Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Көкбөрі Мүбарак. Сәжде...

08.02.2020 3585

Көкбөрі Мүбарак. Сәжде 16+

Көкбөрі Мүбарак. Сәжде - adebiportal.kz

(Поэма)

1. ҮБІЛ

Сен жаққа апаратын жалғыз жолдың бояуында -

анаңның қасының түсі бардай,

Өзіңнің көзіңнің мөлтегінің сағымы шашылғандай,

Табаның бояудың шетіне ептеп басылғандай,

Ұйқыға енгендегі әппақ тісің,

Сол бояудың шетінде ашылғандай,

Тау қыраны өзегінен шалдыға шаңқылдап,

Жұмсарып кеп аспанға асылғандай...

Қара шашың бояуға еңкейе сілкіленіп,

"Уа, балалық шағым...!" деп бас ұрғандай...

Мен бүгін бояуы көп түс көремін,

Ақиықтың сақалымен қаумалана ойнап,

Толқын көбікті аспаннан түскен едім,

Мен бүгін кешке қарай ақ-қызылы араласқан түске енемін,

Мен шынымен аспанның өр жиегінен

Сенің мойныңды өзіне жалғап ұшқан

Анасы жұмақты мекендейтін құс көремін,

Мен бүгін сол әсемді қолыма ұстап,

Немесе өз еркімен иығымда ол тепең қағып,

Ай мен күнім иығыма сұранып кеп,

Неке қиып қайтқандай күш көремін.

Мен бүгін жаздың бәрін көріп тұрмын,

Басымның айналмастай ерлігіне көп гүлдің арасына сеніп кірдім,

Қыздармен ұқсас есім қойғанына

Таңғалдым бастабында көріп гүллің,

Барлығына шаттанып қарай алмай,

Жалғыз гүлмен үйленіп демім құрыды.

Ана жақта бір ағам сопаңдады,

Қажыбек Айдархан... ағам сынды...

Ол гүлдерді құшаққа сидыра алмай,

Құшағыма жамбастап сәл лақтырды...

Аспанда сорғалаған қызыл раушан,

Шолпан боп қалғандығын жаңа білді.

Алыста мені меңзеп шоқ қызыл ай,

Гүлдер салған толқынд аралады.

Тоңған гүлдер құшаққа ене алмастан,

Немесе аспандағы самдардың ішіне де таралмастан,

Ақ бұлтын сілкіп қағып нараулы аспан,

Жүректің шетіне кеп амандасқан...

Апырай, саған барар жол бояуы,

Атамдай дұға етісіп қол жаяды.

Алыстан сыңсып ұшқан сарала аққу,

Күн болып көкіректе ұлғаяды.

Соның бәрін жүрекке сидыра алмай,

Тәнім менің жұлдызға шырмалады.

Жұлдыз біткен шекеңнен бір қарады,

Жұлдыз түртсем төбемде түн болады,

Саған барар жолдардың бояуында,

Жапырылып шалғындай күн қалады,

Сонша күннің қайғысын уата алмай,

Қуат беріп сүйсінтіп бірақ Алла-ай,

Тағдырыммен сүйістім сен арқылы,

Шашымды желде сілкіп құла таңдай.

Сен маған бейіш отын сепкіледің,

Ай мен күн үйреткен соң көк тіредім,

Мен сенің сымбатыңа еліте билеп,

Көкжиекті жүрекпен сөккіледім.

Ашылған көкжиектің әрі жағынан,

Шауып жүр үй-ішімен таңға қыран,

Көк жүзінде бірер тал қауырсынын,

Абайсызда ұмытып қалмады ма?!

Жұлдыз түртіп тағы да төсек бетін,

Анарыңның ерекше болатынын жақын келіп кіндікке өсектедім,

Адастырды кіндіктегі қалың тұман,

Табиғат ырғап қойды теректерін...

Анарыңның үстінен қос аққудың,

Құбылаға иіліп тәжім етіп, сосын маған иілгенін кезек көрдім...

Жасыл бояу айнала толғана ұшып,

Жабады кіндіктегі дерек көзін,

Алыста сонарлаған көштің ізін,

Апамның көші ме деп елеңдедім,

Кіндігіңде жатқанда соны көрдім,

Апамның астындағы талқы қара ат,

Мойынын бір шұлғытып бұрған сайын,

Мойныңнан сүйіп отырам деп есептедім.

Сен маған қарай қарай көзің талды,

Құшақта жыбыр қағып күнді айнала сүйсінген өмір қалды,

Қылтаңды құшағыңа көтере ұстап,

Айға тостақ ұсынып ұзақ күткен бейнедей қолың талды....

Сен маған шырмаласың қарай алмай,

Бұрымыңа байланып жаға-талдар,

Сен оны сүйретесің ептеп қашып,

Ақтаудың теңізіне тонатардай.

Теңіз қалды сілкініп құс үнінде,

Құстың үні аспанға ілінуде,

Сол құс үні жырақта кідіруде,

Сол құс сызып табанын аспан жаққа,

Әсем суретші екені білінуде...

Бұл күні жұмақ біткен тынышталып,

Иісі билеп тұрған ырыстанып,

Болымсыз қаққан күннің қанатын да,

Көбелектей сезініп тынышталдым...

Жер беті Хау ата мен Хау ана түскен сәттей ырыстанып.

Мен бүгін жұмақ жаққа қарап тұрмын,

Бір уыс топыақты уысқа алып,

Топырақты анамның қабіріне емес,

Көтеріп көкжиекке дұрыс бардым.

Уақыт көшкен екен түнге қарай,

Қос айды саусағына әзер қысып,

Тамшылап дөдегемнен кірген арай,

Бәрін де сұңқар құстай сипап ұшып,

Анамның бесіктегі тербеу сәтін,

Елестетіп отырдым мүлде солай.

Бүгін мен көріп тұрмын анамның мүлдем жап-жас жан екенін,

Шүмегімді қолға үстап бірдей алай жылжиды, бірде олай.

Жап-жас нұр терезеден төгіліп тұр,

Жас қой неткен бұл анам, терезеден түскен таңқы нұрға,

Әуендей тыңдап қарап беріліп құр,

Ой, анам поэзия тыңдағандай, сен де осындай бір әдет болғаны ма,

Жүрегім езіліп бұл.

Лезде ұшты сұңқардай сарша шуақ ,

Жүгірсем де тоқтамай қанша құлап,

Сол бір дәуәр өтті де, осы қалды...

Күн жүгіріп келгенде таңша жылап.

Анасы жоқ сүйкімді сенімге еніп,

Әппақ бұлттар шұбап жүр жетім болып, өзім құрлы...

Бәрін де уата алмай, неткен жылаңқы жаралған елім менің.

Күн астында тағы бір көш келеді,

Анарыңның сәл үстіндегі бел-белестермен көшкен еді.

Сол сағымның исіне қана алмастан,

Үрпіңді түртіп көрем дескен едім.

Бүгін тағы қарақат таң қозғалып,

Өзімді сонадайдан алғам жұлып.

Жұмақ біткен жанымда жыбырлап жүр,

Өмір деген сұп-сұлу талғам құрып.

Ояна ұшып жанымнан аққу бұлаң,

Өмірдің тоңып жүріпті салқынынан,

Барлығының үстіне мамық бұлтты аяусыз жаба бердім,

Үстілеріңде жүр ойнап жарты жұмақ...

Ып- ыстық аққу құсап қойынға еніп,

Бүгін менің жатыпты тойым болып,

Тойымды өзім бастап жүргізем пейілденіп,

Жүрмін мен осы бірнеше күннен бері,

Жұлдыздардың жасырулы, мөлтек бір денесінің көбін көріп...

Жұлдыздың денесіндей мөлдіредің,

Әдемі адам боласың мен білемін,

Хау анамдай денемен жаралдыңба,

Күн астында билейсің енді несін?

Күн астында билеп тұр исің біткен,

Мені ұшыра жаздайды үйді үрлеп кеп,

Қайтқын, қайтқын баяу бір құшағыма,

Көйлегіңді бере сал дір-дір лепке,

Сен жаққа барар жолдың бояуында,

Тәңірі қойған мүлдем мұң бүрлетпей,

Бір бояуға сүйеніп тыныш тұрмын,

Сен жаққа барар жолдың бояуында,

Құшағыңдай талықсып тұрдым кетпей.

2. ДЫБЫЛ

Ағамның иығына құс қонады,

Онысы оянғанда түс болады,

Көкірегін тәңертең айқара ашса,

Абайсызда құшаққа құс толады...

Апырай деп еңкілдеп жаратқаным,

Ағам солай жылайтын қарап талып,

Білмей отыр бүгін ол таң атқанын...

Оянып қаршығаның көзінде шық,

Бір шумақ өлеңім жүр көзінде ұшып...

Сол өлеңді уағында қалқи алмай,

Көкжиекте отыр ғой сезім жібіп...

Сен маған жүрек құсап елітесің,

Ей, сары аққу күн құсап демің есіп,

Алыста созалаңдап биші бұлттар,

Аспанның әуен толы ішегінен

Сыпырыла ұшқанда көрінетін...

Ағам соның бәрін де уата алмай,

Қойынынан бұлттарға құлап арман,

Ағам бүгін көз жасын жоғалтып ап,

Қаламның сиасымен жылап алған...

Соның бәрін көрген де жеңгем барма,

Ағам менің жер бетінде домалаңдап шерлі болған

Жұлдызға ұқсайды ғой көрген жанға,

Бүгін аға, бірнеше хор қызы жүр,

Көйлегінің етегін сөзге малған,

Соның бәріне сүйсіну керек болды,

Жер бетіне ақ нұрдай төнген арман.

Бүгін жылы отырмын төсекте мен,

Әр таңның түскен нұрын

бір шумақ жырымменен төлеп келдім.

Бүгін сен құшағыма қалқи ұшып,

Есімде аймала иіскеп неше өткенің...!

Жұмақтың барлығы да сұлу біткен,

Жер-әлемді қоршайды дүрілдеп кеп,

Жұмақтағы ең әсем жүріс болды -ау,

Жер бетіне қозғалу құс үрлеп кеп.

Құс үрлеймін алдыма құтб болып,

Жанартаудың сезімге толы шоғын

Созылған құс үніне іліп көріп,

Ілуге балдырған от жарай алмай,

Сезімім бекер қаңғып ұшып жүр ғой

арасында Ортау мен Қаратауда-ай,

Сол сезімнің бәріне ие болмай,

Тым албаты жерлерге кие қонған,

Салқы бұлттың астында ойлана ішіп,

Қымыздың сары балын үрлеп алмай,

Түнгі бұлттар жауқазын шашып жүр ғой,

Бұл өзі қысы да бозғылт жасыл, жасыл жыл ғой,

Қабағымды түрткілеп қанша қыран,

Сақина киіп жүр ғой қанша қыран,

Соның бәрін титтей де көңілге алмай,

Будақ дұға сүйсініп жан-жағымнан...

Бүгін ішкен қымыздың исі гүлде,

Гүлдің неше түрлі патшайымы әлі еркек гүл көрместен исінуде...

Соның бәрінің қараймын қабағына,

Бұзаудай кесіртке-кесел деген жон арқасын күйдіріп қара нұрға,

Поезя тыңдап тұр қара құмда...

Мұнша неткен дүрліккен дүниеде,

Соны қалай өлтіресің тиіскілеп танауынан...

Поезя тыңдаған бала шөп те,

Мұңын шағып келеді жаңа жылап.

Қайыңбикем секілді жылап шөп те,

Жаңа бояу түрегеп парағымда...

Бір кезде ұшып жүрді түнді айналып,

Бозжусанның исімен дала-қыран...

Дала біткен қаралтқым құсқа айналып,

Құшағымнан басқаға ұшпай налып...

Осы түнді ешқашан ұмытпаймын,

Ағамның көздеріндей ұшқан жарық...

3. ЫБЫР

(Түнгі дұға кезіндегі тамашалау)

Негізінде бұл түн өте қадірлі!

Бұл түн өте бір сабырлы!

Бұл түннің әуені адамға белгісіз ,

Балыққа жағымды...

Бұл түні адамдар сағынар

- жарқылдап тұрған бір бабалар жымиған қабірді...

Бабалар жымияр түн сайын-

қабірі үйлердің жанынан жарқылдап,

Періште жүректі балалар қарайтын салқындап,

Апалар жіпті әсем иірер кеткеше түн озып, таң құрғап...

Иірген жіптердің ырғағын

тыңдап бір қайтады мархұмдар...

Мүйізін қошқардың орап кеп-

бір өрнек тырмысар ауаға...

Жым-жырт бір өлеңдер топтасып ұшып жүр қалада...

Адамдар ішінде жүрмін ғой ,

Сен мені көрдіңбе жан ана?

Құлағдар осы түн бәрінен-

ызыңнан, түртінген арайдан...

Бір келіншек ұйықтаған қып-қызыл сарайдан...

Жүрекке шомылған жасылтқым жаңа айдан...

Хабардар талайдан...

Бәрін де оятып әруақ-

рух жайлы сөздермен бөлісер...

Молалар шешініп, әруақтар іздері құм үстін сойдақтап тебісер...

Дұғада жалғыз бір бала отыр ...

Барлығы жиналып дұғасын көп ішер...

Басқа бір қарт та жоқ дұғадан бөлісер...

Тыныш түн ұзап кеп аулаға-

маңайдан жымиып отырар...

Мархұмдар өлмелі аурушаң жақынын

"жүр, бірге кеттік!" деп шақырар...

"Қабірге кірсеңіз ауру жоғалып, сергисің!" дейді екен оларға,

Аурушаң обалдар келесі дүниеге атылар...

Осы түн көп ізді сапырар...

Әжемнің иірген жіптері жүрекке ілінді-ау,

Апыр-ау!

3. ҚҰМБЫЛ

(Қайран, апат құрсағындағы өміріңіз)

Ұлы жанар пайда болар күрең оттың ұшынан,

Айхайлап кеп тоңазып Омбымыздың қысына.

Тіліп ұшқан көкжиекті шағалада дәрмен жоқ,

Көкжиектен шыққан отқа шор кеудесі қысылар.

Алыс жақтан саусақ қозып, қолын созып сөз- көктем,

Иығыңа шашырайды көлбеп кеп.

Жер астынан сансыз құрақ суырып,

Жаңа әлемді абыр-сабыр терлеткен.

Қошқар мүйізі... қойдың исі... томпақ бас күн...

селт еткен сары шоқылар...

Жаңа нұрлар қол қойады хатыма.

Кеудем жақты желпіп тұрған жасыл тон,

Әр самалды тым жаңалап шақырар.

Қиыр жаққа қараған көз талмаурап,

Өркеш-өркеш балықтар жондарынан қоңыр суын төгіп келіп аңғарда.

Мұздай балғын жастық көңілім дірілдейді көбелегін уыстап,

Екі жағымда иық тіреп келе жатыр заңғарлар.

Осынау әлем... осы көше... осы қабат... биіктік,

Ержетті де Алтай асып ұшақ мініп ұшып кетті сүйікті ұл.

Қырғи қабақ құстар маған, лашын жүнді сарғыш самал...

Жел сезімімен таныстырады қиырды.

Жел сезімімен сеземіз біз алыс-алыс өлкені,

Әр өлкенің қызғылт құйрық таулары түлкідей пәк ертегі.

Алқызыл бір пәк түстерге қараймын да ұрлана,

Қобыз кеудем ойнақшиды жаңа күйге дерті өліп.

Өкпек самал таулар құшып, ат жалдарын қуысып,

Ұлы өлкелер... көп тұрғындар мен келе жатқан бағыттарға ашып баяу тынысын.

Мендей жасыл самал көріп, жасыл тонымды сипалап,

Келтіреді ұлы өлкенің еш жұмыссыз тынышын.

Жұмыссыз тұр қоңыр қала, қой қабаттар, лақ дауысты көшелер...

Түйе жондар... жылқы өмір... кісінеген саудалар... кешен ел.

Қоңыр ысқырық боздап жанып... және түрлі шырақтар,

Бүкіл қала биігіне көтеріліп қызыл-сары өседі өң.

Әрбір адам албырт тартып... қарты біткен жастықта,

Жүрек пішінін ойып, сызып тас құмға.

Ақ молалар діріл қағып... тас ескерткіш құм иіскеп...

Бүкіл адамзат маған ысқырық аттырған.

Ысқырық бар міне бізде... міне шаттық... Му елі,

Ұлы Үндістан, қоңыр Қытай... Тайланд жерім- жүрегім.

Көк пілдердің тұмсықтарын сыбызытып бамбуктер,

Шақпа шилер білегіңді аздап сүріп тіледі.

Хан базарлар... шөл базарлар... құрғыр көп тиындар...

Күллі әлемнің биігіне көтерілмей сөніп кеткен сыбырлар...!

Бір аймақты тас құрсаулап бойап жатқан ырымдар...

Қызыл биттер... иісті көйлек... кірлі саусақ... сығымдар...

Бірақ, патша қорғандары жақында,

Му қорғаны астымызда ақырзаман әнін айтып шақырлап...

Кезіндегі ұлы оттарға күйіп кеткен қолтығын,

Теңіз шашыратып қайраң жасап айтпай кетті сағымдар.

Күйген беті сол құрлықтың жер астында, тереңде...

Ал, ең асты аударылып... соны жүрміз мекендеп...

Біз бәріміз түрлі аралдан қайта өксіп жеткенбіз...

Ең алғашқы ақыр заман тауларының арасынан елеңдеп.

Қорқыынышты-ай, елең қағып кірдік қайта құрлыққа,

Аударылған жердің астын, яки, жаңа тиімді үсітін бір сырлап...

Жап-жаңа қып Бабилоннан балшық үйді тұрғыздық...

Сазға естегі сөздерді ойып шымшымдап.

- күйген жердің үсті қайда?...

- астында осы тереңнің!...

Мен бір күні теңіз кешіп құрлық астына кіріп кеттім ұлы күштің рухыменен... өлең қып...

Ұлы жердің астына мен кірдім де... асты теңіз... қалқып тұр...

Күйген бедер, күйген қолдар... сипалаймын сенем мың.

Тозақ дәптері қалды мұнда... астымызда толғанып,

Ескі өмірлер айта алмайды арманын.

Біздің арман дегеніміз кімге қажет ағасы?

Сенің жеткен армандарың сен күлге айналған соң тағы да бір адамдарды іздеп кетер қарашы.

Ол адам да іздейді осы арманды,

сенен қалған арман ғой ол,

кетуін-ай жезөкшеше жарасып.

Құрлықтар да аударылған... ай шығарып аспанға,

Ораламын Алтайдағы ескі мөлдір бастауға.

Жер үстіне, жаңа әлемде пайда болған тұнығым,

Динозавр деген нәрсе ескі теңіз тұрғыны ғой...

Жер аударылып үстіне кеп қара моншақша ілініп...

Қатып қалған қайран өмір, қайсы құрлық аңдары екен?

Мамонт теңіз тұрғыны ма? кім біліпті? орманнан ба?

Бұл Сары Арқа болған ба екен? теңіз бе онда?

Су тұмсықты бұл ақбокен қайдан келген?

Теңіз астынан құрлыққа кеп қалған ғой?

Небір ойлар сүйкімді бір арман ғой!

Теңіздерше баяу бір сәт кідіріп.

Толқытамын көгілдір ой... көгілдір бұл қаламым,

Көк түтіні адамдардың әуе шарына таралып.

Әуеде де ойнап тұрды көк ырғақтар... ысқырықтар... әуе шары...

Дәптерімнің үстіндегі күллі әлемге оранып.

4. ҮҢІЛ

(Қиямет-қайымға дейінгі адамдардың ұйқассыз өмірі)

Талғамның да керегі не мына әлемге тыныстау үшін!

Дубайдың қорғанындағы ескі сары көлеңкелерді уыстау үшін!

Жаңа заман деген аты өшіріп тастап,

Қала ішіне жайылған ескі ырыстарды ішіп.

Қала ішінде тіміскілеп жүрген Ибраһимның дұғаларын көріп,

Айхай, өмір -ай, қуанамын келіп.

Талғамның да керегі не әйнектей мөлдір, қырлы бір жарың жеткілікті,

Қалғанын әлемнің өзі -ақ айтар оған...

саған биік талғамның керегі не,

Үймелетіп көп күдікті?!

Бір уыс күлкісі жетпеді ме саған?

Бір шоқ құшағы қызарды ма саған?

Бір алақан беті жұбанды ма саған?

Басқа талғамның керегі не?!

Себебі теңіздер орнап үстіне ұлы шңыраулардың, тереңнің,

Сұп-суқыл моншасына жуынып өлеңнің.

Кеберзіп қарап отырам терезені ашып,

Әрі жақ та көк самал... қоңыр теңіздер...

Әлемнен өзімді ғана көрем мың.

Сен қанша аймақты тамашаласаңда... өзеннен аттасаң да...

Мешітке сүйенсең де... қорғанның діңгегін бұлқысаң да...

Сен әлемнен өзіңді ғана көресің.

Өзіңнің ойыңа жан бітіресің,

Сенің сүйген сұлуың - ойың,

Ал, әйел - көрші әлем.

Кейде көрші әлеміңді сабалап ұрып көрші,

Оған ренжіп көгілдір қабақ төбелерге аттап шығып кетші...

Тағы да өзіңнің мұнтаздай түріңді тауып алып сергіп қарап отырасың...

Әлемнен өзіңді көресің...

Соншама ақы төлеп биік сарқырамалардың үстіне келгенде де,

Ұшақтарды жалдағанда да,

Өзіңді шыр көбелек айналып әйелдің толғақты құрсағындай әлемнен іздеп жүресің.

Өзіңді таптың ба?

Шіркейдей аяулы, таза, назыл жүрегіңді білесің.

Оны сипаласаң ұшып кетердей?

Біреу қатты айтса сирағы сынып кетердей.

Қылмыс жасар алдында да аңтарылып бір рет шіркей көңілмен әлемге кең жайылған өзіңді мойындайсың.

Жорыққа шыққанда да әлемге кең таралған өзіңнің бозғылт мұнар, көк бетегелерге сіңіп алып парасат пен сезім қозғап отыратынын байқайсың?

Сен өзіңді қашанға дейін көре бересің.

Сен ұлы сезіміңе көне бересің.

Ішіңде қаншама ғибадатхана жатыр... қаншама түтіндер шұбалып жатыр...

Қаншама құйқаның иісі балалық шағыңның иісіндей қуанып жатыр.

Осының бәріне толқындай толыққанды мөлтек көзқараспен қарап,

Біреу үстіңе кіріп үстелің шетінде әңгіме қозғаса,

Мөлтең теңіз көздерің толыққанды толқиды...

Сен - мөлтексің,

әлемсің,

Жарасып тұрған жұбайы ғаламсың,

Айдай тұнықсың,

Жуылған киімдей кіршіксізсің...

Сен күн басты сезімсің...

Ай басты өмірсің...

Сен өзіңнен әлемге жұмыртқа жарған сезімсің...

Құс бір рет ғана жұмыртқа жаратын болса,

Сен әлемге күнде сезіміңнің жұмыртқасын жарасып,

Әр күн сайын, таң, ымырт сайын дамыл таппай жарып отырасың...

Сен осы батырлық сезім-сенімдеріңмен бізбен бірге осы әлемде боласың.

Түрлі таныстарың болады... олардың маңызы барма, жоқ па, ешқандай жоқ болуы да мүмкін,

Өзің бір кеште осыны да бағамдап аласың.

Әр күн сайын осылай өмір сүресің...

Нан жейсің...

суық су ішесің!

Шәйдің қоңыр, тәттісі керек екенін білесің.

Сен ұлтсың, сен бір нәсілсің!...

Аға!

Сенің далалық пейілің қой сипап ашылсын.

Сен ескі шарығыңды аяғыңа іл...

Қанша таза болса да аяқ киім мәңгі кір...

Жұмыр жерде былқыдап сәби құрсағың,

Тағы да мына мешітке - яки өз сезіміңе кір.

Мешітте тағы да жолығатын өз сезіміміз...

Ол бір түрлі сезімдердің қашалған қорғаныш қорғаны...

Ол жаратушының ең түсінікті болған бізге берілген лайықты талғамы.

Шіркейдей қопаңдап ұшар ем тағы бір келесі қалаға,

Жолдардан жаңарған сезімімді көріп...

Сезімімді сіңіре өсіп тұрған қоңыр шөптерді көріп...

Көп жыл өтіп кетті ғой арада!

Жан аға!

Өз сезімімді таза, бірақ мәңгі кір шарығыңа ілестіріп,

Үйден аттайсың,

Таныс үйлерді көресің,

Құлыбың шытырлап санада.

Сен тағы қайда бармақсың?

Тоқтай тұр!

Жарылып жатқан андағы ескі допты да ұшырма... теппе!

Әлемдегі сезіміңді күзет!

Әне көкжиектен өзіңді көресің!

Қызарып балқып тұр ғой сенің әлемің!

Мұны ешбір басқа тұрғын көрмеген!

Оның көретіні өзінің басқа романдары екен!

Әлем боп түршігіп кеттің жан аға!

Үйге қайта кірсең болама?

Әйелің де, балаларың да бейтаныс болып...

Қабірдей аңырып далаға.

Өлімтал көкжиектерді қалай бақылайсың?

Өйткені көкжиектің өз ұлы - "азаптың жаңбыры"

-

"Қиямет" дейтұғын маркамен осы әлемге келе жатыр...

Ол келіп болғанша...

Жер қайталай іске жарамсыз боп аударылып қалғанша...

Көп адамдар ерте дүние салып жатыр.

Асығыс қылмыс жасап біреудің зорлап өлтіруіне шомып жатыр...

Қиямет келгенше бір қанша ұлт асығып құрып та болды...

Неше түрлі киімдерді өртеп, тамақ үшін босып жат өлкелердің тұрғыны құсап өз өлкемізде тұрып жатырмыз.

Қиямет дірілдеп...!

Леп белгісі де ымырттай дірілдеп...

Сен үйден шыға келгенде атқан күн де қиямет көз жасындай дірілдеп...

Өмірдің мәні жоқ.

Қолыңда жалғыз дәптер.

Бір өлең жазып, газетке басуға қайта асығып кетіп бара жаттың.

Адамдардан алатын бір шөкім мақтаумен тағы бір күніңді ысытып жалғастыруға кетіп барасың.

Обал ғой мынау әлемге!

Обал ғой сендегі әлемге!

Обал ғой көкжал серекке!

Дүниеде еш мәнсіз болып айналып жүрген қалың тарихи дерекке!

Обал ғой қарындасым бәріне!

Сенің үшін шәй үстінде айтқан әніңе!

Обал ғой әке ыңылдап айтқан мәніңе,

Обал ғой анам қабырыңның сықырлағын шулата өткен сағым, топырақтардың бәріне.

Обал ғой сұлу балалығыма,

Қанастан мөлдір жанарыма!

Мендегі сұлулыққа обал ғой әке, обал ғой ана!

Обал ғой мені суретке түсірген телефоныма!

Көкжиектен мөлтілдеп қиямет тамғалы тұрса!

Бәрі езілгелі тұрса!

Ақын ағамның сезімі де, денесі де майдай балқып ерігей тұрса!

Баққан әппақ үйректерім қалалардың астына көмілгей тұрса,

Келесі бәрі көлдерге ұшып үлгермесе!

Обал ғой өте қасиетты санаған мен ең сүйген жырларым түскен дәптерге!

Әлемге қорғандарды сақтап қалғанша,

Дәптерлерді көбірек сақтап қалсаңшы Алла!

Жанарымнан тамған соңғы сұраққа,

Қияметтың арасын қақ жарып мөлдір тамшы жаудырсаңшы Аалла!

5. ЖҰЛДЫЗ МАҢДАЙ ЖАРЫҚ ӨЛЕҢ

(Шектен шығудың да шегі)

Ғасырдан қияңқы әуендер, Күрең тамырлы әлемде,

Тұлпардың тамырын қозғайтын дір еткен сәлем боп.

Тастар да үрікпейді, бұл ғасыр тұлпардай алқынып,

Бір қойшы түсіне президент түсінің бәрі енген.

Бір сары домбыра өсе алмай құлпырып,

Сары Арқа белдерін билетер тұншығып.

Ыңыранып домбыра қақ жарар бір маңдай,

Айқасқа бұзаудың басынан қорғасын іркітіп.

Күлмейді молалар тып-тыныш қалпында,

Айшығы жыр болып әлемде шарқ ұрған.

Әруақтар билейді Майклдың биінде,

Тап-таза мүләйім қалпында.

Ферғауын ұзайды бұл дала төсінен маңырап,

Қалады тұяғы жусанның түбінен ажырап.

Саусағы қозғалар құдайы қимылмен,

Шіріткен теңізі оны әлі сағынар.

Өледі, шіриді саусағы, сұлуы, жылуы,

Теңіздер шаятын суға аққан арудың тұнығын.

Бір қыздың пұшпағын өлердей аймалап,

Бұл балбал теңіздер ырғалар жінігіп.

Періштем көзге ілмей өтетін, көп ұйықтап кеткенде көлікте,

Адами періште қалпында оянам еліктеп.

Автобус ішінде сан адам қорылдап,

Теңіздей пысқырар, о, күткен?

Күтеді оларды жарық күн теңге боп,

Кафелер алдында байқалмай дөңгелеп.

Сыбызып жатты ұлы сары дала автобус ізімен,

Шұбалаң қағады көк түтін астында ермен ел.

Улығып бөрідей ой басар қаламым,

Мен түнге жақұттың көзімен қарадым.

Тербемес мені енді мұң-қаяу, сандырақ,

Қанымды періште ренжи отырып тарады.

Ұйықтауға дәтім жоқ, қақиям тіп-тік боп жарқырап,

Мен қонған автобус кетеді арқырап.

Алдымда - Қызылорда, артымда жайғасқан У Алматы,

Улары жол жүрсең сарқылар.

Қабаттар қалды ма табанда бүктеліп,

Мешіттер мейірімсіз күзетші қолымен кілттеніп.

Жаурауық, аш-арық жүрекпен бір тобы,

Мешіттер алдында жұмақы түс көріп,

Түнейтін,

О, содан осы аспан жүдейтін,

Бұл аспан қараусыз, былқылдап,

Домбыра басындай сылқылдап,

Алматы жерінің уілін қақ жарып,

Бойымды сүріп өтіп,

Бір қыздың электірі сыңқылдап,

Тұрғанда дір еткен осы Алма,

Недеген көп еді қос алма,

Періштем қуады ренжіп бұл жерден,

Ол мені тәлкек қып, қорғайтын қашаннан?

Қып-қызыл көйлегін киінген, анарының бір шетін бос ашып,

Үш түрлі ұнатқан адамым, тәйір-ай,

Бір апта ішінде,

Желіге ұп-ұқсас стилде суретін қосатын.

Біреуі Тиян-Шаннің қазағы,

Біреуі Өлгейден,

Біреуі Алматы тұнығын басатын.

Үш ару, үш қиыр,

Үш тілде қосымша сөйлейтін,

Үшеуіне бір стилдегі түс кіріп,

Бір апта ішінде осылай жасады ма ұсқынын?

Періште келді де тағы да қонақтап түсіме,

Кет деді қып-қызыл көйлектер қасынан,

Жай ғана қарады шашыма.

Тырнағы жоқ шығар, бірақ та көктердей осыдан,

Ақ сәуле жайды да, сіңді иығыма - қасыма.

Сол түннен хабарсыз кеттім мен үш ару маңынан,

Онсызда жолыққан емеспін бәрімен,

Жолықпай кетсем де ұлы арман қозғаппын әріге.

Алматы. Алатау дәстүрлі ән театры,

Ерлан Төлеутай әндері аспанға ұшады,

Алматы бетінен жұмақты таба алмай дәніге.

Осылай өткен түн, ұйқысы сергімес бал тұман,

Періште түртуінен қақ етіп абыржыған.

Сап-салқын, боз сілбі... Сайынның бойлары тік тұрып,

Шіркін-ай, осы көкті мендей бір күнадан сақтанғыш сағым буар.

Шіркін-ай домбыра мен болғанда,

Шіркін-ай, қойнымнан ішектер өз бүрін жарғанда,

Шіркін-ай домбыра ағашын іздеймін орманнан,

Саусағым таң ерте бойлайды таңдарға.

Ғасырдан қияңқы, күрең тамырлы әлемде,

Бойыңа ендеше Алматы сәл енген.

Қарқылдап күлемін, Шағанның отындай жыртыңдап,

Аралдың тұзынша сықырлап әреңге.

Ғасырдан қияңқы, күрең тамырлы әлемде,

Әуелі жырыма сәлем бер.

Ол мен емес - ада ол тәкаппар, мысқылдан,

Өлеңім алдында қарадай қалшылдап ышқынғам.

Өлеңім алдында туған жер бәйтерегі былқылдар,

Өлеңім үстінде туған жер бетімен құс қуғам.

Өлеңім маңында анам, әжем, бабаларым қабірі тербеліп,

Өлеңім алдында бір ескі атам күй тартты сенделіп.

Өлеңім жанында туған жер қарадай шошынып,

Үліңгір өзенін тым тездеу ағызып жіберді терлетіп.

Өлеңім астында оянам уіл боп алқынып,

Білесіңбе, оқушы ағажан,

Ішімде бірнеше өлмеген империялар жасауда,

Ішімде Ұрымдық салқын үн,

Шығыс Ғұндардың мықынға тиетін айдары,

Батыс ғұндарда құлақтың түбінен сырғитын байдалы...

Шерлі-шеменді қағаны,

Тахтары жайдары,

Күйменен оятып таң сайын баласын,

Баланың ақыл-арманыменен өсетін тайлары.

Соңғы алты ай, ішімде гүр етіп ескі бір елдерім,

Қаныма сыймаймын, ып-ыстық қан деген,

Алматы Саяхат вокзалынан,

Алматы Сайран вокзалына дейін жаяу жүремін жаңағы қызуды тарата алмай тербеліп,

Көлікке мінбеймін, бір отым тарқамай дірілдеп,

Ескі бір қағандар жүректен сөйлейді гүрілдеп.

Мен онша түсінбей қойған соң тілдерін

Өлең қып төктім жай күбірлеп.

Толтырдым ұялы қолфонның

Тіл-жазу басатын парағын,

Тым отқа жаланған дестеге қарадым.

Соңғы алты ай, ішімде өртеніп отырған

Ескі бір империя қалдығы. Қағанның қан табы,

Бірнеше ұлы империяны қанымда сақтаушы екенмін, қарадым.

Ғұндардай қияңқы әуендер, күрең тамырлы әлемде

Мен тіпті қалалар арасында шалқалап ұйықтаудан қашқақтап,

Қақшиып ұйықтаймын таң әріге.

Тік түрде сезінем жылқының белінде мызғау деп,

Автобус мінеки барады зымырап...

Жылтыңдап боз түнге сән өрген.

Шырағын қағандар өмілдірік екен деп алданар,

Соңғы қағанды - ал, мені күтеді олар да жарысып,

Соңғы қағанымыз қандай көлікке кіріп кетті деп ең басқы қағандар таңғалар.

Білесізбе, шалқалап, көбігім сызылып ұйықтасам,

Бір ханша ренжіп тұрады.

Тік түрде ат белі үстінде тұрғандай ұйықтасам,

Сол ханша қуанып қалады,

Менің бар санам жымиу аңғарар,

Бұл дала автобус бүйірінде,

Мені ұғып толғанар.

Ішімде тынымын таппайды ескі бір империя жандары,

Бөтенге ұрсудан қаштым мен, өкпемді отқа өртеп жақтым мен -

Ішімдегі империяны сақтау үшін,

Ұғымды аңғарып.

Қаншама батырлар айтады дәттерін,

Сағынышын,

Қателік себебін ой етіп,

Проза түрінде жаздым мен әруағын меңдетіп,

"Қисасұл Әнбие" біздің жыр емес қой,

Алтын Орданың жойылған жырларын,

Ұмытқан сөздерін,

Тірілтіп жазам мен, ішімде тұр дайын,

Қуанам, жылайын, жырлайын,

Ішіме сап қойған тәңірі,

Мейірімі тым шексіз құдайым!

Әр күні бір алтын торсығын ашады

Ішінен қыруар ой ағып,

Ой ағысына көміліп қала бердім,

Шілтенді шәрбатқа боялып.

Шырқырап қуанам ежелгі қағанның баласы кейпімен,

Қол бұлғап ағызып кетем жылқы үстінде көп түнге.

Қол бұлғай шабамын түндерге,

Ал, қазір автобус ішінде,

Періштем ренжіп оятып,

"Сасуға рұқсат жоқ!" деді де,

Киініп алды да аспанға кетті ұшып халатын.

Оянсам Тараздан барамыз біз өтіп,

Қара түн, қалғиды адамдар,

Автобус зырқырар дір етіп.

Жетпедік Қызылорда бетіне,

О, сұлу аймаққа,

Далалар ығысып, жөңкілер жан-жақтан.

Шабады көгала далалар жылқыдай ойланып,

Жусандар реңін жылқының бойында түгелдей ойнатқан.

Бабалар мазалап қоймады шығыстан Орхоннан ышқынған,

Күншығыс ғұндарым,

Оларды құрметі ретінде үш ай бойы жоныма тиетін -

Бұрымды айдарын қойдым мен,

Үш айдан соң тарс қиып,

Батыс ғұндардың ежелгі көңілі үшін,

Құлақ түбіне түсетін байдалыны маңдайым шетінен көрдім мен.

Казактар, украйндар сол батыс ғұндардың салтымен

Бандура, найларын тартатын...

Сағынышты сол ғұндар үнімен құлақ шексеі түбінен дәл мендей байдалы тарқатып...

Шығыста Маньчжурлар, сібелер, солаңдар,

Евенкі - жамалдар,

Қалмақы, буряты ғаламдар,

Тоқпақтай айдары белінен қолдарын артатын.

Осы шаш төбемде жүргенде,

Осы шаш арқылы

Жаңа бір сезімді білгенде...

"Бір күні" ҰЛЫ ӨЛЕҢ қонғанда мен жатқан төбенің басына

Тітіреп жер үсті,

Рухым бөлмемнен шықты да биік ғарышты қақ жара зымырап,

Қатар тұрған үш-төрт жүлдызға кезектеп тез қонып,

Жалт етіп қыдыра,

Ақыры ортасына шықты да,

Жап-жарық ұшқындай жарқ етіп,

Гүлденіп тұрып қалды...

Жер беті шымырлап толқып тұр, қоп-қоңыр мейірлі көңілім...

"Бір жолы" ҰЛЫ ӨЛЕҢ келгенде -

Мен қатты қорықтым,

Ол самұрық бейнесін үстіне киіп келген Жәбірейілдің өзі еді,

Жер беті қатты шайқалып кетті,

Аузымнан өзіме есе бермей бұрқылдап төгілді қара сөз және өлең...

"Бір жолы" тастақты Қоңырат деген далаға бардым,

Тастарын бақайымда ойнатып жай ғана сықырлатып тұрып едім,

Ғажабы, қара сөз болып сөйлеп кетті бәрі,

Тоқтамай алқынып тізілді сол сөздер парағыма.

"Бір жолы", бәрінен үлкені,

Алматы.

Бағанашыл.

Таң 21.

Квартирада түнгі намаздан соң ұйықтап жатқанымда,

Мені бірдеңе ап ұшты биікке,

Бір кезде астыма тұра қалды да,

Бассейінге қол жазып, табанып қусыра жазып сүңгігендей

Әлгі аспан астында соңыма тіркеліп,

Құйғыта жел қозғап итерді...

Бір кезде қатты сергіп кеттім. Себебі мен кәдімгі Алатаудың мен әлі барып көрмеген,

Еш адам шықпаған мұздақ биігіне көтеріліп кеттім,

Ауада, тұсына шыға келдім.

Жоны, жалы алтыннан болған

Бір аңды көрсетті де маған,

Бұл сенің киең деді,

Бірақ, ешкімге айтпа енді,

Сен ұлы болғанда жауларың осы аңды түк қоймай қырады білсе егер,

Жаның да, рухың да осы аңда,

Деді де,

Бағанашыл. Таң 21,

Үйіме әкеліп тастады.

" О, өлең,"

Ішімде қаншама ұлы империя демей-ақ,

Екі-үш империяның бұрқырап жасап жатқанын

Мен тіпті ескі Ұрымның қазіргі Италия тектес емес,

Азиядағы сары дала адамдары тектес болғанын олардан жақсы білемін.

Ескі Ұрымдықтарды ұнатам,

Оң-сол ғұнлардың әуенін башқорттың қурайы арқылы шұбатам.

Мен білемін құпияны, ғұндардың хан әулеті қырылғанда,

Шығыс ғұндардың қызы мен батыс ғұндардың жігітінің башқорттың бабалары ішіне қашып кеп,

"Хан қызы" күйінің болғанын,

Мен білемін, сол мұңлы ару мен күйші хан ұлының тағы бірнеше арманын,

Құдайым әр күні төкті ұлы сөздерін,

Құдіретін елеусіз бір адам бойына төгумен,

Бір күні атом боп жарылам,

Соншама томдарды жинақтап лақтырам,

Қаламның ұшында қызынып алқынып тұрған ғұндардың кезекте түрған жылқыларын -

Қаламның ұшынан аяусыз шаптырам.

Мен аман болайын, мен тірі болайын,

Байырғы империяны тірілту үшін келдім мен,

Сөз патшалығын қай ел құрса,

Сол ел әлемге үстемдік етеді!

Ішімдегі бірнеше өлмеген империя

Менің қайта оятуыма жетеді.

Ол Алаштың алдағы бес жүз жылына жетеді.

Одан кейінгі бес жүз жыл -

Ұрпаққа аманат,

Кейде ұлы романдар жасаймын,

Бірақ бір жат ұлттар оқыса,

Аямай қырардай еді бізді онда,

Сол үшін кейбір романды халыққа қалай жеткізерімді білмей, дал боламын.

Мен бүгін - сөз патша, сөз қаған,

Алматы-Қызылорда бағыты автобус.

Далалар қаламын қолфоным бетінде толғаған.

Тілтақта жарқырап будақтап теңіздей сипалап,

Бұл жайқын далалар Айбергеновтың көзіндегі шамдардай ырғалар...

О, менің құдіретті Таразым,

О, жүқа табаным,

Көсілген кең сауыр ғаламым,

Жүрегімде оқталған жарағым,

Мен - айбарлымын,

Айдарым желкілдеп,

Күтемін құдайдың хабарын.

Оранбай қос құлаш сәлдеге,

Жібекті тақия астында,

Шұп-шұбар дұғамды тарадым.

Ғаламға күміс көмейіммен тақылдап жыр айтып қарадым.

Мен әлі есейіп үлгермеген,

Мінезі алабұрқақ баламын.

Кешіріңдерші ел-жұртым,

Соншама сүйіспеншілік әлпетпен бес жасқа дейін де,

Бес жастан кейін де осы әлпетпен қарадым.

Ғасырдан қияңқы әуендер,

Күрең тамырлы әлемде,

Алаштың оты тамған ағаларым сәл өңдеп,

Осы бір өлеңді жарияласа болар еді,

Қаншама өлеңдер басылмай қап жатыр том болып,

Жұлдыздар шабытымен

Храмға толы жұлдыздар арасымен сенделіп.

Қолыма шырағдан ұстап ап

Жұлдыздар ішінде қаңғимын,

Көкбөрі – мен болып.

Көрнекісурет: ашық интернет көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар