«Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымында поэзиялық шығармалар талқыланды. Бағдарламаға белгілі жазушы, сыншы Бекен Ыбырайым, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы және ақын Мұратхан Шоқан қатысты.
Абайдан кейін әдебиетімізге үлкен ақын ретінде Мағжан Жұмабаев келді. Ол «Мен» деген тұлғалық концепция қалыптастырды. Мағжанның өлеңдерінде ХХ ғасырдың басындағы поэзияға тән ағымдар мен әдістердің барлығы бар. Бүгінде Мағжанның жүйрік жырлары жалғыз Қазақстанның ішінде ғана емес, тұтас түркі жұртына таралып кетті. Себебі, оның жырында түркілік рух бар.
Мағжанның поэзиясы өзіне дейінгілерден де, өзінен кейінгілерден де ерекшеленіп тұрады. Оның «Батыр Баян» поэмасындағы психологиялық талдау, нәзік лирикалық толғаныстар кейінгі буынға қатты әсер етті. Дала туралы өлеңдерінде де ерекшеліктер бар. Мағжан жырларындағы осындай жаңашылдықтар қазақ поэзиясының қазынасы деуге болады, дейді жазушы, сыншы Бекен Ыбырайым.
Ал ақын Мұратхан Шоқан Мағжанды толық ашылма алмай, өкінішпен өткен ақын деп санайтынын айтты.
Мағжанның өкініші жеке басының өкініші емес, оның өлеңдерінен ұлтына өзінің берерін беріп үлгермеген , ұлтымның рухын, деңгейін көтерсем деген арманына жете алмай қалған ақынның жан дүниесі көрнеді. Бірақ Мағжанның рухы шеңберге қамалып қалған жоқ. Ол орыстың, еуропаның әдебиетімен қоса шығыстың қайнарынан да қуат алып жазды. Сонысымен де ол жаңалық болып келді, - дейді.
Толығырақ «Әдебиет порталының» YouTube арнасындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасынан көрулеріңізге болады.
