияқты ерен еңбек еткен, қаламы қолынан бір сәт түспей әдебиеттің барлық жанрына сүбелі олжа салған қаламгер кемде кем. Не бәрі төрт мүшел ғұмыр кешкен ақын соңына жеті томдық классикалық дүние қалдырып кетті. Жанын жегідей жеп, жүрегіне мөлшерден тыс жүк артып, ыстық қанын сиядай сорғалатып жазды. «Күз күндері, не суық қыс күндері, істеп жргенде әйтеуір іс сүдделі, ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған, кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.» - деп өзі жырлағандай, ақын Жұмекен Нәжімеденов шын мәнінде ауыр рухани еңбектің үстінде шейіт кеткен шерменде ақын. Біз жырлайтын, біз көтеретін, біз ұлықтайтын еңбек адамының шын образы осындай-ақ болса керек-ті. 

Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келеді. 1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты орта мектепті бітіргесін, «Жас қайрат» сегіз жылдық мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі болып қызымет атқарады. Атасы Нәжімеден ақсақал жалғыз ұлынан қалған жалғыз тұяқты көз алдында ұстағысы келседе, болар баланың бетін қақпай, белін бууға бекініп, жалғыз ұлдың арманы ақсамасын деп Алматыға барып жоғарылап оқуына рұқсаты мен батасын береді. Алматыға келген Жұмекен Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне емтихан тапсырады. Ең қызығы жастайынан кітап жастанып өскен Жұмекен, бір жыл мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген Жұмекен, шығарма жазудан екі деген баға алып құлап қалады. Бұл жерде талабы таудай биік азаматқа қиянаттың болғаны анық. Нәжімеденовтей таланттың орнына мұрнына әдебиеттің иісі бармайтын боз өкпе біреудің тайраңдап жүргені сөзсіз. Біз білетін деректерге сүйенсек осы жылдар Жұмекен үшін ауыр кезең болған сияқты. Алматыда діттеген оқуына түсе алмай қиналып жүрген 1955 жылы ауылдағы атасы Нәжімеден ақсақалда дүние салады. Осылардың бәрі өмірге енді қадам басқан бозбалаға оңай тимегені түсінікті. 

Он тоғыз жасқа енді толған Жұмекен осылайша әділетсіздіктің ащы дәмін алғаш рет татады. Еліне, туған-туыс, дос-жаран ортасына иіні суға кетіп, бос бармас үшін басқа шығар жол іздейді. Сөйтіп, жолдасымен республика комсомолы Орталық Комитетінің жолдамасы арқылы Қарағанды көмір бассейндерінің біріне барып, кен қазуға бел буады. Болашақ ақынның «33-34-ші Сталинуголь» шахтасына келуі осылай басталып кетеді. Әбіш Кекілбаевтің жазуынша, жол таба алмай тығырыққа тірелген жас жігітке жол сілтеп, Қарағандыға жолдама алып берген қазақ офицері Ғұбайдолла Ержанов екен. 

Белгілі жазушы, журналист Құлтөлеу Мұқаш «Лениншіл жас» газетінің 1991 жылғы ақпандағы санында «Жұрт білмейтін Жұмекен» деген материал жариялайды. Бұл кезде Құлтөлеу Мұқаш «Лениншіл жастың» Қарағандыдағы арнаулы тілшісі. Құлтөлеу ағамызға да әсер еткен Жұмекеннің Қарағанды шахтасы туралы жазған өлеңдері болса керек.  

Сол жылдардағы жас журналист Құлтөлеу Мұқаш, 1955-56 жылдары Жұмекен жұмыс атқарған «33-34-ші Сталинуголь» шахтасының, қазіргі (1991 жылғы) «Майқұдық» кенішінің басшылары мен мамандарымен сөйлесіп, Жұмекен жұмыс істеген шахтаға түсіп, біршама журналистік зерттеу жасайды. 

1955-56 жылдары Қарағанды қаласындағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеген Жұмекен Нәжімеденовтің жүрген ізінен бір дерек табылар ма деп журналист Құлтөлеу Мұқаш бірәз әуреге түседі. Сол кездегі шахта бастауыш партия ұйымының хатшысы Павел Викторович Серебряковпен, Жұмекен мүше болған «Майқұдық» кеніші бастауыш комсомол комитетінің сол кездегі хатшысы, бұрынғы интернациолист-жауынгер Сергей Уваровпен, шахтадағы «Еңбек Даңқы» музейінің қызметкері Зинаида Васильевна Газиевамен жеке-жеке кезігіп, сұрау салып, архив ақтарып тер төккенімен құнды дерекке ұшыраса қоймайды. Бәрі де: «Мұнда қазақтың белгілі ақыны жұмыс істеген дейсіз бе? Қалай білмей келгенбіз?! Бәлкім, ол Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаттығына осында ие болған шығар? Есте болатын жайт екен!» – деп аң-таң қалысқан.  

Журналист Құлтөлеу Мұқаш аталмыш мақаласын: «Майқұдықтан» көңілсізду аттандық. Үміт ақталмады. Қала орталығына беттеп келе жатып, Жұмекеннің жоғарыдағы жыр жолдары ойға оралған», - деп түйіндейді. 

Еске алып ем:
Қарағанды бір қараған секілді
күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Содан кейін… менің қоңыр бетімді
Сүйді желі күн нұрымен таласып.

Әр тасынан бір-бір ұшқын жүр ыршып,
қарашы, анау породаға үйілген:
Қара таулар қайғыдан да тымырсық,
әлсін-әлсін түтін құсад ыңырсып.

Мұның бәрі сөзбен айтсаң – тыныштық
көзбен көрсең?..
О, түсінем, түсінем:
Қарағанды кайнап жатыр, бір ыстық,
бір керемет жүректердің күшімен...

Өлеңді ақын 1963 жылы жазған. Бұл тұс шамамен Нәжімеденовтің  «Лениншіл жас» газетінің «Әдебиет және өнер» бөлімінің меңгерушісі болып қызымет атқарып жүрген кезі болса керек. Шахтадағы ауыр күндер артта қалып, әдеби ортаға кеңінен танылып, поэзияда өз қолтаңбасын қалыптастырып, үш жыр жинағы шығып, айналасына ардақты есімі танылып үлгірген кез.

Сонымен, шахтада бір жыл төңірегінде кен комбайншысының көмекшісі болып жұмыс атқарған Жұмекен, 1956 жылдың ақпан айында қарағандылық жастармен бірге Москваға кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына қатысады. Мәскеу сахнасында жеке күй шертіп, шерткен күйі көпшіліктің көңілінен шығады. Осы сапарда Арқа өңірінен барған өнерпаздар жүлделі орын алып, елге мерейлері үстем болып қайтады. Осы сапардан кейін Жұмекеннің өнердегі жолы ашылып, бағыт-бағдары өз арнасына түсе бастайды. Оған басты себепкер шын талантты танып, өнерін бағалай білген «Майқұдық» шахтасының кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин деген азамат. Ол кісі Жұмекенге: «Сенің орның шахта емес, консерватория екен. Дарыныңды қор қылмай астанаға аттан» – деп кеңес береді. Сөйтіп, шахтада әлі де бір-екі жыл жұмыс істеуге тиісті жасты жоғары орындарға барып жүріп, зордың күшімен босатып алып, Алматыға шығарып салады. Жыр жұлдызының Құрманғазы атындағы консерваторияға қабылданып, Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажғалиев сияқты ұстаздардан дәріс ала бастайтын кезі осы тұс», - деп баян етеді Құлтөлеу Мұқаш. 

«Балауса» атты алғашқы өлең жинағында ақын: «...Шындық болса кілем төсе, дастарқаным жаямын, жалғандық па – тулақ таста, сүртіп кірсін аяғын!» - деп жырлайды. Шын мәнінде бұл Жұмекеннің тұтас шығармашылық, адамдық, кісілік кредосы болатын. Сахнаға шығып жұрт алдында күй тартып, елді тамсандыруды суқаны сүймейтін, самсаған көптің алдына шығып өлең оқуды әбестік санайтын, бұндай кепті өлеңді, өнерді қорлау деп түсінетін Жұмекеннің шыншылдығы, тазалығы, бекзаттығы өмірімен де, шығармашылығымен де, тыныс-тіршілігімен де үндесіп жатқаны сөзсіз. Бұл рухани такаппарлықты өзін бұлдаған астамшылық емес, өнерін бұлдаған жауапкершіліктен туғаны күй екенін Жұмекен әлеміне бойлай алған саналы оқырман түсінері даусыз. 

Әбіш Кекілбаев Жұмекеннің «Балаусадан» бастап «Менің топырағым» жыр жинағына, «Қыран қиядан» бастап «Жаңғырық» поэмасына дейінгі жүріп өткен жолына, романдары мен әңгіме-повестеріне көз жүгіртіп, сараптай келе мынандай келелі ой айтады. «Тек осы атаулардың өздерінен-ақ оның бүрге тағалаған шебердей, шыңырау қазған құдықшыдай, басқа галактикаларды зерттейтін супертелескоптар жасаған оптиктердей микронмен өлшенер дәлдікпен, өліп кеткенше істеп отырған ісінен басын көтермеген қайсарлықпен еңбек еткендігін аңғару қиын емес». 

Жұмекен Нәжімеденов – жирмасыншы ғасырдың бел ортасында өз мойнына алған суреткерлік жауапкершілікті толық орындап, қазақ поэзиясының келісті күмбезін сомдап кетті. Проза мен поэзия жанрында бірдей қалам тартқан Жұмекен өз туындыларының тасасындағы ақиқат арқылы адамзаттың панорамасын жасақтады. Ол бұл биікте өзінің «Адамнамасын» сомдаған мүсіншідей асқақ қалпында тұр. 

Әдетте бір ызғарлы қыс күндері,
істеледі қызумен іс мүдделі,
сондай шақта ажалым жетсе-ау менің,
кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар